Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 27 наурыздағы N 87 Заңы

Жаңартылған

       Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - V" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 5" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Осы Заң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшiн құрылған авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының ұйымдастырылуы мен қызметi кезiнде қоғамдық қатынастарды реттейдi, құтқарушылардың мәртебесiн белгiлейдi. 

  1 тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Негiзгi ұғымдар  

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      авариялық-құтқару қызметi - негiзiн өзiне құрылымдық жағынан авариялық-құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды орындайтын атқарушы-құтқарушыларды, кiшi, орта және жоғары құрамдағы осы жұмысты басқарушы-құтқарушыларды және осы жұмысты техникалық жағынан қамтамасыз ететiн көмекшi қызметтердi қамтитын авариялық-құтқару құрамалары, оның iшiнде аэроұтқыр отрядтар құрайтын, қызмет мiндеттерi жағынан бiртұтас жүйеге бiрiктiрiлген, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi мiндеттердi шешуге арналған басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы; 
      авариялық-құтқару құрамасы - негiзiн арнаулы техникамен, жабдықтармен, құралдармен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылған және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етiлген құтқарушылар бөлiмшелерi құрайтын, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған дербес немесе авариялық-құтқару қызметiнiң құрамына енетiн құрылым; <*> 
      құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени қазыналарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды бiр шектен шығармау және соларға тән қауiптi факторлардың ықпалын басу немесе мүмкiн болатын ең төменгi деңгейiне түсiру жөнiндегi iс-қимылдар; 
      төтенше жағдайларды жою кезiндегi шұғыл жұмыстар - құтқару жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда зардап шеккен халыққа медициналық және басқа да көмек түрлерiн көрсету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау, олардың жұмыс қабiлетiн қолдау үшiн қажеттi жағдайлар жасау жөнiндегi қызмет; 
      құтқарушы - құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арнайы даярлық пен аттестаттаудан (қайта аттестаттаудан) өткен азамат; 
      құтқарушылардың мәртебесi - Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген құтқарушылардың құқықтары мен мiндеттерiнiң жиынтығы; 
      авариялық-құтқару құралдары - техникалық, ғылыми-техникалық және санаткерлiк өнiм, оның iшiнде байланыс пен басқарудың мамандандырылған құралдары, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың технологиясы жөнiндегi техника, жабдықтар, құралдар, мүлiк пен материалдар, әдiстемелiк, бейне-кино-фотоматериалдар, сондай-ақ электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалық деректер базасы және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған өзге де құралдар; 
      төтенше жағдайды жою басшысы - төтенше жағдайды жою кезiнде жұмыстарды жүргiзудi басқаратын басты өкiмшi және жауапты адам немесе өкiлеттiгiне төтенше жағдайларды жою жатқызылып, орталық немесе жергiлiктi атқарушы органдар тағайындаған адам; 
      әскерилендiрiлген авариялық-құтқару бөлiмi - қауiптi өндiрiстiк объектiлерге тәулiк бойы қызмет көрсетуге арналған, дара басшылық принциптерiмен әрекет етiп, соны басшылыққа алатын және көтерiңкi қауiп-қатер жағдайында, құтқарушылардың денсаулығы мен өмiрiне жол беруге болатын шектегi тәуекелмен авариялық-құтқару жұмыстарын атқаратын мамандандырылған ұйым. <*>
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.15.  N 563 , 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.   

       2-бап. Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару
               қызметi мен құрамалары туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасы  Заңынан , осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 

       3-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
               қызметiнiң негiзгi принциптерi

      Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады: 
      төтенше жағдайлар туындаған кезде адамдардың өмiрiн құтқару мен олардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау мiндеттерiнiң басымдығын көздейтiн iзгiлiк пен қайырымдылық; 
      төтенше жағдайларды жою жөнiндегi құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзудiң мiндеттiлiгi; 
      авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына дара басшылық; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде өзiн-өзi ақтайтын тәуекелдiлiк және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету; 
      авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше жағдайларға жедел назар аударуға және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ұдайы әзiрлiгi. 

       4-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының
               мiндеттерi

      1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының негiзгi мiндеттерi: 
      төтенше жағдайлардың туындауы және оларды жою кезiнде адамдарды құтқару және көшiру жөнiндегi құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстар; 
      адамдарды құтқаруға және төтенше жағдайларды жоюға әзiрлiктi қамтамасыз ету жөнiндегi профилактикалық жұмыстар; 
      кәсiптiк шеберлiктi жетiлдiру және авариялық құтқару қызметi мен құрамаларының басқару органдарын, күштерi мен құралдарын төтенше жағдайлар аймақтарына баруға және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ұдайы әзiрлiкте ұстау; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтардың даярлығын бақылау; 
      қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтарда құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу болып табылады. 
      Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына сонымен бiрге: 
      қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жоспарларын, басқа объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайларды жою кезiнде өзара iс-қимыл жоспарларын жасауға қатысу; 
      қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтар бойынша, сондай-ақ аталған объектiлерде халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ете алатын процестер бойынша iске асыруға ұйғарылған жобалар мен шешiмдерге сараптама жасауға қатысу; 
      халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы бiлiмдi насихаттау, халықты және ұйымдар қызметкерлерiн төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимылдарға даярлауға қатысу; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құжаттарды әзiрлеуге қатысу; 
      құтқару iсi және аварияға қарсы қорғаныс бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық жұмыстар өткiзу, жабдықтар жасау мен енгiзудi ұйымдастыру; 
      төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк жүйеге жүктелетiн, iзгi мiндеттердiң шеңберiнен шықпайтын басқа да мәселелер жөнiндегi мiндеттер жүктелуi мүмкiн. 
      2. Нақты авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына жүктелетiн мiндеттердiң толық тiзбесiн оларды құрған орган белгiлейдi және авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамалары туралы ережелерде немесе аталған қызметтер мен құрамалардың жарғыларында баянды етiледi.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       5-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын
               мемлекеттiк қолдау

      Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюдың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң күштерi болып табылатын авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына мемлекет барынша қолдау көрсетедi, бұл үшiн: 
      авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары үшiн жеңiлдiктер жүйесiн белгiлейдi; 
      ұйымдарға, өздерi құратын ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын даярлауға жәрдем көрсетедi, сондай-ақ құтқарушылар даярлау бағдарламасы бойынша оқып-үйренуге тiлек бiлдiрген азаматтарды даярлауға жәрдемдеседi; 
      құтқарушыларды құқықтық және әлеуметтiк қорғау жөнiндегi шаралар жүйесiн қарастырады; 
      халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау мүддесiн негiзге ала отырып, авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына қаржы жағынан қолдау көрсетедi. 
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       6-бап. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың түрлерi

      Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға iздестiру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, суда құтқару, атқыламаға қарсы жұмыстар, сондай-ақ өрт сөндiруге және төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық зардаптарын жоюға байланысты жұмыстар және тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысымен толықтырылуы мүмкiн төтенше және авариялық жағдайларда жүргiзiлетiн басқа да арнайы жұмыстар жатады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.   

  2 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары

       7-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын құру 

      1. Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары: 
      тұрақты штат негiзiнде - кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары, оның iшiнде әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, өртке қарсы, суда құтқару, жедел-құтқару және төтенше жағдайлар саласындағы басқа да мамандандырылған бөлiмдер мен бөлiмшелер; <*>
      ерiктiлiк негiзiнде - ерiктi авариялық-құтқару құрамалары, оның iшiнде ерiктi тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, өртке қарсы және суда құтқару құрамалары құрылады. <*>
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары: 
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша - республикалық (оның iшiнде республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар) және аумақтық;
      ұйымдар басшылығының тарапынан - объектiлiк (қызметiн жүзеге асыру үшiн өз авариялық-құтқару қызметi мен құрылымдары мiндеттi түрде болуы Қазақстан Республикасы заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген ұйымдарда) болып құрылады. 
      Кәсiби суда құтқару қызметтерiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары құрады.
      3. Ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын өз қызметкерлерiнен жасақталған ұйымдар құрады.
      4. Кәсiби авариялық-құтқару құрамалары арнаулы техникамен, жабдықпен, құрал-сайманмен, керек-жарақпен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылады және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етiледi.
      Кәсiби авариялық-құтқару құрамаларын жарақтандырудың және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етудiң нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. <*>
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.15.  N 563 , 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.  

       8-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының
               құрамы

      Авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының құрамы мен құрылымын - Қазақстан Республикасының Үкiметi, суда құтқару қызметтерiнiң құрамы мен құрылымын - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi. 
       Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       9-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын
               жасақтау

      1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жеке құрамын жасақтау ерiктi негiзде жүзеге асырылады. 
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне, құтқарушылар даярлау жөнiндегi бiлiм беру мекемелерiнде оқуға кәмелетке толған, медициналық байқауда құтқарушы жұмысына жарамды деп танылған және олардың кәсiби даярлығы мен дене шымырлығына белгiленген талаптарға, сондай-ақ моральдық-психологиялық қасиеттерiне қойылатын талаптарға сай келетiн азаматтар қабылданады. 
      3. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларында құтқарушылар мiндетiн атқаруға жасы 18-ге толған, құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бiтiрген және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге белгiленген тәртiппен аттестаттаудан өткен азаматтар жiберiледi. 
      Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының орта, аға және жоғары басшы құрамы қызмет көрсетiлетiн ұйымның инженер-техник қызметкерлерiнен жасақталады. 
      4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне азаматтарды қабылдау кезiнде олармен еңбек шарты (келiсiм-шарт) жасалынады, онда жұмысқа қабылдау мен жұмыстан шығару шарттары; құтқарушылар жұмысының ерекшелiктерi мен режимi; еңбекақы төлеудiң тәртiбi мен шарттары; құтқарушыларға арналған әлеуметтiк кепiлдiктер мен жеңiлдiктер; құтқарушылардың өздерiне жүктелген мiндеттердi және кезекшiлiкте, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары басшыларының өкiмдерiн мүлтiксiз орындау мiндеттемесi баянды етiледi. 

       10-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын тiркеу

      1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 
      2. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларын белгiленген тәртiппен тiркеудi (есепке алуды) - төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы орган, суда құтқару қызметтерiн - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       11-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының
                қызметi

      1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметi ерекше сипатта болады, аталған қызмет пен құрамалардың басшылары берген бұйрықтар мен өкiмдердi олардың барлық қызметкерлерiнiң мүлтiксiз орындауын көздейдi. Бұл талаптар ерiктi авариялық-құтқару құрамалары төтенше жағдайды жоюға тартылған кезден бастап оларға да қойылады. 
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары объектiлер мен аумақтарға қызмет көрсету жөнiндегi өз жұмысын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарттық негiзде iске асыра алады. 
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше жағдайды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге дайындығы өз өкiлеттiгi шегiнде төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы орган iске асыратын аттестаттау және тұрақты тексерулер барысында тексерiледi. 
      4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының тұрақты дайындығы олардың құрамын кәсiби даярлау және қайта даярлау бойынша жүйелi сабақтар мен арнайы жаттықтыру жиындарын өткiзу арқылы қамтамасыз етiледi. 
      5. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жедел көлiгi дыбыс шығару, жарық беру белгiлерi бар арнаулы құрылғылармен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы, сәулелi таңбалармен мiндеттi түрде жабдықталады. 
      6. Ерiктi авариялық-құтқару құрамалары құрылған объектiлердiң басшылары құтқарушыларды авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзудiң арнайы дағдыларына оқытып-үйрету жөнiнде тұрақты сабақтар өткiзедi және оларды бұл үшiн арнаулы киiм-кешекпен қамтамасыз етедi. 
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.06.23.  N 55 , 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       12-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын
                аттестаттау

      1. Барлық авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен аттестатталуға тиiс. 
      2. Аттестаттаудан өткен және тексерулер барысында төтенше жағдайларға назар аударуға және құтқару жұмыстарын жүргiзуге дайындығы расталған авариялық құтқару қызметi мен құрамаларына құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу құқығына куәліктер берiледi. 
      3. Егер аталған ұйымдар құрған немесе оларға шарттар бойынша қызмет көрсететiн объектiлiк кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының дайындығы және жай-күйi авариялық-құтқару қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарға сай келмеген жағдайда, ондай ұйымдардың қызметi толық немесе iшiнара тоқтатыла тұрады. Аталған ұйымдардың қызметiн тоқтата тұру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
       Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.06.23.  N 55 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       13-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының
                жұмысын үйлестiру

      1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiрудi төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы орган жүзеге асырады. 
      2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiру: 
      төтенше жағдайларды жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту; 
      халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы, сондай-ақ құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiнде мемлекеттiк органдарға келiсiлген ұсыныстар жасау; 
      авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жұмысының нормативтiк құқықтық базасын бiр iзге түсiру; 
      авариялық-құтқару құралдарын өндiру саласында және авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерiнде бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзу; 
      авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары және басқа күштер, соның iшiнде тиiстi аумақтарда құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу үшiн бөлiнген әскери бөлiмдер мен бөлiмшелер арасындағы өзара iс-қимылды пысықтау; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысатын авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларын, лауазымды адамдарын даярлау мәселелерiн шешу мақсатында жүзеге асырылады. 
      3. Жергiлiктi атқарушы органдардың аумақтарындағы суда құтқару қызметінің жұмысын үйлестiрудi атқарушы органдардың жанындағы халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы мiндеттердi шешуге арнайы уәкiлеттi жергiлiктi басқару органдары жүзеге асырады.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       14-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының
                орнын ауыстыру, оларды қайта бейiмдеу, тарату

      1. Мiндеттi түрде құрылуы қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын басқа жерге ауыстыруға, оларды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың басқа түрiне қайта бейiмдеуге немесе таратуға олар қызмет көрсететiн ұйымдардың жұмыс iстеуiнiң тоқтатылуы немесе аталған қызметтер мен құрамалар алдын алу және жою үшiн құрылған төтенше жағдайлардың пайда болу қаупiнiң жойылуы негiз болып табылады. 
      2. Мiндеттi түрде құрылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының орындарын ауыстыру, оларды қайта бейiмдеу немесе тарату туралы шешiмдердi:
      1) республикалық және аумақтық кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына қатысты - төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) кәсiби суда құтқару қызметтерiне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары;
      3) объектiлiк кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына қатысты - төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органның келiсiмi бойынша ұйымдардың басшылығы қабылдайды.
      3. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң шешiмi бойынша құрылған ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын тарату туралы шешiмдер қабылданған кезде, олар төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органға хабарлайды.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       15-бап. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен
                құрамаларының қызметін қаржыландыру

      Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2000.06.23. N 55  Заңымен.    

  3 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше
жағдайларды жоюға қатысуы

       16-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын
                төтенше жағдайларды жоюға тарту

      1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын төтенше жағдайларды жоюға тарту: 
      аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызмет көрсететiн объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жоспарларына сәйкес; 
      басқа объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайларды жою кезiндегi өзара iс-қимыл жоспарларына сәйкес; 
      төтенше жағдайлардың пайда болуы мен өрiстеуi кезiндегi iс-қимылдардың белгiленген тәртiбiмен; 
      аумағында төтенше жағдайлар қалыптасқан немесе өкiлеттiгiне аталған төтенше жағдайларды жою жатқызылған төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органның, ұйымдардың сұрау салуы негiзiнде, төтенше жағдайларды жою басшыларының сұрау салуы негiзiнде не аталған органдардың және төтенше жағдайларды жою басшыларымен келiсiм бойынша - аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметiне басшылықты жүзеге асыратын не соған Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өкiлеттiгi бар орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың соған уәкiлеттi лауазымды адамдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылады. 
      Суда құтқару қызметтерiн төтенше жағдайларды жоюға тартуды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы аталған төтенше жағдайларды жою өкiлеттiгiне жатқызылған орталық немесе жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың сұрау салуы негiзiнде, төтенше жағдайларды жою жөнiндегi органдар басшыларының сұрау салуы негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын соған уәкiлеттi лауазымды адамдардың шешiмi бойынша төтенше жағдайларды жоюға тарту объектiлер мен аумақтардың төтенше жағдайлардан қорғалуының Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген деңгейiн қамтамасыз ететiн шаралардың мiндеттi түрде қолданылуымен қатар жүргiзiлуге тиiс. 
      3. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жеке құрамын, көлiк және техникалық құралдарын олардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi негiзгi мiндеттерiмен байланысы жоқ жұмыстарды орындау үшiн тартуға болмайды.
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.   

       17-бап. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға басшылық
                жасау

      1. Төтенше жағдайларды жоюға тартылған барлық күштер мен құралдарға басшылық жасауды және олардың өзара iс-қимылдарын ұйымдастыруды төтенше жағдайларды жою басшылары жүзеге асырады. 
      2. Төтенше жағдайларды жою басшысының өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды. <*>
      3. Төтенше жағдайлар аймағына бiрiншi болып келген авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының басшылары өздерiне төтенше жағдайларды жою басшыларының өкiлеттiгiн қабылдайды және ол өкiлеттiктi төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жоспарларымен белгiленген немесе орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, осы төтенше жағдайларды жою өз өкiлеттiгiне жатқызылған ұйымдардың басшылары тағайындаған төтенше жағдайларды жою басшылары келгенге дейiн атқарып, олардың қарамағына кiредi. 
      4. Төтенше жағдайларды жою басшыларының төтенше жағдайларды жоюға бағытталған шешiмдерi, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген болса, төтенше жағдайлар аймақтарындағы барлық лауазымды адамдар, азаматтар мен ұйымдар үшiн мiндеттi болып табылады. 
      5. Төтенше жағдайларды жою басшыларын белгiленген тәртiпте мiндетiн атқарудан шеттетiп, басшылықты өзiне қабылдаудан немесе басқа лауазымды адамды тағайындаудан басқа ретте олардың төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарға басшылық жасау қызметiне араласуға ешкiмнiң құқығы жоқ. 
      6. Өте қажет болған жағдайда (адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төнгенде) төтенше жағдайларды жою басшылары: 
      көшiру шараларын жүргiзу туралы; 
      төтенше жағдайлар аймақтарындағы ұйымдардың қызметiн тоқтату туралы; 
      төтенше жағдайлар аймақтарындағы объектiлерде және ұйымдар аумақтарында құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу туралы; 
      төтенше жағдайлар аймақтарына адамдардың баруын шектеу туралы; 
      төтенше жағдайлар аймақтарындағы ұйымдардың материалдық ресурстар резервтерiн төтенше жағдайларды жою үшiн ашу туралы; 
      ұйымдардың байланыс құралдарын, көлiк құралдары мен өзге де мүлкiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес шығындарын кейiннен өтеп пайдалану туралы; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын, сондай-ақ құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге аттестаттаудан өткендiгiн растайтын құжаттары болған жағдайда, аталған құрамалардың құрамына кiрмейтiн құтқарушыларды тарту туралы; 
      шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ерiктi негiзде халықты, сондай-ақ құтқарушылар болып табылмайтын жекелеген азаматтарды олардың келiсiмiмен құтқару жұмыстарын жүргiзуге тарту туралы; 
      төтенше жағдайлардың өрiстеуiне және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың барысына қарай басқа да қажеттi шараларды қолдану туралы дербес шешiм қабылдауға құқылы. 
      7. Төтенше жағдайларды жою басшылары тиiстi мемлекеттiк органдарды, ұйымдардың басшылығын өте қажет болған жағдайда өздерi қабылдаған шешiмдер туралы дереу хабардар ету жөнiнде барлық шараларды қолдануға мiндеттi. 
      8. Төтенше жағдайларды жою басшылары, авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының басшылары құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру үшiн қажеттi төтенше жағдайлар туралы толық әрi айқын ақпарат алуға құқылы. 
      9. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың бүкiл көлемiн жүргiзуге технологиялық мүмкiндiк болмаған жағдайда төтенше жағдайларды жою басшылары бiрiншi кезекте төтенше жағдайлар аймақтарындағы адамдарды құтқару жөнiнде барлық мүмкiн болған шараларды қолдана отырып, аталған жұмыстарды толық немесе олардың бiр бөлiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдай алады. 
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.15. N 563  Заңымен .

       18-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына
                олардың өз қызметiн жүзеге асыруына жәрдемдесу

      1. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдар төтенше жағдайлар аймақтарына бара жатқан және орналасқан жерiне қайтып келе жатқан авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына кейiннен оларға өтемi жасалатын, қажеттi көлiк пен материалдық құралдарды бере отырып барынша жәрдем көрсетуге мiндеттi. 
      2. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстар жүргiзiлетiн жерге бара жатқан кезде кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жедел көлiгi, оның iшiнде уақытша тартылған және жалға алынған көлiк кедергiсiз жүру құқығын, меншiк нысандарына қарамастан аэродромдарда, автомобильдерге май құю станцияларында, теңiз және өзен порттарында жанар-жағармай материалдарымен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу құқығын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету станцияларында, аэродромдарда, теңiз және өзен порттарында жөндеу жұмыстарын бiрiншi кезекте жүргiзу құқығын пайдаланады. 

       19-бап. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер
                министрлiгiнiң, Қарулы Күштерiнiң, басқа да
                әскерлерi мен әскери құрамаларының күштерi мен
                құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту

      Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң, Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының күштерi мен құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. 

       20-бап. Құтқарушылар қызметiнiң құқықтық кепiлдiктерi

      1. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар осы Заңды, авариялық-құтқару қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алады және құрамында аталған жұмыстарды жүргiзетiн авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының басшыларына ғана бағынады. 
      2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, барлық меншiк нысанындағы ұйымдар басшылары және азаматтар өз қызмет мiндеттерiн атқаруы кезiнде құтқарушыларға жәрдемдесуге мiндеттi. 
      3. Өз мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау мақсатымен құтқарушыларға қандай да жолмен болсын ықпал етуге ешкiмнiң де құқығы жоқ. 

  4 тарау. Құтқарушылар және олардың мәртебесi

       21-бап. Құтқарушылар

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары медициналық куәландырудан өткеннен, дене шынықтыру жөнiндегi нормативтердi орындағаннан, құтқарушылар даярлаудың бағдарламалары бойынша оқып-үйренуден кейiн құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге аттестаттау нәтижелерi бойынша тиiстi аттестаттау органдары шешiмiнiң негiзiнде олар құтқарушы мәртебесiн алады. 
      2. Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесiн беру туралы аттестаттау органдарының шешiмi қабылданған кезде оларға белгiленген үлгiдегi куәлiк, құтқарушы кiтапшасы, бетiне тегi, аты, әкесiнiң аты, қан тобы және құтқарушының тiркеу нөмiрi жазылған жетон берiледi. 
      Құтқарушы кiтапшасы құтқарушының құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға қатысуын есепке алуға арналған. Құтқарушы кiтапшасы туралы ереженi төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы орган бекiтедi. 

       22-бап. Құтқарушыларды аттестаттау

      1. Құтқарушылар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен аттестаттаудан өтедi және одан кейiн тұрақты түрде қайта аттестаттаудан өтiп отырады. 
      2. Қайта аттестаттаудан өтпеген құтқарушылар құтқарушы мәртебесiнен айырылады. 

       23-бап. Құтқарушылардың құқықтары

      1. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға тартылған құтқарушылардың аталған жұмысты жүргiзетiн жерге бару кезiнде көлiктiң барлық түрiне билеттердi кезексiз алуға құқығы бар. 
      2. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар: 
      адамдарды құтқаруға бағытталған кез келген шараларды қолдануға; 
      өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi толық әрi айқын ақпарат алуға; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу үшiн ұйымдардың аумағы мен өндiрiстiк объектiлерiне, тұрғын үйлерге кедергiсiз кiруге; 
      төтенше жағдайлар аймағындағы адамдардың бәрiнен белгiленген қауiпсiздiк шараларын сақтауды талап етуге; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу технологиясына сәйкес жабдықталуға және жарақтандырылуға; 
      адамдарды құтқару үшiн және өте қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар аймақтарында орналасқан ұйымдардың байланыс құралдарын, көлiгiн, мүлкiн және өзге де материалдық құралдарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте пайдалануға;
      қызметтiк iздестiру иттерiн қолдануға құқылы. <*>
      3. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушылар медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте медициналық және психологиялық оңалту жәрдемiн алуға құқылы. 
      4. Құтқарушылар жұмыс уақытында өздерiнiң теориялық бiлiмдерi мен кәсiби шеберлiктерiн белгiленген тәртiпте жетiлдiруге құқылы. 
      5. Кәсiби және ерiктi авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезеңiнде шығыны авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын ұстауға бөлiнетін қаражат есебiнен төленетiн тамақ өнiмдерiмен Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлеген нормалар бойынша және тұратын орынмен қамтамасыз етiлуге құқылы. <*>
      6. Еңбек шарты (келiсiм-шарт) бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау барысында зардап шеккен кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушылары және құтқарушы болып табылмайтын азаматтар оларды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге тартқан кезде тегiн медициналық қызмет көрсетiлуiне құқылы. 
      Ерiктi авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушыларын және құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге тартқан кезде олардың негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысы сақталады.
       Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.06.15. N 563  Заңымен .  

       24-бап. Құтқарушылардың мiндеттерi

      1. Құтқарушылар: 
      зардап шеккен адамдарды iздестiруге, оларды құтқару жөнiнде шаралар қолдануға, оларға алғашқы медициналық және басқа да жәрдем түрлерiн көрсетуге; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысуға дайын болуға, өздерiнiң дене шынықтыру, арнаулы, медициналық, психологиялық даярлығын жетiлдiруге; 
      авариялық-құтқару құрамаларының құрамындағы iс-қимылдар дағдыларын жетiлдiруге; 
      құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу технологиясын мүлтіксiз сақтауға; 
      құрамында құтқарушылар аталған жұмыстарды атқаруға қатысатын авариялық-құтқару құрамалары басшыларының құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу барысында беретiн бұйрықтарын мүлтiксiз орындауға; 
      төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында азаматтарға қауiпсiз жүрiп-тұру ережелерiн және ондай жағдайлар туындаған ретте iс-қимылдар жасау тәртiбiн түсiндiруге мiндеттi. 
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының мiндеттерi тиiстi жарғылармен, ережелермен, тәлiмдемелермен белгiленедi және олар еңбек шартының (келiсiм-шарттың) құрамдас бөлiгi болып табылады. 

       25-бап. Құтқарушылардың жұмыс (қызмет) және демалыс
                режимi

      1. Күнделiктi қызметте кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс (қызмет) режимi iшкi еңбек тәртiбiнiң ережелерiмен, кезекшiлiк кестелерiмен, сабақтар немесе арнайы дайындық жөнiндегi өзге де шаралар кестелерiмен белгiленедi. 
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс режимi жұмыс күнi мен жұмыс жылы iшiнде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес медициналық талаптар және санитариялық-гигиеналық нормалар ескерiле отырып белгiленедi. 
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының құтқару жұмыстарын және шұғыл жұмыстарды жүзеге асыру кезеңiнде күту және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға аттануға ұдайы дайын болу режимiнде кезекшiлiк өтеу уақыты кезекшiлiктiң әр сағаты үшiн сағаттың төрттен бiрi мөлшерiнде есептелiнедi. 
      4. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс режимi мен жұмыс ауысымының ұзақтығы өзгеруi мүмкiн; оларды төтенше жағдайлардың сипатын, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу ерекшелiктерiн және медициналық ұсыныстарды ескере отырып төтенше жағдайларды жою басшылары белгiлейдi. 
      5. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың кәсiби авариялық-құтқару қызметiмен құрамаларының құтқарушыларына ұзақтығы 30 күнтiзбе күндiк ақылы демалыс берiледi. 

       26-бап. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
                құтқарушыларының еңбегiне ақы төлеу

      1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жалақысы лауазымдық айлықақыдан, еңбек сiңiрген жылдары үшiн берiлетiн үстемеден және өзге де төлемдерден тұрады. 
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына түнгi уақытта, демалыс және мереке күндерi кезекшi болғаны үшiн ақы төлеу Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына еңбек сiңiрген жылдары үшiн жұмыс стажына қарай лауазымдық айлықақысына процент есебiмен мынадай мөлшерде ай сайын:
      еңбек сiңiрген жылдары:
      үш жылдан асқанда - он бес процент;
      бес жылдан асқанда - жиырма процент;
      он жылдан асқанда - отыз процент;
      он бес жылдан асқанда - қырық процент;
      жиырма жылдан асқанда - елу процент үстеме төленедi.
      Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына еңбек сiңiрген жылдары үшiн проценттiк үстеме төлеуге стаж Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте есептеледi.
      4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары жалақысының мөлшерi олар қызмет көрсететiн ұйымдардың тиiстi санаттардағы қызметкерлерiнiң жалақысы мөлшерiнен төмен бола алмайды.

       27-бап. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
                құтқарушыларының тұрғын үй алу құқығы

      1. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалар бойынша мемлекеттiк және ведомстволық тұрғын үй қорының есебiнен тұрғын үй-жай берiледi. 
      2. Тұрғын үй алуға (тұрғын үй жағдайларын жақсартуға) мұқтаж болған, қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының отбасылары, сондай-ақ құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге тартылған және аталған жұмыстарды жүргiзу барысында қаза тапқан (қайтыс болған) ерiктi авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының және құтқарушылар болып табылмайтын азаматтардың отбасылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шарттар мен тәртiпте мемлекеттiк тұрғын үй қорынан оны алу (тұрғын үй жағдайын жақсарту) құқығын сақтайды. 
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары пәтерлерiне телефондарды ақылы негiзде бiрiншi кезекте орнатуға құқылы. 

       28-бап. Құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерiнiң
                әлеуметтiк кепiлдiктерi

      1. Құтқарушылар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес мiндеттi түрде жеке және әлеуметтiк сақтандырылуға тиiс. 
      2. Құтқарушылар мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан шарттар негiзiнде келiп түскен қаражат есебiнен де сақтандырылуы мүмкiн. 
      3. Құтқарушы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (өлген) не ол қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаттың салдарынан бiр жыл iшiнде өлген жағдайда асырауындағы адамдарға оның соңғы атқарған қызметi бойынша бiр жылдық жалақысының кемiнде он есе мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленедi. 
      4. Құтқарушыға қызметтiк мiндетiн атқару кезiнде алынған зақым (жарақаттану, жаралану, контузия), сырқат салдарынан мүгедектiк белгiлеу кезiнде оған: 
      I және II топтардағы мүгедекке - бiр жылдық жалақысының бес еселенген мөлшерiнде; 
      III топтағы мүгедекке - бiр жылдық жалақысының екi еселенген мөлшерінде бiр жолғы жәрдемақы төленедi. 
      5. Құтқарушы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiк белгiленбей, еңбек қабiлетiн тұрақты жоғалтқан ауыр зақым (жарақаттану, жаралану, контузия), сырқат алған жағдайда оған бiр жылдық жалақысынан кем емес мөлшерде бiр жолғы жәрдемақы төленедi. 
      6. Егер құтқарушының қаза табуы (өлуi), жарақаттануы, жаралануы (зақымдануы), сырқаттануы қызметтiк мiндетiн атқарумен байланысты емес мән-жайларға қатысты болғандығы белгiленген тәртiпте дәлелденсе, осы Заңның 3, 4, 5-тармақтарында белгiленген бiр жолғы жәрдемақы төленбейдi. 
      7. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қайтыс болған немесе қаза тапқан құтқарушысын жерлеу үшiн тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленетiн мөлшерде жәрдемақы берiледi. 
      8. Осы баптың 3, 4, 5, 7-тармақтары бойынша жәрдемақы авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын ұстайтын ұйымдардың қаражаты есебiнен төленiп, осы ұйымдардың шығындары залал келтiрушiнiң есебiнен кейiннен толық көлемiнде өтеледi. 
      9. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша құтқарушылардың отбасы мүшелерiн зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының зейнетақы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 

       29-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
                қызметкерлерiнiң қосымша құқықтық және
                әлеуметтiк кепiлдiктерi

      1. Еңбек жағдайы зиянды әрi қауiптi ұйымдарға қызмет көрсететiн кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына Қазақстан Республикасының заңдарымен осы ұйымдар үшiн белгiленген құқықтық және әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi қолданылады.
      2. <*>
       Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       30-бап. Ерiктi авариялық-құтқару құрамаларының
                құтқарушыларын, сондай-ақ төтенше жағдайларды
                жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге тартылған
                құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарды
                әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерi

      Ерiктi авариялық-құтқару құрамаларының құтқарушыларын, сондай-ақ құтқарушы болып табылмайтын азаматтарды авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге тартқан кезде олар мiндеттi жеке және әлеуметтiк сақтандырылуға тиiс. Оларға осы Заңның 28 және 29-баптарында көзделген құқықтар, сақтандыру кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi қолданылады.

  5 тарау. Қорытынды ережелер

       31-бап. Заңдардың бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк

      Еңбек шарты (келiсiм-шарт) бойынша жүктелген мiндеттердiң орындалмауына, төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу кезiнде азаматтардың денсаулығына қасақана немесе абайсызда зиян келтiрiлуіне, табиғи ортаға, материалдық және мәдени қазыналарға залал тигiзiлуiне кiнәлi авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жұмыстарының басшылары және құтқарушылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       32-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
                қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi дауларды шешу
                тәртiбi

      Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi дауларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте соттар шешедi.

       33-бап. Төтенше жағдайларды жоюға авариялық-құтқару
                қызметi мен құрамаларын тарту жөнiндегi
                халықаралық шарттар

      Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi төтенше жағдайларды жоюға кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын тарту Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi