Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әзірлеуші орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген құзыретіне сәйкес нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар;
2) ереже – қандай да бір мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
3) жеке-дара қолданылатын құқықтық акт – жеке-дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және (немесе) заңды тұлғаларға) қолданылатын, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және құқық нормаларын қамтымайтын, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
4) заң – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт;
5) заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлер – заңнамалық және сатысы бойынша өзге де жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiлердің негiзiнде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылатын, заңнамалық актілер болып табылмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;
6) заң жобасының тұжырымдамасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесін, оны қабылдау мақсаттарын және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де ережелерді қамтитын құжат;
7) заңнамалық акт – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң, конституциялық заң, кодекс, шоғырландырылған заң, заң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжiлiсiнің қаулылары;
8) заң сараптамасы – нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеру;
9) заң техникасы – құқықтық актілерді ресімдеу тәсілдерінің, талаптары мен қағидаларының жиынтығы;
10) заң ұқсастығы – ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдардың нормаларын реттелмеген қоғамдық қатынастарға қолдану;
11) кодекс – осы Заңның 8-бабында көзделген бiртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқық нормалары бiрiктiрiлген және жүйеге келтiрiлген заң;
12) конституциялық заң – Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген мәселелер бойынша қабылданатын заң;
13) қағидалар – қандай да бір қызмет түрін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
14) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi – нормативтiк құқықтық актiлердiң деректемелерiн және осы актiлер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәлiметтердi қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алудың бiрыңғай жүйесi;
15) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi – Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлген, қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы нормативтік құқықтық актілердің электрондық жүйесі;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасы – белгіленген тәртіппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлер жиынтығы;
17) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заң – Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 3-тармағында және 91-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң;
18) құқық нормасы – реттелетін қоғамдық қатынастар шеңберiнде көп мәрте қолдануға арналған, жеке-дара айқындалмаған тұлғалар тобына қолданылатын, тұрақты немесе уақытша сипаттағы жалпыға мiндеттi мінез-құлық қағидасы;
19) құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкілетті органдар қабылдаған, құқық нормаларын немесе жеке-дара билік ететін құқықтық нұсқамаларды қамтитын, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
20) құқықтық мониторинг – осы Заңның 50 және 51-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасы заңнамасының жай-күйі және оны қолдану практикасы туралы ақпаратты үнемі бақылау, жинау, талдау жүйесі;
21) құқық ұқсастығы – заңнаманың мәнін, құқықтың жалпы қағидаттарын және құқықтың нақты салаларының қағидаттарын реттелмеген қоғамдық қатынастарға қолдану;
22) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті – мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талапты белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілердің қызмет ету тәртібін, оның ішінде өзге де көрсетілетін қызметтерді берушілермен, халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету процесінде ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
23) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт;
24) нормативтік емес құқықтық акт – құқық нормаларын қамтымайтын, уәкілетті орган өз құзыреті шегінде шығарған (қабылдаған), жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын не нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін жазбаша ресми құжат, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер;
25) нормативтiк құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкiлеттi орган қабылдаған, құқық нормаларын белгiлейтiн, өзгертетiн, толықтыратын, олардың қолданысын тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгiленген нысандағы, қағаз жеткізгіштегі жазбаша ресми құжат және сонымен бірдей электрондық құжат;
26) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);27) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімі – осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі мен деректемелері қамтылған жазбаша тізбе;
28) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейi – нормативтiк құқықтық актiнiң нормативтiк құқықтық актiлер сатысында өзiнiң заңдық күшiне қарай алатын орны;
29) нормативтік құқықтық актінің заңдық күші – нормативтік құқықтық актінің тиісті қоғамдық қатынастарға қолданылу міндеттілігін, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге қатысты басымдығын немесе қоса бағыныстылығын айқындайтын сипаттамасы;
30) нормативтік құқықтық актіні ресми жариялау – осы Заңда көзделген жағдайларда, нормативтiк құқықтық актiнiң толық мәтінін жалпыға бірдей мәлімет үшін электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде, ресми баспасөз басылымдарында, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялау;
31) нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісі – осы Заңның 13-тарауында көрсетілген талаптар мен шарттарға сай келетін, нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме беретін белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
32) нұсқаулық – қоғамдық қатынастардың қандай да бір саласында заңнаманың қолданылуын тиянақтайтын нормативтік құқықтық акт;
33) техникалық регламент – Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзірленетін және қолданылатын, өнімге және (немесе) олардың өмірлік циклі процестеріне қойылатын міндетті талаптар белгіленетін нормативтік құқықтық акт;
34) уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ осы мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өздерінің құзыретiне сәйкес құқықтық актiлерді қабылдауға құқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi, Парламент Палаталары, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, әкімдер, өзге де мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар);
35) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);36) шоғырландырылған заң – осы Заңның 9-бабында көзделген салалардағы (аядағы) сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заң.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілері жүйесін айқындайды, нормативтік құқықтық актілердің және нормативтік емес құқықтық актілердің құқықтық мәртебесінің аражігін ажыратады.
2. Осы Заң:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау, өзгерту, толықтыру және оның қолданылуын тоқтату тәртібін;
2) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қабылдау, өзгерту, толықтыру және олардың қолданылуын тоқтату тәртібін;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту, толықтыру және тоқтату тәртібін;
4) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік және азаматтық процестік заңнамасында белгіленген жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау, өзгерту, толықтыру және олардың қолданылуын тоқтату тәртібін;
5) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген стандарттау жөніндегі құжаттарды жоспарлау, әзірлеу, бекіту, тіркеу, есепке алу, жариялау, мониторингілеу және жаңартып отыру тәртібін реттемейді.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).3-бап. Құқықтық актілерге қойылатын жалпы талаптар. Құқықтық актілердің түрлері
1. Құқықтық актілер мынадай жалпы талаптарға сай келуге:
1) нормативтік немесе жеке-дара билік ететін құқықтық нұсқамаларды қамтуға;
2) республикалық референдумда не осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен қабылдануға;
3) айқындалмаған тұлғалар тобына немесе жеке-дара айқындалған тұлғаларға арналуға;
4) қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталуға;
5) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің туындауына, оларды өзгертуге, толықтыруға немесе тоқтатуға бағытталуға тиіс.
2. Құқықтық актілер мынадай түрлерге:
1) нормативтік құқықтық актілерге;
2) нормативтік емес құқықтық актілерге бөлінеді.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАСЫ
4-бап. Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесі, оның тұтастығын қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйесін Қазақстан Республикасының Конституциясы, оған сәйкес келетін заңнамалық актілер, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер, оның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары құрайды.
2. Қазақстан Республикасы заңнамасы жүйесінің тұтастығы:
1) нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, оларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін сақтау;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Заңда бекітілген нормативтік құқықтық актілер сатысын сақтау;
3) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау арқылы қамтамасыз етіледі.
5-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана негізделеді және барлық өзге де нормативтік құқықтық актілер оларға қайшы келе алмайды.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары оларды қабылдауға негіз болған Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының заңдық күшіне ие болады.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірмелер қамтылады.
6-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту, толықтыру және тоқтату тәртібі арнайы заңмен айқындалады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдары алдында басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде тікелей қолданылады.
2-БӨЛІМ. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
3-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
7-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi және туынды түрлерi
1. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi және туынды болып бөлiнедi.
2. Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрлерiне мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары, Қазақстан Республикасының кодекстері, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, Қазақстан Республикасының заңдары;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;
2-1) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтік құқықтық актілері;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк құқықтық қаулылары;
4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары;
6) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық қаулылары;
7) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
8) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
9) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
3. Нормативтiк құқықтық актiлердiң туынды түрлерiне мыналар жатады:
1) ереже;
2) техникалық регламент;
3) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;
4) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті;
5) қағидалар;
6) нұсқаулық.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде туынды түрдегі нормативтік құқықтық актілердің өзге де нысандары көзделуі мүмкін.
4. Туынды түрдегі нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер арқылы қабылданады немесе бекiтiледi және олармен бiртұтастықты құрайды.
5. Уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, әкім уәкілеттік берген жергілікті атқарушы органдар нормативтік құқықтық актілер шығаруға құқылы емес.
6. Орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының басшылары құрылымына осы ведомство кіретін мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде нормативтік құқықтық бұйрықтарды бекіту жөнінде тікелей құзырет болған кезде нормативтік құқықтық бұйрықтарды қабылдайды және олар адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қозғай алмайды.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.8-бап. Қазақстан Республикасының кодекстерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар
Қазақстан Республикасының кодекстерi мынадай:
1) бюджеттiк;
2) азаматтық;
3) азаматтық процестік;
4) неке-отбасы;
5) экологиялық;
6) су;
7) жер;
8) орман;
9) салық;
10) кеден;
11) еңбек;
12) қылмыстық жазаларды орындауға байланысты;
13) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға байланысты;
14) қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты;
15) қылмыстық-процестік;
16) денсаулық сақтау саласындағы;
17) кәсіпкерлік саласындағы;
18) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы біртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қабылданады.
9-бап. Шоғырландырылған заңдармен реттелетін қатынастар
Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары заңнаманың құрылымын жетілдіру мақсатында қабылданады және:
1) мемлекеттік мүлік;
2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару;
3) білім және ғылым;
4) азаматтық қорғау;
5) тұрғын үй қатынастары;
6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау;
7) көлік;
8) рұқсаттар және хабарламалар;
9) оңалту және банкроттық;
10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;
11) адвокаттық қызмет және заң көмегі саласындағы (аясындағы) өзінің сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды біріктіреді.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 177-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.10-бап. Нормативтік құқықтық актілер сатысы
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясын қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдық күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:
1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;
2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;
3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;
4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары;
5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;
6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;
7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
8) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;
9) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
10) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
3. Төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.
4. Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен айқындалады.
5. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары нормативтiк құқықтық актiлердің осы бапта белгіленген сатысынан тыс тұрады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.11-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы
1. Егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.
2. Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.
3. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде оның қандай да бiр құқық нормасы қосымша нормативтiк құқықтық акт негiзiнде қолданылатындығы көрсетiлсе, онда бұл норма негiзгi және қосымша нормативтiк құқықтық актiге сәйкес қолданылады.
Қосымша нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн тиiстi қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер қолданылады.
12-бап. Әртүрлi нормативтiк құқықтық актiлердiң құқық нормаларының қайшылықтары
1. Әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
2. Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда, олар кодекстерге тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.
3. Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кешірек енгізілген акт нормалары қолданылады.
13-бап. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын пайдалану тәртібі
1. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде заң ұқсастығы немесе құқық ұқсастығы қолданылуы мүмкін.
2. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, заң ұқсастығы қолданылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаған кезде құқық ұқсастығы пайдаланылады.
4. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану процесінде жеке немесе заңды тұлғалардың жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Заңнаманың нақты салаларымен реттелетін қатынастарда заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану мүмкіндігі тиісті заңнамалық актілермен айқындалады.
14-бап. Мерзімдерді есептеу
1. Заңнамада белгіленген мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе басталуы сөзсiз болатын оқиға көрсетiле отырып айқындалады. Мерзiм жылдармен, тоқсандармен, айлармен, апталармен, күндермен (тәуліктермен) немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
2. Жылдармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.
Айлармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде (күні) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.
Апталармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде (тиісті тәулігінде) аяқталады.
Күндермен (тәуліктермен) есептелетiн мерзiм Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және белгіленген кезеңнің соңғы күнiнде (тәулігінде) аяқталады.
Сағаттармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған оқиға басталған минуттан басталады және белгіленген кезеңнің соңғы минутында аяқталады.
3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің өтуі Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға басталғаннан кейінгі келесі күні басталады.
Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзімнің аяқталу күні сол күннен кейінгі таяудағы келесi жұмыс күні болып есептеледі.
4-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН
ДАЙЫНДАУДЫ ЖОСПАРЛАУ
15-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау жоспарлары бiр жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзiмге жасалатын перспективалық болып бөлiнедi.
Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ оларды дайындау бiр жылдан астам мерзiмге жоспарланатын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу көзделедi.
2. Дайындау жоспарларында:
1) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейiн, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін атауы;
2) дайындау мерзiмдерi;
3) жобаны әзiрлеуге жауапты органдар мен ұйымдар көрсетiледi.
3. Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасында өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау жоспарларын тиiстi актiлердi қабылдауға құзыреттi уәкілетті органдар жасап, бекiте алады.
4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтық мониторинг қорытындылары бойынша дайындалған ұсыныстары ескеріледі.
5. Нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларын дайындау жоспарларын жасайтын және бекiтетiн уәкілетті органдар жоспарларға осы актiлердiң дайындалуын көрсететiн басқа көрсеткiштерді де енгiзе алады.
6. Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
16-бап. Заңнамалық актiлердің жобаларын дайындауды жоспарлау
1. Заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламентінің кезекті сайланымы кезеңіне қабылданады және Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиялары бөлінісінде заңнамалық актілердің жобаларын (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) дайындау солардың шеңберінде болжанатын заңнама салаларын (аясын) көрсетеді.
3. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде жасалады.
4. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен келісуге енгізеді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын бекітеді.
6. Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді және олар Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары:
1) әзірленуі алдағы жылы болжанатын, оның деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін заң жобасының атауын;
2) заң жобасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсыну мерзімдерін;
3) заң жобасын әзірлеуге жауапты органдар мен ұйымдарды қамтуға тиіс.
8. Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Парламент және оның Палаталары Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыреттеріне сәйкес айқындайды.
9. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.
5-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ РЕСІМДЕУ
17-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеушілер
1. Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша, олармен келісу бойынша – ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері бола алады.
Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.
Орталық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар енгізе алады.
3. Өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.
4. Өзге де органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын әзірлеуші органдардың қарауына беруге құқылы. Әзірлеуші органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.
18-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу тәртібі
1. Әзірлеуші орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз бөлімшелеріне тапсырады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, әзірлеуші орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындауға шарттық негiзде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға және ұжымдарға, оның iшiнде шетелдiктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.
Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.
Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
2. Уәкілетті орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін оның тұжырымдамасын әзірлейді.
Осы талап заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеу жағдайларына қолданылмайды.
Заң жобалары тұжырымдамаларын қарау тәртібі және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасы осы Заңның 19-бабында көзделген тәртіппен сараптама қорытындысын алу үшін заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келетін, әзірлеуші мемлекеттік органның жанынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған сараптама кеңесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілуге тиіс.
3. Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылуы мүмкін.
Уәкілетті органдар нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті ұйым жүргізген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін пайдалануға құқылы.
4. Уәкілетті органдардың бір деңгейдегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет болғанда – қабылдауы мүмкін.
Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылдайды.
Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді бір ай мерзімде жүзеге асырады.
6. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша заң сараптамасын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүргізеді.
7. Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.
8. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары түсіндірме жазбаларымен және оларға салыстырма кестелерімен (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына көпшілік талқылауы үшін орналастырылады.
Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына заң жобалары тұжырымдамаларының жобалары мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыру және оларды көпшілік талқылауы тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша белгілейді.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.
9. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы құқығымен байланысты қатынастарға қолданылмайды.
Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Әзірлеуші органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.
Сараптама кеңестерінің мүшелері және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптама қорытындысын белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Бұл ретте тиісті жобаларды келісу кезінде мемлекеттік органдарға әзірлеуші мемлекеттік органдардан тиісті мемлекеттік орган айқындаған, бірақ сараптама кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарламаларды алған күннен бастап он жұмыс күнінен аз емес мерзімдерде сараптама қорытындысын ұсынбаған сараптама кеңестерінің мүшелерінен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан сараптама қорытындыларын алуды талап етуге тыйым салынады.
1-1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сараптама қорытындысын алу жөніндегі талап орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.
3. Сараптама қорытындылары сараптама кеңесі мүшесінің немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жазбаша ұстанымын білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымшалар болып табылады.
Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
4. Әзірлеуші органдар сараптама қорытындыларын қарауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға сәйкес қызметін жүзеге асыруға дайындалу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті мерзімдер негізге алынып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды сараптама кеңесі және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарағанға дейін, интернет-ресурстарда орналастыруды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.20-бап. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау ерекшеліктері
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасын "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жібереді.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдарды беру үшін белгіленетін мерзім ол Қоғамдық кеңеске келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек.
Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынымдар бермеген жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен осы жобаны әрбір келесі келісу кезінде оған міндетті қосымша болып табылады.
Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
3. Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, тиісті Қоғамдық кеңеске он жұмыс күні ішінде келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Негіздемесі бар мұндай жауаптар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).21-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу
1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жіберіледі.
Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есеп-қисаптар қоса беріледі.
Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын әзірлеуші органға ұсынады.
2. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен енгізетін заңнамалық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге жататын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген әзірлеуші органға хабарлауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының келісілу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзге, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспауы керек.
Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, негізделген және тиянақты болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
5. Әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасын алынған ескертулер бойынша пысықтап, қабылданған және қабылданбаған ескертулер, ескертулерді қабылдамау уәждері туралы анықтама жасайды.
6. Жұмыс тобын құрған әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасына жұмыс тобында талқылануға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтара алады.
7. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
22-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері
Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;
2) акт нысанына нұсқау: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; Министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктің қаулысы; әкiмнің шешiмi; тексеру комиссияның қаулысы және нормативтiк құқықтық актiнiң осы Заңда көзделген өзге де нысаны;
3) нормативтiк құқықтық актiнiң реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;
4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен күні;
5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;
6) нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
7) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).23-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы
1. Құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері болып табылады.
Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк – қисынды аяқталған, абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлген, бас әрiптен басталатын құқықтың жеке нормасы болуы мүмкiн. Егер тармақшада бірнеше бөлік болса, тармақшаның бірінші бөлігі кіші әріптен басталады.
Бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, мәтiннiң кiшi әрiптен басталатын, бiрiншi жолда абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және мағыналық біртұтастықты білдіретін бөлiгi абзац деп есептеледі. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.
Заңнамалық актiлер, әдетте, "бап" деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.
Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауында "тармақ" деген сөз жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөлiктердi, абзацтарды қамтуы мүмкiн.
2. Көлемi ауқымды нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау – бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлемі жағынан үлкен тараулар мен бөлiмдерде тиiсiнше параграфтар және кiшi бөлiмдер бөлiнiп көрсетiлуi мүмкiн. Кодекстерде ішкі құрылымның басқа да белгілемелері пайдаланылуы мүмкін.
Нормативтiк құқықтық актiлердегi тарау, параграф, бөлім, кiшi бөлiм тиiсiнше "тарау", "параграф", "бөлім", "кiшi бөлiм" деген сөздермен белгiленедi.
3. Кодекс, әдетте, атауында "бөлiк" деген сөз жазылмайтын бөлiктерге бөлiнетiн баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмiрленедi.
4. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кiшi бөлiмi және бөлiмi араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық акт баптарының, тарауларының, бөлiмдерiнің және бөлiктерiнің нөмiрленуі тұтас болып табылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмірленуі және әрбiр бөлiміндегi кiшi бөлiмдердің нөмірленуі дербес болып табылады.
5. Нормативтік құқықтық актілердің тармақтарындағы (баптарындағы) тармақшаларының, баптарындағы тармақтардың, сондай-ақ жекелеген кодекстер баптарындағы бөліктердің нөмірленуі әрбір бап үшін дербес болады. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрленуi араб цифрларымен жақша арқылы мынадай түрде белгiленедi: 1), 2), 3) және одан әрi қарай.
6. Заңды қабылдау мақсаттарына және оның алдында тұрған негiзгi мiндеттерге түсiндiрме беру қажет болған жағдайларда, құқық нормаларын жазудың алдынан кiрiспе бөлiк (кiрiспе) беріледі.
Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларында жазылмайды.
7. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болғанда, онда олардың мәніне түсiндiрме беретiн бап (тармақ) болады. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады. Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
8. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мәніне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкiн.
9. Пайдалануға ыңғайлы болу үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабының, тарауының, бөлiмiнің, бөлiгiнің, сондай-ақ тарауының параграфы мен бөлiмінiң кiшi бөлiмiнiң тақырыптары болуға тиiс.
Бұл талап республикалық бюджет туралы заңға және заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заңнамалық актiлердiң баптарына қолданылмайды.
Нормативтiк құқықтық акт бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, кiшi бөлiмдерiнiң, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтiннен – екi, ал келесi мәтiннен бiр жоларалық интервалмен бөлiнедi.
Нормативтік құқықтық актінің, оның бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының тақырыбы нормативтік құқықтық актінің өзінің, сондай-ақ тиісті бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.
10. Кодекстiң құрылымына мазмұн кiредi. Баптың тақырыбына өзгеріс және (немесе) толықтыру енгізген кезде, сондай-ақ кодексті баптармен толықтырған немесе кодекстен баптарды алып тастаған кезде мазмұнға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет.
11. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.
24-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұнына және жазылу стилiне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражiгi нақты ажыратылып белгiленуге тиiс.
Мемлекеттiк органдардың типтiк функцияларын айқындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
4. Заңнамалық актіде құқықтық реттеудің негізгі қағидаттары, оның мәтінінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар, заңнамалық акт күшіне енгеннен кейін өзге нормативтік құқықтық актілердің қолданылу тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.
Заңнамалық актінің өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейін қатынастарды реттеу тәртібі көрсетіледі, жаңа құқық нормаларына ауысу мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.
Заңнамалық актінің қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу туралы, бұрын шығарылған актінің күші жойылды деп тану туралы, оның күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында қажет болғанда басқа да мемлекеттік органдардың актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.
Осы тармақта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларына қолданылмайды.
5. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты, нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін "(келісім бойынша)" деген белгі көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылады.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
7. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды сызықшалармен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.
25-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде сiлтеме жасау және жазып келтіру
1. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актілерде жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтеріне сілтеме жасалуы, сондай-ақ жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасала отырып, осындай актілерден жекелеген құқық нормалары жазып келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінде оның басқа құрылымдық элементтеріне сілтеме жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Мәтін жолдарына және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық элементке сілтеме жасау оның реттік нөмірін жазумен немесе цифрлармен көрсету арқылы келтіріледі (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді).
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде мынадай кезектілікпен осы нормативтік құқықтық актінің нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және тақырыбы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде олардың тіркелген нөмірлерін көрсету талап етілмейді.
Стандарттау жөніндегі құжаттың түрі ғана көрсетілетін заңнамалық актілерді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерде стандарттау жөніндегі құжаттарға сілтеме жасалған кезде олардың атауы не түрі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерде ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын қолдану тәртібін стандарттау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір ғана нормативтік құқықтық актіге екі және одан да көп сілтеме қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде алғаш рет аталған кезде) көрсетіледі.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтеме болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу реті бойынша берілетін нөмірлері көрсетіледі.
Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.26-бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте "өзгерістер" немесе "өзгеріс" деген сөз көрсетіледі.
2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, сондай-ақ жақша ішінде – олардың бастапқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда – тиісті заңнамалық актілердің "Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы" жинағында не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзінде жарияланған жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы өзге де нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақша ішінде – олардың "Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы" жинағында жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес алғашқы ресми жарияланған күні және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
3. Өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актімен қабылданған, бірақ қолданысқа енгізілмеген құқық нормасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
4. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
5. Бір ғана нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
Бір ғана күннің шегінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жарияланым дереккөздеріндегі құжат нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде мұндай құрылымдық элемент жаңа редакцияда жазылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде, сондай-ақ заң жобаларына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына қатысты қолданылмауы мүмкін.
7. Жаңа құрылымдық элементтер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне нақ сондай соңғы құрылымдық элементтен кейінгі келесі реттік нөмірлерімен немесе нақ сондай құрылымдық элементтер арасына нормативтік құқықтық актінің соңынан келетін сол құрылымдық элементтерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылса, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе туынды түрдегі нормативтік құқықтық актімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.
8. Құпиялылық белгілері немесе "Қызметтік пайдалану үшін", "Баспасөзде жариялаусыз", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер тізбеге олардың тақырыбы көрсетілмей енгізіледі.
9. Нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде оның жаңа редакциясы қабылданады.
Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде бап көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Өзге нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде тармақ көлемді айқындау бірлігі болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
27-бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты, егер нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық элементтері жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе солармен қамтылса, күші жойылды деп тануға жатады.
2. Жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде оны іске асыру үшін қабылданған төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға жатады.
Бұл талап жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сондай құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
Күші жойылды деп тануға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заңдық күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ қабылданған күні бойынша хронологиялық ретпен орналастырылады.
3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, сондай-ақ жақша ішінде – олардың алғашқы ресми жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, тиісті заңнамалық актілердің "Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы" жинағында не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзінде жарияланған жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақша ішінде – олардың "Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы" жинағында бастапқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланған күні және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
5. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актінің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жекелеген қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.
6. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде мұндай элементтер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық элементінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық элементтердің нөмірленуі өзгермейді.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертпе жасалып, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.
Мұндай жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 26-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.
8. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп тануға жатады.
9. Негізгі нормативтік құқықтық актінің өзі де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген нормативтік құқықтық актілер де (немесе олардың құрылымдық элементтері) күші жойылды деп тануға жатады. Күші жойылды деп тануға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің редакциясы бірнеше мәрте өзгертілген және (немесе) толықтырылған жағдайда тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
Аталған талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
10. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану көзделген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылса, бірінші айтылған актілердің қолданысы қайта жалғаспайды.
11. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілер күші жойылды деп таныла алмайды. Қажет болғанда мұндай нормативтік құқықтық актілер жойылуы мүмкін.
12. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп тануға жатпайды.
Нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп тануға жататын құқық нормалары қамтылған жағдайда, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
13. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде күші жойылды деп тануға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық элемент қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементінде қосымшаны бекітумен қатар өз қолданысын сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп тануға жататын болса, онда тармақ қосымшаға қатысты бөлігінде тізбеге енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
14. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық элементтері толығымен, ал басқа құрылымдық элементтері ішінара күші жойылды деп тануға жататын болса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп тануға жататын құрылымдық элементтер көрсетіледі.
28-бап. Нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу
1. Қосымшалар нормативтік құқықтық актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актіге графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосымша құжаттар жекелеген қосымшалармен ресімделеді.
3. Қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
4. Егер нормативтік құқықтық актіге бірнеше қосымша болса, әрбір қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ өзі соған сәйкес бекітілген нормативтік құқықтық актінің түрі, актінің қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетіледі. Егер нормативтік құқықтық актіге қосымша біреу болса, онда ол нөмірленбейді.
5. Құпиялылық белгілері немесе "Қызметтік пайдалану үшін", "Баспасөзде жариялаусыз", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерге қосымшаларды ресімдеу осы бапқа және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
29-бап. Заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзу және кері қайтарып алу
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі және тек қана Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiнде iске асырылады.
Заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсіне қағаз және электрондық жеткiзгіштерде қазақ және орыс тiлдерінде енгiзiледi.
2. Заңнамалық актінің жобасы бойынша ұсынылатын материалдар мынадай қосымшаларды қамтуға тиiс:
1) заңнамалық актінің жобасына жобаны қабылдаудың қажеттігі негізделген, мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері кеңінен сипатталған түсіндірме жазба, ал Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін – арнайы жолдау;
2) жұмыс тобы құрылған жағдайда оның құрамы;
3) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары келісу рәсімінен өтпеген жағдайларды, сондай-ақ заңнамалық актінің жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілетін жағдайларды қоспағанда, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағы;
4) осы Заңның 30-бабына сәйкес ғылыми сараптама қорытындысы және олар болған кезде сараптама кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзге де сараптама қорытындылары;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын қоспағанда, егер заң жобасы мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін болса, қаржы-экономикалық есеп-қисаптар, заңды қолданудың ықтимал экономикалық, әлеуметтiк, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдары, сондай-ақ бар болса, статистикалық деректер;
6) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген жағдайларда реттеушілік әсерді талдау.
Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық актінің жобасына енгізілетін өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, заңнамалық актінің құрылымдық элементтерінің қолданыстағы және ұсынылып отырған редакциясының салыстырма кестесі ұсынылады.
3. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
4. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі заң шығару бастамасы тәртібімен өздері енгізген заңнамалық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінен оны қараудың кез келген сатысында кері қайтарып алуға құқылы.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 6-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ЖОБАЛАРЫНЫҢ
ҒЫЛЫМИ САРАПТАМАСЫ
30-бап. Ғылыми сараптаманың міндеттері
1. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша осы актілерде реттелетін құқықтық қатынастарға қарай ғылыми (құқықтық, лингвистикалық, экологиялық, экономикалық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.
Заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізіліп, ғылыми сараптама жүргізілмеуге болатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша олар реттейтін қоғамдық қатынастарға қарай ғылыми сараптама жүргізілуі міндетті.
2. Ғылыми сараптама:
1) жобаның сапасын, негізділігін, уақтылығын, құқыққа сыйымдылығын, жобада Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам және азамат құқықтарының сақталуын бағалау;
2) нормативтік құқықтық актінің ықтимал тиімділігін айқындау;
3) жобаның нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдануының ықтимал теріс салдарларын анықтау үшін жүргізіледі.
3. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкiн заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.
4. Ғылыми сараптаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
31-бап. Сараптаманы жүзеге асыратын адамдар мен ұйымдар
1. Нормативтiк құқықтық актiлер жобаларының ғылыми сараптамасын қаралатын жобаның мазмұнына қарай тиiстi бейiндегі ғылыми мекемелер, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйым және тиісті бейіндегі жоғары оқу орындары, ғалымдар мен мамандар қатарынан тартылатын сарапшылар жүргiзедi. Сараптама жүргiзу бiр немесе бiрнеше сарапшыға (сараптамалық комиссияға) тапсырылуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген және Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілуге жататын заң жобалары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығы бөлігінде ғылыми лингвистикалық сараптаманы уәкілетті ұйым жүргізеді.
3. Жоба бойынша мамандықтары әртүрлi сарапшылардың кешендi сараптамасы немесе алуан түрлi дербес сараптамалар, ал қажет болғанда – қайталама сараптама жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Сарапшылар ретiнде жобаны дайындауға тiкелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар тартылады.
5. Сарапшылар ретiнде басқа мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
Ғылыми сараптама жүргізу үшін жоба шетелдік және халықаралық ұйымдарға жіберілуі мүмкін.
Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).32-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын сараптамаға жiберу кезiндегi бастамашылық
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына сараптама жүргiзу туралы шешiмдi:
1) заң шығару бастамасы тәртібімен жобаны Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізетін Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) егер әзірлеуші органның регламентiнде немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде осы тұлғаларға және құрылымдық бөлiмшелерге осындай құқық берiлген болса, әзірлеуші орган қабылдай алады.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы шарттық негiзде дайындалатын жағдайларда жобаның сараптамасы жобаға тапсырыс берушiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
33-бап. Нормативтік құқықтық актілердің ғылыми лингвистикалық сараптамасы
1. Ғылыми лингвистикалық сараптама заңнамалық актілердің жобалары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалылығы бөлігінде жүргізіледі.
1-1. Ғылыми лингвистикалық сараптаманы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйым жүргізеді.
2. Ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).7-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІНІ ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ
34-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбiн айқындау
1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Заңда айқындалады.
2. Алуан түрлi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау тәртiбiнiң ерекшелiктерi мыналарда да:
1) кодекстер үшін – осы Заңда.
Кодекстер, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бөлек отырыстарында рет-ретімен қарау арқылы кемінде екі оқылымда қабылданады;
1-1) кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар тиісті кодекстерде белгіленген ерекше тәртіптермен енгізілуі және қабылдануы мүмкін;
2) шоғырландырылған заңдар және заңдар үшiн – Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентi туралы, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы, республикалық референдум туралы заңнамалық актiлерде, өзге де заңнамалық актiлерде, оның iшiнде Парламенттің және оның Палаталарының регламенттерiнде;
3) Парламенттің және оның Палаталарының қаулылары үшiн – Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Парламентi туралы заңнамалық актiлерде;
4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары үшiн – Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президентi туралы заңнамалық актiде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң осы тәртiптi реттейтiн актiлерiнде;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары үшiн – Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Үкiметі туралы заңнамалық актiде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде;
6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің құрылымына кiретiн де және кiрмейтiн де орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың және орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нормативтiк құқықтық актiлерi үшiн – Қазақстан Республикасының Үкiметі мен осы органдар туралы заңнамалық актiлерде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарында, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы органдардың қызметiн реттейтiн қаулыларында;
7) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң нормативтiк қаулылары үшiн – Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы заңнамалық актiде;
8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары үшiн – Қазақстан Республикасының соттары туралы заңнамада;
9) Орталық сайлау комиссиясының (Орталық референдум өткізу жөніндегі комиссияның) нормативтiк қаулылары үшiн – сайлау туралы және республикалық референдум туралы заңнамалық актiлерде;
10) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың және тексеру комиссияларының нормативтiк шешiмдерi үшiн – осы органдар туралы заңнамалық актiлерде, өзге де заңнамалық актiлерде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде айқындалады.
3. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiнi қабылдау жөнiндегi құзыретi Қазақстан Республикасының заңнамасында тiкелей көзделген жағдайларда ғана уәкiлеттi органның осы актiнi қабылдауына жол берiледi.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).35-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттік берілген адамдар
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiне мына лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдарына, конституциялық заңдарына, кодекстерiне, шоғырландырылған заңдарына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарына – Қазақстан Республикасының Президентi;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулыларына – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсінің Төрағасы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжілісінің қаулыларына – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулыларына – Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы;
3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi;
4) мәслихат шешiмдерiне – мәслихат сессиясының төрағасы және мәслихат хатшысы;
5) әкімдік қаулыларына, әкімнің шешімдеріне – әкім;
6) өзге де нормативтiк құқықтық актiге – оны қабылдаған (шығарған) органның басшысы қол қояды.
2. Туынды түрдегi нормативтiк құқықтық актіні негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық акт арқылы қабылдаған кезде уәкiлеттік берілген адам негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiге ғана қол қояды.
Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).36-бап. Уәкілетті орган қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі құқықтар
Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілген уәкілетті орган қайта ұйымдастырылған не таратылған жағдайда, құқықтық мирасқорға немесе таратылған уәкілетті органның функциялары берілген уәкілетті органға оның құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығымен бірге нормативтік құқықтық актілерді өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктер ауысады.
8-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖАРИЯЛАУ
37-бап. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау міндеттілігі
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысы" ресми басылымдар болып табылады.
2. Заңнамалық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, конкурстық негізде осындай құқық алған мерзімді баспа басылымдары да жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.
3. Нормативтік құқықтық актілерді алғашқы ресми жариялау олар күшіне енген күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
4. Алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).5. Құқық қолдану практикасында нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуға тиіс.
6. Нормативтік құқықтық актілер ресми жарияланғаннан кейін ғана оларды бейресми жариялауға жол беріледі.
Ескерту. 37-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 06.04.2016 N 480-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 67-баптан қараңыз); 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).38-бап. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік-құқықтық актілерін ресми жариялау
1. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жүзеге асырылады.
Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін ресми жариялау осы Заңның 37-бабында айқындалатын тәртіппен, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында да жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Әділет органдары тіркеген нормативтік құқықтық актілерді осындай тіркеуге ұсынған органдар оларды Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміне енгізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде олардың көшірмелерін электрондық құжат және елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз жеткізгіш нысанында ресми жариялауға жібереді.
3. 01.01.2017 дейін қолданыста болды - ҚР 06.04.2016 N 480-V Заңымен.
39-бап. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау
1. Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жүзеге асырылады.
Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау осы Заңның 37-бабында айқындалатын тәртіппен, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында да жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Әділет органдары тіркеген нормативтік құқықтық актілерді осындай тіркеуге ұсынған органдар оларды Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміне енгізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде олардың көшірмелерін электрондық құжат және елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз жеткізгіш нысанында ресми жариялауға жібереді.
3. 01.01.2017 дейін қолданыста болды - ҚР 06.04.2016 N 480-V Заңымен.
40-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердің мәтіндерін толық жарияламауға жол бермеу
1. Мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ "Қызметтік пайдалану үшін", "Баспасөзде жариялаусыз", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлердің мәтіндерін ресми түрде толық жарияламауға жол берілмейдi.
2. Егер нормативтiк құқықтық акт көлемiнің ауқымды болуына байланысты оның мәтiнi мерзiмдi баспасөз басылымының бiрнеше нөмiрiнде жарияланса, онда нормативтiк құқықтық актінің қазақ және орыс тiлдерiндегі мәтiнiнiң қорытынды бөлiгi жарияланған күн ресми жарияланған күні болып есептеледi.
41-бап. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктердің, тексеру комиссияларының және әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің ресми жариялануын бақылау
Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктердің, тексеру комиссияларының және әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің ресми жариялануын бақылауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
9-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ УАҚЫТ, КЕҢІСТІК
ЖАҒЫНАН ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛАР ТОБЫ БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛУЫ
42-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң күшiне ену және оларды қолданысқа енгізу уақыты
1. Осы тармақтың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлер оларға қол қойылғаннан кейiн күшiне енедi.
Осы Заңның 44-бабына сәйкес әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
2. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау оларды қолданысқа енгiзудiң мiндеттi шарты болып табылады.
3. Нормативтiк құқықтық актiлер мынадай мерзiмдерде:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтiк құқықтық жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары – егер актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары – егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап;
3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң қаулылары – қабылданған күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдар мен олардың ведомстволарының өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық
бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi – егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Нормативтiк құқықтық актiлерде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген бөлiмдерiн, кіші бөлімдерін, параграфтарын, тарауларын, баптарын, баптарының бөлiктерiн, тармақтарын, тармақшаларын және абзацтарын қолданысқа енгiзудiң тұтастай бүкiл акт үшiн белгiленгеннен өзге мерзiмдерi көрсетiлуi мүмкiн.
5. Бұрын мұндай жауаптылыққа алып келмеген әрекеттер (әрекетсіздік) үшiн заңдық жауаптылықты көздейтiн не бұрынғымен салыстырғанда неғұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтiн заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн он күн мерзiм өткенге дейiн қолданысқа енгiзіле алмайды.
6. Жекелеген қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) қойылатын бiлiктiлiк немесе рұқсат беру талаптарын және бiлiктiлiк немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін, сондай-ақ экспорты мен импорты лицензиялануға жататын жекелеген тауарлардың тiзбелерiн бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн жиырма бiр күн мерзiм өткенге дейiн қолданысқа енгiзiле алмайды.
7. Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актiлер қабылданған күнiнен бастап немесе актiнiң өзiнде көрсетiлген мерзiмдерде қолданысқа енгiзiледi.
8. Барлық нормативтік құқықтық актілерде осы баптың нормалары ескеріле отырып, оларды қолданысқа енгізу мерзімі көрсетілуге тиіс.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.43-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң керi күшi
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттар осы баптың 1-тармағының қағидаларына кiрмейдi.
3. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын нормативтік құқықтық актілердің кері күші болмайды.
4. Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңнамалық актілердің кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін сол үшін жауаптылық заңмен жойылса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.
44-бап. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволарының, сондай-ақ, мәслихаттардың, әкімдіктердің және әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн олардың күшiне енуінің шарты ретiнде мемлекеттiк тiркеу
1. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жатады. Мұндай тiркеу олардың күшiне енуінің қажеттi шарты болып табылады.
Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу әділет органдарының актіде құқық нормасының болуы және оны мемлекеттік тіркеудің қажеттігі туралы шешім қабылдау тұрғысынан заң сараптамасын жүргізуін, нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін айқындауды және мемлекеттік тіркеу нөмірін бере отырып, оны Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізуді қамтиды.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінiң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларына;
2) уәкілетті органдардың басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін реттейтін және үшінші тұлғаларға қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілерге;
3) мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерге;
4) мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткерлерге (кандидаттарға) қойылатын біліктілік талаптарын белгілейтін және үлгілік біліктілік талаптары негізінде әзірленген нормативтік құқықтық актілерге;
5) мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актiлерге қолданылмайды.
3. Егер мұндай акт:
1) азаматтардың заңда белгiленген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірсе;
2) заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзса;
3) жоғары тұрған деңгейдегі нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келсе;
4) нормативтiк құқықтық актiнi шығарған орган құзыретiнің шегiнен шықса;
5) мүдделі органдармен келiсiлмесе;
6) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тиісті мемлекеттік органның сараптама кеңесімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу рәсімі сақталмай қабылданса;
7) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты болса және осы Заңның 20-бабы 2-тармағының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қоғамдық кеңестің ұсынымдарынсыз қабылданса;
8) мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу, ресімдеу және келісу қағидалары бұзылып қабылданса, Қазақстан Республикасының әділет органдары нормативтiк құқықтық актiні мемлекеттік тіркеуден бас тартады.
Мүдделi мемлекеттiк орган мемлекеттiк тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актiнi тiркеуден бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасай алады.
4. Заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген мемлекеттiк тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актiлердің күшін оларды шығарған орган жоюға тиіс.
5. Нормативтiк құқықтық актiлердi ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекітедi.
Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).45-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылу мерзiмi
1. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде немесе оны қолданысқа енгiзу туралы актiде өзгеше көзделмесе, мұндай акт мерзiмсiз қолданылады.
2. Бүкiл нормативтiк құқықтық акт немесе оның жекелеген бөлiгi (жекелеген бөлiктерi) үшiн уақытша қолданылу мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Бұл жағдайда нормативтiк құқықтық акт немесе оның бір бөлiгi қандай мерзiмде қолданысын сақтайтыны көрсетiлуге тиiс. Актiнi шығарған орган бұл мерзiм өткенге дейiн актiнiң қолданылуын жаңа мерзiмге ұзарта алады немесе оған мерзiмсiз сипат бере алады.
46-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын тоқтата тұру және тоқтату
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуы белгiлi бiр мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн. Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру жеке нормативтік құқықтық актімен жүзеге асырылады.
2. Нормативтiк құқықтық акт (оның бір бөлiгi немесе бөлiктерi) мынадай жағдайларда:
1) акт (оның бір бөлiгi немесе бөлiктерi) қабылданған мерзiм өткенде;
2) бұрын шығарылған нормативтiк құқықтық актiнiң, оның бөлiктерiнiң (бір бөлiгiнiң) ережелерiне қайшы келетiн немесе бұрын шығарылған актiнi немесе оның бір бөлiгiн (бөлiктерiн) қамтитын жаңа нормативтiк құқықтық акт қабылданғанда;
3) қабылданған акт Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген тәртiппен конституциялық емес деп танылғанда;
4) осы актiнi қабылдаған орган немесе қабылдауға уәкiлеттік берiлген өзге де орган актiнiң немесе оның бір бөлiгiнiң (бөлiктерiнiң) күшi жойылды деп танығанда, өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
3. Басқа нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық актіні жариялау осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
47-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң кеңiстiк жағынан қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар қабылдаған Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, тексеру комиссиялары қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер тиiстi әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылады.
Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.48-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тұлғалар тобы бойынша қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші заңнамалық актiлерде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына, сондай-ақ оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, шет мемлекеттердің заңды тұлғаларына, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
2. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкiлдерi мен мемлекеттiк органдарының кейбiр басқа да қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi халықаралық шарттарда және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларында көзделген шектерде қолданылады (дипломатиялық иммунитет).
49-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ету шаралары
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығы мынадай шаралармен:
1) нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілерге сәйкес келтiрумен;
2) нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын белгiленген тәртiппен тоқтата тұрумен;
3) нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн жүргiзумен;
4) нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілерге сәйкестiгi тұрғысынан тексерумен қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа да заңнамалық актiлерде белгiленген құзыретке сәйкес мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi;
2) соттар;
3) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар;
4) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi және оның аумақтық органдары;
5) төмен тұрған органдар қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты – уәкілетті органдар;
6) өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты – заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдаған және (немесе) олардың әзiрлеушiлері болып табылатын уәкiлетті органдар нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ететiн мемлекеттің органдары мен лауазымды адамдары болып табылады.
3. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіде әділет органдары осы Заңның 44-бабы 3-тармағының 1) — 4) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды анықтаған кезде әділет органдары тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органды бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының әділет органдары тиісті қорытынды шығарады және осындай нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
4. Мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы ақпарат ресми жарияланым дереккөздерінде жариялануға жатады.
Мемлекеттік тіркеудің күші жойылған нормативтік құқықтық акт қолданылуға жатпайды.
Уәкілетті орган нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеудің күшін жоюға сот тәртібімен шағымдана алады.
10-тарау. МОНИТОРИНГ
50-бап. Құқықтық мониторинг
1. Құқықтық мониторинг Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген, сыбайлас жемқорлық және тиімді іске асырылмайтын құқық нормаларын анықтау, сондай-ақ, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу арқылы заңнаманың тиімділігін бағалау мен болжау мақсатында жүргізіледі.
2. Мемлекеттік органдар өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүзеге асырады және оларға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдайды.
3. Құқықтық мониторинг жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоғамдық және ғылыми ұйымдарды, азаматтарды тартуға құқығы бар.
Мемлекеттік органдар құқықтық мониторинг жүргізген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті ұйым жүргізген заңнаманың тиімділігіне талдау (нормативтік құқықтық актілерге талдау) нәтижелерін пайдалануы мүмкін.
4. Құқықтық мониторинг жүргiзу қағидаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).51-бап. Нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингін жүргізеді.
2. Қоғамдық мониторингтің нәтижелері Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми интернет-ресурсына жыл сайын орналастырылады.
11-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖҮЙЕЛЕУ ЖӘНЕ
ЕСЕПКЕ АЛУ
52-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi жүйелеу
1. Нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайтын уәкiлеттi органдар осы актiлердi есепке алуды және жүйелеуді жүргiзедi, өздерi қабылдаған актiлердiң бақылау даналарын жүргiзіп, оларға ағымдағы өзгерiстер мен толықтырулардың барлығын уақтылы енгiзеді.
2. Уәкiлеттi органдардың нормативтік құқықтық актілерді есепке алу мен жүйелеуді жүргізуінің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
53-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк есепке алу
1. Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзудi қамтиды.
2. Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзуді Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын уәкілетті ұйым жүзеге асырады.
3. Уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкіне енгiзу үшін оларды жүргізуге жауапты мемлекеттік кәсіпорынға нормативтiк құқықтық актiлердiң көшiрмелерiн қағаз түрінде және осы Заңның 35-бабына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық түрде жiбередi.
Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін әділет органдары арқылы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жібереді.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу тәртібін айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтық ақпараттың бiрыңғай жүйесiн құрады, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарға анықтамалық-ақпараттық жұмыста көмек көрсетедi.
Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).54-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердің жариялылығы
Барлық уәкiлеттi органдар, мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитындардан басқа, қабылданған нормативтiк құқықтық актiлермен танысу үшін мүдделi тұлғаларға оларды қолжетімді етуге мiндеттi.
3-бөлім. НОРМАТИВТІК ЕМЕС ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
12-тарау. НОРМАТИВТІК ЕМЕС ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР ТУРАЛЫ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
55-бап. Нормативтік емес құқықтық актілердің түрлері
Нормативтік емес құқықтық актілерге:
1) нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілері;
2) жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер;
3) мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жатады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің түрлері және оларды әзірлеу тәртібі заңдарда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органдардың актілерінде белгіленеді.
Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).56-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау шарттары
1. Нормативтік емес құқықтық актілер нормативтік құқықтық актілердің негізінде және оларды іске асыру мақсатында қабылданады.
2. Нормативтік емес құқықтық актілерді осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген уәкілетті органдар қабылдайды.
3. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау ерекшеліктері басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.
57-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерге шағым жасау және наразылық білдіру
Нормативтік емес құқықтық актілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
13-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ РЕСМИ ТҮСІНДІРМЕ
БЕРУ АКТІЛЕРІ
58-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері туралы жалпы ережелер
1. Нормативтiк құқықтық актiлердің анық болмауы мен әртүрлi түсiнілуі, оларды қолдану практикасында қайшылықтар анықталған жағдайларда, нормативтiк құқық актiде қамтылған нормаларға ресми түсiндiрме берiлуi мүмкiн.
2. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері құқық нормаларын белгілемейді және Қазақстан Республикасының заңнамасындағы олқылықтардың орнын толтырмайды.
3. Нормативтiк құқықтық актiге ресми түсiндiрме беру құқық нормаларының мазмұнын түсінікті ету, нақтылау мақсатында ғана беріледі, ол құқық нормаларының мәнін өзгерте алмайды және түсіндірме берілетін норманың шегінен шыға алмайды.
4. Нормативтiк құқықтық актiлерде қамтылатын нормаларға ресми түсіндірме беру уәкілетті органдардың не жеке және заңды тұлғалардың бастамасы бойынша "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Осы Заңның 60-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ресми түсіндірме беру актілері өздерінде қамтылған нормаларды iске асыру, оның iшiнде оларды қолдану кезінде және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде мiндеттi сипатқа ие болады.
6. Осы тарауда белгіленген, нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру тәртібі мен шарттары "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын заңға түсіндірме беруге қолданылмайды.
Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).59-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме берудің шарттары
1. Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң мәні оларға түсiндiрме беру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актiлерге толық сәйкестiкте ашылуға тиiс.
2. Заңнамалық актiлердiң нормаларына Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерімен толық сәйкестікте түсіндірме берілуге тиіс.
3. Алып тасталды - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
60-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар, лауазымды адамдар
1. Алып тасталды - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсіндірме беруді Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырады.
3. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірмені соларды қабылдаған (шығарған) уәкілетті органдар немесе лауазымды адамдар береді.
4. Мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеу мен басқаруды жүзеге асыратын немесе тиісті мәселелерді шешу өз құзыретіне жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қолдануға қатысты нормативтік құқықтық актілерге өз құзыреті шегінде түсiндiрме бере алады.
Мұндай түсіндірмелердің міндетті заңдық күші болмайды және олар ұсынымдық сипатқа ие.
Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).61-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерінің құрылымы
1. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісі кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің кіріспе бөлігінде:
1) нормативтік құқықтық актінің нормасына түсіндірме беруші уәкілетті органның атауы;
2) түсіндірме берілетін норма қамтылған нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементін, түсіндірме берілетін норманы қамтитын нормативтік құқықтық актінің қабылданған күні мен нөмірін көрсете отырып, ресми түсіндірме беру актісінің атауы;
3) нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қабылданған жері мен күні;
4) нормативтік құқықтық актінің нормасына соның бастамасы бойынша түсіндірме беріліп отырған органның не жеке немесе заңды тұлғаның атауы көрсетіледі.
3. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің сипаттау бөлігі түсіндірме берілетін норманың сипаттамасы мен мазмұнын талдауды қамтуға тиіс.
4. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қарар бөлігі нормативтік құқықтық акт нормасының мәні мен мазмұнын түсінікті ететін уәкілетті органның қорытындысын қамтуға тиіс.
62-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау
1. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме берген уәкілетті органның (лауазымды адамның) интернет-ресурсында жүзеге асырылады.
2. Осы баптың талаптары осы Заңның 60-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).14-тарау. ЖЕКЕ-ДАРА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
63-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер туралы жалпы ережелер
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:
1) жеке-дара айқындалған тұлғалар тобына (жеке және заңды тұлғаларға) қолданылады;
2) құқық нормаларын қамтымайды;
3) жеке-дара айқындалған тұлғалардың заңнамада белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырады.
2. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер Қазақстан Республикасының заңнамасына кірмейді және нормативтік құқықтық актілерге жатпайды.
64-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерге және оларды ресімдеуге қойылатын талаптар
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт мынадай талаптарға сай болуға:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге;
2) оның құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге тиіс, ал мазмұны біркелкі түсіну мен қолдануды қамтамасыз етуге, белгіленетін шаралар мазмұнын анық баяндауға, құқықтық актінің күші қолданылатын және (немесе) оларды белгіленген мерзімдерде іске асыруға жауапты болатын тұлғалар тобын тиянақты айқындауға тиіс.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.
2-1. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Әртүрлі деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде, егер мұндай актіні қабылдау өз құзыретіне кірген болса, жоғары тұрған уәкілетті органның құқықтық актісі қолданылады.
4. Бір деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде осы шешімді қабылдау өз құзыретіне кіретін органның құқықтық актісі қолданылады. Мүдделі тұлғаның өтініші бойынша бір құқықтық актінің басқалардан басымдығы туралы шешімді жоғары тұрған уәкілетті орган немесе сот қабылдайды.
5. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт осы баптың 1-тармағында көзделген талаптармен бірге мынадай деректемелерді де:
1) құқықтық актінің атауын;
2) осы актінің қарау нысанасын білдіретін тақырыпты;
3) актінің қабылданған жері мен күнін;
4) тиісті актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) қолтаңбасын (қолтаңбаларын);
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, органның мөрін қамтуға тиіс.
Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау рәсімдері, оларды ресімдеуді, орындауды және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
Ескерту. 64-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).65-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күшіне енуі және қолданылуын тоқтатуы
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт, егер онда неғұрлым кешірек мерзім белгіленбеген болса, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
2. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.
3. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің қолданылуы тоқтатылғанға дейін осы құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оны тоқтата тұра алады, өзгерте алады және (немесе) толықтыра алады не оның күшін жоя алады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!4-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
4. Мүдделі тұлғалардың жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің күшін жою, оны өзгерту, толықтыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру туралы өтініш беруі тиісті шешім қабылданғанға дейін құқықтық актінің (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі құқықтық актісін, оның жазбаша нұсқамаларын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қадағалап ден қою шараларын (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) қолдану жөніндегі, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкті оның депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін орнықсыз қаржылық жағдайы бар банктер санатына жатқызу туралы, банкті төлеуге қабілетсіз банктер санатына жатқызу және оған реттеу шараларын қолдану туралы құқықтық актісін, сондай-ақ бюджет қаражатын мақсатсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының құқықтық актілерін қоспағанда) қолданылуын тоқтата тұрады.
Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.15-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
66-бап. Өтпелі ережелер
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын:
1) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыруды электрондық-цифрлық нысанда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурстан қамтамасыз етеді;
2) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған қалыптастырылған нормативтік құқықтық актілерді баспа нысанындағы нормативтік құқықтық актілермен электрондық-цифрлық нысанда сәйкес келтіруді 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қамтамасыз етеді.
67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 37-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі, 38-баптың 3-тармағы және 39-баптың 3-тармағы 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
3. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 22, 94-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 21-I, 121-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. Назарбаев |