2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 15 наурыздағы № 210-VII ҚРЗ.

Қолданыстағы

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы 2021 жылғы 8 ақпанда Мәскеуде жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

  Ресми куәландырылған мәтін

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 115-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тауарлар экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтерді көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 18 қосымша) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) 14-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Шектері 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Ресей Федерациясында жұмыс істейтін Одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара сәйкес келетін еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтың (бұдан әрі - ЕЭА) аумағына бір мүше мемлекеттің аумағынан тауарлар импорты кезінде ЕЭА резиденттері болып табылатын салық төлеушілер тауарларды есепке қабылдаған күніне ҚҚС-ты осы Хаттаманың 19-тармағының төртінші абзацына сәйкес есептейді және төлейді. Егер көрсетілген тауарлар оларды есепке қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өтетін ай аяқталғанға дейін өткізілмесе не ҚҚС-сыз өткізілсе, онда есептелген ҚҚС өткізілмеген не ҚҚС-сыз өткізілген импортталған тауарлар бөлігінде ЕЭА резиденттері болып табылатын салық төлеушілердің төлеуіне жатады. Бұл ретте оларды есепке қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өтетін ай аяқталғанға дейін өткізілмеген не ҚҚС-сыз өткізілген, көрсетілген тауарлар бойынша салық базасы осы тармаққа сәйкес айқындалады.";

      2) 19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Таңбаланатын акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді қоспағанда, жанама салықтар:

      егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, импортталған тауарларды есепке қабылдаған айдан;

      лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімі айынан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей төленеді.

      Бір мүше мемлекеттің аумағынан ЕЭА аумағына импортталған және оларды есепке қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өтетін ай аяқталғанға дейін өткізілмеген не ҚҚС-сыз өткізілген тауарлар бойынша ҚҚС-ты төлеу осы тауарларды есепке қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өтетін айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей жүргізіледі.

      Таңбаланатын акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді төлеу мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.";

      3) мынадай мазмұндағы 201-тармақпен толықтырылсын:

      "201. ЕЭА резиденті болып табылатын салық төлеуші салық декларациясын және осы Хаттаманың 20-тармағында көзделген құжаттарды (осы Хаттаманың 20-тармағының 2-тармақшасында көзделген құжатты қоспағанда) импортталған тауарларды есепке қабылдаған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей ұсынуға міндетті.

      Бұдан басқа, ЕЭА резиденті болып табылатын салық төлеуші осы Хаттаманың 20-тармағында көзделген салық декларациясын бір мүше мемлекеттің аумағынан ЕЭА аумағына импортталған тауарларды есепке қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 180 күн өтетін айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей ұсынуға да міндетті. Салық декларациясында оларды есепке қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 180 күн ішінде өткізілмеген және (немесе) өткізілген, көрсетілген импортталған тауарлар туралы мәліметтер көрсетілуге жатады. Өткізілмеген не ҚҚС-сыз өткізілген импортталған тауарларға қатысты ЕЭА резиденті болып табылатын салық төлеуші салық декларациясымен бір мезгілде салық органына, егер бұл аумағына тауарлар импортталған мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, импортталған тауарлар бойынша ҚҚС іс жүзінде төленгенін растайтын банктің үзінді - көшірмесін немесе ҚҚС-ты төлеу бойынша салық міндеттемелерінің орындалуын растайтын өзге де құжатты ұсынады. ЕЭА резиденті болып табылатын салық төлеушіде бір мүше мемлекеттің аумағына екінші мүше мемлекеттің аумағынан тауарлар импорты кезінде де, мүше мемлекеттің аумағында тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу кезінде де қайтаруға (есепке жатқызуға) жататын салықтардың, алымдардың не жанама салықтардың артық төленген (өндіріп алынған) сомалары болған кезде, аумағына тауарлар импортталған мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық органы оларды импортталған тауарлар бойынша ҚҚС-ты төлеу есебіне есепке жатқызу туралы шешім қабылдайды (шығарады). Бұл жағдайда импортталған тауарлар бойынша ҚҚС іс жүзінде төленгенін растайтын банктің үзінді - көшірмесі (оның көшірмесі) ұсынылмайды.".

2-бап

      Осы Хаттама мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      2021 жылғы 8 ақпанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін

      Осымен бұл мәтін 2021 жылғы 8 ақпанда Мәскеу қаласында қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың толық және теңтұпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын:

      Армения Республикасы үшін - Армения Республикасының Премьер- Министрі Н.В.Пашинян;

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті A.Г.Лукашенко;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев;

      Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасының Президенті С. Ш. Жээнбеков;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті B.В.Путин.

      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссияның
Құқықтық департаментінің
директоры
В. И. Тараскин

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы Хаттаманың қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі теңтүпнұсқалы мәтініне сәйкес келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы Вице-министрі
Е.Е. Біржанов____________

  2022 ж. "__"_____________