Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 18 наурыздағы № 295-V ҚРЗ.

Жаңартылған

      2014 жылғы 12 қарашада Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің ортақ қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы
КЕЛІСІМ

      Ескерту. Келісімнің тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты (бұдан әрі - Шарт) негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

1-бап

      1. Осы Келісім Шартты іске асыру шеңберінде, құпия ақпаратты қорғауға байланысты және Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия), мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары, мүше мемлекеттердің заңды және жеке тұлғалары қатысатын қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Келісім мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік сырларға) жататын ақпаратты қорғауға байланысты қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай түсініктемелер пайдаланылады:

      "ақпарат" - берілу нысанына қарамастан мәліметтер (хабарламалар, деректер);

      "құпия ақпарат" - осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағына нұқсан келтірілмейтін, мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес оған қол жеткізу шектелген ақпараттың барлық түрі;

      "құпия ақпаратты иеленуші" - заңды негізде құпия ақпаратқа ие және осы ақпаратқа қолжетімділікті шектеген тұлға;

      "құпия ақпаратты қорғау" - осындай ақпараттың құқыққа сыйымсыз жария етілуіне, қолжетімділігіне, жойылуына, өзгертілуіне, көшірме жасалуына және оған қатысты өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттерді болғызбауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қабылдау;

      "құпия ақпаратты жария ету" — осы Келісімнің 3-бабы 5-тармағының екінші абзацында көзделген жағдайды қоспағанда, соның нәтижесінде құпия ақпарат кез келген мүмкін болатын нысанда (ауызша, жазбаша, өзге де нысанда, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып) құпия ақпаратты иеленушінің жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға мәлім болатын әрекеттер (әрекетсіздік);

      "құпия ақпаратқа қолжетімділік" - құпия ақпаратты алу және оны пайдалану мүмкіндігі.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта белгіленген мағыналарда қолданылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

3-бап

      1. Бұзылуы екі және одан да көп мүше мемлекеттің аумағында трансшекаралық нарықтарда бәсекелестікке теріс әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін бәсекелестіктің ортақ қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде Комиссия пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау мақсатында, Шарттың XVIII бөліміне (бұдан әрі - бәсекелестік қағидалары) және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес белгілеген нарықты трансшекаралыққа жатқызу өлшемшарттарына сәйкес, егер:

      1) иеленушісінің келісімінсіз үшінші тұлғалардың құпия ақпаратқа қолжетімділігі жоққа шығарылса;

      2) Комиссияның құпия ақпаратты оны жария етуді болғызбайтындай етіп пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілсе, Комиссия жеткілікті дәрежеде ақылға қонымды деп танылатын құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды.

      2. Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар:

      1) құпия ақпаратқа қол жеткізу тәртібін және онымен жұмыс істеу тәртібін бұзу мүмкіндігінің алдын алуды;

      2) құпия ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуді және (немесе) оны құпия ақпаратқа қол жеткізуге құқығы жоқ тұлғаларға беруді болғызбауды;

      3) құпия ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуді уақытылы байқауды және оның жолын кесуді;

      4) құпия ақпараттың қорғалу деңгейінің қамтамасыз етілуіне тұрақты бақылауды;

      5) нәтижесінде олардың жұмыс істеуі бұзылатын, құпия ақпаратты өңдеудің техникалық құралдарына әсер етуге жол бермеуді;

      6) құпия ақпаратқа рұқсат алған адамдарды және құпия ақпарат ұсынылған немесе берілген адамдарды есепке алуды қамтамасыз етуге тиіс.

      3. Бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде Комиссия пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау рәсімдері Комиссия Кеңесі бекітетін, таратылуы шектеулі (құпия және қызмет бабында пайдалану үшін) құжаттармен жұмыс істеу тәртібімен (бұдан әрі - таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібі) белгіленеді.

      4. Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібінде ережелер, оның ішінде:

      1) құпия ақпаратты қамтитын кіріс және шығыс құжаттармен жұмыс істеуді;

      2) құпия ақпаратты қамтитын құжаттарды есепке алуды, сақтауды және беруді;

      3) құпия ақпаратты талқылаған кезде кеңестерде іс қағаздарын жүргізуді;

      4) құпия ақпаратты қамтитын бәсекелестік қағидаларының (оның ішінде істерді қарауға қатысушы адамдардың) бұзылуы туралы істердің материалдарымен танысуды;

      5) құпия ақпаратты жария етпеу туралы міндеттемелердің және таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібінің бұзылу фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізуді;

      6) құпия ақпаратқа рұқсат алған адамдарды және құпия ақпарат ұсынылған немесе берілген адамдарды есепке алуды регламенттейтін ережелер қамтылуға тиіс.

      5. Комиссия бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде құзыретіне бәсекелестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру кіретін мүше мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларынан, мүше мемлекеттердің билік органдарынан (бұдан әрі - уәкілетті органдар) және мүше мемлекеттердің өзге де мемлекеттік билік органдарынан алған құпия ақпаратты Комиссия осындай ақпарат ұсынылған мақсатта ғана пайдалана алады.

      Мүше мемлекеттердің заңды және жеке тұлғаларынан және мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарынан алынған құпия ақпаратты Комиссияның үшінші тұлғаларға беруі, уәкілетті органдарға құпия ақпаратты Шартқа сәйкес өздеріне жүктелген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында беру жағдайын қоспағанда, оны иеленушінің жазбаша келісімімен ғана мүмкін болады.

      Комиссияның бір мүше мемлекеттің уәкілетті органынан алынған құпия ақпаратты екінші мүше мемлекеттің уәкілетті органына беруі - құпия ақпаратты ұсынған уәкілетті органның жазбаша келісімімен ғана мүмкін болады.

      6. Егер осындай ақпаратқа оны иеленуші адамдардың беймәлім тобына еркін қолжетімділік берген болса, ақпарат құпиялық мәртебесін жоғалтады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

4-бап

      1. Бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру кезінде:

      1) Комиссия Алқасының мүшелері құпия ақпаратқа толық көлемде қол жеткізе алады;

      2) Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде құпия ақпаратқа қол жеткізе алады.

      2. Бәсекелестік қағидаларының бұзылуы туралы өтініштерді (материалдарды) қарау, бәсекелестік қағидаларын бұзушылыққа тергеп-тексеру жүргізу, бәсекелестік қағидаларын бұзу туралы істерді қарау, сондай-ақ бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылауды іске асыруға байланысты өзге де рәсімдік әрекеттерді орындау шеңберінде, құпия ақпаратқа қолжетімділігі бар Комиссияның лауазымды адамдарын және қызметкерлерін бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне жетекшілік ететін Комиссия Алқасының мүшесі айқындайды.

      3. Комиссия Алқасының мүшелеріне осы Келісім арқылы лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өздеріне мәлім болған құпия ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме жүктеледі.

      Комиссияның лауазымды адамдары және қызметкерлері еңбек шартына міндетті қосымша болып табылатын, лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты өздеріне мәлім болған құпия ақпаратты жария етпеу туралы міндеттемеге қол қоюға және оны сақтауға міндетті.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

5-бап

      Комиссияға жіберілетін және Комиссия жіберетін құпия ақпаратты қамтитын материалдық жеткізгіштерге және құжаттарға "Құпия" не "Коммерциялық құпия", "Қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") белгісі қойылады.

      Мүше мемлекеттер материалдық жеткізгіштерді "Коммерциялық құпия" (мүше мемлекеттердің жеке және (немесе) заңды тұлғалары белгілейтін), "Қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") (мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары белгілейтін) белгісімен Комиссияға жіберген жағдайда, осындай жеткізгіштер "Құпия" белгісі бар деп танылады.

      Мүше мемлекет "Құпия" белгісі бар материалдық жеткізгіштерді Комиссиядан алған жағдайда, осындай жеткізгіштер "Коммерциялық құпия" (мүше мемлекеттердің жеке және (немесе) заңды тұлғалары үшін), "Қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") (мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары үшін) белгісі бар деп танылады.

      Құпия ақпаратты қамтитын материалдық жеткізгіштерді, құжаттарды Комиссияға беру және Комиссиядан жөнелту пошта байланысы (тапсырыстық немесе бағалы пошта жөнелтімдері), сондай-ақ фельдъегерлік байланыс немесе қолма-қол беру арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

6-бап

      1. Құпия ақпаратты жария етуге себепші болмаған және соған әкеп соқпаған Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібін бұзу Шартқа сәйкес Комиссияның кінәлі лауазымды адамдарын және қызметкерлерін тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.

      2. Лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты мәлім болған, құпия сипаттағы мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты емес мақсаттарда жария ету және пайдалану:

      Шартта белгіленген тәртіппен Комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

      Комиссияның лауазымды адамын немесе қызметкерін жұмыстан босату нысанында тәртіптік жаза қолдану;

      кінәлі адамдарды азаматтық-құқықтық, сондай-ақ әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.

      3. Өздеріне қатысты иммунитеттен бас тарту немесе оны алып тастау туралы шешім қабылданған Комиссия Алқасының мүшелері, Комиссияның лауазымды адамдары және қызметкерлері мынадай тәртіппен әкімшілік, азаматтық-құқықтық және/немесе қылмыстық жауаптылыққа:

      құпия ақпаратты жария еткен адамның тұрғылықты жері бойынша азаматтық-құқықтық жауаптылыққа;

      құқық бұзушылық жасаған адам азаматы болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес, осы мүше мемлекеттің қылмыстық заңнамасында көзделген қылмыстық жауаптылыққа;

      құқық бұзушылық жасаған адам азаматы болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес, осы мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген әкімшілік жауаптылыққа да тартылуы мүмкін.

      4. Комиссия Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібін бұзу фактілерін анықтау және оның жолын кесу мақсатында мүше мемлекеттермен ынтымақтасады.

      Мүше мемлекеттер құпия ақпаратты жария етуге байланысты істер бойынша мүше мемлекеттерде сот төрелігін іске асыру мүдделеріне орай Комиссиямен ынтымақтасады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

7-бап

      1. Уәкілетті орган өзі Комиссиядан алған құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді және мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес оны жария еткені үшін жауаптылықта болады.

      Уәкілетті органдардың Комиссиядан алған құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруі Комиссияның жазбаша келісімі бойынша ғана мүмкін болады.

      2. Уәкілетті органдардың арасында құпия ақпарат алмасу Шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

8-бап

      1. Осы Келісімге өзгерістер енгізу мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      2. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты мүше мемлекеттер арасындағы даулар Шартқа сәйкес шешіледі.

      3. Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

9-бап

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап немесе Таратылуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібі қолданысқа енгізілген күннен бастап, осы күндердің қайсысы кешірек болуына байланысты күшіне енеді.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

      2014 жылғы 12 қарашада Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі болғандықтан, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Ескерту. Қорытынды бөлікке өзгеріс енгізілді – ҚР 16.03.2022 № 110-VII Заңымен.

      Беларусь Республикасы үшін       Қазақстан Республикасы үшін       Ресей Федерациясы үшін

      Осымен, бұл мәтін 2014 жылғы 12 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімнің толық және бірдей көшірмесі болып табылатынын куәландырамын:

      Беларусь Республикасы үшін - Одақ мемлекет, Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік, Тәуелсіз мемлекеттік достастығы, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қауымдастығын құру шеңберінде Беларусь Республикасы қызметі мәселелері бойынша Беларусь Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының өкілетінің негізінде "Беларусь Республикасының Даму банкі" ашық акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы С.Н. Румас;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы бірінші вице-премьері Б.Ә. Сағынтаев;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясы Үкіметі басқармасының бірінші орынбасары И.И. Шувалов.

      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссияның
Құқық Департаментінің директоры
В.И. Тараскин