Нотариат туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі N 155 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - II" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 2" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), бүкіл мәтін бойынша "лицензиясы кері қайтарылып алынғандықтан", "лицензияны кері қайтарып алу", "Нотариус лицензиясын кері қайтарып алу", "нотариус лицензиясы кері қайтарылып алынады", "Лицензия кері қайтарылып алынған", "кері қайтарып алу", "нотариустардың лицензияларын кері қайтарып алу" деген сөздер тиісінше "лицензиясынан айырылғандықтан", "лицензиясынан айыру", "Нотариусты лицензиясынан айыру", "нотариус лицензиясынан айырылады", "Лицензиясынан айырылған", "одан айыру", "нотариустарды лицензияларынан айыру" деген сөздермен ауыстырылды - 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

1 бөлiм
Нотариат қызметiнiң ұйымдық және құқықтық негiздерi

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасындағы нотариат

      1. Қазақстан Республикасындағы нотариат - құқықтар мен фактiлердi куәландыруға, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық iс-әрекеттердi жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың заң жүзiнде бекiтiлген жүйесi.
      2. Осы Заңмен белгiленген жағдайлар мен шектерде нотариаттық iс-әрекеттер жасауға мыналардың құқықтары бар:
      1) мемлекеттiк нотариат кеңселерiнде жұмыс iстейтiн нотариустар (мемлекеттiк нотариустар) мен жеке практикамен айналысатын нотариустар (жекеше нотариустар);
      2) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдары;
      3) Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызмет атқаратын адамдар;
      3-1) <*>
      4) осы Заңмен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi өзге де адамдар.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 , 2003.05.05. N 408 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

      2-бап. Нотариат туралы заңдар

      Нотариат туралы заңдар Азаматтық кодекс нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының нотариаттық қызметтi реттейтiн өзге де заңдарынан тұрады.

      3-бап. Нотариаттық қызмет және оның кепiлдiктерi

      1. Нотариаттық қызмет - нотариустың және өзге де уәкiлеттi адамдардың осы Заңмен көзделген нотариаттық iс-әрекеттердi жасауы.
      2. Нотариустар мен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi басқа да адамдар нотариаттық iс-әрекеттер жасағанда тәуелсiз болады және тек қана заңға бағынады. Бұл орайда олар осы Заңды және басқа нормативтiк құқықтық актiлердi , сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен, осындай қызметтi реттейтiн халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
      3. Жеке және заңды тұлғаларға олардың жасаған нотариаттық iс-әрекеттерiнің құпиясын сақтауға кепiлдiк берiледi.
      4. Нотариус ретiнде қызметiн тоқтатқан адамдар нотариаттық iс-әрекеттердiң құпиясын сақтауға мiндеттi.
      5. Нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер, нотариус берген құжаттардың көшiрмелерi немесе дубликаттары тапсырысы бойынша нотариаттық iс-әрекеттер жүргiзiлген заңды және жеке тұлғаларға, не олардың уәкiлеттi адамдарына ғана берiледi.
      6. Нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер мен құжаттар өздерi жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттың, тергеу және анықтау органдарының, өздері жүргізіп жатқан атқарушылық іс жүргізу істері бойынша атқарушылық іс жүргізу органдарының жазбаша талап етуi бойынша, прокуратура органдарына, сондай-ақ әдiлет органдарына және осы Заңмен нотариустар қызметiн тексерудi жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген нотариат палаталарына берiледi.
      7. Жасалған нотариаттық iс-әрекет туралы мәлiметтердi қасақана жария еткен адамдар заңдарға сәйкес жауап бередi.
      8. Меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар нотариаттық iс-әрекеттер жасауға қажеттi мәлiметтер мен құжаттарды нотариус оларды талап еткен кезден бастап он күн мерзiмнен кешiктiрмей нотариусқа табыс етуге мiндеттi.
      9. Өсиеттер туралы мәлiметтер, өсиеттердiң дубликаттары мен көшiрмелерi мүдделi адамдарға, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, өсиет берушi өлгеннен кейiн ғана берiледi.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.06.22. N 147 Заңымен.

      4-бап. Нотариаттық iс жүргiзу

      1. Нотариаттық iс жүргiзу Қазақстан Республикасының архивтер мен құжаттаманы басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органымен келiсу арқылы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариаттық iс жүргiзу жөнiндегi нұсқаулыққа (бұдан әрi - Нұсқаулық) сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Нұсқаулық талаптарының сақталуына бақылау жасауды аумақтық әдiлет органдары мен нотариат палаталары жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік нотариустардың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мiндеттi түрде мемлекеттік архивке тапсырылуға тиіс.
      Жекеше нотариустардың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен міндетті түрде жеке нотариаттық архивке тапсырылуға тиiс.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      5-бап. Нотариаттық iс жүргiзiлетiн тiл

      1. Нотариаттық iс Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      2. Егер нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген адам iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе, ресiмделген құжаттардың мәтiндерi оның өтiнiшi бойынша осы Заңның 80-бабына сәйкес ақы төлеттiрiп аударылып берiлуге тиiс.

2-тарау. Нотариустың құқықтық жағдайы

      6-бап. Қазақстан Республикасындағы нотариус

      1. Жоғары заң бiлiмi бар, әдiлет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан, нотариуста кемiнде бiр жыл тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
      Өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен соттылығы алынбаған, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды.
      Өзiне қатысты ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған, лицензиясынан айырылғандықтан не нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына жол бергенi үшiн мемлекеттiк нотариус қызметiнен босатылғандықтан нотариаттық қызметтi тоқтатқан адам да осындай оқиға болғаннан кейiн үш жыл бойы нотариус бола алмайды.
      2. Жекеше және мемлекеттiк нотариустардың нотариаттық қызметтi жүзеге асырған кездегi құқықтары, мiндеттері тең болады. Олар ресiмдеген құжаттардың бiрдей заң күшi болады.
      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген лицензиясы жоқ адамдардың (осы Заңның 1-бабындағы 2-тармақтың 2), 3) тармақшаларында аталған адамдарды қоспағанда) нотариаттық iс-әрекеттер жасауы, не нотариат туралы заңдардың өзге де талаптарын бұзып жасауы және сол iс-әрекеттерден табыс табуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болуға әкеп соғады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 , 2001.07.11. N 235 , 2001.12.24. N 276 , 2003.05.05.  N 408 Заңдарымен.

      7-бап. Нотариустың көмекшiлерi мен сынақтан өтушiлерi

      1. Нотариустың көмекшiлерi мен сынақтан өтушiлерi болуы мүмкiн.
      2. Қазақстан Республикасының азаматы ғана нотариустың көмекшiсi бола алады.
      3. Нотариустың көмекшiсi жеке практикамен айналысатын нотариуста еңбек шартының негiзiнде жұмыс iстей алады немесе мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң құрамында бола алады.
      4. Нотариустың көмекшiсi нотариустың тапсырмаларын нотариустың нұсқауымен және жауапкершiлiгiмен орындауға құқылы.
      5. Жоғары заң бiлiмi бар және аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары нотариустың сынақтан өтушiлерi бола алады. Сынақтан өтушiлер сынақтан өту туралы шарт негiзiнде жеке практикамен айналысатын нотариустарда немесе мемлекеттiк нотариустарда сынақтан өтедi.
      Заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар адамдар үшiн аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палатаның бiрлескен шешiмiмен сынақтың мерзiмi қысқартылуы мүмкiн. Сынақтың ұзақтығы үш айдан кем болмауы керек.
      6. Нотариустардың сынақтан өтушiлерiнiң сынақтан өтуiнiң тәртiбi, мерзiмi мен шарттары Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариустардың сынақтан өтушiлерi туралы ережемен белгiленедi.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

       8-бап. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия

      1. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi берген лицензия (нотариус лицензиясы) нотариусқа нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлдiк бередi.
      2. Нотариус лицензиясын алуға қажеттi құжаттардың тiзбесi, лицензия беру мерзімі мен тәртібі тиісті нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
      3. Нотариус лицензиясы мерзiмi шектелмей берiлетiн басты лицензия болып табылады және ол Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
      4. Нотариус лицензиясын беру үшiн алым алынады, оның мөлшерi мен төлену тәртiбi салық заңдарымен белгiленедi.
      5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың Мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi және ведомстволық баспасөз органында нотариаттық қызметпен айналысуға лицензия берiлген адамдар туралы мәлiметтер жариялайды, онда:
      1) нотариустың тегi, аты, әкесiнiң аты;
      2) лицензия берiлген күн мен оның нөмiрi көрсетiледi.
      6. Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында  немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған адамдар, тұрақты судьялар және өз міндеттерін атқару кезінде теріс қылықтар жасағаны және заңдылықты бұзғаны үшін судьялық қызметінен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар, сондай-ақ мемлекеттiк нотариустар аттестаттаудан өтпестен нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға құқылы.
      6-1. Нотариаттық қызметті жүзеге асыруға үміткер адамдардың аттестаттаудан өту ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 , 2001.07.11. N 235 , 2003.05.05. N 408 , 2004.12.20.  N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2009.04.29.  N 154-IV Заңдарымен.

      9-бап. Нотариус лицензиясын беруден бас тарту

      1. Нотариус лицензиясын беруден бас тарту негiздерi лицензиялау туралы заңдармен белгiленедi .
      2. Нотариус лицензиясын беруден бас тартылған жағдайда өтiнiш иесiне ол қабылданған күннен бастап үш күн iшiнде бас тарту себептерi көрсетiле отырып жазбаша түрде дәлелдi шешiм берiледi.
      3. Бас тарту туралы шешiм жөнiнде сотқа шағымдануға болады.

      10-бап. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру

      1. Нотариус лицензиясының күшiн азаматтардың арыздары, аумақтық әдiлет органдарының, нотариаттық палаталардың, прокуратура, тергеу, анықтау органдарының, сондай-ақ салық қызметiнiң ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмiмен тоқтатыла тұрады.
      2. Нотариус лицензиясының күшi алты айға дейiнгi мерзiмге мынадай жағдайларда:
      1) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиясынан айыру жөнiндегi талап-арыз iсiн қозғағанда;
      2) нотариус қылмыстық iс бойынша айыпталушы ретiнде тартылған жағдайда;
      3) нотариус өзiнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын өзгерткенi, сондай-ақ оның үй-жайының орналасқан орны өзгергенi туралы мәлiметтердi аумақтық әдiлет органына бiр ай iшiнде хабарламағанда;
      4) нотариус осы Заңға сәйкес өзiне белгiленген қызмет аумағын бұзғанда;
      5) нотариус нотариаттық iс-әрекеттердi жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғанда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      3. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Лицензияның күшi мұндай шешiм нотариусқа жеткiзiлген күннен бастап тоқтатыла тұрады. Тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылған жағдайда лицензиар лицензияның күшiн қалпына келтiру туралы шешiм шығарады.
      4. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру тоқтатылған кезеңде нотариаттық iс-әрекеттер жасалуына тыйым салуға және нотариустың жеке мөрiн аумақтық әдiлет органына тапсыруына әкеп соғады.
      5. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру немесе қалпына келтiру туралы шешiм Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң ведомстволық баспасөз органында жарияланады.
      6. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру туралы шешiм жөнiнде сотқа шағымдануға болады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

       11-бап. Нотариусты лицензиясынан айыру

      Әдiлет аттестаттау комиссиясының не прокуратура органдарының, не Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң, не Республикалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен мынадай жағдайларда:
      1) алып тасталды
      2) жекеше нотариус Нотариустың ар-ождан кодексiн бiрнеше рет бұзғанда;
      3) нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше мәрте бұзғанда не мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрiп, заңдарды бұзғанда;
      4) лицензияның күшiн тоқтата тұру себептерi жойылмағанда;
      5) лицензия беруге негiз болып табылатын құжаттарда нотариустың дәйектемесiз немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактiсi анықталғанда;
      6) лицензияның күшi үш мәрте тоқтатылғанда;
      7) аттестаттаудың нәтижесi терiс болғанда нотариус лицензиясы керi қайтарылып алынады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 235 , 2003.05.05. N 408 Заңдарымен.

      12-бап. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтату

      1. Лицензиясынан айырылған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмi бойынша мынадай жағдайларда:
      1) нотариус өз тiлегiмен өтiнiш бергенде;
      2) нотариус азаматтығын өзгерткенде немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге тұрғылықты мекен-жайына кеткенде;
      3) нотариус қайтыс болғанда;
      4) нотариус қылмыс жасағаны үшiн сотталғанда - үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн;
      4-1) нотариусқа қатысты ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы шыққанда;
      5) нотариус заңдарда белгiленген тәртiппен iс-әрекет жасауға қабiлетсiз не iс-әрекет жасауға қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылғанда;
      6) денсаулық жағдайына байланысты нотариустың өз кәсiптiк мiндеттерiн атқаруы мүмкiн болмағанда (медициналық қорытынды негiзiнде);
      7) нотариус хабар-ошарсыз кеткен деп танылғанда немесе қайтыс болған деп жарияланғанда нотариус лицензиясының күшi тоқтатылады.
      2. Нотариус лицензиясының күшiн тоқтату туралы ұсынысты тиiстi нотариат палатасы мен аумақтық әдiлет органы енгiзедi.
      3. Аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палата лицензиясының күшi тоқтатылған нотариустың құжаттарын басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық архивке беру жөнiнде, сондай-ақ лицензияны лицензиарға беру үшiн алып қою және нотариустың жеке мөрiн жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
      4. Нотариус лицензиясының күшi тоқтатылуына байланысты даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

       13-бап. Мемлекеттiк нотариус

      1. Мемлекеттiк нотариус осы Заңның 6-бабында аталған талаптарға сай болуға тиiс, бұған нотариус лицензиясын алу туралы талаптар қосылмайды.
      2. Мемлекеттiк нотариустың нотариаттық iс-әрекеттерi үшiн аумақтық әдiлет органы мүлiктiк жағынан жауап бередi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       14-бап. Мемлекеттiк нотариат кеңсесi

      1. Мемлекеттiк нотариат кеңсесi аумақтық әдiлет органының құрылымдық бөлiмшесi болып табылады, оның заңды тұлға құқығы болмайды және осы орган бекiткен Ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.
      2. Мемлекеттiк нотариат кеңселерi Қазақстан Республикасының аудандарында (қалаларында) орналасады.

       РҚАО-ның ескертуі!
      15-бапқа өзгерту қарастырылған - ҚР-ның 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Жеке практикамен айналысатын нотариус

      1. Заңды тұлға құрмай, лицензия негiзiнде нотариаттық қызметпен айналысатын, өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн нотариаттық iс-әрекеттер жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша сақтандырған, нотариаттық палатаға мүше болған және аумақтық әдiлет органында есепке тұру тiркеуінен өткен азамат жеке практикамен айналысатын нотариус деп танылады.
      2. Жеке практикамен айналысатын нотариус банк мекемелерiнде есеп айырысу шоты болуына және өзге де шоттар ашуға, еңбек заңдарына сәйкес көмекшiлер, техникалық қызметкерлер жалдап, оларды жұмыстан босатуға, нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан алынған табысқа билiк етуге, соттарда өз атынан сөз сөйлеуге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да iс-әрекеттер жасауға құқылы.
      3. (3-тармақтың нормаларының заңдық күші жойылды және қолданылуға жатпайды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2005 жылғы 31 қаңтардағы N 1 қаулысымен).
      4. Жеке практикамен айналысатын нотариустың азаматтар мен заңды тұлғалар өкiлдерiнiң еркiн кiрiп-шығуына, нотариаттық iс-әрекеттер жасаудың құпиялылығын сақтауға және нотариаттық iс жүргiзудiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн жағдай жасауға жарамды үй-жайы болуға тиiс.
      5. <*>
      6. <*>
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 , 2003.05.05. N 408 Заңдарымен.

      16-бап. Жекеше нотариустың қызметiн сақтандыру

      1. Жекеше нотариус осы Заңның 34-бабының 1-тармағында көзделген нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын жасасуға мiндеттi және оның мұндай шарт болмағанда нотариаттық iс-әрекеттер жасауға кiрiсуге құқығы жоқ.
      2. Нотариустың нотариаттық iс-әрекеттер жасауы нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандырудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      17-бап. Нотариустың құқықтары

      Нотариус:
      1) өзiне жүгiнген жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне сәйкес осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген нотариаттық iс-әрекеттер жасауға;
      2) мәмiлелердiң, өтiнiштер мен басқа да құжаттардың жобаларын жасауға;
      3) құжаттардың көшiрмелерiн және олардың үзiндiлерiн әзiрлеуге;
      4) нотариаттық iс-әрекеттер жасау мәселелерi бойынша консультациялар беруге;
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардан нотариаттық iс-әрекеттер жасауға қажеттi құжаттар мен мәлiметтер талап етуге;
      6) ғылыми, педагогтiк және шығармашылық қызметпен айналысуға, соның iшiнде жалдау шарты бойынша айналысуға;
      7) <*>
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 , 2003.05.05. N 408 Заңдарымен.

      18-бап. Нотариустың мiндеттерi

      Нотариус:
      1) осы Заңның және Қазақстан Республикасының нотариат қызметiн реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес нотариаттық iс-әрекеттер жасауға;
      2) азаматтарға және заңды тұлғаларға құқықтар мен мiндеттердi түсiндiруге, олардың заңды бiлмегендiгi өздерiне зиян келтiруге пайдаланылуы мүмкiн болмауы үшiн, жасалған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң салдарлары жөнiнде ескертуге;
      3) кәсiптiк қызметiн жүзеге асыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi құпия ұстауға;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiн жағдайда нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тартуға;
      5) кәсiптiк әдептi сақтауға;
      6) әдiлет органына және (немесе) нотариаттық палатаға өз iс-әрекеттерiне түскен шағымдар бойынша өзi жасаған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер, өзге құжаттар, ал қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер, оның iшiнде кәсiптiк әдеп талаптарын сақтамау мәселелерi жөнiнде түсiнiктемелер беруге мiндеттi.

      19-бап. Нотариустың қызметiн шектеу

      1. Нотариустың:
      1) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға;
      2) шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезiнде делдалдық қызмет көрсетуге;
      3) өкiлдi органға депутат болып сайланған жағдайда нотариус мiндеттерiн орындауға құқығы жоқ.
      2. Жеке практикамен айналысатын нотариустың жалдама қызметкер ретiнде еңбек қатынастарында болуға құқығы жоқ.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 , 2003.05.05. N 408 Заңдарымен.

