Жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1996 жылғы 15 шiлдедегi N 29-I

Жаңартылған

      Осы Заң жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк басқару жүйесiн ұйымдастырудың негiзгi принциптерiн белгiлеп, қоғамдық қатынастарды реттейдi.

I тарау
Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      - жол жүрiсi - адамдар мен жүктiң жолдармен көлiк құралдарын пайдаланып не оларсыз (жүргiншiлер) жүрiсi кезiнде, сондай-ақ осы жүрiс ережелерiн реттеу процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi - жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан жол жүрiсiне қатысушылар мен мемлекеттiң қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;
      - жол-көлiк оқиғасы - көлiк құралдарының жол бойында жүрiсi процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамдар қаза тапқан немесе жарақаттанған, көлiк құралдары, ғимараттар, жүк бүлiнген не өзге де материалдық залал келтiрген оқиға;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету - жол-көлiк оқиғаларының туындауын болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған қызмет;
      - жол жүрiсiне қатысушы - жүргiзушi, жүргiншi, көлiк құралының жолаушысы, мал айдаушы ретiнде жүрiс процесiне тiкелей қатысатын адам;
      - жол - көлiк құралдарының жүрiсi үшiн жайластырылған немесе бейiмдетілген және соған пайдаланылатын жер өңiрi не жасанды құрылыстың үстiңгi қабаты. Жол бiр немесе бiрнеше жүрiс бөлiгiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және бөлу өңiрлерi болған жағдайда - соларды қамтиды;
      - жол жүрiсiн ұйымдастыру - жолдардағы жүрiстi басқару жөнiндегi ұйымдық-техникалық шаралар мен өкiм жүргiзетiн iс-қимылдар кешенi;
      - көлiк құралы - адамдарды, жүктi немесе үстiне орнатылған жабдықтарды жолдармен тасымалдауға арналған қондырғы;
      механикалық көлiк құралы - мопедтен басқа, двигатель арқылы жүретiн көлiк құралы. Бұл ұғым тракторлар мен өздiгiнен жүретiн машиналарға да қолданылады;
      тiркеме - двигательмен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында жүруге арналған көлiк құралы. Бұл ұғым жартылай тiркемелер мен ұзартылмалы тiркемелерге де қолданылады.
      Ескерту. 1-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.24. N 276 Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi
             қауiпсiздiгi туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң
             негiзгi принциптерi

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      - жол жүрiсiне қатысушы азаматтардың өмiрi мен денсаулығының шаруашылық қызметтiң экономикалық нәтижелерiнен басымдығы;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде мемлекет жауапкершiлiгiнiң жол жүрiсiне қатысушы азаматтардың жауапкершiлiгiнен басымдығы;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету кезiнде азаматтар мен мемлекет мүдделерiнiң сақталуы;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жүйелi көзқарас;
      - жүрiс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қаржыландыру.

      4-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi мемлекеттiк саясатты iске асыру құралы болып табылады және ол жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды айқындайтын құқықтық нормаларды, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалардың, жол жүрiсiне қатысушылардың, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн және жол-көлiк оқиғаларының зардаптарын жоюды қамтамасыз ететiн құралдар мен шаралардың жиынтығын қамтиды.

II тарау
Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
саласындағы мемлекеттiк басқару жүйесi

      5-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң
             негiзгi бағыттары

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгi мыналар арқылы қамтамасыз етiледi:
      - Үкiметтiң, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн белгiлеу;
      - жол-көлiк оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарының ауырлығын азайту мақсатымен министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, заңды және жеке тұлғалардың қызметiн үйлестiру;
      - автомобиль, қалалық жер үстi электр көлiгiнде және жол шаруашылығында жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi реттеу;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi белгiленген тәртiппен әзiрлеу және бекiту;
      - жол жүрiсiн ұйымдастыру;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды бағдарламалық-мақсатты жоспарлау;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi шараларды ғылыми, материалдық-техникалық және қаржы жағынан қамтамасыз ету;
      - көлiк құралдарының жүргiзушiлердi даярлауды ұйымдастыру және азаматтарға жүрiс қауiпсiздiгiнiң ережелерi мен талаптарын оқытып-үйрету;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық жағынан қамтамасыз ету жөнiнде шаралар кешенiн жүргiзу;
      - көлiктiң және жол шаруашылығының өнiмдерi мен көрсететiн қызметiн мiндетi түрде сертификаттауды жүзеге асыру;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты қызметтi лицензиялау;
      - көлiкте сақтандыру саласында әлеуметтiк бағдарланған саясат жүргiзу;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында заңдардың, өзге де нормативтiк актiлердiң, ережелер мен стандарттардың орындалуын мемлекеттiк қадағалау мен бақылау.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жол жүрiсi
             қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы
             өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына мыналар жатады:
      - Қазақстан Республикасы аумағында жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат әзiрлеу және жүргiзу;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеу және оларды қаржымен қамтамасыз ету;
      - министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi қызметiне басшылық ету, олардың Заңдарды, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн орындауына бақылау жасау;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органды белгiлеу және ол туралы Ереженi бекiту;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi шараларды қаржыландыру бөлiгiнде республикалық бюджеттiң әзiрленуiн және атқарылуын қамтамасыз ету;
      - жол-көлiк оқиғасында зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау жүйесi мен ережелерiн, меншiк нысандарына қарамастан, олардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу, сақтандыру, медициналық қызмет көрсету және өтемақы алу тәртiбiн белгiлеу;
      - ережелердiң, стандарттар мен басқа да нормативтiк актiлердiң бiрыңғай жүйесiн белгiлеу;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

      7-бап. Қазақстан Республикасы министрлiктерiнiң,
             мемлекеттiк комитеттерiнiң, өзге де орталық
             атқарушы органдарының жол жүрiсi қауiпсiздiгiн
             қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасы министрлiктерiнiң, мемлекеттiк комитеттерiнiң, өзге де орталық атқарушы органдарының қарауына мыналар жатады:
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуын ұйымдастыру;
      - көлiк құралдарын жүргiзушiлердi даярлау тәртiбiн белгiлеу;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi үйлестiру;
      - алдын алу шараларын жүргiзу және халыққа жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң ережелерi мен талаптарын оқытып үйрету тәртiбiн белгiлеу;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк маңызы бар ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық талдамаларды ұйымдастыру, сондай-ақ мамандар даярлау;
      - жол жүрiсi мен оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қызметтi мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру;
      - республикалық маңызы бар жолдарды салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтiп ұстау кезiнде жұмыстың барлық түрлерiне бақылау жасауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында лицензиялау мен сертификаттауды жүргiзу;
      - республикалық маңызы бар жолдарда жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi қызметке басшылық ету;
      - Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттарын жасасуға қатысу.

      8-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың жол
             жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы
             өкiлеттiгi

      1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында жергiлiктi өкiлдi органдардың қарауына мыналар жатады:
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң жоспарларын, аймақтық бағдарламаларын бекiту;
      - жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының жол жүрiсi қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi есептерiн қарау.
      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
      - тиiстi аумақта жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң аймақтық бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру, олардың орындалуын үйлестiру және бақылау;
      - тиiстi аумақта жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi шараларды қаржымен қамтамасыз ету;
      - министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық атқарушы органдардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастыру және бақылау;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн ұйымдастыру және жүргiзу;
      - жол-көлiк оқиғаларын болғызбауға бағытталған алдын алу шараларын ұйымдастыру және өткiзу, азаматтарға жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң талаптарын оқытып-үйрету;
      - автомобиль жолдарында, қалалардың, елдi мекендердiң жол тораптарында құрылыс салу, қайта жаңарту, жөндеу, олардағы жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдарын енгiзу және күтiп ұстау, оларды күту, жолдарды күзету және оларда қызмет көрсету объектiлерiн жайғастыру жөнiндегi жұмыстарды орындау кезiнде жұмыстың барлық түрлерiн ұйымдастыру және бақылау;
      - заңды тұлғалардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiн үйлестiру мен бақылауды қамтамасыз ету;
      - тиiстi аумақ мүдделерiне орай жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында нормативтiк талаптардың сақталуын мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру.

      9-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге
            байланысты қызметтi лицензиялау

      1. Заңды және жеке тұлғалардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты қызметi мiндеттi түрде лицензиялануға тиiс.
      2. Қызмет түрлерi мен лицензиялау тәртiбi тiкелей Қазақстан Республикасының Заңымен немесе ол белгiлеген тәртiппен айқындалады.

      10-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң жай-күйi
             көрсеткiштерiн есепке алудың мемлекеттiк жүйесi

      1. Қазақстан Республикасының аумағында апаттардың, жол-көлiк жарақаттарының көрсеткiштерiн, көлiк құралдарының, жүргiзушiлер санын, жол жүрiсi саласындағы құқық бұзушылықтардың, жолдардың көлiк-пайдалану көрсеткiштерiн, сондай-ақ, жол жүрiсi қауiпсiздiгi мен оны қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтiң жай-күйiн көрсететiн басқа да көрсеткiштердi есепке алудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi жүзеге асырылады.
      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы есепке алудың, есепке алу мәлiметтерiн пайдалану мен есеп беру деректерiн қалыптастырудың мемлекеттiк жүйесiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдар есеп беру жүйесiне кiретiн мәлiметтердi белгiленген тәртiппен сұратып алуға құқылы.

      11-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
              бағдарламалары

      1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында жол-көлiк оқиғаларының, одан зардап шеккен азаматтардың санын қысқартуға және осы оқиғалардан болатын материалдық залалды азайтуға бағытталған жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк және аймақтық бағдарламалары әзiрленедi.
      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк және аймақтық бағдарламалары осындай бағдарламаларға қойылатын талаптарға сәйкес әзiрленедi, белгiленген тәртiппен бекiтiледi және тиiстi бюджеттер мен бюджеттен тыс көздер есебiнен қаржыландырылады.

III тарау
Жол жүрiсiн ұйымдастыру және оның
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
жөнiндегi негiзгi талаптар

      12-бап. Қазақстан Республикасы аумағындағы жол
              жүрiсiнiң тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасы аумағындағы жол жүрiсiнiң тәртiбi, жол жүрiсiне қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi, жол жүрiсiн реттеудiң техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданылуы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Жол жүрiсi ережелерiмен, Автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын пайдалану ережелерiмен және оларды Қазақстан Республикасы аумағында қорғау тәртiбiмен белгiленедi.
      2. Қазақстан Республикасы аумағында көлiк құралдарының оң жақпен жүруi белгiленген.

      13-бап. Көлiк құралдарының пайдалануға байланысты
              қызметтi жүзеге асыру кезiнде жол жүрiсi
              қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi
              негiзгi талаптар

      1. Көлiк құралдарын пайдалануға байланысты қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар:
      - жол жүрiсi процесiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарға сәйкес жүргiзушiлердiң жұмысын ұйымдастыруға;
      - жүргiзушiлер еңбегi мен демалысының белгiленген режимiн сақтауға;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн автомобиль және қалалық жер үстi электр көлiгi құралдарының жүргiзушiлерi мен басқа да қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру үшiн жағдай жасауға;
      - жол-көлiк оқиғаларының және жол қозғалысы ережелерiн бұзудың себептерiне талдау жасап, оларды жоюға;
      - көлiк құралдарының техникалық жай-күйiн және оның дұрыс жағдайда пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      - жүргiзушiлердi сапарға шығар алдында және мезгiл-мезгiл медициналық байқаудан өткiзiп тұруды қамтамасыз етуге;
      - жүргiзушiлердiң жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiнгi көмек көрсету дағдыларын жетiлдiру жөнiндегi шараларды ұйымдастыруға мiндеттi.
      2. Автомобиль және қалалық жер үстi электр көлiгi құралдарымен тасымалдау қызметiн жүзеге асыратын мамандандырылған кәсiпорындар арнаулы ережелер белгiлеп, жүктiң түрiн, оларды тасымалдау ерекшелiктерiн ескере отырып және қолданылып жүрген заңдар шегiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн жүргiзушiлерге қосымша талаптар қоя алады.

      14-бап. Жол жүрiсiне қатысушылардың құқықтары мен
              мiндеттерi

      1. Азаматтардың жолдармен жүрудiң қауiпсiздiк жағдайлары құқықтарына, мемлекет кепiлдiк бередi және ол құқықтар Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы заңдарының, Республика бекiткен халықаралық шарттардың орындалуы арқылы қамтамасыз етіледi.
      2. Жол жүрiсiне қатысушылардың өз құқықтарын iске асыруы жол жүрiсiне басқа қатысушылардың құқықтарын шектемеуге немесе бұзбауға тиiс.
      3. Жол жүрiсiне қатысушылардың:
      - заңдармен белгiленген ережелер мен ресiмдерге сәйкес және солардың негiзiнде жолмен еркiн, кедергiсiз жүруге;
      - лауазымды адамдардан және жол жүрiсiн қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттiк органнан жолмен жүруге тыйым салыну немесе шектелу себептерi туралы түсiнiктеме алуға;
      - қозғалыстың қауiпсiз жағдайлары, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты өнiмдер мен көрсетiлетiн қызметтер сапасы туралы, қызметi жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты лауазымды адамдардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi туралы толық және анық ақпарат алуға;
      - қызметi жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты ұйымдар мен лауазымды адамдардан жол-көлiк оқиғасы кезiнде медициналық көмектiң, құтқару жұмыстарының кепiлдi көлемi мен басқа да қажеттi көмектi тегiн алуға;
      - жол-көлiк оқиғасы салдарынан өздерiне дене жарақаттары келтiрiлген жағдайларда, сондай-ақ көлiк құралы мен (немесе) жүк бүлiнген жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiп бойынша залалды өтеттiруге;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгiн жүзеге асырушы лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша шағым жасауға құқығы бар.
      4. Жол жүрiсiне қатысушылар осы Заңның және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын орындауға мiндеттi.

      15-бап. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығын алу

      1. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығы мыналарға берiлуi мүмкiн:
      - он алты жасқа толған адамдарға - мотоциклдер, мотороллерлер және басқа да мотокөлiк құралдарын ("А" санаты) жүргiзуге;
      - он сегiз жасқа толған адамдарға - рұқсат етiлген ең ауыр салмағы 3500 килограмнан аспайтын және жүргiзушiнiң орнын есептемегенде, отыратын орын саны сегiзден аспайтын автомобильдердi ("В" санаты), сондай-ақ рұқсат етiлген ең ауыр салмағы 3500 килограмнан асатын автомобильдердi ("С" санаты) жүргiзуге, бұған "Д" санатына жататындары кiрмейдi;
      - жиырма жасқа толған адамдарға - жолаушылар тасуға арналған және жүргiзушiнiң орнын есептемегенде, отыратын орын саны сегiзден астам болатын автомобильдердi ("Д" санаты), троллейбустар мен трамвайларды жүргiзуге;
      - "В", "С" немесе "Д" санаттарына жататын көлiк құралдарын жүргiзу құқығы бар адамдарға көлiк құралдарының тиiстi санаттарын жүргiзу стажы он екi айдан кем болмаған жағдайда - көлiк құралдарының құрамдарын ("Е" санаты) жүргiзуге.
      2. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығы тиiстi куәлiктермен расталады. Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары талаптарына сәйкес келетiн ұлттық және халықаралық жүргiзушiлер куәлiктерi қолданылады.
      3. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының куәлiктерi осы бапта белгiленген жасқа толған, медициналық жағынан кiнараты жоқ, көлiк құралдарының тиiстi санатының жүргiзушiлерiн даярлайтын үлгi бағдарламалар көлемiнде қажеттi бiлiм мен дағдысы бар және белгiленген тәртiппен емтихандар тапсырған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын азаматтарға берiледi.
      4. Көлiк құралдарының тиiстi санаттарына жүргiзушiлер даярлаудың үлгi бағдарламаларын және рұқсат беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметi уәкiлдi берген органдар мүдделi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен, өзге де орталық атқарушы органдармен келiсе отырып әзiрлейдi.
      5. Көлiк құралдарының "А" және "В" санаттарын жүргiзу құқығына куәлiк алу үшiн азаматтардың тиiстi бағдарламалар көлемiнде өз бетiнше даярлануына жол берiледi.
      6. Азаматтарды көлiк құралдарын жүргiзу құқығын алу емтихандарына жiберу, оларды тапсыру, көлiк құралдарын жүргiзу құқығына куәлiктер беру тәртiбiн және азаматтың көлiк құралдарын жүргiзуiне тыйым салатын медициналық кiнараттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметi уәкiлдiк берген органдар белгiлейдi.

      16-бап. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының күшiн
              тоқтату негiздемелерi

      1. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының күшiн тоқтату негiздемелерi мыналар болып табылады:
      - жүргiзушi куәлiгiнiң белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуi;
      - жүргiзушi денсаулығының көлiк құралдарын қауiпсiз жүргiзуге кедергi келтiретiндей нашарлап, оның медициналық қорытындымен расталуы;
      - көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруға.
      2. Жауапкершiлiк шаралары ретiнде көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруға не сондай құқықты шектеуге әкеп соғатын құқық бұзушылық түрлерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      17-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық
             қамтамасыз ету

      1. Жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету:
      - көлiк құралдарын жүргiзу құқығына куәлiк алуға үмiткер азаматтар мен жүргiзушiлердi мiндеттi түрде медициналық куәландыруды;
      - жүргiзушiлердi сапарға шығар алдында және ағымдағы медициналық байқаудан өткiзудi;
      - жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетудi;
      - жол жүрiсiне қатысушыларды, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ азаматтарды жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiн көмек көрсету тәсiлдерiн үйретудi қамтиды.
      2. Жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек:
      - жол-көлiк оқиғасы болған жерде дәрiгер келгенге дейiн көмек көрсетудi;
      - жол-көлiк оқиғасы болған жерде, медицина ұйымына бара жатқан жолда және медицина ұйымында медициналық көмек көрсетудi қамтиды.
      3. Медициналық куәландыру, тексеру тәртiбiн және олардың мерзiмiн Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген орган белгiлейдi.

      18-бап. Көлiк құралдарын жасап шығару, сату және
              пайдалану кезiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiн
              қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар

      1. Шығарылған көлiк құралдарының конструкциясы, оның iшiнде олардың құрамдас бөлiктерiнiң, қосымша жабдықтау заттарының, қосалқы бөлшектерi мен керек-жарақтарының конструкциясы жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жататын бөлiгiнде стандарттар мен басқа да нормативтiк құжаттардың талаптарына сай болуға тиiс.
      2. Көлiк құралдары, олардың құрамдас бөлiктерi, қосымша жабдықтау заттары, қосалқы бөлшектерi мен керек-жарақтары жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жататын бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген органдар бекiтетiн ережелер мен рәсiмдерге сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
      3. Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердiң жекелеген түрлерiнiң жол қозғалысына қатысуына рұқсат берудi Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген органдар мемлекеттiк тiркеу және тиiстi құжаттар мен мемлекеттiк тiркеу нөмiр белгiлерiн беру арқылы жүзеге асырады. Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi сертификатсыз немесе оның белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын басқа да құжатсыз мемлекеттiк тiркеуге тыйым салынады.
      Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердiң мынадай түрлерi мемлекеттiк тiркелуге жатады:
      1) олардың базасында жасалған арнайы автомобильдердi қоса алғанда, жеңiл, жүк автомобильдерi және автобустар;
      2) мотоциклдер және мотороллерлер;
      3) олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi қоса алғанда, доңғалақты тракторлар;
      4) автомобильдер мен доңғалақты тракторлардың құрамында жүруге арналған тiркемелер.
      Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердiң мынадай түрлерi мемлекеттiк тiркелуге жатпайды:
      1) конструкциялық жағынан жол қозғалысына қатысуға арналмаған механикалық көлiк құралдары мен тiркемелер;
      2) жабық аумақтарда технологиялық көлiк ретiнде пайдаланылатын, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдердi қоса алғанда, өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдер, тiркемелер, автомобильдер мен доңғалақты тракторлар;
      3) троллейбустар;
      4) трамвайлар және рельспен жүретiн басқа да механикалық көлiк құралдары;
      5) басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына екi айдан кем мерзiмге әкелiнген, олардың шассилерiнде жасалған арнайы автомобильдердi қоса алғанда, жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, мотоциклдер мен мотороллерлер.
      4. Тiркелген көлiк құралдарының конструкциясына, соның iшiнде оның жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге әсер ететiн құрамдас бөлiктерiнiң, қосымша жабдықтау заттарының, қосалқы бөлшектердiң және керек-жарақтарының конструкциясына өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн қайта сертификаттауды өткiзу қажет.
      5. Жол жүрiсiне қатысатын көлiк құралдарының техникалық жай-күйi мен жабдықтары Жол жүрiсi ережелерiне, стандарттарға және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес келуге тиiс.
      Ескерту. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.24. N 276 Заңымен.

      19-бап. Көлiк құралдарын мемлекеттiк техникалық
              байқаудан өткiзу

      1. Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылатын және белгiленген тәртiппен тiркелген көлiк құралдары мен олардың тiркемелерi Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органда мiндеттi түрде мемлекеттiк техникалық байқаудан өткiзiлуге тиiс.
      2. Мемлекеттiк техникалық байқауды өткiзудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген орган белгiлейдi.
      Ескерту. 19-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.24. N 276 Заңымен.

      20-бап. Көлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету мен
              оларды жөндеу кезiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiн
              қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар

      1. Көлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету мен оларды жөндеу нормативтерiн көлiк құралдары шығарған зауыттар олардың пайдаланылу жағдайларын ескере отырып белгiлейдi.
      2. Техникалық қызмет көрсетiлiп, жөндеуден өткiзiлген көлiк құралдары Жол жүрiсi ережелерiнiң, стандарттардың және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.

      21-бап. Көлiк құралдарын пайдалануға тыйым
             салудың негiздемелерi мен тәртiбi

      1. Көлiк құралдарын пайдалануға мынадай жағдайларда:
      - көлiк құралдарының конструкциясы Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ережелерге, нормативтер мен стандарттарға сәйкес келмесе;
      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiне және қоршаған ортаға қатер төндiретiн техникалық ақаулары болса;
      - көлiк құралына орнатылған тораптар мен агрегаттардың нөмiрi мен көлiк құралындағы тiркеу құжаттарына енгiзiлген деректерге сәйкес келмесе;
      - тiркеу құжаттары мен мемлекеттiк техникалық байқаудан өткiзiлгенi туралы құжаты болмаса;
      - мемлекеттiк тiркеу нөмiрiнiң белгiлерi болмаса немесе олар стандарттардың талаптары мен тiркеу құжаттарына сәйкес келмесе;
      - заңдарда көзделген басқа да жағдайларда тыйым салынады.
      2. Көлiк құралын пайдалануға тыйым салуды ондай тыйым салуға негiз болған себептер жойылғанға дейiн оған уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар жүзеге асырады.
      3. Көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      22-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi шаралар

      1. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi шараларды оның қауiпсiздiгi мен жолдардың өткiзу қабiлетiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген органдар, қарамағында автомобиль жолдары бар заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Аталған шараларды әзiрлеу мен өткiзу Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiп бойынша бекiтiлетiн жобалар, схемалар және өзге де құжаттар негiзiнде нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жүзеге асырылады.

      23-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру процесiнде оның
              қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi
              негiзгi талаптар

      1. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген стандарттармен реттелген және жол жүрiсiн ұйымдастырудың жобалары мен схемаларындағы көзделген техникалық құралдар мен конструкцияларды кешендi пайдалану негiзiнде қауiпсiздiк талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiне нақты қатер төнген реттерде көлiк құралдары мен жүргiншiлердiң жүрiп-тұруын ұйымдастыруға өзгерiстi соған уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар ғана белгiленген тәртiппен жүзеге асыруға тиiс.

      24-бап. Жолдарды жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу,
              күту және басқару кезiнде жол жүрiсi
              қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi
              негiзгi талаптар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу, күту және басқару стандарттарды және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты өзге де нормативтiк құқықтық құжаттар негiзiнде және соларды сақтай отырып орындалуға тиiс.
      Жолдарды жобалау, салу және қайта жаңарту кезiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiне терiс әсер ететiн инженерлiк шешiмдер есебiнен күрделi шығындарды азайтуға жол берiлмейдi.
      2. Жолдарды жобалаудың, салудың, жөндеудiң, күту мен басқарудың нормативтiк, жобалық және техникалық құжаттамасы жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Үкіметi белгiлейтiн тәртiппен келiсiлуге және бекiтiлуге тиiс.
      3. Салынған, қайта жаңартылған және жөнделген жолдардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты нормалар, ережелер, стандарттар және басқа да нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкестiгi жолдарды қабылдап алу актiсiмен куәландырылады. Жолдарды қабылдап алу актiсiн белгiленген тәртiппен өткiзiлген тексерiп қарау, зерттеулер мен сынақтан өткiзу нәтижелерi негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген орган тағайындайтын комиссия бередi.
      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде жолдардың жай-күйiнің белгiленген талаптарға сай болуы үшiн жауапкершiлiк жобалау кезеңiнде жобаны орындаушыға, ал қайта жаңарту және салу кезеңдерiнде жұмыстарды орындаушыға жүктеледi.
      4. Пайдалану процесiнде жолдардың жай-күйi белгiленген ережелерге, стандарттарға, техникалық және басқа да нормативтiк құжаттарға сәйкес келуiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндет жолды иеленушi (қарамағындағы) уәкiлдiк берiлген органдарға, заңды және жеке тұлғаларға жүктеледi.

      25-бап. Жолдағы жүрiстi шектеу немесе тоқтату

      1. Көлiк құралдарының жолдарымен жүруi дүлей зiлзала, жолдағы климат жағдайлары қолайсыз болған, бұқаралық шаралар өткiзiлген реттерде және жол жүрiсi қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн басқа да реттерде уақытша шектеледi немесе оған тыйым салынады.
      2. Көлiк құралдарының жолдармен жүруiн тоқтату немесе уақытша шектеу негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

IV тарау
Қорытынды ережелер

      26-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi
              мемлекеттiк қадағалау мен бақылау

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген органдар жүзеге асырады, олар туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      27-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
               саласындағы заңдарды бұзғандық үшiн
              жауапкершiлiк

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      28-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленгеннен өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi