Лотереялар және лотерея қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 9 сәуірдегі № 495-V ҚРЗ.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 18-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында лотерея және лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды, лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің ұйымдық негіздерін белгілейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бас жүлде – тираждың ұтыс ойынын өткізу барысында ойнатылмаған және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес бір тираждан келесі тиражға ауысатын тираждық лотереяның жүлде қорының бір бөлігі;

      2) жүлде қоры – лотерея билеттерін, түбіртектерін немесе өзге де құжаттарды өткізу және (немесе) лотерея мөлшерлемелерін тіркеу есебінен не лотерея операторының дербес қаражаты есебінен қалыптастырылатын және лотереяға қатысушыларға ұтыс түрінде төленетін ақша және (немесе) өзге де мүлік;

      3) жүлде қорының ұтыс ойыны – лотерея билеттерін, түбіртектерін немесе өзге де құжаттарды өткізгеннен және (немесе) лотерея мөлшерлемелерін тіркегеннен кейін жүргізілетін және ұтқан лотереяға қатысушыны (қатысушыларды) анықтауға бағытталған процесс;

      4) лотерея – осы Заңға, лотереяны өткізу талаптарына және шарттарына сәйкес өткізілетін, егер ол лотереяны өткізу шарттарына сәйкес ұтқан деп танылатын болса, бір тарап (лотерея операторы) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізетін, ал екінші тарап (лотереяға қатысушы) ұтысқа құқық алатын ойын. Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтыс ойыны лотерея болып табылмайды;

      5) лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы – байланыс желілеріне қосылған және қабылданған лотерея мөлшерлемелерін тіркеуге, таратылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тіркелген лотерея мөлшерлемелері, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты алуға, сақтауға және есепке алуға және оны лотерея операторынан лотереялық есептілік орталығына беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      6) лотерея билеті, түбіртек немесе өзге де құжат – лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотереяға қатысу құқығын куәландыратын, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;

      7) лотерея есептілігінің орталығы – байланыс желілері арқылы лотерея ақпаратын өңдеу орталығына қосылған, таратылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тіркелген лотерея мөлшерлемелері туралы, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты лотерея операторынан уақтылы алуға мүмкіндік беретін аппараттық-бағдарламалық кешен;

      8) лотерея жабдығы – ұтыс комбинациясын анықтауға арналған құрылғы немесе құрылғылар (кездейсоқ сандардың генераторы, механикалық, электрлік, электрондық немесе өзге де техникалық құрылғылар);

      9) лотереялар және лотерея қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – лотереялар және лотерея қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) лотерея комбинациясы – лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотерея билетінде, түбіртекте немесе өзге де құжатта көрсетілген нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы;

      11) лотереяға қатысушы – жүлде қорының ұтыс ойынына қатысу құқығын беретін лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты иеленген, он сегіз жасқа толған жеке тұлға;

      12) лотерея мөлшерлемесі – ақысы төленген бір лотерея комбинациясының құны;

      13) лотерея операторы – лотереяларды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      14) лотереяны өткізу – лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды дайындау не оларды дайындауға арналған шарттарды жасасу, сондай-ақ лотереялық жабдықты және лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де жабдықты, бағдарламалық өнімдерді дайындаушымен шарттарды және (немесе) лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де шарттарды (келісімшарттарды) жасасуды, лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тарату мен есепке алуды, жүлде қорының ұтысын ойнатуды, ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама жасауды, лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуді, лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де іс-қимыл мен іс-шараларды жүзеге асыруды қамтитын іс-шараларды жүзеге асыру;

      15) лотерея терминалы – лотерея мөлшерлемелерін қабылдауға (лотерея комбинацияларын таңдауға не енгізуге) және (немесе) лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды өткізуге (ресімдеуге) арналған жабдық;

      16) мезеттік лотерея – ұтыстарды айқындауға мүмкіндік беретін нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы, лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды дайындау сатысында және олар лотереяға қатысушылар арасында өткізілгенге дейін немесе лотереялық мөлшерлемелерді қабылдауға дейін салынатын лотерея түрі. Мезеттік лотереяны өткізу кезінде мұндай лотереяға қатысушы лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты төлегеннен кейін және лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты бергеннен (ресімдегеннен) кейін тікелей өз ұтысының бар екенін және мөлшерін немесе оның жоқ екенін айқындайды;

      17) тираж – лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүлде қорының (жүлде қорының бір бөлігінің) ұтыс ойынына қатысатын өткізілген лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де құжаттардың, тіркелген лотерея мөлшерлемелерінің саны;

      18) тираждық лотерея – лотереяға қатысушылар арасында жүлде қорының ұтыс ойыны лотерея жабдығын пайдалану арқылы лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар өткізілгеннен және (немесе) лотерея мөлшерлемелері тіркелгеннен кейін бір мезгілде өткізілетін лотерея түрі;

      19) ұтыс – лотерея операторы лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жеңімпаз деп танылған лотереяға қатысушыға лотереяны өткізу шарттарына сәйкес мөлшермен және нысанда (ақшамен немесе заттай) төлейтін жүлде қорының бір бөлігі.

2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар

      Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар:

      1) лотереяға қатысушылардың ұтысқа мүмкіндіктерінің теңдігі болжанатын, лотереяға қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету;

      2) лотереяны өткізу шарттарының және тираждық лотереялардың жүлде қорының ұтыс ойыны нәтижелерінің міндетті түрде жариялануы болжанатын жариялылықты қамтамасыз ету болып табылады.

4-бап. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдіктері

      1. Лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы шарт лотереяға қатысушы лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың құнын, лотерея мөлшерлемесін төлеген және лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты берген (ресімдеген) кезден бастап жасалған деп танылады.

      2. Лотерея билетін, түбіртекті немесе өзге де құжатты сатып алу азаматтық-құқықтық міндеттеменің туындауына негіз болады, оған сәйкес лотереяға қатысушы лотерея операторынан мыналарды:

      1) лотереяны өткізу шарттарын сақтауды;

      2) ұтысты төлеуді талап етуге құқылы.

      3. Лотереяға қатысушы лотерея операторының шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) сотта даулауға құқылы.

      4. Лотерея операторының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, лотереяны ұтқан қатысушы туралы мәліметтерді, егер оның жазбаша келісімі алынбаса, жария етуге құқығы жоқ.

      5. Лотерея операторы мәртебесінен айырылған жағдайда, лотерея операторы лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды (өткізуді), лотерея мөлшерлемелерін қабылдауды және тіркеуді тоқтатуға, бұл туралы лотереяға қатысушыларды мерзімді баспасөз басылымдары және лотерея операторының интернет-ресурсы арқылы хабардар етуге, ұтыс ойыны өткізілген тиісті лотерея бойынша ұтыстарға үш ай ішінде төлем жүргізуге және жүлде қорының ұтыс ойыны өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, түбіртектері немесе өзге де құжаттар үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

5-бап. Лотереялардың түрлері

      1. Лотерея оны өткізу тәсіліне қарай мынадай:

      1) мезеттік;

      2) тираждық түрлерге бөлінеді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ осы Заң күшіне енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі - ҚР 09.04.2016 № 495-V Заңымен.

      2. Осы Заңда көзделген тәртіппен ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереяларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында өзгеше лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады.

      3. Құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді лотерея түрінде өткізуге жол берілмейді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ осы Заң күшіне енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі - ҚР 09.04.2016 № 495-V Заңымен.

      4. Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуіне тыйым салынады.

2-тарау. ЛОТЕРЕЯ ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      2) уәкілетті органды айқындайды;

      3) лотерея операторын және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды;

      4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды атқарады.

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;

      2) лотереялар және лотерея қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекелді бағалаудың өлшемшарттарын, тексеру парақтарын әзірлейді және бекітеді;

      4) осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. ЛОТЕРЕЯНЫ ӨТКІЗУ

8-бап. Лотерея операторына қойылатын жалпы талаптар

      1. Лотерея операторының лотерея өткізуден басқа кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.

      2. Мына:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы-шаруашылық қызметі тоқтатыла тұрған;

      2) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілген;

      3) атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган борышкерлердің тиісті тізіліміне енгізген;

      4) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) олардың үлестес тұлғасы уәкілетті орган басшыларының жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары болып табылатын;

      5) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) олардың үлестес тұлғасы экономика саласындағы қылмысы үшін не ауырлығы орташа қасақана қылмысы, ауыр қылмысы, аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы бар және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілген тұлғалар болып табылатын заңды тұлғалар лотерея операторы ретінде әрекет ете алмайды.

      3. Лотерея операторы уәкілетті органда лотерея есептілігінің орталығын орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс.

      Лотерея операторы лотерея ақпаратын өңдеу орталығы арқылы таратылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тіркелген лотерея мөлшерлемелері, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ойын ұтыстары туралы ақпаратты жинауды, қалыптастыруды, сақтауды және есепке алуды және оны лотерея есептілігінің орталығына айына бір реттен сиретпей ұсынуды қамтамасыз етуге тиіс.

9-бап. Лотерея терминалына, лотереялық ақпаратты өңдеу орталығына, лотерея есептілігінің орталығына, лотерея жабдығына қойылатын талаптар

      1. Лотерея терминалдары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексіне) сәйкес модельдері бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген бақылау-касса машиналарымен жарақтандырылуға тиіс.

      Лотерея терминалдары, төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды есепке ала отырып, ұтыстарды төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігін де көздей алады.

      2. Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы Қазақстан Республикасының аумағында орналасуға тиіс.

      Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы мен лотерея есептілігінің орталығы ақпаратты жоғалудан, ұрланудан, бұрмаланудан, жалған ақпарат жасаудан, рұқсатсыз қолжетімділіктен және оны тарату, бұғаттау, жою, түрлендіру, көшіру жөніндегі әрекеттерден және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.

      3. Лотерея жабдығының техникалық сипаттамалары жүлде қорын ұтыс ойынына салу кезінде ұтыстарды бөлудің кездейсоқ болуын қамтамасыз етуге тиіс.

      4. Лотерея жабдығының жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу нәтижелерін осындай ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін жасырын мүмкіндіктері және (немесе) рәсімдері мен алгоритмдері болмауға тиіс.

      5. Лотерея жабдығы лотерея мөлшерлемесін қабылдауды және тіркеуді қамтамасыз етпеуге тиіс, сондай-ақ байланыс желісі арқылы лотерея терминалдарымен қосылмауға тиіс.

10-бап. Лотереяны өткізу шарттары

      1. Лотереяны өткізу шарттарын лотерея операторы әзірлейді және бекітеді.

      2. Лотереяны өткізу шарттары мынадай мәліметтерді:

      1) лотереяның атауын;

      2) лотерея түрінің көрсетілуін;

      3) орналасқан жері, банктік деректемелері, бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген лотерея операторының атауын;

      4) лотерея өткізілетін мерзімдерді;

      5) лотерея тұжырымдамасының сипаттамасын;

      6) лотереяның ұйымдастырушылық-технологиялық сипаттамасын;

      7) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін;

      8) ұтты деп танылған лотереяға қатысушыға ұтысты төлеу тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама жүргізу мерзімдерін;

      9) лотереяға қатысушыларды лотереяға қатысу қағидалары және жүлде қорын ұтысқа салу нәтижелері туралы хабардар ету тәртібін;

      10) лотерея билеттерін, түбіртіктерді немесе өзге де құжаттарды тарату (өткізу), лотерея мөлшерлемелерін қабылдау мен тіркеу тәртібін;

      11) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың (лотерея мөлшерлемелерінің мөлшерін) бағасын;

      12) ұтыстың мөлшері мен нысанын (ақшалай немесе заттай);

      13) жүлде қорының жоспарланып отырған мөлшерін;

      14) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу тәртібін, ұтыстарды айқындау алгоритмін, бас жүлдені (бар болса) қалыптастыру мен ұтысқа салу қағидаларын қамтуға тиіс.

      3. Лотерея операторы бекітілген лотереяны өткізу шарттарының тұпнұсқа данасын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей уәкілетті органға жіберуге және лотереяны өткізу шарттарын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік бір күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

11-бап. Жүлде қорын қалыптастыру және бөлу

      1. Лотерея операторы өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан, нақты лотереяның тіркелген лотерея мөлшерлемелерінен түскен түсімнің кемінде елу пайызы мөлшерінде жүлде қорын қалыптастыруды қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Жүлде қоры осы бапқа және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес қалыптастырылады.

      3. Тираждық лотереяның жүлде қоры оны ұтыс ойынына салу басталғанға дейін қалыптастырылады.

      4. Лотерея операторына, лотереяға қатысушылар алдындағы ұтыстарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жүлде қорына қандай да бір міндеттемелермен ауыртпалық салуға, сондай-ақ жүлде қорының қаражатын ұтыстарды төлеуден басқаға пайдалануға тыйым салынады.

      5. Жүлде қорын (бас жүлдені) бірнеше тираж бойына жинақтап қалыптастыру қағидаты өткізу шарттарында пайдаланылатын тираждық лотереяны қоспағанда, тираждық лотереяның жүлде қоры оған қатысы бар тираж шеңберінде толығымен ұтысқа салынуға тиіс.

      6. Ұтыстарды төлеу осы Заңға және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ұтыстарды төлеу тиісті тираж өткізілгеннен кейін отыз күн мерзімнен кешіктірілмей басталуға және осы тираждың (жүлде қорын ұтысқа салудың) нәтижелері жарияланған кезден бастап кемінде алты ай бойы жалғасуға тиіс. Бұл мерзім аяқталған соң талап етілмеген ұтыстар бойынша наразылықтар лотереяны өткізу шарттарында көзделген тәртіппен қабылданады.

      7. Лотерея операторы лотерея өткізу шарттарында белгіленген мерзімде талап етілмеген ұтыстарды тиісті тираждың нәтижесі (жүлде қорын ұтысқа салу) жарияланған кезден бастап үш жыл бойы сақтайды, одан кейін олар салықтық емес төлем түрінде бюджет кірісіне есепке жатқызылады.

12-бап. Лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға қойылатын талаптар

      1. Лотерея билеттерінде, түбіртектерде немесе өзге де құжаттарда мынадай міндетті ақпарат:

      1) лотереяның атауы;

      2) лотерея операторының атауы, орналасқан жері, телефон нөмірлері және интернет-ресурсы;

      3) тираждың нөмірі немесе атауы (тираждық лотереялар үшін);

      4) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың нөмірі;

      5) лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың бағасы;

      6) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны (тираждық лотерея үшін);

      7) ұтысты алу орны мен мерзімдері туралы деректер;

      8) жүлде қорының мөлшері қамтылуға тиіс.

      2. Лотерея билеттеріндегі, түбіртектердегі немесе өзге де құжаттардағы ақпарат Қазақстан Республикасы тілдер туралы заңнамасының талаптарына сай болуға тиіс.

      3. Лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың электрондық нысаны электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруды талап етпейді.

13-бап. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізуге қойылатын талаптар

      1. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу осы Заңға және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын лотереяға қатысушы өз ұтысын анықтау мақсатында генерациялау арқылы кездейсоқ ұтқан лотерея комбинациясын осы ұтыс ойынындағы лотерея комбинациясымен салыстыруға тиіс лотерея жабдығы жүзеге асырады.

      3. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде лотерея операторы тираждық комиссия құрады.

      Тираждық комиссияның құрамына қоғамдық бірлестіктердің немесе өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері енгізілуге тиіс.

      4. Тираждық комиссияның міндеттері:

      1) тираждың ұтыс ойынына қатысатын лотерея билеттерінің, түбіртектердің немесе өзге де құжаттардың және (немесе) тіркелген лотерея мөлшерлемелерінің санын растау;

      2) тиражды өткізу нәтижелерін растау.

      Тиражды өткізу нәтижелерін растау тираждық комиссия мүшелерінің тираждық комиссия хаттамасына және тиражды өткізу нәтижелерінің ресми кестесіне қол қою арқылы тіркеледі.

      5. Лотерея операторы ұтыстарды айқындау рәсімін көрсете отырып, тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын телеарнада тікелей эфирде немесе интернет желісінде трансляциялауды қамтамасыз етеді.

      6. Жүлде қорының әрбір ұтыс ойынын және лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тираждық лотереяның тіркелген лотерея мөлшерлемелері бойынша ұтыстардың нәтижелерін лотерея операторы көрсетілген ұтыс ойыны өткізілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды немесе он екі сағат ішінде лотерея операторының интернет-ресурсында орналастырады.

      7. Тираждық лотереяны өткізу тоқтатылған жағдайда, бас жүлдені қоса алғанда, оның жүлде қоры толық ойнатылуға тиіс.

      8. Мезеттік лотереяның жүлде қорының ұтыс ойыны:

      1) лотереяға қатысушының лотерея билетін, түбіртек немесе өзге де құжатта дайындау кезеңінде оған салынған жасырын лотерея комбинациясын анықтауынан;

      2) лотереяға қатысушы анықтаған ақпаратты лотереяны өткізу шарттарымен салыстырып-тексеруден тұрады.

      9. Мезеттік лотереяның жүлде қорының мұндай ұтыс ойынын өткізу нәтижесін ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін рәсімдер мен алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынады.

14-бап. Лотереядан аударымдар

      Лотерея операторы өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан, тіркелген лотерея мөлшерлемелерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде он пайызын дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірыңғай операторға дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін тоқсан сайын жіберуге міндетті.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.12.2019 № 280-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛОТЕРЕЯЛАР ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ
ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛОТЕРЕЯЛАР ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫНА МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

15-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

16-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау

      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.

      2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

17-бап. Өтпелі ережелер

      Лотереяларды ұйымдастыру және өткізу саласындағы қызметті жүзеге асыратын лицензиаттар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде бас жүлделерді қоса алғанда, тиісті лотереялардың жүлде қорларын толық ұтысқа салу, ұтыстарды төлеуді жүргізуге және жүлде қорын ойнату өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

18-бап. Осы заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң күшіне енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 5-бабының 2 және 4-тармақтарын қоспағанда, осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев