Қазақстан Республикасының Президентi туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы N 2733 Конституциялық заңы.

Жаңартылған

     

      МАЗМҰНЫ

      Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентiнiң құқықтық жағдайын белгiлейдi.

      Ескерту. Тақырып пен кіріспе жаңа редакцияда - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

I тарау
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
мәртебесi

1-бап. Республика Президентi

      1. Республика Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.

      2. Республика Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.

      3. Республика Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.

      4. Республика Президентiне халық пен мемлекеттiң атынан сөйлеу құқығы берiледi.

      5. Республика Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды. Республика Президентiнiң абыройы мен қадір-қасиетiне нұқсан келтiру заң бойынша қудаланады.

2-бап. Республика Президентiн сайлау

      Республика Президентiн сайлау конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырылады.

3-бап. Республика Президентiнiң қызметiне кiрiсуi

      1. Республика Президентi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi. Республика Президентi анттың мәтiнiн мемлекеттiк тiлде айтады.

      2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде өткізіледі.

      Президент кезектен тыс сайлауда сайланған жағдайда не Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Президент өкілеттігін қабылдағанда, ант беру президенттік сайлау қорытындысы жарияланған не Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Бұл жағдайларда ант беру күнін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

      Ант беру салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың барлық бұрынғы Президенттерінің қатысуымен өткізіледі.

      3. Республика Президентi Республика Конституциясына ант етедi. Ант берiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнi орындалады. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Президентке Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн, омырауға тағатын белгiсiн, байрағын және "Алтын қыран" орденiн тапсырады.

      4. Егер бiр тұлға Республика Президентi болып екiншi өкiлеттiк мерзiмiне сайланған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң омырауға тағатын белгiсi, байрағы және "Алтын Қыран" орденi оған қайталап тапсырылмайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 378, 2011.02.03 № 404-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

4-бап. Республика Президентiнiң өкiлеттiк мерзiмi

      1. Республика Президенті бес жыл мерзімге сайланады.

      1-1. Кезектен тыс сайлауда сайланған Республика Президентінің өкілеттігі кезектен тыс сайлаудан кейін бес жылдан соң желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті сайлауда сайланған Республика Президенті лауазымына кіріскенге дейін жүзеге асырылады.

      2. Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен сәттен бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

      3. алып тасталды

      4. Бiр тұлға қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына қолданылмайды.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 378, 2007.06.19 N 265, 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.02.03 № 404-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

5-бап. Республика Президентi лауазымында болуға байланысты шектеулер

      1. Республика Президентiнiң өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға хақы жоқ.

      2. алып тасталды

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 , 2007.06.19. N 265 Конституциялық заңдарымен.

6-бап. Республика Президентiнiң айырым белгiлерi

      1. Республика Президентiнiң айырым белгiлерi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң омырауға тағатын белгiсi мен байрағы болады.

      2. Омырауға тағатын белгiнiң сипаттамасын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Байрақтың сипаттамасын, омырауға тағатын белгi мен байрақты ресми пайдалану тәртiбiн Республика Президентi белгiлейдi.

      3. Республика Президентi қызметi бойынша "Алтын Қыран" орденiнiң иесi болып табылады.

      4. "Алтын Қыран" орденiнiң сипаттамасы, аталған ордендi берудiң негiздерi мен тәртiбi Республика заңдарымен белгiленедi.

II тарау
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
өкiлеттiгi

7-бап. Республика Президентiнiң сыртқы саясаттағы өкiлеттiгi

      1. Республика Президентi:

      1) келiссөздер жүргiзедi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қояды;

      2) келiссөздер жүргiзуге және Республиканың мемлекетаралық шарттарына қол қоюға өкiлеттiк бередi;

      3) алып тасталды

      4) бекiту грамоталарына қол қояды;

      5) Республика жасасқан, бекiтуге жатпайтын халықаралық шарттардың күшiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдайды;

      6) Парламентке Республика жасасқан халықаралық шарттарды денонсациялау туралы ұсыныс енгiзедi.

      2. Республика Президентi Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады.

      3. Республика Президентi өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

8-бап. Республика Президентiнiң мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылық құрамын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады:

      2) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген әрi мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялар алысқаннан кейiн, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;

      3) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;

      4) Парламент Палаталарының бiрлескен отырысының қарауына Республика Қарулы Күштерiн бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн пайдалану туралы ұсыныс енгiзедi;

      5) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;

      6) Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiтедi;

      7) Республика азаматтарын мерзiмдi әскери қызметке шақыру және мерзiмдi әскери қызметтiң қызметшiлерiн запасқа шығару туралы шешiм қабылдайды;

      8) Парламент Сенатының келiсiмiмен Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасын қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

9-бап. Республика Президентiнiң Парламентке қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Парламентке және оның Палатасына кезектi және кезектен тыс сайлау тағайындайды;

      2) Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды сақтай отырып, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын тағайындайды. Сенаттың тағайындалатын мүшелері өкілеттіктерінен айырылған немесе олардың өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда бір ай мерзімде шығып қалғандардың орнына Сенат депутаттарын тағайындайды;

      3) сайлау нәтижелерi жариялаған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей Парламенттiң бiрiншi сессиясын шақырады;

      4) Парламент депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды;

      5) Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына кандидатура ұсынады;

      6) әдетте, Парламент сессияларын ашады;

      7) Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады, онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады;

      8) Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады; егер Парламент Конституцияның 54-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, бір ай ішінде заңға қол қояды;

      9) Парламенттiң қарауына Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы жоба беруге хақылы;

      9-1) заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына заңнамалық актілер жобаларын өзінің арнайы жолдауымен енгізеді;

      10) заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi;

      11) Парламент Палаталарының кез келген бiрлескен отырыстарына немесе оның Палаталарының бөлек отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар;

      12) Республика Конституциясының 57-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайда Yкімет мүшесiн қызметтен босатады;

      13) Конституцияда көзделген тәртіппен Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378, 2006.12.11. N 200 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.06.19. N 265; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

10-бап. Республика Президентiнiң Үкiметке қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Парламент Мәжілісінің келiсiмiмен Республиканың Премьер-Министрiн қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады;

      2) Премьер-Министр тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзімде оның енгізген ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады;

      3) Үкiмет мүшелерiнiң антын қабылдайды;

      4) жүйелi түрде Премьер-Министрдiң Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары туралы және оның барлық маңызды шешiмдерi туралы баяндамасын тыңдайды, оның барысында Премьер-Министр Үкiмет жұмысы туралы есеп бередi;

      5) Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін келіседі;

      5-1) мемлекеттік бағдарламаларды келіседі;

      6) ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді;

      7) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);
      8) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      9) егер Үкiмет пен оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыруы мүмкiн емес деп санаса немесе егер Парламент Мәжілісі не Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiрсе, олар мәлiмдеген орнынан түсуi туралы, сондай-ақ Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспейтiн немесе оны жүргiзбей отырған Үкiмет мүшесi мәлiмдеген орнынан түсуi туралы шешiмдi қабылдайды;

      10) Үкiмет немесе оның кез келген мүшесi мәлiмдеген орнынан түсудi он күн мерзiм iшінде қабылдайды немесе қабылдамай тастайды;

      11) Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуiн қабылдамай тастаған ретте оларға өз мiндетiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады;

      12) өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату, Премьер-Министр мен Үкiметтiң кез келген мүшесiн қызметтен босату туралы шешiм қабылдауға хақылы;

      13) өз актiлерiмен Үкiметке Республика Конституциясы мен заңдарында белгiленгеннен басқа атқару мiндеттерiн жүзеге асыруды жүктеуге хақылы;

      14) Республика Үкiметiне тапсырмалар бередi.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378, 2007.06.19. N 265; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

11-бап. Республика Президентiнiң Конституциялық Кеңеске қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен екi мүшесiн қызметке тағайындайды, конституциялық заңға сәйкес оларды мерзiмiнен бұрын қызметтен босатуға хақылы;

      2) Республика Конституциясының 44-бабының 10-1) тармақшасында және 72-бабында көзделген жағдайларда Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасайды.

      3) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Республика Президентiнiң соттарға және судьяларға қатысты өкiлеттігі

      Республика Президенті:

      1) Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесін негізге ала отырып, Республика Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын қызметке сайлау және қызметтен босату үшін Парламент Сенатына ұсынады;

      2) Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19. N 265 Конституциялық заңымен.

13-бап. Республика Президентiнiң прокуратура органдарына қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Парламент Сенатының келiсiмiмен Республиканың Бас Прокурорын бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады.

      2) Бас Прокурордың ұсынысы бойынша Республика Бас Прокурорының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) әр тоқсанда кемiнде бiр рет Бас Прокурордың елдегi заңдылықтың жай-күйi туралы есебiн тыңдайды.

