РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 46-баптан қараңыз.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді және қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, өндiрiстiк объектiлерде орнатылатын, адресаттар пошта саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын арнайы жәшiк;
2) абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттардың пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн ғимараттарда, тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда), жеке тұрғын үйлерде орнатылатын, ұяшықтары бар арнайы шкаф;
3) адресат (алушы) – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
3-1) арнайы пошта байланысы – Ұлттық пошта операторының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын және заңмен қорғалатын кез келген құпия және құндылықтар, оның ішінде қымбат бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдар қамтылған пошта жөнелтілімдерін, арнайы және өзге де жөнелтілімдерді қабылдауды, өңдеуді, қорғауды, тасымалдауды және жеткізуді (табыс етуді) қамтамасыз ететін курьерлік пошта байланысының түрі;
4) атаулы құрылғы – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы айқындаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
5) бандероль – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іскерлік қағаздар, құжаттар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;
6) гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабар) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабар) нысанында жеткізілетін хат;
7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет – пошта операторының гибридтік жөнелтілімді қабылдау, өңдеу, жеткізу және (немесе) табыс ету бойынша қызметі;
8) Дүниежүзілік пошта одағы – аумақтары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;
9) Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде оның Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;
10) жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
11) жаздырып алынатын мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен жасалған шарт негізінде мерзімді баспасөз басылымына жазылуды, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау және мерзімді баспасөз басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметті ұсынуы;
12) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақысын төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;
13) жеделдетілген пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режиміндегі пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
14) жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе ақшаны жiберу үшiн оларды пошта операторына беретін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
15) жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
16) курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін өндірістік объектілерден тыс жерлерде жөнелтушіден қабылдайтын және осындай жөнелтілімді пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша адресатқа немесе жөнелтушіге табыс ететін пошта операторының жұмыскері немесе пошта операторымен жасасқан шарты бар жеке тұлға;
17) курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – курьер көрсететін, тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау, тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтер;
18) операциялық күн – пошта операторы пошталық көрсетілетін қызметтер ұсынатын жұмыс уақыты;
19) өндiрiстiк объект – пошта операторының пошта саласындағы қызметті жүзеге асыруына арналған және сол үшiн жабдықталған ғимарат, ғимараттағы үй-жай;
20) пошта – пошта операторларының Қазақстан Республикасының аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін ұсынуын және өзге де қызметті жүзеге асыруын қамтамасыз ететiн байланыс түрі;
21) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері – байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің құрамына кіретін, кез келген елді мекенде көрсетілген мерзімде белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға көрсетілетін қызметтер;
22) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – пошта операторының тіркелетін және тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерiн, пошталық ақша аударымдарын, гибридтік жөнелтілімдерді жiберу, мерзімді баспа басылымдарын тарату, пошта төлемі белгілерін және филателиялық өнімдерді өткізу бойынша қызметі;
23) пошта байланысының құралдары – пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн қолданылатын техникалық құралдар, жабдық және технологиялар;
24) пошта жәшiгi – тіркелмейтін хаттар мен пошта карточкаларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк;
25) пошта желiсi – пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы;
26) пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдаған жазбаша хат-хабар, жіберілімдер;
27) пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару;
28) пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;
29) пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабылданған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi тасымалдау үшiн пошта операторының ресiмдеуi;
30) пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз ететін, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;
31) пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру;
32) пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi өндірістік объектілерге дейiн апару (тасымалдау);
33) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжымайтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі;
34) пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабар жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;
35) пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну;
36) пошта қызметі субъектiлерi – пошта операторлары және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар;
37) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
38) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
39) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
40) пошта төлемінің белгілері – пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта операторы жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер;
41) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгiлер;
42) пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, пошта жөнелтілімiнiң жөнелтілу орны, қабылданған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, межелі жері, алынған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
43) пошталық ақша аударымы – осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жөнелтушінің адресатқа ақша жіберуге арналған тапсырмасын пошта операторының уәкiлеттi орган бекiткен пошта жөнелтілімі бланкісінің нысанын толтыра отырып орындауы бойынша пошта байланысының көрсетілетін қызметі;
44) пошталық құпия – пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошталық мекенжайы, дербес деректері, пошта жөнелтілімдері, олардың ішіндегісі мен орналасқан жері туралы мәліметтер;
45) пошталық мекенжай (бұдан әрi – мекенжай) – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы айқындайтын жер;
46) поштамат – пошталық ақша аударымын қоспағанда, пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жіберуге, сақтауға, жеткізуге (табыс етуге) және алуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
47) пошташы – пошта операторымен еңбек қатынастарында тұратын, жөнелтушіден пошта жөнелтілімдерін қабылдауды, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа немесе жөнелтушіге жеткізуді және (немесе) табыс етуді жүзеге асыратын жұмыскер;
48) сәйкестендіру – пошта операторы жұмыскерлерінің, Ұлттық пошта операторының жеке тұлғаның ұсынылған жеке басты куәландыратын құжатқа сәйкестігін белгілеуге бағытталған әрекеттері;
49) тағайындалған оператор – пошта байланысының қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін уәкілетті орган тағайындайтын пошта операторы;
50) тариф – пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу мөлшерi;
51) тiркелетiн пошта жөнелтілімi – жөнелтушiге пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) қою арқылы түбiртек беріліп, қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы табыс етiлетiн жазбаша хат-хабар, жіберілім;
52) тіркелмейтін пошта жөнелтілімі – жөнелтушілерге қабылданғаны туралы түбіртек берместен (пошталық тіркеу нөмірін, сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код берместен) пошта жәшіктері немесе өндірістік объектілер арқылы қабылданатын және қолхат алмай адресатқа жеткізілетін жазбаша хат-хабар;
53) ұлттық пошта желiсi – Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында әрекет ететін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға сол арқылы қызметтер ұсынылатын Ұлттық пошта операторының пошта желісі;
54) Ұлттық пошта операторы – осы Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы;
55) үстеме төлемді пошта жөнелтілімі – беру кезінде жөнелтуші пошта операторына адресаттан өзі белгілеген ақша сомасын (үстеме төлем сомасын) алуды және оны жөнелтушінің мекенжайына жіберуді тапсыратын пошта жөнелтілімі;
56) филателиялық өнім – коллекция объектілері болып табылатын, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларына сәйкес пошта айналымынан алынған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері;
57) франкирлеу машинасы – жазбаша хат-хабарға пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған құрылғы;
58) халықаралық қайтарым купоны – Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, массасы жиырма грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат;
59) халықаралық пошта алмасу орны – халықаралық кіріс және шығыс пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары көрсетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін өндірістік объект;
60) халықаралық пошта жөнелтілімi – Қазақстан Республикасы аумағының тыс жерлерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн пошта жөнелтiлімі;
61) хат – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, жазбаша хабарламамен және басқа да ұсақ заттармен бірге жiберiлетiн, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтiлімі;
62) ішкі пошта жөнелтілімі – Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жіберу үшін қабылданатын пошта жөнелтілімі;
63) электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық хаттар (хабарлар) мен құжаттарды қабылдау және жеткізу үшін Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторының ақпараттық жүйесінде құрылатын пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының домендік атауы;
64) электрондық хат (хабар) – телекоммуникациялар желісін, интернет немесе электрондық жеткізгіштерді пайдалана отырып, электрондық нысанда жіберілетін ақпарат.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 128-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға, сондай-ақ пошта саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Пошта қызметінің негізгі қағидаттары
Мыналар:
1) пошта байланысы саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуы;
2) Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің қолжетiмдiлігі;
3) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерiн пошта операторларының сақтауы;
4) Қазақстан Республикасының аумағында пошта жөнелтiлімдерi қозғалысының және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық пошта жөнелтілімдері транзитінің еркіндігі;
5) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну және осы қызметтiң нәтижелерiн пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгi;
6) пошта құпиясын қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасында ұлттық пошта желісінің дамуын және жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
8) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде пошта операторлары үшін пошта байланысы саласындағы қағидалар мен талаптар бiрлiгi пошта қызметінің қағидаттары болып табылады.
2-тарау. ПОШТА САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
5-бап. Пошта саласындағы мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Уәкiлеттi орган:
1) пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
4) Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiнiң түрлерi мен шығарылу көлемiн бекiтедi;
5) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларын бекітеді;
6) пошта төлемi белгiлерiнiң мемлекеттiк коллекциясын қалыптастырады;
7) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасында пошта қызметін жетілдіруге және дамытуға бағытталған пошта саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді және олардың іске асырылуын ұйымдастырады;
9) арнаулы пошта байланысы қызметі қызметкерлерінің нысанды киімінің және Ұлттық пошта операторы жұмыскерлерінің нысанды киімінің (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру қағидаларын, онымен қамтамасыз ету нормаларын бекітеді;
10) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу мақсатында пошта байланысы желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының пошта желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдарын енгізу және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекітеді;
11) Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан және Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған өкiлеттiктер шегiнде әрекет етедi, басқа мемлекеттермен, халықаралық одақтармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезiнде Қазақстанның пошта байланысы саласындағы мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды;
12) алып тасталды - ҚР 28.12.2017 № 128-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);13) операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларын бекітеді;
14) операторды тағайындайды және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алады;
15) пошта операторларының атаулы құрылғыларды қолдану қағидаларын бекітеді;
16) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын бекітеді;
17) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілерін келіседі, оны пайдалану тәртібін және пошта операторының пошта төлемі белгілеріне қойылатын талаптарды айқындайды;
18) филателиялық өнім ретінде пайдалану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгісін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады;
19) электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидаларын бекітеді;
20) абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп-ұстау және олардың техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды бекітеді;
21) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекітеді;
22) пошта операторларының қызметтер көрсетуіне қажетті және жеткілікті, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізбесін бекітеді;
23) Ұлттық пошта операторын айқындайды;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдері:
1) пошта операторларына өздерінің аумақтарына өндірістік объектілерді орналастыруында жәрдем көрсетеді;
2) әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында пошта байланысының тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдеседі;
3) кондоминиум объектілерін басқару органдарымен, тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың меншік иелерімен олардың абоненттік пошта жәшіктерін қамтамасыз етуі және оларды тиісінше пайдалану жөнінде жұмыс жүргізеді.
Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.6-бап. Пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету
1. Мемлекет әрбір пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға пошта құпиясы құқығына кепілдік береді. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана осы құқықты шектеулерге жол беріледі.
2. Пошта саласындағы құпия пошта құпиясы және банк құпиясы болып бөлінеді. Пошта құпиясын және банк құпиясын сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі талаптар осы Заңда және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
3. Пошта операторлары пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, пошта жөнелтілімдерін ашу процесіне қатысқан пошта операторларының жұмыскерлері Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошта құпиясын сақтаумен байланысты ақпаратты жариялауға құқылы емес.
4. Пошта саласындағы құпияның бұзылуына жол берген пошта операторларының лауазымды адамдары мен басқа да жұмыскерлері, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
5. Пошта жөнелтілімдерін қарап-тексеруді, алуды және тыйым салуды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана соттар, құқық қорғау органдары және арнаулы мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
7-бап. Пошта операторларының жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимылы
1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта қызметін жүзеге асыратын пошта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес пошта байланысы желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға барлық пошта байланысы желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды жүргізудің нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
Уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізу мақсаттары үшін пошта байланысы желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының пошта желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдарын енгізу және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимыл жасау қағидаларын айқындайды.
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақтың үшінші абзацы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен.
2. Пошта операторларының жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара қарым-қатынастары "Жедел-iздестiру қызметi туралы", "Қарсы барлау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарымен және осы Заңмен реттеледі.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).8. Пошта саласында көрсетілетін қызметтерге тарифтер
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, пошта саласында көрсетілетін қызметтерге тарифтерді пошта операторлары негiзделген шығындар негiзiнде өзі дербес белгілейді.
2. Пошта саласындағы субсидияланатын әмбебап көрсетілетін қызметтерге бағалардың шекті деңгейін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен уәкілетті орган реттейді.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.3-тарау. ПОШТА САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
9-бап. Пошта саласындағы қызмет
1. Қазақстан Республикасында пошта саласында мынадай қызмет түрлері:
1) пошта қызметі;
2) осы Заңға сәйкес пошта саласындағы өзге де қызмет қолданылады.
2. Пошта қызметіне мынадай пошта байланысының көрсетілетін қызметтері жатады:
1) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері;
2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімдерiн жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
3) пошта байланысының жеделдетілген және курьерлiк көрсетілетін қызметтері;
4) пошталық ақша аударымдары;
5) жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату және бөлшек саудада сату бойынша көрсетілетін қызметтер;
6) пошта төлемінің белгілерін және филателиялық өнімді өткізу бойынша көрсетілетін қызметтер;
7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер;
8) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы пошта байланысының көрсетілетін қызметтері;
9) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерімен тығыз байланыста ұсынылатын өзге де көрсетілетін қызметтер.
3. Пошта саласындағы өзге де қызметке:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген банк операциялары, қаржылық көрсетілетін қызметтер;
2) тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймаға жинау және сақтау бойынша көрсетілетін қызметтер;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шарты жағдайларында заңдық әрекеттерді жасау;
4) зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді жеткiзу бойынша көрсетілетін қызметтер жатады.
9-1-бап. Арнайы пошта байланысы қызметі
1. Арнайы пошта байланысы қызметі арнайы пошта байланысы арналары арқылы арнайы жөнелтілімдер жіберілген кезде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі айрықша жарғылық міндеттерді орындайды.
2. Арнайы пошта байланысы қызметі Ұлттық пошта операторының бірыңғай құрылымдық бөлімшесі болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсынады.
3. Арнайы пошта байланысы қызметінің жеке құрамы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес нысанды киіммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік қарумен, арнайы қорғау және байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.
4. Арнайы пошта байланысы қызметінің ұйымдастырушылық қызметін, сондай-ақ арнайы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну тәртібін және көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы пошта байланысы қызметінің қызметкерлері тасымалдайтын арнайы жөнелтілімдер жете тексеруге және кідіртуге жатпайды.
Ескерту. 3-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2017 № 128-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).10-бап. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері
1. Пошта операторы пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынған кезде пошта жәшіктерінен жинап алынған және (немесе) өндірістік объектілерде қабылданған және адресатқа тапсырғаны туралы қолхат алмай жеткізілетін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерін жіберу жөніндегі қызметтерді көрсетеді.
Пошта операторының пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынуы уәкілетті орган бекіткен, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасына және ұсынылу бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын талаптар белгіленетін, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері мынадай көрсетілетін қызметтер түрлерін:
1) тіркелмейтін хатты жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;
2) тіркелмейтін пошта карточкасын жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;
3) тіркелмейтін бандерольді жіберу бойынша көрсетілетін қызметті;
4) жаздырып алынатын мерзiмдi баспасөз басылымдарын тарату бойынша көрсетілетін қызметті қамтиды.
3. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша да, оның шегінен тыс жерлерге де жіберуге қабылданады. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселер мен заттарға қойылатын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады.
4. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар арасында тіркелмейтін пошталық жөнелтілімдерді жіберуге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері түріндегі жазбаша жауаптар жолдауға тыйым салынады.
11-бап. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер
1. Тіркелетін пошта жөнелтілімін жіберу пошта жөнелтілімінің қабылданғанын құжаттық растау, жөнелтушiге түбіртек беру және пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) беру, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа қолхат арқылы табыс ету жолымен жүзеге асырылады.
2. Тіркелетін пошта жөнелтілімдеріне: хат (тапсырысты, құндылығы жарияланған), пошта карточкасы (тапсырысты), бандероль (тапсырысты, құндылығы жарияланған), ұсақ пакет (тапсырысты, құндылығы жарияланған), жіберілімдер (жай, құндылығы жарияланған) жатады.
Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметке енгізілетін пошта жөнелтілімдерінің түрлері мен санаттарының қосымша тізбесі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленеді.
Тіркелетін пошта жөнелтілімі қайтарым мекенжайы міндетті түрде көрсетіле отырып, қабылданады.
3. Тіркелетін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының аумағы бойынша да, оның шегінен тыс жерлерге де қабылданады. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселерге, заттар мен тауарларға қойылатын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады.
12-бап. Жеделдетілген және курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтері
1. Пошта операторының жеделдетілген және (немесе) курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну бойынша қызметі пошта жөнелтілімдерін жедел (экспресс) өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету ескеріле отырып және (немесе) осындай пошта жөнелтілімдерін курьердің тасымалдауы және табыс етуі ескеріле отырып, оларды жіберуден тұрады.
2. Жеделдетілген және курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметіне:
1) пошта жөнелтілімдерін қабылдау;
2) пошта жөнелтілімдерін өңдеу, сұрыптау, сақтау, тасымалдау және жеткізу;
3) пошта жөнелтілімдерін табыс ету;
4) жөнелтушіні пошта жөнелтілімінің адресатқа табыс етілгені туралы хабардар ету кіреді.
13-бап. Пошталық ақша аударымы
1. Пошталық ақша аударымы тіркелетін пошта жөнелтілімі болып табылады. Пошталық ақша аударымының тәртібі мен оған қойылатын талаптар, сондай-ақ пошта жөнелтілімі бланкісінің нысандары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының ішінде жіберілетін пошталық ақша аударымының сомасы, егер Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында өзгеше көзделмесе, шектелмейді. Пошталық ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес басқа валюталарда қабылданады.
Пошталық ақша аударымдарын шетел валютасында жүзеге асырған кезде, жөнелтуші (алушы) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес қосымша мәліметтер мен құжаттарды табыс етеді.
3. Пошталық аударымдарды жүзеге асыру үшін ақшаны қабылдау қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізіледі. Қолма-қол ақшасыз тәсіл кезінде пошталық ақша аударымы пошта операторының банктік шотына ақша және комиссиялық сыйақы сомасы келіп түскеннен кейін жүргізіледі.
14-бап. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату
1. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға ұсыну пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен пошта операторының жаздырып алу каталогіне мерзімді баспа басылымын енгізу жөнінде шарт жасасқаннан кейін жүзеге асырылады.
Пошта операторы жаздырып алудың бірыңғай каталогін қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жүргізеді, онда мерзімді баспа басылымдарының таратылу аумағына қарай республикалық, жергілікті және шетелдік мерзімді баспа басылымдары жөніндегі бөлімдер қамтылуға тиіс.
2. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату мына кезеңдерден тұрады:
1) бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен мерзімді баспа басылымдарын таратуға, сондай-ақ пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыдан тапсырысты қабылдауға және жаздырып алуды ресімдеуге, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып ресімдеуге және мерзімді баспа басылымдарына пошта операторы қабылдаған жаздырып алу бойынша ақпаратты өңдеуді жүзеге асыруға шарт жасасу;
2) пошта операторының мерзімді баспа басылымдарын қабылдауы, өңдеуі, тасымалдауы, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға жеткізуі не мерзімді баспа басылымын пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық нысанда жіберуі.
3. Республикалық, жергілікті және шетел мерзімді баспа басылымдарына жазылуды пошта операторы немесе пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы өндірістік объектілер немесе интернет-ресурстар арқылы жүзеге асырады. Жаздырып алынатын республикалық мерзімді баспа басылымдарын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тарату бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган беретін құжатқа сәйкес жүзеге асырылады, ал жергілікті мерзімді баспа басылымдарын тарату облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін тиісті құжатта көрсетілген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында жүзеге асырылады.
4. Жаздырып алынатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын тарату "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырылады.
15-бап. Мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сауда арқылы сату
1. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сауда арқылы сату жөніндегі қызметтерді ұсынуды пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.
2. Шетелдік мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сауда арқылы сатуды пошта операторы Қазақстан Республикасында таратылатын, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырады.
16-бап. Пошта төлемінің белгілерін өткізу
1. Пошта төлемінің белгілері пошта операторының жазбаша хат-хабарды жіберу жөніндегі қызметтеріне қолданыстағы тарифтерге сәйкес ақы төленгенін растауға арналған. Пошта төлемінің белгілерін қолдану жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне ғана жүзеге асырылады.
2. Пошта операторы, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, уәкілетті органмен келісілген пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.
3. Пошта операторлары Қазақстан Республикасының аумағында ішкі және халықаралық жазбаша хат-хабарды жіберуді пошта төлемінің белгілері болған кезде ғана жүзеге асырады.
4. Сатылған пошта төлемінің белгілері, оның ішінде мемлекеттік белгілер қайтарылуға және ауыстырылуға жатпайды.
