Осы Заң шетелдiк инвестицияларды Қазақстан Республикасының экономикасына тартудың басты құқықтық және экономикалық негiздерiн белгiлейдi, шетелдiк инвестицияларды қорғаудың мемлекеттiк кепiлдiктерiн бекiтедi, оларды жүзеге асырудың ұйымдық нысандарын, шетелдiк инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiлейдi.
1-бап. Негiзгi терминдер мен ұғымдар
"Инвестициялар"
- табыс алу мақсатында кәсiпкерлiк қызмет объектiлерiне салынатын мүлiктiк және санаткерлiк қазыналардың барлық түрi, оның iшiнде:
- жылжитын және жылжымайтын мүлiк пен мүлiктiк құқықтар, ұстап қалу құқығы, импортталған және өңдемей сатуға арналған тауарлардан басқалары;
- акциялар және коммерциялық ұйымдарға қатысудың өзге де нысандары;
- облигациялар мен басқа да борыштық мiндеттемелер;
- ақша сомаларын, тауарларды, қызмет көрсету және инвестицияларға байланысты шарттар бойынша кез келген өзге орындауды талап ету;
- авторлық құқықтарды, патенттердi, тауарлық белгiлердi, өнеркәсiп үлгiлерiн, технологиялық процестердi, ноу-хауды, нормативтiк-техникалық, сәулеттiк, конструкторлық және технологиялық жобалық құжаттаманы қоса, санаткерлiк қызмет нәтижелерiне құқық;
- қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензияға негiзделген немесе мемлекеттiк орган өзге де нысанда берген кез-келген құқық;
"Инвестициялау"
пайда (табыс) алу мақсатында кәсiпкерлiк қызмет объектiлерiне шетелдiк инвестициялар салуды жүзеге асыруға байланысты қызмет.
"Шетелдік инвестициялар"
- Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының жарғылық капиталына қатысу, сондай-ақ оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына заемдар (несиелер) беру нысанында жүзеге асырылатын инвестициялар және Қазақстан Республикасының лизинг туралы заңдарында көзделген шарттармен лизинг нысаналарын беру.
"Шетелдiк инвестор"
:
- шетелдiк заңды тұлғалар;
- шетелдiк азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шет елде тұрақты тұрғылықты жерi бар Қазақстан Республикасының азаматтары, бұл орайда олар шаруашылық қызметтi жүргiзу үшiн азаматтығын алған немесе тұрақты тұрғылықты жерi орналасқан елде тiркелген болуы керек;
- шет мемлекеттер;
- халықаралық ұйымдар;
оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары.
"Ұлттық инвестор"
- Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жеке тұлға және (немесе) Қазақстан Республикасында инвестицияны жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы.
"Шетелдiк заңды тұлға"
- шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлға (компания, фирма, кәсiпорын, ұйым, қауымдастық және т.б.)
"Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы"
- Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған заңды тұлға (соның iшiнде шетел қатысатын кәсiпорын).
"Шетел қатысатын кәсiпорын"
- Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және шетелдiк кәсiпорын немесе бiрлескен кәсiпорын нысанында iс-қимыл жасайтын заңды тұлға.
"Шетелдiк кәсiпорын"
- Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, толығымен шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын.
"Бiрлескен кәсiпорын"
- Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, мүлкiнiң (акциялардың, үлестiң) бiр бөлiгi шетелдiк инвесторға тиесiлi шетел қатысатын кәсiпорын.
"Кiрiстер"
- пайданы, дивидендтердi, кәсiпорынды басқарғаны, техникалық қызмет көрсеткенi үшiн сыйақыны және басқа да кез келген табыстарды қоса алғанда, ақшалай немесе заттай нысандағы инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесiнде алынған қаражат.
"Уәкiлеттi мемлекеттiк орган"
- заң және нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген өз құзыретi шеңберiнде Қазақстан Республикасы атынан әрекет жасауға хақылы мемлекеттiк орган.
"Инвестициялық дау"
- шетелдiк инвестор мен Қазақстан Республикасының атынан уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар арасында шетелдiк инвестициялауға байланысты туындайтын кез келген дау, оның iшiнде:
- уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында немесе қолданылып жүрген құқықта көзделген шетелдiк инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн бұзатын әрекеттерiне;
- Қазақстан Республикасының шетелдiк инвестициялар мен инвестициялық қызмет саласындағы заңдарын бұзатын шетелдiк инвесторлардың әрекеттерiне;
- Қазақстан Республикасы мен шетелдiк инвестор арасындағы кез келген келiсiмге;
- шетелдiк инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты дау.
"Қолданылатын құқық"
- егер инвестормен жасалған келiсiм-шарт ережелерiнде немесе өзге де келiсiмде тiкелей өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының құқығы.
Заң актiлерiнде қолданылатын құқық ретiнде тек Қазақстан Республикасының құқығы ғана алынатын жағдайлар көзделуi мүмкiн.
"Тікелей шетелдік инвестициялар"
- оларға қатысты шетелдік инвесторлар осындай заңды тұлғалар қабылдаған шешімдерді белгілеуге құқығы бар жаңадан құрылған және жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялар.
"Портфельдік шетелдік инвестициялар"
- шетелдік инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялардың өзге де түрлері.
ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгертiлдi және жаңа абзацтармен толықтырылды
- Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 1-бап өзгертiлдi және жаңа абзацтармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.02. N 466
Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 1-баптың 3-бөлігі толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 75
Заңымен.
2-бап. Шетелдiк инвестициялардың объектiлерi
Шетелдiк инвестициялар Қазақстан Республикасының заң құжаттарында осындай инвестицияларға тыйым салынбаған кез келген объектiлерге және қызмет түрлерiне салынуы мүмкiн.
1. Қазақстан Республикасындағы шетелдiк инвестицияларға байланысты қатынастар осы Заңмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен реттеледi.
2. Заемдар, несиелер, нысаналы банк және қаржы салықтарын беруге байланысты, Портфельдік инвестициялармен жүзеге асырылатын заемдар, несиелер, нысаналы банк және қаржы салымдарын беруге байланысты, сондай-ақ шетелдегi ұлттық инвесторлардың инвестицияларына байланысты қатынастар арнаулы заңдармен реттеледi. Осы қатынастарды реттейтiн заң актiлерi қабылданғанға дейiн, егер мұның өзi қатынастардың мәнiне қайшы келмесе, оларға осы Заңның нормалары қолданылады.
Егер арнаулы экономикалық аймақтар туралы заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, еркiн экономикалық аймақтарда шетелдiк инвестицияларды жүзеге асыруға осы Заңның қалыптары қолданылады.
3. Экономиканың басым секторларындағы инвестициялық қызметтi мемлекеттiк қолдау процесiнде туындайтын қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiмен реттеледi.
4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
ЕСКЕРТУ. 3-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165 Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 3-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.02. N 466
Заңымен
.
II тарау. Шетелдiк инвестицияларға берiлетiн
кепiлдiктер
4-бап. Шетелдiк инвестициялардың құқықтық режимi
1. Шетелдiк инвестициялардың кез келген нысандары мен соларға байланысты, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында тыйым салынбаған қызмет осындай жағдайда Қазақстан Республикасы жеке тұлғаларының немесе заңды тұлғаларының, не өзге де кез келген шетелдiк жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың инвестицияларына қаншалықты қолайлы жағдайлар жасалатынына қарай, олардан қолайлылығы жағынан кем түспейтiн жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Бұл режим:
а) басқа мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғаларына осы мемлекеттермен, не халықаралық конвенцияларға сол мемлекеттермен бiрлесiп қатысу арқылы жасалған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы беретiн артықшылықтарға;
б)
б) Қазақстан Республикасының заң құжаттарында тiкелей көзделген өзге де жағдайларда қолданылмайды.
3. Экономика мен әлеуметтiк саланың басымдық берiлген салаларында шетелдiк инвестициялар үшiн белгiленуi мүмкiн.
4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiгiне сүйене отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде шетелдiк инвесторлардың немесе шетел қатысатын кәсiпорындардың инвестициялық қызметi шектелетiн немесе оған тыйым салынатын аумақтар белгiленуi мүмкiн.
5. Осы Заңның 6, 7, 8, 9, 10, 12, 13, 27-баптарында көзделген шетелдiк инвесторларға арналған кепiлдiктер жарғылық қорындағы шетелдiк инвесторлардың үлесi кемiнде 35 процент немесе ақшаға балағанда кемiнде 1 миллион АҚШ долларын құрайтын шетел қатысатын кәсiпорындардың мүдделерiн қорғауға да қолданылады.
Ескерту. 4-баптың 4-тармағына өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 1995.10.05. N 2488
жарлығымен.
ЕСКЕРТУ. 4-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
5-бап. <*>
ЕСКЕРТУ. 5-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
6-бап. Заңдар өзгерген жағдайдағы кепiлдiктер
1. Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесiнде және (немесе) халықаралық шарттар ережелерiнiң күшiне енуiне және (немесе) өзгеруiне байланысты шетелдiк инвестордың жағдайы нашарлаған ретте шетелдiк инвестицияларға 10 жыл бойы инвестицияларды жүзеге асырған кезде қолданылған заңдар қолданылады, ал мемлекет уәкiлдiк берген органдармен жасалған ұзақ мерзiмдi (10 жылдан астам) келiсiм-шарттар бойынша жүзеге асырылатын инвестицияларға, егер келiсiм-шартта өзгеше көзделмесе, келiсiм-шарт қолданылатын мерзiм аяқталғанға дейiн қолданылады.
Заңдардағы өзгерiстердiң нәтижесiнде және (немесе) халықаралық шарттар ережелерiнiң күшiне енуiне және (немесе) өзгеруiне байланысты шетелдiк инвестордың жағдайы жақсарған ретте шетелдiк инвестор мен республиканың өкiлi болып табылатын уәкiлеттi мемлекеттiк органның арасындағы келiсiм-шарттардың жекелеген ережелерi қатысушылардың экономикалық мүдделерiн теңдестiруге қол жеткiзу мақсатымен тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгертiлуi мүмкiн.
2. Лицензия негiзiнде инвестициялық қызметтi жүзеге асыру кезiнде осы баптың бiрiншi тармағында көзделген кепiлдiк бiрiншi тармақта белгiленген мерзiм iшiнде - лицензияның қолданылуы тоқтатылғанға дейiн, ал оны ұзартқан жағдайда лицензия ұзартылған мерзiм аяқталғанға дейiн сақталады.
3. Бұл талаптар қорғаныс қабiлетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк пен денсаулық сақтау және адамгершiлiк аясындағы Қазақстан Республикасы заңдарына енгiзiлген өзгерiстерге қолданылмайды. Заңдарға осы салаларда шетелдiк инвестордың жағдайын нашарлататын өзгерiстер енгiзiлген кезде шетелдiк инвесторға инвестицияланған валютаға, не шетелдiк инвестордың Қазақстан Республикасымен келiсiмiнде белгiленген шетелдiк валютаға пара-пар және тиiмдi өтем кiдiрiссiз төленуге тиiс.
4. Осы баптың 1-тармағында белгiленген кепiлдiктер акцизделетiн тауарларды импорттау мен (немесе) өндiру, және (немесе) өткiзу, сондай-ақ өңдемей сатуға арналған тауарларды импорттау тәртiбi мен шарттарын (оның iшiнде салық салу мәселелерi мен мемлекеттiк реттеудiң өзге де шараларын) өзгертетiн Қазақстан Республикасының заңдарындағы өзгерiстерге және (немесе) Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттардың күшiне енуiне және (немесе) өзгерiстерiне қолданылмайды.
ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен
.
7-бап. Экспроприациялаудан қорғау кепiлдiктерi
1. Шетелдiк инвестицияларды Ұлт меншiгiне алуға, экспроприациялауға немесе оларға ұлт меншiгiне алу мен экспроприациялау (бұдан әрi - экспроприациялау) сияқты зардаптары бар өзге де шаралар қолдануға болмайды, бұған экспроприациялау тиiстi заң тәртiбiн сақтай отырып, қоғам мүдделерiне орай жүзеге асырылатын және пара-пар әрi тиiмдi өтем кемсiтпей дереу төленетiн жағдайлар қосылмайды.
2. Экспроприацияланатын инвестициялардың өтемi инвесторға экспроприациялау туралы белгiлi болған кездегi әдiлеттi рыноктық құнға тең болуға тиiс.
3. Өтем экспроприация күнiнен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейтiн ставка бойынша өтем төленетiн күнге дейiнгi кезең iшiнде төленуге тиiстi ақшаны пайдалану үшiн төленетiн ақыны қамтуға тиiс.
ЕСКЕРТУ. 7-баптың 3-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
8-бап. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың
заңсыз iс-әрекетiнен қорғау кепiлдiктерi
Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзып қабылдаған және шетелдiк инвестордың құқықтық жағдайын нашарлататын актiлерiнiң заңды күшi болмайды.
ЕСКЕРТУ. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
9-бап. Шетелдiк инвесторларға өтем төлеу және
зиянының орнын толтыру
1. Инвестицияларына соғыстың немесе басқа да қарулы жанжалдың, революцияның, төтенше жағдайдың, азаматтық қақтығыстардың немесе сондай жағдайлардың салдарынан, сондай-ақ заңсыз қалыпты құжаттар мен шешiмдер қабылдауға немесе мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерi жүзеге асыруына байланысты Қазақстан Республикасында нұқсан келтiрiлген шетелдiк инвесторларға өтем төлеген кезде қолайлылығы жағынан жоғарыда көрсетiлген жағдайлар салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары зиянының орнын толтыруда қолданылатыннан кем емес режим жасалады.
2. Осы Заңның 8-бабында аталған органдар мен адамдардың әрекеттерiмен шетелдiк инвесторлардың шаруашылық қызметiн заңсыз кiдiрту, шектеу немесе тоқтату арқылы келтiрiлген зиян оған инвестиция жасалған валютамен немесе онымен келiсiлген басқа валютамен заңсыз шешiм қабылдаған орган қаржыландырылған бюджет есебiнен осы Заңның 7-бабында көзделген көлемде және тәртiпте өтеледi.
ЕСКЕРТУ. 9-баптың 2-тармағы толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
10-бап. Кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерi
1. Шетелдiк инвесторлар өз қызметiнен алған кiрiстердi өз қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қайта инвестициялау үшiн, тауарлар сатып алу үшiн және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да мақсаттар үшiн пайдалануға құқылы.
2. Шетелдiк инвесторлар кiрiстерi мен басқа да қаражаттарын сақтау және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының банкiлер туралы және валюталық реттеу туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы банкiлерде ұлттық және шетелдiк валютамен есепшот ашуға құқылы.
11-бап. Жеке валюта қаражатын пайдалану кепiлдiктерi
1. Шетелдiк инвесторлар валюта операцияларын осы Заңда белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының валюталық реттеу туралы заңдарына сәйкес жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рәсiмдерге сәйкес салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдер төленген жағдайда, шетелдiк инвестицияларға байланысты Қазақстан Республикасына және одан шетелдiк валютамен ақша аударымдарының бәрi еркiн және кiдiрiссiз жүзеге асырылады.
Мынадай аудармаларға, атап айтқанда, мыналар енгiзiледi:
а) кiрiстер;
б) келтiрiлген зиян үшiн алынған өтемдер мен төлемдер;
в) өз мүлкiн сатудан алынған қаражат;
г) инвестициялардың бiр бөлiгiн немесе бәрiн сатудан немесе жойып жiберуден түскен ақша;
д) басқа да көздерден заңды түрде алынған қаражат.
Шетел қатысатын кәсiпорын валюталық реттеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша шетел валютасымен есеп айырыса алады.
Шетелдiк инвестор мен шетел қатысатын кәсiпорын өзiне тиесiлi ұлттық валютаға еркiн билiк жүргiзуге хақылы.
ЕСКЕРТУ. 11-баптың 2-тармағының 8-9-азатжолдары жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
12-бап. Шетелдiк инвесторлардың қызметiндегi жариялылық
1. Шетелдiк инвестицияларға қатысты барлық қалыпты құжаттар, сондай-ақ сот шешiмдерi мүдделi адамдар таныса алатын болуға тиiс.
2. Коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты есептемегенде, заңды тұлғаларды тiркеу туралы, олардың жарғылары туралы, қозғалмайтын мүлiктер жөнiндегi мәмiлелердi тiркеу туралы, берiлген лицензиялар туралы ақпаратпен шетелдiк инвесторлардың еркiн танысуы қамтамасыз етiледi.
13-бап. Мемлекеттiк тексеру кезiндегi кепiлдiктер
1. Шетелдiк инвестордың қызметiн тексерудi, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру құқығын Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен осы құқық арнайы берiлген мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар ғана пайдаланады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындардың қаржы-шаруашылық қызметiн тексерудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
3. Мемлекеттiк салық, санитариялық және басқа инспекциялар мен мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының тексерулерi олардың құзыретiне сәйкес жүзеге асырылады. Шетелдiк инвесторлар бұл органдардың өз құзыретiне жатпайтын мәселелер жөнiндегi талаптарын орындамауға және олардың қызметi мәнiне қатысы жоқ материалдармен таныстырмауға құқылы.
III тарау. Шетел қатысатын кәсiпорындарды
құру және тарату
14-бап. Шетел қатысатын кәсiпорындарды құру тәртiбi
Шетел қатысатын кәсiпорындар шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғам нысанында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де нысандарда құрылуы мүмкiн.
Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, шетел қатысатын кәсiпорындар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары құрылатын тәртiп бойынша құрылады.
15-бап. Шетел қатысатын кәсiпорындардың жарғылық
капиталын қалыптастыру
1. Шетел қатысатын кәсiпорынның жарғылық капиталының қалыптастырудың мөлшерi, тәртiбi мен мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
2. Жарғылық капиталға салымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша үйлер, ғимараттар, жабдықтар және басқа да материалдық қазыналар, жердi, суды және басқа да табиғи ресурстарды, сондай-ақ интеллектуалдық қызмет нәтижелерiне құқықты қоса алғанда, өзге де мүлiктiк құқықтарды пайдалану құқығы түрiнде енгiзiлуi мүмкiн.
3. Жарғылық капитал кәсiпорындардың шаруашылық қызметiн алынатын пайда мен басқа да түсiмдер есебiнен, ал қажет болған жағдайда оған қатысушылардың қосымша салымдары есебiнен де толықтырылып отыруы мүмкiн. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiне тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды тәуелсiз сарапшы растауға тиiс.
4. Қазақстандық және шетелдiк қатысушылардың бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталындағы мүлiктiк салымдарының үлестерi қатысушылар арасындағы уағдаластық бойынша заңды тұлға тiркелген күнгi дүниежүзiлiк рыноктың бағасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген бағаларды қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен де, шетелдiк валютамен де белгiленедi. Жарғылық капиталға салымды бағалауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
5. Жарғылық капиталдың ақшасы Қазақстан Республикасында тiркелген уәкiлеттi банкiде сақталуға тиiс.
6. Шетелдiк инвесторлар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы ретiнде құрылған акционерлiк қоғамнан акциялар жабық не шаруашылық серiктестiктен үлес сатып алу жолымен шетелдiк инвестицияларды жүзеге асырған жағдайда бұл заңды тұлғалар шетел қатысатын кәсiпорын ретiнде осы Заңның 16-бабында белгiленген тәртiп бойынша қайта тiркеуге тиiс.
ЕСКЕРТУ. 15-бапқа өзгерiс енгiзiлдi, 7-тармақ 6-тармақ болып саналды - Қазақстан Республикасының 1996.07.15. N 30-1
Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 15-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154
Заңымен
.
ЕСКЕРТУ. 15-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.04.22. N 221
Заңымен.
16-бап. Шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк
тiркеу
1. Шетел қатысатын кәсiпорындарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тiркеуге арналған Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Шетел қатысатын кәсiпорын осы тәртiп бойынша көзделген құжаттардан басқа мыналарды табыс етуге тиiс:
а) шетелдiк заңды тұлға үшiн сол субъект өз елiнiң заңдары бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын сауда тiзiлiмiнен алынған көшiрме немесе басқа құжат, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге;
б) шетелдiк жеке тұлға үшiн жеке тұлғаның өзiн куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшiрме нұсқасы, нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге.
3. Шетел қатысатын кәсiпорындардың кейбiр түрлерiн тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының тиiстi заң құжаттарымен қосымша құжаттарды табыс ету қажеттiгi көзделуi мүмкiн.
ЕСКЕРТУ. 16-тармаққа өзгерiстер енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1996.07.15. N 30-1
Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 16-тармақ өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165 Заңымен.
17-бап. Шетел қатысатын кәсiпорындардың қызметiне
лицензия беру
1. Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлетiн, шетел қатысатын кәсiпорындар алуға мiндеттi лицензиялар жалпы және арнаулы лицензиялар болып бөлiнедi.
2. Жалпы лицензиялар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң меншiк нысандары мен мемлекеттiк бағынысына қарамастан шаруашылық жүргiзушi барлық субъектiлер үшiн лицензия алу мiндеттi болып табылатын кәсiпкерлiк қызмет түрлерiне қатысты. Шетел қатысатын кәсiпорындардың мұндай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия алуы Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары үшiн белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
3. Арнаулы лицензиялар шетел қатысатын кәсiпорындар жөнiнде ғана лицензия алу қолданылатын қызмет түрлерiне қатысты. Мұндай қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының заң құжаттарымен белгiленедi.
18-бап. Шетел қатысатын кәсiпорындарды тарату
және қайта құру
1. Шетел қатысатын кәсiпорындарды тарату және қайта құру Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары үшiн белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
2. <*>
ЕСКЕРТУ. 18-баптың 2-тармағы алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
IV тарау. Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары
мен өкiлдiктерiн тiркеу және олардың
қызметi
19-бап. Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен
өкiлдiктерi және олардың қызметi
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның филиалы оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, осы заңды тұлға мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн атқаратын оқшау бөлiмшесi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғаның өкiлдiгi оның Қазақстан Республикасында орналасқан және тiркелген, шетелдiк заңды тұлғаның мүдделерiн қорғайтын және оған өкiлдiк ететiн оның атынан мәмiлелер мен өзге де құқықтық iс-әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi болып табылады.
3. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болмайды. Оларға өздерiн құрған шетелдiк тұлға мүлiк бөледi және олар осы заңды тұлға бекiткен ереже негiзiнде iс-қимыл жасайды.
4. Филиалдар мен өкiлдiктердiң басшыларын шетелдiк заңды тұлға тағайындайды және олар өздерiне берiлген сенiмхат негiзiнде iс-қимыл жасайды.
20-бап. Шетелдiк заңды ұйымдардың филиалдары мен
өкiлдiктерiн тiркеу тәртiбi
1. Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн Қазақстан Республикасында шетел қатысатын кәсiпорындарды (осы Заңның 16-бабы) мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырушы органдар тiркейдi.
2. Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiн тiркеу Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының филиалдары мен өкiлдiктерiн тiркеу үшiн Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген ортақ ережелер бойынша жүргiзiледi. Тiркеуге арналған құжаттар нотариат бекiткен қазақ немесе орыс тiлдерiндегi аудармасымен бiрге табыс етiледi.
ЕСКЕРТУ. 20-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1996.07.15. N 30-1
Заңымен.
V тарау. Шетелдiк инвесторлар және шетел қатысатын кәсiпорындар қызметiнiң түрлерi мен
шарттары
ЕСКЕРТУ. Атауы сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165 Заңымен.
21-бап. Еншiлес кәсiпорындар, филиалдар мен өкiлдiктер
1. Шетел қатысатын кәсiпорын заңдарда белгiленген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде заңды тұлға құқықтары бар еншiлес кәсiпорындар, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктер құра алады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындардың филиалдары мен өкiлдiктерi заңды тұлға болмайды және өздерi туралы шетел қатысатын кәсiпорындар бекiтетiн ережелер негiзiнде жұмыс iстейдi.
1. Қазақстан Республикасына шетел қатысатын кәсiпорынның жарғылық қорына шетелдiк инвестордың салымы ретiнде әкелiнетiн жабдықтар мен олардың жиынтықтаушы қосалқы бөлшектерi кеден бажын төлеуден босатылады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындардың, шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң шетелдiк қызметкерлерiнiң жеке мүлкi кеден бажын төлеуден босатылады.
3. <*>
ЕСКЕРТУ. 22-баптың 1-2-тармақтары жаңа редакцияда, 3-тармағы алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
23-бап. Бухгалтерлiк есеп және есеп беру
1. Шет ел қатысатын кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бухгалтерлiк есеп жүргiзедi және қаржылық есептiлiк жасайды.
2. Салықтарды есептеу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
3. Шет ел қатысатын кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмде және нысандар бойынша меншiк иелерiне, мемлекеттiк статистика, мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарына олардың құзыретiне сәйкес жылдық қаржылық есептiлiк және аудиторлық қорытынды табыс етедi.
Ескерту. 23-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 1995.10.05. N 2488
Жарлығымен.
ЕСКЕРТУ. 23-баптың 1,3-тармақтары жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.06.02. N 115-I
Заңымен.
24-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары қатысатын
еңбек қатынастары
ЕСКЕРТУ. Атауы сөздермен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165 Заңымен.
1. Шетел қатысатын кәсiпорындарда жұмысқа жалдау мен босату, еңбек пен демалыс режимi мәселелерiн, еңбекке ақы төлеу, кепiлдiктер беру мен өтем төлеу ережелерiн қоса алғанда, өндiрiстiк және еңбек қатынастары ұжымдық шартпен (келiсiммен) де, жеке еңбек шарттарымен (келiсiм-шарттармен) де реттеледi.
2. Ұжымдық шарт (келiсiм) пен жеке еңбек шарттарының ережелерi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ережелермен салыстырғанда осы кәсiпорын қызметкерлерiнiң жағдайын нашарлатпауы керек.
3. Шетел қатысатын кәсiпорындағы кәсiптiк одақтардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде жүзеге асырылады.
25-бап. Шетелдiк қызметкерлер тарту
1. Шетел қатысатын кәсiпорындардың жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң, оның әкiмшiлiгiнiң, бақылау кеңесi мүшелерiнiң құрамына шетелдiк азаматтар кiре алады.
Шетел қатысатын кәсiпорындардың шетелдiк қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу, оларға демалыс беру, зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелерi олардың әрқайсысымен жасалатын жеке еңбек шарттарында (келiсiм-шарттарда) шешiлуге тиiс. Осы қызметкерлер өздерiнiң шетелдiк валютамен алатын жалақысының тиiстi салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдер төленгеннен кейiн шет мемлекеттерге аудара алады.
2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi жоқ шетелдiк қызметкерлермен еңбек қатынастарына, егер еңбек шартын (келiсiм-шартын) жасасушы тараптар оны жасасқан кезде немесе бұдан былайғы келiсiм негiзiнде еңбек қатынастарының жекелеген элементтерiн реттеп отыратын елдiң заңдарын таңдап алмаған болса, Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.
3. Қазақстан Республикасында шетелдiк инвесторлармен жасалған еңбек шарттары (келiсiм-шарттары) бойынша жұмыс iстейтiн шетелдiк азаматтардың еңбек қатынастары еңбек шартының тараптары (келiсiм-шартында) таңдап алған заңдармен реттеледi.
4. Шетел қызметкерiмен жасалған еңбек шартының (келiсiм-шартының) талаптары жалақы мөлшерi, әйелдердiң, жасөспiрiмдердiң, мүгедектердiң еңбегiн қолдану, сондай-ақ қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бөлiгiнде қызметкерлердi әлеуметтiк қорғаудың ең төменгi деңгейiн белгiлейтiн Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларына қайшы келмеуге тиiс.
ЕСКЕРТУ. 25-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
26-бап. Әлеуметтiк сақтандыру мен қамсыздандыру
1. Шетел қатысатын кәсiпорынның шетелдiк қызметкерлерiн зейнетақымен қамтамасыз етуге арналған төлемдер олардың тұрақты тұратын елдерiнiң тиiстi қорларына валютамен және сол елдердiң заңдарына сәйкес аударылады.
2. Шетел қатысатын кәсiпорындар қазақстандық қызметкерлердi мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру жарналарын Қазақстан Республикасының кәсiпорындары мен ұйымдары үшiн белгiленген ставкалар бойынша енгiзедi.
ЕСКЕРТУ. 26-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
1. Инвестициялық даулар, мүмкiндiгiнше, келiссөздер арқылы шешiледi.
2. Егер мұндай дауларды дауласушы кез келген бiр тараптың екiншi тарапқа жазбаша өтiнiш жасаған күнiнен бастап үш ай iшiнде келiссөз арқылы шешу мүмкiн болмаса, шетелдiк инвестордың жазбаша келiсiмi болған жағдайда дау кез келген тараптың қалауы бойынша:
1) Қазақстан Республикасының сот органдарына;
2) дауларды шешудiң келiсiлген, соның iшiнде келiсiм-шартта немесе дауласушы тараптар арасындағы кез келген өзге келiсiмде белгiленген рәсiмге сәйкес мынадай төрелiк органдарының бiрiне:
а) егер инвестордың мемлекетi Вашингтонда қол қою үшiн 1965 жылғы 18 наурызда ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi конвенцияның (ИКСИД Конвенциясы) қатысушысы болса, сол Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi халықаралық орталыққа (бұдан әрi - Орталық);
б) егер инвестордың мемлекетi ИКСИД Конвенциясының қатысушысы болмаса, Орталықтың Қосымша (Қосымша органның Ережелерi бойынша жұмыс iстейтiн) органына;
в) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөнiндегi Комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын төрелiк органдарына;
г) Стокгольмдегi Сауда Палатасының Төрелiк институтында төрелiк етiп қарауға;
д) Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасы жанындағы Төрелiк комиссиясына шешуге берiлуi мүмкiн.
3. Шетелдiк инвестор дауларды қараудың осы баптың 2-тармағының
2) тармақшасында көзделген рәсiмiн таңдаған жағдайда Қазақстан Республикасының келiсiмi алынған болып топшыланады. Шетелдiк инвестордың келiсiмi уәкiлеттi мемлекеттiк органға кез келген уақытта жазбаша өтiнiш беру арқылы немесе төрелiкке жүгiнген кезде берiлуi мүмкiн.
4. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган дауды шешудiң бастамашысы болған, ал шетелдiк инвестор дауларды қараудың белгiлi бiр рәсiмiн таңдаудан жалтарған жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттiк орган дауды бiтiмгершілiкпен реттеу мақсатымен шетелдiк инвесторға бiрiншi рет жазбаша хабарлаған күнiнен бастап үш ай өтiсiмен уәкiлеттi орган дауды Қазақстан Республикасының сот органдарына қарауға беруге хақылы.
Шетелдiк инвестор осы баптың 2-тармағында көзделген дауларды шешудiң өзге рәсiмiн таңдағаны туралы жазбаша өтiнiш берген жағдайда iстi қараушы сот iс жүргiзудi тоқтатады.
5. Осы бапқа сәйкес кез келген төрелiк iстi қарау, егер шетелдiк инвестор мен уәкiлеттi мемлекеттiк орган арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қол қойылған Шетелдiк төрелiк шешiмдердi тану және орындау туралы Конвенцияға (Нью-Йорк Конвенциясы) қатысушы мемлекетте өтуге тиiс.
6. Осы бапқа сәйкес шығарылған кез келген төрелiк шешiм инвестициялық дау тараптары үшiн түбегейлi және мiндеттi болады. Қазақстан Республикасында мұндай шешiм Қазақстан Республикасы сот органдарының шешiмдерi ретiнде де орындалады.
7. Шетелдiк инвесторлардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен инвестициялық дау санатына жатпайтын дауларын, егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының сот органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешедi.
ЕСКЕРТУ. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.01. N 165
Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президентi