      20-бап. Нотариаттық округ

      Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аймақтық бөлiнiсіне сәйкес бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағы нотариаттық округ болып танылады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      21-бап. Нотариустың қызмет ету аумағы

      1. Нотариаттық округ шегiндегi мемлекеттiк нотариустың қызмет ету аумағын аумақтық әдiлет органы белгiлейдi.
      2. Нотариаттық аумақ шегiндегі жекеше нотариустың қызмет ету аумағын нотариаттық палатамен бiрлесе отырып, аумақтық әдiлет органы белгiлейдi. Аумақтық әдiлет органы халыққа мемлекеттiк және жекеше нотариустардың қызмет ету аумағын үнемi хабарлап отырады.
      3. Нотариустың қызмет ету аумағы осы Заңның 34-бабы 1-тармағының 3, 4, 5-тармақшаларында, сондай-ақ 54-бапта көзделген iс-әрекеттердi жасаған жағдайда сақталады. Басқа жағдайлардың бәрiнде жеке және заңды тұлғалардың нотариаттық iс-әрекеттер жасату үшiн кез келген нотариусқа жүгiнуге құқығы бар.
      4. Нотариаттық iс-әрекеттер жасауға арналған үй-жай осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген тәртiп бойынша белгiленген аумақ шегiнде болуға тиiс.
      5. Нотариаттық iс-әрекеттер мемлекеттiк нотариат кеңсесiнiң үй-жайынан тыс және жекеше нотариустың үй-жайынан тыс жерлерде жасалуы мүмкін.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      22-бап. Нотариустың жеке мөрi, мөртабандары мен
               бланкiлерi

      Нотариустың өзiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты, сондай-ақ мемлекеттiк нотариус кеңсесiнiң атауы (мемлекеттiк нотариустың мөрi) не нотариус лицензиясының нөмiрi мен берiлген күнi көрсетiлген (жекеше нотариустың мөрi) жеке мөрi , куәландыру жазбаларының мөртабандары мен жеке бланкiлерi болады.

      23-бап. Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң,
               ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық)
               округтердiң әкiмдерi аппараттарының нотариаттық
               iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды
               адамдарын аттестациялау

      Осы Заңның 1-бабындағы 2-тармақтың 2) тармақшасында аталған адамдар Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Аттестация туралы ережеге сәйкес нотариаттық iс-әрекеттер жасау құқығын алу үшiн аумақтық әдiлет органында аттестациядан өтедi.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

        24-бап. Нотариустың және нотариаттық iс-әрекеттер
               жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдардың
               жауапкершiлiгi

      1. Нотариус және осы Заңмен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдар заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қылмыстық , әкiмшiлiк , материалдық , тәртiптiк және өзге де түрде жауапты болады.
      2. Жеке практикамен айналысатын нотариус өзiнiң кәсiптiк мiндеттерi мен әдеп нормаларын бұзған жағдайда оны нотариаттық палата Нотариустың ар-ождан кодексiне сәйкес жауапқа тартуы мүмкiн.

      25-бап. Нотариаттық iс-әрекеттерге немесе оларды
               жасаудан бас тартуға шағымдану

      Нотариаттық iс-әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға түскен шағымдарды азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормаларына сәйкес соттар қарайды.

3-тарау. Нотариаттық палата

      26-бап. Нотариаттық палата

      1. Нотариаттық палата жеке практикамен айналысатын нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, сондай-ақ нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың орындалуына бақылау жасау үшiн құрылатын коммерциялық емес, кәсiптiк, өзiн-өзi қаржыландыратын ұйым болып табылады.
      2. Нотариаттық палатаның қызметi осы Заңмен және жарғымен реттеледi. Нотариаттық палата заңды тұлға болып табылады және заңда   белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
      3. Қазақстан Республикасының әрбiр облысы, республикалық маңызы бар қалалары мен астанасы аумағында бiр нотариаттық палата құрылады.
      4. Аумақтық нотариаттық палаталар қауымдастық (одақ) нысанындағы Республикалық нотариаттық палатаға бiрiгуге құқылы.

      27-бап. Нотариаттық палатаның өкiлеттiгi

      1. Нотариаттық палата:
      1) жекеше нотариустерге жалпы басшылық жасап, олардың қызметiн үйлестiрiп отырады;
      2) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, нотариаттық iстi дамытуда оларға көмек көрсетiп, жәрдем бередi;
      3) жекеше нотариустар нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) жекеше нотариустың лицензиясының күшiн тоқтата тұру, керi қайтарып алу және тоқтату туралы ұсыныс енгiзедi;
      5) нотариаттық iс-әрекет жасау нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруды ұйымдастырады;
      5-1) жекеше нотариустардың өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтаруы және жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де талаптарын бұзу жағдайлары туралы аумақтық әділет органдарын хабардар етеді;
      6) жекеше нотариустарды сынақтан өткiзу мен оқытуды ұйымдастырады;
      7) өз мүшелерiнiң қызметiне байланысты iстер бойынша сот белгiлеген сараптама шығындарын өтейдi;
      8) жекеше нотариусты кәсiптiк мiндеттерi мен әдептi бұзғаны үшiн Нотариустың ар-ождан кодексiне сәйкес жауапқа тартады;
      9) жекеше нотариустардың қызметтiк iс-әрекеттерiне азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарайды.
      2. Нотариаттық палата жекеше нотариустың жасаған iс-әрекеттерiнiң заңдылығы туралы мәселенi қараған кезде нотариустан жасалған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтердi, ал қажет болған жағдайларда өз түсiнiктемелерiн, соның iшiнде кәсiптiк әдептiң сақталмауы туралы мәселелер бойынша түсiнiктемелерiн табыс етудi талап етуге құқылы.
      3. Нотариаттық палата жарты жылдың және жылдың қорытындылары бойынша Республикалық нотариаттық палата мен аумақтық әдiлет органына өзiнiң қызметi туралы ақпарат берiп отырады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 , 2003.06.11. N 437 Заңдарымен.

      28-бап. Нотариаттық палатаның жарғысы

      1. Нотариаттық палатаның жарғысында мыналар көзделуге тиiс:
      1) атауы, қызметiнiң мақсаттары мен негiзгi түрлерi;
      2) палатаның құқықтары мен мiндеттерi;
      3) мүше болу, мүшелiктi тоқтата тұру және одан айрылу шарттары мен тәртiбi;
      3-1) мүшелердiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi;
      4) басшы органдарды құру тәртiбi, олардың атқаратын қызметтерi мен өкiлеттiк мерзiмi;
      5) мүлiктiң қалыптасу көздерi және мүлiк пен табысты пайдалану тәртiбi;
      6) жарғыға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
      7) палатаны қайта құру мен тарату тәртiбi, таратылған жағдайдағы мүлiктiң тағдыры.
      2. Нотариаттық палатаның жарғысында заңдарға қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      29-бап. Республикалық нотариаттық палатаның өкiлеттiгi

      1. Республикалық нотариаттық палатаның қызметi осы Заңмен және оның жарғысымен белгiленедi. Республикалық нотариаттық палата заңда   белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
      2. Республикалық нотариаттық палата:
      1) нотариаттық палаталардың қызметiн үйлестiрiп отырады;
      2) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда, оның iшiнде шетелдiк және халықаралық ұйымдарда нотариаттық палаталар мен нотариустардың мүдделерiн бiлдiредi;
      3) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң нотариат мәселелерi бойынша заң жобалары жөнiндегi және сарапшылық қызметiне қатысады;
      4) нотариустарды оқытуды ұйымдастырады;
      5) нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысады және нотариат мәселелерi жөнiнде әдiстемелiк материалдар әзiрлейдi;
      6) Нотариустың ар-ождан кодексiн әзiрлеп, бекiтедi;
      7) заңдарға және халықаралық шарттарға қайшы келмейтiн өзге де қызметтi жүзеге асырады.
      3. Республикалық нотариаттық палата Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне өз қызметi туралы жыл сайын ақпарат берiп отырады.

      29-1-бап. Жеке нотариаттық архив

      Жеке нотариаттық архив аумақтық нотариаттық палатаның филиалы болып табылады.
      Жеке нотариаттық архив ұлттық архивтік қор және архивтер туралы  Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нотариаттық құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалану жөнiндегi функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 29-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

4-тарау. Нотариаттық қызметке ақы төлеу

      30-бап. Нотариаттық iс-әрекеттерге ақы төлеу

      1. Мемлекеттiк нотариат кеңсесiнде жұмыс iстейтiн нотариус пен аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi аппаратының лауазымды адамы нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген ставкалар бойынша мемлекеттiк баж алады.
      2. Жекеше нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттерге ақы Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мемлекеттiк баж мөлшерiне сәйкес келетiн ставкалар бойынша төленедi.
      3. <*>
      4. Қазақстан Республикасы консулдық мекемесiнiң лауазымды адамы нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн консулдық алымдардың тарифiмен  белгiленетiн алым алады. V095680
       5. Жеке және заңды тұлғалар үшiн заңдарда көзделген нотариаттық iс-әрекеттерге ақы төлеу жөнiндегi жеңiлдiктер бұл адамдарға жеке практикамен айналысатын нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде де қолданылады.
      6. Нотариаттық iс-әрекет жасау үшiн нотариус өзiнiң жұмыс орнынан тыс жерге барған жағдайда мүдделi адамдар оған нақты көлiк шығыстарын өтейдi.
      7. <*>
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 , 2003.05.05. N 408 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

   5-тарау. Нотариустың қызметiн бақылау. Әдiлет органдарының
нотариатты реттеу саласындағы құзыретi

      31-бап. Нотариустың қызметiн бақылау

      1. Жасалған нотариаттық iс-әрекеттердiң заңдылығын және мемлекеттiк нотариустың және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының лауазымды адамдарының iс жүргiзу ережелерiн сақтауын бақылауды аумақтық әдiлет органы жүзеге асырады.
      2. Жеке практикамен айналысатын нотариустың жасаған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң заңдылығын және iс жүргiзу ережелерiн сақтауын бақылауды аумақтық әдiлет органы мен нотариат палатасы жүзеге асырады.
      Бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi Республикалық нотариаттық палатамен бiрлесiп белгiлейдi .
      3. Нотариустың және аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерi аппараттарының лауазымды адамдарының салық заңдарын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасы салық қызметiнiң органдары жүзеге асырады.
      4. Әдiлет органы мен нотариаттық палатаның лауазымды адамдары нотариус қызметiн тексеру кезiнде мәлiм болған нотариаттық iс-әрекеттер жасау құпиясын сақтауға мiндеттi. Құпияны жария еткенi және нотариусқа келтiрген зияны үшiн бұл адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
      5. Нотариаттық қызметтi жүзеге асыруға кiрiскен жекеше нотариустың жұмысын тексеру ол нотариаттық iс-әрекеттi жүзеге асыра бастағаннан кейiн кем дегенде алты айдан кейiн және бiр жылдан кешiктiрiлмей жүргiзiледi және одан кейiн әрi кеткенде жылына бiр рет жүргiзiледi.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       32-бап. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң
               нотариатты реттеу саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi:
      1) аумақтық әдiлет органдарының нотариустардың халыққа құқықтық қызмет көрсету саласындағы заңдылықты ұйымдастыру мен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiне басшылықты, оны үйлестiрудi және бақылауды жүзеге асырады;
      2) нотариустардың Нотариаттық iс-әрекеттердi жасау тәртiбi туралы нұсқаулық әзiрлейдi және бекiтедi;
      3) Қазақстан Республикасының архивтер және құжаттаманы басқарушы уәкiлеттi мемлекеттiк органымен келiсу арқылы нотариаттық iс жүргiзу жөнiнде нұсқаулық әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамдарын аттестациялау туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
      5) Нотариустардың сынақтан өтушiлерi туралы ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
      6) Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттiк тiзiлiмi туралы ереженi әзiрлеп, бекiтедi;
      7) Жекеше нотариустарды есеп алып тiркеу тәртiбi туралы  ереже әзiрлейдi және бекiтедi;
      7-1) әрбiр нотариаттық округ бойынша нотариустардың санын бекiтедi;
      8) нотариат мәселелерi бойынша әдiстемелiк, нұсқамалық және түсiндiрмелiк материалдар әзiрлейдi;
      9) нотариустардың қызметiн лицензиялайды;
      10) Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi және лицензия берiлген адамдар туралы мәлiметтердi ведомстволық баспа басылымында жариялайды;
      11) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензияны тоқтата тұру және оның күшiн тоқтату туралы шешiм қабылдайды, сондай-ақ нотариустарды лицензияларынан айыру туралы талаптарға бастамашылық етедi;
      12) нотариаттық iс-әрекеттердi, нотариаттық куәлiктер мен қаулыларды, мәмiлелердегi және нотариустар куәландыратын құжаттардағы куәландыру жазбаларын тiркеу тiзiлiмдерiнiң нысанын белгiлейдi;
      13) жеке практикамен айналысатын нотариустардың аттестациядан өту тәртiбiн бекiтедi;
      14) Республикалық нотариаттық палатаның келiсiмi бойынша нотариустардың қызметiн бақылау тәртiбiн бекiтедi;
      15) кадрлық резерв және нотариустың бос лауазымына орналасуға конкурс өткiзу туралы ереженi бекiтедi;
      16) осы Заңға сәйкес өз құзыретi шегiнде нотариаттық қызметтi реттеудi жүзеге асырады.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       33-бап. Аумақтық әдiлет органының нотариатты реттеу
               саласындағы құзыретi

      1. Аумақтық әдiлет органы:
      1) мемлекеттiк нотариаттық кеңселердi ашады және таратады;
      2) азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттiк нотариустардың қызметтiк iс-әрекеттерiне өтiнiштерiн қарайды;
      2-1) жекеше нотариустардың осы Заңның 16-бабының талаптарын сақтауын бақылауды ұйымдастырады және өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтарған және жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де талаптарын бұзған жекеше нотариустарға шаралар қолданады;
      3) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын лауазымды адамдарына әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
      4) мемлекеттiк нотариустар және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының лауазымды адамдары жасаған нотариаттық iс-әрекеттердiң заңдылығын және олардың iс жүргiзуiнiң жай-күйiн бақылауды жүзеге асырады;
      5) нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру, керi қайтарып алу және тоқтату туралы ұсыныстар енгiзедi;
      6) жекеше нотариусты жауапқа тарту туралы нотариаттық палатаға ұсыныс енгiзедi;
      7) жекеше нотариустардың келу сипатындағы есептiлiк тiркеуiн жүргізеді;
      8) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес нотариустардың жеке мөрлерiн жасауға тапсырысты жүзеге асырады және оларды бередi;
      9) халыққа мемлекеттiк және жекеше нотариустардың қызмет ету аумағы туралы ұдайы хабарлап отырады;
      10) нотариаттық iс-әрекет жасауға уәкiлеттi аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының лауазымды адамдарын аттестациялауды жүргiзедi;
      11) осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк нотариатты оңтайландыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
      2. Аумақтық әдiлет органы нотариаттық палатамен бiрлесiп:
      1) нотариаттық округтегi жекеше нотариустардың қызмет аумағын белгiлейдi;
      2) Әдiлет министрлiгiне бекiтуге нотариаттық округтегi нотариустардың саны туралы ұсыныс енгiзедi;
      3) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған адамдардың резервiн қалыптастырады және жекеше нотариустың бос орнына орналасу үшiн конкурстық iрiктеудi жүргiзедi; резервтi қалыптастыруға арналған құжаттар нотариаттық палатаға ұсынылады және сонда сақталады;
      4) нотариаттық округте нотариустар уақытша болмаған жағдайда нотариаттық iс-әрекеттер жасауды ұйымдастырады;
      5) нотариустарға әдiстемелiк және практикалық көмек көрсетедi;
      6) нотариаттық практиканы қорытады;
      7) азаматтар мен заңды тұлғалардың жекеше нотариустардың iс-әрекеттерiне өтiнiштерiн қарайды;
      8) жеке практикамен айналысатын нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттердiң заңдылығына және оның iс жүргiзу ережелерiн сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады;
      9) нотариаттық қызметтi жүзеге асыратын жекеше нотариустарға аттестаттау жүргiзедi;
      10) тиiстi нотариаттық округте қызметi тоқтатылған нотариустың жеке мөрiн жою және құжаттарын басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық мұрағатқа беру жөнiндегi, сондай-ақ егер нотариус лицензиясының күшi тоқтатылған жағдайда лицензиарға беру үшiн лицензияны алып қою жөнiнде шаралар қабылдайды.
      Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 , бапқа өзгеріс енгізілді - 2003.06.11. N 437 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

2 Бөлiм
Нотариаттық iс-әрекеттер және оларды жасау ережелерi

6-тарау. Нотариус пен уәкiлеттi лауазымды адамдар жасайтын
нотариаттық iс-әрекеттер

      34-бап. Нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер

      1. Нотариус мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасайды:
      1) мәмiлелердi куәландырады;
      2) шаруашылық серiктестiктерiнiң құрылтай құжаттарын куәландырады;
      3) мұраға сенiмгерлiк басқарушыны тағайындайды;
      4) мұраға құқық туралы куәлiктер бередi;
      5) ерлi-зайыптылардың және ортақ бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар өзге адамдардың ортақ мүлiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiктер бередi;
      6) мүлiктi иелiктен алуға тыйым салады және салынған тыйымды алып тастайды;
      7) құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландырады;
      8) құжаттарға қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;
      9) құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге дұрыс аударылғанын куәландырады;
      10) азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады;
      11) азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады;
      12) құжаттардың берiлген уақытын куәландырады;
      13) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға бередi;
      14) ақшаны депозитке қабылдайды;
      15) <*>
      16) вексель наразылықтарын жасайды;
      17) сақтауға құжаттар және бағалы қағаздар қабылдайды;
      18) теңiз наразылықтарын жасайды;
      19) дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
      2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде нотариус жасайтын өзге де нотариаттық iс-әрекеттер көзделуi мүмкiн.
      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 , 2000.03.29. N 42 , 2003.05.05. N 408 Заңдарымен.

