Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 262-V ҚРЗ

Қолданыстағы

      1980 жылғы 25 қазанда Гаагада жасалған Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенция ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


COT ТӨРЕЛІГІНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

      (1980 жылғы 25 қазанда жасалды)

      Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер сот төрелігіне халықаралық қол жеткізуді жеңілдетуге ниет білдіре отырып, осы мақсаттар үшін Конвенция жасасуды шешті және мына ережелер бойынша келісімге қол жеткізді:

I ТАРАУ - ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК

1-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысының азаматтары, сондай-ақ әдетте олардың аумағында тұратын адамдар, әрбір Уағдаласушы мемлекеттер соттарда азаматтық және сауда істері бойынша құқықтық көмекке әдетте осы Мемлекетте тұратын азаматтар, сондай-ақ адамдар сияқты құқығы болуға тиіс.

      Бірінші абзацқа жатпайтын, бірақ сотта іс қаралуға тиіс немесе ісі қозғалған, әдетте Уағдаласушы мемлекетте тұратын адамдардың, егер қуыным үшін негіздеме осы мемлекетте бұрынғы тұрған жерінен туындаған болса, бірінші абзацта көзделген құқықтық көмекке құқығы болуға тиіс.

      Құқықтық көмек әкімшілік, әлеуметтік немесе салық істері бойынша берілетін мемлекеттерде осы баптың ережелері осы істер бойынша құзыретті соттардың немесе трибуналдардың қарауына шығарылған істерге қолданылуға тиіс.

2-бап

      Өтініш беруші консультация сұралатын мемлекетте болған жағдайда, 1-бап құқықтық консультацияларға қолданылуға тиіс.

3-бап

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы Конвенция негізінде жіберілетін құқықтық көмек туралы өтініштерді алу және олар бойынша шара қолдану және іс-қимылдарды орындау үшін Орталық органдарды тағайындауға тиіс.

      Федеративтік мемлекеттер және біреуден көп құқықтық жүйесі бар мемлекеттер бірнеше Орталық органдарды тағайындай алады. Егер өтініш берілген Орталық органның оны қарауға құзыреті болмаса, онда ол осы Уағдаласушы мемлекеттің осындай құзыреті бар басқа Орталық органына берілуге тиіс.

4-бап

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет Сұрау салынатын мемлекеттегі тиісті Орталық органға құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді беру мақсатында бір немесе бірнеше органды белгілеуге тиіс.

      Осы Конвенцияға қоса берілген формулярға сәйкес жасалған құқықтық көмек туралы өтініштер басқа билік органдарының араласуынсыз берілуге жатады.

      Осы бапта өтініштердің дипломатиялық арналар арқылы берілуіне ешнәрсе де кедергі келтірмейді.

5-бап

      Егер құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адам Сұрау салынатын мемлекетте болмаса, ол өзінің өтінішін, әдетте өзі тұратын Уағдаласушы мемлекеттегі беруші органға, өз өтінішін Сұрау салынатын мемлекеттегі құзыретті органға жіберу мүмкіндігіне нұқсан келтірместен, бере алады.

      Өтініш осы Конвенцияға қоса беріліп отырған формулярға сәйкес болуға және Сұрау салынатын мемлекеттің қажет болған жағдайларда, қосымша ақпаратты немесе құжаттарды талап ету құқығына нұқсан келтірместен, барлық қажетті құжаттар қоса берілуге тиіс.

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет өздерінің қабылдаушы Орталық органы басқа арналар арқылы немесе басқа тәсілдермен алынған өтініштерді қабылдай алатынын мәлімдей алады.

6-бап

      Беруші орган құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адамға, оның мәліметтері бойынша өтінішті қарауға қажетті барлық ақпарат пен құжаттардың өтінішке қоса берілуіне жәрдем көрсетуге тиіс. Беруші орган формальды талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

      Егер беруші органның пікірінше, өтініш негізсіз болып табылса, онда ол оны беруден бас тарта алады.

