Осы Заң Қазақ ССР Конституциясына және "Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы" Декларацияға сәйкес Қазақ ССР-інде тұратын еңбекке жарамсыз азаматтардың бәріне мемлекеттік (еңбек және әлеуметтік) пенсиялар беру арқылы олардың материалдық қамсыздандырылу правосына кепілдік береді.
Заң пенсиямен қамсыздандыруда теңгермешілік қатынасқа жол бермейді және еңбек пен оның нәтижелерін басты белгі деп таниды.
Заң пенсия деңгейінің, әсіресе табысы аз еңбекке жарамсыз азаматтардың пенсия деңгейінің арттырылуын көздейді, республика мен оның аймақтарының экологиялық, демографиялық және басқа да ерекшеліктерін ескереді, пенсионерлердің әлеуметтік қорғалуын, оның ішінде тұрмыс нарқының өзгеруіне, жалақының өсуіне және республика экономикасы тиімділігінің артуына байланысты пенсия мөлшерін жүйелі түрде ұлғайту арқылы қамтамасыз етеді.
І Бөлім. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-статья. Қазақ ССР-індегі азаматтардың мемлекеттік пенсиямен қамсыздандырылу правосы
Қазақ ССР территориясында тұратын азаматтардың, оның ішінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың осы Заңның шарттары бойынша пенсиямен қамсыздандырылуға правосы бар.
Аталған азаматтардың өз таңдауы бойынша "ССРО-да азаматтарды пенсиямен қамсыздандыру туралы" ССРО Заңының шарттары негізінде пенсиямен қамсыздандырылуға правосы бар.
Пенсиялық жеңілдіктер одақтық заңдармен белгіленген реттерде (Қиыр Солтүстік аудандарында және Қиыр Солтүстік аудандарына теңестірілген жерлерде жұмыс істеген адамдарға және басқаларға) азаматтарға пенсия тағайындау осы Заңның шарттары бойынша одақтық заңдарда белгіленген жеңілдіктер ескеріле отырып жүргізіледі.
2-статья. Әскери қызметшілер мен олардың семьяларын пенсиямен қамсыздандыру
Әскери қызметшілерді, сондай-ақ ішкі істер органдарының басқарушы және қатардағы құрамының адамдарын, олардың семья мүшелерін пенсиямен қамсыздандыру шарттары, нормалары мен тәртібі "Әскери қызметшілерді пенсиямен қамсыздандыру туралы" ССРО Заңымен реттеледі. Бұл орайда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге және олардың семья мүшелеріне пенсияның ең төменгі мөлшерін, пенсияға үстеме белгілеген және пенсияны арттырған кезде осы Заңның нормалары қолданылады.
Сондай-ақ әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының басқарушы және қатардағы құрамының адамдарына, олардың семья мүшелеріне де "ССРО-да азаматтарды пенсиямен қамсыздандыру туралы" ССРО Заңында және осы Заңда көзделген негізде пенсия алуға право беріледі. Бұл орайда ақшалай ақының барлық түрлері жұмысшылар мен қызметшілердің жалақысымен бірдей ескеріледі.
Осы Заңның Қазақ ССР территориясында күші бар.
Пенсия алмайтын адамдар, сондай-ақ Заң күшіне енгізілгеннен кейін Қазақ ССР-іне көшіп келген пенсионерлер үшін осы Заңның шарттары бойынша пенсия тағайындау және қайта есептеу Қазақ ССР-інде талап етілетін жұмыс стажының (жалпы немесе арнаулы) кем дегенде тең жартысы болған жағдайда жүргізіледі. Басқа реттерде пенсия тағайындау және қайта есептеу "ССРО-да азаматтарды пенсиямен қамсыздандыру туралы" және "Әскери қызметшілерді пенсиямен қамсыздандыру туралы" ССРО Заңдарының шарттары бойынша жүзеге асырылады.
Басқа егеменді республикалармен немесе мемлекеттермен жасасқан әлеуметтік қамсыздандыру туралы келісімдерде (шарттарда) осы Заңдағыдан өзгеше ережелер көзделген реттерде, тиісінше осы келісімдерде (шарттарда) белгіленген ережелер қолданылады.
4-статья. Мемлекеттік пенсияның түрлері
Осы Заң бойынша мынадай пенсия тағайындалады:
1. еңбек пенсиясы:
жасына байланысты;
мүгедектігіне байланысты;
асыраушысынан айрылуына байланысты;
еңбек сіңірген жылдары үшін;
2. әлеуметтік пенсия.
5-статья. Еңбек және әлеуметтік пенсиялар алуға правосы бар адамдар
Еңбек стажына есептелетін (осы Заңның 40-статьясының 1 - 14 тармақтары) қоғамдық пайдалы еңбекпен және өзге де қоғамдық пайдалы кызметпен шұғылданатын адамдардың және олардың семьяларының, сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп оқушыларының (осы 3аңның 23-статьясының 2-тармағының екінші бөлігі) еңбек пенсиясын алуға правосы бар.
Толық еңбек пенсиясын алу үшін жеткілікті стажы болмаған жағдайда азаматтардың осы Заңмен белгіленетін тәртіп бойынша стажы толық болмаған жағдайда пенсия алуға правосы бар.
Еңбек пенсиясын алу үшін талап етілетін шарттарға мүмкіндігі жоқ еңбекке жарамсыз азаматтардың (осы Заңның 39-статьясы) әлеуметтік пенсия алуға правосы бар.
Бір мезгілде әртүрлі мемлекеттік пенсия алуға правосы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір пенсия тағайындалады.
6-статья. Пенсия тағайындауға өтініш жасау
Пенсия алу правосы пайда болғаннан кейін кез келген уақытта, қандай да болсын мерзіммен шектеусіз пенсия тағайындауға өтініш жасауға болады.
Бұл орайда жасына байланысты және мүгедектігіне байланысты пенсия алуға өтініш жасалған уақытқа қарай жұмыс істеу тоқтатылғанына немесе одан әрі жалғаса беруіне қарамастан тағайындалады. Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия осы пенсияны алуға право беретін жұмысты тастаған жағдайда тағайындалады.
Осы Заң бойынша пенсиямен қамтамасыз етуді әлеуметтік қамсыздандыру органдары жүргізеді.
7-статья. Кәсіптік одақтардың еңбекшілерді пенсиямен қамсыздандыруға бақылау жасауы
Кәсіптік одақтар еңбекшілердің мүдделерін қорғау мақсатында осы Заңның дұрыс қолданылуын бақылауды жүзеге асырады.
8-статья. Пенсия төлеуге арналған қаржылар
Осы Заң бойынша пенсия төлеу ССРО Пенсия қоры Қазақ республикалық бөлімшесінің және республикалық бюджеттің қаржысынан жүзеге асырылады.
ССРО Пенсия қоры Қазақ республикалық бөлімшесінің қаржысы Қазақ ССР Мемлекеттік бюджетінің құрамына кірмейді және жұмыстың хауіптілігіне, зияндылығына, ауырлығына және басқа да еңбек шарты жағдайларына байланысты сараланған тарифтер бойынша әлеуметтік сақтандыру мақсаттарына, меншіктену, шаруашылық жүргізу формалары мен бағыныстылығына қарамастан, Қазақ ССР территориясында орналасқан кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер* бөлетін қаржылар, жеке еңбек қызметімен шұғылданатын адамдардың сақтық жарналары, азаматтардың белгіленген сақтық жарналары, одақтық бюджет қаржылары және азаматтар мен ұйымдардың ерікті түрде жинаған жылуы есебінен құралады.
ССРО Пенсия қорының Қазақ республикалық бөлімшесі Қазақ ССР әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне кіреді.
Пенсияға салық салынбайды.
__________
*Бұдан былай — егер осы Заңда өзгеше ескерілмеген болса, кәсіпорын деп алынады.
9-статья. Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің қарауына жататын мәселелер
Осы Заңда көзделгендермен қоса Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің қарауына пенсия тағайындау мен төлеу тәртібіне, азаматтардың жекелеген категорияларының стажын есептеу ерекшеліктерін анықтауға, осы Заңмен белгіленген кепілдіктердің сақталуына байланысты мәселелер де жатады.
II бөлім. ЕҢБЕК ПЕНСИЯСЫ
І-бөлімше. ЖАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БЕРІЛЕТІН ПЕНСИЯ
10-статья. Пенсия тағайындау шарттары
Жасына байланысты пенсия алуға:
еркектер - 60 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 25 жыл болған жағдайда;
әйелдер - 55 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда правосы бар.
11-статья. Жеңілдік шартпен тағайындалатын пенсия
Соңғы жұмыс орнына қарамастан жасына байланысты жеңілдік шартпен пенсия алуға мына адамдардың правосы бар:
1. толық жұмыс күні бойына жер асты жұмыстарында ерекше зиянды және еңбек жағдайлары ерекше ауыр жұмыстарда істейтін қызметкерлер - ССРО Үкіметі бекітетін өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, қызметтердің және көрсеткіштердің № I тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша:
еркектер - 50 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер - 45 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 15 жыл болып, оның кемінде 7 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда.
Жұмыс стажының кемінде тең жартысын ерекше зиянды және еңбек жағдайлары ерекше ауыр жұмыста істеген қызметкерлерге жеңілдік шарт бойынша пенсия осы Заңның 10-статьясында көзделген жас мөлшері әйелдер мен еркектерге осындай жұмыстың әрбір толық жылы үшін I жылға кемітіліп тағайындалады;
2. толық жұмыс күні бойына зиянды және еңбек жағдайлары ауыр басқа жұмыстарда істейтін қызметкерлер - ССРО Үкіметі бекітетін өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, қызметтердің және көрсеткіштердің № 2 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша:
еркектер - 55 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер - 50 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда.
Жұмыс стажының кемінде тең жартысын зиянды және еңбек жағдайлары ауыр жұмыстарда істеген қызметкерлерге жеңілдік шартпен берілетін пенсия осы Заңның 10-статьясында көзделген жас мөлшері еркектерге осындай жұмыстың әрбір 2 жыл 6 айы үшін — I жылға және әйелдерге осындай жұмыстың әрбір 2 жылы үшін — I жылға кемітіліп тағайындалады;
3. Колхоздардың, совхоздардың, ауыл шаруашылығының басқа да кәсіпорындарының биік таулы жайылымдарында, сондай-ақ шөл және шөлейт сусыз аймақтарында жұмыс істейтін шопандар, шопандардың көмекшілері, жылқышылар, түйешілер, малшылар (бақташылар):
еркектер — 55 жасқа толғанда және аталған жұмыста кемінде 25 жыл стажы болған жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және аталған жұмыста кемінде 20 жыл стажы болған жағдайда.
Биік таулы жайылымдардың, шөл және шөлейт сусыз аймақтардың тізбесі Қазақ ССР Министрлер Кабинеті белгілейтін тәртіппен анықталады;
4. шалғайдағы мал шаруашылығында жұмыс істейтін қызметкерлер:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 15 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда.
Шалғайдағы мал шаруашылығы қызметкерлері категориясының тізбесін Қазақ ССР Министрлер Кабинеті бекітеді;
5. колхоздарда, совхоздарда, ауыл шаруашылығының басқа да кәсіпорындарында тікелей ауыл шаруашылық өнімдері өндірісінде жұмыс істейтін тракторшы-машинистер — еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 20 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
6. тракторшы-машинистер, тракторлар мен экскаваторлар негізінде монтаждалған құрылыс, жол және жүк тиеу-түсіру машиналарының машинистері болып істейтін әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 15 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
7. колхоздардағы, совхоздардағы, ауыл шаруашылығының басқа да кәсіпорындарындағы сауыншы еркектер мен сауыншы әйелдер (машинамен сауу операторлары), шошқа өсіруші — операторлар, егістік суарушылар:
еркектер — 55 жасқа толғанда және аталған жұмыстағы стажы кемінде 25 жыл болған жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және аталған жұмыстағы стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда;
8. толық маусым бойына қант қызылшасы мен күріш өсіруде және оларды жинауда, мақта өсіру мен шиітті мақта жинауда, темекі өсіруде, жинауда және жинаудан кейінгі өңдеуде жұмыс істейтін әйелдер — 50 жасқа толғанда және аталған жұмыстағы стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда;
9. совхоздарда, колхоздарда және ауыл шаруашылығының басқа да кәсіпорындарында бұзау өсіруші және құс өсіруші болып істейтін әйелдер — 50 жасқа толғанда және аталған жұмыстағы стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда;
10. ССРО Үкіметі белгілейтін тәртіппен бекітілетін өндірістер мен кәсіптердің тізімі бойынша — станоктар мен машиналарда жұмыс істейтін тоқыма өндірісіндегі қызметкер әйелдер — 50 жасқа толғанда және аталған жұмыстағы стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда;
11. қалалық жолаушы транспортының (автобус, трамвай және троллейбус) жүргізушілері:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
12. мұнаралы крандардың машинистері болып істейтін әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 15 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
жүк таситын автомобиль транспортында жүргізуші болып істейтін әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
үйлерді, ғимараттарды және басқа да объектілерді салумен, қайта құрумен, техникалық жағынан кайта жабдықтаумен, қалпына келтірумен және жөндеумен шұғылданатын сылақшы және бояушы болып істейтін әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
13. мебель өндірісі кәсіпорындарының өңдеу цехтары мен учаскелерінде тікелей мебель жылтыратумен шұғылданатын жұмысшылар:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда.
Кәсіпорындар еңбекақы төлеуге арналған қаржыдан ССРО Пенсия қорының Қазақ республикалық бөлімшесіне қызметкер осы Заңның 10-статьясында көзделген пенсия жасына жеткенге дейін осы статьяның 2, 5, 7, 9, 11 - 13-тармақтарына сәйкес. 1992 жылы тағайындалған пенсия бойынша — 60 процент, 1993 жылы — 70 процент, 1994 жылы — 80 процент, 1995 жылы — 90 процент және 1996 жылы 100 процент мөлшерінде пенсия төлеуге жұмсалатын шығындарды жабатын ақы төлейді.
1996 жылдан бастап осы статьяның 2, 5, 7, 9, 11 — 13-тармақтарына сәйкес пенсия тағайындау мен төлеуді кәсіпорындар коллективтік шартпен белгіленетін тәртіп бойынша өз қаржысы есебінен жүргізеді.