      35-бап. Аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың
              (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi
              аппаратының лауазымды адамы жасайтын нотариаттық
              iс-әрекеттер

      1. Елдi мекенде нотариус болмаған жағдайда аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi аппаратының нотариаттық iс-әрекеттердi жасауға уәкiлеттi лауазымды адамы мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасайды:
      1) өсиеттердi куәландырады;
      2) сенiмхаттарды куәландырады;
      3) құжаттар көшiрмелерiнiң және олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландырады;
      4) өтiнiштерге қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;
      5) <*>
      2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жергiлiктi атқарушы органның лауазымды адамдары жасайтын өзге де нотариаттық iс-әрекеттер көзделуi мүмкiн.
      Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

      36-бап. Консулдық қызметтi жүзеге асыратын адамдар
               жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер

      1. Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызметтi жүзеге асыратын лауазымды адам мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасайды:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлiктi иелiктен алу туралы шарттардан басқа мәмiлелердi куәландырады;
      2) <*>
      3) мұраға құқық туралы куәлiктер бередi;
      4) ерлi-зайыптылар мен ортақ бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар өзге де адамдардың ортақ мүлiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiктер бередi;
      5) құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын куәландырады;
      6) құжаттарға қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады;
      7) құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге аудармасының дұрыстығын куәландырады;
      8) азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады;
      9) азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады;
      10) құжаттар берiлген уақытты куәландырады;
      11) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға бередi;
      12) ақшаны депозитке қабылдайды;
      13) <*>
      14) сақтауға құжаттар және бағалы қағаздар қабылдайды;
      15) теңiз наразылықтарын жасайды;
      16) дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
      2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде консулдық қызметтi жүзеге асыратын лауазымды адам жасайтын өзге де нотариаттық iс-әрекеттер көзделуi мүмкiн.
      Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 , 2000.03.29. N 42 , 2003.05.05. N 408 Заңдарымен.

      37-бап. Нотариаттық түрде куәландырылған құжаттарға
               теңестiрiлген өсиеттер мен сенiмхаттарды
               лауазымды адамдардың куәландыруы

      Нотариаттық куәландырылған құжаттарға мыналар теңестiрiледi:
      1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектер үйлерiнде тұрып жатқан азаматтардың, осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектер үйлерiнiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
      2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медициналық жағынан орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;
      3) әскери қызметшiлердiң, ал нотариустары мен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан пункттерiнде, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң осы бөлiмдер, құрамалар, мекемелер мен орындардың командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;
      4) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;
      5) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының туы астында жүзiп жүрген теңiз мекемелерiнде немесе iшкi суларда жүзiп жүрген кемелердегi азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi;
      6) барлау және басқа да экспедицияларда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi;
      7) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiнде тұрып жатқан кәмелетке толған жастағы iс-әрекет қабiлетi бар азаматтардың осы мекемелердiң немесе халықты әлеуметтiк қорғаудың тиiстi органының басшысы куәландырған сенiмхаттары.
      Осы бапта көзделген өсиеттерге өсиетке ол да қол қоятын куәнiң қатысуымен өсиет қалдырушы қол қоюға тиiс.
      Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

       38-бап. Лауазымды адамдар куәландырған өсиеттердi
               нотариусқа беру

      1. Осы Заңның 37-бабында аталған лауазымды адамдар өсиеттi куәландырған күннен бастап он күн iшiнде, ал егер бұл дәлелдi себептермен мүмкiн болмаса, мұндай мүмкiндiк пайда болысымен куәландырған өсиеттiң бiр данасын өсиет қалдырушының тұрғылықты жерiндегi нотариусқа сақтауға дереу беруге мiндеттi.
      2. Егер өсиет қалдырушының Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе оның тұратын жерi белгiсiз болса, өсиет Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлейтiн нотариусқа жiберiледi.
      3. Нотариус сақтауға келiп түскен өсиеттi тексеруге және оның заңға сәйкес келмейтiндiгi анықталған жағдайда, тиiстi дәрежеде ресiмдеу үшiн өсиет қалдырушыға және өсиеттi куәландырған лауазымды адамға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
      4. Куәландырған өсиеттердiң уақтылы берiлмеуi салдарынан мұрагерге (мұрагерлерге) келтiрiлген шығын үшiн лауазымды адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

7-тарау. Нотариаттық iс-әрекеттер жасаудың негiзгi ережелерi

      39-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасау тәртiбi

      Нотариаттық iс-әрекеттер жасау тәртiбi осы Заңмен, басқа да заң актiлерiмен және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариустардың нотариаттық iс-әрекеттер жасау тәртiбi туралы нұсқаулықпен белгiленедi.

      40-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасау мерзiмдерi

      Нотариаттық iс-әрекеттер бұл үшiн барлық қажеттi құжаттар табыс етiлiп, мемлекеттiк нотариус немесе осы Заң арқылы нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлдiк берiлген адамдар нотариаттық iс-әрекеттер жасаған жағдайда мемлекеттiк баж төлеген не жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекеттерiне ақы төленген күнi жасалады.

      41-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасауды кейiнге
               қалдырудың және тоқтата тұрудың негiздерi
               мен мерзiмдерi

      1. Нотариаттық iс-әрекеттер жасау мынадай негiздер бойынша:
      1) жеке және заңды тұлғалардан қосымша мәлiметтердi талап ету қажет болуына;
      2) құжаттардың сараптамаға жiберiлуi негiзiнде кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
      2. Нотариаттық iс-әрекет жасауды кейiнге қалдыру мерзiмi нотариаттық iс-әрекет жасауды кейiнге қалдыру туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр айдан аспауы керек.
      3. Басқа бiр мүдделi адам куәландырмақшы болған құқықты немесе фактінi сотта даулаушы мүдделi адамның өтiнiшi бойынша нотариаттық iс-әрекет жасау он күннен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Егер осы мерзiм iшiнде соттан өтiнiштiң түскенi туралы хабар алынбаса, нотариаттық iс-әрекет жасалуға тиiс.
      4. Басқа бiр мүдделi адам куәландыруды өтiнген құқықпен фактiнi даулаушы мүдделi адамның өтiнiшi түскенi туралы соттан хабар алынған жағдайда, нотариаттық iс-әрекет жасау сот iстi шешкенге дейiн тоқтатыла тұрады.

      42-бап. Нотариаттық iс-әрекеттi жасауды өтiнген адамның
               жеке басын анықтау

      1. Нотариус немесе лауазымды адам нотариаттық iс-әрекет жасаған кезде нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген азаматтың, оның өкiлiнiң немесе заңды тұлға өкiлiнiң жеке басын анықтайды.
      2. Адамның жеке басын анықтау нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген азаматтың жеке куәлiгi немесе паспорты негiзiнде жүргiзiледi.

      43-бап. Мәмiлелерге қатысушы жеке адамдардың iс-әрекетке
               қабiлеттiлiгi мен заңды тұлғалардың құқықтық
               қабiлеттiлiгiн анықтау

      Мәмiлелердi куәландырған кезде азаматтардың iс-әрекетке қабiлеттiлiгi анықталады және нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде мәмiлелерге қатысушы заңды тұлғалардың құқықтық қабiлеттiлiгi тексерiледi. Мәмiле өкiлдер арқылы жасалған жағдайда олардың өкiлеттiгi тексерiледi.

      44-бап. Нотариаттық құжаттарға қол қою тәртiбi

      1. Нотариат куәландырған құжаттың мазмұны қатысушылардың қалауы бойынша дауыстап оқылуы мүмкiн.
      2. Қатысушылар нотариус куәландырған мәмiлелерге, өтiнiштер мен басқа құжаттарға нотариустың қатысуымен қол қояды.
      3. Егер азамат дене кемiстiгi, ауруы немесе әлде бiр өзге себептер салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша және оның қатысуымен, сондай-ақ нотариустың қатысуымен нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген азаматтың құжатқа өзi қол қоя алмау себептерi көрсетiле отырып, мәмiлеге, өтiнiшке немесе өзге де құжатқа басқа азамат қол қоя алады.

      45-бап. Куәландырылатын мәмiлелер мен айғақталатын
               құжаттардың мәтiндерiне қойылатын талаптар

      1. Нотариаттық куәландырылған мәмiленiң мәтiнi анық және түсiнiктi жазылуға немесе басылуға, мәмiленiң мазмұнына қатысты сандар мен мерзiмдер ең болмағанда бiр рет сөздермен, ал заңды тұлғалардың атаулары қысқартусыз, олардың тұрған жерi көрсетiле отырып жазылуға тиiс. Азаматтардың тектерi, аттары мен әкесiнiң аттары, олардың тұратын мекен-жайлары толық жазылуға тиiс.
      2. Өшiрiп тасталған, қосылып жазылған, сызылған сөздерi немесе басқа да келiсiлмеген түзетулерi бар мәмiлелердiң мәтiнiн куәландыруға немесе құжаттарды, сондай-ақ қарындашпен жазылған құжаттарды куәландыруға болмайды.
      3. Көлемi бiр парақтан асатын құжатта парақтар тiгiлген, бауланған және мөрмен бекiтiлген болуға тиiс.

      46-бап. Нотариаттық iс-әрекет жасау құқығын шектеу

      1. Нотариус пен аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi аппаратының лауазымды адамдарының өз атына және өз атынан, өз жұбайының, оның және өз туыстарының (ата-аналары, балалары, аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi, немерелерi, атасы, әжесi) атына және олардың атынан нотариаттық iс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
      2. Аталған реттердегi нотариаттық iс-әрекеттердi кез келген басқа нотариус жасайды.
      3. Осы баппен белгiленген ережелердi бұза отырып жасалған нотариаттық iс-әрекеттер жарамсыз болып табылады.
      Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       47-бап. Куәландыратын жазбалар жасау, куәлiктер беру
               және қаулылар шығару

      1. Куәландырушы жазбалар мәмiлелердi куәландыру және нотариаттық куәландырылған құжаттардың дубликаттарын беру, құжаттардың көшiрмелерi мен олардан жасалған үзiндiлердiң дұрыстығын, құжаттардағы қойылған қолдардың түпнұсқалығын, құжаттардың бiр тiлден екiншi тiлге аударылуының дұрыстығын растау кезiнде, тиiстi құжаттарда құжаттардың көрсетiлген уақытын куәландыру кезiнде жасалады.
      2. Мұраға алу құқығын, меншiк құқығын, азаматтың тiрi екендiгi және белгiлi бiр орында болуы фактiлерiн, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiшiн басқа және жеке заңды тұлғаларға берудi куәландыру, құжаттарды сақтауға қабылдауды растау үшiн тиiстi куәлiктер берiледi.
      3. Мұраға сенiмгерлiк басқарушы тағайындалған кезде нотариус тиiстi қаулы шығарады.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      48-бап. Нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тарту

      1. Егер:
      1) мұндай iс-әрекет жасау заңдарға қайшы келсе;
      2) iс-әрекеттi басқа нотариус жасауға тиiс болса;
      3) нотариаттық iс-әрекет жасау жөнiнде қабiлетсiз азамат немесе қажеттi өкiлеттiгi жоқ өкіл өтiнiш жасаса;
      4) заңды тұлға атынан жасалатын мәмiле оның жарғысында немесе ережесiнде көрсетiлген мақсаттарға қайшы келсе;
      5) мәмiле заңдар талаптарына сәйкес келмесе;
      6) нотариаттық iс-әрекет жасау үшiн табыс етiлген құжаттар заң талаптарына сәйкес келмесе, нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартылуы мүмкiн.
      2. Нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген адамға бас тартылған жағдайда, нотариус ол нотариаттық iс-әрекет жасатуға өтiнiш берген күннен бастап, он күннiң iшiнде жазбаша түрде бас тарту себебi көрсетiлген дәлелдi қаулыны бередi.
      3. Нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартуға немесе нотариаттық iс-әрекеттiң дұрыс жасалмағаны үшiн сот тәртiбiмен шағымдануға болады.
      Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      49-бап. Нотариаттық iс-әрекеттердi тiркеу

      Нотариус және осы Заңның 34-36-баптарында аталған лауазымды адамдар жасаған барлық нотариаттық iс-әрекеттер тiзiлiмге тiркеледi.

      50-бап. Нотариаттық iс-әрекеттердi, нотариаттық
               куәлiктердi, куәландыратын жазбаларды тiркеу
               тiзiлiмдерiнiң нысаны

      Нотариаттық iс-әрекеттердi, нотариаттық куәлiктердi және қаулыларды, мәмiлелер мен куәландырылған құжаттардағы куәландыру жазбаларын тiркейтiн тiзiлiмдердiң нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлейдi .
      Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      51-бап. Нотариаттық куәландырылған құжаттың дубликатын
               беру

      1. Бiр данасы нотариаттық кеңсе iстерiнде немесе нотариуста сақталатын құжат жоғалған жағдайда, өз аттарынан немесе солардың тапсырмасы бойынша нотариаттық iс-әрекеттер жасалған азаматтардың, заңды тұлғалар өкiлдерiнiң жазбаша өтiнiштерi бойынша оларға жоғалған құжаттың дубликаты берiледi.
      2. Құжаттың дубликатын беру осы Заңның 3-бабының талаптары сақтала отырып жүргiзiледi.

8-тарау. Мәмiлелердi куәландыру

      52-бап. Нотариаттық тәртiппен куәландырылатын мәмiлелер

      Нотариус заңдармен мiндеттi нотариаттық куәландыру белгiленген мәмiлелердi куәландырады. Тараптардың тiлегi бойынша нотариус басқа мәмiлелердi де куәландыра алады.

      53-бап. Мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын
               тараптарға түсiндiру

      Нотариус пен нотариаттық iс-әрекет жасаушы лауазымды адамдар тараптарға, олар табыс еткен мәмiле жобасының мазмұны мен мағынасын түсiндiруге және оның мазмұны тараптардың шын ниеттерiне сәйкес келетiнiн және заң талаптарына қайшы келмейтiнiн тексеруге мiндеттi.

      54-бап. Тiркелуге жататын мүлiктi иелiктен алу және
               кепiлге салу туралы шарттарды куәландыру

      1. Тiркелуге жататын мүлiктi иелiктен алу және кепiлге салу туралы шарттар иелiктен алынатын немесе кепiлге салынатын мүлiкке деген меншiк құқықтарын растайтын құжаттарды көрсеткен жағдайда куәландырылуы мүмкiн.
      2. Тiркелуге жататын жылжымайтын мүлiктi иелiктен алу мен кепiлге салу шартын куәландыру сол мүлiк тұрған жерде жасалады.
      Ескерту. 54-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      55-бап. Тұрғын үй құрылысы туралы шартты куәландыру

      Ескерту. 55-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

       56-бап. Өсиеттердi куәландыру

      1. Нотариус пен нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы басқа да лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес iс-әрекетке қабiлеттi азаматтар жасаған және олардың өздерi нотариусқа табыс еткен өсиеттердi куәландырады. Өсиеттердi өкiлдер арқылы куәландыруға жол берiлмейдi.
      2. Өсиеттердi куәландырған кезде өсиет қалдырушыдан өсиетке қалдырылатын мүлiкке оның меншiк құқығын растайтын дәлелдемелер тапсыру талап етiлмейдi.

      57-бап. Өсиеттердi өзгерту және күшiн жою тәртiбi

      Нотариус және нотариаттық iс-әрекеттер жасайтын басқа да лауазымды адамдар өсиеттiң күшiн жою туралы хабарлама алған, сол сияқты бұрын жасалған өсиеттiң күшiн жоятын немесе өзгертетiн жаңа өсиет алған жағдайда, өсиеттiң нотариуста сақталған данасы мен нотариаттық iс-әрекеттердi тiркеу тiзiлiмiне бұл туралы белгi соғады. Өсиеттiң күшiн жою немесе өзгерту туралы хабарламаны нотариат куәландыруға тиiс.

      58-бап. Сенiмхаттарды куәландыру

      1. Нотариус пен нотариаттық iс-әрекеттер жасаушы лауазымды адамдар бiр немесе бiрнеше адамның атынан бiр немесе бiрнеше адамдардың атына сенiмхаттарды куәландырады.
      2. Қайта сенiм бiлдiру тәртiбiмен берiлетiн сенiмхат қайта сенiм бiлдiру құқығы сөз болған негiзгi сенiмхатты табыс ету бойынша нотариаттық куәландырылуға тиiс. Қайта сенiм бiлдiру тәртiбiмен берiлген сенiмхаттың мазмұнында негiзгi сенiмхат бойынша берiлген құқықтан артық құқық болмауға тиiс. Қайта сенiм бiлдiру тәртiбiмен берiлген сенiмхаттың қолданылу мерзiмi оның берiлуiне негiз болған сенiмхаттың қолданылу мерзiмiнен аспауы керек.

      59-бап. Мәмiленiң мазмұны баяндалатын құжат даналарының
               саны

      Мәмiленiң мазмұны баяндалып, нотариаттық тәртiппен куәландыратын құжаттар даналарының санын нотариаттық iс-әрекет жасауды өтiнген адамдар анықтайды, бiрақ олардың саны екi данадан кем болмауға тиiс, олардың бiреуi нотариаттық кеңсенiң iстерiнде нотариуста қалады.

9-тарау. Мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк беру

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      60-бап. Ашылған мұра жөнiнде мұрагерлерге хабарлау

      1. Ашылған мұра туралы хабарлама алған нотариус тұратын жерi немесе жұмыс орны өзiне белгiлi мұрагерлердi бұл туралы хабардар етуге мiндеттi.
      2. Егер мұрагерлердiң тұрған жерi немесе жұмыс орны белгiсiз болса, нотариус мұраның ашылғандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлама бере алады.

      61-бап. Мұрадан бас тарту немесе оған құқық туралы
               куәлiк беру туралы өтiнiштердi қабылдау

      Нотариус мұра ашылған орын бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мұрагердiң мұрадан бac тартуы немесе оған құқық туралы куәлiк беру туралы өтiнiштi жазбаша нысанда қабылдайды.
      Ескерту. 61-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      62-68-баптар.

     Ескерту. 62-68-баптар алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      69-бап. Мұраға құқық туралы куәлiк беру орны мен мерзiмi

      1. Мұрагерлердiң жазбаша өтiнiшi бойынша мұра ашылған жердегi нотариус мұраға құқық туралы куәлiк бередi.
      2. Мұраға құқық туралы куәлiк беру Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiнде көзделген мерзiмде жүргiзiледi.

      70-бап. Мұраға құқық туралы куәлiк беру тәртiбi

      1. Мұраға құқық туралы куәлiк Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормаларына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлерге берiледi.
      2. алып тасталды
      3. Мұраға құқық туралы куәлiк барлық мұрагерлерге, олардың қалауларына қарай, бiрге немесе әрқайсысына жеке-жеке берiледi.
      4. Нотариус қорғаншылықта немесе қамқоршылықта жүрген, кәмелетке толмаған немесе iс-әрекетке қабiлетсiз мұрагердiң атына мұраға құқық туралы куәлiк берiлгенi жөнiнде оның мүлiктiк мүддесiн қорғау үшiн мұрагердiң тұрған жерiндегi қорғаншылық және қамқоршылық органдарына хабарлайды.
      5. Мұраға құқық бойынша мүлiк мемлекетке өткен жағдайда мұраға құқық туралы куәлiк уәкiлеттi мемлекеттiк органға берiледi.
      6. Мұрагерлiк құқық бойынша мемлекеттiк меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүргiзедi.
      Мұрагерлiк құқық бойынша мемлекеттiк меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .
      Ескерту. 70-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 , 2003.05.05. N 408 , 2006.06.22. N 147 Заңдарымен.

      71-бап. Заң бойынша мұраға құқық туралы куәлiктi беру
               шарттары

      1. Нотариус заң бойынша мұраға құқық туралы куәлiк берген кезде тиiстi айғақтарды талап ету арқылы мұра қалдырушының қайтыс болу фактiсiн, мұраның ашылған уақыты мен жерiн, мұраға құқық туралы куәлiктiң берiлуi жөнiнде өтiнiш берушi адамдарды заң бойынша мұраны иелену үшiн негiз болып табылатын қатынастардың болуын, мұралық мүлiктiң құрамы мен тұрған орнын тексередi.
      2. Егер заң бойынша бiр немесе бiрнеше мұрагердiң мұраны иеленуге тарту үшiн негiз болып табылатын айғақтарды табыс етуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, олар мұраны қабылдаған және мұндай айғақтарды табыс еткен басқа мұрагерлердiң бәрiнiң келiсiмiмен мұраға құқық туралы куәлiкке енгiзiлуi мүмкiн.

      72-бап. Өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлiк беру
               шарттары

      1. Нотариус өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлiк берген кезде тиiстi айғақтарды талап ету арқылы мұра қалдырушының қайтыс болу фактiсiн, өсиеттiң бар-жоғын, мұраның ашылған уақыты мен орнын, мұралық мүлiктiң құрамын және тұрған орнын тексередi.
      2. Нотариус сонымен бiрге мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы бар адамдар тобын анықтайды.

10-тарау. Ортақ бiрлескен мүлiктегi үлеске меншiк құқығы
туралы куәлiктер беру. Мүлiктi иелiктен алуға тыйым салу және
оны алып тастау

      73-бап. Ортақ бiрлескен меншiк үлесiне меншiк құқығы
               туралы куәлiк беру

      1. Нотариус бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар адамдардың бiрлескен жазбаша өтiнiшi бойынша ортақ мүлiктегi үлесiн алуға тiлек бiлдiрген адамға немесе адамдарға осындай үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк бередi.
      2. Ортақ меншiктегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк осы мүлiк орналасқан жерде берiледi.

      74-бап. Көзi тiрi жұбайының өтiнiшiмен
               ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске
               меншiк құқығы туралы куәлiк беру

      1. Ерлi-зайыптылардың бiрi қайтыс болған жағдайда, нотариус мұра ашылған жерде көзi тiрi жұбайының жазбаша өтiнiшi бойынша мұраны қабылдаған мұрагерлердi хабардар ете отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк бередi.
      2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске меншiк құқығы туралы куәлiк көзi тiрi жұбайына олардың некеде тұрған кезiнде жинаған ортақ мүлкiнiң жартысына, егер неке келiсiм-шартында өзгеше белгiленбесе, берiлуi мүмкiн.
      3. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi өлген жұбайының үлесiне меншiк құқығы туралы куәлiк өлген жұбайдың мұрагерлерiне олардың өтiнiшi бойынша берiлуi мүмкiн.

      75-бап. Мүлiктi иелiктен алуға тыйым салу және оны алып
               тастау

      1. Құрылысқа, күрделi жөндеуге, үй, пәтер сатып алуға немесе басқа да жылжымайтын және жылжымалы мүлiктi сатып алу үшiн қарыз беру туралы банк мекемелерiнiң немесе заңды тұлғаның хабарламасы бойынша, сондай-ақ кепiл беру туралы шартты ресiмдеу кезiнде, осы айтылған жылжымалы және жылжымайтын мүлiк тұрған жердегi нотариус бұл мүлiктi иелiктен айыруға тыйым салады.
      2. Мүлiктi иелiктен алуға тыйым салынғандығы туралы нотариус жазбаша түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi тiркеу органдарына хабарлайды.
      3. Алынған қарыздың қайтарылғаны немесе кепiл туралы шарттың тоқтатылғаны туралы банк мекемесiнен немесе заңды тұлғадан хабар алғаннан кейiн нотариус иелiктен айыруға тыйым салуды тоқтатады, бұл туралы жазбаша түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi тiркеу органдарына хабарлайды.

11-тарау. Құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған
үзiндiлердiң дұрыстығын, қойылған қолдардың түпнұсқалығын
және аударманың дұрыстығын куәландыру

      76-бап. Құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған
               үзiндiлердiң дұрыстығын куәландыру

      1. Нотариус немесе нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адам, заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтар берген құжаттардың көшiрмелерi мен олардан алынған үзiндiлердiң дұрыстығын, бұл құжаттар және олардың мазмұны заңдарға қайшы келмеген әрi заңдық маңызы болған жағдайда куәландырады.
      2. Үзiндi алынған құжатта бiр-бiрiмен байланысы жоқ бiрнеше жекелеген мәселенiң шешiмi болғанда ғана, одан алынған үзiндiнiң дұрыстығы куәландырылуы мүмкiн. Үзiндi құжаттың белгiлi бiр мәселе жөнiндегi бөлiгiнiң толық мәтiнiн қайтаруға тиiс.

      77-бап. Азамат берген құжат көшiрмесiнiң дұрыстығын
               куәландыру

      Нотариус азамат ұсынған құжат көшiрмесiнiң дұрыстығын, азаматтың құжатқа қойған қолының түпнұсқалығын нотариус немесе осы заңмен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адам растаған жағдайда ғана куәландырады.

      78-бап. Құжаттың көшiрмесiнен алынған көшiрменiң
               дұрыстығын куәландыру

      Нотариус құжаттың көшiрмесiнен алынған көшiрменiң дұрыстығын, осы көшiрме нотариаттық тәртiппен куәландырылған немесе түпнұсқаны құжат жасаған заңды тұлға берген жағдайда куәландырады. Соңғы жағдайда құжаттың көшiрмесi сол заңды тұлғаның бланкiсiнде жасалып, мөрмен бекiтiлуi және құжаттың түпнұсқасы заңды тұлғада екендiгi туралы белгiсi болуға тиiс.

      79-бап. Құжаттағы қойылған қолдың түпнұсқалығын
               куәландыру

      1. Нотариус мазмұны жағынан заң актiлерiне қайшы келмейтiн және мәмiленi баяндауды бiлдiрмейтiн құжаттағы қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландырады.
      2. Нотариус қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландыра отырып, құжатта жазылған фактiлердi куәландырмайды, белгiлi бiр адамның қол қойғанын ғана растайды.
      Ескерту. 79-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      80-бап. Аударымның дұрыстығын куәландыру

      1. Егер нотариус тиiстi тiлдердi бiлетiн болса, бiр тiлден екiншi тiлге аударылған аударымның дұрыстығын куәландырады.
      2. Егер нотариус тиiстi тiлдердi бiлмейтiн болса, аударманы аудармашы жасап, қойған қолының түпнұсқалығын нотариус куәландырады.

12-тарау. Фактiлердi куәландыру

      81-бап. Азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландыру

      1. Нотариус азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландырады.
      2. Кәмелетке толмаған азаматтың тiрi екендiгi фактiсiн куәландыру оның заңды өкiлдерiнiң (ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының, қамқоршыларының), сондай-ақ кәмелетке толмаған азаматты қорғаншылыққа алған мекемелер мен ұйымдардың өтiнiшi бойынша жүргiзiледi. Мүдделi адамдарға аталған фактiнi растап куәлiк берiледi.

      82-бап. Азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн
               куәландыру

      1. Нотариус азаматтың өтiнiшi бойынша оның белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландырады.
      2. Кәмелетке толмаған азаматтың белгiлi бiр жерде болу фактiсiн куәландыру, оның заңды өкiлдерiнiң (ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының, қамқоршыларының), сондай-ақ кәмелетке толмаған азаматты қорғаншылыққа алған мекемелер мен ұйымдардың өтiнiшi бойынша жүргiзiледi. Мүдделi адамдарға аталған фактiнi растап куәлiк берiледi.

      83-бап. Құжаттардың көрсетiлген уақытын куәландыру

      Нотариус өзiне құжаттың көрсетiлген уақытын куәландырады. Бұл туралы куәландыру жазбасы құжатқа оны көрсеткен адамның тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып жазылады.

13-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқаға
беру. Ақшаны депозитке қабылдау

      Ескерту. 13-тараудың атауы өзгердi - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 Заңымен .

      84-бап. Өтiнiштердi беру

      1. Нотариус жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға берудi жеке қолхатпен немесе керi хабарламалы почта арқылы жүзеге асырады. Өтiнiштер телефаксты, компьютерлiк желiлердi және өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып та берiлуi мүмкiн.
      2. Өтiнiштердi беру үшiн техникалық құралдарды пайдалануға байланысты шығыстарды нотариаттық iс-әрекеттер жасауды өтiнген адам төлейдi.
      3. Өтiнiш берушi адамның сұрауы бойынша, оған өтiнiштiң берiлгенi туралы куәлiк берiледi.

      85-бап. Ақшаны депозитке қабылдау

      Ескерту. 85-баптың атауы өзгердi - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 Заңымен .

      1. Нотариус заңдарда көзделген жағдайларда борышкерден несие берушiге беру үшiн ақшаны депозитке қабылдайды.
      2. Нотариус ақшаның түскендiгi туралы несие берушiге хабарлайды және оның талап етуi бойынша оған тиесiлi ақшаны бередi.
      3. Ақшаны депозитке қабылдауды нотариус мiндеттемелер орындалатын жерде жүргiзедi.

      86-бап. Ақшаны депозитке салған адамға оларды қайтару

      Ескерту. 86-баптың атауы өзгердi - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 Заңымен .

      Ақшаны депозитке салған адамға оларды қайтарып беруге жарна пайдасына салынған адамның жазбаша келiсiмiмен немесе сот шешiмiмен ғана жол берiледi.

14-тарау. Вексель наразылығын жасау

      Ескерту. 14-тараудың атауы өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен .

      87-бап. <*>
      88-бап. <*>
      89-бап. <*>
      90-бап. <*>
      91-бап. <*>

      Ескерту. 87, 88, 89, 90, 91-баптар алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен .

      92-бап. Вексель наразылығы

      Төлемеу, акцепт еместiк және акцептiң күнi қойылмағаны жөнiнде вексель наразылығын нотариус Қазақстан Республикасының аударым және жай вексель туралы заңдарына сәйкес жүргiзедi.

15-тарау. Құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға қабылдау

      93-бап. Құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға
               қабылдау

      1. Нотариус тiзiмдеу бойынша құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға қабылдайды. Тiзiмнiң бiр данасы нотариуста қалдырылып, екiншi данасы құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға тапсырған адамға берiледi.
      2. Егер құжаттар және бағалы қағаздар тиiстi түрде буылып-түйiлсе, тапсырушы адамның өтiнiшiмен нотариус тiзiмдеусiз де қабылдай алады (буып-түю нотариустың мөрiмен расталады, нотариус пен құжаттарды және бағалы қағаздарды өткiзген адам қол қояды). Мұндай жағдайларда буып-түюдiң сақталуына нотариус жауап бередi.
      3. Құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға тапсырған адамға куәлiк берiледi.
      Ескерту. 15-тараудың атауы және 93-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 Заңымен .

      94-бап. Сақтауға қабылданған құжаттарды және бағалы
               қағаздарды қайтару

      Сақтауға қабылданған құжаттар және бағалы қағаздар оларды сақтауға тапсырған адамға немесе заңды түрде уәкiлеттi адамға куәлiктi және олардың тiзiмiн көрсеткенде не соттың шешiмi бойынша қайтарылып берiледi.
      Ескерту. 94-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.11.13. N 302 Заңымен .

16-тарау. Теңiз наразылықтарын жасау

      95-бап. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдеме

      1. Нотариус кеменiң жүзу немесе тоқтау кезеңiнде орын алған оқиғалар туралы кеме капитанының мәлiмдемесiн кеме иесiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн дәлелдемелердi қамтамасыз ету мақсатында қабылдайды, бұл мәлiмдеме кеме иесiне мүлiктiк талап қоюға негiз болуы мүмкiн.
      2. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдемеде оқиғаның мән-жайы мен өзiне сенiп тапсырылған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн капитанның қолданған шаралары көрiнiс табуға тиiс.
      3. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдемеде баяндалған мән-жайды растап, теңiз саудасын реттейтiн заңдарға сәйкес, кеме капитаны нотариусқа қарап шығу үшiн кеме журналын және кеме журналынан капитан куәландырған үзiндiнi мәлiмдемемен бiрге не портқа кiрген немесе, егер оқиға портта орын алса, ол болған кезден бастап жетi күннен кешiктiрмей ұсынуға мiндеттi.

      96-бап. Теңiз наразылығы туралы мәлiмдеменiң мерзiмдерi

      1. Теңiз саудасын реттейтiн заңдарға сәйкес теңiз наразылығы туралы мәлiмдеме кеме портқа кiрген кезден бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде берiледi.
      Егер теңiз наразылығын мәлiмдеудiң қажеттiгiн туғызған оқиға портта болса, наразылық оқиға болған сәттен бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде мәлiмделуге тиiс.
      2. Белгiленген мерзiм iшiнде наразылықты мәлiмдеу мүмкiн болмаған жағдайда, оның себептерi теңiз наразылығы туралы мәлiмдемеде көрсетiлуге тиiс.

      97-бап. Теңiз наразылығы туралы акт жасау

      Нотариус капитан мәлiмдемесiнiң, кеме журналы деректерiнiң, сондай-ақ капитанның өзiн және мүмкiндiгiнше кеменiң командалық құрамынан ең кемi екi куәнi және кеме командасынан екi куәнi сұрау негiзiнде теңiз наразылығы туралы акт жасайды, оған өзiнiң қолын қойып, мөрмен куәландырады. Теңiз наразылығы туралы актiнiң бiр данасы капитанға немесе уәкiлеттi адамға берiледi.

17-тарау. Дәлелдемелердi қамтамасыз ету

      98-бап. Сотта немесе басқа құзыреттi органда iс
               туындаған жағдайда дәлелдемелердi қамтамасыз ету

      1. Нотариус сотта немесе басқа құзыреттi органда iс туындаған жағдайда, егер кейiннен дәлелдемелердi табыс ету мүмкiн емес немесе қиын болады деп топшылауға негiз болса, мүдделi тұлғалардың өтiнiшi бойынша қажеттi дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.
      2. Нотариус мүдделi тұлғалар өзiне өтiнiш жасаған кезде соттың немесе басқа құзыреттi органның қарауында жатқан iс бойынша дәлелдемелердi қамтамасыз етпейдi.

      99-бап. Нотариустың дәлелдемелердi қамтамасыз ету
               жөнiндегi iс-әрекеттерi

      1. Дәлелдемелердi қамтамасыз ету тәртiбi бойынша нотариус азаматтарға сауалдар қояды, құжаттар мен заттарды қарайды, қажет болған жағдайда сараптама тағайындайды.
      2. Дәлелдемелердi қамтамасыз ету жөнiнде iс жүргiзу әрекеттерiн жасаған кезде нотариус Қазақстан Республикасы азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормаларын басшылыққа алады.
      3. Нотариус тараптар мен мүдделi адамдарға дәлелдемелердi қамтамасыз ету уақыты мен орны туралы хабарлайды, бiрақ олардың келмей қалуы дәлелдемелердi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-әрекеттi жасауға кедергi болып табылмайды.
      4. Тараптар мен мүдделi адамдардың бiреуiн хабардар етпей дәлелдемелердi қамтамасыз ету тек кейiнге қалдыруға немесе iске кейiннен кiмнiң қатысатынын анықтауға болмайтын жағдайларда ғана жүргiзiледi.
      5. Куә немесе сарапшы шақыру бойынша келмеген жағдайда, нотариус Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдану үшiн куәнiң немесе сарапшының тұрғылықты жерi бойынша сотқа бұл туралы хабарлайды.
      6. Нотариус азамат пен маманды көрiнеу жалған айғақ немесе қорытынды бергенi және айғақ немесе қорытынды беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн жауап беретiнi туралы ескертедi.

18-тарау. Нотариустың басқа мемлекеттердiң құқық нормаларын
қолдануы. Халықаралық шарттар

      100-бап. Нотариустың басқа мемлекеттердiң құқық
                нормаларын қолдануы

      1. Нотариус Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттердiң құқық нормалары негiзiнде нотариаттық iс-әрекет жасайды. V980564
      2. Нотариус Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес жасалған құжаттарды қабылдайды, сондай-ақ егер бұл Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделсе, басқа мемлекеттердiң заңдарында белгiленген нысанда куәландыру жазбаларын жазады.

      101-бап. Мұралық мүлiктi қорғау және мұраға құқық
                туралы куәлiк беру

      Шетелдiк азамат өлген соң Қазақстан Республикасының аумағында қалған мүлiктi немесе Қазақстан Республикасының азаматы өлген соң шетелдiк азаматқа тиесiлi мүлiктi қорғауға байланысты iс-әрекеттер, сондай-ақ мұраны сенiмгерлiк басқарушыны тағайындау және осындай мүлiкке қатысты мұраға құқық туралы куәлiк бepу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 101-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      102-бап. Нотариустың шетелде жасалған құжаттарды
                қабылдауы

      1. Нотариус басқа мемлекеттердiң құзыреттi органдары лауазымды адамдарының қатысуымен шетелде жасалған немесе солардан шығатын құжаттарды оларды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнiң органы заңдастырған жағдайда қабылдайды.
      2. Заңдастырылмаған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда ғана қабылданады.

      103-бап. Басқа мемлекеттер органдарында iс жүргiзуге
                қажеттi дәлелдемелердi қамтамасыз ету

      Нотариус басқа мемлекеттер органдарында iс жүргiзуге қажеттi дәлелдемелердi қамтамасыз етедi.

      104-бап. Халықаралық шарт

      1. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген нотариаттық iс-әрекеттерден өзгеше ережелер белгiленсе, нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарт Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген нотариаттық iс-әрекеттер жасауды нотариаттың құзыретiне жатқызса, нотариус нотариаттық iс-әрекеттi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген тәртiппен жүргiзедi.

      105-бап. Осы Заңның орындалуын қамтамасыз ету

      1. <*>
      2. <*>
      3. Нотариаттың ұйымдастырылуы мен қызметiн реттейтiн, қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлер 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн осы Заңмен сәйкес келтiрiлуге тиiс және осы мерзiм iшiнде оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
      4. Жеке нотариат практикасының дамуына қарай және Қазақстан Республикасының аудандары мен қалаларында осы Заңда белгiленген барлық нотариаттық iс-әрекеттердiң жасалуын қамтамасыз ететiн жекеше нотариустардың саны жеткiлiктi болған жағдайда аумақтық әдiлет органдары мемлекеттiк нотариат жүйесiн оңтайландыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 105-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.05. N 408 Заңымен .

      Қазақстан Республикасының
      Президентi