Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 1 шiлдедегi N 258 Заңы.

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Алматы қаласының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндiрiстiк орталық ретiндегi ерекшелiктерiн негiзге ала отырып, оның ерекше мәртебесiн айқындайтын құқықтық негiздердi, қаржымен, экономикалық және әлеуметтiк жағынан ынталандыру шараларын белгiлеу арқылы оның бұдан былайғы даму кепiлдiктерiн белгiлейдi.

1-бап. Алматы қаласы мәртебесiнiң құқықтық негiзi

      1. Алматы қаласы республикалық маңызы бар қала болып табылады.

      2. Алматы қаласының құқықтық мәртебесі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiмен айқындалады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2004.05.07 № 570 Заңымен.

1-1-бап. Алматы қаласының нышаны

      1. Алматы қаласының өз елтаңбасы бар, ол қаланың Қазақстан Республикасының мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ оның географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады.

      2. Алматы қаласы елтаңбасының сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін және оның бейнесiн Алматы қаласының өкілдi органы айқындайды.

      Ескерту. 1-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.05.07 № 570 Заңымен.

2-бап. Алматы қаласының аумағы

      1. Алматы қаласының аумағын жергіліктi өкілдi және атқарушы органдардың пiкiрлерiн ескере отырып Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілейтiн және өзгертетiн, Алматы қаласының әкiмшiлік-аумақтық бiрлiктерiнің шекарасы шегiндегі жер құрайды.

      2. Қаламен бiртұтас әлеуметтiк, табиғи және шаруашылық аумағын құрайтын қала шегiнен тыс жер қала маңындағы аймақты құрайды, оның көлемi мен шекарасын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      Қала маңындағы аймаққа кiретiн жердi пайдаланудың тәртiбi мен режимiн қаланың атқарушы органының аумағы қала маңындағы аймаққа кiретiн облыстық атқарушы органмен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын aтаулары мен шекарасы бар аудандар қаланың әкімшілік-аумақтық бiрлiктерi болып табылады.

      4. Алматы қаласының аудандары тиiстi аумақтардың географиялық, қала құрылысы ерекшеліктері, халқының саны, әлеуметтік-экономикалық сипаттары, көлік коммуникацияларының орналасуы, өндірістік және әлеуметтiк инфрақұрылымының болуы eскеріле отырып құрылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.12.29 № 512, 2004.05.07 № 570 Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

2-1-бап. Жер учаскелерiн мемлекеттiк қажеттіктер үшiн алып қою (сатып aлу) ерекшеліктері

      Ескерту. 2-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.05.07 № 570 Заңымен, алып тасталды - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Алматы қаласы өкiлдi органының өкiлеттiгi

      Алматы қаласының өкiлдi органы:

      1) аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджет пен оның атқарылуы туралы есептердi бекiтуге;

      2) Алматы қаласының аумағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн айыппұл өндiрiп алудың мөлшерi мен тәртiбiн белгiлеуге;

      3) <*>

      4) аумақтық мемлекеттiк және қоғамдық ескерткiштердi қорғау органдарының Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану жөнiндегi мемлекеттiк органмен келiсiлген ұсынысы бойынша жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiн бекiтуге;

      5) басқа мемлекеттердiң жергiлiктi атқарушы органдарымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шек пен тәртiп бойынша халықаралық байланыстар орнатуға;

      6) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органның қарыздарды тартуының қажеттігі мен шарттары туралы шешімдер қабылдауға;

      7) атқарушы органның ұсынысы бойынша қаланы басқару схемасын бекiтуге;

      8) Алматы қаласының аумағындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекітуге;

      8-1) қала аумағын абаттандыру, санитарлық тазалау, тазалық сақтау және жинауды ұйымдастыру тәртiбiн белгiлеуге;

      8-2) "Алматы қаласының құрметті азаматы" атағын белгілеуге және оны беру тәртібі мен шарттарын айқындауға;

      9) <*>

      10) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісуге;

      11) Алматы қаласының бас жоспарын іске асыру үшін әзірленетін Алматы қаласы аумағының қала құрылысын игеру схемаларын бекітуге;

      12) Алматы қаласы аумағының қала құрылысы регламентін бекітуге;

      13) қалалық рельстік көлікте қолданылатын тарифтік саясатты бекітуге;

      14) Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-баптау және қорғау қағидаларын бекітуге;

      15) Алматы қаласының дизайн-кодын бекітуге;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      16) тармақша 01.01.2027 дейін қолданылады - ҚР 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16) жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияны құруға, оның құрамын және ол туралы ережені бекітуге;

      17) Алматы қаласында сыртқы жарықтандыру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекітуге;

      18) меншік иелерінің келісімі болған кезде азаматтар көп жиналатын орындарда бейнекамералар орнату және бейнебайқау мониторингін жүргізу қағидаларын қоғамдық тәртіпті қорғау және ақпараттандыру салаларындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітуге;

      19) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қала аумағында құрылыс салу қағидаларын бекітуге;

      20) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекітуге;

      21) құрылыс-монтаждау жұмыстарының ғимараттар мен құрылысжайлардың тіреу және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуға және реконструкциялауға қойылатын талаптарға сәйкестігін инспекциялау үшін құрылыс объектілеріне бару тәртібін белгілеуге құқылы.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.11.20 № 303, 2001.12.24 № 276, 2004.05.07 № 570, 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 496-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Алматы қаласы атқарушы органының өкiлеттiгi

      Алматы қаласының атқарушы органы:

      1) <*>

      2) Алматы қаласының коммуналдық меншiгiн иеленудi, пайдалануды және оған билiк етудi жүзеге асырады;

      3) коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген коммуналдық меншiк тiзбесiн бекiтедi, республикалық меншікке жатқызылған заңды тұлғаларды қоспағанда, Алматы қаласының аумағында тiркелген акционерлік қоғамдардың акцияларының және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қатысу үлестерінің мемлекеттiк пакеттерiн иеленудi, пайдалануды және оған билiк етудi жүзеге асырады;

      4) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-тарауында белгiленген тәртiппен коммуналдық мүлiктi жекешелендiру туралы шешiм шығарады;

      4-1) қала аумағында халықтың экологиялық қауiпсiздігін және бұзылған табиғи экологиялық жүйелерін қалпына келтiрудi қамтамасыз етеді;

      4-2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен қалада жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шаралар өткiзу үшін қажетті жағдайлар жасайды;

      4-3) Алматы қаласы арқылы өтетiн транзиттік автомобиль көлiгінің жүру сызбасын белгiлейдi;

      4-4) ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4-5) ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастырады;

      4-6) авариялық көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастырады;

      5) Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тiзбеге сәйкес қызмет түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;

      6) Алматы қаласын дамытудың бас жоспарын iске асыруды және оның мониторингiн қамтамасыз етедi;

      6-1) "Тұрғын үй қатынастары туралы" және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлерге (кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін айқындай отырып) мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүргізуді, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінен тиісті өтініш келіп түскен жағдайда көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының шешімі негізінде көппәтерлі тұрғын үйге және үй жанындағы жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын дайындауды және дайындау жөніндегі шығыстарды өтеуді қамтамасыз етеді;

      6-2) жергілікті бюджет қаражаты болған кезде Алматы қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде сәндік-жарықпен безендіруді қоса алғанда, көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға, сондай-ақ мұндай қаражатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша арнаулы жалпықалалық шотқа жіберуге құқылы;

      6-3) жергілікті бюджет қаражаты болған кезде көппәтерлі тұрғын үйлер пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің қаражатты қайтаруын қамтамасыз ету шартымен, көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуді ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы;

      6-4) жергілікті бюджет қаражаты болған кезде көппәтерлі тұрғын үйлер пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің қаражатты қайтаруын қамтамасыз ету шартымен, көппәтерлі тұрғын үйлердегі лифтілерді жөндеу мен ауыстыруды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы;

      6-5) Алматы қаласына бірыңғай сәулет келбетін беруге бағытталған, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде сәндік-жарықпен безендіруді қоса алғанда, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын, сондай-ақ пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің лифтілерді жөндеуге және ауыстыруға, көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге байланысты ақшаны қайтаруын қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      6-6) елді мекендер шекараларының шегінде тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бақылау субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша тұрғын үй инспекциясының жұмысын ұйымдастырады;

      6-7) елді мекендер шекараларының шегінде қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қадағалау субъектілеріне қатысты мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру бойынша тұрғын үй инспекциясының жұмысын ұйымдастырады;

      6-9) ғимараттар мен құрылысжайлардың сейсмикалық орнықтылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын күрделі объектілерді техникалық жағынан сүйемелдеуге тарту туралы шешім қабылдайды;

      6-10) Алматы қаласының сәулет-құрылыс бақылау органының жергілікті өкілді орган айқындаған тәртіппен құрылыс-монтаждау жұмыстарының ғимараттар мен құрылысжайлардың тіреу және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуға және реконструкциялауға қойылатын талаптарға сәйкестігін инспекциялау үшін құрылыс объектілеріне баруға құқығы бар;

      7) жергiлiктi өкiлдi органға жергілiктi мемлекеттiк басқарудың үлгi құрылымына сәйкес Алматы қаласын басқару схемасын бекiтуге ұсынады;

      8) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асырады;

      9) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес Алматы қаласының аумағындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын әзірлейді;

      9-1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қарыз алуды жүзеге асырады;

      9-2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген Алматы қаласын дамыту мен құрылыс салудың бас жоспарын, Алматы қаласының қала маңы аймағына жатқызылған іргелес аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді;

      9-3) Алматы қаласында еңбек мәселелерін үйлестіреді және халықты жұмыспен қамту саясатының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      9-4) Алматы қаласын дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      9-5) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Алматы қаласының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындайды;

      9-6) Алматы қаласының аумағында медициналық қызметтер көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіреді;

      9-7) ішкі сауда және тұрмыстық қызмет көрсету объектілерін дамыту және олардың жұмыс істеуі саласындағы саясатты іске асырады;

      9-8) қалалық шаруашылық объектілерінің, қаланы абаттандыру мен дамыту элементтерінің біртұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

      9-9) коммуналдық ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды, паркингтерді) пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді және коммуналдық ақылы автотұрақтарға (автомобиль қоятын орындарға, паркингтерге) сараланған тариф белгілейді;

      9-10) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асырады;

      9-11) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды, оларды ғимараттардан (құрылыстардан, құрылысжайлардан) босатуды қамтамасыз ету саласында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды құру, қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ оның қызметін үйлестіреді;

      9-12) қалалық рельстік көлікте қолданылатын тарифтік саясатты әзірлейді;

      9-13) Алматы қаласының көліктік инфрақұрылым объектілерін басқаруға беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-14) Алматы қаласының көліктік инфрақұрылым объектілерін басқару функциясын жүзеге асыратын ұйымды айқындайды;

      9-15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Алматы қаласының көліктік инфрақұрылым объектілерін басқаруға беру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;

      9-16) Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-17) Көліктік инфрақұрылымды басқару және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-18) Кәбілдік кәрізді және инженерлік инфрақұрылымды пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-19) Алматы қаласы аумағының қала құрылысы регламентін әзірлейді;

      9-20) Алматы қаласының бас жоспарын іске асыру үшін әзірленетін Алматы қаласы аумағының қала құрылысын игеру схемаларын әзірлейді;

      9-21) Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-баптау және қорғау қағидаларын әзірлейді;

      9-22) автотұрақтардың (автомобиль қоятын орындардың, паркингтердің) санаттарын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-23) Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта Стационарлық емес сауда объектілерін орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-24) Қоғамдық тамақтандыру объектілері жанындағы жазғы алаңдарды орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-25) сыртқы жарықтандыру жүйесін пайдалану бойынша заңды тұлғаны айқындайды;

      9-26) жасыл экономика саласындағы жаңа технологияларды ынталандыру шараларын айқындайды;

      9-27) Алматы қаласының субұрқақ шаруашылығын ұстау және оған техникалық қызмет көрсету жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      9-28) автомобиль көлік құралдарынан шығарындыларды мониторингтеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-29) Алматы қаласының дизайын-кодын әзірлейді;

      9-30) облыстардың жергілікті атқарушы органдары, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер бастамашылық жасаған жобаларды әзірлеуге, қарауға қатысады, олар бойынша тиісті шешімдерді рекреациялық және туристік қызмет аймақтарында туризмді дамыту бөлігінде келіседі, сондай-ақ мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді басқару жоспарларын әзірлеуге, нақтылауға және түзетуге қатысады;

      9-31) туристерді тасымалдау жөніндегі көлік қызметтерін ұсыну қағидаларын туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;

      9-32) қала құрылысы кеңесін құрады және оның ережесін бекітеді;

      9-33) Алматы қаласындағы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, Алматы қаласының үй-жайларының шегінен тыс ашық кеңістікте және ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орнату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-34) Алматы қаласындағы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, Алматы қаласының үй-жайларының шегінен тыс ашық кеңістікте және ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде сыртқы (көрнекі) жарнама бейнелерін орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-35) Алматы қаласындағы сыртқы жарықтандыру жүйелерін пайдалану қағидаларын әзірлейді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      9-36) тармақша 01.01.2027 дейін қолданылады - ҚР 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-36) жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссия туралы ережені әзірлейді;

      9-37) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 16-бабы 2-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес жер учаскелерін береді;

      9-38) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Алматы қаласында экологиялық ахуалды, атмосфералық ауаның сапасын жақсартуды және қалдықтарды басқаруды қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындайды;

      9-39) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын Алматы қаласы тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің қалалық операторын айқындайды;

      9-40) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын әзірлейді;

      9-41) тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның авариялық-қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарын жүргізу қағидаларын бекітеді;

      9-42) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша, Алматы қаласының ерекшеліктері ескерілетін қосымша талаптарды ескере отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың үлгі қағидалары негізінде әзірленген Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын әзірлейді және Алматы қаласының өкілді органына бекітуге ұсынады;

      9-43) Алматы қаласында және Алматы агломерациясында әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.06.11 № 207, 2001.06.13 № 212, 2004.05.07 № 570, 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.20 № 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.03.2023 № 207-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.04.2023 № 221-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4-1-бап 01.01.2027 дейін қолданылады - ҚР 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-1-бап. Жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссия

      1. Жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті рұқсаттар алмай, өзіне меншік немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесінде тұлға салған жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу туралы мәселелерді қарайтын, жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган болып табылады.

      2. Комиссияның қарауына жататын аумақтар мен объектілерді Алматы қаласының жергілікті өкілді органы бекітеді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген аумақтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс мақсаттары үшін жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіне немесе жер пайдалануына берілмейтін жер учаскелері жатқызылмайды.

      3. Әкімнің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары комиссия төрағасы болып тағайындалады.

      Комиссияның құрамы Алматы қаласының жергілікті өкілді органының депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері және өзге де адамдар қатарынан қалыптастырылады.

      4. Комиссия Алматы қаласының аумағындағы, құқықтары ресімделмеген жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу мәселелері бойынша қорытынды шығарады.

      Қорытындыны дайындау кезінде комиссия осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жылжымайтын мүліктің сәулет, қала құрылысы, құрылыс талаптарына, экологиялық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да талаптарға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіні туралы мәселелерді қарайды.

      Комиссияның жұмысы туралы ақпарат Алматы қаласы атқарушы органының интернет-ресурсында тоқсан сайын орналастырылады.

      5. Комиссияның қорытындысына комиссияның барлық мүшесі қол қояды және ол ұсынымдық сипатта болады.

      Комиссия мүшесінің ерекше пікірі болған жағдайда, ол қорытындыға қол қоймайды және ерекше пікірі комиссия төрағасына жазбаша түрде ұсынылады.

      6. Алматы қаласының атқарушы органы комиссияның оң қорытындысы негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. Заң 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2027 дейін қолданылады) Заңымен.

4-2-бап. Алматы қаласының бюджеті

      Үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындардың болжамды көлеміне мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен арттыру коэффициенті қолданылады.

      Ескерту. 4-2-баппен толықтырылды – ҚР 01.01.2023 № 182-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-3-бап. Тұрғынжайды реновациялау

      1. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасында оны іске асыру тетігі мен өлшемшарттары, оның ішінде реновациялауға жататын объектілердегі тұрғынжайдың меншік иелеріне өтеу тәртібі мен шарттары, сондай-ақ қаржыландыру, оның ішінде тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымды тарта отырып қаржыландыру тетіктері белгіленеді.

      2. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасына енгізілген көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұрғынжайдың меншік иелеріне қазіргі пәтерлерінің орнына онда тұрып жатқан адамдар санына қарамастан, техникалық паспорттарға сәйкес "бір бөлмеге бір бөлме" қағидаты бойынша жаңа пәтерлер меншікке берілетін болады. Бұл ретте жаңа тұрғынжайдағы тұрғын бөлмелердің саны қазіргі тұрғын бөлмелер санынан кем болмауға тиіс.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген шарттар бойынша берілген және бұзылатын тұрғынжай көлемінен асатын, тұрғынжайды реновациялау бағдарламаларын іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымның тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжай алаңы артық деп есептелмейді.

      4. Тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне олардың құны өтеледі не тараптардың келісімі бойынша салынып жатқан объектілерден тең дәрежелі тұрғын емес үй-жайлар беріледі.

      5. Тұрғынжайды реновациялауға жататын объектілердің тізбесін ғимараттар мен құрылысжайлардың сейсмикалық орнықтылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының қорытындысы негізінде Алматы қаласының атқарушы органы айқындайды.

      6. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабында көзделген жағдайлардан басқа, тұрғынжайды реновациялауға жататын көппәтерлі тұрғын үйлер орналасқан жер учаскелерінде жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілмейді.

      7. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы шеңберінде барлық меншік иелерінің келісімі болған жағдайда ғана тұрғынжайларды бұзуға жол беріледі.

      8. Алматы қаласының атқарушы органы тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын іске асыру үшін уәкілетті ұйымды айқындайды және қаржыландырады.

      Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және өзге де көздер есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

      9. Алматы қаласының атқарушы органы тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы бойынша бұзылған тұрғынжайдың орнына тұрғынжай салуды жүзеге асырады. Бұл ретте бұзу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      Ескерту. 4-3-баппен толықтырылды – ҚР 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Алматы қаласының бюджетi

      Ескерту. 5-бап алып тасталды – ҚР 2004.12.20 № 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-бап. Алматы қаласының әкiмi жанындағы бюджеттен тыс қор

      Ескерту. 6-бап алып тасталды – ҚР 2004.12.20 № 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

7-бап. <*>

      Ескерту. 7-бап алып тасталды – ҚР 1998.12.24 № 334 Заңымен.

8-бап. <*>

      Ескерту. 8-бап алып тасталды – ҚР 1998.12.24 № 334 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президентi