1996 жылға дейінгі кезеңде басқа өндірістердің, кәсіптер мен қызметтердің қызметкерлеріне еңбек жағдайларына байланысты мерзімінен бұрын берілетін пенсия (бірақ еркектерге 55 жасқа толғаннан кейін және әйелдерге 50 жасқа толғаннан кейін) жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша кәсіпорындардың еңбекақы төлеуге арналған қаржысы есебінен белгіленуі мүмкін, ол пенсия төлеу үшін ССРО Пенсия қорының Қазақ республикалық бөлімшесіне қызметкер осы Заңның 10-статьясында көзделген пенсия жасына толғанға дейін аударылып тұрады.
Жеңілдікті пенсиямен қамсыздандыруға арналған тізімдердің дұрыс қолданылуына және кәсіпорындарда жұмыс орындарын аттестаттауды өткізу сапасына бақылау жасау, бұл тізімдерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу еңбек жағдайларын мемлекеттік сараптаудың республикалық органдарына жүктеледі.
12-статья. Жер асты және ашық кен жұмыстарында істейтін қызметкерлерді пенсиямен қамсыздандырудың ерекшеліктері
Көмір, сланец, руда және басқа пайдалы қазбалар өндіру жөніндегі жер асты және ашық кен жұмыстарында (кен құтқару бөлімдерінің адам құрамын қоса), шахталар мен кеніштер құрылысында тікелей толық жұмыс күні бойына істейтін қызметкерлер, егер олар бұл жұмыстарда кемінде 25 жыл істеген болса, жасына қарамастан, ал сол жұмыстардағы жетекші кәсіп қызметкерлері: тазарту забойының кен жұмысшылары, проходкалаушылар, кен қопару балғаларымен жұмыс істейтін забойшылар, кен қазу машиналарының машинистері, егер олар бұл жұмыстарда кемінде 20 жыл істеген жағдайда, пенсия алуға праволы.
Жер асты жұмыстарында еркектердің кемінде 10 жыл және әйелдердің кемінде 7 жыл 6 ай стажы болған жағдайда сол жұмыстарды әрбір толық жылы үшін осы Заңның 10-статьясында көзделген пенсия жасы 1 жылға кемітіледі.
Аталған адамдардың пенсияға шығуына право беретін жұмыстар мен кәсіптердің тізімін, жер асты және ашық кен жұмыстарындағы стажын есептеу тәртібін ССРО Үкіметі белгілейді.
13-статья. Қазақ ССР-інің экологиялық апат аймақтарында жұмыс істеген адамдарға жеңілдік шартпен тағайындалатын пенсия
Қазақ ССР-інің экологиялық апат аймақтарында жұмыс істеген адамдардың жеңілдік шартпен жасына байланысты пенсия алуға правосы бар:
еркектер — 55 жасқа толғанда және аталған аймақтардағы жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болған жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және аталған аймақтардағы жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда.
Қазақ ССР-інің экологиялық апат аймақтарын Қазақ ССР Министрлер Кабинеті, жекелеген реттерде — ССРО Министрлер Кабинеті және Қазақ ССР Жоғарғы Советі белгілейді.
14-статья. Балалары бар әйелдерді пенсиямен қамсыздандырудың ерекшеліктері
Ардақты аналардың жұмыс стажы кемінде 10 жыл болған жағдайда келген жасына қарамастан жасына байланысты жеңілдікті пенсия алуға правосы бар.
Ардақты аналардың аталған жұмыс стажы болмаған реттерде, оларға пенсия бар стажына сәйкес тағайындалады.
Бала тауып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің:
9 және одан көп баласы болса — 46 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 11 жыл болған жағдайда;
8 баласы болса — 47 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 12 жыл болған жағдайда;
7 баласы болса — 48 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 13 жыл болған жағдайда:
6 баласы болса — 49 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 14 жыл болған жағдайда;
5 баласы болса, сондай-ақ бала жасынан мүгедек балалардың аналары, бала жасынан мүгедек аналар немесе басқа себептер салдарынан І және II топтағы мүгедектігі бар аналар — 50 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 15 жыл болған жағдайда;
4 баласы болса — 51 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 16 жыл болған жағдайда жасына байланысты пенсия алуға правосы бар.
Осы статья бойынша жұмыс стажы балаларға күтім жасауға кеткен уақыт есептеліп белгіленеді (40-статьяның 9 және 10 тармақтары).
Осы статьяның шарттары бойынша жасына байланысты пенсия тағайындаған кезде ескерілетін балалардың қатарына қайтыс болған ананың асырап алынбаған балалары, егер жаңа семьяда олар іс жүзінде сегіз жасқа дейін тәрбиеленген болса, жатқызылуы мүмкін.
Асырап алынбаған сегіз жасқа дейінгі балалардың іс жүзінде қайда тәрбиеленгенін ерекше іс жүргізу тәртібімен аудандық (қалалық) сот анықтайды.
Селолық жерде тұратын, бес және одан да көп бала тауып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 45 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 10 жыл болып, оның кемінде 5 жылын ауыл шаруашылық өндірісінде істеген жағдайда жасына байланысты пенсия алуға правосы бар.
15-статья. Соғыс мүгедектеріне жасына байланысты тағайындалатын пенсия
ССРО-ны қорғау кезінде немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жаралану, контузия алу немесе мертігу салдарынан, не майданда болуына байланысты немесе әскери қызметті өткеру кезеңінде ауыруы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери борышын атқару кезінде соғысқа, басқа да ұрыс қимылдарына қатысушылар және еңбек жарақаты, кәсіптік және жалпы ауыруы (өзінің заңға қарсы іс-әрекеттері салдарынан болған мүгедектік жағдайлардан басқа) салдарынан мүгедек деп танылғандар:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 25 жыл болған жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда пенсия алуға праволы.
16-статья. Соқыр азаматтарға, ергежейлілер мен қортықтарға берілетін пенсия
Соқыр азаматтар (көруі жағынан I топтағы мүгедектігі бар), сондай-ақ гипофизарлы нанизммен ауыратын адамдар (ергежейлілер) және бойы өспей қалған қортықтар жасына байланысты:
еркектер — 45 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда;
әйелдер — 40 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 15 жыл болған жағдайда пенсия алуға праволы.
17-статья. Қазақ ССР-іне ерекше еңбек сіңіргені үшін берілетін пенсия
Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттарына, Қазақ ССР-інің құрметті атақтарына ие болған адамдарға, сондай-ақ мемлекеттік, қоғамдық және шаруашылық қызметтерде, ғылым, мәдениет және республика өмірінің басқа да салаларында Қазақ ССР-іне ерекше еңбек сіңірген басқа да азаматтарға Қазақ ССР- іне ерекше еңбек сіңіргені үшін пенсия тағайындалуы мүмкін.
Қазақ ССР-іне ерекше еңбек сіңіргені үшін берілетін пенсия туралы ережені Қазақ ССР Жоғарғы Советі бекітеді.
18-статья. Пенсия тағайындалатын кезең
Жасына байланысты пенсия еңбек ету қабілеті жағдайына қарамастан өмір бойына тағайындалады.
2-бөлімше. МҮГЕДЕКТІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БЕРІЛЕТІН ПЕНСИЯ
19-статья. Пенсия тағайындау шарттары
Мүгедектігіне байланысты пенсия:
1. еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыру;
2. жалпы ауыру (соның ішінде жұмысқа байланысты емес жарақат алу, бала жасынан мүгедектік) салдарынан мүгедектік туындаған ретте тағайындалады.
Мүгедектігіне байланысты пенсия мүгедектік қашан басталғанына — жұмыс кезінде, жұмысқа орналасардан бұрын немесе жұмысты тоқтатқаннан кейін басталғанына қарамастан тағайындалады.
Еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесіне байланысты мүгедектер үш топқа бөлінеді.
Мүгедектік себептері мен топтарын, сондай-ақ мүгедектік басталған уақытты дәрігерлік-еңбек сараптама комиссияларын (ДЕСК) белгілейді, олар Қазақ ССР Министрлер Кабинеті мен Қазақ ССР Кәсіподақтар федерациясы советі бекітетін сол комиссиялар туралы Ереже негізінде жұмыс істейді.
21-статья. Пенсия алуға право беретін жұмыс стажы
Еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыру салдарынан мүгедек болуынан байланысты пенсия (22-статья) жұмыс стажына қарамастан тағайындалады.
Жалпы ауыру салдарынан мүгедек болуына байланысты жұмысшыларға, қызметшілерге және колхоз мүшелеріне пенсия мүгедектік басталған кезге қарай мынадай жұмыс стажы болған жағдайда тағайындалады:
Жасы | Жұмыс стажы (жылдар) |
23 жасқа толғанға дейін | 1 |
23 жастан 26 жасқа толғанға дейін | 2 |
26 жастан 31 жасқа толғанға дейін | 3 |
31 жастан 36 жасқа толғанға дейін | 5 |
36 жастан 41 жасқа толғанға дейін | 7 |
41 жастан 46 жасқа толғанға дейін | 9 |
46 жастан 51 жасқа толғанға дейін | 11 |
51 жастан 56 жасқа толғанға дейін | 13 |
56 жастан 61 жасқа толғанға дейін | 14 |
61 жастан және одан жоғары | 15 |
Егер тиісті жастағы топқа қажетті жұмыс стажы болып, келесі жастағы топқа көшу кезінде жұмыс жалғастырылған болса, онда стаж туралы шарт келесі жастағы топ үшін белгіленген талаптарға қарамастан орындалды деп есептеледі.
Жұмыс істеген кезде немесе 20 жасқа толғанға дейін жұмысты тоқтатқаннан кейін жалпы ауыру салдарынан мүгедек болған адамдарға пенсия жұмыс стажына қарамастан тағайындалады.
Еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыру салдарынан мүгедек болуына байланысты пенсиядан жалпы ауыру салдарынан мүгедек болуына байланысты пенсияға көшіру кезінде қажетті стаж мүгедектік бастапқы белгіленген уақыт қарсаңындағы жасы бойынша анықталады.
22-статья. Еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыру салдарынан болған мүгедектік
Егер мүгедектікті туғызған бақытсыз жағдай (заңға қарсы өз әрекеттерінен басқа жағдайлар) мынадай реттерде болғанда мүгедектік еңбек жарақаты салдарынан болды деп есептеледі:
1. еңбек міндеттерін орындау кезінде (соның ішінде командировкада болған кезде), сондай-ақ арнайы тапсырма болмаса да, кәсіпорынның мүддесі үшін белгілі бір әрекет жасаған кезде;
2. жұмысқа бара жатқанда немесе жұмыстан келе жатқанда;
3. жұмыс уақыты ішінде (белгіленген үзілістерді қоса) кәсіпорынның территориясында немесе өзге жұмыс орнында, жұмыс басталарда немесе аяқталғаннан кейін өндіріс құралдарын, киімді және тағы басқаларын ретке келтіру үшін қажетті уақыт ішінде;
4. жұмыс уақыты ішінде (белгіленген үзілістерді қоса) кәсіпорынға немесе өзге жұмыс орнына жақын жерде, егер онда болу ішкі еңбек тәртібі ережелеріне қайшы келмейтін болса;
5. мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелген совет органдары мен қоғамдық ұйымдардың заңды тапсырмаларын орындау кезінде, бұл тапсырмалар негізгі жұмыспен байланысты болмаса да;
6. адам өмірін құтқару, мемлекеттік, коллективтік меншікті, азаматтардың меншігін және право тәртібін қорғау жөніндегі азаматтық борышын орындау кезінде.
Кәсіптік аурулардың тізімі Қазақ ССР Министрлер Кабинеті мен Қазақ ССР Кәсіподақтар федерадиясы советі белгілейтін тәртіппен бекітіледі.
23-статья. Оқушыларға тағайындалатын пенсия
Оқу орнына, курстарға, аспирантураға немесе клиникалық ординатураға түскенге дейін жұмысшы, қызметші және колхоз мүшесі болып жұмыс істемеген жоғары және арнаулы орта оқу орындарының, училищелердің, мектептердің және кадрлар даярлау жөніндегі курстардың оқушыларына, аспиранттар мен клиникалық ординаторларға пенсия мынадай тәртіппен тағайындалады:
1. өндірістік оқудан, практикадан немесе практикалық сабақтардан өтуге байланысты еңбек жарақатын алу немесе кәсіптік ауыру салдарынан мүгедек болған жағдайда — оқу орнында, курстарда, аспирантурада немесе клиникалық ординатурада болу мерзімінің ұзақтығына қарамастан тағайындалады. Бұл орайда мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді не әкімшіліктің, совет органдары мен қоғамдық ұйымдардың белгіленген тәртіппен тіркелген тапсырмаларын орындауға байланысты немесе адам өмірін құтқару мемлекеттік, азаматтардың коллективтік меншігін және право тәртібін қорғау жөніндегі азаматтық борышын атқаруға байланысты болған мүгедектік өндірістік оқудан немесе практикадан өтуге байланысты еңбек жарақатын алу салдарынан болған мүгедектікке теңестіріледі;
2. егер оқушы, аспирант немесе клиникалық ординатор осы Заңның 21-статьясында аталған тиісті мерзім ішінде оқу орнында, курстарда, аспирантурада немесе клиникалық ординатурада оқып жүрген болса, — жалпы ауыру салдарынан мүгедек болып қалған жағдайда тағайындалады.
Жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына пенсия өндірістік оқудан, практикадан немесе практикалық сабақтардан өтуге байланысты жарақаттануы салдарынан мүгедек болып қалған жағдайда оқу мерзімінің ұзақтығына қарамастан тағайындалады.
24-статья. Басқа елдерден қоныс аударушы — совет азаматтарына тағайындалатын пенсия
ССРО-да жұмыс істемеген басқа елдерден қоныс аударушы — совет азаматтарына пенсия мынадай тәртіппен тағайындалады:
1. еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыруы салдарынан мүгедектігіне байланысты — жұмыс стажына қарамастан;
2. жалпы ауыру салдарынан мүгедектігіне байланысты — мүгедектік белгіленген күнге қарай жасына байланысты қажетті жұмыс стажы болған жағдайда (21-статья).
25-статья. Пенсия тағайындалатын мерзім
Пенсия ДЕСК белгілеген мүгедектіктің бүкіл уақытына тағайындалады. 60 жастан асқан мүгедек еркектер мен 55 жастан асқан мүгедек әйелдерге мүгедектігінде байланысты пенсия өмір бойына тағайындалады. Бұл мүгедектерді қайта куәландыру тек қана солардың өтініші бойынша жүргізіледі.
3-бөлімше. АСЫРАУШЫСЫНАН АЙРЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН ПЕНСИЯ
26-статья. Пенсия алуға правосы бар семья мүшелері
Асыраушысы қайтыс болған семьяның оның қарауында болған еңбекке жарамсыз мүшелерінің асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия алуға правосы бар (27-статья). Бұл орайда балаларға және осы статьяның 3-тармағында аталған адамдарға пенсия олардың асыраушысының қарауында болған-болмағанына қарамастан тағайындалады.
Қайтыс болған адамның асырауында болмаған ата-анасы мен жұбайы да кейіннен күнкөріс қаржы көзінен айрылған болса, оның қайтыс болуына байланысты пенсия алуға праволы.
Семьяның еңбекке жарамсыз мүшелері деп мыналар есептеледі:
1. 18 жасқа толмаған немесе бұл жастан асқан балалар (соның ішінде асырап алған балалар, өгей ұлдар мен өгей қыздар), інілері, сіңлі-қарындастары мен немерелері, егер олар 18 жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалса, бұл орайда інілері, сіңлі-қарындастары мен немерелері — егер олардың еңбекке жарамды ата-аналары болмаған жағдайда, өгей ұлдар мен өгей қыздар — егер олар ата-анасынан алимент алмаған жағдайда.
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия алуға правосы бар жасы толмағандар өздері асырап алынған жағдайда да бұл правоны сақтап қалады;
2. әкесі, шешесі (оның ішінде асырап алушылар), өгей әкесі, өгей шешесі, әйелі, күйеуі, егер олар пенсия жасына: еркектер — 60 жасқа, әйелдер — 55 жасқа толған болса (ардақты аналар — жасына қарамастан), не мүгедектер болса. Өгей әкесі мен өгей шешесі — егер қайтыс болған өгей ұлы мен өгей қызын кемінде 5 жыл тәрбиелеген немесе асыраған жағдайда;
3. ата-ананың бірі, немесе жұбайы не атасы, әжесі, ағасы немесе апасы, жасына және еңбек ету қабілетіне қарамастан, егер ол қайтыс болған асыраушының 8 жасқа толмаған балаларына, інілеріне, сіңлі-қарындастарына немесе немерелеріне күтім жасаумен айналысса және жұмыс істемейтін болса;
4. атасы мен әжесі — заң бойынша оларды асырауға міндетті адамдар болмаған жағдайда.
Кәсіптік-техникалық училищелер, арнаулы орта және жоғары оқу орындары оқушыларының аталған оқу орындарын аяқтағанға дейін асыраушысының қайтыс болуына байланысты пенсия алуға правосы бар, бірақ олар мұндай правоны 23 жасқа толғанға дейін ғана пайдаланады.
Осы Заңның қайтыс болған адамдардың семьяларына қатысты барлық ережелері (өзгеше ескерілмегендіктен), егер бұл фактілер сот тәртібімен анықталған болса, тиісінше хабар-ошарсыз кеткендердің немесе қайтыс болды деп жарияланғандардың семьяларына да қолданылады.
27-статья. Асырауындағы адамдар деп есептелетін семья мүшелері
Қайтыс болған адамның семья мүшелері, егер олар оның толық асырауында болса немесе одан өздері үшін күнкөріс қаржысының тұрақты және негізгі көзі болған көмекті алып тұрған болса, оның асырауында болған деп есептеледі.
Қайтыс болған адамның көмегі өздері үшін күнкөріс қаржысының тұрақты және негізгі көзі болған, бірақ өздері қандай да болсын пенсия алып отырған семья мүшелерінің жаңа пенсияға көшуге правосы бар.
28-статья. Жаңа некеге тұру кезінде пенсияның сақталуы
Жұбайының қайтыс болуына байланысты тағайындалған пенсия пенсионер жаңа некеге тұрған кезде де сақталады.
29-статья. Асыраушының пенсия алуға право беретін жұмыс стажы
Енбек жарақаты немесе кәсіптік ауыру салдарынан қайтыс болған асыраушының семьясына, сондай-ақ қайтыс болған пенсионердің семьясына пенсия асыраушының жұмыс стажына қарамастан тағайындалады.
Жалпы ауыру немесе жұмыспен байланысты емес жарақат алу салдарынан қайтыс болған асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия, егер асыраушы қайтыс болған күнге қарай оның мүгедектігіне байланысты пенсия тағайындау үшін қажетті стажы болса, тағайындалады (21-статья).
Оқу орнына, курстарға, аспирантураға немесе клиникалық ординатураға түскенге дейін жұмыс істемеген оқушылардың, аспиранттардың және клиникалық ординаторлардың семьяларына пенсия тиісінше осы оқушыларға, аспиранттарға және клиникалық ординаторларға мүгедектігіне байланысты тағайындалатын пенсия сияқты (23-статья) негіздерде тағайындалады.
Басқа елдерден қоныс аударушы — совет азаматтарының семьяларына, егер асыраушысы ССРО-да жұмыс істемеген болса, пенсия:
1. асыраушысынан айрылуына байланысты басқа елдерде пенсия алып келген адамдарға — асыраушының жұмыс стажына қарамастан;
2. пенсия алмағандарға — егер асыраушының жұмысты тоқтатқан күнге қарай жасына байланысты тиісті стажы болған жағдайда (21-статья), ал ол енбек жарақаты немесе кәсіптік ауыру салдарынан қайтыс болған ретте — асыраушының жұмыс стажына қарамастан тағайындалады.
30-статья. Мерзімін шектемей пенсия тағайындауға өтініш жасау правосы
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия алуға правосы бар семья асыраушы қайтыс болғаннан кейін немесе сот тәртібімен оның хабар-ошарсыз кеткені анықталғаннан кейін, немесе асыраушысы өлді деп жарияланғаннан кейін қандай да болсын мерзіммен шектемей пенсия тағайындауға өтініш жасай алады.
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия:
1. осы Заңның 5-статьясында аталған адамдардың семьяларына — асыраушының қай кезде: жұмыс (оқу) кезеңінде немесе жұмысты (оқуды) тоқтатқаннан кейін өлгеніне қарамастан;
2. пенсионерлердің семьяларына — егер асыраушы пенсия алу кезеңінде немесе пенсия төлеу тоқтатылғаннан кейін 5 жылдан аспайтын уақыт ішінде өлген жағдайда тағайындалады.
31-статья. Пенсия тағайындалатын кезең
Асыраушысынан айрылуына байланысты тағайындалатын пенсия өлген адамның семья мүшесі осы Заңның 26-статьясына сәйкес еңбекке жарамсыз деп есептелетін бүкіл кезеңге, ал семья мүшелеріне — 60 жасқа толған еркекке, 55 жасқа толған әйелге — өмір бойына тағайындалады.
32-статья. Семьяның барлық мүшелеріне бір пенсия тағайындау
Пенсия алуға правосы бар семьяның барлық мүшелеріне ортақ бір пенсия тағайындалады.
Семья мүшесінің талап етуі бойынша пенсияның оған тиісті үлесі бөлініп, жеке төленеді.
Пенсиядан үлес бөлу пенсияны бөлу туралы арыз түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап жүргізіледі.
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсиямен қамсыздандырылатын семья мүшелерінің саны өзгерген жағдайда пенсия алуға правосы бар семья мүшелерінің санына қарай пенсия тиісінше көбейтіледі немесе азайтылады.
Пенсияны осылайша қайта қарау семья мүшелерінің біріне пенсия төлеу тоқтатылатын немесе пенсия төлеудің тоқтатылуын туғызған жағдай өткеннен кейін қайта төленетін реттерде де жүргізіледі.
4-бөлімше. ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖЫЛДАРЫ ҮШІН ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН ПЕНСИЯ
33-статья. Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсиямен қамсыздандыру негіздері
Еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалатын пенсия жасына байланысты пенсия алуға право беретін жасқа толғанға дейін кәсіптік енбек қабілетінен және жарамдылығынан айрылуға әкеп соқтыратын жұмыстарда істейтін азаматтардың жекелеген категорияларына тағайындалады.
34-статья. Пенсия алуға правосы бар қызметкерлер
Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия алуға мыналардың правосы бар:
авиация қызметкерлері мен ұшу-сынау құрамының жекелеген категориялары;
локомотив бригадаларының жұмысшылары және темір жол транспорты мен метрополитенде тасымалдау ісін ұйымдастыруды тікелей жүзеге асыратын және қозғалыс хауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің жекелеген категориялары;
шахталарда, кеніштерде, разрездер мен руда карьерлерінде технологиялық процесте көмір, сланец, руда, жыныс тасумен тікелей айналысатын жүк автомобильдерінің жүргізушілері;
порттарда тиеу-түсіру жұмыстарындағы кешенді бригадалардың механизаторлары (механизатор-докерлер), сондай-ақ теңіз, өзен флотының және балық өнеркәсібі флотының жүзу құрамы (порт акваториясында тұрақты жұмыс істейтін порт, қосалқы қызмет, разъездік кемелерден, қала маңындағы және қала ішіндегі қатынас кемелерінен басқа);
экспедициялардың, партиялардың, отрядтардың, учаскелер мен бригадалардың даладағы геологиялық-барлау, іздеу, топографиялық-геодезиялық, геофизикалық, гидрографиялық, гидрологиялық, орман орналастыру және іздестіру жұмыстарымен тікелей айналысатын қызметкерлері;
ағаш дайындауда және ағаш ағызуда тікелей жұмыс істейтін, бұған қоса механизмдер мен жабдықтарға қызмет көрсетумен айналысатын жұмысшылар мен шеберлер (оның ішінде аға шеберлер);
халыққа білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің жекелеген категориялары;
театрлар мен басқа да театр-ойын-сауық кәсіпорындары мен коллективтері артистерінің кейбір категориялары.
35-статья. Авиация қызметкерлері мен ұшу-сынау құрамының жекелеген категорияларына еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындау шарттары
Авиация жұмысшылары мен қызметшілерінің, сондай-ақ ұшу-сынау құрамының мына категорияларының, олар жұмыс істейтін кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия алуға правосы бар:
1. ұшу және сынау құрамының қызметкерлері осы қызметте еркектер кемінде 25 жыл және әйелдер кемінде 20 жыл еңбек сіңірген жағдайда.
Денсаулық жағдайына (аурулығына) байланысты ұшу жұмысынан босаған аталған қызметкерлердің; еркектер кемінде 20 жыл және әйелдер кемінде 15 жыл еңбек сіңірген жағдайда, жұмыс істеген уақытына сәйкес пенсия алуға правосы бар.
Ұшу құрамы қызметкерлерінің қызмет тізбесі, оларға пенсия тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарының мерзімін есептеу тәртібі, сондай-ақ ұшу-сынау құрамына пенсия тағайындау және төлеу тәртібі ССРО Үкіметі белгілейтін тәртіппен бекітіледі;
2. әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыратын, диспетчерлік куәлігі бар қызметкерлер;
еркектер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын әуе кемелерінің ұшуын тікелей басқару жөніндегі жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 45 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын әуе кемелерінің ұшуын тікелей басқару жөніндегі жұмыста істеген жағдайда.
Әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыратын қызметкерлердің еңбек сіңірген жылдарына осы статьяның І-тармағында аталған жұмыс та есептеледі;
3. ССРО Үкіметі белгілейтін тәртіппен бекітілетін қызметтер мен жұмыстардың тізбесі бойынша инженер-техника құрамы:
еркектер — 55 жасқа толғанда және азаматтық авиациядағы жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 20 жылын аталған қызметтерде істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және азаматтық авиациядағы жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 15 жылын аталған қызметтерде істеген жағдайда.
Инженер-техник құрамы қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдарына осы статьяның I және 2-тармақтарында аталған жұмыс та есептеледі;
4. борт жолсеріктері:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 15 жылын борт жолсерігі болып істеген жағдайда;
әйелдер — 45 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын борт жолсерігі болып істеген жағдайда.
36-статья. Халық шаруашылығының басқа салалары қызметкерлерінің жекелеген категорияларына еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындау шарттары
Еңбек сіңірген жылдары үшін мыналардың пенсия алуға правосы бар:
1. ССРО Үкіметі белгілейтін тәртіппен бекітілетін кәсіптер мен қызметтердің тізімі бойынша — локомотив бригадаларының жұмысшылары және темір жол транспорты мен метрополитендерде тасымалдау ісін ұйымдастыруды тікелей жүзеге асыратын және қозғалыс хауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің жекелеген категориялары;
шахталарда, кеніштерде, разрездер мен руда карьерлерінде технологиялық процесте көмір, сланец, руда, жыныс тасумен тікелей айналысатын жүк автомобильдерінің жүргізушілері:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста тістеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
2. экспедициялардың, партиялардың, отрядтардың, учаскелер мен бригадалардың даладағы геологиялық — барлау, іздеу, топографиялық-геодезиялық, геофизикалық, гидрографиялық, гидрологиялық, орман орналастыру және іздестіру жұмыстарымен тікелей айналысатын қызметкерлері:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда.
Бұл орайда жарты жыл бойы немесе жарты жылдан астам уақыт тікелей дала жағдайында жұмыс істеген кезең бір жыл жұмысқа, жарты жылдан аз уақыт — нақты ұзақтығына қарай, ал маусымдық жұмыстардағы уақыт осы Заңның 42-статьясына сәйкес есептеледі;
3. ССРО Үкіметі белгілейтін тәртіппен бекітілетін кәсіптердің, қызметтер мен өндірістердің тізімі бойынша — ағаш дайындау мен ағаш ағызуда тікелей жұмыс істейтін, бұған қоса механизмдер мен жабдықтарға қызмет көрсетумен айналысатын жұмысшылар, шеберлер (оның ішінде аға шеберлер):
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
4. порттарда жүк тиеу-түсіру жұмыстарындағы кешенді бригадалардың механизаторлары (механизатор-докерлер):
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 20 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 15 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
5. теңіз, өзен флоты мен балық өнеркәсібі флотының (порт акваторийінде тұрақты жұмыс істейтін порт, қосалқы қызмет, разъездік, қала маңындағы және қала ішіндегі қатынас кемелерінен басқа) жүзу құрамы:
еркектер — 55 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыста істеген жағдайда;
әйелдер — 50 жасқа толғанда және жалпы жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыста істеген жағдайда;
ССРО Үкіметі белгілейтін тәртіппен бекітілетін тізім бойынша кемелердің жекелеген түрлерінің, теңіз, өзен флоты және балық өнеркәсібі флоты кемелерінің жүзу құрамының кәсіптері мен қызметтерін атқаратын қызметкерлері жасына қарамастан:
еркектер — осы кәсіптер мен қызметтер бойынша сол кемелердегі жұмыс стажы кемінде 25 жыл болған жағдайда;
әйелдер — осы кәсіптер мен қызметтер бойынша сол кемелердегі жұмыс стажы кемінде 20 жыл болған жағдайда.
37-статья. Халыққа білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің жекелеген категорияларына еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындау шарттары
Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия алуға Қазақ ССР Министрлер Кабинеті бекітетін мекемелер, ұйымдар мен қызметтер тізбесіне сәйкес мыналардың правосы бар:
1. мектептерде тікелей педагогикалық жұмыспен айналысатын мұғалімдер — аталған жұмыста кемінде 25 жыл стажы болған жағдайда;
2. тікелей емдеу жұмысымен айналысатын дәрігерлер және басқа да медицина қызметкерлері — мамандығы бойынша еркектердің кемінде 30 жыл, әйелдердің кемінде 25 жыл жұмыс стажы болған жағдайда;
3. әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің қартайғандар мен мүгедектерге қызмет көрсетумен тікелей айналысатын интернат-үйлерінің қызметкерлері — аталған жұмыста еркектердің кемінде 30 жыл, әйелдердің кемінде 25 жыл стажы болған жағдайда.
Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындауға қажетті стаждың кемінде үштен екісі осы пенсияны алуға право беретін қызметтердегі жұмысқа тура келетін болса, аталған денсаулық сақтау қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс стажына мамандығы бойынша олардың әскери қызметтегі уақыты енеді.
38-статья. Театрлар және басқа да театр-ойын-сауық кәсіпорындары мен коллективтері артистерінің кейбір категорияларына еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындау шарты
ССРО Үкіметі мен Қазақ ССР Министрлер Кабинеті белгілейтін тәртіппен бекітілетін тізбелер бойынша театрлар және басқа да театр-ойын-сауық кәсіпорындары мен коллективтері артистерінің жекелеген категорияларының 20 жылдан 30 жылға дейін шығармашылық қызмет стажы болған жағдайда еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия алуға правосы бар.
Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындауға қажетті стаждың кемінде үштен екісін осы пенсияны алуға право беретін қызметтердегі жұмыста істеген жағдайда театрлар, басқа да театр-ойын-сауық кәсіпорындары мен коллективтері артистерінің мамандығы бойынша әскери қызмет атқару мерзімі олардың шығармашылық жұмыс стажына енеді.
III бөлім. ӘЛЕУМЕТТІК ПЕНСИЯ
39-статья. Пенсия алуға правосы бар азаматтар
Әлеуметтік пенсия еңбек пенсиясын алуға правосы жоқ азаматтарға тағайындалады:
I, II және III топтағы мүгедектерге, оның ішінде бала жасынан мүгедектерге:
еркектер — 63 жасқа, әйелдер — 58 жасқа толғанда, Қазақ ССР-інің экологиялық апат аймақтарында тұратын еркектер — 60 жасқа, әйелдер — 55 жасқа толғанда;
балаларға — асыраушысынан айрылған жағдайда (26-статьяның І-тармағы);
16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға.
16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың пенсия алуына право беретін медициналық көрсеткіштер тізбесі Қазақ ССР Министрлер Кабинеті белгілейтін тәртіппен анықталады.
IV бөлім. ЖҰМЫС СТАЖЫН ЕСЕПТЕУ
40-статья. Жұмыс стажына есептелетін еңбек қызметінің түрлері
Кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдар мен кооперативтерде, меншік пен шаруашылықты жүргізудің пайдаланылатын формаларына қарамастан, еңбек шарты негізінде, сондай-ақ колхоздарға және басқа кооперативтерге мүше бөлу негізінде, жұмыстың сипаты мен ұзақтығына және үзілістердің ұзақтығына қарамастан орындалатын және жұмыс жалдаушы ССРО Пенсия қорына сақтық жарнасын төлеген жағдайда жұмыс стажына есептеледі.
1965 жылдан кейінгі кезеңде колхоздағы жұмыс стажын есептеу кезінде, егер колхоз мүшесі дәлелсіз себептермен қоғамдық шаруашылықта еңбекпен қатысудың белгіленген минимумын орындамаған болса, жұмыс уақыты нақты ұзақтығы бойынша есептеледі.
Жұмыс стажына мыналар да есептеледі:
1. қызметкер мемлекеттік әлеуметтік сақтандырылуға жатқызылған кез-келген басқа жұмыс;
2. жеке еңбек қызметі, оның ішінде жеке (топтық) аренда немесе өзіндік шаруа шаруашылығы шартымен орындалған жұмыс — ССРО Пенсия қорына сақтық жарнасын төлеген жағдайда;
3. шығармашылық одақ мүшелерінің, сондай-ақ шығармашылық одақтардың мүшелері болып табылмайтын басқа да шығармашылық қызметкерлердің шығармашылық қызметі — ССРО Пенсия қорына сақтық жарнасын төлеген жағдайда.
Бұл орайда ССРО Жазушылар одағы, ССРО Суретшілер одағы, ССРО Композиторлар одағы, ССРО Кинематографистер одағы, ССРО Театр қайраткерлері одағы мүшелерінің, шығармашылық одақтардың мүшелері болып табылмайтын, бірақ тиісті кәсіптік комитеттерге бірігетін басқа да шығармашылық қызметкерлердің шығармашылық қызметі осы Заң күшіне енгізілгенге дейін сақтық жарналарын төлеген-төлемегеніне жұмыс стажына есептеледі. Бұл ретте шығармашылық қызмет стажын ССРО не Қазақ ССР немесе басқа да одақтас республикалардың шығармашылық одақтары басқармаларының секретариаттары осы автор шығармасының жарияланған немесе көпшілік алдында бірінші рет орындалған немесе көпшілік алдында көрсетілген күнінен бастап белгілейді;
4. әскери қызмет және партизан отрядтары мен құрамаларында болу, мемлекет хауіпсіздігі органдарындағы және ішкі істер органдарындағы қызмет;
5. әскерилендірілген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы немесе тау-кен құтқару бөлімшелеріндегі қызмет, ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының бар-жоғына қарамастан;
6. жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және мамандықты өзгерту жөніндегі курстарда, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада оқу;
7. жұмыс кезінде басталған еңбекке уақытша жарамсыздық;
8. I топтағы мүгедекке, біреудің көмегіне мұқтаж жалғызілікті II топтағы мүгедекке және жасына байланысты пенсионерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамға күтім жасауға кеткен уақыт;
9. 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға, атом сынағынан, экологиялық апаттан зардап шеккен немесе иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған не СПИД-пен ауыратын 16 жасқа дейінгі балаға күтім жасауға кеткен уақыт;
10. жұмыс істемейтін ананың сәбилерге күтім жасауға кеткен уақыты, бірақ әрі кеткенде әрбір сәби 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 9 жыл шегінде;
11. негізсіз қылмыстық жауапқа тартылған және қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және айдауда болған уақыты;
12. еңбек етуге қабілетті азаматтардың ССРО-ның уақытша оккупацияланған территориясында болған және Ұлы Отан соғысы кезінде басқа мемлекеттердің территорияларына күштеп әкетілген адамдардың (жасына қарамастан) сол территорияларда болған, фашистік тұтқын лагерьлерінде (гетто және соғыс кезінде еріксіз ұстаған басқа да жерлерде) ұсталған уақыты, егер бұл адамдар осы кезеңде Отанға қарсы қылмыс жасамаса;
13. 1941 жылғы 8 қыркүйектен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығында Ленинград қаласы қоршауда болған кезеңде 12 жастағы және одан үлкен жастағы азаматтардың сонда тұрған уақыты;
14. жұмыс істемейтін соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің мүгедектікте болған уақыты;
15. советтік мекемелер мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің әйелдері (күйеулері) шетелде тұрған кезең, бірақ жалпы алғанда 10 жылдан аспауға тиіс;
16. офицерлер құрамындағы адамдардың, прапорщиктердің, мичмандар мен мерзімнен тыс қызметтегі әскери қызметшілердің әйелдері мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмаған жерлерде күйеулерімен бірге тұрған кезең, бірақ 10 жылдан аспауға тиіс.
Жасына байланысты пенсия мөлшерін жұмыстың әрбір жылы үшін ұлғайтқан кезде (46-статья) жұмыспен қатар осы статьяның 1 — 14-тармақтарында және осы Заңның 41-статьясында көзделген кезеңдер де есептеледі. 1991 жылғы I қаңтарға дейін жасына байланысты пенсия тағайындалғаннан кейінгі жұмыс уақыты стажға есептеледі, ал бұл датадан кейін, — егер пенсионер пенсия алмаған болса, есептеледі.
Жеңілдік шартпен жасына байланысты пенсия алуға право беретін жер асты жұмысындағы стажды (12-статья) есептеген кезде осы жұмыста енбек жарақатын алуы немесе кәсіптік ауыруы салдарынан мүгедектікте болған уақыт осы стажға қосылады.
41-статья. Стажды есептеу жөніндегі жеңілдіктер
Мына стаждар жеңілдікпен есептеуге жатқызылады:
1. ұрыс қимылдары кезінде әрекет етуші армияның құрамындағы, соның ішінде әскери борышын орындау кезіндегі әскери қызмет, сондай-ақ партизан отрядтары мен құрамаларында болу — .әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындаған кезде осы қызметтің мерзімдерін есептеу үшін белгіленген тәртіп бойынша;
2. Ұлы Отан соғысы жылдарында істеген жұмыс, оның ішінде әскер бөлімдерінде ерікті жалдамалы құрам ретінде істеген жұмыс және осы статьяның І-тармағында көзделген әскери қызметтен басқа қызмет — екі есе мөлшерде;
3. Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйектен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығында Ленинград қаласы қоршауда болған кезеңде сонда істеген жұмыс — үш есе мөлшерде;
4. 1941 жылғы 8 қыркүйектен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығында Ленинград қаласы қоршауда болған кезеңде 12 жастағы және одан үлкен жастағы азаматтардың сонда тұрған уақыты — екі есе мөлшерде;
5. Ұлы Отан соғысы кезінде басқа мемлекеттердің территориясына күштеп әкетілген адамдардың сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистік тұтқын лагерьлерінде (геттоларда және соғыс кезінде еріксіз ұстаған басқа да жерлерде) болған уақыты, егер бұл адамдар осы кезеңде Отанға қарсы қылмыс жасамаса, — екі есе мөлшерде;
6. негізсіз қылмыстық жауапқа тартылған және қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және айдауда болған уақыты — үш есе мөлшерде;
7. Семейдегі сынау полигонына жапсарлас аудандарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңдегі жұмыс — үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шілдеден 1992 жылғы I қаңтар аралығындағы кезеңдегі жұмыс — бір жарым есе мөлшерде;
8. алапес ауруын емдеу және обадан емдеу мекемелеріндегі, адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған немесе СПИД-пен ауыратын адамдарды емдеу жөніндегі жұқпалы ауруларды емдеу мекемелеріндегі жұмыс — екі есе мөлшерде; сот-медициналық сараптама мекемелері мен емдеу мекемелерінің паталогоанатомиялық бөлімшелеріндегі жұмыс — Қазақ ССР Министрлер Кабинеті бекітетін жұмыс тізбесі бойынша — бір жарым есе мөлшерде.
42-статья. Жекелеген жұмыс түрлерін стажға қосу тәртібі
Су транспортында толық жүзу кезеңі бойына істелген жұмыс бір жылғы жұмысқа есептеледі.
Өнеркәсіптің маусымдық салаларының кәсіпорындарында толық маусым бойына істелген жұмыс, олардың ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Қазақ ССР Министрлер Кабинеті бекітетін тізім бойынша бір жылғы жұмыс стажына есептеледі.
Қалған маусымдық жұмыстар стажға нақты ұзақтығына қарай есептеледі.
43-статья. Жеңілдік шартпен және еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындау кезінде жұмыс стажын есепке алудың ерекшеліктері
Жеңілдік шартпен (II және 12-статьялар) және еңбек сіңірген жылдары үшін 35—38-статьялар) пенсия тағайындау кезінде осы статьялар бойынша көзделген жұмыс кезеңдері, аталған жұмыстар осы сияқты немесе неғұрлым жеңілірек шартпен пенсия алуға право беретін жағдайда, өзара есепке алынады.
ІІ-статьяның 3, 4, 7—9, 11 — 13-тармақтарында көзделген негіздер бойынша жеңілдік шартпен және 37-статьяда көзделген негіздер бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия тағайындауға талап етілетін жеңілдікті және арнайы стаждың кемінде тең жартысы Қазақ ССР-інде жұмыс істеген уақытқа сай келуі қажет.
44-статья. Жұмыс стажын растау тәртібі
Жұмыс стажын растайтын негізгі құжат еңбек кітапшасы болып табылады. Еңбек кітапшасы болмаған немесе онда тиісті жазбалар жазылмаған жағдайда еңбек стажы жұмыс істеген кезеңі туралы мәліметтер жазылған өзге құжаттар, сондай-ақ ССРО Пенсия қорына сақтық жарна төлегені туралы анықтамалар негізінде анықталады.
Еңбек стажы туралы құжаттар болмаған жағдайда жұмыс істеген кезеңді куәлердің көрсетуі бойынша пенсия тағайындау жөніндегі комиссиялар анықтайды. Жұмыс істеген кезең туралы құжаттар болған жағдайда жұмыс сипаты куәлердің көрсетуімен анықталмайды.
Еңбек кітапшасы болмаған немесе онда тиісті жазбалар жазылмаған жағдайда еңбек стажын растау тәртібін Қазақ ССР Министрлер Кабинеті анықтайды.
45-статья. Шетел азаматтарына шетелде істеген жұмыс уақытын стажға қосу шарттары
Пенсия тағайындау үшін белгілі бір стаж қажет болған кезде шетел азаматтары мен олардың семьяларына пенсия, егер келісімдерде (3-статья) өзгеше көзделмеген болса, қажет стаждың үштен екісін ССРО-да жұмыс істеген жағдайда тағайындалады.
V бөлім. ПЕНСИЯНЫҢ МӨЛШЕРІ
46-статья. Жасына байланысты пенсияның мөлшері
Жасына байланысты пенсия табыстың (58 және 67-статьялар) 60 проценті мөлшерінде тағайындалады. Еркектер 25 жылдан, әйелдер 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін пенсия табыстың I процентіне ұлғайтылады.
Осы Заңның ІІ-статьясының І-тармағында және 12-статьясында көзделген жұмыстарда істейтін қызметкерлерге — еркектер 10 жылдан және әйелдер 7 жыл 6 айдан астам уақыт жұмыс істеген, жеңілдік шартпен пенсия алуға право беретін жұмыс істеген әрбір жыл үшін пенсия табыстың I процентіне ұлғайтылады.
Жасына байланысты пенсияның ең төменгі мөлшері Қазақ ССР заңдарымен анықталатын ең төменгі жалақының 100 проценті мөлшерінде белгіленеді.
Табыстың 60 проценті мөлшерінде есептелген жасына байланысты пенсия ең төменгі мөлшерге жетпеген реттерде осы статьяда көзделген пенсияны жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін табыстың 1 процентіне ұлғайту ең төменгі мөлшерге қосылады.
47-статья. Мүгедектігіне байланысты пенсияның мөлшері
Мүгедектігіне байланысты пенсия мынадай мөлшерде тағайындалады: I топтағы мүгедектерге табыстың 65 проценті, II топтағы мүгедектерге — 60 проценті, III топтағы мүгедектерге — 40 проценті (58 және 67-статьялар).
Егер I және II топтағы мүгедектердің жасына байланысты, соның ішінде жеңілдік шартпен пенсия тағайындау үшін қажетті еңбек стажы болса, онда мүгедектігіне байланысты пенсия тиісті жұмыс стажы болған жағдайда жасына байланысты пенсия мөлшерінде тағайындалады.
Пенсияның ең төменгі мөлшері: I және II топтағы мүгедектік бойынша жасына байланысты ең төменгі пенсияның 100 проценті, III топтағы мүгедектік бойынша — 50 проценті мөлшерінде белгіленеді.
48-статья. Соғыс мүгедектері үшін белгіленген нормалар бойынша мүгедектігіне байланысты пенсияның мөлшері
Мүгедектігіне байланысты пенсия "Әскери қызметшілерді пенсиямен қамсыздандыру туралы" ССРО Заңына сәйкес соғыс мүгедектері үшін белгіленген нормалар бойынша мыналарға есептеледі:
әскери борышын орындау кезінде соғысқа, басқа да ұрыс қимылдарына қатысушыларға және еңбек жарақаты, кәсіптік және жалпы ауыруы салдарынан мүгедек деп танылған (өзінің заңға қарсы әрекеттері салдарынан мүгедек болу реттерінен басқа) мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге;
әскери қызметті өткеру кезінде ауыруы салдарынан мүгедек болып қалған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге.
49-статья. Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсияның мөлшері
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия семьяның еңбекке жарамсыз әрбір мүшесіне асыраушы табысының 40 проценті мөлшерінде тағайындалады (58 және 67-статьялар), бірақ еңбекке жарамсыз адамдардың тиісті категориялары үшін белгіленген әлеуметтік пенсия мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Құрамына ата-анасының екеуінен де айрылған (тұлдыр жетім) балалар кіретін семьяларға пенсия ата-анасының екеуінің де табысының жалпы сомасынан есептеледі. Бұл орайда ата-анасының екеуінен де айрылған әрбір балаға немесе қайтыс болған жалғызілікті ананың баласына тағайындалатын пенсия әлеуметтік пенсияның екі есе мөлшерінен кем болмауға тиіс.
50-статья. Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсияның мөлшері
Еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия осы Заңның 46, 56 және 57-статьялары бойынша жасына байланысты пенсия үшін белгіленген мөлшерде тағайындалады.
Пенсия еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия алуға право беретін (35 - 38-статьялар) жұмысты тоқтатар алдында алған орташа айлық табысынан (58—60, 67-статьялар) есептеледі.
51-статья. Әлеуметтік пенсияның мөлшері
Әлеуметтік пенсия мынадай мөлшерде тағайындалады:
1. I топтағы мүгедектерге, I және II топтардағы бала жасынан мүгедектерге және 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға — жасына байланысты тағайындалатын пенсияның (46-статья) ең төменгі мөлшерінің 100 проценті;
2. II топтағы мүгедектерге (бала жасынан мүгедектерден басқалары), сондай-ақ 39-статьяның үшінші бөлігінде белгіленген жасқа жеткен адамдарға — жасына байланысты пенсияның ең төменгі мөлшерінің 80 проценті.
Еңбек пенсиясының ең төменгі мөлшері және пенсияға үстемелер осы тармақта белгіленген жас талап етілмей аталған норма бойынша анықталады;
3. балаларға (26-статьяның І-тармағы) - асыраушысынан айрылған жағдайда әрбір балаға — жасына байланысты пенсияның ең төменгі мөлшерінің 60 проценті;
4. III топтағы мүгедектерге — жасына байланысты пенсияның ең төменгі мөлшерінің 50 проценті.
52-статья. Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда жасына байланысты пенсияның мөлшері
Толық пенсия тағайындау үшін жұмыс стажы жетпейтін адамдарға (10-статья) стажы толық болмаған жағдайда жасына байланысты берілетін пенсия оның бар стажына сәйкес мөлшерде (62-статья) тағайындалады, бірақ ол әлеуметтік пенсиядан кем болмауға тиіс (51-статьяның 2-тармағы).
Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда пенсия тағайындаған кезде осы Заңмен белгіленген жасына байланысты жеңілдік шарттар қолданылмайды.
53-статья. Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда мүгедектігіне байланысты пенсияның мөлшері
Жалпы ауыруы салдарынан толық пенсия тағайындау үшін жұмыс стажы жетпейтін I және II топтағы мүгедектерге (21-статья) стажы толық болмаған жағдайда мүгедектігіне байланысты берілетін пенсия оның бар стажына сәйкес мөлшерде тағайындалады, бірақ ол I және II топтағы мүгедектігіне сәйкес (51-статья) белгіленген әлеуметтік пенсиядан кем болмауға тиіс.
54-статья. Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда асыраушысынан айрылуына байланысты пенсияның мөлшері
Жалпы ауыруы салдарынан қайтыс болған және мүгедектігіне байланысты толық пенсия тағайындау үшін стажы жетпейтін асыраушысынан айрылған семья мүшелеріне (21-статья) стажы толық болмаған жағдайда, асыраушының бар жұмыс стажына сәйкес мөлшерде пенсия тағайындалады.
Стажы толық болмаған жағдайда пенсия алып келген қайтыс болған пенсионерлердің семьяларына пенсия қайтыс болған асыраушыға тағайындалған пенсияға сүйене отырып, жұмыс стажына сәйкес мөлшерде тағайындалады.
Бұл орайда семьяның еңбекке жарамсыз әрбір мүшесіне тағайындалатын пенсия еңбекке жарамсыз адамдардың тиісті категорияларына белгіленген әлеуметтік пенсиядан кем болмауға тиіс.
55-статья. Ардақты аналарға тағайындалатын пенсияның ең төменгі мөлшері
Ардақты аналарға пенсияның ең төменгі мөлшері, соның ішінде жұмыс стажы толық болмаған жағдайда, жасына, мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты пенсияның ең төменгі мөлшері жасына байланысты ең төмен пенсияның 100 проценті мөлшерінде белгіленеді.
Жасына және мүгедектігіне байланысты, соның ішінде ең төменгі мөлшерде есептелген пенсияларға, әлеуметтік пенсияларға мынадай үстемелер белгіленеді:
I. жасына байланысты, I және II топтағы мүгедектігіне байланысты жұмыс істемейтін пенсионерлерге, асырауында семьяның еңбекке жарамсыз мүшелері бар (26, 27-статьялар) әлеуметтік пенсия алушыларға (III топтағы мүгедектер мен балалардан басқа — 39-статья) — cемьяның еңбекке жарамсыз әрбір мүшесіне еңбекке жарамсыз адамдардың тиісті категориясы үшін көзделген әлеуметтік пенсия мөлшерінде;
2. I топтағы мүгедектерге, сондай-ақ біреудің көмегіне мұқтаж II топтағы жалғызілікті мүгедектер мен жасына байланысты пенсионерлерге, 8 жасқа толған басқа да жалғызілікті жасына байланысты пенсионерлерге, әлеуметтік пенсия алушылардың осындай категориясына — оларға күтім жасау үшін пенсионерлердің тиісті категорияларына арнап көзделген әлеуметтік пенсия мөлшерінде.
Бұл орайда жалғызілікті және біреудің көмегіне мұқтаж пенсионерлерге қатыстылығын пенсия тағайындау жөніндегі комиссия анықтайды.
Осы статьяның 1 және 2-тармақтарында көзделген үстемелер бір мезгілде есептелуі мүмкін.
Мына пенсиялар:
1. жасына байланысты пенсия, соның ішінде ең төменгі мөлшердегі пенсия соғыс мүгедектеріне, еңбек жарақаты, кәсіптік және жалпы ауыруы салдарынан мүгедек деп танылған (заңға қарсы әрекеттері салдарынан болған мүгедектік жағдайынан басқа) әскери борышын орындау кезінде соғысқа және басқа да жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушыларға, әскери қызметін өткеру кезінде ауыруы салдарынан мүгедек болып қалған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің I және II топтардағы мүгедектеріне — жасына байланысты ең төменгі пенсияның 150 процентіне, III топтағы мүгедектерге — 75 процентіне көбейтіледі;
2. соғыс мүгедектеріне, сондай-ақ осы Заңның 48-статьясында аталған адамдарға I және II топтардағы мүгедектігіне байланысты пенсия — жасына байланысты ең төменгі аз пенсияның 100 процентіне, III топтағыларға — 50 процентіне;
3. әскери борышын орындау кезінде соғысқа және басқа да жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушыларға (осы статьяның I және 2-тармақтарында аталған адамдардан басқа) жасына, мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия, оның ішінде ең төменгі пенсия — жасына байланысты ең төменгі пенсияның 50 процентіне;
4. Жасына, мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия, соның ішінде ең төменгі мөлшердегі пенсия:
Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армияның ерікті жалдамалы құрамдағы адамдарына — 20 процентке;
экологиялық апат аймақтарында тұратын адамдарға, оның ішінде әлеуметтік пенсия алушыларға — 20 процентке;
41-статьяның 5-тармағында аталған адамдарға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс қимылдарына байланысты не соның зардабынан жаралану, контузия алу немесе жарақаттану салдарынан немесе атом сынағы, экологиялық апат салдарынан зардап шеккен бала жасынан мүгедектерге, соның ішінде әлеуметтік пенсия алушыларға — жасына байланысты ең төмен пенсияның 15 процентіне;
5. әскери қызметін өткеру кезінде ауыруы салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілер және мерзімді қызметтің қайтыс болған әскери қызметшілері үшін асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия — жасына байланысты ең төмен пенсияның 15 процентіне көбейтіледі.
VI бөлім. ПЕНСИЯНЫ ЕСЕПТЕУ
58 статья. Пенсияны орташа айлық табысты процентке шағып есептеу
Пенсия азаматтар пенсияға өтініш бергенге дейін алып келген, осы Заңның 59—61-статьяларына сәйкес анықталатын орташа айлық табысты процентке шағып белгіленген нормалар бойынша есептеледі.
Бұл орайда пенсияны есептеу үшін ең төменгі жалақының он есе мөлшерінен аспайтын сомадағы табыс алынады. Ең төменгі жалақының төрт есе мөлшерінен аспайтын табыстың бөлігі пенсияны тағайындау кезінде толық есептеледі. Табыстың әрбір келесі бөлігі: жалақының бесінші минимумы шегінде — 85 процент, алтыншы минимумы шегінде — 70 процент, жетінші минимумы шегінде — 55 процент, сегізінші минимумы шегінде — 40 процент, тоғызыншы минимумы шегінде — 25 процент, оныншы минимумы шегінде — 15 процент мөлшерінде есептеледі. Осындай жолмен алынған табыс пенсия есептелетін табыс деп есептеледі.
59-статья. Орташа айлық табысты анықтаудың жалпы тәртібі
Осы Заңның 5-статьясында аталған адамдарға пенсия есептеу үшін орташа нақты айлық табыс жұмыста болған үзілістерге қарамастан, пенсияға өтініш берердің алдындағы жұмыстың соңғы 15 жылының қатарынан кез-келген 5 жылынан (пенсияға өтініш берген адамның таңдауы бойынша) алынады, бұған колхоз мүшесі колхозда істемеген реттер кірмейді.
5 жылғы орташа айлық табыс қатарынан 60 календарлық ай істеген жұмысы үшін (жұмыстың соңғы 15 жылы шегінде) алған табыстың жалпы сомасын алпысқа бөлу арқылы анықталады. Бұл орайда пенсияға өтініш берген адамның қалауы бойынша, жұмысқа тұруға немесе жұмыстан шығуға байланысты, сондай-ақ 3 жасқа дейінгі балаға күтім жасағаны жөніндегі демалысқа байланысты жұмыс күндерінің саны толық емес айлар есептен шығарылып тасталады да, олар тікелей аталған кезеңге дейінгі немесе одан кейінгі басқа айлармен ауыстырылады.
Пенсияға өтініш берген адам 5 жылдан аз уақыт (колхоз мүшесі болса) жұмыс істесе, орташа айлық табыс жұмыстың календарлық айлары үшін алған табыстың жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу арқылы анықталады.
Егер орташа айлық табыс есептелетін кезеңнің бір бөлігі колхоз мүшесі болып істеген жұмысқа, ал бір бөлігі өзге жұмысқа тура келетін болса, онда әрбір кезеңдегі табыс тиісінше колхоз мүшелері үшін және басқа адамдар үшін (60-статья) белгіленген ережелер бойынша ескеріледі. Бұл ретте табыстың жалпы сомасы алпысқа немесе, егер айлардың бұл саны алпыстан аз болса, тиісінше аталған жұмыс кезеңі айларының нақты санына бөлінеді.