      Ол құқықтық көмек көрсетуді сұрап отырған адамға осындай көмек орынды болған жағдайларда, құжаттардың тегін аудармасын алуға жәрдем көрсетуге тиіс.

      Ол Сұрау салынатын мемлекеттегі қабылдаушы Орталық органнан қосымша ақпарат туралы сұрау салуларға жауап беруге тиіс.

7-бап

      Өтініш, оны негіздеу үшін жіберілген құжаттар және одан әрі ақпарат алуға арналған кез келген хат-хабар Сұрау салынатын мемлекеттің мемлекеттік тілінде немесе мемлекеттік тілдерінің бірінде жасалуға немесе осы тілдердің біреуіне аудармасымен қамтамасыз етілуге тиіс.

      Алайда, егер Сұрау салушы мемлекетте Сұрау салынатын мемлекеттің тілінде аударманы алуға мүмкіндік болмаса, соңғысы ағылшын немесе француз тілдеріндегі құжаттарды немесе осы тілдердің біреуіне аудармасы қамтамасыз етілген құжаттарды қабылдай алады.

      Қабылдаушы Орталық органнан келіп түсетін хат-хабар Сұрау салынатын мемлекеттің мемлекеттік тілінде немесе мемлекеттік тілдерінің бірінде немесе ағылшын немесе француз тілдерінде жасалуы мүмкін. Алайда, беруші Орган жіберген өтініш ағылшын немесе француз тілдерінде жасалса, немесе осы тілдердің біреуіне аудармасы қамтамасыз етілсе, қабылдаушы Орталық органның хабарламасы да осы тілдердің біреуінде жасалуға тиіс.

      Алдыңғы абзацтарды орындауға байланысты жасалған аударма бойынша шығындар Сұрау салушы мемлекеттің есебіне жатқызылатын болады. Сұрау салынатын мемлекетте жасалған аудармаларға жұмсалған шығындар бұл мемлекетке өтелмейді.

8-бап

      Қабылдаушы Орталық орган өтініш бойынша шешім қабылдайды немесе Сұрау салынатын мемлекеттегі құзыретті органдар олар бойынша шешім қабылдауы үшін қажетті шараларды қолданады.

      Қабылдаушы Орталық орган беруші органға қосымша ақпарат ұсыну туралы өтініштерді беруге және оған өтінішті қарау кезінде туындаған кез келген қиындықтар туралы және қабылданған шешім туралы хабарлауға тиіс.

9-бап

      Құқықтық көмек көрсетуді өтініп отырған адам Уағдаласушы мемлекетте тұрмаса, ол өзінің өтінішін Сұрау салушы мемлекеттегі құзыретті органға беру үшін өзінің иелігінде бар басқа құралдарға жүгінуіне нұқсан келтірместен, консулдық арналар арқылы бере алады.

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет өзінің қабылдаушы Орталық органы басқа арналар арқылы немесе басқа тәсілдермен берілген өтініштерді қабылдайтынын мәлімдей алады.

10-бап

      Осы тарауға сәйкес берілген құжаттардың бәрі заңдастырудан және басқа да осыған ұқсас формальдылықтардан босатылуға тиіс.

11-бап

      Осы тарауға сәйкес құқықтық көмек туралы өтінішті бергені, қабылдап алғаны немесе ол бойынша шешімдер қабылдағаны үшін ешқандай алымдар алынбайды.

12-бап

      Құқықтық көмек туралы өтініштер жедел қаралуға тиіс.

13-бап

      Егер құқықтық көмек 1-бапқа сәйкес ұсынылса, онда екінші Уағдаласушы мемлекетте құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-қимылдар аясында құжаттарды тапсыру оны тапсыру тәсіліне қарамастан, шығындарды өтеу үшін негіз бола алмайды. Сарапшылар мен аудармашыларға төленетін қаламақыны қоспағанда, бұл сот тапсырмалары мен әлеуметтік есептерге де қатысты болады.

      Егер адам талқылауға байланысты құқықтық көмекті 1-бапқа сәйкес Уағдаласушы мемлекетте алған болса және осы талқылау барысында шешім шығарылса, өз ісінің одан әрі қандай да бір қаралмастан, осы шешімді тануды немесе орындауды сұрап отырған кез келген екінші Уағдаласушы мемлекетте құқықтық көмек алуға оның құқығы болады.

II ТАРАУ - СОТ ШЫҒЫНДАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ СОТ ШЫҒЫНДАРЫН ӨНДІРІП АЛУ ТУРАЛЫ ШЕШІМДЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫ

14-бап

      Әдетте Уағдаласушы мемлекетте тұратын және екінші Уағдаласушы мемлекеттің соттарында немесе трибуналдарында талқылауларға қатысушы қуынушылар немесе үшінші тұлғалар болып табылатын адамдардан (заңды тұлғаларды қоса алғанда) тек шетелдік азаматтығы немесе осы адамдардың талқылау қозғалып отырған мемлекетте тұрақты тұрғылықты жерінің болмауы немесе онда тұрмауы негізінде ешқандай қамтамасыз етулер мен кепілақылар талап етілмеуге тиіс.

      Сот шығындарын қамтамасыз ету үшін талапкерлерден немесе үшінші тұлғалардан талап етілетін кез келген төлемдерге де дәл осы қағида қолданылуға тиіс.

15-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің бірінде қамтамасыз етуді немесе кепілақыны немесе 14-бапта немесе талқылау басталған мемлекеттің заңында аталған төлемдерді енгізу міндетінен босатылған кез келген адамға қатысты сот шығыстарын және шығындарын төлеу туралы шешім, пайдасына шешім шығарылған адамның өтініші бойынша, кез келген Уағдаласушы мемлекетте мәжбүрлі түрде тегін орындалатын болады.

16-бaп

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет өздеріне қатысты 15-бап қолданылатын шешімдерді мәжбүрлеп орындау туралы өтініштерді сұрау салынатын мемлекеттің тиісті Орталық органына беру мақсаты үшін бір немесе одан да көп беруші органды тағайындауға тиіс.

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет осындай өтініштерді алу және олар бойынша түпкілікті шешім шығаруды қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды қолдану үшін Орталық органды тағайындауға тиіс.

      Федеративтік мемлекет және біреуден көп құқықтық жүйесі бар мемлекет біреуден астам Орталық органдарды тағайындай алады. Егер өтініш берілген Орталық орган оны қарауға құзыретті болмаса, ол өтінішті сұрау салынатын мемлекеттің құзыретті болып табылатын Орталық органына беруге тиіс.

      Осы бапта көзделген өтініштер, қандай да бір басқа органдардың араласуынсыз, оларды дипломатиялық арналар арқылы беру мүмкіндігіне нұқсан келтірместен, жіберілуге тиіс.

      Осы бапта пайдасына шешім шығарылған адамның, Сұрау салынатын мемлекет осындай тәсілмен жасалған өтініштерді қабылдамайтын болады деп мәлімдеген жағдайларды қоспағанда, оны тікелей орындауға ұсынуына ешнәрсе де кедергі келтірмейді.

17-бап

      15-бапта көзделген әрбір өтінішке:

      1) тараптардың атаулары мен деректемелері қамтылған іс бойынша шешімнің бір бөлігінің және шығыстарды немесе шығындарды төлеу туралы шешімнің куәландырылған көшірмелері;

      2) шешім шыққан мемлекетте ол енді қайта қараудың әдеттегі нысаны болып табылмайтынын және онда мәжбүрлеп орындауға жататынын растау үшін қажет болатын кез келген құжаттар;

      3) жоғарыда тізбеленген барлық құжаттардың, егер олар сұрау салынатын мемлекеттің тілінде жасалмаған болса, оның тілінде куәландырылған аудармасы қоса берілуге тиіс.

      Өтінішке байланысты шешім тыңдаулар жүргізілместен шығарылады және сұрау салынатын мемлекеттегі құзыретті орган, бұл ретте, талап етілетін құжаттар ұсынылғанын белгілеумен шектеледі. Орган құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адамның өтініші бойынша құжаттарды куәландыру мен аударудың құнын анықтайды, ол талқылау бойынша шығындар мен шығыстар ретінде қаралады.

      Заңдастыру және осыған ұқсас формальдылықтар талап етілмейді.

      Сұрау салынатын мемлекеттің құқығымен көзделген жағдайда ғана құзыретті органның шешіміне шағым жасау құқығы болады.

IІІ ТАРАУ - ШЕШІМДЕР МЕН ЖАЗБАЛАРДЫҢ КӨШІРМЕСІ

18-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгенінің азаматтары және әдетте кез келген Уағдаласушы мемлекетте тұратын адамдар кез келген екінші Уағдаласушы мемлекетте оның азаматтарымен тең негіздерде және жағдайларда азаматтық немесе сауда істеріне қатысты ресми тіркеу туралы актілерден және шешімдерден көшірмелер немесе үзінділер алуы мүмкін және егер бұл қажет болса, осындай құжаттарды заңдастыра алады.

IV ТАРАУ - АДАМДАРДЫ ҰСТАУ ЖӘНЕ ТИІСПЕУШІЛІК КЕПІЛДІКТЕРІ

19-бап

      Орындау шарасы ретінде немесе жай қамтамасыз ету шарасы ретінде тұтқындау және ұстау, егер ұстауды немесе тұтқындауды жүргізетін мемлекеттің адамдарына - азаматтарына қарсы қолданылмаған жағдайда, Уағдаласушы мемлекеттің азаматтарына немесе әдетте Уағдаласушы мемлекетте тұратын адамдарға қарсы азаматтық немесе сауда істерінде қолданылмайды. Әдетте осындай мемлекетте тұратын адам тұтқындаудан немесе ұстаудан босатылуы үшін сілтеме жасай алатын кез келген фактіге Уағдаласушы мемлекеттің кез келген азаматы немесе әдетте Уағдаласушы мемлекетте тұратын адам, мұндай факті шетелде орын алғанның өзінде де осындай салдармен сілтеме жасай алады.

20-бап

      Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болып табылатын және әдетте онда тұратын және екінші Уағдаласушы мемлекеттегі сотқа немесе трибуналға осы мемлекетте сот отырысында куәгер немесе сарапшы рөлін атқару үшін шақырылатын адам осы мемлекетке келердің алдында орын алған қандай да бір әрекеті немесе қылығы үшін осы мемлекеттің аумағында қудалауға немесе ұстауға немесе өзінің жеке бостандығының қандай да бір басқа шектелуіне ұшырамайды.

      Алдыңғы абзацта сөз болып отырған иммунитет куәгерлер мен сарапшыларды тыңдау белгіленген күнге дейін жеті күн бұрын басталады және сот билігі органдары куәгерлер мен сарапшыларға олардың қатысуының енді қажет еместігі туралы хабарлаған және олардың аумақтан кету мүмкіндігі болған, бірақ одан кетпеген немесе егер олар аумақтан кетіп, өз еркімен қайта оралған күннен бастап жеті күн өткеннен кейін тоқтатылады.

V ТАРАУ - ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

21-бап

      Осы Конвенциядағы ешнәрсе де 22-баптың ережелеріне нұқсан келтірместен, осы Конвенция реттейтін мәселелерге қатысты кез келген Уағдаласушы мемлекеттің заңы бойынша немесе ол қатысушы болып табылатын немесе қатысушы болатын кез келген басқа конвенция бойынша адамға берілуі мүмкін кез келген құқықтарды шектеу ретінде қаралуға тиіс емес.

22-бап

      Бұл Конвенция Гаагада 1905 жылғы 17 шілдеде және 1954 жылғы 1 наурызда қол қойылған Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенциялардың біреуіне немесе екеуіне де қатысушы болып табылатын осы Конвенцияға қатысушылар арасында, тіпті осы Конвенцияның 28-бабының екінші абзацының "с" тармағында көзделген ескерту жасалса да, 1905 жылғы Конвенцияның 17-24-баптарын немесе 1954 жылғы Конвенцияның 17-26-баптарын ауыстырады.

23-бап

      1905 жылғы және 1954 жылғы Конвенциялардың қатысушылары арасындағы қосымша келісім, егер қатысушылар өзгеше уағдаласпаса, онымен үйлесімдігі шамасында осы Конвенцияға қолданылатындай болып қаралуға тиіс.

24-бап

      Уағдаласушы мемлекет Орталық органға жіберілетін құжаттар жасалуы немесе аударылуы мүмкін, 7 және 17-баптарда айтылғандардан ерекше тілді немесе тілдерді мәлімдеу арқылы айқындай алады.

25-бап

      Біреуден артық мемлекеттік тілі бар және 7 және 17-баптарда айтылған, осы тілдердің бірінде жасалған құжаттарды өзінің аумағы үшін ішкі құқықтан туындайтын негіздер бойынша жалпы қабылдай алмайтын Уағдаласушы мемлекет осындай құжаттар олардың аумағының белгілі бір бөлігіне беру үшін жасалуға немесе аударылуға тиіс тілді мәлімдеу арқылы айқындауға тиіс.

26-бап

      Егер Уағдаласушы мемлекетте осы Конвенция қарайтын істерге қолдануға болатын әртүрлі құқықтық жүйелер қолданылатын екі немесе одан да көп аумақтық бірлік болса, онда Уағдаласушы мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу кезінде осы Конвенция оның барлық аумақтық бірліктеріне немесе біреуіне ғана немесе олардың бірнешеуіне қолданылуы мүмкін деп мәлімдей алады және осы мәлімдемені басқа мәлімдеме бере отырып кез келген уақытта өзгерте алады.

      Кез келген осындай мәлімдеме Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне жіберілуге тиіс және Конвенция қолданылатын аумақтық бірліктерді нақты айқындауға тиіс.

27-бап

      Егер Уағдаласушы мемлекеттің басқару жүйесі болса, оған сәйкес атқарушы, заң шығарушы және сот билігі осы мемлекеттің орталық және басқа органдары арасында бөлінген болса, онда мемлекеттің осы Конвенцияға қол қоюы, ратификациялауы, қабылдауы, бекітуі немесе оған қосылуы немесе оның 26-бапқа сәйкес жасаған мәлімдемесі мемлекеттің ішінде биліктің бөлінуін қозғамайды.

28-бап

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде Уағдаласушы мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын, бірақ ескерту жасайтын мемлекеттен өзге Уағдаласушы мемлекетте тұратын немесе осындай құқықты ескерткен мемлекетте әдетте бұрыннан тұрған адамдарға қатысты, егер ескерту жасаған мемлекет пен құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адамдар азаматтары болып табылатын мемлекет арасындағы қатынастарда өзара режим болмаса, өзінің 1-баптың қолданылуын болғызбау құқығы туралы ескерту жасай алады.

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде:

      а) 7-баптың екінші абзацына сәйкес ағылшын немесе француз тілін, немесе тілдердің екеуін де пайдалануды;

      b) 13-баптың екінші абзацын қолдануды;

      c) 2-тарауды қолдануды;

      d) 20-бапты қолдануды болғызбау құқығы туралы ескерту жасай алады.

      Мемлекет ескерту жасағанда:

      e) француз және ағылшын тілдерін пайдалануды болғызбайтын осы баптың екінші абзацының "а" тармағына сәйкес мүддесі қозғалған кез келген мемлекет ескерту жасаған мемлекетке қатысты дәл осындай қағиданы қолдана алады;

      f) екінші абзацтың "b" тармағына сәйкес кез келген басқа мемлекет ескерту жасаған мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе әдетте сонда тұратын адамдарға 13-баптың екінші абзацын қолданудан бас тарта алады;

      g) осы баптың екінші абзацының "c" тармағына сәйкес кез келген басқа Уағдаласушы мемлекет ескерту жасаған мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе әдетте сонда тұрақты тұратын адамдарға II тарауды қолданудан бас тарта алады.

      Басқа ескертулерге тыйым салынады.

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет жасалған ескертуді кез келген уақытта алып тастай алады. Ескертудің алып тасталғаны туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі хабардар етілуге тиіс. Хабарланғаннан кейін күнтізбелік үшінші айдың бірінші күнінен бастап ескерту қолданылуын тоқтатады.

29-бап

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет ратификациялау немесе қосылу туралы құжатты сақтау кезінде немесе одан кейінірек Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне 3, 4 және 16-баптарға сәйкес органдардың тағайындалғаны туралы хабарлауға тиіс.

      Ол сонымен қатар, қажет болған жағдайда:

      a) 5, 9, 16, 24, 25, 26, 33-баптарға сәйкес мәлімдемелер;

      b) жоғарыда аталған тағайындаулар мен мәлімдемелерді кез келген жоюлар немесе олардың өзгерістері;

      c) кез келген ескертулердің алып тасталғандығы туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлауға тиіс.

30-бап

      Осы Конвенцияға қоса берілген үлгі формулярлар Гаага конференциясының Бас Хатшысы шақырған, барлық Уағдаласушы мемлекеттер және барлық мүше мемлекеттер шақырылатын Арнайы Комиссияның шешімі бойынша өзгертілуі мүмкін. Формулярларды өзгерту туралы ұсыныстар кездесудің күн тәртібіне енгізіледі.

      Арнайы Комиссияның отырысында болған және дауыс беруге қатысқан Уағдаласушы мемлекеттердің көпшілігі қабылдаған өзгерістер Бас Хатшы барлық Уағдаласушы мемлекеттерге жіберген күннен кейінгі күнтізбелік жетінші айдың бірінші күні барлық Уағдаласушы мемлекеттер үшін күшіне енуге тиіс.

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет екінші абзацта көзделген кезең уақытында Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне өзгеріске қатысты ескерту туралы жазбаша түрде хабарлай алады. Осындай ескертуді жасаған тарап, ескерту алып тасталғанға дейін осы ескертуге қатысты осы Конвенцияға қатыспайтын мемлекет ретінде қаралуға тиіс.

VI ТАРАУ - ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

31-бап

      Конвенция Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясына мүше мемлекеттер үшін оның Он төртінші сессиясы кезінде және оны дайындауға қатысу үшін шақырылған, оған мүше болып табылмайтын мемлекеттер үшін қол қоюға ашық.

      Конвенция ратификациялануға, қабылдануға немесе бекітілуге жатады: ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылады.

32-бап

      Кез келген басқа мемлекеттер Конвенцияға қосыла алады.

      Қосылу туралы құжаттар Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылады.

      Қосылған мемлекет пен 36-баптың екінші абзацында сөз болып отырған хабарламаны алғаннан кейін он екі ай ішінде оның қосылуы туралы қарсылық білдірмеген Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда ғана мұндай қосылудың күші болады. Мұндай қарсылықты қосылғаннан кейін мүше мемлекеттер де Конвенцияны ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен кезде жасауы мүмкін. Осындай кез келген қарсылық туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі хабардар етілуге тиіс.

33-бап

      Кез келген мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде осы Конвенцияның күші ол өзі халықаралық қатынастары үшін жауапты болатын барлық аумақтарға не олардың біреуіне немесе одан көбіне қолданылатынын мәлімдей алады. Мұндай мәлімдеме Конвенция осы мемлекет үшін күшіне енген уақытта күшіне енеді.

      Мұндай мәлімдеме, сондай-ақ оның қолданылу аясының кейіннен кеңейе түсетіні сияқты, Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануға тиіс.

34-бап

      Осы Конвенция 31, 32-баптарда айтылған ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы үшінші құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін күнтізбелік үшінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

      Осыдан кейін Конвенция:

      (1) оны ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе оған қосылған әрбір мемлекет үшін оның ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаты сақтауға тапсырылғаннан кейін күнтізбелік үшінші айдың бірінші күні;

      (2) өзіне қатысты осы Конвенцияның күші 26 немесе 33-баптарға сәйкес қолданылған кез келген аумақ немесе аумақтық бірлік үшін осы бапта сөз болып отырған хабарламадан кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күні күшіне енеді.

35-бап

      Осы Конвенция 34-баптың бірінші абзацына сәйкес ол күшіне енген күнінен бастап, оның ішінде, оны осы күннен кейін ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе оған қосылған мемлекеттер үшін де бес жыл бойы күшінде болады.

      Егер кейін денонсация болмаса, онда Конвенцияның қолданылуы әрбір бес жыл сайын автоматты түрде жаңартылып отырады.

      Егер кейін денонсация болмаса, онда Конвенцияның қолданылуы әрбір бес жыл сайын автоматты түрде жаңартылып отырады.

      Денонсация туралы хабарлама Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне бес жылдық кезең өткенге дейін кемінде алты ай бұрын жіберілуге тиіс. Денонсация Конвенция қолданылатын белгілі бір аумақтармен немесе аумақтық бірліктермен шектелуі мүмкін.

      Денонсацияның, бұл туралы хабарлама жасаған мемлекетке ғана қатысты күші болады. Конвенция басқа Уағдаласушы мемлекеттер үшін күшін сақтайды.

36-бап

      Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі Конференцияға мүше мемлекеттерді және 32-бапқа сәйкес қосылған мемлекеттерді:

      (1) 31-бапта сөз болып отырған қол қою, ратификациялау, қабылдау және бекіту;

      (2) 32-бапта айтылған қосылу және қосылуға қарсы қарсылықтар;

      (3) 34-бапқа сәйкес Конвенция күшіне енетін күн;

      (4) 26 және 33-баптарда айтылған мәлімдемелер;

      (5) 28 және 30-баптарда айтылған ескертулер мен оларды алып тастау;

      (6) 29-бапқа сәйкес жіберілген ақпарат;

      (7) 35-бапта айтылған денонсация туралы хабардар етеді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.

      1980 жылғы 25 қазанда Гаагада ағылшын және француз тілдерінде жалғыз данада ЖАСАЛДЫ, екі мәтін де тең түп нұсқалы болып табылады, ол Нидерланд Корольдігі Үкіметінің мұрағаттарында сақталатын болады, оның куәландырылған көшірмесі Халықаралық жеке құқықтар жөніндегі Гаага конференциясының Он төртінші сессиясы өтетін күні оған мүше мемлекеттің әрқайсысына және осы сессияда осы Конвенцияны дайындауға қатысқан әрбір басқа мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жіберілетін болады.

      Конвенцияға қосымша

      Құқықтық көмек туралы өтінішті беруге арналған формуляр

      Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенцияға 1980 жылғы 25 қазанда Гаагада қол қойылды

Беруші органның атауы мен мекенжайы


Беруші органның атауы мен мекенжайы

Алушы орталық органның мекенжайы


Алушы орталық органның мекенжайы

Беруші органның атауы мен мекенжайы

Алушы орталық органның мекенжайы

      Төменде қол қойған беруші орган қабылдаушы органға құқықтық көмек туралы қоса берілген өтінішті және жоғарыда аталған Конвенцияның I тарауының мақсаттарына арналған қосымшаны (құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адамның қаржылық жағдайына қатысты мәліметтерді) беру мәртебесіне ие.

      Егер қажет болса, өтініштер мен мәліметтерге қатысты ескертулер:

      Егер қажет болса басқа да ескертулер:

      _________________ күні жасалды

      Қолы және/немесе мөрі

ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

      Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенцияға 1980 жылғы 25 қазанда Гаагада қол қойылды.

      1 Құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адамның тегі және мекенжайы

      2 Талқылау болған немесе қозғалатын (егер белгілі болса) сот

      3 а Талқылаудың нысанасы және қуынымның бағасы (қажет болса)

      b Егер қажет болса, басталған немесе болжанатын талқылауға қатысты негіздеме ретінде қоса берілетін құжаттардың тізбесі*

      с Жауапкердің тегі және мекенжайы*

      4 Талқылауға қатысты және құқықтық көмек көрсетуді өтініп отырған адам үшін құқықтық салдарлары бар, өтініштің тездетіп орындалуына байланысты кез келген күн немесе мерзім*

      5 Кез келген басқа қажетті ақпарат*

      6 _______________ күні жасалды

      7 Құқықтық көмек туралы өтініп

      отырған адамның қолы

      *) Қажеттігі болмаса, алып тасталсын

      Құқықтық көмек туралы өтінішке қосымша

Құқықтық көмек көрсету туралы өтініп отырған адамның қаржылық жағдайына қатысты мәліметтер

      І Жеке басының жағдайы

      8 Аты

      9 Тегі (қыз кезіндегі)

      10 Туған күні мен жері

      11 Азаматтығы

      12 а әдетте тұратын жері (тұра бастаған күні)

      b әдетте алдыңғы тұрған жері (тұра бастаған және тұруды тоқтатқан күні)

      13 Отбасылық жағдайы (бойдақ), үйленген (тұрмыста), жесір, ажырасқан, бөлек тұрады)

      14 Жұбайының (ларының) тегі, аты

      15 Құқықтық көмек көрсетуді өтініп отырған адамның асырауындағы балаларының тегі, аты және туған күндері

      16 Құқықтық көмек көрсетуді өтініп отырған адамның асырауындағы басқа адамдар

      17 Отбасылық жағдайына қатысты қосымша ақпарат

      II. Қаржылық жағдайлар

      18 Айналасатын жұмысы

      19 Жұмыс берушінің аты және мекенжайы немесе жұмыс орны

20

адамдардың кірісі

өтініш беруші

оның жұбайы

оның асырауындағы адамдар

a

еңбекақысы (кез келген төлемдерді қоса алғанда)

.........

........

..........

b

зейнетақы, еңбекке жарамсыздығы бойынша зейнетақы, алименттер, жәрдемақылар, өмірлік зейнетақы

.........

........

..........

с

жұмыссыздық бойынша жәрдемақы

.........

.........

..........

d

негізгі еңбекақыдан басқа табысы

.........

.........

..........

e

бағалы қағаздардан және банктегі салымдардан түсетін табысы

.........

.........

..........

f

жылжымайтын мүліктен алынатын табыс

.........

.........

..........

g

басқа табыс көздері

.........

.........

..........

21

Жылжымайтын мүлкі

өтініш беруші

оның жұбайы

оның асырауындағы адамдар


(құнын және міндеттемелерін көрсетіңіз)

........

.........

..........

22

басқа мүлкі (активтері)

өтініш беруші

оның жұбайы

оның асырауындағы адамдар


(бағалы қағаздары, акциялары, талап ету құқығы, банктегі шоттары және т.б.)

........

.........

..........

23

борыштары және басқа да қаржылық міндеттемелері

өтініш беруші

оның жұбайы

оның асырауындағы адамдар

a

қарыздары (жыл сайынғы немесе ай сайынғы төлемдердің қайдан шыққаны, төленетін сомасын және мөлшерін көрсетіңіз)

........

.........

.........

b

алименттер (ай сайынғы төлемдерді көрсетіңіз)

........

.........

.........

c

жылуға, электр қуатына, газға және суға төлемдерді қоса алғанда, үй рентасы

........

.........

.........

d

басқа ағымдағы міндеттемелер

........

.........

.........


      24. Өткен жыл ішіндегі табыс салығы және әлеуметтік төлемдер

      25. Құқықтық көмек көрсетуді сұрап отырған адамның ескертулері

      26. Егер қажет болған жағдайда, растайтын құжаттардың тізімі

      27. Жалған мәліметтер үшін заңда көзделген жаза туралы хабардар төменде қол қоюшы жоғарыда аталғандардың барлығы толық және дұрыс екенін мәлімдейді

       28. ______________ (орны) жасалды 29. ............./күні/

       30. ...../Құқықтық көмек

       көрсету туралы өтініп

       отырған

      Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенцияның куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасы


Әділет министрлігінің


Халықаралық құқық және


ынтымақтастық


департаментінің директоры

Д.Бакиров