Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 6 мамырдағы № 251-VІ ҚРЗ

Қолданыстағы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 23, 143-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 18, 366-құжат; 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 21, 782-құжат; 2001 ж., № 10, 121-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2003 ж., № 15, 131-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; № 17, 139-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 94-құжат; 2009 ж., № 23, 111-құжат; 2010 ж., № 11, 59-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; 2012 ж., № 1, 1-құжат; № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; 2014 ж., № 11, 67-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 19-II, 106-құжат; № 22-І, 140-құжат; 2017 ж., № 16, 56-құжат):

      36-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "36-бап. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғынжаймен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.".

      2. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 8, 84-құжат; 1999 ж., № 13, 431-құжат; № 23, 921-құжат; 2001 ж., № 15-16, 228-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 17, 101-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 16, 103-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 15, 106, 108-құжаттар; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 52-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 10, 86-құжат; № 11, 102-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 77-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-V, 154, 158-құжаттар; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 8-I, 65-құжат; № 12, 87-құжат; № 23, 118-құжат; 2017 ж., № 8, 16-құжат; № 11, 29-құжат; № 21, 98-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 16, 56-құжат; № 24, 93-құжат; 2019 жылғы 5 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) 2-бапта:

      16) және 24-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) көпбалалы отбасы – құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы;";

      "24-1) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай;";

      мынадай мазмұндағы 24-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "24-2) сервистік қызмет субъектісі – кондоминиум объектісін күтіп-ұстау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;";

      2) 13-баптың 7-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай ретінде ұсынылатын;";

      3) 67-баптың 1-тармағында:

      екінші бөлікте:

      мынадай мазмұндағы 1-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-2) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі. Азаматтардың аталған санаттарының жиынтық орташа айлық кірісі тұрғынжай беру туралы өтініш жасау алдындағы соңғы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуға тиіс;";

      2) тармақшадағы "1-1) – 5), 7) – 11) тармақшаларында" деген сөздер "1-1) – 5), 7,) 8), 10) және 11) тармақшаларында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес беріледі.";

      4) 68-баптың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;";

      5) 69-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) өздеріне берілген сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайы болмаса;";

      6) 73-баптың 1-тармағында:

      бірінші бөліктің 4) тармақшасындағы "сатып алған жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуіне мұқтаждар есебiнен шығару жүзеге асырылады." деген сөздер "сатып алған;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайды.";

      7) 74-бапта:

      2-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж мынадай адамдар есебінің бөлек тізімдерін жүргізеді:

      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

      2) жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      3) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      4) осы Заңның 68-бабының 1-1) – 5), 7), 8), 10) және 11) тармақшаларында аталған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары;

      5) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;

      6) жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайларды бөлек тізімдер бойынша бөлуді ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары, егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, бөлек тізімдердің, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорында және (немесе) мемлекеттік мекемеде, осы Заңның 67-бабының 3-1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдарда есепте тұрған, тұрғынжайға мұқтаж адамдар тізімдерінің санына пропорционалды түрде жүргізеді.";

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Көрсетілген тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, ешкімнің де басым құқығы болмайды.

      4. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, жетiм балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың, көпбалалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды бірінші кезекте алуға құқығы бар. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар бөлген кезде жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлардың немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлардың жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінеді.

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға ұсынылатын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай көлемі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес айқындалады.";

      8) 98-баптың 1-тармағындағы "Коммуналдық", "тұрғын үйді" деген сөздер тиісінше "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды қоспағанда, коммуналдық", "тұрғынжайды" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 3, 12-құжат; 2018 ж., № 11, 36-құжат):

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) жұмыс істеп жүрген жастар – жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары;";

      2) 4-баптың 5) тармақшасы "жас отбасылар" деген сөздерден кейін "және жұмыс істеп жүрген жастар" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 6-бап мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-1) жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