Егер қызметкер бір календарлық айдан аз уақыт жұмыс істесе, онда жұмыс істеген барлық уақыт үшін алған табыс жұмыс істеген күндердің санына бөлініп, алынған сома бір жылға орта есеппен алғанда бір айдағы жұмыс күндерінің санына (алты күндік жұмыс аптасында — 25,4 және бес күндік жұмыс аптасында — 21,2) көбейтіледі. Бұл ретте пенсияны есептеу үшін екі тарифтік ставкадан (окладтан) артық есептелмейді.
Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлерге пенсия тағайындаған кезде орташа айлық нақты табыс 5 толық маусым үшін алынған табысты алпысқа бөлу арқылы анықталады.
Пенсияға өтініш жасаған адамның қалауы бойынша дәрігерлік-еңбек сараптамасы комиссиясының қорытындысы бойынша мүгедек болған немесе жарақат алуы не денсаулығына езге де зақым келуі салдарынан келтірілген залал үшін өтем алған, I топтағы мүгедекке, сондай-ақ біреудің көмегіне мұқтаж жалғызілікті II топтағы мүгедекке және жасына байланысты пенсионерге, 80 жасқа толған қартайған адамға, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға, атом сынағы, экологиялық апат салдарынан зардап шеккен 16 жасқа дейінгі балаға немесе иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған не СПИД-пен ауыратын адамдарға күтім жасауға кеткен жұмыс уақыты 15 жыл мерзімге қосылмайды.
60-статья. Пенсия есептеу кезінде ескерілетін еңбекке ақы төлеу түрлері
Пенсия есептеген кезде адамдардың табысына сақтық жарналары есептелетін (колхоз мүшелерінен басқа) еңбекке ақы төлеудің барлық түрлері енгізіледі, бұған еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген жүйесі бойынша енгізілмеген бір жолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшін өтем, жәрдем ақша және басқалар) кірмейді, олардың тізімі Қазақ ССР Министрлер Кабинеті белгілейтін тәртіппен бекітіледі.
Колхоз мүшелеріне пенсия есептеген кезде оған колхоздың қоғамдық шаруашылығында жұмыс істегені үшін тапқан жалақының барлық түрлері жатқызылады.
Тиісті кезең үшін еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша төленетін жәрдем не қызметкер үшін сақталған орташа табыс та аталған табысқа жатқызылады.
Егер қызметкер негізгі қызметі бойынша толық қызмет окладын (ставка) алмаған болса және тап сол кәсіпорында немесе өзге кәсіпорында басқа жұмысты орындаған болса, онда пенсия барлық жұмыс орындары бойынша жалпы табысынан есептеледі.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандырылуға жатпайтын адамдардың пенсиясын есептеу үшін (5-статья, 40-статьяның 5-тармағы) табысқа сақтық жарналары есептелетін еңбекке ақы төлеу түрлеріне ұқсас ақшалай табыстың барлық түрлері жатқызылады.
Ақшалай ақымен қатар құнына сақтандыру жарналары төленетін заттай ақы алатын колхоз, өзге де кооператив мүшелеріне, совхоздар мен басқа да кәсіпорындардың қызметкерлеріне орташа айлық табысты анықтау кезінде еңбекке ақы төленген кездегі мемлекеттік бөлшек сауда бағасы бойынша осы заттай ақы есептеледі.
61-статья. Азаматтардың жекелеген категорияларына пенсия есептеу
Шығармашылық одақтардың мүшелеріне және басқа шығармашылық қызметкерлерге (5-статья, 40-статьяның 3-тармағы) пенсия оны тағайындау жөнінде өтініш жасар алдындағы шығармашылық қызметтің соңғы 15 жылының қатарынан кез келген 5 жылындағы мемлекеттік ставкалар бойынша есептелетін авторлық қаламақыдан есептеледі. Егер олар бір мезгілде кәсіпорындарда немесе ұйымдарда жұмыс істейтін болса, пенсияны есептеу үшін тиісті кезеңге авторлық қаламақы мен табыс ескеріледі.
Жеке еңбек қызметімен айналысатын, соның ішінде жеке (топтық) аренда жағдайында жекелеген азаматтарда шарт бойынша жұмыс істейтіндерге (үй қызметіндегі әйелдер, бала күтушілер, хатшылар, машинисткалар, стенографисткалар, күзетшілер, бағбандар, жүргізушілер және басқалар) пенсия шын мәніндегі табысынан (ССРО Пенсия қорына төлейтін жарнаны белгілеуге арналған сомалар) есептеледі.
Жоғары оқу орындарына, курстарға, аспирантураға немесе клиникалық ординатураға оқуға түскенге дейін жұмыс істеген оқушыларға, аспиранттар мен клиникалық ординаторларға пенсия есептеу кезінде олардың қалауы бойынша оқу кезеңі үшін табыстың орнына стипендия есептелуі мүмкін.
62-статья. Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда пенсияны есептеу
Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда пенсия бар стажына сәйкес мөлшерде тағайындалады. Пенсия былайша есептеледі: алдымен тиісті толық пенсия анықталады, бұл пенсия талап етіліп отырған толық жұмыс стажының айлары санына бөлінеді, алынған сома нақты жұмыс стажының айлары санына көбейтіледі (бұл стажда 15 күннен астам кезең толық айға есептеледі, ал 15 күнді қоса алғанға дейінгі кезең есептелмейді).
Егер стаж толық болған жағдайда пенсия осы Заңда белгіленген ең төменгі мөлшерде берілмекші болса, онда пенсия стаж толық болмаған жағдайда пенсияның ең төменгі мөлшерін негізге ала отырып, бар стажға сәйкес тағайындалады, бірақ барлық реттерде, егер осы Заңда өзгеше көзделмеген болса, еңбекке жарамсыз адамдардың тиісті категориясы үшін белгіленген әлеуметтік пенсияның мөлшерінен кем болмауға тиіс.
63-статья. Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсияны есептеу
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсияны есептеген кезде тиісінше осы Заңның 58—62, 65—67-статьялары қолданылады.
Пенсионерлердің семьясына тағайындалатын пенсия асыраушысының пенсиясы есептелген табыстан есептеледі.
Осы Заңның 68-статьясында көзделген тәртіппен пенсияны қайта есептетуге правосы бар пенсионердің семьясына пенсия асыраушысының пенсиясы қайта есептелген немесе қайта есептелуі мүмкін болған табыстан есептеледі.
64-статья. Бір пенсиядан екінші пенсияға ауысқан кезде табысты есептеу
Бір пенсиядан екінші пенсияға ауысқан кезде табыс жалпы негізде анықталады (осы Заңның 59—61-статьялары). Жаңа негіз бойынша пенсия (пенсионердің қалауы бойынша) бұрын төленіп келген пенсия есептелген табыстан немесе пенсия қайта есептелуі мүмкін болған табыстан есептелуі де мүмкін.
65-статья. Шетелде жұмыс істеген кездегі табысты есептеу
ССРО-дан шетелге жұмыс істеуге жіберілген қызметкерлердің орташа айлық табысын есептеген кезде олардың шетелге жіберілгенге дейін алған жалақысы (58—61-статьялар), не олардың қалауы бойынша, осы Заңның 66-статьясына сәйкес анықталатын табысы есептеледі.
66-статья. Басқа елдерден қоныс аударушы совет азаматтарына пенсия төлеу
ССРО-да жұмыс істемеген, басқа елдерден қоныс аударушы совет азаматтарына пенсия Қазақ ССР-індегі тиісті кәсіп пен мамандық қызметкерлерінің пенсия тағайындау кезінде алатын орташа табысына (тиісті кәсіптік одақтың деректері бойынша) шағып есептеледі.
67-статья. Жалақыға аудандық коэффициенттер белгіленген аудандарда тұратын адамдарға пенсия есептеу
Жұмысшылар мен қызметшілердің жалақысына аудандық коэффициенттер белгіленген аудандарда тұратын адамдарға пенсия тағайындау кезінде аудандық коэффициент қолданылып есептелген нақты жалақы ескеріледі.
Бұл орайда жалақының төрт еселенген минимумы және осы Заңның 58-статьясында көзделген жалақының одан кейінгі бөліктері осы ауданда өндірістік емес салалардың жұмысшылары мен қызметшілері үшін белгіленген аудандық коэффициент қолданылып есептеледі.
Жалақысына коэффициент алғаш белгіленетін немесе оның мөлшері өсірілетін аудандарда тұратын адамдарға осы статьяның екінші бөлігінде көзделген тәртіп сақтала отырып белгіленген (көбейтілген) коэффициентті қолдану арқылы пенсия есептелген орташа айлық табысы қайта есептеледі.
Бұл адамдар жалақыға коэффициент белгіленбеген немесе аз мөлшерде белгіленген аудандарға кеткен кезде пенсия олардың таңдауы бойынша осындай тәртіппен, бірақ нақты табыстан аудандық коэффициент бойынша төлемдерді алып тастап (кемітіп), осы Заңның 58 және 60-статьяларына сәйкес есептелген табыстан eceптеледі.
Еліміздің аудандық коэффициенттер белгіленбеген немесе аз мөлшерде белгіленген басқа аймақтардан осы статьяның бірінші бөлігінде аталған аудандарға тұрақты тұруға келген адамдарға пенсия есептеу үшін табыс сол ауданда қолданылып жүрген ережелер сақтала отырып, аудандық коэффициентті қолдану арқылы қайта есептеледі.
Жалақыға аудандық коэффициенттер белгіленген аудандарда тағайындалатын еңбек пенсияларының ең төменгі мөлшері сол ауданда өндірістік емес салалардың жұмысшылары мен қызметшілеріне арналған коэффициентті қолдана отырып, осы аудандарда тұру кезеңіне арнап анықталады.
68-статья. Пенсияны неғұрлым жоғары табыстан қайта есептеу
Жасына немесе мүгедектігіне байланысты пенсия тағайындалғаннан кейін және қайта есептелгеннен кейін пенсия есептелген жалақыдан гөрі неғұрлым жоғары табыс тауып, кемінде 2 жыл жұмыс істеген пенсионерлерге пенсионердің арызы бойынша осы Заңның 58—61-статьяларына сәйкес пенсияны қайта есептеуге өтініш жасар алдындағы соңғы 2 жыл ішіндегі жұмыспен анықталатын неғұрлым жоғары табысты негізге ала отырып, пенсияның жаңа мөлшері белгіленеді.
Табысының болмауына байланысты ең төменгі мөлшерде тағайындалған пенсия да осындай шарт бойынша қайта есептеледі.
Пенсионердің табысы одан әрі өсе түскен жағдайда оның арызы бойынша пенсия жаңадан қайта есептеледі. Пенсияны әрбір кезекті қайта есептеу соның алдындағы қайта есептеуден кейін кемінде 2 жыл жұмыс істеген соң жүргізіледі.
69-статья. Жұмыс стажы толық болмаған жағдайда пенсияны қайта есептеу
Егер стажы толық болмаған жағдайда жасына байланысты не I немесе II топтағы мүгедектігіне байланысты пенсия тағайындалған пенсионер пенсия тағайындалғаннан кейін кемінде 2 жыл жұмыс істесе, онда оның арызы бойынша қайта есептеу кезіне дейінгі стажы негізге алына отырып пенсия қайта есептеледі. Одан кейінгі әрбір қайта есептеу соның алдындағы қайта есептеуден кейін кемінде 2 жыл жұмыс істеген соң жүргізіледі.
Егер пенсионер одан әрі жұмыс істеп, толық пенсия тағайындауға жеткілікті стажға ие болса, онда пенсионердің арызы бойынша стажы толық болмаған жағдайда пенсия тағайындалғаннан кейін қанша уақыт өткеніне қарамастан, пенсия тиісінше қайта есептеледі. Бұл орайда мүгедектік басталған кезге қарай пенсионердің жасына сәйкес оның толық пенсия тағайындауға жеткілікті стажы болған жағдайда (21-статья) мүгедектігіне байланысты толық пенсия белгіленеді.
Пенсионердің қалауы бойынша пенсия бастапқыда пенсия тағайындалған (немесе кейіннен осы Заңның 68-статьясында көзделген тәртіппен қайта есептелген) табыстан немесе соңғы табыстан қайта есептеледі.
70-статья. Семья жағдайының өзгеруіне, жұмысқа тұруға немесе жұмысты тоқтатуға байланысты пенсияны қайта есептеу
Пенсия тағайындалғаннан кейін пенсионер семья жағдайының өзгеруіне, жұмысқа тұруына немесе жұмысты тоқтатуына байланысты семьяның еңбекке жарамсыз мүшелеріне үстеме ақы алу правосына ие болса немесе бұл праводан айрылса, не бұл үстеме ақының мөлшері өзгертілуге тиіс болса, пенсия тиісінше қайта есептеледі.
71-статья. Пенсияға үстеме ақы есептеу және пенсияны көбейту тәртібі
Өзінің асырауында семьяның еңбекке жарамсыз мүшелері бар жұмыс істемейтін пенсионерлер үшін белгіленген пенсияларға үстеме ақы осы Заңның 26 және 27-статьяларында аталған семья мүшелеріне есептеледі. Бұл үстеме ақы семьяның еңбек немесе әлеуметтік пенсия алатыны мүшелеріне қосылмайды.
Семьяның еңбекке жарамсыз мүшелері үшін әлеуметтік пенсияны да және үстеме ақыны да алуға правосы болған жағдайда өтініш жасаушының таңдауы бойынша не пенсия, не үстеме ақы тағайындалады.
Семьяда екі немесе одан көп жұмыс істемейтін пенсионер болған жағдайда олардың ортақ асырауындағы семьяның еңбекке жарамсыз әрбір мүшесі, пенсионерлердің таңдауы бойынша, олардың біріне ғана үстеме ақы қосу үшін ескеріледі.
Пенсияны өсірудің бірнеше түріне бір мезгілде правосы болған жағдайда Қазақ ССР-інің экологиялық апат аймағында тұратын адамдар үшін көзделген өсімдерден басқа пенсия мөлшерін есірудің неғұрлым жоғары бір түрі қолданылады.
72-статья. Пенсияның ең төменгі мөлшерін және табыстың шекті мөлшерін көбейту
Пенсияның ең төменгі мөлшері және пенсия есептеу үшін ескерілетін табыстың шекті мөлшері (58-статья) ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты көбейіп отырады. Бұл орайда, егер ең төменгі жалақы мөлшері I шілдеге дейін өсірілген болса, I шілдеден бастап және аталған өсім I шілдеден бастап немесе кейінірек жасалса, келесі жылғы I қаңтардан бастап көбейтіледі.
73-статья. Тұрмыс құны индексінің өзгеруіне және жалақының өсуіне сәйкес пенсияны көбейту
Осы Заңның шарттары бойынша есептелген пенсия жыл сайын тұрмыс құны индексінің өзгеруіне және жалақының өсуіне сәйкес Қазақ ССР Жоғарғы Советі белгілейтін тәртіппен жасына байланысты пенсияның ең төменгі мөлшерінің кемінде 10 процентіне көбейтіліп отырады.
VII бөлім. ПЕНСИЯ ТАҒАЙЫНДАУ
74-статья. Пенсия тағайындауға өтініш жасау тәртібі
Жұмысшыларға, қызметшілер мен олардың семья мүшелеріне (асыраушысынан айрылған ретте) пенсия тағайындау туралы арыз ең соңғы жұмыс орны бойынша кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның әкімшілігі арқылы беріледі.
Колхоз және басқа да кооператив мүшелері мен олардың семьяларына пенсия тағайындау туралы арыз колхоз (кооператив) басқармасы арқылы беріледі.
Әкімшілік (басқарма) кәсіподақ комитетімен бірлесіп арыз түскен күннен бастап 10 күн мерзім ішінде стаж бен табыс туралы қажетті құжаттарды ресімдеп, берілген арызбен және өзінің ұсынысымен бірге оларды кәсіпорын немесе ұйым тұрған жердегі аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне жібереді. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен келісе отырып, пенсия тағайындауға арналған құжаттар жұмысшылардың, қызметшілердің және колхоз (кооператив) мүшелерінің пенсияға жасы толмастан бұрын да табыс етілуі мүмкін.
Егер пенсия тағайындауға өтініш жасаған қызметкерге пенсия тағайындауға ұсынудан бас тартылған болса, оған бас тарту себептері көрсетіле отырып, бұл жөнінде жазбаша түрде хабарланады.
Пенсия алуға өтініш жасаған адам әкімшілік (басқарма) пен кәсіподақ комитетінің өзіне пенсия тағайындауға ұсынудан бас тарту туралы шешімімен келіспеген реттерде, ол тікелей кәсіпорын немесе ұйым тұрған жердегі аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне пенсия тағайындау туралы арыз бере алады.
Басқа азаматтар мен олардың семья мүшелеріне пенсия тағайындау туралы арыз тікелей арыз беруші тұратын жердегі аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне беріледі.
Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері пенсия тағайындау мәселелері бойынша түсініктемелер мен анықтамалар беруге, сондай-ақ арыз берушінің қажетті құжаттар алуына көмектесуге міндетті.
Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері кәсіпорындардан, ұйымдар мен жекелеген адамдардан тиісті құжаттар талап етуге, сондай-ақ қажет болған реттерде бұларды берудің негізділігін тексеруге, ерекше еңбек жағдайларында жұмыс істегені туралы жеңілдік шартпен пенсия тағайындау жөнінде өтініш берген адамның құжаттарының негізділігі туралы мемлекеттік сараптама органынан қорытынды сұратуға праволы.
Кәсіпорындар мен ұйымдар пенсия тағайындауға (пенсияны қайта есептеуге) құжаттарды дер кезінде бермеуі немесе құжаттардағы мәліметтердің күмәнді болуы салдарынан пенсионерге келтірген залалы үшін оның алдында материалдық жағынан жауапты болады.
Кәсіпорын немесе пенсионер мәліметтері күмәнді құжаттар ұсынғандықтан мемлекетке залал келтірген ретте келтірілген залал ССРО Пенсия қорының Қазақ республикалық бөлімшесіне өтеледі.
75-статья. Пенсия тағайындайтын органдар
Пенсияны халық депутаттары аудандық (қалалық) Советтері құратын пенсия тағайындау жөніндегі комиссиялар тағайындайды.
Комиссия халық депутаттары аудандық (қалалық) Советі белгілейтін құрамда құрылады. Комиссияның құрамына басқа мүшелермен аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі енеді.
Пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның өкілеттік беруі арқылы оның атынан пенсияны комиссияның мүшесі — аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі меңгерушісінің жеке өзі тағайындауы мүмкін. Алайда барлық реттерде пенсия алуға өтініш берген адамның және басқа да мүдделі адамдар мен ұйымдардың талап етуі бойынша пенсия тағайындау туралы мәселені пенсия тағайындау жөніндегі комиссия шешеді.
76-статья. Пенсия тағайындау туралы құжаттарды қарау мерзімі
Пенсия тағайындау туралы құжаттарды пенсия тағайындайтын органдар (75-статья) құжаттар келіп түскен күннен бастап 10 күннен кешіктірмей қарайды.
Пенсия тағайындаудан бас тарту туралы шешімді барлық реттерде пенсия тағайындау жөніндегі комиссия ғана қабылдайды. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі тиісті шешім шығарылғаннан кейін 5 күннен кешіктірмей пенсия тағайындаудан бас тарту туралы хабарламаны бас тарту себептерін және шағым беру тәртібін көрсете отырып, кәсіпорынға немесе арыз берушіге тапсырады немесе жібереді және сонымен бірге барлық құжаттарды қайтарады.
77-статья. Пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағым беру
Пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның шешіміне халық депутаттарының аудандық (қалалық) Советіне немесе аудандық (қалалық) халық сотына шағым берілуі мүмкін. Пенсиямен қамсыздандыру правосы туралы дауды қарайтын орган, қажет болған реттерде, жоғары тұрған әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің немесе енбек жағдайын мемлекеттік сараптау органының қорытындысын сұратып алады.
78-статья. Пенсия тағайындау мерзімі
Пенсия неғұрлым ертерек мерзімде тағайындалатын мынадай жағдайлардан басқа реттерде пенсия оған өтініш берілген күннен бастап тағайындалады:
1. егер пенсия алуға өтініш пенсия жасына жеткен немесе мүгедектік белгіленген күннен бастан 3 айдан кешіктірілмей берілсе, жасына және мүгедектігіне байланысты пенсия пенсия жасына жеткен немесе тиісінше ДЕСК мүгедектікті белгілеген күннен бастап тағайындалады;
2. асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия алу правосы пайда болған күннен бастап, бірақ пенсия алуға өтініш берердің алдындағы 12 ай өтпей тұрып тағайындалады.
Пенсия тағайындауға өтініш жасалған күн деп әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі барлық қажетті құжаттармен қоса пенсия тағайындау туралы арызды (ұсынысты) қабылдаған күн есептеледі. Егер пенсия тағайындау туралы арыз (ұсыныс) почта арқылы жіберілсе және мұның өзінде барлық қажетті құжаттар қоса тіркелсе, онда пенсия алуға өтініш жасалған күн деп жіберілген осы арызға (ұсынысқа) почта белгісі соғылған күн есептеледі.
Арызға (ұсынысқа) барлық қажетті құжаттар қоса тіркелмеген реттерде әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі қосымша қандай құжаттар керек екендігі туралы кәсіпорынның әкімшілігіне немесе арыз берушіге жазбаша түрде хабарлайды. Егер олар қосымша құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы хабарламаны алған күннен бастап 3 айдан кешіктірілмей ұсынылса, онда пенсия алуға өтініш жасалған күн деп пенсия тағайындау туралы арызды (ұсынысты) қабылдаған күн немесе арызды (ұсынысты) жіберген жердің почта белгісі соғылған күн есептеледі.
Аталған мерзім өткен соң пенсия тағайындайтын орган қолда бар құжаттар бойынша пенсия тағайындау немесе оны тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
79-статья. Тағайындалған пенсияны қайта есептеу мерзімі
Тағайындалған пенсияны қайта есептеу, егер осы Заңда өзгеше ескерілмеген болса, мынадай мерзімде жүргізіледі:
пенсияны көбейтуге право пайда болған жағдайда — егер пенсионер тиісті арызды барлық қажетті құжаттармен бірге қоса есептегенде айдың 15-іне дейін тапсырса, ол пенсияны қайта есептеуге өтініш жасаған айдың бірінен бастап және, егер арызды барлық қажетті құжаттармен бірге айдың 15-інен кейін берсе, келесі айдың бірінен бастап;
пенсияны кемітуге әкеп соқтыратын мән-жайлар пайда болған жағдайда — келесі айдың бірінен бастап қайта есептеледі.
80-статья. Бір пенсиядан екінші пенсияға көшіру
Бір пенсиядан екінші пенсияға көшіруді Пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның мүшесі — аудандық (қалалық) әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі жеке өзі жүргізеді.
Көшіру барлық қажетті құжаттармен бірге (егер олар пенсия ісінде жоқ болса) тиісті арыз берілген күннен бастап жүргізіледі.
VIII бөлім. ПЕНСИЯ ТӨЛЕУ
81-статья. Пенсия төлеу тәртібі
Пенсия мынадай тәртіппен төленеді:
1. жұмыс істемейтін пенсионерлерге ағымдағы ай үшін — әлеуметтік қамсыздандыру органдары қайда тіркелгеніне қарамастан пенсионердің нақты тұратын жері бойынша төлейді.
Пенсияны жеткізіп беру мен жіберу ССРО Пенсия қорының Қазақ республикалық бөлімшесінің қаржысы есебінен жүзеге асырылады;
2. жұмыс істейтін пенсионерлерге — әлеуметтік сақтық жарналары есебінен жұмыс орны бойынша алатын табысына (кірісіне) қарамастан толық мөлшерде (семьяның еңбекке жарамсыз мүшелеріне үстеме қосылмай) төленеді. Өткен ай үшін пенсия айдың екінші жартысындағы жалақымен бір мезгілде төленеді.
Халыққа білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлеріне (37-статья) мерзімді еңбек шарты жасалған жағдайда мамандығы бойынша жұмыс істеген кезеңде еңбек сіңірген жылдары үшін пенсия дәл осындай тәртіппен төленеді;
3. тағайындалған пенсия жұмыс істейтін пенсионердің қалауы бойынша осы Заңның 82-статьясының талаптары сақтала отырып, осы статьяның І-тармағында белгіленген тәртіппен төленуі мүмкін.
82-статья. Пенсионерлердің және кәсіпорындар басшыларының пенсия төлеуге ықпал ететін жағдайлардың өзгергені туралы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне хабарлау міндеттілігі
Жұмысқа тұрған барлық реттерде пенсионерлер бұл туралы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне хабарлауға міндетті.
Асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия алатын немесе семьяның енбекке жарамсыз мүшелері үшін пенсияға үстеме алатын пенсионерлер де пенсия төленетін немесе пенсиясына үстеме төленетін семья мүшелерінің құрамындағы өзгерістер туралы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне хабарлауға міндетті.
Кәсіпорындардың басшылары тиісті пенсионерлерді жұмысқа алғаны туралы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне 5 күн мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Осы статьяның талаптарын бұзған ретте пенсионерлер мен кәсіпорындардың басшылары келтірілген материалдық залал үшін жауапты болады және оны өтеуге міндетті.
83-статья. Сенімхат арқылы пенсия төлеу және оны ресімдеу тәртібі
Пенсияны сенімхат арқылы төлеуге болады. Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүмкін.
Егер сенімхатта мерзім көрсетілмеген болса, ол өзі қолданыла бастаған күннен бастап бір жыл бойы күшін сақтайды.
Сенімхатты нотариалдық тәртіппен немесе үй басқармасы не пенсионер тұратын жердегі тұрғын үй шаруашылығының басқа бір ұйымы, немесе пенсионер тұрақты емдеуде болған емдеу мекемесі куәландыруға тиіс.
84-статья. Өткен уақыт үшін пенсия төлеу
Пенсионер дер кезінде талап етпеген пенсияның есептелген сомасы өткен уақыт үшін пенсия алуға өтініш жасардың алдындағы 3 жылдан аспайтын уақытқа төленеді.
Пенсия тағайындайтын немесе төлейтін органның кінәсінен дер кезінде алынбай қалған пенсия сомасы өткен уақыт үшін ешқандай мерзіммен шектелмей төленеді.
85-статья. Мүгедектік тобы өзгерген немесе еңбек ету қабілеті қалпына келген жағдайда пенсия төлеу мерзімі
Мүгедектік тобы өзгерген ретте жаңа мөлшердегі пенсия мүгедектік тобы өзгерген күннен бастап төленеді.
Қайтадан куәландырылған адам еңбек етуге қабілетті деп танылған ретте пенсия ол еңбек етуге қабілетті деп танылған айдың аяғына дейін төленеді, бірақ бұл мүгедектік айқындалған күннен аспауға тиіс.
86-статья. Мүгедектікте үзілістер болған жағдайда пенсияны қайта төлеудің шарттары
Егер мүгедек қайта куәландыру үшін ДЕСК-ге сол үшін тағайындалған мерзімде бармаса, онда оған пенсия төлеу тоқтатылады, ал ол қайтадан мүгедек деп танылған ретте пенсия тоқтатылған күннен бастап қайтадан төленеді, бірақ бұл бір айдан аспауға тиіс.
Қайта куәландыру мерзімін орынды себеппен өткізіп алған жағдайда пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде пенсия төлеу тоқтатылған күннен бастап қайта куәландырылған күнге дейін, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, егер ДЕСК оны осы кезеңде мүгедек деп тапса, төленеді. Бұл орайда, егер қайта куәландыру кезінде мүгедек мүгедектіктің басқа (неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен) тобына көшірілген жағдайда, аталған уақыт үшін пенсия бұрынғы топ бойынша төленеді.
Жалпы ауыруы салдарынан еңбек ету қабілетінен айрылған мүгедекке пенсия төлеу еңбек ету қабілетінің қалпына келуіне байланысты тоқтатылған болса немесе ол қайта куәландыруға орынды себептерсіз бармағандықтан пенсия алмаған болса, онда ол кейіннен мүгедек деп танылған ретте, бұрын тағайындалған пенсия мүгедектік қайтадан белгіленген күннен бастап, егер пенсияны төлеу тоқтатылғаннан кейін өткен уақыт 5 жылдан аспайтын жағдайда, қайта төлене бастайды. Егер 5 жылдан астам уақыт өтсе, пенсия жалпы негіздер бойынша қайтадан тағайындалады.
87-статья. Тұрақты емдеуде болған кезде пенсия төлеу
Пенсионердің ауруханада, клиникада, госпитальда және басқа емдеу мекемелерінде, сондай-ақ алапес ауруынан емдейтін ауруханада тұрақты емдеуде болған кезінде пенсия толық төленеді.
88-статья. Қартайғандар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде тұратын адамдарға пенсия төлеу
Қартайғандар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде (пансионаттарда) тұратын пенсионерлерге тағайындалған пенсияның 30 проценті төленеді, бірақ ол жасына байланысты ай сайын төленетін ең төмен пенсияның 30 процентінен кем болмауы керек. Олардың пенсиясының мөлшері осы интернат-үйлердегі (пансионаттардағы) күтім жасау құнынан артық болған реттерде, пенсия мен күтім жасау құнының арасындағы айырма төленеді, бірақ ол тағайындалған пенсияның 30 процентінен және жасына байланысты ай сайын төленетін ең төмен пенсияның 30 процентінен кем болмауы керек. Егер қартайғандар мен мүгедектерге арналған интернат-үйде (пансионатта) тұратын пенсионердің қарауында еңбекке жарамсыз семья мүшелері болса (26 және 27-статьялар), онда пенсия мынадай тәртіппен төленеді: пенсияның 30 проценті, бірақ жасына байланысты ең төмен пенсияның кем дегенде 30 проценті пенсионердің өзіне төленеді, ал пенсияның қалған бөлігі семьяның аталған мүшелеріне төленеді, бірақ ол тағайындалған мөлшердің 50 процентінен аспауға тиіс.
89-статья. Бас бостандығынан айыру кезінде пенсия төлеу
Пенсионер бас бостандығынан айрылған ретте бас бостандығынан айрылған уақытта тағайындалған пенсияның 10 проценті мөлшерінде төленеді, бірақ ол жасына байланысты ай сайын төленетін ең төменгі пенсияның 20 процетінен кем болмауға тиіс.
90-статья. Мемлекеттің толық қамтуында тұрған балаларға асыраушысынан айрылуына байланысты пенсия төлеу
Тұлдыр жетім балаларға мемлекеттің толық асырауында болған кезеңде пенсия толық көлемінде төленеді.
Мемлекеттің толық асырауындағы басқа балаларға тағайындалған пенсияның 50 проценті төленеді, бірақ ол жасына байланысты ай сайын төленетін ең төмен пенсияның 50 процентінен кем болмауға тиіс.
91-статья. Пенсионердің қайтыс болуына байланысты алынбай қалған пенсияны төлеу және жерлеуге жәрдем ақша төлеу
Пенсионерге тиесілі және оның қайтыс болуына байланысты алынбай қалған пенсияның сомасы мұраның құрамына енбейді және оның семьясының асыраушысынан айрылуына байланысты пенсиямен қамсыздандырылатын адамдар тобына жататын мүшелеріне төленеді (26 және 27-статьялар). Алайда ата-анасы мен жұбайының (зайыбының), сондай-ақ пенсионер қайтыс болған күнге дейін, онымен бірге тұрған семья мүшелерінің, егер олар асыраушысынан айрылуына байланысты пенсиямен қамсыздандырылатын адамдар тобына енбейтін жағдайда да осы соманы алуға правосы бар.
Семьяның бірнеше мүшесі талап еткен жағдайда оларға тиесілі пенсия сомасы оларға тең бөлінеді.
Аталған сома, егер ол пенсионер қайтыс болғаннан кейін 6 айдан кешіктірілмей талап етілсе, төленеді.
Пенсионер қайтыс болған ретте оның семьясына жерлеу үшін екі айлық пенсия мөлшерінде жәрдем ақша төленеді.
Егер пенсионерді оның семьясының мүшелері болып табылмайтын адамдар жерлеген болса, онда жәрдем ақша оның белгіленген мөлшері шегінде жерлеуге жұмсалған нақты шығыннан аспайтын сомада сол адамдарға төленеді.
92-статья. Шетелге кеткен азаматтарға пенсия төлеу
Шетелге тұрақты тұруға кеткенге дейін ССРО-да тағайындалған пенсия шетелге кетер алдындағы 6 айға алдын-ала төленеді. Осы азаматтар шетелде болған уақытта еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыруы салдарынан тағайындалған пенсия ғана төленеді.
Еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауыруы салдарынан тағайындалған пенсияны басқа елдерге аудару тәртібін ССРО Үкіметі белгілейді.
93-статья. Пенсиядан ақша ұстап қалу
Мынадай жағдайларда пенсиядан ақша ұстап қалынуы мүмкін:
1) сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары мен үкімдері (мүліктік өндіріп алуға қатысты, нотариалдық кеңселердің орындау қағаздарының және сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен ССР Одағы мен Қазақ ССР-інің заңдарына сәйкес орындалатын басқа да шешімдер мен қаулылар негізінде;
2) пенсионерге оның тарапынан қиянат жасалуы салдарынан (көрінеу теріс мәліметтер жазылған құжаттар табыс етуі, табысын немесе басқа кірісін жасырып қалуы, семья мүшелерінің құрамындағы өзгерістер туралы мәліметтерді айтпау нәтижесінде) артық төленген пенсия сомасын өндіріп алу үшін пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның шешімдері негізінде.
Жоғарыда аталған себептермен басқа ешбір жағдайда пенсиядан ақша өндіріп алуға жол берілмейді.
Пенсиядан ұстап қалынатын ақша мөлшері пенсионерлерге төленуге тиісті сомадан есептеледі.
Пенсиядан: семья мүшелерін ұстауға (алимент), кәсіпорындардың мүлкін талан-таражға салудан келтірілген нұқсанды өтеуге, жарақаттану немесе денсаулықтың басқаша бұзылуы салдарынан келтірілген залалды өтеуге, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты заңдарда көзделген реттерде жалақының артық алынған сомасын қайтаруға пенсияның 50 процентінен аспайтын мөлшерде ақша ұсталуы мүмкін.
Өндіріп алудың басқа барлық түрлері бойынша пенсиядан 20 проценттен аспайтын мөлшерде ақша ұсталуы мүмкін.
Пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның шешімдері негізінде басқа да себептермен ақша ұстап қалу пенсияның 20 процентінен аспайтын мөлшерде жүргізіледі.
Пенсиядан ақша өндіріп алудың барлық реттерінде пенсионерге тиесілі пенсияның кемінде 50 проценті оның өзінде сақталады.
Пенсия тағайындау жөніндегі комиссияның шешімдері негізінде ұстап қалынатын пенсияның артық төленген сомасы бойынша - қарыз толық өтелгенге дейін пенсия төлеу тоқтатылған ретте (мысалы, еңбек қабілеті қалпына келуі нәтижесінде) қалған қарыз сот арқылы өндіріп алынады.
IX бөлім. ОСЫ ЗАҢНЫҢ ШАРТТАРЫ НЕГІЗІНДЕ ПЕНСИЯНЫ ҚАЙТА ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ БҰРЫН ҚОЛДАНЫЛЫП КЕЛГЕН ЗАҢДАРДЫ ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП ЖЕҢІЛДІКТІ ПЕНСИЯ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІ
94-статья. Осы Заңның шарттары негізінде бұрын тағайындалған пенсияны қайта есептеу тәртібі
Осы Заңның шарттары негізінде бұрын тағайындалған пенсияны қайта есептеу ол күшіне енгізілген күннен бастап жасы, стажы, табысы және қайта есептелетін уақытқа қарай пенсия ісіндегі басқа да құжаттар, сондай-ақ қайта есептелетін уақытқа қарай пенсионерге берілген қосымша құжаттар негізінде жүргізіледі.
Егер пенсионер осы Заңның күшіне енгізілуіне байланысты кейіннен пенсияны одан әрі көбейтуге право беретін қосымша құжаттар (жұмыс стажы, табысы, семья жағдайы туралы және басқа) тапсырса, онда пенсия осы Заңның нормалары бойынша қайтадан есептеледі. Бұл opайда қайта есептеу өткен уақыт үшін жүргізіледі, бірақ бұл қосымша құжаттарды беру алдындағы 12 айдан аспауға және әрі кеткенде осы Заң күшіне енгізілген күннен аспауға тиіс.
Бұрын қолданылып келген одақтық заңдар бойынша тағайындалған пенсияны қайта есептеу, пенсионерлердің таңдауына қарай, пенсионерлердің тиісті категориялары үшін 58 — 61 және 67-статьяларды қолдана отырып, осы Заң күшіне енгізілер алдындағы 2 жыл ішіндегі орташа айлық табыстан, не пенсия тағайындалар алдындағы, не осы Заңның 58-статьясының екінші бөлігін және 67-статьясын қолдана отырып, пенсия ісіндегі құжаттар бойынша бұрын пенсия есептелген табыстан жүргізіледі.
Заң күшіне енгізілгенге дейін пенсия тағайындалған және осы Заңның шарттарына сәйкес неғұрлым жоғары пенсия алуға правосы жоқ азаматтардың пенсиясы бұрын белгіленген мөлшерде сақталады.
95-статья. Осы Заң күшіне енгізілгенге дейін жеңілдік шартпен пенсия алуға правосы бар адамдарға жеңілдікті пенсия тағайындау тәртібі
Осы Заң күшіне енгізілгенге дейін бұрын қолданылып келген заңдарда көзделген еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға жасына байланысты пенсия мынадай жағдайларда тағайындалады:
1. осы Заң күшіне енгізілген күнге қарай жеңілдік шартпен пенсия алуға право беретін аталған жұмыстарда толық стажы бар адамдарға осы Заңда көзделген мөлшердегі пенсия бұрын қолданылып келген заңдарда белгіленген жасына және стажына байланысты талаптарға сәйкес тағайындалады;
2. еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыста толық стажы жоқ адамдарға 10-статьяға сәйкес пенсия тағайындау үшін талап етілетін жас бұрын қолданылып келген заңдарда белгіленген осы стаждың талаптарына сүйене отырып, осы Заңның 11-статьясында көзделген тәртіппен нақты стажға сәйкес кемітіледі.
X бөлім. ХАЛЫҚ ДЕПУТАТТАРЫ ЖЕРГІЛІКТІ СОВЕТТЕРІНІҢ, ЕҢБЕК КОЛЛЕКТИВТЕРІНІҢ ПЕНСИОНЕРЛЕРДІ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒЫНАН ҚАМСЫЗДАНДЫРУДЫҢ ҚОСЫМША ТҮРЛЕРІН БЕЛГІЛЕУ ЖӨНІНДЕГІ ПРАВОЛАРЫ
96-статья. Халық депутаттары жергілікті Советтерінің праволары
Облыстардың, қалалардың және басқа да әкімшілік-территориялық единицалардың халық депутаттары Советтері тиісті жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен өз праволары шегінде: күнкөріс минимумын қамтамасыз ететін жеткілікті қаржылары жоқ, біреудің көмегіне мұқтаж еңбекке жарамсыз жалғызілікті азаматтардың, сондай-ақ басқа да пенсионерлердің пенсияларына үстемелер;
ғылым, мәдениет және басқа қызмет салаларында жергілікті дәрежедегі сіңірген еңбегі үшін пенсия;
тұрғын үй алаңына, коммуналдық қызметке, медициналық қызмет көрсетуге, қоғамдық транспортпен жүріп-тұруға ақы төлеу жөнінде пенсионерлерге арналған жеңілдіктер және жеңілдіктердің басқа да түрлерін белгілей алады.
Халық депутаттарының жергілікті Советтері жергілікті бюджет есебінен пенсионерлердің, ең алдымен аз қамтылған, жалғызілікті адамдардың, сәбилердің, тұлдыр жетім балалар мен мүгедектердің, соғысқа қатысушылар мен тылдағы еңбеккерлердің тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған басқа да шешімдер қабылдайды.
97-статья. Еңбек коллективтерінің праволары
Кәсіпорынның еңбек коллективі еңбекке ақы төлеуге арналған өз қаржысы есебінен осы коллективте жұмыс істеген ардагерлер мен мүгедектердің, басқа да пенсионерлердің тұрмыс жағдайын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге праволы, атап айтқанда:
қызметкердің еңбек үлесін, жалпы және үздіксіз жұмыс стажының ұзақтығын ескере отырып, мемлекеттік пенсияға қосымша ақы белгілеуге;
қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін, егер олар осы Заңға сәйкес еңбек жағдайына байланысты жеңілдікті пенсия алу правосын пайдаланбайтын болса, мерзімінен бұрын тағайындалатын пенсия енгізуге;
осы Заңда белгіленгендегіден неғұрлым жеңілдікті жағдайда жұмыс істейтін пенсионерлерге пенсия төлеуге;
біреудің көмегіне мұқтаж жалғызілікті пенсионерлердің пенсиясына оларға күтім жасау үшін үстеме белгілеуге;
белгілі бір еңбек коллективінің алдында ерекше еңбек сіңірген қызметкерлерге дербес үстеме (қосымша ақы) енгізуге және пенсияға шыққан кезде бір жолғы төлем төлеуге праволы.
Кәсіпорындар әлеуметтік дамуға арналған өз қаржысы есебінен пенсионерлерге кәсіпорынның қарауындағы тұрғын үй алаңына, балалар мекемелеріндегі балаларды ұстауға ақы төлеу жөніндегі жеңілдіктер белгілеуге, отынның, коммуналдық қызметтердің құнын, жеке жүріп-тұру құралдарының, пенсионерлерге қажетті басқа да бұйымдардың құнына, тұрғын үй-құрылыс, бағбандық, гараж-құрылыс кооперативтеріне пай жарнаға, қоғамдық транспорттың барлық түрлеріне жүріп-тұру мен мәдени-ағарту және театр-ойын-сауық орындарына баруға арналған билеттерге ішінара немесе толық ақша төлеуге, пенсионерлерге басқа да көмек көрсетуге праволы.
Осы кәсіпорындар мен ұйымдардың қарауындағы спорт-сауықтыру кешендерін, демалыс үйлерін, пансионаттарды, санаторийлерді және мәдени-ағарту мекемелерін пенсионерлер пайдаланған кезде кәсіпорындар мен мекемелер оларға жеңілдік беруге міндетті.
Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |