Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасындағы келiсiмдi бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 31 қазандағы N 184.

Қолданыстағы

      1997 жылғы 11 сәуiрде Минскiде қол қойылған Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасындағы келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасындағы
КЕЛIСIМ

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi,

      Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Келiсiм жасауға ниет бiлдiре отырып және өзара экономикалық ынтымақтастықты дамыту мен тереңдете түсуге өздерiнiң ұмтылысын растай отырып,

      мына мәселелер жайында уағдаласты:

1-бап
Келiсiм қолданылатын тұлғалар

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де реквизиттерi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап
Келiсiм қолданылатын салықтар

      1. Осы Келiсiм салық алу тәсiлдерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның жергiлiктi өкiмет органдарының атынан алынатын табыс пен мүлiкке салынатын салықтарға қолданылады.

      2. Табыстың жалпы сомасынан, мүлiктiң жалпы сомасынан, табыс пен мүлiктiң жекелеген элементтерiнен алынатын салықтардың барлық түрлерi, соның iшiнде мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға салынатын салықтар, кәсiпорындар төлейтiн жалақының жалпы сомасынан алынатын салықтар, сондай-ақ мүлiк құнының өсiмiнен алынған табыстарға салынатын салықтар табыс пен мүлiкке салынатын салықтар болып есептеледi.

      3. Осы Келiсiм қолданылатын алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:

      а) Қазақстан Республикасында:

      - заңды және жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салықтар;

      - заңды және жеке тұлғалардың мүлiктерiне салынатын салықтар;

      (бұдан әрi "Қазақстан салықтары" ретiнде аталатындар)

      б) Беларусь Республикасында:

      - заңды тұлғалардың табыстары мен пайдасына салынатын салықтар;

      - азаматтардан алынатын табыс салығы;

      - жылжымайтын мүлiкке салынатын салықтар;

      (бұдан әрi "Беларусь салықтары" ретiнде аталатындар).

      4. Осы Келiсiм сонымен бiрге осы Келiсiмге қол қойылған күннен кейiн осы баптың 3-тармағында ескертiлген салықтарға қосымша немесе солардың орнына алынатын кез-келген осындай немесе iс жүзiнде ұқсас салықтарға да қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары өздерiнiң салық заңдарына енгiзiлген кез-келген елеулi өзгертулер туралы бiр-бiрiне хабарлап отырады.

3-бап Жалпы айқындамалар

      1. Егер түпнұсқа мәтiннен басқа мағына тумаса, осы Келiсiмнiң

      мақсаттары үшiн:

      а) "Қазақстан" терминi Қазақстан Республикасын бiлдiредi және географиялық мағынада пайдаланғанда "Қазақстан" терминi халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан өзiнiң егемендiк құқықтары мен заңды құқықтарын белгiлi мақсаттар үшiн жүзеге асыра алатын және Қазақстанның салықтарын реттейтiн заңдар қолданылатын аумақтық суларды, сондай-ақ таза экономикалық аймақ пен құрлықтық шельфтi қамтиды;

      б) "Беларусь" терминi Беларусь Республикасын бiлдiредi және географиялық мағынада пайдаланғанда Беларусь Республикасы егемендiгiнiң қол астындағы әрi халықаралық құқық нормаларына сәйкес Беларусь Республикасының заңдары қолданылатын аумақты бiлдiредi;

      в) "бiр Уағдаласушы Мемлекет" және "басқа Уағдаласушы Мемлекет" терминдерi мәтiнiне қарай Қазақстанды немесе Беларусьтi бiлдiредi;

      г) "тұлға" терминi жеке адамды, компанияны және тұлғалардың кез-келген басқа бiрлестiгiн қамтиды;

      д) "компания" терминi кез-келген заңды тұлғаны немесе салық салу мақсаттары үшiн жеке ұйым ретiнде қарастырылатын кез-келген ұйымды бiлдiредi;

      ж) "Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны" және "басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны" терминдерi тиiсiнше Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды бiлдiредi;

      е) "халықаралық тасымал" терминi, теңiз немесе әуе кемесi, автомобиль немесе темiр жол құралы тек қана басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi мекендер аралығында пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын кәсiпорын пайдаланатын теңiз немесе әуе кемесiмен, автомобиль немесе темiр жол көлiк құралдарымен жасалатын кез-келген тасымалды бiлдiредi;

      м) "құзыреттi орган" терминi:

      - Қазақстанға қатысты Қаржы министрлiгiн немесе оның өкiлеттi өкiлiн;

      - Беларусьқа қатысты: Министрлер Кабинетi жанындағы Мемлекеттiк бас салық инспекциясын немесе оның өкiлеттi өкiлiн бiлдiредi;

      н) "ұлттық тұлға" ("азамат") терминi:

      - Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығын алған кез-келген жеке тұлғаны;

      - өзiнiң мәртебесiн Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданылып жүрген заңдары негiзiнде алған кез-келген заңды тұлғаны, серiктестiктi немесе ассоциацияны бiлдiредi.

      2. Уағдаласушы Мемлекет Келiсiмдi кез-келген уақытта қолданғанда онда айқындалмаған кез-келген термин, егер түпнұсқа мәтiннен бөгде мағына тумаса, осы Мемлекеттiң Келiсiм қолданылатын салықтарына қатысты заңдары бойынша қандай мағынада қолданылса, сол мағынаға ие болады.

4-бап
Резидент

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн "Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi" терминi осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес өзiнiң тұрғылықты жерi, тiркелген немесе құрылған орны, тұрақты орналасқан мекенi, басқару орны немесе осындай сипаттағы кез-келген басқа өлшем негiзiнде сонда салық салынатын тұлғаны бiлдiредi, алайда бұл термин осы Мемлекеттегi көздерден немесе онда орналасқан мүлiктен алған табыстарына ғана қатысты осы Мемлекетте салық салынуға тиiстi кез-келген тұлғаны қамтымайды.

      2. 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болған жағдайда оның мәртебесi былайша айқындалады:

      а) ол өзiнiң тұрақты баспанасы бар Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi; егер оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұрақты баспанасы бар болса, ол неғұрлым тығыз және жеке экономикалық байланыстары (өмiрлiк мүдделер орталығы) бар Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;

      б) егер оның өмiрлiк мүдделер орталығы орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе егер оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрде-бiреуiнде тұрақты баспанасы болмаса, ол өзi әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;

      с) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын болса немесе олардың бiрде-бiреуiнде тұрмаса, ол өзi азаматы болып отырған Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi;

      д) егер резиденттiң статусы белгiленген тәртiптiң а) - c) тармақшаларында айқындалмаған болса, онда Уағдаласқан Мемлекеттердiң өкiлеттi органдары бұл мәселенi өзара келiсiм бойынша шешедi.

      3. Егер 1-тармақтың ережелерiне сәйкес жеке адамнан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болса, ол өзi заңды тұлға ретiнде тiркелген Мемлекеттiң резидентi болып есептеледi.

5-бап
Тұрақты мекеме (өкiлдiк)

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн "тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi кәсiпорынның кәсiпкерлiк қызметi толық немесе iшiнара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын бiлдiредi.

      2. "Тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi, атап айтқанда, мыналарды қамтиды:

      а) басқару орыны;

      б) бөлiмше;

      с) кеңсе;

      д) фабрика;

      е) шеберхана;

      г) кенiш, мұнай немесе газ скважинасы, карьер немесе табиғи ресурстар өндiрiлетiн кез-келген басқа орын;

      ж) тауарларды немесе бұйымдарды өткiзу үшiн пайдаланылатын бөлме.

      3. "Тұрақты мекеме (өкiлдiк)" терминi сондай-ақ мыналарды қамтиды:

      а) құрылыс алаңы немесе құрылыс, монтаждау яки құрастыру объектiсi немесе осы жұмыстардың орындалуын бақылауға байланысты қызметтер, егер тек мұндай алаң немесе объект 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс iстеп тұрса немесе осындай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлiп отырса ғана; және

      б) табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын қондырғы яки құрылыс немесе осы жұмыстардың орындалуын бақылауға байланысты қызметтер немесе табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын бұрғылау қондырғысы яки кеме, егер тек бұлайша пайдалану 12 айдан астам уақытқа созылса немесе осындай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетiлсе ғана.

      4. Осы баптың осының алдындағы ережелерiне қарамастан "тұрақты мекен (өкiлдiк)" терминi мыналарды қамтыған болып қарастырылмайды:

      а) ғимараттарды осы кәсiпорынға тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету не жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана пайдалану;

      б) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар мен бұйымдар қорын сақтау, көрсету немесе жiберiп тұру мақсаттары үшiн ғана ұстау;

      с) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар мен бұйымдар қорын басқа кәсiпорынның өңдеу мақсаттары үшiн ғана ұстау;

      д) тұрақты қызмет орнын кәсiпорын үшiн тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшiн ғана немесе ақпарат жинау үшiн ғана ұстау;

      е) тұрақты қызмет орнын кәсiпорын үшiн әзiрлiк немесе көмекшi сипаттағы кез-келген басқа бiр қызметтi жүзеге асыру үшiн ғана ұстау;

      г) а) -е) тармақшаларында көрсетiлген қызмет түрлерiнiң кез-келген амалы нәтижесiнде пайда болатын осы тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметi әзiрлiк немесе көмекшi сипатта болғанда тұрақты қызмет орнын осындай амалды жүзеге асыру үшiн ғана ұстау.

      5. 1 және 2-тармақтардың ережелерiне қарамастан, егер 6-тармақтың ережелерi қолданылатын тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға кәсiпорынның атынан әрекет етсе және Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпорынның атынан келiсiм шарттар жасасу құқығы болса әрi оны әдетте пайдаланып жүрсе, онда бұл кәсiпорын осы тұлға кәсiпорын үшiн қолға алатын кез-келген қызметке қатысты осы Мемлекетте тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) бар кәсiпорын ретiнде қарастырылады, осы тұлғаның қызметi тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырылған күннiң өзiнде осы тармақтың ережелерiне сәйкес осы қызмет орнын тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) айналдырмайтын 4-тармақта аталған қызметпен шектелетiн жағдай бұған қосылмайды.

      6. Кәсiпорын Уағдаласушы Мемлекетте делдал, комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез-келген басқа агент өздерiнiң әдеттегi кәсiпкерлiк қызметiнiң шеңберiнде әрекет еткен жағдайда солар арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысқаны үшiн ғана басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) бар кәсiпорын ретiнде қарастырылмайды.

      7. Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын (тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы немесе басқа жолмен) компанияны бақылауы немесе соның бақылауында болуы осы компаниялардың бiрiн өздiгiнен екiншiсiнiң тұрақты мекемесiне (өкiлдiгiне) айналдыра алмайды.

6-бап
Жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алатын табыстарға (соның iшiнде ауыл шаруашылығынан немесе орман шаруашылығынан алынатын табыстарға) тек осы басқа Мемлекетте ғана салық салынуы мүмкiн.

      2. "Жылжымайтын мүлiк" терминi қарастырылып отырған мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдары бойынша қандай мағынада болса, сондай мағынаға ие болады: теңiз және әуе кемелерi, автомобиль және темiр жол көлiгi жылжымайтын мүлiк ретiнде қарастырылмайды.

      3. 1-тармақтың ережелерi жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез-келген басқа түрде пайдаланудан алынған табыстарға, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi басқару жөнiндегi құқықтарды тапсыруға немесе алуға байланысты табыстарға қолданылады.

      4. 1 және 3-тармақтардың ережелерi сондай-ақ кәсiпорынның жылжымайтын мүлкiнен алынатын табыстарға және тәуелсiз жеке қызметтердi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстарға қолданылады.

7-бап
Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын пайда

      1. Егер тек бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналыспаса, осы кәсiпорынның пайдасына тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсiпорын жоғарыда айтылғандай кәсiпкерлiк қызметпен айналысса, онда осы кәсiпорынның пайдасына, бiрақ оның осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қатысты бөлiгiне ғана басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. 3-тармақтың ережелерiн ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса, онда нақ осындай немесе осыған ұқсас жағдайда нақ осындай немесе осыған ұқсас қызметпен айналысатын оқшауланған және дербес кәсiпорын болғанда әрi өзi тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) болып отырған кәсiпорыннан мүлдем тәуелсiз әрекет еткенде ала алатын пайдасы әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттегi осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) есептеледi.

      3. Тұрақты мекеменiң (өкiлдiктiң) пайдасына айқындау кезiнде осы тұрақты мекеменiң (өкiлдiктiң) мақсаттары үшiн жұмсалған шығындарды, соның iшiнде тұрақты мекеме (өкiлдiк) орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте немесе одан тысқары жерлерде жұмсалғанына қарамастан басқару және жалпы әкiмшiлiк шығындарын шегерiп тастауға болады.

      4. Егер тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қатысты пайданы кәсiпорын пайдасының жалпы сомасын оның әртүрлi бөлiмшелерiне тепе-тең бөлу негiзiнде айқындау Уағдаласушы Мемлекетте әдеттегi практика болса, 2-тармақта ешнәрсе де Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы, практикада қабылдағанындай, осындай бөлудiң көмегiмен айқындауға кесел келтiрмейдi; алайда таңдап алынған бөлу әдiсi осы бапта айтылған қағидаттарға сәйкес келетiн нәтижелер беруi тиiс.

      5. Тұрақты мекеме (өкiлдiк) осы кәсiпорын үшiн тауарларды немесе бұйымдарды жай ғана сатып алғаны үшiн ғана ешқандай пайда осы тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) жатқызылмайды.

      6. Осының алдындағы тармақтардың мақсаттары үшiн тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) қатысты пайда, егер жыл сайынғы тәртiптi өзгертуге жеткiлiктi әрi делдалды себептер болмаса, жыл сайын бiркелкi тәсiлмен айқындалады.

      7. Егер пайда осы Келiсiмнiң басқа баптарында бөлек айтылған табыс түрлерiн қамтыса, онда осы баптың ережелерi бұл баптардың ережелерiн қозғамайды.

8-бап
Халықаралық тасымалдар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны теңiз немесе әуе кемелерiн, автомобиль немесе темiр жол көлiгiн халықаралық тасымалдарда пайдаланудан келтiрген пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. Осы баптың мақсаттары үшiн теңiз немесе әуе кемелерiн, автомобиль немесе темiр жол көлiгiн халықаралық тасымалдарда пайдаланудан алынған пайда экипаж берiлмеген теңiз немесе әуе кемелерi негiзiнде, автомобиль немесе темiр жол көлiгiн халықаралық тасымалдарда жалға беруден алынған табыстарды, егер мұндай жалға беруден алынған табыстар 1-тармақта айтылған табыстарға қатысты жанама табыс болса, қамтиды.

      3. 1 және 2-тармақтардың ережелерi сондай-ақ пулға, немесе көлiк құралдарын пайдалану жөнiндегi бiрлескен қызметке немесе халықаралық көлiк агенттiгiне қатысудан түсетiн пайдаға қолданылады.

9-бап
Ассоциацияланған кәсiпорындар

      1. Егер:

      а) Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының басқаруына, бақылауына немесе капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса, немесе

      б) белгiлi бiр тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорнының және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнының басқаруына, бақылауына немесе капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса;

      және әрбiр жағдайда кәсiпорындардың коммерциялық және қаржы қатынастарында олардың арасында тәуелсiз кәсiпорындар арасында орын алуы мүмкiн жағдайлардан өзгеше жағдайлар пайда болса немесе орнықса, онда кәсiпорындардың бiрiне есептелу мүмкiн, бiрақ осындай жағдайлардың болуына байланысты есептелмей қалған пайда осы кәсiпорынның табысына енгiзiлiп, оған тиiсiнше салық салынуы мүмкiн.

      2. Егер Уағдаласушы Мемлекет басқа Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының осы басқа Мемлекетте салық салынатын пайдасын осы Мемлекет кәсiпорнының пайдасына қосып, тиiсiнше салық салса және осылайша қосылған пайда екi кәсiпорын арасында жасалған жағдайлар тәуелсiз кәсiпорындар арасында жасалып отырған жағдайлар сияқты болғанда бiрiншi аталған Мемлекеттiң кәсiпорнына есептелуi мүмкiн пайда болса, онда осы басқа Мемлекет осы пайдадан алынатын салық сомасына тиiстi түзетулер енгiзедi. Мұндай түзетулердi айқындағанда осы Келiсiмнiң басқа ережелерi ескерiледi және Уағдаласушы мемлекеттердiң құзыреттi органдары қажет болғанда бiр-бiрiмен ақылдасып отырады.

10-бап
Дивидендтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi болып табылатын компанияның басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерiне осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда мұндай дивидендтерге сонымен бiрге дивидендтердi төлейтiн компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер дивиденд алушының оларға нақты құқығы болса, онда алынатын салық дивидендтердiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспауы тиiс.

      Бұл тармақтың компанияның дивидендтер төленетiн пайдасына қатысты салық салуға қатысы жоқ.

      3. "Дивидендтер" терминi осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе пайдаға қатысуға құқық беретiн, қарыз талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынған табысты, сондай-ақ пайданы бөлушi компания резидентi болып табылатын Мемлекеттiң заңдарына сәйкес акциялардан алынатын салық секiлдi дәл осындай салық реттеуiне жататын басқа да құқықтардан алынатын табысты бiлдiредi.

      4. Егер дивидендтерге нақты құқығы бар тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, дивидендтер төлейтiн компания резидентi болып табылатын басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын болса немесе сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және дивидендтер төлеуге қатысты холдинг осындай тұрақты мекемемен (өкiлдiкпен) немесе тұрақты базамен нақты байланыста болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай ретте жағдайға қарай осы Келiсiмнiң 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

      5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания басқа Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы басқа Мемлекет, мұндай дивидендтер осы басқа Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг осы басқа Мемлекетте, орналасқан тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) немесе тұрақты базаға шын мәнiнде қатысты болатын жағдайларды қоспағанда, компания төлейтiн дивидендтердi салықтан толық босатады, және компанияның бөлiнбеген пайдасына салық салынбайды, тiптi төленетiн дивидендтер немесе бөлiнбеген пайда толықтай немесе iшiнара осы басқа Мемлекетте туындайтын пайда мен табыстан тұрады.

      6. Осы Келiсiмнiң басқа ережелерiне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi болып табылатын және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы сонда кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын компанияның пайдасына 7-бап бойынша салық салынғаннан кейiн қалған бөлiгiне салық салынады, бұл салық тұрақты мекеме (өкiлдiк) орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте және сол Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салынады, осылайша салынған салықтың ставкасы 5 проценттен аспауы керек.

11-бап
Проценттер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнде туындайтын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн проценттерге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда мұндай проценттерге олар туындайтын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер проценттер алушы және оның нақты иесi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болса, онда осылайша алынатын салық проценттердiң жалпы сомасының 10 процентiнен аспауы тиiс.

      3. 2-тармақтың ережелерiне қарамастан, бiр Уағдаласушы Мемлекетте туындаған проценттердiң нақты алушысы басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң Үкiметi немесе осы Мемлекеттiң Ұлттық (орталық) банкi болып табылса, ол осы Мемлекетте салықтан босатылады.

      4. "Проценттер" терминi осы бапта пайдаланылғанда, кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген немесе қамтамасыз етiлмеген және қарызгерлердiң пайдасына қатысу құқығын беретiн немесе бермейтiн қарыз талаптарының кез-келген түрiнен алынған табысты, атап айтқанда, үкiметтiң бағалы қағаздарынан алынатын табыс пен облигациялардан немесе қарыз мiндеттемелерiнен алынатын табысты, соның iшiнде осы бағалы қағаздар, облигациялар немесе қарыз мiндеттемелерi бойынша берiлетiн сыйлықтар мен ұтыстарды бiлдiредi. Уақтылы төленбеген төлемдер үшiн айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшiн проценттер ретiнде қарастырылмайды.

      5. Егер проценттердiң нақты иесi Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң резидентi бола отырып, проценттер туындайтын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын болса немесе сонда орналасқан тұрақты база арқылы тәуелсiз жеке қызметтердi жүзеге асырса және соның негiзiнде проценттер төленетiн қарыз талаптары осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) немесе тұрақты базаға шын мәнiнде қатысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелерi қолданылмайды. Мұндай ретте жағдайға қарай осы Келiсiмнiң 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

      6. Төлеушi Уағдаласушы Мемлекеттiң өзi, жергiлiктi өкiмет органдары немесе осы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, проценттер осы Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледi. Алайда проценттер төлейтiн тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болсын-болмасын, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) немесе тұрақты базасы болса, соған байланысты қарыз бойынша төленетiн проценттер туындаса және мұндай проценттердi осы тұрақты мекеме (өкiлдiк) немесе тұрақты база төлейтiн болса, мұндай жағдайда проценттер тұрақты мекеме (өкiлдiк) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледi.

      7. Егер төлеушi мен проценттерге нақты құқығы бар тұлға арасындағы немесе сол екеуi мен әлдеқандай үшiншi тұлға арасындағы ерекше қатынастардың салдарынан проценттер төленетiн қарыз талабына қатысты проценттер сомасы мұндай қатынастар болмағанда төлеушi мен оларға нақты құқығы бар тұлға арасында келiсiлуi мүмкiн сомадан асып түссе, осы баптың ережелерi тек соңғы көрсетiлген сомаға қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң артық бөлiгiне бұрынғысынша осы Келiсiмнiң басқа ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң әрқайсысының заңдарына сәйкес салық салынады.

      8. Егер проценттер төлеуге қатысты қарыз талаптарын жасауға немесе беруге байланысы бар кез-келген тұлғаның басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бiрi құқықтарды жасау немесе оларды беру арқылы осы баптан пайда табу болса, бұл баптың ережелерi қолданылмайды.

12-бап
Роялти

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнде туындайтын және басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Алайда бұл роялтиге сондай-ақ ол туындайтын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер алушы мен роялтидiң нақты иесi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидiң жалпы сомасының 15 процентiнен аспауға тиiс.

      3. Осы бапта пайдаланылған кезде "роялти" терминi кез-келген әдебиет, өнер және ғылым шығармаларын, соның iшiнде бағдарламаның қамтамасыз етудi, кинофильмдердi және радио хабарлары мен теледидар үшiн пайдаланылатын фильмдер мен пленкаларды, кез-келген патенттi, сауда белгiлерiн, дизайнды немесе үлгiнi, сызбаны, құпия формулаларды немесе процестi пайдаланғаны үшiн немесе кез-келген авторлық құқықты пайдалану құқығын бергенi үшiн немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды немесе көлiк құралдарын пайдаланғаны үшiн немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн немесе өнеркәсiптiк, коммерциялық яки ғылыми тәжiрибеге (ноу-хау) қатысты ақпарат үшiн сыйақы ретiнде алынатын төлемдердiң кез-келген түрiн қамтиды.

      4. Егер нақты роялти алушы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, роялти туындайтын басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) немесе база арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса немесе осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсiз жеке қызмет көрсетсе, және төленетiн роялтиге қатысты құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен (өкiлдiкпен) немесе базамен байланысты болса, 1 және 2-тармақтың ережелерi қолданылмайды. Мұндай ретте жағдайға қарай осы Келiсiмнiң 7-бабының немесе 14-бабының ережелерi қолданылады.

      5. Егер роялти төлеушi Уағдаласушы Мемлекеттiң өзi, оның жергiлiктi өкiмет органы немесе осы Мемлекеттiң резидентi болса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледi. Бiрақ, егерде, роялти төлеушi тұлға Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болған-болмағанына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оның тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) немесе тұрақты базасы болса, соған байланысты роялти төлеу жағдайы туындаса және мұндай роялтидi осы тұрақты мекеме (өкiлдiк) немесе тұрақты база төлейтiн болса, онда мұндай роялти тұрақты мекеме (өкiлдiк) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледi.

      6. Егер роялти төлеушi мен оған нақты құқығы бар тұлға арасындағы немесе сол екеуi мен әлдеқандай үшiншi тұлға арасындағы ерекше қатынастардың салдарынан пайдалануға, пайдалану құқығына немесе ақпаратқа қатысты төленетiн роялти сомасы мұндай қатынастар болмаған кезде төлеушi мен осы роялтидың нақты иесi арасында келiсiлуi мүмкiн сомадан асып түссе, осы баптың ережелерi тек соңғы көрсетiлген сомаға қолданылады. Мұндай жағдайда төлемнiң артық бөлiгiне осы Келiсiмнiң басқа ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң әрқайсысының заңдарына сәйкес салық салынады.

      7. Егер роялти төлеуге қатысты құқықтарды жасауға немесе беруге байланысы бар кез-келген тұлғаның басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бiрi құқықтарды жасау немесе беру арқылы осы баптан пайда табу болса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.

13-бап
Мүлiк құнының өсуiнен алынатын табыс

      1. Басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан, 6-бапта көрсетiлген жылжымайтын мүлiктi шеттетуден Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi алған табысқа осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi кәсiпорнының тұрақты мекемесiнiң (өкiлдiгiнiң) кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгiн құрайтын жылжымайтын мүлiктен өзге мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға немесе Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекетте тәуелсiз жеке қызметтер көрсету мақсаттары үшiн пайдаланатын иелiгiндегi тұрақты базаға қатысты жылжымайтын мүлiктен басқа мүлiктен алынған табыстарға, соның iшiнде осындай тұрақты мекеменi (өкiлдiктi) (жеке немесе тұтастай кәсiпорынмен бiрге) немесе осындай тұрақты базаны шеттетуден алынған табыстарға осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      3. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорыны халықаралық тасымалдарда пайдаланатын теңiз немесе әуе кемелерiн, автомобиль немесе темiр жол көлiгiн немесе осындай теңiз немесе әуе кемелерiн, автомобиль немесе темiр жол көлiгiн пайдалануға байланысты жылжымайтын мүлiктен өзге мүлiктi шеттетуден алатын табыстарға тек осы Мемлекетте салық салынады.

      4. Осы баптың алдыңғы тармақтарында көрсетiлгеннен басқа кез-келген мүлiктi шеттетуден алынған табыстарға мүлiктi шеттетушi тұлға резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

14-бап
Тәуелсiз жеке қызметтер

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi кәсiби қызметтер немесе тәуелсiз сипаттағы басқа да қызметтер көрсетуден алатын табысқа, осы қызметтi жүзеге асыру мақсаттары үшiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте өз иелiгiндегi тұрақты базасы болған жағдайдан басқа кезде, осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер оның мұндай тұрақты базасы болса, осы тұрақты базаға қатысты табысқа ғана басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. "Кәсiби қызметтер" терминi, атап айтқанда, тәуелсiз ғылыми, әдеби, көркемөнер, бiлiм беру және оқытушылық қызметтi, сондай-ақ дәрiгерлердiң, заңгерлердiң, инженерлердiң, сәулетшiлердiң, тiс дәрiгерлерiнiң және бухгалтерлердiң тәуелсiз қызметiн қамтиды.

15-бап
Тәуелдi жеке қызмет

      1. Осы Келiсiмнiң 16, 18, 19-баптарының ережелерiн ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң резидентi жалданып iстеген жұмысы үшiн алатын еңбек ақысына және басқа осындай сыйақыларына, егер тек мұндай жұмыс басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылмаса, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. I-тармақтың ережелерiне қарамастан, егер:

      а) алушы тиiстi салық жылында басталатын немесе аяқталатын кез-келген он екi айлық кезең iшiнде жалпы алғанда 183 күннен аспайтын кезеңде немесе кезеңдер бойы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүрсе; және

      б) сыйақыны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын жалдаушы төлесе немесе сондай жалдаушының атынан төленсе; және

      с) сыйақы төлеу жөнiндегi шығындарды жалдаушының басқа Мемлекеттегi тұрақты мекемесi (өкiлдiгi) немесе тұрақты базасы көтерiп алмаса, Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекетте жалданып iстеген жұмысы үшiн алатын сыйақыға тек бiрiншi аталған Мемлекетте салық салынады.

      3. Осы баптың алдыңғы тармақтарының ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорны халықаралық тасымалдарға пайдаланылатын теңiз немесе әуе кемесiнiң үстiне, темiржол немесе автомобиль көлiк құралында жалданып iстеген жұмысы үшiн алатын сыйақысына осы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

16-бап
Директорлардың сыйақылары

      Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияның директорлар кеңесiнiң мүшесi ретiнде директорлардың алатын табыстары мен басқа да осындай төлемдерге осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

17-бап
Өнер қызметкерлерi мен спортшылар

      1. Осы Келiсiмнiң 14 және 15-баптарының ережелерiне қарамастан Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентi театр, кино, радио немесе теледидар артисi немесе сазгер секiлдi өнер қызметкерi ретiнде немесе спортшы ретiнде басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзiнiң жеке қызметiнен алатын табысына осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Егер өнер қызметкерi немесе спортшы өзiнiң осы сипатында жүзеге асырған жеке қызметiнен алынған табыс өнер қызметкерлерiнiң немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, бұл табысқа, осы Келiсiмнiң 7, 14 және 15-баптарының ережелерiне қарамастан, өнер қызметкерiнiң немесе спортшының қызметi жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

18-бап
Зейнетақылар

      Осы Келiсiмнiң 19-бабының 2-тармағының ережелерiн есепке ала отырып, Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне бұрын жалданып iстеген жұмысына байланысты төленетiн зейнетақыларға және басқа да осы сияқты сыйақыларға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

19-бап
Мемлекеттiк қызмет

      1. а) Уағдаласушы Мемлекеттiң осы Мемлекетке көрсеткен қызметi үшiн жеке тұлғаға төлейтiн зейнетақыдан басқа сыйақыларына тек осы Мемлекетте салық салынады.

      б) Алайда, егер қызмет осы басқа Мемлекетте көрсетiлсе және жеке тұлға осы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, ол:

      - осы мемлекеттiң азаматы болса; немесе

      - қызмет көрсету мақсатында ғана осы Мемлекеттiң резидентi болудан қалса, мұндай сыйақыға тек басқа Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе ол құрған қорлар осы Мемлекетке көрсеткен қызметiне қатысты жеке тұлғаға төлейтiн кез келген зейнетақыға осы Мемлекетте ғана салық салынады.

      б) алайда жеке тұлға осы Мемлекеттiң резидентi немесе азаматы болса, мұндай зейнетақыға тек басқа Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

      3. 15, 16, 17 және 18-баптардың ережелерi Уағдаласушы Мемлекет жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке байланысты көрсетiлетiн қызметке қатысты сыйақылар мен зейнетақыларға қолданылады.

20-бап
Студенттер

      Уағдаласушы Мемлекетке келудiң алдында басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болған немесе болып табылатын және бiрiншi аталған Мемлекетте тек оқу немесе бiлiм алу мақсатында ғана тұрып жатқан студенттер немесе кәсiптiк бiлiм алып жатқан басқа тұлғалар алатын және өздерiнiң сонда тұру, оқу және бiлiм алу мақсатына арналған төлемдерге, егер бұл төлемдердiң көздерi осы Мемлекеттен тыс жерлерде болса, осы Мемлекетте салық салынбайды.

21-бап
Басқа табыстар

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентiнiң осы Келiсiмнiң басқа баптарында айтылмаған табыс түрлерiне, олардың қайта туындағанына қарамастан тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. Егер табыс алушы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола отырып, басқа Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме (өкiлдiк) арқылы кәсiпкерлiк қызметпен айналысса немесе осы басқа Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты база арқылы тәуелсiз жеке қызметтер көрсетсе және төленген табысқа қатысы бар құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемеге (өкiлдiкке) немесе тұрақты базаға қатысты болса, 6-баптың 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүлiктен алынған табыстардан өзге табыстарға I-тармақтың ережелерi қолданылмайды. Мұндай ретте жағдайға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелерi қолданылады.

22-бап
Мүлiк

      1. 6-бапта айтылған Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң резидентiнiң иелiгiндегi және басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiкке осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi кәсiпорнының тұрақты мекемесiнiң (өкiлдiгiнiң) кәсiпкерлiк мүлкiнiң бiр бөлiгi болып табылатын немесе тәуелсiз жеке қызметтердi жүзеге асыру мақсаттары үшiн Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң басқа Уағдаласушы Мемлекетте қол жетерлiк тұрақты базасына қатысты жылжымайтын мүлiктен өзге мүлiкке осы басқа Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

      3. Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң меншiгi болып табылатын және халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын теңiз немесе әуе кемелерi, автомобиль немесе темiр жол көлiгi және осындай тасымалдарды жүзеге асыруға байланысты жылжымайтын мүлiктен өзге мүлiкке тек осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.

      - Уағдаласушы Мемлекет резидентi мүлкiнiң барлық басқа элементтерiне тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.

23-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Қазақстанға байланысты қосарланған салық салу былайша жойылады:

      а) Егер Қазақстанның резидентi осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес Беларусьте салық салынуы мүмкiн табыс алса немесе мүлiк иеленсе, Қазақстан:

      - осы резиденттiң табысына салынған салықтан Беларусьте төленетiн табыс салығына тең соманы шегерiп тастауға;

      - осы резиденттiң мүлкiне салынған салықтан Беларусьте төленген мүлiк салығына тең соманы шегерiп тастауға рұқсат етедi.

      Шегерiлген салық мөлшерi дәл осындай табысқа Қазақстанда қолданылып жүрген ставкалар бойынша есептелуi мүмкiн салықтан аспауы керек.

      б) Егер Қазақстанның резидентi осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес тек Беларусьте ғана салық салынатын табыс алса, Қазақстан мұндай табысты немесе мүлiктi Қазақстанда салық салынатын осындай басқа табысқа немесе мүлiкке салық ставкасын белгiлеу мақсаттары үшiн ғана салық салу базасына енгiзуi мүмкiн.

      2. Беларуське байланысты қосарланған салық салу былайша жойылады:

      егер Беларусьтiң резидентi осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкiн табыс алса немесе мүлiк түрiн иеленсе, онда Беларусь:

      а) осы резиденттiң табысына салынған салықтан Қазақстанда төленген табыс салығына тең соманы шегерiп тастауға;

      б) осы резиденттiң мүлкiне салынған салықтан Қазақстанда төленген мүлiк салығына тең соманы шегерiп тастауға рұқсат етедi.

      Алайда, мұндай шегеру Қазақстанда салық салынуы мүмкiн табыс немесе мүлiк түрiне қатысты шегерiм жасалғанға дейiн есептелген табысқа немесе мүлiкке салынған салықтың бөлiгiнен қандай жағдайда да аспауы тиiс.

24-бап
Кемсiтпеу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң ұлттық тұлғасы (азаматы) басқа Уағдаласушы Мемлекетте осы басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғасы (азаматы) дәл осындай жағдайда, атап айтқанда тұрғылықты орынға қатысты, ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салумен және сонымен байланысты мiндеттемемен салыстырғанда өзгеше немесе неғұрлым ауыр болып келетiн сонымен байланысты мiндеттемеге ұшырамайды. Бұл ереже, 1-баптың ережелерiне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып табылмайтын жеке тұлғаларға қолданылады.

      2. Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорнының басқа Уағдаласушы Мемлекеттегi тұрақты мекемесiне (өкiлдiгiне) салық салу осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте дәл осындай қызметтi жүзеге асыратын осы басқа Мемлекеттiң кәсiпорнына салық салудан қолайсыздау болмау керек. Осы баптың ережелерi бiр Уағдаласушы Мемлекеттi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне ол өз резиденттерiне азаматтық мәртебесi немесе отбасы алдындағы мiндеттерi негiзiнде салық салу мақсатындағы беретiн кез-келген жеке жеңiлдiктер мен салықтан босату және оны кемiту сияқтыларды беруге мiндеттеу ретiнде қарастырылмайды.

      3. Осы Келiсiмнiң 9-баптың 1-тармағының, 11-баптың 7-тармағының, 12-баптың 6-тармағының ережелерi қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн роялти және басқа төлемдер осы кәсiпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаттары үшiн бiрiншi аталған Мемлекеттiң резидентiне олар қалай төленсе, дәл сондай жағдайларда шегерiлiп тасталуы тиiс. Осы секiлдi Уағдаласушы Мемлекеттiң бiрiнiң кәсiпорнының басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне қатысты кез-келген қарыздары салық салынатын осы кәсiпорынның мүлкiн айқындау мақсаттары үшiн бiрiншi аталған Мемлекеттiң резидентiнiң қарыздары қалай шегерiлсе, дәл сондай жағдайларда шегерiлiп тасталуы тиiс.

      4. Мүлкi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резидентiне толық немесе iшiнара тиесiлi немесе олар тiкелей немесе жанама түрде бақылайтын Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындары бiрiншi аталған Мемлекетте кез-келген салық салу түрiне немесе бiрiншi аталған Мемлекеттiң осындай кәсiпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкiн салық салумен және осымен байланысты мiндеттемелермен салыстырғанда өзгеше немесе неғұрлым ауыр болып келетiн сонымен байланысты мiндеттемеге ұшырамайды.

      5. Осы баптың ережелерi 2-тармақтың ережелерiне қарамастан, салықтың кез-келген тегiне және түрiне қолданылады.

25-бап
Өзара келiсiп алу ресiмi

      1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң, немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi оған осы Келiсiм сәйкес келмейтiн салық салуға душар етедi немесе душар ететiн болады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердiң iшкi заңдарында көзделген қорғау құралдарына қарамастан өзiнiң iсiн қарау үшiн өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органына немесе, егер оның жағдайы 24-баптың 1-тармағының күшiне жататын болса - өзi ұлттық тұлғасы (азаматы) болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органына бере алады. Арыз Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға душар еткен iс-әрекеттер жайлы хабар берiлген сәттен бастап үш жыл iшiнде берiлуi тиiс.

      2. Құзыреттi орган, егер ол арызды орынды деп есептесе және оның өзi қанағаттанарлық шешiм ала алмайтын болса, Келiсiмге сәйкес келмейтiн салық салуды болдырмау мақсатында мәселенi басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органымен өзара келiсiм бойынша шешуге ұмтылады. Кез-келген қол жеткен уағдаластық Уағдаласушы Мемлекеттердiң ұлттық заңдарында көзделген қандай да бiр уақыт шектеулерiне қарамастан орындалатын болады.

      3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары Келiсiмдi пайымдау немесе қолдану кезiнде туындайтын кез-келген мәселелердi өзара келiсiм бойынша шешуге ұмтылады. Олар сондай-ақ осы Келiсiмде көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатында бiр-бiрiмен ақылдасып отыра алады.

      4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осының алдындағы тармақтарды ұғысуда келiсiмге қол жеткiзу мақсатында бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасай алады. Егер келiсiмге келу үшiн ауызша пiкiр алмасу ұйымдастыру дұрыс болса, мұндай пiкiр алмасу Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдарының өкiлдерiнен тұратын комиссия мәжiлiсi шеңберiнде өтуi мүмкiн.

26-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң немесе Уағдаласушы Мемлекеттердiң осы Келiсiм қолданылатын салықтарға қатысты ұлттық заңдарының ережелерiн осы заңдар бойынша салық салу осы Келiсiмге қайшы келмейтiн дәрежеге қолдану үшiн қажеттi ақпарат алмасып отырады. Ақпарат алмасу 1-баппен шектелiп қалмайды. Уағдаласушы Мемлекет алған кез-келген ақпарат, осы Мемлекеттiң ұлттық заңдары шегiнде алынған ақпарат сияқты, жасырын болып есептеледi және тек қана осы Келiсiм қолданылатын салықтарға қатысты баға беруге, алуға, күшпен өндiрiп алуға, сотпен куәландыруға немесе шағымдарды қарауға байланысты тұлғалар мен органдарға (соның iшiнде соттар мен әкiмшiлiк органдарына) хабарлана алады. Мұндай тұлғалар немесе органдар бұл ақпаратты осы мақсаттар үшiн ғана пайдаланады. Олар бұл ақпаратты ашық сот мәжiлiсi барысында немесе сот шешiмдерiн қабылдаған кезде ашуына болады.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi Уағдаласушы Мемлекеттердiң кез-келгенiнiң құзырлы органдарын:

      а) Уағдаласушы Мемлекеттердiң заңдарына немесе әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларын жүргiзуге;

      б) Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң заңдары бойынша немесе кәдiмгi әкiмшiлiк практикасы барысында алуға болмайтын ақпарат беруге;

      с) қандай да бiр сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсiби құпияны немесе сауда процесiн ашуы ықтимал ақпарат немесе ашылуы мемлекеттiк мүдделерге қайшы келетiн ақпарат беруге мiндеттейтiндей болып пайымдалмайды.

27-бап
Дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелердiң мүшелерi

      Осы Келiсiмнiң бiрде-бiр ережесiнiң дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдық мекемелер мүшелерiне халықаралық құқықтың жалпы нормаларына немесе арнаулы келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес берiлген салық артықшылықтарына қатысы жоқ.

28-бап
Күшiне енуi

      1. Осы Келiсiм Уағдаласушы Мемлекеттер барлық қажеттi мемлекеттiк iшкi рәсiмдер орындалғаны туралы бiр-бiрiне хабарлағаннан кейiн күшiне енедi.

      2. Келiсiм 1-тармақта айтылған хабарлама соңғы рет берiлген соң күшiне енедi және оның ережелерi:

      а) Келiсiм күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарында немесе одан кейiн алынған табыстан табыс көзiнде ұсталатын салықтарға қатысты;

      б) Келiсiм күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарынан немесе бiрiншi қаңтарынан кейiн басталатын кез-келген салық салынатын жыл iшiндегi табыс пен мүлiкке салынатын басқа салықтарға қатысты күшiнде болады.

29-бап
Қолданылу күшiн тоқтату

      Осы Келiсiмнiң күшiн Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi тоқтатпайынша ол күшiнде қала бередi. Әрбiр Уағдаласушы Мемлекет Келiсiм күшiне енген уақыттан кейiн 5 жылдық мерзiм аяқталған соң, кез-келген күнтiзбелiк жылдың аяқталуын кем дегенде алты ай қалғанда қолданылу күшiн тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар ету жолымен Келiсiмнiң күшiн тоқтата алады. Мұндай жағдайда Келiсiм:

      а) Келiсiм күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарында немесе бiрiншi қаңтарынан кейiн алынған табыстан табыс көзiнде ұсталатын салықтарға қатысты;

      б) Келiсiм күшiне енген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бiрiншi қаңтарында немесе бiрiншi қаңтарынан кейiн басталатын салық салынатын жыл iшiндегi табыс пен мүлiкке салынатын басқа салықтарға қатысты қолданылу күшiн тоқтатады.

      Осыны куәландыра отырып, осыған тиiстi түрде өкiлеттi төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.

      Минск қаласында 1997 жылғы сәуiр айының 11 күнi екi дана етiп, әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тiлдерiнде жасалды, бұл ретте барлық мәтiннiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң пайымдауда үйлеспеушiлiк бола қалған жағдайда орыс тiлiндегi мәтiн негiзге алынады.

      Қазақстан Республикасының            Беларусь Республикасының

      Үкiметi үшiн                                                Үкiметi үшiн