14-бап. Республика Президентiнiң Орталық сайлау комиссиясына қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін тағайындайды;

      2) Орталық сайлау комиссиясы туралы Ереженi бекiтедi;

      3) Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының тағайындалған республикалық референдумға, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға әзiрлiк барысы туралы және референдум мен сайлау нәтижелерi жөнiндегi хабарламасын тыңдайды.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 265 Конституциялық заңымен.

15-бап. Республика Президентiнiң Ұлттық Банкке қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Парламент Сенатының келiсiмiмен Республика Ұлттық Банкiнiң Төрағасын қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады;

      2) Ұлттық Банк Төрағасының ұсынысы бойынша Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) әр тоқсанда кемiнде бiр рет Ұлттық Банк Төрағасының Республика Ұлттық Банкiнiң жұмысы туралы есебiн тыңдайды.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 265 Конституциялық заңымен.

16-бап. Республика Президентiнiң Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды, оларды қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатуға хақылы;

      2) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы Ереженi бекiтедi;

      3) әр тоқсанда кемiнде бiр рет Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi Төрағасының Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң жұмысы туралы хабарламасын тыңдайды.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

17-бап. Республика Президентiнiң әкiмдерге қатысты өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының әкімдерін қызметке тиісінше облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының келісімімен тағайындайды;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не толық немесе iшiнара тоқтата тұрады;

      3) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша әкiмдерге тапсырмалар бередi және олардың орындалуы жөнiнде әкiмдердiң есебiн тыңдайды;

      4) өз қалауы бойынша әкiмдердi қызметiнен босатуға, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының әкiмдерiне тиiстi мәслихаттар өз депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен сенiмсiздiк бiлдiрген жағдайда, оларды қызметтерiнен босатуға хақылы.

      4-1) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378, 2007.06.19. N 265; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

17-1-бап. Республика Президентiнiң өзiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдарға қатысты өкiлеттiгi

      1. Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының өкiлеттiгi жаңадан сайланған Президент қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады. Бұл орайда олар Мемлекет басшысы осы органдардың басшыларын тағайындағанға дейiн өз мiндеттерiн атқара бередi.

      2. Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының ұсынуы бойынша Республика Президентi:

      1) осы мемлекеттiк органдар туралы ережелердi, олардың құрылымы мен жалпы штат санын бекiтедi;

      2) егер Республика Президентi өзгеше белгiлемесе, Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн органдар басшыларының орынбасарларын, осы органдар ведомстволарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) аталған мемлекеттiк органдардың ведомстволарын құрады, таратады және қайта ұйымдастырады. Егер Республика Президентi өзгеше белгiлемесе, бұл ведомстволар орталық атқарушы органдардың ведомстволары үшiн көзделген мәртебенi иеленедi.

      3. Республика Президентi өзi белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар басшыларының аталған органдардың жұмысы туралы есептерiн тыңдайды.

      Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

18-бап. Республика Президентiнiң республикалық референдумға қатысты өкiлеттiгi

      1. Республика Президентi конституциялық заңға сәйкес өз бастамасы бойынша, Парламенттiң, Үкiметтiң немесе сан жағынан облыстардың, Республика астанасы мен республикалық маңызы бар қалалардың бәрiн бiрдей дәрежеде бiлдiретiн Республиканың сайлау құқығы бар кем дегенде екi жүз мың азаматының бастамасы бойынша республикалық референдум өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

      2. Республика Президентi Парламенттiң, Үкiметтiң немесе Республика азаматтарының референдум өткiзу туралы бастамасы бойынша мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) референдум өткiзу туралы;

      2) референдум өткiзбей-ақ, оның мәнi ретiнде ұсынылып отырған мәселе жөнiнде Республика Конституциясына, конституциялық заңына, заңына өзгертулер мен толықтыруларды немесе өзге шешiмдi қабылдау қажеттiгi туралы;

      3) референдум өткiзу туралы ұсынысты қабылдамай тастау туралы. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент Конституцияға осы өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi бұл заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады.

      3. Референдум бастамашыларының келiсiмiмен Республика Президентi оны өткiзгенге дейiн оның бастамашыларының өз еркiн неғұрлым анық бiлдiруi үшiн референдумға ұсынылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымын нақтылауға хақылы.

      Ескерту. 18-бап толықтырылды - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

19-бап. Республика Президентiнiң өзге де өкiлеттiгi

      Республика Президентi:

      1) жыл сайын Қазақстан халқына елдегi жағдай және Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы ауызша не жазбаша жолдау арнайды. Егер арнау Парламент сессиясында жария етiлсе, ол талқыланбайды, ол бойынша сұрақ қойылмайды;

      2) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бекiтуге құқылы;

      3) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды және құрметтi, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi; аталған наградалардан, атақтардан, шендерден, дәрежелер мен сыныптардан айырады;

      4) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, оны сақтау және одан шығу, Республика азаматтығын қалпына келтiру туралы шешiм қабылдайды;

      5) саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;

      6) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;

      7) Республика Мемлекеттiк хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды;

      7-1) Парламент Сенатына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кандидатурасын бес жыл мерзімге қызметке сайлау және қызметтен босату үшін ұсынады;

      8) ұлттық валютаның қолданылу тәртiбiн, мерзiмi мен шарттарын белгiлейдi;

      9) Президент Әкімшілігін жасақтайды; Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады;

      10) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;

      11) Премьер-Министрмен және Парламент Палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады;

      12) Республика Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378, 2007.06.19. N 265; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

III тарау
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
актiлерi

20-бап. Республика Президентi актiлерiнiң нысандары

      1. Республика Президентi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.

      2. Алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Республика Президентi қол қоятын Парламент актiлерi, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президент актiлерi, тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасы Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.

      4. Республика Президентi тиiстi Жарлықтар мен өкiмдер шығаратын мәселелер тiзбесi осы Конституциялық заңның 21 және 22-баптары бойынша анықталады. Қажет болған жағдайларда Республика Президентi өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде өзiнiң тиiстi өкiлеттiктерiнiң қандай акт нысанында, Жарлық немесе өкiм нысанында жүзеге асырылатындығын дербес анықтай алады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

21-бап. Республика Президентiнiң жарлықтары

      1. Республика Президентiнiң жарлықтары Республика Конституциясы мен заңдарының негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылады.

      2. Республика Президентiнiң жарлықтарымен:

      1) Президенттiң Республика Президентiнiң актiлерiн шығаруды талап ететiн конституциялық өкiлеттiгi жүзеге асырылады;

      2) мемлекеттiк билiктiң барлық тармақтарының келiсiмдi жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының Қазақстан халқы алдында Конституциямен және заңдармен белгiленген жауаптылығын қамтамасыз ету мәселелерi шешiледi;

      3) Парламенттiң заңдық құзыретiне кiрмейтiн, сондай-ақ Үкiмет пен басқа да мемлекеттiк органдардың заңмен белгiленген құзыретiне жатпайтын мәселелердi құқықтық реттеу жүзеге асырылады;

      4) Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтiк-саяси дамуының стратегиялық мәселелерi бойынша шешiмдер қабылданады.

      3. Республика Президентi шығаратын жарлықтардың ғана нормативтiк құқықтық акт күшi болады.

22-бап. Республика Президентiнiң өкiмдерi

      1. Республика Президентiнiң өкiмдерi Конституцияның, заңдардың және Президент жарлықтарының негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылады.

      2. Республика Президентiнiң өкiмдерiмен:

      1) әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке сипаттағы мәселелердi шешу жүзеге асырылады;

      2) Республика Президентiнiң құзыретiне сәйкес конституциялық мәртебесi жоқ лауазымды тұлғалар қызметке тағайындалады және босатылады.

23-бап. Республика Президентiнiң актiлерiн дайындау және оларды Президенттiң қарауына енгiзу

      1. Республика Президентi актiлерiнiң жобаларын дайындауды мыналар жүзеге асырады:

      1) Президент Әкімшілігі және Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар;

      2) Республика Үкiметi;

      3) Жоғарғы Сот;

      4) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      5) Республика Президентi белгiлейтiн өзге де мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалар.

      2. Республика Президентiнiң қарауына енгiзiлетiн актiлердiң жобалары:

      1) қазақ және орыс тiлдерiнде дайындалып, Президенттiң қарауына енгiзiледi;

      2) заң техникасы мен iс жүргiзу талаптарына сай келуге тиiс.

      3. Президент шығарған актiлердi нөмiрлеу Республика Президентiнiң өкiлеттiк мерзiмiне жүргiзiледi. Президент актiлерiнiң түпнұсқалары мен оған қосымша материалдар Президент Әкiмшiлiгiнiң тиiстi құрылымдық бөлiмшесiнде сақталады және заңда белгiленген мерзiм аяқталған соң Республика Президентiнiң Архивiне жiберiледi.

      4. Президент актiлерiнiң жобаларын дайындаудың заңмен белгiленген тәртiбiнiң сақталуын және оларды Мемлекет Басшысының қарауына ұсынылуын бақылауды Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы жүзеге асырады.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 265; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

24-бап. Республика Президентiнiң актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу, сондай-ақ олардың күшiн жою тәртiбi

      1. Өзгертулер мен толықтырулар:

      1) Республика Президентiнiң жарлықтарына Президент жарлықтарымен енгiзiледi;

      2) Республика Президентiнiң өкiмдерiне Республика Президентiнiң өкiмдерiмен енгiзiледi.

      2. Республика Президентi жарлықтарының күшiн жою Республика Президентi жарлықтарымен, Республика Президентi өкiмдерiнiң күшiн жою Республика Президентiнiң жарлықтарымен және өкiмдерiмен жүргiзiледi.

      3. Республика Президентiнiң бiрдей заң күшi бар актiлерiнiң арасында алшақтық туындаған жағдайда, егер Республика Президентiнiң тиiстi актiсiнде өзгеше көзделмесе, кейiнiрек күшiне енген акт басшылыққа алынуға тиiс.

25-бап. Республика Президентiнiң актiлерiн күшiне енгiзу мен жариялау тәртiбi

      1. Президенттiң нормативтiк сипаты бар актiлерi, егер Президент өзгеше белгiлемесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң Республиканың бүкiл аумағында бiр мезгiлде күшiне енгiзiледi.

      2. Нормативтiк сипаты жоқ Президент актiлерi, егер Президент өзгеше белгiлемесе, оларға қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi.

      3. Президенттің актiлерi "Құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ресми жариялануға жатады.

      4. Президент актiлерi, сол сияқты өзге де баспа органдарында жариялануы, теледидар, радио арқылы, Интернетте жария етiлуi, телеграф, телефакс арқылы берiлуi, тиiстi мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларына таратылуы мүмкiн.

      5. Республиканың мемлекеттiк құпиялары немесе өзге де заңмен қорғалатын құпиясы баяндалған Президент актiлерi жариялауға жатпайды. Мұндай актiлердiң тұпнұсқаларында құпиялық белгiсi қойылады және олар белгiленген тәртiппен өздерiнiң күшi қолданылатын органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың назарына жеткiзiледi. Президенттiң аталған актiлерiнiң мазмұны белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралдарында баяндалуы мүмкiн.

      Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 265; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

IV тарау
Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен
бұрын босату, кетiру

26-бап. Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату, кетiру

      1. Президент науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламенттiң шешiмi арқылы қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.

      2. Президент өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiнде жасаған iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда, яғни соғыс не қарулы қақтығыс кезiнде жау жағына шығып кету, шет мемлекеттiң Республикаға қарсы дұшпандық әрекетiн жүзеге асыруына көмектесу арқылы көрiнген Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында әдейi жасаған жағдайда, жауап бередi және бұл үшiн Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн.

      3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Парламенттiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезеңде қозғалмайды.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.06.19. N 265 Конституциялық заңымен.

27-бап. Қазақстан Республикасының Президентi өкiлеттiгiнiң ауысуы

      1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына ауысады; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына ауысады; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Республиканың Премьер-Министрiне ауысады. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған адам тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкiлеттiгiн доғарады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өзiне Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған адамның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтыруларға бастамашы болуға құқығы жоқ.

      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

V тарау
Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiн
қамтамасыз ету

28-бап. Республика Президентiнiң қызметiн мемлекеттiк қамтамасыз ету

      Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiн қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.

29-бап. Республика Президентiнiң жалақысы және еңбек демалысы

      1. Республика Президентiнiң жалақысы заңдарда белгiленген тәртiппен анықталады.

      2. Республика Президентiне жыл сайын қырық бес күнтiзбелiк күн мерзiмiне ақылы еңбек демалысы берiледi.

30-бап. Республика Президентiн қамтамасыз ету

      1. Республика Президентi қызметiнде болған кезеңге осы қызметке сайланған тұлға Республика аумағында резиденциялармен, Республика астанасында қызмет пәтерiмен және мемлекеттiк саяжаймен қамтамасыз етiледi.

      2. Республика Президентi арнайы мақсаттағы автокөлiкпен, арнайы жабдықталған ұшақтармен және тiкұшақтармен, сондай-ақ арнайы жабдықталған көлiк құралдарының өзге де түрлерiмен қамтамасыз етiледi.

      3. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне тұрғын үй және көлiк қызметiн көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы, сондай-ақ өздерiнiң құзыретiне сәйкес Мемлекеттік күзет қызметi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қамтамасыз етедi.

      4. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне медициналық, санаторий-курорттық қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы қамтамасыз етедi.

      5. Арнайы байланыс құралдарымен қамтамасыз етудi Мемлекеттік күзет қызметi жүзеге асырады.

      5-1. Республика Президентi қызметiнiң бүкiл кезеңiне Республика Президентiнiң жеке кiтапханасы мен жеке мұрағаты құрылады және қалыптастырылады.

      Ескерту. 30-бап 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

31-бап. Республика Президентiн күзету

      1. Республика Президентiн күзету Мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөлімшесіне жүктеледі.

      2. Республика Президентiнiң зайыбы (жұбайы) және Президентпен бiрге тұратын басқа да отбасы мүшелерi күзетiлуге тиiс.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

32-бап. Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгi

      Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгi мемлекеттiк орган болып табылады, оған мыналар жүктеледi:

      1) Республика Президентiнiң қызметiн қамтамасыз ету;

      2) Республика Президентiн елдегi iстiң жайы туралы уақтылы әрi толық хабардар етiп отыру;

      3) Республика Президентiнiң шешiмдерiн сөзсiз және тыңғылықты орындау және олардың орындалуын бақылау;

      4) Мемлекет Басшысы белгiлейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

33-бап. Республика Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар, мекемелер мен ұйымдар

      1. Республика Президентінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру және оның қызметін қамтамасыз ету мақсатында консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жоғары Сот Кеңесі, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар құрылады.

      2. Республика Президенті:

      1) консультативтік-кеңесші органдардың, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің құрамын айқындайды, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдарды құрады;

      2) консультативтік-кеңесші органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдардың басшы лауазымды адамдарын тағайындайды;

      3) консультативтік-кеңесші органдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар туралы ережелерді бекітеді;

      4) консультативтік-кеңесші органдардың басшы лауазымды адамдарының осы органдар жұмысы туралы есептерін, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының есептерін тыңдайды.

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аппараттарының, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы аппаратының қызметкерлері Республика Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.

      4. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру және оның өкілеттіктері заңда айқындалады.

      Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - ҚР 22.12.2017 № 119-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

VI тарау
Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенттерi

34-бап. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң мәртебесi

      1. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.

      2. Республиканың экс-Президенттерi құқығы жөнiнде өмiр бойы Республика Конституциялық Кеңесiнiң мүшелерi болып табылады.

      3. Республиканың экс-Президентi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырыстарына, Республика Президентiнiң қызметке кiрiсуiне, Республиканың мемлекеттiк мерекелерiне арналған салтанатты мәжiлiстерге және мемлекет өткiзетiн өзге де iс-шараларға қатысуға хақылы.

      4. Республиканың экс-Президентiне, оның абырой мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды. Республика экс-Президентiнiң абыройы мен қадiр-қасиетiне қол

      сұғушылық заң бойынша қудаланады.

35-бап. Республиканың экс-Президенттерiн қамтамасыз ету

      1. Республиканың экс-Президентiн қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Республиканың экс-Президентiне өмiр бойы:

      1) Республика Президентiнiң шешiмiмен Республика Президентi лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындалады. Бұл ретте Республика экс-Президентiнiң осы Конституциялық заңның шарттарымен белгiленген зейнетақысы Республика Президентiнiң лауазымдық жалақысының өсуi ескерiлiп, арттырылып отырады;

      2) қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттiк саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiлiп, ел iшiнде тегiн жүрiп-тұру, тегiн медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi көрсетiледi;

      3) <*>

      2-1. Қазақстан Республикасы Президентінің жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары Республика Президенті ретіндегі қызметтік жұмысы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экс-Президентінің меншігінде болады.

      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

36-бап. Республика экс-Президенттерi құқықтарының кепiлдiктерi

      Республиканың экс-Президентi, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң Республика Президентi өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.

VII тарау
Қорытынды ережелер

37-бап. Өзге заң актiлерiнiң Республика Президентiнiң қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi қолданылуы

      Республика Президентiне мемлекеттiк қызмет, еңбек және зейнетақы туралы заңдардың нормалары қолданылмайды.

38-бап. Осы Конституциялық заңның күшiне ену тәртiбi

      Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06. N 378 Конституциялық заңымен.

Қазақстан Республикасының
Президентi