5. Пошта жөнелтілімінде пошта төлемінің белгілері болмаған немесе белгіленген тариф ішінара төленген кезде, пошта операторы мұндай пошта жөнелтілімін жөнелтушіге қайтарады.
6. Ластанған, бүлінген, пайдаланылған (өтелген), айналымнан алынған пошта төлемінің белгілері, сондай-ақ басқа мемлекеттердің пошта төлемінің белгілері пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін төлеу үшін қабылданбайды.
7. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің төленгенін растайтын пошта төлемінің сатып алынған белгілері пошта төлемінің осы белгісін айналымға шығарған пошта операторында пайдаланылуға тиіс.
8. Пошта операторларына тиесілігіне қарай пошта төлемінің белгілерін сәйкестендіру мақсатында пошта төлемі белгілерінің оң жағында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінен басқа пошта операторының атауы болуға тиіс.
17-бап. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілері және филателиялық өнім
1. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін айналымға енгізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптарды уәкілетті орган Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес айқындайды. Мемлекеттік пошта төлемі белгілерінің түрлерін және көлемдерін бекіту, пошта айналымына енгізу және оларды айналымнан алу тәртібі, сондай-ақ жасауды, шығаруды және өткізуді ұйымдастыру Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларында айқындалады.
3. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін жасаудың, шығарудың және өткізудің ұйымдастырылуын Ұлттық пошта операторы жүзеге асырады.
4. Заңсыз шығарылған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері айналымынан қорғану мақсатында Ұлттық пошта операторы Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдердің төлнұсқа маркалары тізіліміне енгізу үшін әрбір жаңа шығарылымның және әрбір номиналдың үш пошта маркасын қажетті ақпаратпен бірге (шығарылған күні, техникалық сипаттамасы және басқа да қажетті деректер) Дүниежүзілік пошта одағының атына жіберіп отырады.
5. Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша филателиялық өнім ретінде қолдану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады.
6. Пошта төлемінің мемлекеттік белгісінің пошта айналымы оны айналымға енгізген күннен кейін кемінде екі жыл жүзеге асырылады.
18-бап. Гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер
1. Пошта операторының гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша қызмет көрсетуі жөнелтілімді кейінгі кезеңде хат (пошталық карточка) түрінде жеткізілетін, бастапқы кезеңде ақпараттық жүйелерді, интернет-ресурстарды және басқа да электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабар) нысанында жіберу не кейінгі кезеңде электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне ақпараттық жүйелерді, интернет-ресурстарды және басқа да электрондық жеткізгіштерді қолдану арқылы электрондық хат (хабар) нысанында жеткізілетін хатты (пошталық карточканы) бастапқы кезеңде жіберу арқылы жүзеге асырылады.
2. Жөнелтушілерден электрондық хаттарды (хабарларды) қабылдау немесе жеткізу шарт негізінде пошта операторының ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, пайдаланылатын ақпараттық жүйелерден ақпаратты беру арқылы жүзеге асырылады.
3. Электрондық хаттарды (хабарларды) қабылдау және жеткізу мақсатында пошта операторлары меншікті ақпараттық жүйелері мен телекоммуникациялар желілерін немесе шарт негізінде үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникациялар желілерін пайдаланады.
4. Пошта операторы алынған электрондық хаттарды (хабарларды) басып шығаруды және конвертке салуды жүргізетін үшінші тұлғаны шарт негізінде тартуға құқылы.
5. Пошта жөнелтілімі түріндегі электрондық хатты (хабарды) жіберу осы Заңда және пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.
19-бап. Пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу
1. Пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу мынадай тәсілдермен:
1) қолма-қол ақшаны пайдаланып;
2) қолма-қол ақшасыз тәртіппен, оның ішінде электрондық ақшамен жүргізіледі.
3. Пошта операторы пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға көрсетілетін қызметтерге шарт жасасқан кезде, көрсетілетін қызметтерге ақы төлеудің бір немесе бірнеше тәсілі шарт талаптарында көзделеді.
4. Пошта операторы жөнелтушінің тапсырмасы бойынша адресаттан оған пошта жөнелтілімін табыс ету кезінде жөнелтуші айтқан үстеме төлем сомасын алуды және жөнелтуші көрсеткен мекенжайға оны жіберуді міндеттенеді. Үстеме төлемді пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы бойынша және пошта операторларымен тиісті шарттар жасалған елдерге жіберу үшін қабылданады.
5. Адресат пошта жөнелтілімінен, оның ішінде үстеме төлемді пошта жөнелтілімінен бас тартқан жағдайда, пошта операторы жөнелтушіге пошта жөнелтілімін қайтарады, ол пошта жөнелтілімін алған кезде жөнелтілім кері жіберілгені үшін соманы төлеуге міндетті.
20-бап. Пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама
1. Тіркелетін пошта жөнелтiлімiн жiберу кезiнде жөнелтушiге оның қалауы бойынша адресаттың пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама жiберіледі.
2. Пошта операторының адресаттың пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарлама жіберуі қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда жүзеге асырылады және сол үшін жөнелтушіден төлем алынатын пошта байланысының қосымша көрсетілетін қызметі болып табылады.
3. Адресаттың пошта жөнелтiлімiн алғаны туралы хабарлама үшін тарифті жөнелтушi пошта операторының түбiртегiн ала отырып, алдын ала төлейдi.
21-бап. Пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту немесе түзету
1. Жөнелтушi пошта жөнелтiлімi:
1) адресатқа берiлмеген;
2) жіберуге тыйым салынған заттар мен нәрселер тәркiленбеген немесе жойылмаған;
3) межеленген елдiң заңнамасы негiзiнде алып қойылмаған жағдайларда, пошта операторына пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту немесе түзету туралы талаппен өтініш жасайды.
2. Пошта жөнелтiлімiн қайтару, мекенжайды өзгерту және түзету жөнелтушi қосымша ақы төлеген кезде жүзеге асырылады.
22-бап. Пошта операторлары
1. Пошта операторларында қажеттi материалдық-техникалық база мен бiліктi кадрлар, механикаландыру құралдары болуға, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта жөнелтiлімдерiн Қазақстанның iшiнде және одан тыс жерлерге жiберудің тарифтерi, мерзiмдерi туралы ақпарат, сондай-ақ өзге де ақпарат беруге тиiс.
2. Пошта операторларының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Пошта операторлары пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардан алған пошта жөнелтілімдерінің және пошталық ақша аударымдарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
4. Пошта операторлары пошта жөнелтiлімдерi, пошталық ақша аударымдары, жөнелтушiлер және адресаттар туралы мәлiметтердi тек жөнелтушiлер мен адресаттарға не олардың заңды өкілдерiне немесе сенiмхат негiзiнде сенiм білдірілген тұлғаларға бередi. Көрсетілген мәлiметтердi өзге жеке және заңды адамдарға беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
5. Пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін өндірістік объектілер, поштаматтар, пошташылар немесе курьерлер арқылы көрсетеді, сондай-ақ қызметтерді көрсету кезінде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес меншікті пошта жәшіктерін және пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.
Пошта операторлары абоненттік пошта жәшіктері арқылы тізбесі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленетін пошта жөнелтілімдерін жеткізеді.
6. Пошта операторлары арасындағы өзара іс-қимыл шарттық негізде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 215, 216 және 217-баптарында көзделген қылмысы үшін жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар жеке тұлға, немесе жеке тұлға құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлға пошта операторы бола алмайды.
8. Пошта операторлары қызметін осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
23-бап. Ұлттық пошта операторы
1. Ұлттық пошта операторының мынадай міндеттемелері болады:
1) уәкiлеттi орган бекіткен пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынады;
2) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы пошта байланысы қызметтерін көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне пошта индекстерін беруді жүзеге асырады;
4) осы Заңның 32-бабында белгіленген тәртіппен пошта жәшiктерiн орналастырады;
5) арнаулы пошта байланысының қызметкерлерін уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен нысанды киiммен, сондай-ақ өз жұмыскерлерін нысанды киіммен (погонсыз) қамтамасыз етеді;
6) Қазақстан Республикасының пошта төлемiнің мемлекеттiк белгiлерiн шығаруды және өткізуді ұйымдастырады.
2. Ұлттық пошта операторы:
1) осы Заңның 9-бабы 2-тармағының 2), 3), 4), 5), 7) және 9) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген қызметтерді көрсетуге;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен брокерлік, дилерлік және трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыруға;
3) банк операцияларының мынадай жекелеген түрлерін лицензиясыз:
заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, олардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді;
банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашуды және жүргізуді;
кассалық операцияларды: қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта есептеуді, сұрыптауды, буып-түюді және сақтауды қоса алғанда, оны қабылдауды және беруді;
аударым операцияларын: жеке және заңды тұлғалардың төлемдері мен ақша аударымдары бойынша тапсырмаларын орындауды;
банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды, оның ішінде бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды инкассациялауды;
қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды қоса алғанда, шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
4) төлем карточкаларын шығаруды, өткізуді және таратуды жүзеге асыруға құқылы.
3. Ұлттық пошта операторының жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, олардың банктік шоттарын ашу және жүргізу жөніндегі қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ішінде жекелеген пруденциялық нормативтерді белгілеу және лицензиялар беру арқылы реттейді.
Ұлттық пошта операторы жедел депозиттерге тартатын халық салымдарының сақталуы оларды мемлекеттiк бағалы қағаздарға және өзге де өтiмдi қаржы құралдарына орналастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ұлттық пошта операторының қаржы қызметін жүзеге асыруы және қаржылық қызметтер ұсынуы кезінде оның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.
Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін жүзеге асыруы кезінде оның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
4. Ұлттық пошта операторы өзіне мемлекет жүктеген міндеттемелерді іске асыру мақсатында мәліметтер сұратады және алады не "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесіне кіру рұқсатын алады.
5. Ұлттық пошта операторы орналасқан жерінің мекенжайы бар және "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесіне енгізілген әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне пошта индексін береді. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізуді Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
6. Ұлттық пошта операторының басқа пошта операторларымен өзара іс-қимылы шарттық негізде жүзеге асырылады.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).24-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидалары
Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында:
1) пошта операторларының пошта желісін ұйымдастыруы және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қызмет көрсетуі жөніндегі, оның ішінде мүгедектердің пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуі жөніндегі;
2) пошта операторларының атаулы құрылғыларын пайдалану тәртiбi;
3) пошта жөнелтiлімдерiн ресiмдеу тәртібі, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiнiң түрлерi және олардың техникалық сипаттамалары;
4) пошта жөнелтiлімдерiн және (немесе) пошталық ақша аударымдарын қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтілімі және (немесе) пошталық аударым бланкісінің нысаны;
5) халықаралық пошта жөнелтiлімдерiн қабылдау, өңдеу және табыс ету тәртiбi;
6) пошта жөнелтiлімдерiн алу, өңдеу және тексеру тәртiбi, сондай-ақ пошта жөнелтiлімдерiн сақтау мерзiмдерi;
7) пошта жөнелтiлімдерiн қосымша жiберу және қайтару;
8) операциялық күндi өткiзу;
9) пошта жөнелтiлімдерiн кiдiрту, қарап-тексеру және алу тәртiбi, сондай-ақ пошта желiлерi бойынша жiберуге тыйым салынған және шектеу қойылған заттар мен нәрселердің тiзбесi;
10) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың өтiнiштерi мен шағымдарын қарау тәртiбi;
11) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсынуға байланысты, осы Заңда көзделген өзге де ережелер қамтылуға тиiс.
25-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезiндегi шектеулер және салынатын тыйымдар
1. Пошта жөнелтiлімдерiнде анықталған, жiберуге шектеу қойылған және тыйым салынған нәрселер мен заттар анықталған жерде осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен кідіртіледі және алып қойылады.
2. Пошта жөнелтiлімдерiн қарап-тексеруге және оларды алуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда жол берiледi.
26-бап. Пошта операторларының қызметінде тілдерді қолдану
1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта операторларының қызметтік іс жүргізуі қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдердің тағайындалған операторларымен және Дүниежүзілік пошта одағымен хат алмасуды Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде айқындалған тілде жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының шегінде жіберілетін пошта жөнелтілімдерін жөнелтуші мен алушының мекенжайы жөнелтушінің қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде, ал Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде межеленген елдің тілінде немесе Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде белгіленген тілде ресімделуге тиіс.
3. Пошта операторларының қызметіне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәліметтер, сондай-ақ құжаттардың үлгілері қазақ және орыс тілдерінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қолжетімді орындарда орналастырылады.
27-бап. Пошта байланысы саласында жергілікті уақытты қолдану
1. Пошта саласында қызметті жүзеге асыру кезінде пошта операторларының пошта жөнелтілімдерін жіберудің технологиялық процестерінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасу жеріне қарай жергілікті уақыт қолданылады.
2. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды көрсетілетін қызметтерді ұсыну уақыты туралы хабардар ету жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі.
4-тарау. ПОШТА ЖЕЛІСІ ЖӘНЕ ПОШТА БАЙЛАНЫСЫНЫҢ ҚҰРАЛДАРЫ
28-бап. Қазақстан Республикасындағы пошта желілері
1. Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық пошта операторы құратын ұлттық пошта желісі және пошта операторлары қалыптастыратын пошта желілері әрекет етеді.
2. Ұлттық пошта желісі Қазақстан Республикасының стратегиялық объектісі болып табылады.
3. Пошта операторлары, осы Заңда тікелей белгіленген жағдайларды қоспағанда, пошта желілерін өзі дербес қалыптастырады.
29-бап. Пошта операторларының пошта желілерін жоспарлау және дамыту
1. Пошта операторлары пошта желілерін дамытуды өзі дербес жоспарлайды және жүзеге асырады.
Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ететін пошта желілерін дамыту уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тұрғын үйлерді салу кезінде құрылысқа тапсырыс беруші абоненттік пошта жәшіктерін жобалау және орнату бойынша міндеттемені меншікті қаражаты есебінен көтереді.
30-бап. Пошта байланысының бөлімшелері
1. Пошта байланысының бөлімшелері пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта саласындағы қызметтер көрсетілетін өндірістік объектілер болып табылады.
Пошта байланысының бөлімшелерін ашу және күтіп-ұстау қажеттілігін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштері негізінде пошта операторы белгілейді.
2. Ұлттық пошта операторы пошта байланысы бөлімшелерінің:
1) орналастырылуы уәкілетті орган бекіткен пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асыралатын, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қызметтер көрсетуге арналған стационарлық пошта байланысы бөлімшесі;
2) пошта саласында қызметтер көрсету үшін көлік құралдарының базасында, оның ішінде жеке және заңды тұлғалармен жасалған шарттар бойынша құрылатын жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі түрлерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
3. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға жылжымалы пошта байланысының бөлімшелері арқылы қызмет көрсету елді мекеннің орталық бөлігінде жүзеге асырылады. Жылжымалы пошта байланысы бөлімшелерінің көмегімен көрсетілетін қызметтермен пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды қамтамасыз ету нормативтерін пошта операторы белгілейді.
4. Пошта операторлары өзінің қызметінде пошта байланысы бөлімшелерінің қажетті түрлерін өзі дербес айқындайды және пайдаланады.
31-бап. Пошта маршруттары
1. Пошта операторларының пошта бағыттары пошта желісінің құрамдас бөлігі болып табылады және көлік құралдарын және (немесе) пошташыларды, курьерлерді пайдалана отырып пошта жөнелтілімдерін тасымалдау және жеткізу схемасын білдіреді.
2. Пошта маршруттарын пошта операторы облыс аралығындағы қалааралық, ауданаралық (облыс ішіндегі қалааралық), ауданішілік, қала маңы бойынша, қалалық (ауылдық) қазіргі бар маршруттарды, сондай-ақ елді мекендерді аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен, астанамен байланыстыратын маршруттарды негізге алып, жоспарлайды.
3. Пошта маршрутын және көлік қозғалысының кестесін жасауды пошта операторлары пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің қолданыстағы сапа көрсеткіштеріне, пошта жөнелтілімдерін өңдеудің, тасымалдаудың және жеткізудің ішкі нормативтері мен мерзімдеріне сәйкес жүргізеді.
4. Пошта бағыттары туралы мәліметтер құпия ақпарат болып табылады. Мұндай ақпарат үшінші тұлғаларға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі талаптары сақтала отырып ашылады.
32-бап. Пошта жәшіктері
1. Пошта жәшіктерін пошта операторлары уәкілетті орган бекітетін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін сақтай отырып, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар үшін қолжетімді орындарда орналастырады.
2. Пошта операторының қалауы бойынша және тұрғынжайлардың меншік иелерімен келісу бойынша пошта жәшіктері жылжымайтын мүлік объектісінің өзінде, сондай-ақ олардың аумағында жеке тұрған жәшіктер ретінде орналастырылады.
3. Пошта жәшіктерінен пошта жөнелтілімдерін алуды пошта операторлары пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін сақтай отырып қамтамасыз етеді.
4. Пошта операторының пошта жәшіктерін басқа пошта операторының пошта жәшіктерінен ерекшелеу мақсатында оларда логотип болуға тиіс.
33-бап. Абоненттік пошта жәшіктері
1. Абоненттік пошта жәшіктері пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар және пошта операторларының пошташылары үшін қолжетімді жерлерде тұрғын және тұрғын емес ғимараттарда, жеке тұрғын үйлерде орнатылады және солардың меншік иелеріне тиесілі болады, олар уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес абоненттік пошта жәшіктерінің орналастырылуын және олардың тиісті жай-күйде күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.
2. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелері пошташылардың, курьерлердің абоненттік пошта жәшіктеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Абоненттік пошта жәшіктері болмаған немесе ол ақаулы болған жағдайда, пошта операторы пошта жөнелтілімін өндірістік объектіден беруді жүзеге асырады.
3. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелерінің шешімі бойынша абоненттік пошта жәшіктерінің орнатылуын, күтіп-ұсталуын және сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер шарт бойынша кондоминиум объектісін басқару органына берілуі мүмкін.
4. Пошта операторлары гибридтік жөнелтілімдерді жеткізу кезінде электрондық абоненттік пошта жәшіктерін пайдалануға құқылы. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерін құруды және пайдалануды пошта операторлары өзі дербес жүзеге асырады.
Электрондық абоненттік пошта жәшіктері пошта операторымен жасалған абоненттік шарт негізінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға беріледі.
5. Ұлттық пошта операторы кез келген пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы өзі өтініш жасаған кезде өтеусіз негізде жеке электрондық абоненттік пошта жәшігін ашады және оның тиісінше жұмыс істеуін, сондай-ақ пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының жеке хат алмасу құпиясының сақталуын қамтамасыз етеді.
6. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесі пошта жөнелтілімдерінің электрондық нысанда жіберілуін, оның ішінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында электрондық құжат айналымы шеңберінде қамтамасыз ететін Ұлттық пошта операторының жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйесі болып табылады.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесін құруды, оның жұмыс істеуін және дамуын Ұлттық пошта операторы электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидаларына сәйкес қамтамасыз етеді.
34-бап. Пошта операторларының атаулы құрылғылары
1. Пошта операторлары өндірістік объектілерді пошта жөнелтілімдерін жіберу процесінде қолданылатын атаулы құрылғылармен қамтамасыз етеді.
2. Пошта операторларының атаулы құрылғылары осы пошта операторының атауын көрсету арқылы Ұлттық пошта операторының өндірістік объектілері үшін белгіленген атаулы құрылғылардан ерекшеленуге тиіс.
3. Пошта операторларының атаулы құрылғыларды пайдалану тәртібі уәкілетті орган бекітетін пошта операторларының атаулы құрылғыларды қолдану қағидаларында айқындалады.
35-бап. Көлік құралдарын пайдалану
1. Пошта операторларына пошта операторы жұмыскерлерінің ілесіп жүруімен теміржол, теңіз, ішкі су, әуе және автомобиль көлігінің барлық маршруттары мен желілері бойынша пошта жөнелтілімдерін шарттық жағдайларда тасымалдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тасымалдау үшін пошта жөнелтілімдерін беру құқығы беріледі.
2. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін және басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсынатын пошта операторының автомобиль көлiгiнiң және басқа да механикалық көлік құралдарының автомобиль жолдары, автомобиль, темiржол, су станциялары мен вокзалдарының, әуежайлардың аумақтарында орналасқан жүк және багаж кешендерiне, пошта жәшіктеріне, сондай-ақ теміржол станциялары мен вокзалдарының перрондары мен платформаларында пошта вагондарымен пошта жөнелтiлімдерiнің барлық түрлерін алмасу үшiн жүріп өтуi бiрiншi кезекте және төлемсіз жүзеге асырылады.
Уақтылы пошта алмасу үшін теміржол станцияларына (темір жолдарға) теміржол составтарын беру кезінде пошта операторының автомобиль көлігі мен басқа да механикалық көлік құралдарының пошта вагонына еркін жүріп өтуі қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Ұлттық пошта операторына тиесілі көлік құралдарының арнайы нышаны болады және оның келісімінсіз пошта саласындағы қызметке жатпайтын көрсетілетін қызметтерді ұсыну және жұмыстарды орындау үшін пайдаланылмайды.
5-тарау. ПОШТА ОПЕРАТОРЛАРЫНЫҢ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРІН
ПАЙДАЛАНУШЫЛАР
36-бап. Пошта операторларының көрсетілетін қызметтерінің сапасы
1. Пошта операторлары пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға осы Заңда және пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленген сапа мен нормаларға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді ұсынуға жасалған шарт талаптарына сәйкес келетін көрсетілетін қызметтерді ұсынуға міндетті.
2. Пошта операторлары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес барлық пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға тең жағдайларда көрсетеді.
37-бап. Пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға қызмет көрсету ерекшеліктері
1. Пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар Қазақстан Республикасы заңнамасының пошта жөнелтілімдерінде, пошталық ақша аударымында мекенжайды ресімдеу қағидаларын белгілейтін, сондай-ақ олардың ішіндегісіне қойылатын талаптарын сақтай отырып, пошта жөнелтілімдерін тапсыруды және алуды жүзеге асырады.
2. Пошта операторынан пошта төлемінің белгілерін сатып алған жағдайда, пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы пошта жөнелтілімін пошта төлемінің көрсетілген белгілері сатып алынған операторға өзіне тиесілі пошта жәшігі немесе операциялық терезе арқылы пошта жөнелтілімін тапсыруға міндетті.
Пошта жәшігінен басқа пошта операторының пошта төлемінің белгілері түсірілген пошта жөнелтілімі алынған кезде, пошта жөнелтілімін алуды жүзеге асырған пошта операторы пошта жөнелтіліміндегі мекенжай бойынша пошта операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға пошта жөнелтілімін кері қайтаратын болады.
38-бап. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
1. Пошта операторлары пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға тиісті сападағы көрсетілетін қызметтерді ұсынуына, қызметтер көрсету туралы ақпаратты алуына арналған олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ осындай құқықтарды іске асыру тетігі "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
2. Пошта операторы пошта байланысының қызметтерін көрсеткен кезде уәкілетті орган бекітетін пошта операторының қызметтерді көрсетуіне қажетті және жеткілікті пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізбесіне сәйкес пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының дербес деректерін жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады.
Пошта операторы пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсеткен кезде дербес деректерді жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізеді.
3. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы тіркелетін пошта жөнелтілімдерін пошта операторының пошта жөнелтілімдерін қабылдау пунктінде өзі немесе оның өкілі жеке басты куәландыратын құжатты көрсету арқылы не пошта операторының пошташысы немесе курьері арқылы жөнелтуді жүргізеді. Жөнелтуші дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыдан пошта жөнелтілімін қабылдаудан бас тартуға міндетті.
4. Тіркелетін пошта жөнелтілімін қабылдау кезінде пошта операторы алушының дербес деректерін оның келісімінсіз жинауды, жинақтауды, пайдалануды және сақтауды жүзеге асырады. Пошта операторы пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға тіркелетін пошта жөнелтілімін табыс еткен кезде, алушы жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және пошта операторына дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісімін береді. Алушы дербес деректерді жинауға, жинақтауға, пайдалануға және сақтауға келісім беруден бас тартқан жағдайда, пошта операторы алушыға пошта жөнелтілімін табыс етпейді және жөнелтушіге пошта жөнелтілімін кері жіберуге міндетті.
5. Пошта операторлары және дербес деректерге қол жеткізе алатын, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз не өзге де заңды негізсіз олардың таралуына жол бермеу талаптарын сақтау арқылы құпиялылықты қамтамасыз етеді.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).6-тарау. ПОШТА БАЙЛАНЫСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
39-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралары
1. Пошта операторлары пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде өз құзыреті шегінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар мен жұмыскерлер денсаулығының және өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
РҚАО-ның ескертпесі!2-тармақ 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 09.04.2016 № 498-V Заңымен.
2. Пошта операторлары жеке тұлғалардың тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберуге ашық күйінде қабылдайды. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдеріндегі заттардың, нәрселердің және тауарлардың сәйкестендірілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін техникалық құралдарды қолданады.
Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау кезінде пошта операторы белгіленген тәртіппен жөнелтушіні сәйкестендіруге және оның деректерін тіркеуге міндетті. Поштаматтармен жабдықталған объектілерде пошта жөнелтілімдерін қабылдау және табыс ету жөнелтуші мен адресатты сәйкестендіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ рұқсатсыз кіруді болдырмауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар қолданылып жүзеге асырылады.
РҚАО-ның ескертпесі!3-тармақ 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 09.04.2016 № 498-V Заңымен.
3. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдерін жіберу процесінде оларда тыйым салынған заттар мен нәрселерді анықтауға бағытталған шараларды қолданады. Пошта операторлары пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттар мен нәрселерді анықтау мақсатында пошта жөнелтілімдерінде тыйым салынған заттар мен нәрселерді ашпай анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдарды, жабдықты және бейнетіркеу жүйелерін пайдаланады.
Пошта жөнелтілімдерін жіберу кезінде пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес тыйым салынған заттар мен нәрселер анықталған жағдайда, пошта операторлары құқық қорғау органдарына және арнаулы мемлекеттік органдарға хабарлауға міндетті. Пошта жөнелтілімдерін ашу олар анықталған жерде уәкілетті органдар өкілдерінің және пошта операторы жұмыскерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
4. Пошта жөнелтілімін жөнелтуші пошта жөнелтіліміндегі заттар мен нәрселер үшін белгіленген тыйым салуды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
40-бап. Ұлттық пошта операторының пошта қауіпсіздігі жүйесі
1. Ұлттық пошта операторының пошта қауіпсіздігі жүйесі пошта, банк құпиясын, қызметтік және коммерциялық құпияны, пошта жөнелтілімдерін рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғауды, пошта жөнелтілімдері мен ақшаның жоғалу және ұрлану жағдайларын болдырмау шараларын, пошта жөнелтілімдеріндегі заттар мен нәрселерді жіберу бойынша шектеулерді сақтауды, сондай-ақ пайдаланылатын ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Қауіпсіздік режимін шарт негізінде тартылатын жеке күзет ұйымы немесе "Күзет қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық пошта операторы құрған күзет ұйымы сақтайды.
Жеке күзет ұйымдары немесе Ұлттық пошта операторы құрған күзет ұйымы пошта байланысы инфрақұрылымы объектілерінің, пошта көлігінің, қызметтер көрсету кезінде жұмыскерлер мен пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың қауіпсіздігін және қорғалуын, пошта жөнелтілімдерін рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ пошта жөнелтілімдері мен ақшаны бөтен адамдардың ұрлауын болдырмайды.
7-тарау. ПОШТА БАЙЛАНЫСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
41-бап. Халықаралық ынтымақтастық
Пошта байланысы саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттар, Дүниежүзілік пошта одағының актілері және осы Заң негізінде жүзеге асырылады.
42-бап. Тағайындалған оператор
1. Уәкілетті орган операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларына сәйкес пошта қызметтерін пайдалануды және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өзіне қатысты міндеттемелердің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуын қамтамасыз ету мақсатында пошта операторын тағайындалған оператор етіп тағайындауды жүзеге асырады.
2. Тағайындалған оператор:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы бүкіл елді мекендерде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың барлығы үшін пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін тұрақты негізде көрсетуді;
2) жазбаша хат-хабарды қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
3) салмағы жиырма килограмға дейінгі жіберілімдерді қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
4) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабарды қайтаруды;
5) төлемге халықаралық қайтарым купонын қабылдауды;
6) Дүниежүзілік пошта одағына мүше басқа да елдердің тағайындалған операторларының халықаралық пошта жөнелтілімдерінің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін жүзеге асырады.
4. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен және осы баптың 1-тармағынан туындайтын міндеттемелерді орындамаған кезде, уәкілетті орган пошта операторынан тағайындалған оператордың өкілеттігін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кері қайтарып алады.
5. Тағайындалған оператор Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасу және өңдеу орындарын құруға құқылы және Дүниежүзілік пошта одағы актілерінде және халықаралық пошта жөнелтілімдерін алмасу және өңдеу орындары құрылатын шет мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда осындай қызметті жүзеге асырады.
43-бап. Халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта транзиті
1. Халықаралық пошта алмасу және халықаралық пошта транзиті Дүниежүзілік пошта одағы актілеріне, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарға және актілерге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес Дүниежүзілік пошта одағы органдарында халықаралық пошта алмасу орындарын ресми тіркеуді жүзеге асыруға міндетті.
3. Қазақстан Республикасы тарапынан халықаралық пошта алмасуды және халықаралық пошта транзитін тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарға және актілерге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
4. Халықаралық пошта алмасу мен транзит тағайындалған оператор меншікті қаражаты есебінен құратын халықаралық пошта алмасу орындарында жүзеге асырылады.
5. Дүниежүзілік пошта одағының мүшелері болып табылатын шет мемлекеттердің басқа тағайындалған операторлары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен алмасу және өңдеу орындарын Қазақстан Республикасының аумағында құруы уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
44-бап. Пошта байланысының көрсетілетін қызметтерiн ұсыну кезiнде мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауаптылық
1. Пошта операторы пошта жөнелтiлімiнің жөнелтушіден қабылдап алған кезден бастап алушыға берген кезге дейiн сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Пошта операторы:
1) тiркелетiн пошта жөнелтiлімi жоғалған, зақымданған (бүлiнген) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар жетiспеген;
2) пошта жөнелтiлімiн жiберудiң мерзiмдерi бұзылған жағдайларда жауапты болады.
3. Тiркелетiн пошта жөнелтiлімi жоғалғаны, зақымданғаны (бүлiнгені) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар жетiспегені үшiн пошта операторы мынадай мөлшерде:
1) құндылығы жарияланған пошта жөнелтілімінің жоғалғаны немесе толық зақымданғаны (бүлінгені) үшін – жарияланған құндылығы сомасының және жiберу үшiн төленген тариф мөлшерiнде;
2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар тізімдеме бойынша жіберілген кезде, тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетіспегені, жоғалғаны немесе құндылығы жарияланған тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн – жөнелтуші тізімдемеде көрсеткен, жетіспеген, жоғалған немесе зақымданған (бүлінген) нәрселердің, заттардың немесе тауардың жарияланған құндылығы бір бөлігі мөлшерінде;
3) тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетiспегенi, тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауар тiзiмдемесіз жiберiлген кезде, құндылығы жарияланған тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселердің, заттардың немесе тауардың бiр бөлiгiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн – жетіспеген, жоғалған немесе зақымданған (бүлінген) нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің массасы оның нақты құнына қарай жіберілетін тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің (пошта жөнелтілімі тысының массасынсыз) массасына қатынасы пропорционалды айқындалатын тіркелетін пошта жөнелтілімінің жарияланған құндылығы бір бөлігі мөлшерінде;
4) өзге де тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің жоғалғаны немесе толық зақымданғаны (бүлінгені) үшiн – төленген тарифтiң екi еселенген сомасы мөлшерiнде;
5) нәрселердің, заттардың немесе тауардың жетіспегені немесе нәрселердің, заттардың немесе тауардың бір бөлігінің жоғалғаны немесе өзге тіркелетін пошта жөнелтілімі нәрселерінің, заттарының немесе тауардың бір бөлігінің зақымданғаны үшiн – төленген тарифтің сомасы мөлшерінде;
6) пошталық ақша аударымының жоғалғаны үшiн – пошталық ақша аударымының сомасы және жiберу үшiн төленген тариф мөлшерiнде жауаптылықта болады.
4. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошта жөнелтiлімдерi мен пошталық ақша аударымын жiберудiң мерзiмдерiн бұзғаны үшiн пошта операторы кешіктірілген әрбiр күн үшiн төленген тарифтiң үш пайызы мөлшерiнде, бiрақ көрсетiлген қызмет үшiн төленген тариф сомасынан аспайтын мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.
Пошта жөнелтiлімiн әуе көлiгiмен жiберудiң мерзiмдерiн бұзғаны үшiн пошта операторы пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға әуе және жерүстi көлiгiмен жiберу үшiн төлем тарифтерiнiң арасындағы айырманы төлейдi.
5. Егер мiндеттемелерiн орындамау немесе тиiсiнше орындамау еңсерілмейтін күштiң немесе пошта жөнелтiлімiндегi нәрселердің, заттардың немесе тауардың ерекше қасиеттерiнің салдарынан болғаны дәлелденсе, пошта операторы тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнің ішіндегі нәрселер, заттар немесе тауардың жоғалғаны, зақымданғаны (бүлiнгенi) немесе тiркелетiн пошта жөнелтiлімiнiң жетiспегенi, пошта жөнелтiлімiн және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошталық ақша аударымын жiберудiң мерзiмдерiн бұзғаны үшiн және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген өзге де негiздер бойынша жауаптылықтан босатылады.
6. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар:
1) ерекше қасиеттерiне орай пошта желiлерi арқылы жiберуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттар мен нәрселердің пошта жөнелтiлімiнде анықталуының салдарынан;
2) пошта желiлерi арқылы жiберуге қабылданған нәрселердің, заттардың немесе тауардың тиiсiнше буып-түйiлмеуi салдарынан туындаған, пошта операторына келтiрiлген нұқсан үшiн жауаптылықта болады.
45-бап. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
46-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 7-баптың 1-тармағының үшінші бөлігін, 39-баптың 2 және 3-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. "Пошта туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 3, 17-құжат; № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 16, 99-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 5, 35-құжат; № 13, 91-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 11, 61-құжат; № 14, 87-құжат; № 19-I, № 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 16, 79-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |