Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 40-VІ ҚРЗ.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заң 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық материал – адамның немесе қайтыс болған адам денесінің (сүйегінің) геномдық ақпараты бар тіндері мен шығындылары;

      2) биологиялық туыстар – қандас туыстығы бар адамдар: ата-аналар (ата-ана), балалар, ата, әже, немерелер, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек, немере, шөбере аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар), нағашы ағалар, нағашы апалар, жиендер;

      3) геномдық ақпарат – адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның дезоксирибонуклеин қышқылының белгілі бір фрагменттері туралы кодталған ақпарат және осы Заңның талаптарына сәйкес дербес деректер (ол болған кезде);

      4) геномдық тіркеу – дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар геномдық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, биологиялық материалды іріктеу, сақтау, пайдалану, жою, адамның жеке басын анықтау немесе растау бойынша жүзеге асыратын қызмет;

      5) дактилоскопиялық ақпарат – адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның қолдарының саусақтарының және (немесе) алақандарының папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер және осы Заңның талаптарына сәйкес дербес деректер;

      6) дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуді жүзеге асыратын ішкі істер органдары, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, ұлттық қауіпсіздік органдары, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      7) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты бұғаттау – дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинауды, жинақтауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, беруді, иесіздендіруді, жоюды уақытша тоқтату жөніндегі әрекеттер;

      8) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жою – жасалуы нәтижесінде дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты қалпына келтіру мүмкін болмайтын әрекеттер;

      9) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты иесіздендіру – нәтижесінде дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараттың нақты адамға тиесілі екенін айқындау қосымша ақпаратты пайдаланбай мүмкін болмайтын әрекеттер;

      10) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты өңдеу – дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, беруге, иесiздендiруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған әрекеттер;

      11) дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты пайдалану – дактилоскопиялық немесе геномдық тіркеу мақсатына қол жеткізуге бағытталған дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратпен жасалатын әрекеттер;

      12) дактилоскопиялық тіркеу – дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың дактилоскопиялық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау немесе растау бойынша жүзеге асыратын қызметі;

      12-1) жеке басты верификациялау – жеке тұлғаның қол саусақтарының және (немесе) алақандарының папиллярлық бедерлерінің оның дактилоскопиялық ақпаратымен сәйкес келуін тексеру арқылы жеке басты растау;

      13) материалдық жеткізгіштер – дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараты бар дактилоскопиялық немесе ақпараттық карталар, магниттік, электрондық немесе өзге де жазба түрлерін жеткізгіштер;

      14) танылмаған мәйіт – денесі (сүйектері) табылған кезде жеке басы анықталмаған қайтыс болған адамның денесі (сүйектері).

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге байланысты қатынастар осы Заңмен реттеледі.

3-бап. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу қағидаттары

      Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу:

      1) адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын және бостандықтарын сақтау;

      2) заңдылық;

      3) еріктілік және міндеттілік;

      4) ізгілік;

      5) құпиялылық;

      6) адам денсаулығы үшін қауіпсіздік;

      7) жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің мақсаты

      Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу дактилоскопиялық немесе геномдық ақпарат негізінде жеке басын анықтау және (немесе) растау мақсатында жүргізіледі.

5-1-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің негізгі міндеттері

      Дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      2) дактилоскопиялық ақпарат негізінде көші-қон процестерін реттеуді қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонға қарсы күрес;

      3) халықты құжаттандыру кезінде дактилоскопиялық тіркелуге жататын адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

      4) дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинауға, өңдеуге, қорғауға, биологиялық материалды іріктеуге және пайдалануға қойылатын негізгі талаптарды белгілеу;

      5) дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы мемлекеттік реттеу;

      6) қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету;

      7) дактилоскопиялық және геномдық тіркеу қызметін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету.

      Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде дактилоскопиялық ақпаратты жинауға, өңдеуге немесе геномдық ақпаратты жинауға, өңдеуге, қорғауға, биологиялық материалды іріктеуге, сақтауға, пайдалануға және жоюға құқығы бар.

      2. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және осы Заңға сәйкес дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты қорғау үшін қажетті шараларды, оның ішінде құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қолдануға және сақтауға;

      2) осы Заңда белгіленген жағдайларда дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинау, жинақтау, сақтау, беру, бұғаттау, иесіздендіру, өзгерту, толықтыру, пайдалану, жою жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуді жүзеге асыру кезіндегі Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің, сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдар қорғаншыларының дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуді жүзеге асыру кезінде:

      1) өзінің дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратымен немесе өздері заңды мүдделерін білдіретін адамның дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратымен танысуға және (немесе) осындай ақпаратты алуға;

      2) өздерінің дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратын немесе өздері заңды мүдделерін білдіретін адамның дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратын жинауға және (немесе) өңдеуге, қорғауға байланысты мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;

      3) дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинау, сақтау және пайдалану кезінде оның қорғалуына құқығы бар.

