Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 10 қаңтардағы № 274-V ҚРЗ.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы және оның мақсаты

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы (бұдан әрі – Ұлттық ұлан) Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға арналған.

      2. Ұлттық ұлан өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға тыйым салынады.

      3. Ұлттық ұланның туы және рәмізі болады. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының, құрамаларының, әскери бөлімдерінің және жоғары әскери оқу орнының белгіленген үлгідегі жауынгерлік жалаулары болады.

      Ұлттық ұланның туы мен рәмізінің, өңірлік қолбасшылықтардың, құрамалар мен әскери бөлімдердің, жоғары әскери оқу орнының жауынгерлік жалауларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2-бап. Ұлттық ұлан қызметiнiң құқықтық негiзi

      1. Ұлттық ұлан қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлер құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Ұлттық ұлан қызметінің қағидаттары

      Ұлттық ұланның қызметі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қағидаттары, сондай-ақ:

      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғаудың мiндеттiлiгi;

      2) Ұлттық ұлан қатарында қызметтi ұйымдастырудағы көзқарастардың бiртұтастығы;

      3) дара басшылық пен дәреже сатысы (бағыныстылық);

      4) саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болу негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ МІНДЕТТЕРІ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ

4-бап. Ұлттық ұланның міндеттері

      1. Ұлттық ұланға мынадай міндеттер жүктеледі:

      1) маңызды мемлекеттiк объектiлердi және арнайы жүктердi күзету;

      2) ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғауға, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдай мен соғыс жағдайының, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимдерін қамтамасыз етуге қатысу, осы операцияға, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою жөніндегі іс-шараларға қатысу;

      3) сотталған әйелдердің, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуіне арналған қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін, толық қауіпсіз мекемелерді және тергеу изоляторларын қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету;

      4) Ұлттық ұлан күзететін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың, сондай-ақ олардың аумағындағы азаматтардың мінез-құлқын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      5) сотталғандарды және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүру;

      6) соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындау;

      7) Қазақстан Республикасының аумағында қарулы қылмыскерлерді залалсыздандыру, заңсыз әскерилендірілген немесе қаруланған құралымдар (топтар), ұйымдасқан қылмыстық топтар (қоғамдастықтар) әрекетін тоқтату жөніндегі арнайы операцияларға қатысу;

      8) ауыр және аса ауыр қылмыстардың, диверсиялардың, терроризм актілерінің, қарулы қақтығыстардың жолын кесуге қатысу және тайталасушы тараптарды ажырату;

      9) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындау.

      2. Ұлттық ұланға өзге де міндеттер Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктеледі.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2023 № 212-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Ұлттық ұланның өкілеттіктері

      1. Ұлттық ұлан өз құзыреті шегінде:

      1) адамның және азаматтың өмiрiн, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға;

      2) маңызды мемлекеттiк объектiлердi және арнайы жүктердi күзетуді қамтамасыз етуге;

      3) патрулдік-бекеттік қызмет атқару арқылы, оның ішінде көпшілік іс-шаралар өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысуға;

      4) қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі аралас мекемелерін күзетуді қамтамасыз етуге, олардың әкімшілігінің басшылығымен сотталғандарды бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға, сотталғандар мен күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүруге;

      5) алып тасталды – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6) жаппай тәртiпсiздiктердiң, топтасып бағынбаушылықтардың жолын кесуге және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі іс-шараларға қатысуға;

      7) терроризмге қарсы операциялар мен күзет iс-шараларын жүргiзуге қатысуға;

      8) заңсыз әскерилендірілген немесе қаруланған құралымдар (топтар), террористік ұйымдар, ұйымдасқан қылмыстық топтар (қоғамдастықтар) әрекетінің жолын кесу жөніндегі, сондай-ақ кепілге алынған адамдарды босату жөніндегі арнайы операцияларға қатысуға;

      9) алып тасталды – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше және соғыс жағдайының құқықтық режимдерін қамтамасыз етуге қатысуға;

      11) соғыс (ұрыс) қимылдарын жүргізуге, төтенше және соғыс жағдайы ахуалында, сондай-ақ қарулы жанжал ахуалында міндеттерді орындауға;

      12) ерекше маңызды мемлекеттiк объектiлердi қоспағанда, табиғи және техногендік сипаттағы, оның ішінде Ұлттық ұланның күзетілетін объектілеріндегі төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысуға;

      13) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою аймағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және карантиндер кезіндегі режимдік-шектеу іс-шараларына қатысуға;

      14) алып тасталды – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      15) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірлескен шешімдерінде айқындалатын тәртіппен шекаралық іздестірулерге және операцияларға қатысуға құқылы;

      16) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде күзеттен және қадағалаудан, айдауылмен алып жүру кезінде әскери қарауылдардан қашып кеткен адамдарды іздестіруге қатысуға;

      17) мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерде өткізу режимін қамтамасыз ету кезінде адамдарға, олардың заттарына, көлік құралдарына жете тексеру жүргізуге;

      18) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардан оларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен және сот үкімімен жүктелген міндеттерді орындауын талап етуге;

      19) төтенше жағдайлар, төтенше және соғыс жағдайының режимдерін енгізу ахуалында Ұлттық ұланға осы Заңда жүктелген міндеттер мүддесінде жауынгерлік қамтамасыз ету іс-шараларын жүзеге асыруға;

      20) Ұлттық ұланның құрылысы және оны дамыту жоспарларын әзiрлеуге және іске асыруға, сондай-ақ оның ұйымдық-штаттық құрылымын жетілдіруге;

      21) Қарулы Күштерді қолдану жоспарын әзірлеуге және Қарулы Күштермен бірлескен әрекеттерге дайындықты ұйымдастыруға Ұлттық ұланның құзыреті шегінде қатысуға;

      22) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауына байланысты Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің және олардың отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына, абыройына, қадір-қасиеті мен мүлкіне қолсұғушылықтардан олардың жеке басының қауіпсіздігін белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге;

      23) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін құқықтық және әлеуметтік қорғауды белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге, олардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға, Ұлттық ұланда санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды ұйымдастыруға;

      24) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Ұлттық ұланға қатысты бөлігінде іске асыру жөніндегі іс-шараларды орындауға;

      25) Ұлттық ұланның қызметі процесінде қалыптасатын, тұрақты сақталатын құжаттардың және өзге де құжаттық материалдардың жиналуын (жинақталуын), сақталуын, есепке алынуын қамтамасыз етуге;

      26) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды және құпиялылық режимiнiң сақталуын ведомстволық бақылауды қамтамасыз етуге;

      27) ақпараттық қауiпсiздiк талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;

      28) қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың, арнайы құралдардың және Ұлттық ұлан пайдаланатын өзге де мүліктің пайдаланылуы мен жөнделуін ұйымдастыруға;

      29) Ұлттық ұланның көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың мемлекеттік тіркелуін және оларға міндетті техникалық қарап-тексеру жүргізілуін жүзеге асыруға;

      30) Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен бөлімшелерін жайластыруды, әскери объектілерін салуды және реконструкциялауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін тұрғын алаңмен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша шаралар қолдануға;

      31) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

      2. Ұлттық ұланның өз құзыреті шегінде:

      1) азаматтардан және лауазымды адамдардан қоғамдық тәртіпті сақтауды, Ұлттық ұланның өкілеттіктерін жүзеге асыруға кедергі келтіретін құқық бұзушылықтарды және әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, ал бұл талаптар орындалмаған жағдайда, осы Заңда көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдануға;

      2) қылмыстық немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген кезде жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге;

      3) анықтау және алдын ала тергеу органдарының өкілдері келгенге дейін қылмыстық құқық бұзушылық іздерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қолдануға;

      4) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған немесе оларды жасауға оқталған адамдарды не олардың жеке басын анықтау мақсатында ұстап алуға және ішкі істер органдарына жеткізуге;

      5) сотталғандарды және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүру үшiн қабылдап алу кезінде және оларды iздестiру барысында ұстап алғаннан кейiн олардың жеке басына жете тексеру жүргiзуге;

      6) Ұлттық ұлан күзететін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға, оларда ұсталатын адамдардан өздеріне Қазақстан Республикасының заңнамасымен және соттың үкімімен жүктелген міндеттерді орындауын талап етуге;

      7) әкімшілік немесе қылмыстық заңнаманы қолдануға жататын іс-әрекеттер жасаған адамдарды қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін мекемесіне іргелес аумақта ұстап алуға және оларды ішкі істер органдарына жеткізуге, олардың жеке басын жете тексеруді жүзеге асыруға;

      8) қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін мекемесінің аумағында және оған іргелес, режимдік талаптар белгіленген аумақта жүрген адамдарға, олардың заттарына, көлік құралдарына жете тексеру жүргізуге, сондай-ақ мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген, тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға;

      9) ерекше жағдайлар режимін енгізу кезінде көлік құралдарының жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, қылмыстық-атқару жүйесінің Ұлттық ұлан күзететін мекемесінің аумағына және оған іргелес аумаққа азаматтарды кіргізбеуге немесе оларға сол жерде қалуды не сол жерден кетуді міндеттеуге;

      10) қоғамдық тәртiпті бұзған әскери қызметшiлердi ұстап алуға және оларды осы елді мекенде әскери полиция органдары болмаған жағдайларда әскери коменданттарға немесе әскери бөлiмдердің командирлерiне тапсыруға;

      11) көшпелі сот отырыстарына айдауылмен алып жүретін адамдарды және қашып кетіп ұстап алынған сотталғандарды немесе күзетпен ұсталатын адамдарды күзетпен ұстау орындарына және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне уақытша орналастыру үшін тапсыруға;

      12) күзет іс-шаралары, көпшілік іс-шаралар өткізілетін орындарға шығу (кіру) кезінде жеке тұлғаларға, олардың заттарына, көлік құралдарына және тасымалданатын жүктерге, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып, жете тексеру жүргізуге, іс-шаралар өткізілетін орындарға тыйым салынған нәрселері мен заттары бар адамдарды және көлік құралдарын жібермеуге;

      13) карантиндік, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысуға;

      14) терроризмге қарсы операцияға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысу кезінде "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануға;

      15) Ұлттық ұлан күзететін объектілерге және коммуникацияларға, арнайы жүктерге, қоймаларға, әскери базаларға, Ұлттық ұланның әскери басқару органдарына, Ұлттық ұланның құрамалары, әскери бөлімдері (бөлімшелері), жоғары әскери оқу орны, сондай-ақ олардың объектілері тұрақты немесе уақытша орналасқан аумақтарға, техникасы мен өзге де мүлкіне (бұдан әрі – Ұлттық ұлан күзететін объектілер) қол сұққан адамдарды үш сағатқа дейінгі мерзімге ұстап алуға және ішкі істер органдарына тапсырғанға дейін Ұлттық ұланның қызметтік үй-жайларында ұстауға, көрсетілген адамдардың жеке басына жете тексеру, олардың көлік құралдарына және заттарына жете тексеру жүргізуге, көрсетілген адамдардан сақтауға және пайдалануға тыйым салынған құжаттарды және нәрселерді алып қоюға;

      16) Ұлттық ұлан күзететін объектілерде белгіленген қағидаларды бұзған көлік құралдарына, жүзу құралдарына (кемелерге) жете тексеру жүргізуге;

      17) Ұлттық ұлан күзететін объектілердің қызметкерлерін және көрсетілген объектілерге келетін азаматтардың жеке басына жете тексеру, сондай-ақ олардың заттары мен көлік құралдарына, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып жете тексеру жүргізуге;

      18) жеке тұлғалардың қауiпсiздiгiне нақты қатер төнген кезде не ол жерде қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды немесе жасалуда, жазатайым оқиға болды деп пайымдауға жеткілікті деректер болған кезде, төтенше жағдайлар кезінде жеке тұлғалардың жеке қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрғын және өзге де үй-жайларға, аумақтарға және жер учаскелерiне (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық иммунитетi бар өкiлдiктерiнен басқа) кедергiсiз кiруге, оларды қарап тексеруге;

      19) егер жеке тұлғалардың тұрғынжайларда, жергілікті жердің белгілі бір учаскелерінде болуы адам өмірі мен денсаулығына, меншік объектілеріне қатер төндіретін болса, ұйымдардың жұмысын бұзатын болса, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүрісіне кедергі келтіретін болса, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын, тергеу әрекеттері мен көпшілік іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ету жағдайларында олардың сол жерлерге кіруін немесе сонда болуын шектеуге, оған уақытша тыйым салуға;

      20) қашып кетіп ұстап алынған сотталғандардың немесе күзетпен ұсталатын адамдардың, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген (айып тағылған) адамдардың ізіне түсу үшін, егер қалыптасқан жағдай адамдардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төндіретін болса, меншік иелеріне материалдық залалды өтей отырып, ұйымдарға тиесілі байланыс құралдарын, көлік құралдарын (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық иммунитетi бар өкiлдiктерiнің байланыс құралдарынан, көлік құралдарынан басқа) немесе азаматтардың көлік құралдарын олардың келісуімен кедергісіз пайдалануға;

      20-1) Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау мақсатында пилотсыз әуе кемелерін пайдалануға;

      21) күзетілетін аумаққа құқыққа қарсы тәсілмен кірген немесе ол жерден кетіп қалған адамдардың ізіне түсу, күзетпен ұсталатын адамдарды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген (айып тағылған) адамдарды іздестіру, жаппай тәртіпсіздіктердің және қоғамдық тәртіпті топтасып бұзудың және өзге де қоғамға қарсы әрекеттердің жолын кесу кезінде, сондай-ақ әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жергілікті жердің аудандарын, жекелеген құрылыстарды және объектілерді қоршауды (бөгет қоюды), қажет болған кезде жеке тұлғаларға, олардың заттарына, көлік құралдарына және тасымалданатын жүктерге, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып, жете тексеруді жүзеге асыруға;

      22) төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау мақсатында көшелерде және жолдарда көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүрісіне уақытша тыйым салуға немесе оны шектеуге, оларды жете тексеруді жүзеге асыруға;

      23) қаруды, оқ-дәрілерді, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ өзге де тыйым салынған нәрселер мен заттарды алып қоюға;

      24) заңда тиісті ақпаратты алудың өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардан және меншiк нысанына қарамастан ұйымдардан Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің пайдалануы үшін қажетті ақпаратты және материалдарды өтеусіз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып алуға;

      25) коменданттық сағат аяқталғанға дейін оның режимін бұзған азаматтарды, ал өзімен бірге өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды олардың жеке басын анықтағанға дейін, бірақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімнен аспайтын мерзімге ұстап алуға;

      26) алып тасталды – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      27) шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға;

      28) Ұлттық ұлан қызметінің мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды белгіленген тәртіппен енгізуге;

      29) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшiлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерiн бұзған жағдайда, Ұлттық ұлан бұл құқықтарды қалпына келтiруге, келтірілген залалды өтеуге, кінәлілердің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2022 № 174-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2023 № 212-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

6-бап. Ұлттық ұланның құрамы

      1. Ұлттық ұлан:

      1) Ұлттық ұланның әскери басқару органдарынан;

      2) жедел мақсаттағы құрамалар мен әскери бөлімдерден;

      3) маңызды мемлекеттік объектілерді және арнайы жүктерді күзету жөніндегі арнайы әскери бөлімдерден;

      4) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету және айдауылмен алып жүру жөніндегі құрамалар мен әскери бөлімдерден;

      5) арнайы моторландырылған құрамалар мен әскери бөлімдерден;

      6) алып тасталды – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      7) Ұлттық ұланның әскери полиция органдарынан;

      8) Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнынан;

      9) Ұлттық ұланның қызметін қамтамасыз ететін әскери бөлімдерден (оқу-жаттығу, байланыс, тылдық, медициналық, техникалық қамтамасыз ету және басқалар);

      10) авиациялық бөлімдерден;

      11) арнайы мақсаттағы әскери бөлімдерден (бөлімшелерден) тұрады.

      2. Ұлттық ұланның Комитет құқығындағы Бас қолбасшылығы Ұлттық ұланды әскери басқарудың жедел-стратегиялық органы болып табылады және оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы басқарады.

      3. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілі бір аумақта өз қызметін жүзеге асыратын әскери басқарудың жедел-аумақтық органы болып табылады.

      4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына тікелей бағынатын құрамалар мен әскери бөлімдерді қоспағанда, құрамалар мен әскери бөлімдер Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының құрамына кіреді.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.03.2023 № 206-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы

      Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы:

      1) жедел-стратегиялық жоспарлауды, Ұлттық ұланның қолданылуын және қызметтік-жауынгерлік және күнделікті іс-қимылын басқаруды жүзеге асырады;

      2) Ұлттық ұланның жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгін сақтау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;

      3) қоғамдық тәртіпті қорғауды, маңызды мемлекеттік объектілерді, арнайы жүктерді, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзетуді және оларда қадағалауды жүзеге асыруды, күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүруді ұйымдастырады;

      4) Ұлттық ұланның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен, басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      5) Ұлттық ұланның құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану жоспарын, қорғаныс мақсатында Қазақстан Республикасының аумағын жедел жабдықтау жоспарын, Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қаруландырудың, дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге, аумақтық қорғаныс міндеттерін жоспарлауға және орындауға қатысады;

      6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуде жәрдем көрсету жөніндегі шараларды әзірлейді;

      7) қарулы жанжалдар, төтенше жағдайлар ахуалында қызметтік-жауынгерлік міндеттерді, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы күреске қатысуға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді орындайтын Ұлттық ұланды басқаруды қамтамасыз етеді;

      8) Ұлттық ұланның әскерлерін инспекциялауды жүзеге асырады;

      9) Ұлттық ұланның құзыреті шегінде мемлекеттік нысаналы бағдарламаларды әзірлеуге және орындауға қатысады;

      10) өз құзыреті шегінде Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылы мәселелері бойынша ведомстволық құқықтық актілер шығарады және олардың орындалуын бақылайды;

      11) Ұлттық ұланның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға қатысады;

      12) Ұлттық ұланда заңдылық пен құқық тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен азаматтық персоналдың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етеді;

      13) Ұлттық ұланды мерзімді қызметтегі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастырады және жүргізеді;

      14) Ұлттық ұлан үшін, оның ішінде шетелде халықаралық шарттар негізінде кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды, әскери атақтар беруді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің қарауына номенклатураға сәйкес лауазымға тағайындау және әскери атақтар беру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      15) Ұлттық ұланды қару-жарақтың, әскери техниканың қажетті түрлерімен, оқ-дәрілермен және басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз етуді ағымдағы және перспективалық жоспарлауды, оларды пайдалануды, олардың сақталуын, есепке алынуын, есептен шығарылуын және кәдеге жаратылуын ұйымдастырады, сондай-ақ бейбіт уақытта Ұлттық ұланды жұмылдыра өрістету үшін осы құралдар запасының жинақталуы мен орналастырылуын жоспарлайды;

      16) әскери қызметшілер мен жеке құрамның моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын моральдық-психологиялық қамтамасыз ету және әскери қызмет қауіпсіздігінің қажетті жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тәрбие жұмысы мен әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырады;

      17) Ұлттық ұланның құрылысы және оны дамыту, оның ұйымдық-штаттық құрылымын жетiлдiру жоспарларын әзiрлейді және iске асырады;

      18) Ұлттық ұланды құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, Ұлттық ұланның мүдделерін сотта, өзге де мемлекеттік органдарда қорғауды үйлестіреді және қамтамасыз етеді;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің, әскери қызметтен босатылған азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған профилактикалық, емдеу, сауықтыру және оңалту іс-шаралары кешенін жүзеге асырады;

      20) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Ұлттық ұланға қатысты бөлігінде іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады;

      21) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұлттық ұлан бөлімдерінің күзетуіне жататын маңызды мемлекеттік объектілер мен коммуникациялардың, арнайы жүктердiң тізбесін айқындау жөнінде ұсыныстар дайындайды;

      22) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін жайластыруды, Ұлттық ұлан объектілерінің күрделі құрылысын ұйымдастырады;

      23) мыналарды:

      Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы туралы ережені;

      Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, жоғары әскери оқу орнының штатын, әскери қызметшілер жүктемесінің нормативтерін, штаттық нормативтерді, Ұлттық ұландағы лауазымдар номенклатурасын;

      Ұлттық ұланның міндеттерін орындау жөніндегі нұсқаулығын;

      Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясы туралы ережені;

      Ұлттық ұланның кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары әскери оқу орнына қабылдау қағидаларын;

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын;

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, растау, төмендету және сақтау тәртібін;

      Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеру нұсқаулығын;

      Ұлттық ұланда әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлейді.

8-бап. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы

      Ескерту. 8-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Ұлттық ұланды Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы басқарады.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары –Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы:

      1) Ұлттық ұланның ұдайы жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтап отырады;

      2) әскерлердің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылына, жедел және жауынгерлік даярлығына, озық тәжірибені енгізуге, материалдық базаны дамытуға және жеке құрам үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға басшылық жасайды;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскерлерді мерзімді қызметтегі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтау, олардың запасқа шығарылуын ұйымдастыру жоспарларын бекітеді;

      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар, директивалар және өзге де құқықтық актілер шығарады;

      5) Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      6) белгіленген адам саны шегінде Ұлттық ұланның әскери басқару органдарының, құрамаларының, әскери бөлімдері мен жоғары әскери оқу орнының құрылымдары мен штаттарын бекітеді;

      7) қарулы жанжалдар, төтенше жағдайлар ахуалында күштер мен құралдардың құрамын, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы күреске қатысуға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді айқындайды;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне және азаматтық персоналына тәртіптік жазалар қолданады;

      9) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және азаматтық персоналын көтермелейді, оның ішінде ведомстволық наградалармен наградтайды;

      10) Ұлттық ұланды қаруландыруға әскери және өзге де техника мен басқа да мүлікті қабылдап алуды қамтамасыз етеді, жарамсыз күйге жеткен немесе жоғалған материалдық құндылықтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен есептен шығарады;

      11) өз орынбасарларына, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қолбасшыларына, құрамаларының және әскери бөлімдерінің командирлеріне, жоғары әскери оқу орнының бастығына өкілеттік береді;

      12) Ұлттық ұланда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      13) Ішкі істер министріне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарларын, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қолбасшылары мен олардың орынбасарларын, Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнының бастығын, Ұлттық ұлан құрамаларының командирлерін лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсыныстар енгізеді;

      14) мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда Ұлттық ұланның атынан өкілдік етеді;

      15) полковник әскери атағын беру үшін офицерлерді Ішкі істер министріне ұсынады;

      16) әскери қызметшілерге жоғары әскери атақтар беру туралы Ішкі істер министріне қолдаухат береді;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеру, әскери қызметшілерді ротациялау мәселелерін шешеді, лауазымдарға тағайындайды, лауазымдардан босатады, подполковникті қоса алғанға дейінгі және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір саты жоғары кезекті әскери атақтарды, оның ішінде мерзімінен бұрын береді, Ішкі істер министріне офицерлік құрамның әскери атақтарын төмендету жөнінде ұсынулар енгізеді, подполковникті қоса алғанға дейінгілерді запасқа немесе отставкаға шығарады;

      18) Ішкі істер министріне Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің және азаматтық персонал адамдарының кандидатураларын Қазақстан Републикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынады;

      19) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы

      Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы:

      1) өңірлік қолбасшылықтың әскерлеріне оларға жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау бойынша, сондай-ақ оның құрамына кірмейтін, белгіленген тәртіппен жедел бағынысына, оның ішінде даярлау және міндеттерді орындау кезеңіне уақытша берілген құрамаларға, әскери бөлімдер мен бөлімшелерге басшылық жасауды жүзеге асырады;

      2) әскерлердің жедел және жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік, тылдық және техникалық жағынан қамтамасыз етудің барлық түрлеріне, озық тәжірибені енгізуге, материалдық базаны дамытуға және жеке құрам үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға басшылық жасайды;

      3) жауапкершілік аймағында төтенше жағдай енгізілген және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, өз өкілеттіктері шегінде өзіне бағынысты құрамалар мен әскери бөлімдердің күштері мен құралдарын тартуға шешімдер қабылдайды;

      4) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы құрамына кіретін құрамалар мен әскери бөлімдердің әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеру және азаматтық персоналды қабылдау мәселелерін шешеді;

      6) жоғары сержанттық құрамды қоспағанда, капитанды қоса алғанға дейін келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады, кезекті әскери атақтар береді, запасқа немесе отставкаға шығарады.

10-бап. Ұлттық ұланды тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде міндеттерді орындауға тарту

      1. Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлiмдерiн тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде қоғамдық тәртiптi қорғау жөніндегі мiндеттердi орындауға немесе iшкi iстер органдарына төтенше жағдайдың құқықтық режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуде жәрдем көрсету, терроризмге қарсы операцияға және төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысу үшін, сондай-ақ заңсыз қаруланған құралымдарға қарсы күресу, жанжал ауданын оқшаулау және онда бөгеттер қою, аса қауiптi құқық бұзушылықтардың, диверсиялардың, терроризм актілерінің, қарулы қақтығыстардың жолын кесу және тайталасушы тараптарды ажырату, заңсыз қаруланған құралымдарды қарусыздандыру және жою, жанжал ауданындағы халықтан қаруды алып қою, жанжал ауданына iргелес аудандарда қоғамдық тәртiптiң қорғалуы мен қауiпсiздiктi күшейту жөніндегі iс-шараларды жүргiзу үшiн тарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

      2. Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң жеке құрамын тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде осы бапта көрсетiлген, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға тартудың ұзақтығы үш айдан аспауға тиiс.

      3. Алып тасталды – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

11-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Ұлттық ұланның штат саны лимитін бекітеді;

      2) Ұлттық ұланды материалдық-техникалық ресурстармен, азық-түлiкпен, заттай мүлiкпен, қару-жарақпен, оқ-дәрiлермен, әскери және арнайы техникамен, байланыс құралдарымен және басқа да арнайы техникалық құралдармен жарақтандыруды қамтамасыз етеді;

      3) Ұлттық ұланның бөлiмдерi күзетуге тиіс маңызды мемлекеттік объектiлер мен коммуникациялардың, арнайы жүктердiң тiзбесiн айқындайды;

      4) жұмылдыруды жариялауға, төтенше және соғыс жағдайы режимдерінің енгізілуіне байланысты мемлекеттік органдарға, мекемелерге және ұйымдарға көлік құралдарын, байланыс құралдарын және өзге де материалдық-техникалық құралдарды дайындау және оларды Ұлттық ұланға беру жөніндегі тапсырмаларды белгілейді, сондай-ақ басқа да жұмылдыру тапсырмаларын белгілейді;

      5) Ұлттық ұланның әскери бөлімдерін, оқу орталықтары мен басқа да объектілерін орналастыру және олардың тұрақты қызметі үшін жер учаскелерін береді;

      6) Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiн, запастағы (отставкадағы) адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау, материалдық және тұрмыстық қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады;

      7) Ұлттық ұланның қызметiн қамтамасыз етудiң басқа да мәселелерiн шешедi;

      8) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

12-бап. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі:

      1) Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылына жедел басшылықты жүзеге асырады;

      2) Ұлттық ұлан қызметінің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады;

      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде Ұлттық ұланның құрылымын және орналасуын белгілейді;

      4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Ұлттық ұланның жалпы санын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;

      5) Ұлттық ұланның ұдайы жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтау бойынша шаралар қабылдайды, оларды қызметтік-жауынгерлік қолдану жөніндегі құжаттарды бекітеді;

      6) Ұлттық ұлан қатарына мерзімді әскери қызметшілер шақыруды және одан шығаруды ұйымдастыруға Ұлттық ұланның қатысуын қамтамасыз етеді;

      7) Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымына тағайындауға, лауазымынан босатуға және Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне жоғары әскери атақтар беруге ұсыну енгізеді;

      8) Қазақстан Республикасының Президентіне Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiн және азаматтық персоналын мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсыну енгізеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына тәртіптік жазалар қолданады;

      10) Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарларын, Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қолбасшылары мен олардың орынбасарларын, Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнының бастығын, Ұлттық ұлан құрамаларының командирлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, Ұлттық ұланның офицерлерін қызметтен шығарады, офицерлік құрамның алғашқы әскери атағын және полковник әскери атағын береді;

      11) мыналарды:

      Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы туралы ережені;

      Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының штатын, әскери қызметшілер жүктемесінің нормативтерiн, штаттық нормативтерді, Ұлттық ұландағы лауазымдар номенклатурасын;

      Ұлттық ұланның кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары әскери оқу орнына қабылдау қағидаларын;

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын;

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, растау, төмендету және сақтау тәртібін;

      Ұлттық ұланның міндеттерін орындау жөніндегі нұсқаулығын;

      Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясы туралы ережені;

      Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеру нұсқаулығын;

      Ұлттық ұланда әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу жөніндегі қағидаларды бекітеді;

      12) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:

      1) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін ведомстволық әскери оқу орындарында даярлауға жәрдемдеседі;

      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14-бап. Жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдар және ұйымдар

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақта Ұлттық ұланның әскери басқару органдарын, құрамаларын, әскери бөлiмдерi мен бөлiмшелерін құру және орналастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрінің ұсыныстарын қарауға өз құзыреті шегінде қатысады;

      2) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақта Ұлттық ұланның бөлімшелері төтенше жағдайларды жою жөніндегі міндеттерді орындаған кезде жеке құрамды орналастыру үшін өтеусіз түрде орындармен қамтамасыз етеді, азық-түлікпен, көліктік, медициналық, коммуналдық және өзге де қажетті көрсетілетін қызметтермен іркіліссіз қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұлан үшiн тиiстi тыныс-тiршiлiк жағдайларын жасайды, Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерi мен қызметшілерінің және олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз етедi, офицерлерге және әскери қызметтi келісімшарт бойынша өткеріп жатқан әскери қызметшiлерге тұрғын үй бөледi;

      4) Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының, құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң қолбасшылығына Ұлттық ұланға әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруда жәрдем көрсетедi;

      5) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрімен келісу бойынша Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарын олардың тұрақты орналасқан жері бойынша табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою үшін тартады;

      6) жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.

      2. Өзге де мемлекеттік органдар, меншік нысанына қарамастан ұйымдар және олардың лауазымды адамдары өз өкілеттіктері шегінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне олардың қызметтік міндеттерін орындауына жәрдем көрсетеді, сондай-ақ төтенше жағдай, төтенше жағдайды енгізу ахуалында:

      1) әуежайларда, әуеайлақтарда, қону алаңдарында Ұлттық ұланның әуе кемелеріне бірінші кезекте әуе кеңістігін пайдалану, қону, аялдау, ұшып шығу, навигациялық, метеорологиялық және ұшуларды қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ақпаратты алу құқығын өтеусіз береді;

      2) Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен бөлімшелеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде оларды басқару үшін байланыс желілері мен арналарын өтеусіз береді;

      3) Ұлттық ұланның әскери эшелондарын (көлігін) уақтылы жөнелту және өзі дербес жүретін әскери қызметшілерін уақтылы тасымалдау мақсатында Ұлттық ұланның арнайы тасымалдар органының өтінімдері бойынша бірінші кезектегі тәртіппен қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша және қосымша төлемдер алмай, жылжымалы құрам, тасымалдау құралдары бірлігінің, жолаушылар поездарындағы орындардың (оның ішінде жоспардан тыс тасымалдауларды жүзеге асыру үшін) қажетті санын бөледі;

      4) Ұлттық ұланның арнайы тасымалдар органдарына "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери эшелондардың (көліктің) және командалардың жөнелтілгені және қозғалысы туралы қажетті ақпарат береді.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2021 № 58-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер департаменттерінің бастықтары

      Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер департаменттерінің бастықтары:

      1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысымен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлімдерінің, арнайы моторландырылған әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарын көрсетілген құрамалар мен әскери бөлімдердің қызметтік мақсатын және жеке құрамның оқуына және демалуына жағдай жасауды ескере отырып, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің шекаралары шегінде қоғамдық тәртіпті сақтауға ішкі істер органдарымен бірлесіп қатысу үшін тартады;

      2) құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлерiмен бiрлесiп Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлiмдерi және арнайы моторландырылған бөлiмдерi үшiн олардың санына қарай қызметтiк мiндеттердiң көлемiн айқындайды;

      3) Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлімдері және арнайы моторландырылған бөлiмдерi командирлерiнiң қызметтiк-жауынгерлік іс-қимыл нәтижелерi туралы ақпаратын тыңдайды;

      4) Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің командирлеріне Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің (бөлімшелерінің), оның ішінде Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының басқа да өңірлерінен келетіндердің қызмет етуі үшін тиісті жағдайлар жасауда, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін құқықтық қорғау кепілдіктерін сақтауда жәрдем көрсетеді.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАНДА ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ

16-бап. Ұлттық ұланның кадрлары

      1. Ұлттық ұланның кадрлары әскери қызметшілерден және азаматтық персонал адамдарынан тұрады.

      2. Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшiлердiң әскери атақтары, айырым белгiлері және олар үшiн белгiленген киім нысаны болады. Оларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнде қызмет өткеру жағдайларын регламенттейтін нормативтiк-құқықтық актiлердің күші және осы Заңда көзделген ерекшеліктер мен толықтырулар ескерiлген, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларының талаптары қолданылады.

      3. Ұлттық ұланның азаматтық персоналының еңбек қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.

17-бап. Ұлттық ұландағы әскери қызмет

      1. Ұлттық ұлан "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сондай-ақ аумақтан тыс қағидат бойынша әскери қызметке шақыру арқылы жеке құраммен жасақталады.

      2. Ұлттық ұланға әскери қызметке тұрған азаматтар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларында айқындалған тәртіппен әскери ант қабылдайды.

18-бап. Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiнiң құқықтық жағдайы

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерi осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да құқықтық актілерінде айқындалған, өздеріне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде мемлекет қорғауында бола отырып билік өкiлi болып табылады, заң бойынша өздерінің құзыретіне жататын шешімдерді дербес қабылдайды және оларды орындауды жүзеге асырады.

      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптары азаматтар мен лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті.

      3. Осы Заңның талаптарын орындамау, Ұлттық ұланның өздеріне жүктелген міндеттерін орындауына кедергі келтіру, әскери қызметшілердің абыройы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу, әскери рәміздерді қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      4. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде тікелей бастықтарына ғана бағынады.

19-бап. Ұлттық ұланның кадрларын даярлау және олардың кәсіби деңгейін арттыру

      1. Ұлттық ұланға офицерлер даярлауды Қазақстан Республикасының жоғары оқу және әскери оқу орындары, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және келісімшарттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелде оқыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес шет мемлекеттердің жоғары оқу және әскери оқу орындары жүзеге асырады.

      2. Сарбаздар мен сержанттарды даярлау және қайта даярлау Ұлттық ұланның және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының оқу әскери бөлімдерінде (орталықтарында), сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және келісімшарттарға сәйкес шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында жүзеге асырылады.

      3. Ұлттық ұланның офицерлік құрамының және сарбаздар мен сержанттар құрамдарының лауазымдарында келісімшарт бойынша қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерінің кәсіби деңгейін арттыру Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдеріне және келісімшарттарға сәйкес шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында, оның ішінде әскери оқу орындарында жүзеге асырылады.

20-бап. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің әскери қызмет міндеттерін орындауы

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің лауазымдық және арнайы міндеттері және оларды орындау тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде, жалпы әскери жарғыларда және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.

      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің қарауыл, гарнизон, шекара бөлімшесі, әскери наряд құрамында, сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін тартылатын әскери бөлімдер (бөлімшелер) құрамында әскери қызмет міндеттерін орындауы жауынгерлік кезекшілікті атқару болып табылады.

      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің жауынгерлік кезекшілікті атқару тәртібі және шарттары, сондай-ақ олардың жауынгерлік кезекшілікті атқарғаны үшін төленетін үстемеақылардың (қосымша ақшалай төлемдердің) мөлшерлері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      4. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің жауынгерлік кезекшілікті атқару ұзақтығы әскери қызметшінің қарауыл, гарнизон, шекара бөлімшесі, әскери наряд құрамында, сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін тартылатын әскери бөлімдер (бөлімшелер) құрамында нақты болған уақытымен айқындалады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.11.2020 № 375-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУЫ

21-бап. Дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану шарттары мен шектері

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде қаруды, арнайы құралдарды алып жүруге, сақтауға, әскери және арнайы техниканы сақтауға, егер өздеріне жүктелген міндеттерді басқа тәсілдермен орындау мүмкін болмаса, оларды, сондай-ақ дене күшін қолдануға құқығы бар.

      2. Дене күші, арнайы құралдар, қару, әскери және арнайы техника осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, қалыптасқан жағдай негізге алына отырып қолданылады.

      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдануға байланысты әрекеттерге жарамдылығына және зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі көмек көрсете білуге арнайы даярлықтан, сондай-ақ кезең-кезеңмен тексеруден өтуге міндетті.

      4. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану кезінде:

      1) дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдануды кешіктіру азаматтардың, әскери қызметшілердің немесе ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, өзге де ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болатын немесе қалыптасқан жағдайда мұндай ескерту орынсыз немесе мүмкін емес болып табылған жағдайларды қоспағанда, дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолдану ниеті туралы ескертуге, бұл ретте оларды қолдану көзделіп отырған адамдарға өзінің талаптарын орындау үшін жеткілікті уақыт беруге;

      2) дене жарақатын алған адамдарға дәрігерге дейінгі көмек көрсетілуін қамтамасыз етуге;

      3) дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды, әскери және арнайы техниканы қолданудың салдарларынан жарақат алудың немесе қайтыс болудың барлық жағдайлары туралы кейіннен прокурорды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабардар ету үшін өзінің тікелей командиріне (бастығына) дереу баяндауға міндетті.

22-бап. Дене күшін қолдану

      Егер қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесудің өзге де тәсілдері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өз қызметтік міндеттерін орындауын қамтамасыз етпейтін болса, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өзін-өзі қорғау, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды жасаған адамдарды ұстап алу, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарсылықты еңсеру үшін дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға құқығы бар.

      Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің осы Заңда арнаулы құралдарды, қызметтік иттерді, қаруды, әскери және арнаулы техниканы қолдану рұқсат етілген барлық жағдайда дене күшін қолдануға құқығы бар.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Арнайы құралдарды қолдану

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің:

      1) жеке тұлғаларға жасалған шабуылды тойтару;

      2) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі қызметтік міндеттерін немесе азаматтық борышын атқарып жүрген өзге де адамдардың заңды талаптарына бағынбаушылықтың немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу;

      3) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау кезінде қолға түскен, жасырынуға немесе қарсылық көрсетуге әрекет жасаған адамдарды ұстап алу;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстап алу;

      5) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген (айып тағылған) адамдарды, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың, олардың аумағындағы азаматтардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап алу және аумақтық ішкі істер органдарына жеткізу, сондай-ақ бағынбаған немесе қарсылық көрсеткен, сондай-ақ қашып кетуі, айналасындағыларға және өзіне зиян келтіру мүмкін немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшісіне қарсылық көрсетеді деп пайымдауға негіз болса, сотталғандарды, күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүру және күзету;

      6) әскери қалашықтарға, уақытша орналасу пункттеріне, әскери эшелондарға (көлікке) және көлік колонналарына, Ұлттық ұлан күзететін объектілерге жасалған шабуылдарды тойтару;

      7) кепілге алынған адамдарды, басып алынған ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, көлік құралдарын және жергілікті жердің учаскелерін босату;

      8) меншік нысанына қарамастан көлік құралдарының, байланыс құралдарының, ұйымдардың жұмысын бұзатын, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жұмысына іріткі салатын жаппай тәртiпсiздiктер мен әрекеттердің жолын кесу;

      9) жүргізушілері полиция қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің тоқтау туралы заңды талаптарын орындамаған көлік құралдарын тоқтату;

      10) Ұлттық ұлан әскерлері күзететін объектілерді, құрылысжайларды қорғау, құқыққа қарсы әрекеттер жасайтын топтардың қозғалысын бұғаттау;

      11) әскери бөлімдер, мемлекеттік күзетуге жататын объектілер аумағының үстінен, сондай-ақ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің міндеттерді орындау аудандарында пилотсыз әуе кемелерінің әуе кеңістігін бұзуының жолын кесу үшін арнаулы құралдарды қолдануға құқығы бар.

      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қолданатын арнаулы құралдар ретінде:

      1) осы баптың 1-тармағының 1) – 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – арнаулы таяқтар;

      2) осы баптың 1-тармағының 1) – 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – көзден жас ағызатын (тітіркендіретін) әсері бар құралдар;

      3) осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) 5) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда – қол кісендері қолданылуы мүмкін. Қол кісендері болмаған кезде әскери қызметшілер байлау үшін қолда бар құралдарды пайдалануға құқылы;

      4) осы баптың 1-тармағының 1), 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда – назар аударту әсері бар жарық-дыбыс құралдары;

      5) осы баптың 1-тармағының 4), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда – тосқауылдарды бұзу құралдары;

      6) осы баптың 1-тармағының 6), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – көлікті мәжбүрлеп тоқтату құралдары;

      7) осы баптың 1-тармағының 6), 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күзететін объектілерді (аумақтарды) қорғау, құқыққа қарсы әрекеттер жасайтын топтардың қозғалысын бұғаттау құралдары;

      8) осы баптың 1-тармағының 6), 7), 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – жарық және акустикалық арнаулы құралдар;

      9) осы баптың 1-тармағының 6), 8) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда – пилотсыз әуе кемелеріне қарсы іс-қимылдың арнаулы техникалық құралдары қолданылуы мүмкін.

      2-1. Қызметтік иттер осы баптың 1-тармағының 1) – 10) тармақшаларында көзделген жағдайда қолданылады.

      3. Арнаулы құралдардың барлық түрі және қызметтік иттер осы Заңның 24-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда да қолданылуы мүмкін.

      4. Арнайы құралдың түрі, оны қолдануды бастау уақыты және қарқыны қалыптасқан жағдайды, құқық бұзушылықтың сипатын және құқық бұзушының жеке басын ескере отырып айқындалады.

      5. Жүктілік белгілері көрініп тұрған әйелдер, анық мүгедектiк белгiлері бар адамдар және жас балалар топтасқан немесе өзге де шабуыл жасаған, қарсылық көрсеткен, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты арнайы құралдарды және қызметтік иттерді қолдануға тыйым салынады.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2022 № 174-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Қару қолдану

      1. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің:

      1) жеке тұлғаларды олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан қорғау;

      2) судьяларға, әскери қызметшілерге, ішкі істер, сот және прокуратура органдарының қызметкерлеріне жасалған, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылды тойтару, сондай-ақ олардың қаруын және әскери техниканы иелену әрекетінің жолын кесу;

      3) әлеуметтік сипаттағы, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі, тергеу изоляторларындағы, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету кезіндегі төтенше жағдайды тоқтату үшін;

      4) кепілге алынған адамдарды, басып алынған күзетілетін объектілер мен коммуникацияларды, арнайы жүктерді, әскери техниканы босату;

      5) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына не меншікке қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасау кезінде қолға түскен, жасырынуға әрекет жасаған, сондай-ақ қарулы қарсылық көрсеткен адамдарды ұстап алу;

      6) өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған адамдардың; бас бостандығынан айыруға сотталғандардың күзетпен ұстаудан қашуының жолын кесу, сондай-ақ оларды күшпен босату әрекеттерiнің жолын кесу;

      7) егер жүргізушісі өз әрекеттерімен жеке тұлғалардың немесе Ұлттық ұланның жеке құрамының өміріне немесе денсаулығына қатер төндірсе не ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарамастан, тоқтаудан бас тартса, сондай-ақ егер сотталған адам көлік құралын қашу үшін пайдаланса, көлік құралын зақымдау арқылы тоқтату;

      8) жеке тұлғаларға немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне қарсы қару пайдаланған немесе қолданған жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды бейтараптандыру;

      9) әскери қалашықтарға, уақытша орналасу пункттеріне, әскери эшелондарға (көлікке), көлік колонналарына, күзетілетін объектілерге және коммуникацияларға, арнайы жүктерге, күзетшілерге, қарауылдың (әскери нарядтың) басқа да адамдарына немесе қарауылдың үй-жайына, жеке тұлғалардың тұрғынжайларына, мемлекеттік билік органдары, меншік нысанына қарамастан ұйымдар орналасқан үй-жайларға топтасқан немесе қарулы (оның ішінде көлік құралдары пайдаланылатын) шабуылды тойтару;

      10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қарулы жанжалдарды және басқа да арандатушылықтарды тоқтату;

      11) Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату және осы адамдардың қолындағы қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, жарылатын құрылғыларды немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы жасалған техникалық құралдарды, оңай тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, арнайы құралдарды және әскери техниканы немесе қолданылуы жеке тұлғалардың немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіруі мүмкін, дене жарақатын салу үшін арнайы бейімделген басқа да нәрселерді тапсыру туралы заңды талаптарын орындаудан бас тартқан қарулы адамдардың қарсылығын басу;

      12) жеке тұлғаларды қару қолдану ниеті туралы ескерту, дабыл сигналын беру және көмекке шақыру;

      13) жеке тұлғалардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қатер төндіретін жануарды залалсыздандыру;

      14) адамдардың күзетілетін объектілердің, бекеттердің және басқа да жауынгерлік қызмет атқару орындарының аумақтарына құқыққа қарсы тәсілмен кіру немесе олардан шығып кету әрекеттерінің жолын өзге тәсілдермен кесу мүмкін болмаса, бұл әрекеттердің жолын кесу;

      15) әскери бөлімдер, мемлекеттік күзетуге жататын объектілер аумағының үстінен, сондай-ақ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің міндеттерді орындау аудандарында, егер олардың әуе кеңістігінде болуын өзге құралдармен тоқтату мүмкін болмаса, пилотсыз әуе кемелерінің әуе кеңістігін бұзуының жолын кесу үшін қару қолдануға құқығы бар.

      2. Қаруды, жарылғыш заттарды, жарылатын құрылғыларды немесе оларды имитациялайтын құрылғыларды, арнайы жасалған техникалық құралдарды, оңай тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды, улы және радиоактивті заттарды, әскери және арнайы техниканы, көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, теңіз немесе өзен кемелерін пайдалана отырып жасалған шабуылды тойтару кезінде, күзетпен ұстаудан қарумен не көлік құралдарымен, ұшу аппараттарымен, теңіз немесе өзен кемелерімен қашқан кезде, сотталған адам (күзетпен қамауға алынған адамдар) түнгі мезгілде немесе көрінуі шектеулі болған жағдайда күзетпен ұстаудан қашқан, жүріп келе жатқан көлік құралдарынан, теңіз немесе өзен кемелерінен қашқан кезде, топтасқан немесе өзге де қарулы шабуыл жасалған, қарулы қарсылық көрсетілген кезде, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде қару ескертусіз қолданылады.

      3. Әйелдер, анық мүгедектiк белгiлері бар адамдар және жас балалар топтасып немесе өзге де қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2022 № 174-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

25-бап. Әскери және арнайы техниканы қолдану

      1. Ұлттық ұлан қаруланған әскери және арнайы техника:

      1) кепілге алынған адамдарды, басып алынған күзетілетін объектілер мен коммуникацияларды, арнайы жүктерді және әскери мүлікті босату;

      2) өзге тәсілмен жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдың жолын кесу мүмкін болмаған жағдайда, бұл әрекеттен оларды қорғау;

      3) Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау кезінде, егер жүргізуші ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің заңды талаптарына қарамастан тоқтаудан бас тартса, көлік құралын тоқтату;

      4) әскери қалашықтарға, уақытша орналасу пункттеріне, әскери эшелондарға (көлікке), көлік колонналарына, күзетілетін объектілер мен коммуникацияларға, арнайы жүктерге, жеке тұлғалардың тұрғынжайларына, мемлекеттік билік органдары, меншік нысанына қарамастан ұйымдар орналасқан үй-жайларға топтасқан немесе қарулы (оның ішінде көлік құралдары пайдаланылатын) шабуылдарды тойтару;

      5) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату және осы адамдардың қолындағы қаруды және әскери техниканы тапсыру туралы заңды талаптарын орындаудан бас тартқан қарулы адамдардың қарсылығын басу;

      6) әскери бөлімдер, мемлекеттік күзетуге жататын объектілер аумағының үстінен, сондай-ақ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің міндеттерді орындау аудандарында, егер олардың әуе кеңістігінде болуын өзге құралдармен тоқтату мүмкін болмаса, пилотсыз әуе кемелерінің әуе кеңістігін бұзуының жолын кесу үшін қолданылады.

      2. Осы Заңның 23-бабы 1-тармағының 4), 5) 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда, әскери бөлім (бөлімше) командирінің немесе оның орынбасарының нұсқауы бойынша әскери және арнаулы техника қолданылуы мүмкін.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2022 № 174-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

26-бап. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігінің кепілдіктері

      1. Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің осы Заңның 24-бабында көзделген жағдайларда ғана қаруын шығаруға және оны әзірлікке келтіруге құқығы бар.

      2. Адамның қарумен не дене жарақатын салуға болатын нәрселермен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі көрсеткен қашықтықтан жақындауға, сондай-ақ әскери қызметшінің қаруын иеленуге ұмтылудан көрінетін әрекеттер жасауы әскери қызметшіге осы Заңның 24-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қару қолдану құқығын береді.

      3. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің негізделген кәсіби тәуекелге құқығы бар. Негізделген кәсіби тәуекел кезінде олардың зиян келтіруі құқық бұзушылық болып табылмайды.

      Егер әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және (немесе) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жасаған іс-әрекет қалыптасқан жағдайдан объективті түрде туындаса және қойылған мақсатқа тәуекелмен байланысты емес әрекеттер арқылы қол жеткізу мүмкін болмаса, бұл ретте төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшісі зиян келтіруді болдырмау үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолданса, кәсіби тәуекел негізді болып танылады.

      4. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз ету үшін тартылатын Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, егер:

      1) олар қажетті қорғаныс шегінен немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алу үшін қажетті шаралар шегінен аспаса;

      2) олардың көрiнеу заңсыз бұйрықтарды немесе өкiмдердi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауын қоспағанда, олар белгіленген тәртіппен берілген, өздері үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау үшін әрекет етсе;

      3) олар негізделген кәсіби тәуекел немесе аса қажеттілік жағдайында әрекет етсе, осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдарды, әскери және арнайы техниканы қолдануға, қаруды қолдануға (пайдалануға) байланысты келтірілген зиян үшін жауаптылықта болмайды.

      5. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің жеке қауіпсіздігі мүддесінде көпшілік алдында сөз сөйлеуде, бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің орналасқан жері немесе көшірілген жері туралы мәліметтерді таратуға жол берілмейді, сондай-ақ қарулы қылмыскерлер, заңсыз қаруланған құралымдар және өзге де ұйымдасқан қылмыстық топтар (қоғамдастықтар) әрекетінің жолын кесуге қатысқан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері туралы мәліметтердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері туралы мәліметтердің құпиялылығы қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ
МҮШЕЛЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ

27-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Ұлттық ұланда әскери қызмет атқарудың осы Заңда белгіленген ерекше сипаты және әскери қызметшілердің жауапкершілігі "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін қосымша әлеуметтік құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.

      2. Қылмыстық-атқару жүйесінің туберкулезге қарсы мекемелерінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында медицина қызметкерлерінің осы санаты үшін белгіленген жеңілдіктер қолданылады.

      3. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін осы Заңның 10-бабына сәйкес тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде міндеттерді орындауға тарту кезеңінде еңбек сіңірген жылына есептелетін әскери қызмет мерзімінің бір күні үш күн есебіне саналады және үш еселенген мөлшерде ақшалай қамтылым төленеді.

28-бап. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, олардың отбасы мүшелерінің тұрғынжай құқықтары

      1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерді және олармен бірге тұрақты тұратын олардың отбасы мүшелерін тұрғынжаймен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғынжайды жалдағаны (жалға алғаны) үшін өтемақы төлеу "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      2. Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қызметтік іс-қимылды жүзеге асыруға байланысты қаза тапқан жағдайда қаза тапқан әскери қызметші отбасының есепке қою кезіндегі негіздер бойынша тұрғын алаң алу құқығы сақталады, тұрғын алаң әскери қызметші қаза тапқан күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей беріледі. Асыраушысынан айырылған әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұруға жарамды басқа тұрғын үй-жай өтеусіз берілмейінше, олар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларынан шығарылмайды.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

29-бап. Ұлттық ұланды қаржыландыру

      Ұлттық ұланды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

30-бап. Ұлттық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Ұлттық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      Ұлттық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      2. Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары үшін белгіленген тәртіппен және нормалар бойынша қару-жарақпен, авиациялық, автомобильдік, броньды танктік және басқа да әскери техникамен және материалдық құралдармен қамтамасыз етіледі.

      3. Маңызды мемлекеттік объектiлер мен коммуникацияларды, арнайы жүктерді, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерiнің объектiлерiн күзету жөніндегі мiндеттердi орындайтын әскери бөлiмдерге (бөлiмшелерге) жеке құрамды, қару-жарақты, техника мен әскери-техникалық мүлiкті, сондай-ақ басқару органдарын орналастыру үшін әскери қалашықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды объектiлерiн Ұлттық ұлан күзететiн министрлiктер, ведомстволар (мекемелер) бөледі немесе салады.

      4. Төтенше жағдай режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін енгізу ахуалында, бұқаралық қоғамдық-саяси іс-шаралар өткізу кезінде тұрақты орналасқан пунктінен тыс жерде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға тартылатын Ұлттық ұланның бөлiмшелерi бюджет қаражаты есебінен жайластыруға арналған тұрғын үй-жайлармен, көрсетілетін коммуналдық қызметтермен, байланыс желілерімен және арналарымен, көлік құралдарымен және жанар-жағармай материалдарымен, қосымша тамақтанумен қамтамасыз етіледі.

      5. Ұлттық ұлан мұнай өнімдерін өндіруді мемлекеттік реттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператордан мұнай өнімдерін сатып алады.

      Ескерту. 30-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы" 1992 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 11-12, 290-құжат; № 24, 592-құжат; 1993 ж., № 8, 179-құжат; 1995 ж., № 1-2, 17-құжат; № 23, 155-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233, 247-құжаттар; 2001 ж., № 13-14, 174-құжат; № 20, 257-құжат; № 24, 336-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 155-құжат; 2007 ж., № 15, 107-құжат; 2008 ж., № 10-11, 39-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 11, 102-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат; 2013 ж., № 2, 8-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев