1989 жылғы 15 желтоқсанда Нью-Йоркте жасалған Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттама (бұдан әрі – Екінші Факультативтік Хаттама) мынадай ескертпемен ратификациялансын:
"Қазақстан Республикасы Екінші Факультативтік Хаттаманың 2-бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады.".
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
ӨЛІМ ЖАЗАСЫНЫҢ КҮШІН ЖОЮҒА БАҒЫТТАЛҒАН АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚҰҚЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТІГЕ ЕКІНШІ ФАКУЛЬТАТИВТІК ХАТТАМА БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ 1990 Бас Ассамблеяның 1989 жылғы 15 желтоқсандағы 44/128 қарарымен қабылданды
Осы Хаттамаға катысатын мемлекеттер
өлім жазасының күшін жою адамның қадір-қасиетін нығайтуға және адам құқықтарының прогрессивті дамуына ықпал етеді деп есептей отырып,
1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының1 3-бабына және 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 6-бабына сілтеме жасай отырып,
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің2 6-бабының өлім жазасының күшін жоюға қатысты тұжырымдамалары оның күшін жою қажеттігіне салмақты нұсқау болып табылатындығын атай отырып,
өлім жазасының күшін жою жөніндегі барлық шараларды өмір сүру құқығын қамтамасыз етудегі прогресс ретінде қарау керек екеніне сенімді бола отырып,
осы арқылы өлім жазасының күшін жою туралы халықаралық міндеттемені қабылдауға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттің юрисдикциясындағы бірде-бір адам өлім жазасына ұшырамайды.
2. Әрбір қатысушы мемлекет өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
2-бап
1. Осы Хаттамаға, ратификациялау немесе қосылу кезінде жасалған, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін ескертпені қоспағанда, ешқандай ескертпелер жасауға жол берілмейді.
2. Осындай ескертпе жасайтын қатысушы мемлекет ратификациялау немесе қосылу кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына соғыс уақытында қолданылатын өзінің ұлттық заңнамасының тиісті ережелері туралы хабарлайды.
3. Осындай ескертпе жасаған қатысушы мемлекет өз аумағына қатысты кез келген соғыс жағдайының басталуы немесе аяқталуы туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын хабардар етеді.
3-бап
Осы Хаттамаға катысушы мемлекеттер Пактінің 40-бабына сәйкес Адам құқықтары жөніндегі комитетке ұсынатын баяндамаларына осы Хаттаманы жүзеге асыру үшін өздері қабылдаған шаралар туралы ақпаратты қосады.
4-бап
41-бапқа сәйкес мәлімдеме жасаған Пактіге қатысушы мемлекеттерге қатысты, Адам құқықтары жөніндегі комитеттің қайсыбір қатысушы мемлекет басқа қатысушы мемлекет өз міндеттемелерін орындамай отыр деп сендіреді деген хабарламаны алу және қарау құзыреті, егер мүдделі қатысушы мемлекет ратификациялау немесе қосылу кезінде басқаша мәлімдемесе ғана, осы Хаттаманың ережелеріне қолданылады.
5-бап
1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге бірінші Факультативтік хаттамаға қатысушы мемлекеттерге қатысты, Адам құқықтары жөніндегі комитеттің өз юрисдикциясындағы жекелеген адамдардың хабарларын алу және қарау құзыреті, егер мүдделі қатысушы мемлекет ратификациялау немесе қосылу кезінде басқаша мәлімдеме жасамаған болса ғана, осы Хаттаманың ережелеріне қолданылады.
6-бап
1. Осы Хаттаманың ережелері Пактіге қосымша ережелер ретінде қолданылады.
2. Осы Хаттаманың 2-бабына сәйкес ескертпе енгізу мүмкіндігіне нұқсан келтірместен, осы Хаттаманың 1-бабының 1-тармағында кепілдік берілген құқықтан Пактінің 4-бабына сәйкес қандай да бір бас тартылмауға тиіс.
7-бап
1. Осы Хаттама Пактіге қол қойған кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық.
2. Осы Хаттама Пактіні ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің ратификациялауына жатады. Ратификациялық грамоталар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға беріледі.
3. Осы Хаттама Пактіні ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
4. Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына қосылу туралы құжатты сақтауға беру арқылы жүзеге асырылады.
5. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттамаға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекеттерге әрбір ратификациялық грамотаның немесе қосылу туралы құжаттың сақтауға берілгені туралы хабарлайды.
8-бап
1. Осы Хаттама оныншы ратификациялық грамота немесе қосылу туралы құжат Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға берілген күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді.
2. Оныншы ратификациялық грамота немесе қосылу туралы құжат сақтауға берілгеннен кейін осы Хаттаманы ратификациялайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекет үшін осы Хаттама оның өзінің ратификациялық грамотасы немесе қосылу туралы құжаты сақтауға берілген күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді.
9-бап
Осы Хаттаманың ережелері федеративтік мемлекеттердің барлық бөліктеріне ешбір шектеусіз немесе ерекшеліксіз қолданылады.
10-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пактінің 48-бабының 1-тармағында айтылған барлық мемлекеттерге төмендегілер:
a) осы Хаттаманың 2-бабына сәйкес ескертпелер, хабарлар және хабарламалар;
b) осы Хаттаманың 4 немесе 5-баптарына сәйкес жасалған мәлімдемелер;
c) осы Хаттаманың 7-бабына сәйкес қол қою, ратификациялау және қосылу;
d) осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес оның күшіне енген күні туралы хабарлайды.
11-бап
1. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының архивіне сақтауға тапсыруға жатады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін Пактінің 48-бабында көрсетілген барлық мемлекеттерге жібереді.
1217 А(III) қарары
2200А(XXI) қарары, қосымша.
Мәтіннің орыс тілінен қазақ тіліне тең түпнұсқалығын растаймыз |
|
Көпжақты ынтымақтастық департаментінің Диреторы __________Н.Ә.Жалғасбаев |