      1-1. Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңда белгіленген жағдайларда дактилоскопиялау және (немесе) биологиялық материалды іріктеу рәсімінен өтуіне құқығы бар.

      2. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеуге жататын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда белгіленген жағдайларда дактилоскопиялау және (немесе) биологиялық материалды іріктеу рәсімінен өтуге міндетті.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинауға, өңдеуге және қорғауға қойылатын негізгі талаптар

      1. Дактилоскопиялық және геномдық ақпарат қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге жатады.

      2. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинау және өңдеу шарттары оны жоғалту, бұрмалау және оған санкцияланбаған қол жеткізу, сол сияқты дактилоскопиялық немесе геномдық ақпараты бар электрондық ақпараттық ресурстарға құқыққа сыйымсыз және (немесе) әдейі жасалмаған қол жеткізу және (немесе) ықпал ету мүмкіндігін болғызбауға тиіс.

      3. Дактилоскопиялық және геномдық ақпарат мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатады. Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты жинау және өңдеу оны қорғау қамтамасыз етілген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

      Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты қорғау Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы, дербес деректер және оларды қорғау, мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты жинауды және (немесе) өңдеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпараттың құпиялылығын сақтауға және оның қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.

      5. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, биологиялық материалды іріктеу, сақтау, пайдалану, жою дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты бұғаттау, иесіздендіру, беру

      1. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты иесіздендіруді, сондай-ақ иесіздендіруді алып тастауды жүзеге асырады.

      2. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты жинау, өңдеу шарттарының бұзылуы туралы ақпарат болған жағдайда оны бұғаттауды, сондай-ақ тексеру іс-шаралары жүргізілгеннен және бұзушылықтар жойылғаннан кейін бұғаттауды алып тастауды жүзеге асырады.

      3. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты бұғаттауды және (немесе) иесіздендіруді, сондай-ақ бұғаттауды және (немесе) иесіздендіруді алып тастауды жүзеге асырады.

      4. Дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты соттарға, құқық қорғау органдарына, арнаулы мемлекеттік органдарға, атқарушылық іс жүргізу, анықтау, тергеу органдарына беру дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдары негізінде жүзеге асырылады.

      5. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дактилоскопиялық немесе геномдық ақпаратты шет мемлекеттерге беруі мүмкін.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-1-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу түрлері

      Осы Заңға сәйкес ерікті немесе міндетті дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізіледі.

      Ескерту. 1-тарау 9-1-баппен толықтырылды – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ДАКТИЛОСКОПИЯЛЫҚ ТІРКЕУДІ ЖҮРГІЗУ

10-бап. Дактилоскопиялық тіркеуге жататын адамдар

      1. Бірінші рет Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін және (немесе) паспортын алу үшін, сондай-ақ оларды қалпына келтіру не ауыстыру үшін жүгінген Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің келісімімен дактилоскопиялық тіркелуге жатады.

      2. Міндетті дактилоскопиялық тіркеуге он алты жасқа толған:

      1) өздеріне қатысты Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы шешім қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      2) Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      3) бірінші рет шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін алу үшін немесе оны қалпына келтіру, ауыстыру үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      4) пана іздеген адам мәртебесін алу туралы өтінішхат берген, бірінші рет босқын куәлігін және (немесе) жол жүру құжатын алу үшін немесе оларды қалпына келтіру, ауыстыру үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      5) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге шығарып жіберілуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6) тармақшасының күші 01.07.2025 дейін Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында визаларды және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне бармай электрондық форматта берілетін визаларды ресімдеу және беру бөлігінде тоқтатыла тұрады – осы Заңның 39-бабымен.

      6) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне бармай, электрондық форматта берілетін визаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.

      3. Дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдар осы баптың 1-тармағында, 2-тармағының 2), 3), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша қайта жүгінген кезде дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен жеке басты верификациялау рәсімінен өтеді.

      4. Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алу кезінде осы Заңның 11-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен ерікті негізде дактилоскопиялық тіркелуге жатады.

      5. Алып тасталды – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда – ҚР 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-1-бап. Дактилоскопиялық тіркеуге жатпайтын адамдар

      1. Он екі жасқа толмаған балалар:

      1) дактилоскопиялық тіркеуден;

      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімдерінен өтуден босатылады.

      2. Қазақстан Республикасының визаларын ресімдеу кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өтуден өзаралық қағидат негізге алына отырып, мыналар босатылады:

      1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген басшылары және олардың отбасы мүшелері;

      2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген мүшелері және олардың отбасы мүшелері – дипломаттық паспорттардың иелері, сондай-ақ ресми шетелдік делегациялардың мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар – дипломаттық паспорттардың иелері;

      3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;

      4) дипломаттық паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының Қазақстан Республикасына қызметтік істер бойынша жіберілетін дипломаттық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар иелері;

      5) дипломатиялық поштаны тасымалдайтын дипломаттық курьерлер – курьерлік парағы болған кезде дипломаттық паспорттардың иелері;

      6) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде мыналар дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімінен босатылады:

      1) дипломаттық паспорттардың иелері;

      2) дипломатиялық және қызметтік визалардың иегерлері;

      3) арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның жазбаша жолданымы бойынша шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      4) дактилоскопиялық тіркеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматтары.

      4. Дактилоскопиялауға мүмкіндігі жоқ адамдар жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу кезінде дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы негізінде міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатылады. Дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға негіз болатын аурулардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша бекітеді.

      Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын, екі қолының барлық саусағы жоқ немесе екі қолының барлық саусағының тырнақ фалангаларында папиллярлық бедерлер жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар қолдарының алақандары бойынша дактилоскопиялық тіркелуге жатады.

      Егер адамның екі қолының барлық саусағы немесе қолбасы болмаса, ол:

      1) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, дактилоскопиялық тіркеуден өтуден;

      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімінен босатылады.

      Ескерту. 10-1-баппен толықтырылды – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты жинау тәртібі

      1. Дактилоскопиялық тіркеуді:

      1) осы Заңның 10-бабының 1-тармағында аталған адамдарға қатысты – ішкі істер органдары, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде ресімдеген жағдайда – сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      2) осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;

      3) осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 2) – 4) тармақшаларында аталған адамдарға қатысты – ішкі істер органдары;

      4) осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – өз құзыретіне сәйкес ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары;

      5) осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – өз құзыретіне сәйкес сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, ішкі істер органдары жүргізеді.

      2. Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балаларға қатысты дактилоскопиялық тіркеу олардың келісімімен баланың заңды өкілінің қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

      3. Сот әрекетке қабілетсіз деп анықтаған Қазақстан Республикасының азаматын, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды дактилоскопиялық тіркеу оның қорғаншысының қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

      4. Дактилоскопиялық ақпаратты жинау дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштердегі мәліметтер

      Жеке басты куәландыратын құжаттарды, Қазақстан Республикасының визаларын, Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу кезінде дактилоскопиялық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге шығарып жіберілуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратында қамтылатын мәліметтердің тізбесі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда – ҚР 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты өзгерту және (немесе)толықтыру

      Дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын өзгерту және (немесе) толықтыру дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

14-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты жинақтау және сақтау

      Дактилоскопиялық тіркеуді жүргізу кезінде алынған дактилоскопиялық ақпаратты жинақтауды және сақтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурсты қалыптастыру арқылы ішкі істер органдары жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын жинақтауды және сақтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурсты қалыптастыру арқылы көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

15-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты сақтау мерзімдері

      1. Ішкі істер органдары, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган дактилоскопиялық ақпаратты:

      осы Заңның 10-бабының 1-тармағында аталған адамдар туралы дерекқорда – олардың қайтыс болу фактісі анықталғаннан кейін, сот азаматты хабарсыз кеткен деп таныған немесе азаматты қайтыс болды деп жариялаған, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған немесе одан шыққан жағдайларда, олар жүз жасқа толған күнге дейін;

      осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 1) – 6) тармақшаларында, 4-тармағында аталған адамдар туралы дерекқорда – тіркелген күнінен бастап он жыл сақтайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін ішкі істер органдары, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 1) – 6) тармақшалары, 4-тармағы негізінде дактилоскопиялық тіркеуден өткен адамдар туралы дактилоскопиялық ақпаратты архивтерде материалдық жеткізгіштерде қырық жыл сақтайды.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты пайдалану

      Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық тіркеу кезінде алынған дактилоскопиялық ақпараты:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын растау және (немесе) анықтау;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және бақылау;

      3) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдарды дактилоскопиялық ақпарат бойынша адамның жеке басын растау рәсімі арқылы есепке алу және бақылау үшін пайдаланылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Дактилоскопиялық ақпаратты жою

      1. Дактилоскопиялық ақпаратты оны жинақтауды және сақтауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жояды.

      2. Дактилоскопиялық ақпарат осы Заңның 15-бабында көзделген оның сақталу мерзімдері өткен соң жойылады.

      3. Дактилоскопиялық ақпаратты жою дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен ішкі істер органдары уәкілетті бөлімшелерінің, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның басшылары бекітетін актілер бойынша жүргізіледі.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. ГЕНОМДЫҚ ТІРКЕУДІ ЖҮРГІЗУ

18-бап. Геномдық тіркеуге жататын адамдар

      1. Міндетті геномдық тіркеуге:

      1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123 және 124-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін сотталған адамдар;

      2) ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123 және 124-баптарында көзделген қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында биологиялық материалы алынған анықталмаған адамдар;

      3) танылмаған мәйіттер жатады.

      2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары, бірінші кезекте, ата-аналары (ата-анасы) және (немесе) балалары (баласы), ал олар болмаған кезде туыстық дәрежесіне қарай басқа да биологиялық туыстары осы Заңда көзделген тәртіппен олардың келісімімен геномдық тіркеуге жатады.

19-бап. Геномдық тіркеуді жүргізу тәртібі

      Геномдық тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, геномдық тіркеуге жататын адамдардан, танылмаған мәйіттерден биологиялық материалды іріктеу, сондай-ақ ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыс орындарынан анықталмаған адамдардың биологиялық материалын сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алу жүргізіледі;

      2) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдардың биологиялық материалы геномдық ақпарат алу және геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне жіберіледі;

      3) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 2-тармағында аталған адамдардың және танылмаған мәйіттердің биологиялық материалы зерттеу жүргізу және геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне немесе сот сараптамасын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына (бұдан әрі – сот сараптамасы органдары) немесе лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаға жіберіледі.

      Сот сараптамасы органдары немесе лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға сот молекулярлық-генетикалық сараптамалар жүргізу кезінде алынған геномдық ақпараттың көшірмесін геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне жібереді.

20-бап. Биологиялық материалды іріктеу кезінде алынатын және геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтер

      Биологиялық материалды іріктеу кезінде алынатын, сондай-ақ геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтер дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалады.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-бап. Биологиялық материалды іріктеу және пайдалану

      1. Геномдық тіркеуді жүргізу үшін биологиялық материалды іріктеуді:

      1) геномдық тіркеуге жататын сотталғандардан – ішкі істер органдары;

      2) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында биологиялық материалы алынған анықталмаған адамдардан – ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесінің және (немесе) сот медицина мамандарын тарта отырып және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарын сақтай отырып, қылмыстық iстер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын анықтау, тергеу органдары;

      3) хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан – ішкі істер органдары;

      4) танылмаған мәйіттерден – сот медицинасы саласындағы дәрігер маманды тарта отырып, ішкі істер органдары жүзеге асырады.

      2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу олардың жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

      Хабарсыз кеткен адамның биологиялық туысы болып табылатын кәмелетке толмаған адамнан биологиялық материалды іріктеу оның келісімімен заңды өкілінің қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

      Сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған және хабарсыз кеткен адамның биологиялық туысы болып табылатын адамнан биологиялық материалды іріктеу оның қорғаншысының қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.

      3. Бастапқыда биологиялық материал геномдық ақпарат алуды болғызбайтындай сапасыз іріктелген жағдайда, геномдық тіркеуді жүзеге асыратын ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесінің сұрау салуы бойынша геномдық тіркеуге жататын сотталғандардың, хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының биологиялық материалын қайта іріктеу жүргізіледі.

      4. Геномдық тіркеуді жүргізу үшін іріктелген биологиялық материал геномдық ақпарат алу үшін пайдаланылады.

      5. Геномдық тіркеу үшін биологиялық материал бұрын одан өткен адам сотталған кезде іріктелмейді.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-бап. Биологиялық материалды сақтау мерзімдері

      1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, сондай-ақ танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалын сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабының талаптарына сәйкес айқындалады.

      2. Сотталған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу үшін іріктелген биологиялық материал іріктелген күнінен бастап одан геномдық ақпарат алғанға дейін сақталады.

23-бап. Биологиялық материал мен геномдық ақпаратты жою

      1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалы геномдық ақпарат алынғаннан кейін анықтау, тергеу органдарына қайтарылады.

      2. Геномдық тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпаратты сақтауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары оны осы Заңда көзделген сақтау мерзімдері өткеннен кейін жояды.

      3. Сотталғаннан кейін геномдық тіркеуге ұшыраған ақталған адамның геномдық ақпараты соттың ақтау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір жылдан ерте жойылмайды.

      4. Сотталған адамдарға геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған биологиялық материалды осы Заңның 22-бабының 2-тармағында белгіленген сақталу мерзімдері өткеннен кейін, сондай-ақ геномдық тіркеу кезінде алынған геномдық ақпаратты жоюды ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен оның басшысы бекітетін актілер бойынша жүзеге асырады.

      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

24-бап. Геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтер

      Ескерту. 24-бап алып тасталды – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-бап. Геномдық ақпаратты алу

      Геномдық тіркеуге жататын адамдар туралы геномдық ақпаратты:

      1) геномдық тіркеуге жататын сотталғандардың биологиялық материалынан алуды – ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі;

      2) анықталмаған адамдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған, хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, танылмаған мәйіттердің биологиялық материалынан алуды – ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі немесе анықтау, тергеу органдары сот сараптамасын тағайындаған жағдайда, сот сараптамасы органы, лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға жүзеге асырады.

26-бап. Геномдық ақпаратты өзгерту және (немесе) толықтыру

      Геномдық тіркеуден өткен адамдардың геномдық ақпаратын өзгерту және (немесе) толықтыру дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

27-бап. Геномдық ақпаратты жинақтау және сақтау

      Геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпаратты жинақтауды және сақтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарда ішкі істер органдары жүзеге асырады.

28-бап. Геномдық ақпаратты пайдалану

      1. Геномдық тіркеуді жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат:

      1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтау және белгілеу;

      2) Қазақстан Республикасының хабарсыз кеткен азаматтарын, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру;

      3) танылмаған мәйіттер бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын анықтау;

      4) іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау мақсатында пайдаланылады.

      2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының геномдық ақпараты осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген мақсатта пайдаланылады.

29-бап. Геномдық ақпаратты сақтау мерзімдері

      1. Геномдық тіркеуге жататын сотталған адамның геномдық ақпараты геномдық тіркелген күнінен бастап оның қайтыс болу фактісі анықталғаннан кейін жиырма бес жыл өткенге дейін, ал оның қайтыс болғаны туралы мәліметтер болмаған немесе сот оны қайтыс болды деп жариялаған кезде ол жүз жасқа толған күнге дейін сақталады.

      2. Биологиялық материалы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған анықталмаған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат геномдық тіркелген күнінен бастап жиырма бес жыл сақталады.

      3. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарын геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат хабарсыз кеткен адамның жүрген жері анықталғанға немесе оқиғаның немесе қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін сақталады.

      4. Танылмаған мәйіттерді геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат қайтыс болған адамның жеке басын анықтағанға дейін, бірақ геномдық тіркелген күнінен бастап жиырма бес жылдан аспай сақталады.

30-бап. Геномдық ақпаратты жою

      Ескерту. 30-бап алып тасталды – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ДАКТИЛОСКОПИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕНОМДЫҚ ТІРКЕУ
САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

31-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласында:

      1) дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) алып тасталды – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

32-бап. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласында:

      1) дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) дактилоскопиялық және геномдық ақпараттың дерекқорын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті

      Ескерту. 33-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган дактилоскопиялық тіркеу саласында:

      1) шетелде Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарынан, Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан дактилоскопиялық ақпарат жинау және өңдеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Шетелде Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын жинау және беру Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері мен заңды тұлғалар арасында қызметтер көрсету туралы шарт жасасу арқылы деректердің құпиялылығы қатаң сақталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.06.2025 № 203-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

34-бап. Көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті

      Көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган дактилоскопиялық тіркеу саласында:

      1) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған адамдардың дактилоскопиялық ақпарат дерекқорын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған адамдарды дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

35-бап. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары дактилоскопиялық тіркеу саласында:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімін жүзеге асыру және осы адамдардың дактилоскопиялық ақпарат дерекқорын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

36-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Прокуратура органдары мемлекет атынан дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

37-бап. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі

      Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

38-бап. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

39-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Мыналардың:

      1) өздерінің дактилоскопиялық ақпаратын немесе өздері заңды мүдделерін білдіретін адамның дактилоскопиялық ақпаратын жинауға және (немесе) өңдеуге, қорғауға байланысты мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау бөлігінде осы Заңның 7-бабының 1-тармағы 2) тармақшасының;

      2) осы Заңның 2-тарауының;

      3) дактилоскопиялық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау бөлігінде осы Заңның 37-бабының;

      4) Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық тіркеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық бөлігінде осы Заңның 38-бабының қолданысы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.

      Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында визаларды және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне бармай электрондық форматта берілетін визаларды ресімдеу және беру бөлігінде осы Заңның 10-бабы 2-тармағының 6) тармақшасының күші 2025 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын.

      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 50-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев