Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шартқа Қазақстан Республикасының қосылуы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылғы 15 мамыр N 104

Қолданыстағы

      1967 жылғы 27 қаңтарда Мәскеу, Вашингтон және Лондон қалаларында қол қойылған Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шартқа Қазақстан Республикасы қосылсын

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шарт

(1998 жылғы 11 маусымда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Шартқа қатысушы мемлекеттер, адамның ғарышқа енуi нәтижесiнде адамзаттың алдында ашылған ұлы перспективалармен рухнатып,
      бүкiл адамзаттың ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта зерттеу мен пайдалану прогресiне ортақ мүдделiлiгiн мойындап,
      ғарыш кеңiстiгiн зерттеу мен пайдалану экономикалық немесе ғылыми даму дәрежесiне қарамастан, бүкiл халықтың игiлiгiне бағытталуы керек екенiн ойлап,
      ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта зерттеу мен пайдаланудың ғылыми, сол сияқты әрi заңдық та аспектiлерiнде халықаралық ынтымақтастықтың кеңiнен дамуына жәрдемдесудi қалап,
      осындай ынтымақтастық мемлекеттер және халықтар арасындағы өзара түсiнiстiктiң дамуына және достық қатынастардың нығаюына жәрдемдеседi деп ойлап,
      "Мемлекеттердiң ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң құқықтық принциптерiнiң Декларациясы" деп аталған, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1963 жылғы 13 желтоқсанда бiрауыздан қабылдаған 1962 (XVIII) қарарды еске ала отырып,
      мемлекеттердi Жер айналасындағы орбитаға ядролық қару немесе халықты жаппай қырып-жоятын қарудың кез келген түрi бар кез келген объектiнi шығарудан немесе аспан денелерiне осындай қару орнатудан тартынуға шақыратын, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1963 жылғы 17 қазанда бiрауыздан қабылдаған 1884 (XVIII) қарарын еске ала отырып,
      бейбiтшiлiкке қауiп төндiрудi, бейбiтшiлiктi бұзуды, немесе агрессия актiн тудыру немесе күшейту мақсаты бар немесе оны жасауға қабiлеттi насихатты айыптайтын, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1947 жылғы 3 қарашадағы 110 (11) қарарын назарға алып және аталған қарар ғарыш кеңiстiгiне қолданылымды деп санап, мемлекеттердiң ғарыш кеңiстiгiн, Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiнiң принциптерi туралы шарт Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiн жүзеге асыруға жәрдемдеседi деген сенiмде болып,
      төмендегi туралы келiстi:

I бап

      Айды және басқа аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану олардың экономикалық және ғылыми даму дәрежесiне қарамастан, барлық елдiң мүддесi және игiлiгi үшiн жүзеге асырылады және бүкiл адамзаттың игiлiгi болып табылады.
      Айды және басқа аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгi, барлық мемлекеттермен ешқандай да кемсiтусiз, теңдiк негiзiнде және халықаралық құқыққа сәйкес, аспан денелерiнiң барлық аудандарына еркiн жетiп зерттеу мен пайдалануға ашық.
      Айды және басқа аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгi, ғылыми зерттеулер үшiн ашық және мемлекеттер осындай зерттеулердегi халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдеседi және қолдайды.

II бап

      Айды және басқа аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгi, оларға егемендiк жариялау жолымен де, пайдалану немесе басып алу жолымен де немесе кез келген басқа құралдармен де ұлттық иеленуге жатпайды.

III бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттер ғарыш кеңiстiгiн, соның iшiнде айды және басқа аспан денелерiн, зерттеу мен пайдалану жөнiндегi қызметтерiн халықаралық құқыққа, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қоса, сәйкес және халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қуаттау және халықаралық ынтымақтастық пен өзара түсiнiстiктi дамыту мүддесiнде жүзеге асырады.

IV бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттер Жер айналысындағы орбитаға ядролық қару немесе халықты жаппай қырып-жоятын қарудың кез келген түрi бар объектiнi шығармауға, мұндай қаруды аспан денелерiне орнатпауға және осындай қаруды ғарыш кеңiстiгiнде ешқандай өзгеше түрде орналастырмауға мiндеттенедi.
      Ай және басқа аспан денелерiн Шартқа қатысушы барлық мемлекеттер тек қана бейбiтшiлiк мақсатта пайдаланады. Аспан денелерiнде әскери базалар, ғимараттар мен бекiнiстер салуға, қарудың кез келген түрiн сынауға және әскери маневрлер өткiзуге тыйым салынады. Ғылыми зерттеулер үшiн немесе қандай да болмасын өзге бейбiтшiлiк мақсатта әскери қызметкердi пайдалануға тыйым салынбайды. Сондай-ақ Айды және басқа да аспан денелерiн бейбiт мақсатта зерттеу үшiн қажеттi кез келген жабдықтарды немесе құралдарды пайдалануға тыйым салынбайды.

V бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттер ғарышкерлерге адамзаттың ғарышқа жiберген елшiсi ретiнде қарайды және оларға авария, қасiрет немесе Шартқа қатысушы басқа мемлекеттер аумағына немесе ашық теңiзге шарасыздан қонған жағдайда барлық мүмкiн болған көмектi көрсетедi. Осындай, шарасыз қонған ғарышкерлер қауiпсiздiкте болуы тиiс және олардың ғарыш кемесi тiзiлiмге тiркелген мемлекетке шұғыл түрде қайтарылуы керек.
      Ғарыш кеңiстiгiнде, соның iшiнде және басқа да аспан денелерiнде қызметтi жүзеге асырғанда, Шартқа қатысушы мемлекеттiң бiреуiнiң ғарышкерлерi басқа Шартқа қатысушы мемлекеттiң ғарышкерлерiне мүмкiндiгiнше көмек көрсетедi.
      Шартқа қатысушы мемлекеттер Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiнде, ғарышкерлердiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiруi мүмкiн өздерi байқаған құбылыстар туралы Шарттың басқа қатысушы мемлекеттерiне немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына дереу хабарлайды.

VI бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттер Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiндегi, ұлттық қызметке оны үкiметтiк органдардың немесе үкiметтiк емес заңды тұлғалардың жүзеге асырғанына қарамастан және ұлттық қызмет осы Шарттың ережелерiне сәйкес жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге халықаралық жауапкершiлiкте болады. Үкiметтiк емес заңды тұлғалардың Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiндегi қызметi шартқа тиiстi қатысушы мемлекеттiң рұқсатымен және оның тұрақты бақылауымен жүргiзiлуi тиiс. Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiнде халықаралық ұйым әрекет еткен жағдайда, осы Шарттың орындалуына халықаралық ұйыммен бiрге оған қатысушы Шартқа қатысушы мемлекеттер де жауапкершiлiкте болады.

VII бап

      Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiне объект ұшыруды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын Шарттың әрбiр қатысушы мемлекетi, сондай-ақ аумағынан немесе құрылысынан объектiнi ұшыру жүргiзiлетiн Шарттың әрбiр қатысушы мемлекетi, Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, осы объектiлер немесе олардың құрамдас бөлiктерi Жерде, әуе немесе ғарыш кеңiстiгiнде Шарттың басқа қатысушы мемлекетiне, оның жеке немесе заңды тұлғасына келтiрiлген залал үшiн халықаралық жауапкершiлiкте болады.

VIII бап

      Тiзiлiмiне ғарыш кеңiстiгiне ұшырылған объект енгiзiлген Шартқа қатысушы мемлекет олардың ғарыш кеңiстiгiнде, соның iшiнде аспан денесiнде болған уақытында осындай объектiге және осы объектiнiң кез келген экипажына заңдық құқық пен бақылауын сақтайды. Ғарыш кеңiстiгiне ұшырылған ғарыш объектiсiне, аспан денесiне жеткiзiлген немесе сонда құрылған объектiлердi қоса алғанда және олардың құрамдас бөлiктерiне меншiк құқығы олар ғарыш кеңiстiгiнде немесе аспан денесiнде болған уақытысында немесе Жерге оралғаннан кейiн де қозғаусыз қалады. Тiзiлiмiне енгiзiлген Шартқа қатысушы мемлекеттiң шегiнен тысқарыда табылған мұндай объектiлер немесе олардың құрамдас бөлiктерi сол Шартқа қатысушы мемлекетке қайтарылуы тиiс; бұл ретте мұнда мемлекет талап ету бойынша айырым деректерiн табыс етуi тиiс.

IX бап

      Шартқа қатысушы мемлекеттер Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн, зерттеу және пайдалану кезiнде ынтымақтастық және өзара көмек принципiн басшылыққа алуы тиiс және Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, өзiнiң ғарыш кеңiстiгiндегi қызметiн Шарттың басқа қатысушы мемлекеттерiнiң тиiстi мүдделерiн ескерiп жүзеге асыруы керек. Шартқа қатысушы мемлекеттер Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерделеу мен зерттеудi оларды зиянды ластануына, сондай-ақ жерлiк емес заттың әкелiнуi салдарынан жер ортасының қолайсыз өзгеруiне жол бермейтiндей түрде жүзеге асырады және осы мақсатта қажет болған жағдайда тиiстi шаралар қабылдайды. Егер Шарттың қандай да болмасын атысушы мемлекетi Шартқа қатысушы шартқа мемлекеттiң немесе шартқа осы қатысушы мемлекеттiң азаматтары жоспарлаған қызметi немесе тәжiрибе жасауы Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, басқа Шартқа қатысушы мемлекеттiң ғарыш кеңiстiгiнiң, Айды және басқа аспан денелерiн қоса алғанда, бейбiт мақсатта зерттеу және пайдалану iсiндегi қызметiне әлеуеттi зиянды кедергi туғызады деп ойлауға негiзi болса, онда ол мұндай қызметке немесе тәжiрибе жасауға кiрiспей тұрып тиiстi халықаралық консультация өткiзуге тиiс. Шартқа басқа қатысушы мемлекет ғарыш кеңiстiгiнде, Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда жоспарланған қызметi немесе iсiне әлеуеттi зиянды кедергi туғызады деп ойлауға негiз бар Шартқа қатысушы мемлекет осы қызмет немесе тәжiрибе жасауға қатысты халықаралық консультация өткiзудi сұрай алады.

Х бап

      Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеуге және пайдалануға жәрдемдесу үшiн осы Шарттың мақсаттарына сәйкес Шартқа қатысушы мемлекеттер Шарттың басқа қатысушы мемлекеттерiнiң олардың ұшырған ғарыш объектiсiнiң ұшуын бақылауға мүмкiндiк беру туралы өтiнiштерiн тең негiзде қарайтын болады.
      Жоғарыда аталған мүмкiндiктi берудiң сипаты мен жағдайы мүдделi мемлекеттер арасындағы келiсiм бойынша айқындалады.

ХI бап

      Ғарыш кеңiстiгiн бейбiт зерттеу мен пайдалануда халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшiн Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiнде қызметтi жүзеге асыратын Шартқа қатысушы мемлекет барынша мүмкiн және практикалық жүзеге асырылымды дәрежеде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын, сондай-ақ жұртшылықты және халықаралық ғылыми қоғамдастықты осындай қызметтiң сипаты, барысы, орындары және нәтижелерi туралы хабардар етуге келiседi.

ХII бап

      Айдағы және басқа да аспан денелерiндегi станциялар құрылғылар, жабдықтар және ғарыш кемелерi шартқа басқа қатысушы мемлекеттердiң өкiлдерiне өзаралық негiзiнде ашық. Бұл өкiлдер тиiстi консультациялар жүргiзу мен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн және баруға жататын құрылғыдағы қалыпты операцияларға кедергi жасауды болдырмауға барынша сақтық шараларын қабылдау үшiн жобаланған бару туралы күнi бұрын хабарлайды.

ХIII бап

      Осы Шарттың ережелерi Шартқа қатысушы мемлекеттердiң Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiне қатысты, мұндай қызмет Шартқа бiр қатысушы мемлекетпен немесе басқа мемлекеттермен бiрлесiп, соның iшiнде халықаралық үкiметаралық ұйым шеңберiнде жүзеге асырғанына тәуелсiз қолданылады.
      Халықаралық үкiметаралық ұйымның Айды және басқа да аспан денелерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстігiн зерттеу және пайдалану жөнiндегi қызметiне байланысты пайда болуы мүмкiн практикалық мәселелерiн Шартқа қатысушы мемлекеттер немесе тиiстi халықаралық ұйым немесе осы Шарттың қатысушысы болып табылатын осы халықаралық ұйымның бiр немесе бiрнеше мүше мемлекеттерi шешедi.

XIV бап

      1. Осы Шарт барлық мемлекеттердiң қол қоюы үшiн ашық. Шарт осы баптың 3-тармағына сәйкес күшiне енгенше оған қол қоймаған кез келген мемлекет оған кез келген уақытта қосыла алады.
      2. Осы Шарт оған қол қойған мемлекеттердiң бекiтуiне жатады. Бекiту грамоталары мен қосылуы туралы құжаттар осымен депозитарий үкiметтер ретiнде тағайындалған Советтiк Социалистiк Республикалар Одағының, Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Құрама Корольдiгiнiң және Америка Құрама Штаттарының үкiметтерiне сақтауға өткiзiлуi тиiс.
      3. Осы Шарт бес үкiмет, осы Шарттың депозитарий үкiметi ретiнде тағайындалған үкiметтердi қоса алғанда, бекiту қағаздарын сақтауға өткiзгеннен кейiн күшiне енедi.
      4. Бекiту грамоталары немесе қосылуы туралы құжаттары осы Шарт күшiне енген соң өткiзiлетiн мемлекеттер үшiн ол олардың бекiту грамоталары немесе қосылу туралы құжаттары сақталуға өткiзiлген күннен бастап күшiне енедi.
      5. Депозитарий үкiметтер әрбiр қол қою күнi, әрбiр бекiту грамотасы мен қосылуы туралы құжаттың сақтауға өткiзiлген күнi, осы Шарттың күшiне енген күнi туралы, сондай-ақ басқа да хабарландырулар туралы осы Шартқа қол қойған және оған қосылған барлық мемлекетке дереу хабарлайды.
      6. Осы Шартты депозитарий үкiметтер Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 10-бабына сәйкес тiркейдi.

XV бап

      Шартқа кез келген қатысушы мемлекет осы Шартқа түзетулер ұсына алады. Түзетулер осы түзетулердi қабылдаушы Шарттың әр қатысушы мемлекетi үшiн Шартқа қатысушы мемлекеттердiң көпшiлiгi қабылдаған соң, ал кейiн Шарттың әрбiр қалған қатысушы мемлекет үшiн олар осы түзетулердi қабылдаған күннен күшiне енедi.

XVI бап

      Шарттың қатысушы мемлекетi шарттан өзiнiң шығуы туралы ол күшiне енген соң бiр жылдан кейiн депозитарий үкiметтi жазбаша хабардар ету жолымен хабарлай алады. Мұндай шығу бұл хабарлауды алған күннен бiр жыл өткен соң күшiне енедi.

XVII бап

      Орыс, ағылшын, француз, испан және қытай мәтiндерi бiрдей болып табылатын осы Шарт депозитарий үкiметтердiң архивiне сақтауға өткiзiлетiн болады. Шарттың тиiстi түрде куәландырылған көшiрмелерiн депозитарий үкiметтер Шартқа қол қойған және оған қосылған мемлекеттердiң үкiметтерiне жiбередi.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшiн тиiстi түрде осыған уәкiлеттiк алған қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
      Мың тоғыз жүз алпыс жетiншi жылдың қаңтар айының 27-i күнi Москва, Вашингтон және Лондон қалаларында үш данада ЖАСАЛДЫ.

Ұлттық Аэроғарыш Агенттiгi
Бас директорының орынбасары