Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 80-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) – Қазақстан Республикасы аумағының (құрлығының, суларының, жер қойнауының, әуе кеңістігінің) шектерін айқындайтын сызық пен осы сызық бойынша тiгiнен өтетiн жазықтық және Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі қолданылатын кеңістік шегі.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) арнайы құралдар – құқыққа қайшы іс-әрекеттердің жолын кесу не әскери қызметшілерді, уәкілетті органдардың қызметкерлерін және Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтарды жеке қорғау және бүркемелеу мақсатында құқық бұзушыларға, олар пайдаланатын көлік пен объектілерге дене күшімен, жарақаттау арқылы, химиялық, электрлік, психологиялық, назарын басқа жаққа аудару жолымен немесе өзге де әсер етуге арналған құралдар;
      2) инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштер шебі – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әрекетін қамтамасыз етуге арналған, Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі шегінде тұрақты пайдалануға бөлінген жер белдеуі;
      3) инспекциялық тексеріп қарау кешені – интрузивтік емес (жанасусыз) тексеріп қарау әдісімен теміржол және автокөлік құралдарын, көлік құралдарының жүк салатын бөліктерін, контейнерлерді ашпай, оларды көзбен шолып тексеру үшін уәкілетті органдар пайдаланатын, кескіндерді өңдеу мен талдау жүйелерімен жарақтандырылған тексеріп қарайтын интраскопиялық техника (интрузивтік емес тексеріп қарайтын стационарлық, тасымалданатын және ұтқыр техникалық құралдар);
      4) Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасы аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеуге арналған негізге алынатын сызықтар – Қазақстан Республикасының құрлықтық бөлігінде және оның аралдарында орналасқан, орташа көпжылдық деңгейлі (Кронштадт футштогының нөліне қатысты биіктіктердің Балтық жүйесінің минус 28,0 метр белгісінде) сызықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасына тиесілі шығанақтардағы, бухталардағы, құйылыстар мен жайылмалардағы Қазақстан Республикасы ішкі суларының шектерін шектейтін түзу сызықтар;
      5) Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) (бұдан әрі – аумақтық сулар (теңіз) – Каспий теңізіндегі негізге алынатын сызықтардан халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өлшенетін, ені он екі теңіз милі болатын, Қазақстан Республикасының егемендігі қолданылатын теңіз белдеуі, ал оның сыртқы шегі Мемлекеттік шекара болып табылады;
      6) Қазақстан Республикасының континенттік қайраңы (бұдан әрі – континенттік қайраң) – Мемлекеттік шекарадан (аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шегінен) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген шектерге дейін өлшенетін теңіз түбінің және жер қойнауының учаскесі;
      7) Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі (бұдан әрі – шекаралық кеңістік) – Мемлекеттік шекара және Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) және ішкі сулары бар шекаралық аймақтың сыртқы шектеріне дейін оған шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының аумағы, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің аумақтары, шектерінде уәкілетті органдар шекаралық қызметті жүзеге асыратын континенттік қайраң және олардың үстіндегі әуе кеңістігі;
      8) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін физикалық қорғау (бұдан әрі – шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғау) – Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде объектішілік және өткізу режимдерін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері мен олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі;
      9) Қазақстан Республикасының ішкі сулары (бұдан әрі – ішкі сулар) – Қазақстан Республикасы аумағының құрамдас бөлігі, ол:
      Каспий теңізіндегі негізге алынатын сызықтардан бастап жағалау жағына қарай орналасқан суды;
      көпжылдық орташа деңгейлі жердегі жағадан жағаға жүргізілген түзу сызықпен шектелген шығанақтардың, бухталардың, құйылыстардың және жайылмалардың суын;
      порттардың гидротехникалық және өзге де тұрақты құрылыстарының теңіз жаққа қарай неғұрлым қашық орналасқан нүктесі арқылы өтетін сызықпен шектелген Қазақстан Республикасы порттарының суын;
      Мемлекеттік шекарадан Берг бұғазындағы Ақлақ гидроқұрылысына дейінгі (Үлкен Арал теңізінің қазақстандық бөлігі шегіндегі) Қазақстан Республикасының жағалауы жағына қарай орналасқан Арал теңізінің суын;
      жағалары Қазақстан Республикасына тиесілі шекаралық өзендердің, көлдер мен өзге де су айдындарының суын қамтиды;
      10) қайта шегендеу – жоғалған шекаралық белгілерді қалпына келтіру және ескіргендерін жөндеу, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген қосымша шекара белгілерін орнату;
      11) қызметтік жануарлар – шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды айқындау, анықтау және жолын кесу мақсатында шекара нарядтарын күшейтуге, сондай-ақ құқық бұзушыларға дене күшімен, психологиялық, құрсаулау жолымен және өзге де әсер етуге арналған иттер мен жылқылар;
      12) межелеу – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген және осы халықаралық шартқа қоса берілетін карталарда графика түрінде бейнеленген, Мемлекеттік шекараның жағдайы мен бағытын шектес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша айқындау;
      13) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу – адамдардың, көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өту (кесіп өтуге рұқсат алу), жүктер мен тауарлардың Мемлекеттік шекара арқылы өткізілу заңдылығын тану;
      14) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті (бұдан әрі – өткізу пункті) – теміржол, автомобиль вокзалы немесе станциясы, теңіз немесе өзен порты, халықаралық әуежай немесе әуеайлақ шектеріндегі аумақ (акватория), сондай-ақ адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу жүзеге асырылатын тиісті инфрақұрылымы бар, Мемлекеттік шекараға тікелей жақын жерде арнайы бөлінген өзге де жергілікті жер учаскесі;
      15) Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жүктер мен тауарлар (бұдан әрі – жүктер мен тауарлар) – Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін коммерциялық және коммерциялық емес жүктер, тауарлар, нәрселер, материалдар, құралдар, заттар, қол жүгі (багаж) және көлік құралдары;
      16) Мемлекеттік шекараны жайластыру – уәкілетті органдардың Мемлекеттік шекара инфрақұрылымын құру және дамыту бойынша қолданатын шаралары;
      17) Мемлекеттік шекараны қорғаудың инженерлік және техникалық құралдары (бұдан әрі – инженерлік-техникалық құралдар) – шекаралық кеңістіктегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге арналған құралдар;
      18) Мемлекеттік шекараның инфрақұрылымы – Мемлекеттік шекараны қорғау мақсатында уәкілетті органдар тұрғызатын, жабдықтайтын және пайдаланатын шептер, объектілер, гидротехникалық, инженерлік және өзге де құрылыстар мен бөгеуіштер кешені;
      19) Мемлекеттік шекараны орнату – Мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық айқындау, құжаттамалық сипаттау және заңнамалық ресімдеу жөніндегі шаралар кешені;
      20) Мемлекеттік шекараны санаттарға бөлу – Мемлекеттік шекара учаскелерінің өзіндік ерекшеліктерінің сипаты (шектес мемлекеттермен өзара қарым-қатынастар, шекара қауіпсіздігіне қатер төнуі, шекара маңы аудандары халқының әлеуметтік-саяси жағдайы мен тығыздығы, жергілікті жер бедері) негізінде олардың жай-күйін және Мемлекеттік шекараның құқықтық жағдайын (мәртебесін) айқындау;
      21) өзеннің өзек табаны – өзен түбінің неғұрлым төмен учаскелерін қосатын сызық;
      22) радиациялық бақылау – Mемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жүктерден, тауарлардан және (немесе) көлік құралдарынан шығатын иондаушы сәуле шығару деңгейін тексеру және оны табиғи фонмен салыстыру;
      22-1) сервистік инфрақұрылым – адамдар мен көлік құралдарының жүріп-тұру, жүктердің (тауарлардың) өткізілу жағдайларын жақсартуға және өткізу пункттеріндегі бақылаушы органдардың қызметін қамтамасыз етуге арналған аумақ, ғимараттар мен құрылыстар;
      23) уәкілетті органдар – өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
      24) фарватер – навигациялық қоршалым құралдары (буйлар, қадалар, екі жарма белгілер) арқылы белгіленетін кедергілер (аралдар, тайыздар арасында) арасымен кемелердің жүзуіне арналған қауіпсіз жол;
      25) шегендеу – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген, жергілікті жерде Мемлекеттік шекараны айқындау және белгілеу;
      26) шекарадағы тосын оқиға – Қазақстан Республикасының, онымен шектес бір немесе бірнеше мемлекеттің мүдделерін қозғайтын Мемлекеттік шекара режимінің бұзылуына байланысты Мемлекеттік шекарадағы оқиға;
      27) шекара қауіпсіздігі – шекаралық кеңістікте жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің саяси, экономикалық, ақпараттық, гуманитарлық және өзге де мүдделері қорғалуының жай-күйін білдіретін Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі;
      28) шекаралық аймақ – әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағы шегінде шекаралық белдеуге шектесіп жатқан Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;
      29) шекаралық белдеу – құрлықтық учаскеде Мемлекеттік шекараға тікелей жапсарлас жатқан, ал Мемлекеттік шекара шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары арқылы өтетін учаскеде – аталған су айдындарының байырғы жағасына тікелей шектесіп жатқан аумақтың, сондай-ақ Мемлекеттік шекара режимі қолданылатын, оларда орналасқан аралдар аумағының бір бөлігі;
      30) шекара өкілдері – Мемлекеттік шекараның белгіленген режимін ұстап тұруға байланысты мәселелерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің офицерлері қатарынан тағайындалатын уәкілетті лауазымды адамдар;
      31) шекара өкілдерінің кездесулер пункті – шекара өкілдерінің отырыстарын, сондай-ақ халықаралық кездесулерді ұйымдастыру және өткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі пайдаланатын арнайы жабдықталған үй-жайлары бар жеке ғимарат.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 130-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара
             туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Шекаралық саясат

      1. Шекаралық саясат Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумағының тұтастығына және қол сұғылмаушылығына нұқсан келтірудің алдын алу мен жолын кесуге, оның Мемлекеттік шекарасын қорғауға бағытталған келісілген, үйлестірілген қызметін білдіреді.
      2. Шекаралық саясат:
      1) халықаралық ынтымақтастық;
      2) шекаралық мәселелерді бейбіт жолмен шешу;
      3) уәкілетті органдардың келісілген іс-қимылдары арқылы іске асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар тұжырымдауды Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясы жүзеге асырады.
      Мемлекеттік шекара комиссиясының құрамы, өкілеттіктері және қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ережемен айқындалады.

      5-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау қағидаттары

      Мыналар:
      1) Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау;
      2) Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығын, қол сұғылмаушылығын және бөлінбестігін қамтамасыз ету;
      3) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
      4) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің Мемлекеттік шекараны қорғау кезіндегі өзара жауапкершілігі;
      5) халықаралық құқық нормаларын сақтау Мемлекеттік шекараны қорғау қағидаттары болып табылады.

      6-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау

      1. Мемлекеттік шекараны қорғау шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуден тұрады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, шекаралық, әскери және өзге де шараларды қолдану жолымен жүзеге асырады.
      Мемлекеттік шекараны қорғауға Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары қатыса алады.
      2. Шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау мақсатында мынадай режимдер:
      1) Мемлекеттік шекара режимі;
      2) өткізу пункттеріндегі режим;
      3) шекара режимі;
      4) аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі;
      5) континенттік қайраң режимі енгізіледі.

      7-бап. Мемлекеттік шекараны күзету

      1. Мемлекеттік шекараны қорғаудың құрамдас бөлігі ретінде Мемлекеттік шекараны күзету уәкілетті органдардың Мемлекеттік шекараның өтуін өзгертуге жол бермеуден, сондай-ақ Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді бұзушылықтардың алғышарттарын, белгілері мен фактілерін анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізуден тұрады.
      2. Құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде су астындағы ортада) Мемлекеттік шекараны күзетуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
      3. Әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүзеге асырады.

      8-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі шаралар

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау үшін осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес уәкілетті органдардың, ұйымдардың және азаматтардың күштері мен құралдарын тартады.
      2. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі шаралар оның учаскелерін санаттарға бөлу ескеріле отырып қолданылады.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ОРНАТУ, БЕЛГІЛЕУ ЖӘНЕ ЖАЙЛАСТЫРУ

      9-бап. Мемлекеттік шекараны орнату

      1. Мемлекеттік шекара межелеу, шегендеу және қайта шегендеу үдерісінде орнатылады.
      2. Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге байланысты іс-әрекеттерді Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттердің өкілдерінен құрылатын бірлескен комиссия жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік шекара:
      1) құрлықта – жер бедерiнiң сипатты нүктелерi, сызықтары немесе анық көрiнетiн бағдарлар бойынша;
      2) Каспий теңiзінде – Қазақстан Республикасы аумақтық суларының (теңiзiнiң) сыртқы шегі бойынша;
      3) Арал теңізінде – Мемлекеттік шекараның жағалауларға шығатын тұстарын қосатын шекаралық нүктелердің жағалаулардың кескіні мен теңіздегі су деңгейi өзгерген кезде ауыспайтын сызығы бойынша;
      4) кеме жүзетін өзендерде – өзеннің басты фарватерінің ортасы немесе өзек табаны бойынша; кеме жүзбейтін өзендерде, жылғаларда – олардың ортасы немесе өзеннiң негiзгi саласының ортасы бойынша; көлдерде және өзге де су айдындарында (осы баптың 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген су айдындарын қоспағанда) – Мемлекеттік шекараның көл немесе өзге де су айдыны жағаларына шығатын тұстарын қосатын бір-бірінен бірдей қашықтықтағы, ортаңғы, тура немесе басқа да сызық бойынша орнатылады.
      Өзен, жылға, көл немесе өзге де су айдыны арқылы өтетiн Мемлекеттік шекара жағалардың кескіні немесе су деңгейi өзгерген кезде, сондай-ақ өзен, жылға арнасы ауытқыған кезде өзгертiлмейдi;
      5) су тораптарының су қоймаларында және өзге де жасанды су айдындарында – су басқанға дейiнгi жерден өткен Мемлекеттік шекараға сәйкес;
      6) өзендер, жылғалар, көлдер және өзге де су айдындары арқылы өтетін көпiрлерде, плотиналарда және өзге де құрылыстарда – Мемлекеттік шекараның су арқылы өтуiне қарамастан, осы құрылыстардың ортасы немесе олардың технологиялық осі бойынша орнатылады.

      10-бап. Мемлекеттік шекараны белгілеу

      1. Мемлекеттік шекара жергілікті жерде шегендеуге сәйкес айқын көрiнетiн шекара белгiлерiмен белгіленеді.
      2. Шекара белгілерінің нысандарын, көлемдерін, сипаттамасын, конструкциясын және оларды орнату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      11-бап. Мемлекеттік шекараны жайластыру

      1. Мемлекеттік шекараны жайластыру Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік шекараның инфрақұрылымы оның учаскелерін санаттарға бөлуді негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен белгіленеді.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРА РЕЖИМІ

      12-бап. Мемлекеттік шекара режимі

      1. Осы Заңға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде Мемлекеттік шекара режимі қолданылады.
      2. Мемлекеттік шекара режимі:
      1) Мемлекеттік шекараны (Каспий теңізіндегі Мемлекеттік шекара учаскесін қоспағанда) күтіп-ұстау;
      2) Мемлекеттік шекараны кесіп өту;
      3) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу;
      4) шекаралық белдеуге кіру, онда уақытша болу, тұру, жүріп-тұру және шекаралық белдеудің үстінен ұшуды жүзеге асыру;
      5) шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу;
      6) шекарадағы тосын оқиғаларды шешу тәртібін қамтиды.
      3. Мемлекеттік шекара учаскелері бойынша шекаралық белдеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Шекаралық белдеуде Мемлекеттік шекараны белгілеу шебі жабдықталады.

      13-бап. Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстау

      1. Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстауды уәкілетті органдар жүзеге асырады және ол Мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету мен ұстап тұруға бағытталған.
      2. Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстау Мемлекеттік шекараны белгілеу шебін жабдықтау мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету (шекаралық белгілерді орнату, сақтау және дұрыс күйінде ұстап тұру, оларды бақылау мақсатында қарап тексеру, шекаралық соқпақтар мен жолдарды жабдықтау), сондай-ақ Мемлекеттік шекараның өтуіне шектес мемлекетпен бірлескен тексерулер жүргізу тәртібін қамтиды.
      3. Мемлекеттік шекараның шегендеу үдерісі аяқталмаған учаскелерінде шекаралық белгілерді сақтау, оларды бақылау мақсатында қарап тексеру тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды.

      14-бап. Мемлекеттік шекараны кесіп өту

      1. Мемлекеттік шекараны кесіп өту:
      1) құрлықта, шекаралық өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында – халықаралық теміржол, автомобиль, өзен және өзге де қатынас жолдарында белгіленетін Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарында;
      2) әуе кеңістігінде – Мемлекеттік шекараны халықаралық трассалар кесіп өтетін орындарда немесе осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген әуе дәліздері бойынша;
      3) теңізде – халықаралық теңіз қатынасы жолдарында белгіленетін теңіз дәлiздерi шегінде жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де орындарда Мемлекеттік шекараны кесіп өтуге жол беріледі.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде шектес мемлекеттің шекаралық органымен келісілген өзге де тәртіппен Мемлекеттік шекараны (Каспий теңізіндегі аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шекарасын қоспағанда) кесіп өту құқығы беріледі.
      3. Шектес мемлекетпен халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы шегінде Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі, сондай-ақ оның аумағында адамдардың болу тәртібі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
      4. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда авариялық-құтқару құралымдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің өзге де тәртібі көзделуі мүмкін.
      5. Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейінгі халықаралық теміржол және автомобиль қатынасы жолдарының учаскелерін белгілеу мен жабдықтауға қойылатын талаптарды, олар арқылы жүру тәртібін, сондай-ақ Мемлекеттік шекарада орналасқан халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы периметрінің қазақстандық бөлігін жабдықтауға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      6. Адамдар мен көлік құралдары Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері бағытта жүрген кезде:
      1) белгіленген қозғалыс маршрутын өзгертуге;
      2) аялдауға, адамдарды түсіруге (отырғызуға), жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге), кез келген ұшу аппаратын, оның ішінде пилотсыз ұшу аппаратын әуеге көтеруге, қондыруға немесе қабылдауға тыйым салынады.
      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде, сондай-ақ шектес мемлекеттердің жазбаша өтініші бойынша Мемлекеттік шекараны оның жекелеген учаскелері арқылы кесіп өтуді уақытша шектейді немесе тоқтатады.
      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік шекараны кесіп өтуді уақытша шектеу немесе тоқтату туралы хабарламаны мүдделі мемлекеттерге осындай шешім қабылданған кезден бастап жетпіс екі сағат ішінде дипломатиялық арналар арқылы жібереді.

      15-бап. Теңізде, өзендерде, көлдерде және өзге де су
              айдындарында Мемлекеттік шекараны кесіп өту

      1. Қазақстандық және шетелдік (суүсті және суасты) кемелер, әскери корабльдер, мұз үстімен жылжитын құралдар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес теңізде, өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында Мемлекеттік шекараны кесіп өтеді.
      2. Шетелдік суасты кемелері (құралдары) аумақтық суларда (теңізде) Мемлекеттік шекараны су үстімен және туын көтеріп кесіп өтеді және жүзеді.
      3. Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттердің порттарына кірмей, Мемлекеттік шекараны кесіп өте отырып, шекаралық өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында кеменің жүзуі Қазақстан Республикасы ратификациялаған, шектес мемлекетпен жасалған халықаралық шартпен реттеледі.
      4. Қазақстандық және шетелдік (суүсті және суасты) кемелер, шетелдік әскери корабльдер, мұз үстімен жылжитын құралдар Мемлекеттік шекараны кесіп өткен және Қазақстан Республикасының порттарына (рейдтеріне) кіріп немесе кірмей, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда жүзген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының порттарынан (рейдінен) Мемлекеттік шекараға қарай жүзген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің талап етуі бойынша:
      1) егер өз туы көтерілмеген болса, оны көрсетуге;
      2) егер ол жүзу үшін тыйым салынған немесе уақытша қауіпті ауданға, сондай-ақ жасанды аралдың, қондырғының немесе құрылыстың айналасында белгіленген қауіпсіздік аймағына бағыт алса не жүзу режимін басқа да бұзушылыққа әкеп соғатын болса, бағытын өзгертуге;
      3) аумақтық суларға (теңізге) немесе ішкі суларға кіру мақсаты, қозғалыс схемасынан ауытқу себептері туралы хабарлауға;
      4) тексеру (кеме жайларын қарап тексеру) үшін тоқтауға және қарап тексеру тобын қабылдауға, кеме және навигация құжаттарын, экипаж мүшелері мен жолаушылардың құжаттарын, жүктерге немесе тауарларға құжаттарды ұсынуға;
      5) бағытты өзгертіп, Қазақстан Республикасының портына немесе өзге де көрсетілген пунктке баруға;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
      Осы баптың 4-тармағы 4) және 5) тармақшаларының ережелері шетелдік әскери корабльдер мен коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын шетелдік мемлекеттік кемелерге қолданылмайды.
      5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген қазақстандық және шетелдік кемелерге:
      1) өткізу пункттері ашылмаған Қазақстан Республикасының порттарына (рейдтеріне) кіруге;
      2) қозғалыстың белгіленген схемаларынан ауытқуға, жүзу үшін тыйым салынған немесе жүзу үшін уақытша қауіпті ауданға, сондай-ақ жасанды аралдың, қондырғының немесе құрылыстың айналасында белгіленген қауіпсіздік аймағына, егер осындай аудан немесе аймақ туралы теңізде жүзушілерге хабарламаларда хабарланса, кіруге;
      3) аялдауға, адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге), кез келген жүзу құралдарын суға түсіруге немесе бортқа қабылдауға, кез келген ұшу аппаратын, оның ішінде пилотсыз ұшу аппаратын әуеге көтеруге, қондыруға немесе бортқа қабылдауға, кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті уәкілетті органның рұқсатынсыз не осындай рұқсаттың шарттарын бұза отырып жүргізуге тыйым салынады.
      6. Шетелдік әскери корабльдер және коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын басқа да шетелдік мемлекеттік кемелер болжамдалған кіру күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей дипломатиялық арналар арқылы сұрау салынатын, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің алдын ала рұқсаты бойынша аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға кіру үшін Мемлекеттік шекараны кесіп өтеді.

      16-бап. Кәсіпшілік жүргізуші қазақстандық кемелердің
              теңізде, өзендерде, көлдерде және өзге де су
              айдындарында Мемлекеттік шекараны бірнеше рет
              кесіп өту құқығы

      1. Аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраң үстінде кәсіпшілікті шетелдік кемелерге кәсіпшілік өнімдерін ауыстырып тиемей жүзеге асыратын қазақстандық кемелер, сондай-ақ мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында балық және өзге де өнімдерді өткізу немесе өндіру үшін кәсіпшілік өнімдерін жеткізу болып табылатын кәсіпшілік қызметін жүргізген жағдайда, өздеріне қатысты шекаралық бақылау жүзеге асырылған қазақстандық кемелер Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсаты негізінде шекаралық, кедендік бақылаудан және бақылаудың өзге де түрлерінен өтпестен, Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өте алады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қазақстандық кемелерге:
      1) шет мемлекеттің аумақтық суларына (теңізге), ішкі суларына, шетелдік порттарға кіруге;
      2) адамдар мен кемелерді құтқару қажеттігінен туындаған немесе кеменің капитаны бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін дереу хабардар ететін басқа да төтенше жағдайларды қоспағанда, шетелдік кемелердегі, сондай-ақ өздеріне қатысты шекаралық бақылау жүзеге асырылған қазақстандық кемелердегі адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге) тыйым салынады.
      3. Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өтуге рұқсат беру тәртібін, осындай рұқсат қолданысының кеңістіктегі және уақыттық шектерін, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетілген қазақстандық кемелерді бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      17-бап. Әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны кесіп өту

      1. Мемлекеттік шекараны кесіп өту орнынан өткізу пункттеріне дейін және кері қарай ұшатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде әуе кемелері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы уәкілетті органның мынадай талаптарын орындауға:
      1) егер ұшу үшін тыйым салынған немесе уақытша қауіпті ауданға апаратын болса, бағытты өзгертуге;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіру мақсаттары немесе ұшу жоспарынан ауытқу себептері туралы хабарлауға;
      3) көрсетілген жерге келіп қонуды жүзеге асыруға міндетті.
      2. Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері қарай бағытта ұшу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде, дүлей зiлзаланы, апатты, аварияны, авариялық жағдайды және адамдардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да жағдайларды қоспағанда, әуе кемелеріне:
      1) ұшу жоспарында көрсетілмеген, халықаралық болып табылмайтын әуежайларға немесе әуеайлақтарға, сондай-ақ әуежайлардан және әуеайлақтардан тыс жерлерге қонуға (ұшып көтерілуге);
      2) белгіленген (ұсынылған) дәліздерден және ұшу маршруттарынан ауытқуға, аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жарияланған, ұшуға тыйым салынған аймақтар мен ұшу шектелген аймақтар аумағының үстінен ұшып өтуге;
      3) адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге) тыйым салынады.
      3. Ерекше жағдайларда техникалық, мәжбүрлі түрде қонуларды және гуманитарлық рейстерді, сондай-ақ мемлекеттік міндеттерді орындауға байланысты халықаралық ұшуларды орындау кезінде әуе кемелерінің қонуы мен ұшып шығуы халықаралық болып табылмайтын әуежайлардан немесе әуеайлақтардан жүргізіледі. Көрсетілген ұшулар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарымен және өзге де мемлекеттік органдармен келісім бойынша азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар берген уақытша рұқсат болған кезде орындалады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      18-бап. Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өту

      1. Мынадай төтенше жағдайларға:
      1) дүлей зілзалаларға, апаттарға, аварияларға, авариялық жағдайға және адамдардың өміріне немесе денсаулығына, қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери корабльдің, мұз үстімен жылжитын құралдардың, сондай-ақ әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа да жағдайларға;
      2) қазақстандық немесе шетелдік бүлінген кемені, шетелдік әскери корабльді, мұз үстімен жылжитын құралдарды тіркеп сүйретуге;
      3) құтқарылған адамдарды жеткізуге;
      4) қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери корабльдің, мұз үстімен жылжитын құралдардың экипаж мүшелеріне немесе жолаушыларына шұғыл медициналық көмек көрсетуге байланысты Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өту (белгіленген орындардан, теңіз немесе әуе дәліздерінен тыс) оны кесіп өту тәртібін бұзу болып табылмайды.
      2. Қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери корабльдің, мұз үстімен жылжитын құралдардың капитаны (кеме жүргізушісі), әуе кемесінің командирі Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өткен немесе Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері қарай бағытта жүрудің осы Заңда айқындалған тәртібін мәжбүрлі түрде сақтамаған жағдайда:
      1) бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне дереу хабар беретін жақын жердегі қазақстандық теңіз немесе өзен портының, әуежайдың немесе әуеайлақтың әкімшілігін дереу хабардар етуге;
      2) көмек көрсету немесе болған мән-жайларды анықтау үшін келген, уәкілетті органдардың, Қазақстан Республикасының шекаралық немесе әскери кораблі командирінің, теңіз, өзен кемесі капитанының немесе әуе кемесі командирінің нұсқауларына сәйкес әрекет етуге міндетті.
      3. Өзге де адамдар және көлік құралдары Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде кесіп өткен немесе Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейін немесе кері қарай жүрудің осы Заңда айқындалған тәртібін мәжбүрлі түрде сақтамаған жағдайда:
      1) бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жақын жердегі бөлімі (бөлімшесі) басшылығына дереу хабардар етуге;
      2) болған мән-жайларды анықтау үшін келген, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілінің нұсқауларына сәйкес әрекет етуге міндетті.

      19-бап. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк
              құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу. Өткізу
              пункттері

      1. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ашылған өткізу пункттерiнде жүргізіледі.
      2. Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларын, сондай-ақ олардың жұмысын техникалық жарақтандыру және ұйымдастыру бойынша талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Өткізу пункттерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      4. Өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыру үшін өз құзыреті шегінде жауап беретін бақылаушы органдардың бөлімшелері орналастырылады.
      5. Өткізу пункттерінде адамдарды өткізген кезде Мемлекеттік шекара ретінде паспорттық бақылау сызығы қолданылады.
      6. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
      7. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды өткізу Қазақстан Республикасына кіру немесе Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттар болған, сондай-ақ осы адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер болмаған кезде жүзеге асырылады.
      8. Мемлекеттік шекара арқылы көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу мемлекеттік кіріс органдарының және өзге де бақылаушы органдардың көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету құқығына рұқсат беру белгілері болған кезде жүзеге асырылады.
      9. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу шекаралық бақылау рәсімі аяқталғаннан кейін және өткізу пункті шегінен адам, көлік құралы шыққан немесе жүктер мен тауарлар әкетілген кезде аяқталған болып есептеледі.
      10. Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген не кіруі шектелген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынғаны туралы шешім қабылданған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Мемлекеттік шекара арқылы өткізілуге жатпайды. Өткізу пунктіне келген және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу үшін негіздемелері жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өздері келген елге немесе өзі азаматы болып табылатын елге қайтарылады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      20-бап. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған
              тәртібі. Оңайлатылған өткізу пункттері

      1. Мемлекеттік шекара арқылы өткізудің оңайлатылған тәртібі Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарында тікелей белгіленеді, оларда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес оңайлатылған өткізу пункттері жабдықталады.
      2. Мемлекеттік шекара арқылы оңайлатылған өткізу пункттерінде жүктер мен тауарларды коммерциялық мақсаттарда өткізуге тыйым салынады.

      21-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар туындаған кезде Мемлекеттік шекара
              арқылы өткізу

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою үшін авариялық-құтқару құралымдарын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен жүргізіледі.

      22-бап. Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара
              арқылы кемелерді өткізу

      Ерекше жағдайларда Мемлекеттік шекара арқылы адамдар мен көлік құралдарын өткізуді Қазақстан Республикасы тиісті аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдары әуежайлардың немесе әуеайлақтардың, теңіз немесе өзен порттарының әкімшілігімен бірлесіп, кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесін хабардар ете отырып:
      1) халықаралық болып табылмайтын әуежайлардан немесе әуеайлақтардан арнайы халықаралық ұшуды орындайтын әуе кемелеріне;
      2) халықаралық ұшуды орындайтын, белгіленбеген орындарда мәжбүрлі түрде қонуды жүзеге асырған қазақстандық және шетелдік әуе кемелеріне;
      3) халықаралық тасымалдауды орындайтын қазақстандық кемелерге және мұз үстімен жылжитын құралдарға, айлақтарға, кемежайларға не қазақстандық жағаға жүзіп келген, Қазақстан Республикасының өткізу пункттері жоқ теңіз және өзен порттарына (рейдтеріне) мәжбүрлі түрде кіруді жүзеге асырған шетелдік (суүсті және суасты) кемелерге, шетелдік әскери корабльдерге, мұз үстімен жылжитын құралдарға қатысты жүзеге асырады.

      23-бап. Өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық іс-әрекеті түрлерінің бірі өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау болып табылады.
      2. Адамдарға, көлік құралдарына, жүктер мен тауарларға қатысты өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау:
      1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту заңдылығын айқындау, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды анықтау, сондай-ақ өздеріне қатысты Қазақстан Республикасына кіру және Қазақстан Республикасынан шығу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулері бар адамдарды анықтау мақсатында құжаттарды және адамдарды тексеруді, оның ішінде биометрлік дербес деректерді өңдеу арқылы тексеруді, сондай-ақ адамдарға сауалнама жүргізуді;
      2) көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың Мемлекеттік шекара арқылы өткізілу заңдылығын айқындау, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында барлық бақылаушы органдардың рұқсат беру белгілерінің болуын тексеруді;
      3) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды табу және ұстау мақсатында көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарауды, қажет болған жағдайларда – арнайы (жан-жақты) тексеріп қарауды;
      4) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзу белгілері болған кезде адамдарды тексеріп қарауды;
      5) Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарынан өткізу пункттеріне дейін не өткізу пункттерінен Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарына дейін көлік құралдарын алып жүруді қамтиды.
      3. Осы Заңның 22-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінен тыс жерлерде шекаралық бақылау жүргізуге жол берілмейді.

      24-бап. Шекаралық белдеуге кіру, онда уақытша болу,
              тұру немесе жүріп-тұру және шекаралық белдеудің
              үстімен ұшуды жүзеге асыру

      1. Адамдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатынсыз шекаралық белдеуге кіруіне, онда уақытша болуына, тұруына немесе жүріп-тұруына тыйым салынады.
      2. Адамдардың шекаралық белдеуге кіруі жеке басын куәландыратын құжаттары және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі беретін арнайы рұқсаттамалары болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
      3. Жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдардың басшыларын өз қызметтік міндеттерін орындаған кезде шекаралық белдеуге өткізу жеке басын куәландыратын құжаттар болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
      4. Өздеріне жүктелген міндеттерді атқарған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің авиациясы, басқа да уәкілетті органдардың авиациясы орындайтын ұшуды қоспағанда, халықаралық ұшуды орындамайтын әуе кемелеріне әуе кеңістігінде шекаралық белдеудің үстінен ұшуға тыйым салынады. Шекаралық белдеуде уәкілетті органдар авиациясының ұшуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен жүзеге асырылады.
      5. Осы баптың 1 және 4-тармақтарында көзделген шектеулер шекаралық белдеудің сыртқы шекарасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік құрылыстары мен бөгеуіштері шебіне дейінгі жергілікті жер белдеуінде, сондай-ақ оның үстіндегі әуе кеңістігінде қолданылады.
      6. Халықаралық ұшуды орындамайтын әуе кемелерінің әуе кеңістігінде шекара кеңістігінің өзге де аумағының үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен орындалады.

      25-бап. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде
              шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті
              жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де
              іс-шараларды өткізу

      1. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар береді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін ескере отырып, осы Заңға сәйкес рұқсаттамалардың қолданылуына шектеу енгізуі немесе оны уақытша тоқтата тұруы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне рұқсаттама алуға ұсынулар енгізу кезінде жеке және заңды тұлғалар кәсіпшілік және өзге де кемелерде, көлік және өзге де техникалық құралдарда пайдаланылатын жұмыс жүргізудің немесе іс-шаралар өткізудің сипаты, орны, қатысушылары, уақыты туралы, ал қажет болған жағдайларда, егер бұл шектес мемлекетпен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында ескертілсе, Мемлекеттік шекараны кесіп өту орны мен уақыты туралы мәліметтерді енгізеді.
      3. Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде жүзеге асырылатын (жүргізілетін) шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызмет, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шаралар:
      1) Қазақстан Республикасының, шектес мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне залал келтірмеуге немесе залал келтіру қатерін тудырмауға;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстауына және міндеттерді орындауына кедергі жасамауға;
      3) Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті бұзбауға тиіс.
      4. Шекаралық белдеуде кәсіпшілік мақсатта аң аулауға тыйым салынады. Көрсетілген шектеулер шекаралық белдеудің сыртқы шекарасынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарының сызығына дейінгі жергілікті жер белдеуінде де қолданылады.
      5. Режимдік шектеулердің қолданысын оң экологиялық сараптама болған және су көздері санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болған кезде уақытша тоқтата тұруға жол берілетін, шекаралық белдеуде орналасқан шекаралық өзендердің, көлдердің және өзге де су айдындарының суларындағы су алатын, суға шомылатын, жануарларды суаратын орындарды жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі белгілейді.

      26-бап. Карантин белдеуі

      1. Жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында тікелей Мемлекеттік шекара бойында карантин белдеуі жабдықталады.
      2. Карантин белдеуі шегінде карантин режимін сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен айқындалады.

      27-бап. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу

      1. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешуге біржақты немесе шектес мемлекетпен бірлесіп тергеу жүргізу, шекарадағы тосын оқиғаларды Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттің шекара өкілдерінің отырыстарында қарау арқылы қол жеткізіледі.
       3. Ақпарат алмасу үшін Мемлекеттік шекарада хат-хабар алмасу пункттері орнатылады.
      4. Шекарадағы тосын оқиғалар бойынша бірлескен тергеулер және шекара өкілдерінің өзге де отырыстары шекара өкілдерінің кездесу пункттерінде өткізіледі. Қажет болған жағдайда аталған қызмет шекарадағы тікелей тосын оқиға болған жерде ұйымдастырылуы мүмкін.
      5. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу бойынша қызметті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
      Әуе кеңістігінде шекарадағы тосын оқиғаларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілдері сарапшылар ретінде тартылады.
      6. Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тергеуге өзге де уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуы мүмкін.
      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі реттемеген шекарадағы тосын оқиғаларды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шешеді.

      28-бап. Шекара өкілдері

      1. Шекара өкілдері өз қызметінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
      2. Шекара өкілдерінің қызметі халықаралық ынтымақтастық нысандарының бірі болып табылады және ол Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен достық қатынастарын дамытуға бағытталған.

      29-бап. Мемлекеттік шекара режимін бұзу

      1. Мынадай:
      1) Мемлекеттік шекараны (Каспий теңізіндегі Мемлекеттік шекара учаскесін қоспағанда) күтіп-ұстаудың;
      2) Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің;
      3) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізудің;
      4) шекаралық белдеуге кірудің, онда уақытша болудың, тұрудың, жүріп-тұрудың және шекаралық белдеудің үстімен ұшуды жүзеге асырудың;
      5) Мемлекеттік шекарада және шекаралық белдеуде шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге қызметті жүргізудің, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізудің;
      6) Мемлекеттік шекараны бұзуға байланысты шекарадағы тосын оқиғаларды шет мемлекетпен шешудің белгіленген тәртібін сақтамау Мемлекеттік шекара режимін бұзу болып танылады.
      2. Адамдардың және көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің белгіленген тәртібін кез келген санкциясыз бұзуы Мемлекеттік шекараны бұзу болып табылады.

      30-бап. Мемлекеттік шекараны бұзушылар

      Мыналар:
      1) Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерiнен тыс жерде немесе өткізу пункттерiнде кез келген тәсілмен, бірақ оны кесіп өтудiң белгіленген тәртібін бұзу арқылы кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет еткен адамдар;
      2) Қазақстан Республикасынан заңсыз шығу мақсатында шетелге бара жатқан қазақстандық немесе шетелдiк көлік құралдарына кiрген немесе кіруге әрекет жасаған адамдар;
      3) аумақтық суларға (теңiзге) немесе ішкі суларға, сондай-ақ шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлігіне, осы суларға кірудің белгіленген тәртібін бұза отырып кiрген шетелдiк әскери емес кемелер және әскери корабльдер, оның ішінде су астымен Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе Қазақстан Республикасының суларында жүзу және тұру кезiнде су астында болған шетелдiк сүңгуiр қайықтар және басқа да көлiк құралдары (объектілері);
      4) белгіленген тәртіпті бұза отырып Мемлекеттік шекараны кесіп өткен, сондай-ақ Мемлекеттік шекарадан белгіленген әуежайларға немесе әуеайлақтарға ұшу кезінде не Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өту кезінде әуе кеңістігін пайдаланудың белгіленген қағидаларын бұзған әуе кемелері және өзге де, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттары;
      5) Мемлекеттік шекараны тиiстi рұқсатсыз немесе белгiленген тәртiптi бұза отырып, кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет жасаған өзге де адамдар, техникалық және өзге де құралдар Мемлекеттік шекараны бұзушылар болып танылады.

4-тарау. ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІНДЕГІ РЕЖИМ

      31-бап. Өткізу пункттеріндегі режим

      1. Өткізу пункттеріндегі режим – адамдардың, көлік құралдарының өткізу пункттеріне кіру, оларда болу, жүріп-тұру және олардан шығу, жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібі осы Заңмен белгіленеді.
      2. Өткізу пункттерінің аумағы режимдік аумақ болып табылады.
      3. Өткізу пункттеріндегі режим:
      1) адамдардың, көлік құралдарының Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуі, жүктердің және тауарлардың өткізілуі;
      2) өткізу пункттеріндегі жабық орындарға, үй-жайларға (объектілерге), сондай-ақ шетелге бара жатқан көлік құралдарына бөгде адамдардың кіруі мүмкіндігін болғызбауға тиіс.
      4. Өткізу пунктіндегі режимді бақылауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады және ол өткізу пунктінде адамдар мен көлік құралдарының кіру, болу, жүріп-тұру, шығу; жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібін сақтау жөніндегі тексеру және өзге де іс-шараларды өткізуді білдіреді.

      32-бап. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік
              құралдарының кіру, шығу, жүктер мен тауарларды
              әкелу, әкету тәртібі

      1. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының кіруі, шығуы, жүктер мен тауарларды әкелу, әкету, оларда Қазақстан Республикасына кіруге немесе Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретін құжаттар, сондай-ақ көлік құралдарына құжаттар болған кезде сол үшін белгіленген орындарда жүзеге асырылады.
      2. Адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды ресімдеумен және оларға қызмет көрсетумен айналысатын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің, мемлекеттік кіріс органдары және өзге де органдар, көлік ұйымдары қызметкерлерінің өткізу пункттеріне кіруі:
      1) теміржол, автомобиль, теңіз және өзен өткізу пункттерінде – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
      2) авиациялық өткізу пункттерінде – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің келісімі бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттамалар бойынша жүзеге асырылады.
      3. Өткізу пункттеріне кіруге, шығуға рұқсат беру тәртібі (арнайы рұқсаттамалар негізінде) жоғарыда аталған органдар мен ұйымдардың қызметтік көлігіне қатысты да белгіленеді.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      33-бап. Өткізу пункттерінде адамдар мен көлік
              құралдарының болу, жүріп-тұру, жүктер мен
              тауарларды орналастыру және өткізу тәртібі

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өткізу пунктінде қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік кіріс органдарымен және өзге де органдармен, сондай-ақ көлік ұйымдарымен келісу бойынша:
      1) өткізу пунктінде адамдар мен көлік құралдарының жүріп-тұру, жүктер мен тауарлардың өткізілу схемасын, сондай-ақ қызметтік көліктің жүріп-тұру тәртібі мен тұрақ орындарын айқындайды;
      2) шекаралық және басқа да бақылау түрлері жүзеге асырылатын үй-жайлар мен өзге де орындарға, сондай-ақ шетелге бара жатқан көлік құралдарына қол жеткізу тәртібін белгілейді;
      3) өткізу пунктінде белгіленген режимнің орындалуын бақылау шараларын әзірлейді және қамтамасыз етеді.
      2. Өткізу пункттерінде (автомобиль өткізетін пункттен басқа) шетелге бара жатқан көлік құралдарының орны мен тұру ұзақтығын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің келісімі бойынша көлік ұйымдарының әкімшілігі айқындайды.
      3. Шетелге бара жатқан көлік құралдары өткізу пунктінің аумағынан кету үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатымен ғана қозғалыс жасауды бастайды, сол сияқты тұрақ орнын ауыстырады.
      4. Шекаралық және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыру кезеңінде адамдардың көлік құралдарына, оның ішінде шетелге бара жатқан көлік құралдарына, өткізу пункттерінде өткізілетін жүктер мен тауарларға қол жеткізуіне тыйым салынады.
      5. Жолаушылардың өткізу пунктінен кетуі немесе оған келуі кезінде оларды шетелге бара жатқан көлік құралдарына отырғызу (құралдарынан түсіру) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің рұқсатымен жүзеге асырылады, ал жүктер мен тауарларды тиеу (түсіру) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының рұқсатымен жүргізіледі.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.

      34-бап. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды
              тексеріп қарау

      1. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды жете тексеруді белгіленген және арнайы жабдықталған орындарда (тәуліктің кез келген уақытында, қажет болған жағдайда көлік ұйымы белгілеген көлік құралының кету уақытына қарамастан, оның ішінде қайтадан жете тексеруді) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүргізеді.
      2. Кеден одағына мүше мемлекеттермен Мемлекеттік шекарада көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
      3. Арнайы рұқсаттамалар ресiмделген, пломба салынған (мөрленген) вагондар, контейнерлер, автомобильдер, трюмдер және көлік құралдарының өзге де үй-жайлары, сондай-ақ жүктер мен тауарлар, егер орамасының, мөрлерінің, пломбаларының бүтіндігі бұзылған болса, сондай-ақ оларда бөгде адамдарды жасыру белгілері болған жағдайларда, жете тексеру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің талап етуі бойынша ашылады.
      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      35-бап. Адамдардың жекелеген санаттарын өткізу
              пункттеріне жіберу

      1. Дипломатиялық өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң, сондай-ақ оларға теңестiрiлген, Қазақстан Республикасында аккредиттелген, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі беретін рұқсаттамалары болған кезде, өткізу пункттеріндегі шекаралық және өзге де бақылау түрлері жүзеге асырылатын үй-жайларға және өзге де орындарға жіберіледі.
      2. Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің елшілері көрсетілген режимдік аймақтарға аккредиттелген куәліктер негізінде жіберіледі.
      3. Белгіленген үлгідегі рұқсаттамалары бар, бірақ қызметті ұйымдастырумен және бақылаумен айналыспайтын, сондай-ақ адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды ресімдеу және оларға қызмет көрсету бойынша ауысымда жүрмеген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне, мемлекеттік кіріс органдарының және өзге де органдардың, көлік ұйымдарының қызметкерлеріне өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады.
      4. Шетелде болған кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына кіруге құқық беретін құжаттарын жоғалтқан, өткізу пунктіне келген Қазақстан Республикасының азаматтары өткізу пункттерінде олардың жеке басын анықтау үшін қажетті уақытқа ерікті түрде қалдырылады. Оларды өткізу пунктінде күтіп-ұстау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды.
      5. Өткізу пунктіне келген Қазақстан Республикасы азаматының жеке басы расталмаған жағдайда, ол аумақ бойынша Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына тапсырылуға жатады.
      Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының аталған азаматтарына қатысты қабылданған шешім туралы хабарлайды.
      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      36-бап. Өткізу пункттерінде қызметін жүзеге асыратын
               мемлекеттік кіріс органдарының және өзге де
               органдардың, көлік ұйымдарының белгіленген
               режимді ұстап тұру мәселелері жөніндегі
               міндеттері

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 28.11.2014 № 257-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз).

      1. Халықаралық тасымалдауларға қатысушы көлік ұйымдарының қызметкерлері, оның ішінде көлік құралдарының иелері:
      1) бөгде адамдардың көлік құралдарына кіруіне, олармен басқа жүктерді және тауарларды алып өтуіне жол бермеу шараларын қолдануға;
      2) өткізу пунктінде болған кезде пломба салынған (мөрленген) вагондарды, контейнерлерді, автомобильдерді, трюмдерді және көлік құралдарының өзге де үй-жайларын, сондай-ақ жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талабы бойынша жете тексеру үшін ашуға міндетті. Мемлекеттік кіріс органдарының бөлімшелері бар өткізу пункттерінде ашу олардың өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі;
      3) өткізу пунктіне келу және алдағы шекаралық бақылау туралы жолаушыларға хабар беруге, жолаушылардың көлік құралы бойынша жүріп-тұруын шектеуге, жолаушылар саны және олардың жол жүру кезіндегі мінез-құлқы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдеріне ақпарат беруге міндетті.
      2. Өткізу пунктінде қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік кіріс органдарының және өзге де органдардың, көлік ұйымдарының басшылары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін:
      1) жұмыс аяқталған соң қалған қызметкерлер туралы;
      2) өткізу пунктінде жұмыстан шығарылған немесе міндеттерін орындаудан шеттетілген адамдар туралы, олар жұмыстан шығарылғаннан, басқа лауазымға немесе жұмыс учаскесіне ауыстырылғаннан кейін не өзге де мән-жайлар туындағанда, олардан алып қойылған рұқсаттамаларды ұсына отырып, жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар етеді.
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      37-бап. Өткізу пункттердегі шаруашылық және
              өзге де қызмет

      Өткізу пункттерінде жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      38-бап. Өткізу пункттеріндегі режимді бұзу

      Осы Заңға сәйкес белгіленген өткізу пункттеріне адамдардың, көлік құралдарының кіруі, оларда болуы, жүріп-тұруы және олардан шығуы, оларға жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібін сақтамау өткізу пункттеріндегі режимді бұзу болып танылады.

5-тарау. ШЕКАРА РЕЖИМІ

      39-бап. Шекаралық аймақ

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі шекара маңындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағы шегінде осы Заңда айқындалған шекара режимі қолданылатын шекаралық аймақты белгілейді.
      2. Шекара режимі – шекаралық аймаққа кірудің, онда уақытша болудың, тұрудың немесе орын ауыстырудың, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізудің белгіленген тәртібі.
      3. Шекара режимінің негізгі мақсаты Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы шекаралық аймақта белгіленген тәртіпті қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі шекаралық аймаққа кіретін жерлерде жол (ақпараттық) белгілерін орнатады.
      5. Шекаралық аймақта Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өтеусіз, тұрақты пайдалануға инженерлік-техникалық құрылыстар мен бөгеуіштерді, коммуникацияларды, өткізу пункттерін және Мемлекеттік шекара инфрақұрылымының өзге де объектілерін жайластыру мен күтіп-ұстау үшін пайдаланылатын жер белдеулері (учаскелері) бөлінеді.
      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісілген жергілікті атқарушы органдардың ұсынулары бойынша шекаралық аймаққа кіретін шекара маңы аумақтарының тізбесі белгіленеді, онда Қазақстан Республикасының Үкіметі жекелеген режимдік шектеулердің қолданысын алып тастауы немесе тоқтата тұруы мүмкін.
      7. Шекара режимін бақылауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жүзеге асырады.

      40-бап. Шекаралық аймаққа кіру

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының шекаралық аймаққа кіруі жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады.
      2. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың шекаралық аймаққа кіруі жеке басын куәландыратын құжаттар және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі беретін шекаралық аймаққа кіруге арналған рұқсаттамалар бойынша жүзеге асырылады.
      3. Шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасынан шығу мақсатында өткізу пунктіне халықаралық теміржол және автомобиль қатынасы жолдарымен барған жағдайда, олардың шекаралық аймаққа кіруі жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша жүргізіледі. Осы санаттағы адамдарға жүру маршрутын өзгертуге тыйым салынады.

      41-бап. Шекаралық аймақта уақытша болу, тұру және
              жүріп-тұру

      1. Шекаралық аймақтағы адамдар жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ осы Заңның 40-бабында көрсетілген рұқсат беру құжаттарын үнемі өздерімен бірге алып жүруге тиіс.
      2. Қазақстан Республикасына оңайлатылған өткізу пункттері арқылы кірген шетелдіктер (шектес мемлекеттердің шекара маңы аудандарының тұрғындары) шекаралық аймақта жеке басын куәландыратын құжаттары және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі беретін арнайы рұқсаттамалар бойынша, егер Қазақстан Республикасының шектес мемлекетпен халықаралық келісімдерінде осылай көзделген болса, жүріп-тұрады.
      3. Шекаралық аймаққа кіруді, онда уақытша болуды, тұруды және жүріп-тұруды бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне жүктеледі, олар шекаралық аймаққа кіретін жерлерді келісім бойынша белгілейді.

      42-бап. Шекаралық аймақта қоғамдық-саяси,
              мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу

      1. Шекаралық аймақта қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар ете отырып, жүзеге асырылады.
      2. Хабарламаны жоспарланатын іс-шараны тікелей ұйымдастырушы енгізеді және онда іс-шараның сипаты, орны, уақыты және оған қатысушылар саны туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жергілікті атқарушы органдардың немесе өзге де уәкілетті органдардың, сондай-ақ іс-шараны тікелей ұйымдастырушының атына шекаралық аймақта құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған қосымша шаралар қолдану бойынша ұсынулар енгізуге құқылы.

      43-бап. Шекара режимін бұзу

      Осы Заңға сәйкес белгіленген шекаралық аймаққа кіру (өту), онда уақытша болу немесе жүріп-тұру, шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де іс-шараларды өткізу тәртібін сақтамау шекара режимін бұзу болып танылады.

6-тарау. АУМАҚТЫҚ СУЛАР (ТЕҢІЗ) ЖӘНЕ ІШКІ СУЛАР РЕЖИМІ

      44-бап. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі

      1. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар шегінде аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі қолданылады, ол:
      аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық шағын көлемдi өздiгiнен жүзетiн және өздiгiнен жүзбейтiн (суүсті және суасты) кемелердi (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды есепке алу, күтіп-ұстау, олардың орналасу пункттерінен шығу және орналасу пункттеріне қайтып оралу, суда болу;
      қазақстандық кемелердің, шетелдік кемелер мен әскери корабльдердің, мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда жүзу (пайдаланылу);
      аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның табиғи минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізу тәртібін белгілейді.
      2. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимі осы Заңда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленеді.
      3. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимінің негізгі мақсаты Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады.

      45-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен
              жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерді
              (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды
              есепке алу

      1. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда пайдаланылатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерді (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі есепке алуға тиіс.
      2. Кемелерді және мұз үстімен жылжитын құралдарды есепке алу Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз Күштерінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери корабльдеріне және өзге де кемелеріне, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда міндеттерді өз құзыреті шегінде орындайтын уәкілетті органдарға тиесілі, сондай-ақ халықаралық тасымалдауларды орындаған кезде тиісті теңіз немесе өзен порттарында тіркелімге алынған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен ұйымдарға тиесілі қазақстандық шағын көлемді кемелерге және мұз үстімен жылжитын құралдарға қолданылмайды.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі күзететін Каспий теңізінің жағалауы маңына, шекаралық өзендердің, көлдердің және өзге де су айдындарының жағасына азаматтар уақытша келетін қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелер (құралдар) және мұз үстімен жылжитын құралдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде уақытша есепке қойылуға тиіс.

      46-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және
              өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты)
              кемелерді (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын
              құралдарды күтіп-ұстау

      1. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелер (құралдар) және мұз үстімен жылжитын құралдар тиісті кемежайларда, айлақтарда және орналасу пункттерінде немесе оларды күтіп-ұстау орны бойынша тіркелімге алынуға және олардың тоқтап тұратын тұрақты орны болуға тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың жекелеген типтеріне қатысты күтіп-ұстаудың өзге де тәртібін белгілейді, бұл туралы иесінің тіркеу құжаттарында арнайы мөртабан басылады.
      3. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерді (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын құралдарды танып айыру үшін олардың иесі тұмсық бөлігінің және артқы жағының борттарына берілген тіркеу нөмірлері мен жазуларды жазады. Нөмірді әуеден танып айыру үшін бөлменің жоғарғы бөлігінде, ал ол болмаған кезде – тұмсық бөлігінде арнайы жабдықталған алаңшада жазылуға тиіс.
      Көрсетілген талап олардың штаттағы және штаттан тыс құтқару құралдарына (шлюпкаларға, дөңгелектерге, белдіктерге) қолданылады.

      47-бап. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен
              жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің
              (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын
              құралдардың кемежайлары, айлақтары және орналасу
              пункттері

      1. Каспий теңізінің жағалауы маңындағы, шекаралық өзендердің, көлдердің және өзге де су айдындарының жағаларындағы қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерге (құралдарға) және мұз үстімен жылжитын құралдарға арналған кемежайларды, айлақтарды және орналасу пункттерін тиісті жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісілген рұқсаттары негізінде ұйымдар жабдықтайды.
      2. Кемежайлардың, айлақтардың және орналасу пункттерінің:
      1) аумаққа бөгде адамдардың кіру мүмкіндігін болғызбайтын қоршалымы;
      2) суда және жағада тұратын шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелер (құралдар) және мұз үстімен жылжитын құралдар үшін бекіткіштері, сондай-ақ оларды сақтауға арналған орындары;
      3) аспалы моторларды, желкендерді және ескектерді сақтайтын арнайы үй-жайлары;
      4) күзетке арналған үй-жайлары;
      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесімен байланыс құралдары болуға тиіс.
      3. Ұйымдардың басшылары – кемежайлардың, айлақтардың және орналасуға арналған орындардың меншік иелері оларды тиісті түрде жабдықтаумен, күзетпен және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің тиісті бөлімшесімен байланыс құралымен қамтамасыз етуге міндетті.

      48-бап. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және
              өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты)
              кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен
              жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге)
              және ішкі суларға шығуы

      1. Егер осы Заңмен өзгеше тәртіп белгіленбесе, қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі беретін рұқсаттамалар негізінде жүргізіледі.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне рұқсаттамаларды алуға ұсынулар енгізу кезінде жеке және заңды тұлғалар шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығу мақсаттары, уақыты және маршруты (аудандары), олардың типтері және тіркеу нөмірлері, сондай-ақ тіркелімге алу орындары туралы мәліметтерді енгізеді. Енгізілетін ұсынулар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерімен келісілуге тиіс.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекаралық кеңістікте іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде рұқсаттамалардың қолданысын шектеуге немесе уақытша тоқтата тұруға құқылы, бұл туралы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар хабардар етіледі.
      4. Қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуына, егер осы кемелерге (құралдарға) қатысты күтіп-ұстаудың өзгеше тәртібі айқындалмаса, тек қана тәуліктің жарық уақытында олар тіркелімге алынған орындар бойынша кемежайларға, айлақтарға және орналасу орындарына не жағалау маңына қараңғы түскенге дейін оралғанда рұқсат беріледі.
      5. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда өз құзыреті шегінде міндеттерді орындайтын өзге де уәкілетті органдардың (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінен басқа) өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелері (құралдары) және мұз үстімен жылжитын құралдары өздерінің шығуы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін көрсетілген акваторияларда тәуліктің кез келген уақытында шығар алдында хабардар етеді.
      6. Жергілікті атқарушы органдардың және ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумақтық ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен келісілген ұсынулары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл сайын режимдік шектеулердің қолданысы тоқтатыла тұратын – екі мильге дейінгі арақашықтықта теңізге еркін шығуға, белгіленген акваторияда жеке және заңды тұлғалар демалыс, туризм және спорт үшін пайдаланатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың жүзуіне және (немесе) пайдаланылуына жол берілетін Каспий теңізінің жағалауы маңы учаскелерінің тізбесін белгілейді.
      7. Шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың күтіп-ұсталуын, аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуын (шығарылуын), орналасу пункттеріне қайта оралуын есепке алуды бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жүктеледі.

      49-бап. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда
              қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен
              жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің
              (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын
              құралдардың жүзу (пайдаланылу) тәртібі

      1. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың, оның ішінде шағын көлемділерінің жүзуіне және (немесе) пайдаланылуына тек қана рұқсат етілген немесе белгіленген (айқындалған) аудандарда немесе навигациялық-гидрографикалық жабдықпен қамтамасыз етілген қозғалыстың белгіленген схемаларына сәйкес жол беріледі. Оларға:
      1) рұқсат етілген немесе белгіленген (айқындалған) ауданның шегінен шығуға, қозғалыстың белгіленген схемаларынан ауытқуға, егер хабарламаларда ондай аудан немесе аймақ туралы теңізде жүзушілерге хабарланған болса, жүзу үшін тыйым салынған немесе жүзу үшін уақытша қауіпті ауданға, сондай-ақ жасанды аралдың, қондырғы мен құрылыстың айналасында белгіленген қауіпсіздік аймағына кіруге;
      2) егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше тәртіп ескертілмеген болса, аялдауға, адамдарды түсіруге (отырғызуға), кез келген жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге), кез келген жүзу құралдарын суға түсіруге немесе бортқа қабылдауға, кез келген ұшу аппаратын, оның ішінде пилотсыз аппаратты әуеге көтеруге, қондыруға немесе бортқа қабылдауға тыйым салынады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің корабльдері мен катерлеріне аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда түнгі уақытта, белгіленген шамдарсыз жүзуге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайларда корабльдердің және катерлердің командирлері өзге де кемелермен (құралдармен) соқтығысу, өзге де авариялық жағдай тудыру мүмкіндігін болғызбайтын шаралар қолдануға міндетті.
      3. Аумақтық сулардың (теңіздің) белгілі бір аудандарында уәкілетті органдар қазақстандық өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) және мұз үстімен жылжитын құралдардың, оның ішінде шағын көлемділерінің жүзуін шектейді, бұл туралы теңізде жүзушілерге хабарламаларда күні бұрын хабар беріледі.

      50-бап. Шетелдік кемелердің (құралдардың) және мұз
              үстімен жылжитын құралдардың, шетелдік әскери
              корабльдердің жүзу (пайдаланылу) тәртібі

      1. Осы Заңның 4546484952-баптарының талаптары аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда уақытша пайдаланылатын шетелдік өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерге (құралдарға), мұз үстімен жылжитын құралдарға қолданылады.
      2. Аумақтық сулар (теңіз) арқылы жүзіп өтуді жүзеге асыратын шетелдік өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелер (құралдар), сондай-ақ шетелдік әскери корабльдер жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және заңнамасын сақтауға тиіс.
      3. Шетелдік әскери корабль Қазақстан Республикасы белгілеген аумақтық суларда (теңізде) жүзу тәртібін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері одан аумақтық суларды (теңізді) дереу тастап шығуды талап етеді.

      51-бап. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда
              кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де
              қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның
              минералды және жанды ресурстарын сақтауға
              бағытталған қызметті жүргізу

      1. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізу Қазақстан Республикасының экономикалық, экологиялық, қорғаныс және өзге де қауіпсіздігіне залал келтірмеуге немесе онда осындай залал келтіру қатерін болғызбауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және өзге де уәкілетті органдардың міндеттерін орындауына кедергілер жасамауға тиіс.
      2. Аумақтық суларға (теңізге) шығуға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне ұсынулар енгізу кезінде аумақтық суларда (теңізде) теңіздегі ғылыми зерттеулер және (немесе) іздестіру қызметін жүргізу ниеті бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары және ұйымдар осы Заңның 48-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа:
      1) жобаның сипаты және мақсаты;
      2) кемелердің атауын, типін және сыныбын, ғылыми жабдықтың сипаттамасын қоса алғанда, пайдаланылатын әдіс пен құралдар;
      3) жоба жүргізілетін аудандар бойынша нақты географиялық деректер;
      4) зерттеу жүргізетін кемелер келген және кеткен немесе тиісті жағдайларда жабдықтар орналастырылған және алып тасталған күн;
      5) жоба үшін жауапты ұйымның атауы, басшы немесе адам туралы толық ақпарат беруге міндетті.
      3. Аумақтық суларда (теңізде) алдағы жүргізілетін теңіздегі ғылыми зерттеулер және (немесе) іздестіру қызметі туралы жұмыс басталатын күнге дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз Күштерінің Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі хабардар етіледі.
      4. Әуесқой балықшылардың, туристердің, спортшылардың аумақтық суларға (теңізге) және ішкі суларға шығуы, оның ішінде мұз астында балық аулауға шығуы осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес жалпы негіздерде жүзеге асырылады.
      5. Аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті, оның ішінде континенттік қайраңның минералды және жанды ресурстарын сақтауға бағытталған қызметті жүргізуді бақылау өз қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктеледі.

      52-бап. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар
              режимін бұзу

      1. Осы Заңда белгіленген:
      1) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда қазақстандық шағын көлемдi өздiгiнен жүзетiн және өздiгiнен жүзбейтiн (суүсті және суасты) кемелердi (құралдарды) және мұз үстімен жылжитын кемелерді (құралдарды) есепке алу, күтіп-ұстау, олардың орналасу пункттерінен шығу және орналасу пункттеріне қайтып оралу, суда болу;
      2) аумақтық суларда (теңізде) және iшкi суларда, шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлiгiнде кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті жүргізу тәртібін бұзу аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін бұзу болып танылады.
      2. Аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін бұзуға байланысты құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, сондай-ақ осы тарауда көрсетілген өзге де уәкілетті органдар осы Заңға сәйкес заңсыз қызметті тоқтатуға қажетті шаралар қолданады.

7-тарау. КОНТИНЕНТТІК ҚАЙРАҢ РЕЖИМІ

      53-бап. Континенттік қайраң режимі

      1. Континенттік қайраң шегінде теңіз түбі мен жер қойнауының табиғи ресурстарына барлау жүргізуге және оларды игеруге, жасанды аралдарды, қондырғылар мен құрылыстарды жасауға және пайдалануға, оларды консервациялау мен бөлшектеуге, қалдықтар мен өзге де материалдарды көмуге, сондай-ақ теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асырудың континенттік қайраңдағы тәртібі - континенттік қайраң режимі белгіленеді.
      2. Континенттік қайраң режимі Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленеді.
      3. Континенттік қайраң режимінің қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      4. Континенттік қайраң режимінің негізгі мақсаты континенттік қайраңның табиғи ресурстарына барлау жүргізуге және оларды игеруге байланысты қызметті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін қамтамасыз ету болып табылады.
      5. Континенттік қайраң режимін сақтауды бақылау жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жүктеледі.

      54-бап. Континенттік қайраң режимін бұзу

      1. Континенттік қайраңда теңіз түбі мен жер қойнауының табиғи ресурстарына барлау жүргізуге және оларды игеруге, оның ішінде жасанды аралдарды, қондырғылар мен құрылыстарды жасауға және пайдалануға, оларды консервациялау мен бөлшектеуге, қалдықтар мен өзге де материалдарды көмуге, сондай-ақ теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыру тәртібін бұзу континенттік қайраң режимін бұзу болып танылады.
      2. Континенттік қайраң режимінің бұзылуына байланысты құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы Заңға сәйкес заңсыз іс-әрекеттерді тоқтату үшін қажетті шаралар қолданады.

8-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ, ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК
ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ

      55-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
      2) Мемлекеттік шекараның инфрақұрылымын белгілеу тәртібін айқындайды;
      3) Мемлекеттік шекараны санаттарға бөлу қағидаларын айқындайды;
      4) шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілейді;
      5) шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар беру тәртібін айқындайды;
      6) Каспий теңізіндегі Қазақстан Республикасының аумақтық суларының (теңізінің) енін есептеп шығару үшін негізге алынатын сызықтарды, сондай-ақ аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шегін айқындау үшін географиялық нүктелерді (негізгі геодезиялық деректерді көрсете отырып) белгілейді;
      7) Мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде уақытша шектеулер енгізеді немесе оны кесіп өтуді тоқтатады;
      8) карантин режимін енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу немесе екі және одан көп облыстар аумағында оның күшін жою туралы шешім қабылдайды;
      9) өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларын, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, жаңғырту және олардың жұмысын ұйымдастыру, сервистік инфрақұрылым жөніндегі талаптарды айқындайды;
      10) өткізу пункттерінің тізбесін бекітеді;
      11) халықаралық теміржол және автомобиль қатынасы жолдарының Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейінгі учаскелерін белгілеуге және жабдықтауға қойылатын талаптарды, олар бойынша жүру тәртібін, сондай-ақ Мемлекеттік шекарада орналасқан халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы периметрінің қазақстандық бөлігін жабдықтауға қойылатын талаптарды белгілейді;
      12) қазақстандық кемелердің аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда кәсіпшілік қызметті жүргізу үшін Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру тәртібін, рұқсаттар қолданылуының кеңістіктегі және уақыттық шектерін, сондай-ақ аталған кемелерге бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
      13) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісілген ұсынуы бойынша шекаралық режимге кіретін жекелеген шектеулердің қолданысы алып тасталуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін шекаралық аймаққа кіретін шекара маңы аумақтарының тізбесін белгілейді;
      14) өткізу пункттерінде жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызмет түрлерінің тізбесін белгілейді;
      15) шекара белгілерінің нысандарын, көлемдерін, сипаттамасын, конструкциясын және оларды орнату тәртібін айқындайды;
      16) аумақтық сулардағы (теңіздегі) теңіз дәліздерін және қозғалыстарды бөлу схемаларын белгілейді;
      17) Мемлекеттік шекара комиссиясы туралы ережені бекітеді және оның қызметін ұйымдастырады;
      18) шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға азаматтарды тарту қағидаларын бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасының Конституциясындазаңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 130-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      56-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
              комитетінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне басшылық жасауды жүзеге асырады;
      2) өз өкілеттігі шегінде құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда, континенттік қайраңда және өткізу пункттерінде Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді қамтамасыз етеді, Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етедi;
      3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекетін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және қабылдайды;
      5) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, Мемлекеттік шекара режимін белгілеу мақсатында қажетті құжаттарды және материалдарды дайындауға қатысады;
      6) шекара өкілдерінің қызметін ұйымдастырады және басқарады;
      7) шекаралық кеңістікте және халықаралық қатынас арналарында саяси, әлеуметтiк-экономикалық және қылмыстық ахуалды талдауды және болжауды жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің жүргізуіне жатқызылған істер бойынша алдын ала тергеуді және іс жүргізуді жүзеге асырады, құқық бұзушылықтардың мән-жайларын анықтауға және шекаралық кеңістікте ұсталған адамдарды тексеруге қатысады;
      9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      10) өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      11) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери шаруашылығы туралы қағидаларды бекітеді;
      12) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде жоспарлау қағидаларын бекітеді;
      13) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі міндеттерді тікелей орындайтын, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріндегі кезекші күштер мен құралдардың құрамы туралы ережені бекітеді;
      14) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық наряд басшысы туралы ережені бекітеді;
      15) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      16) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі штабтарының қызметі жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      17) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын жедел қалқалау қағидаларын бекітеді;
      18) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі барлау бөлімшелерінің барлау қызметін жүргізу қағидаларын бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара күзетінің техникалық құралдарын пайдалану қағидаларын бекітеді;
      20) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі инженерлік-техникалық құралдарының жай-күйін бағалау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      21) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарында, оқу орындары мен құрылымдық бөлімшелерінде зымырандық-артиллериялық қару-жарақпен және оқ-дәрілермен қамтамасыз ету, оларды ұйымдастыру, пайдалану және есепке алу жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      22) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің зымырандық-артиллериялық қару-жарағын жөндеуге, оған техникалық қызмет көрсетуге және пайдалануға арналған қосалқы бөлшектерді, құрал-сайманды, керек-жарақты, калибрлер жабдығын, сүртетін-майлайтын және басқа материалдарды күтіп-ұстау және олардың жұмсалу нормалары туралы ережені бекітеді;
      23) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарындағы зымырандық-артиллериялық қару-жарақты санаттарға бөлу қағидаларын бекітеді;
      24) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарындағы оқ-дәрілерді және танкіге қарсы басқарылатын реактивтік снарядтарды санаттарға бөлу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      25) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында оқ-гильза қорын құру туралы қағидаларды бекітеді;
      26) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде автотехникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      27) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының режимдік объектілерінде монтаждауға және қауіпсіздіктің ықпалдастырылған жүйесінің жабдықтарына қойылатын талаптарды бекітеді;
      28) әкімшілік ұстауға алынған адамдарды арнайы жабдықталған үй-жайларда күтіп-ұстау қағидаларын бекітеді;
      29) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарындағы режимдік объектілер мен артиллериялық техникалық қару-жарақ сақтау орындарын күзетуді және олардың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      30) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін азық-түлікпен қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      31) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің оқу орындарында оқу-баспа қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      32) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін заттай қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      33) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      34) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін ветеринариялық қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      35) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін пәтерлік-пайдаланушылық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      36) Мемлекеттік шекараны, континенттік қайраңды және аумақтық суларды (теңізді) күзетуде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің авиациясын қолдану қағидаларын бекітеді;
      37) Қазақстан Республикасының теңізінде, өзендерінде және өзге де су айдындарында шекаралық корабльдер мен катерлерді қолдану қағидаларын бекітеді;
      38) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде кинологиялық қызмет пен із кесушілікті ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      39) Мемлекеттік шекарада Қазақстан Республикасы шекара өкілдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      40) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде жылқыларды пайдалану қағидаларын бекітеді;
      41) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде инженерлік қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      42) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарымен және көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiсiм бойынша өткiзу пункттерiнде адамдарды, көлiк құралдарын, жүктердi және тауарларды Мемлекеттiк шекара арқылы өткiзудi ұйымдастырудың үлгiлік схемаларын бекiтедi;
      43) азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізу кезеңінде әскерге шақыру комиссияларының жұмысына қатысады;
      44) Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдары ұсынған жиынтық деректер негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мұқтажы үшін шақырылатын контингентке мониторингті және оларды іріктеуді жүзеге асырады;
      45) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      57-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс
               органдарының құзыреті

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 N 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары:
      1) Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің экономикалық және өзге де мүдделерін қорғау бойынша іс-шаралар ұйымдастырады және өткізеді;
      2) өз құзыреті шегінде кедендік және өзге де бақылау түрлерінің ұйымдастырылуы үшін жауап береді, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге рұқсат беру құжаттарын ресімдеуді жүзеге асырады;
      3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді;
      4) өткізу пункттерінде режимді қамтамасыз ету мәселелері, өздерінің құзыретіне кіретін өзге де мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар етеді;
      5) алып тасталды - ҚР 10.11.2014 № 249-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      6) өткізу пункттерінің балансында тұрған инженерлік-техникалық құрылыстарды, бөгеуіштерді, коммуникацияларды күтіп-ұстауды жүзеге асырады, сондай-ақ пайдаланылатын жабдықты пайдалануға беруді және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      58-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер
              министрлігінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі:
      1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге байланысты мәселелер бойынша қызметін үйлестіреді, Мемлекеттік шекара режимі туралы шарттарды жасасу бойынша келіссөздерге қатысады;
      2) Мемлекеттік шекараның сыртқы саяси, халықаралық-құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасына кіру және Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
      4) Қазақстан Республикасына қатысты шет мемлекеттердiң шекара және виза саясатындағы өзгерістер, басқа мемлекеттердегi мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу тәртiбі туралы, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекараны межелеуді, шегендеуді немесе қайта шегендеуді жүргiзу туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметiн хабардар етеді;
      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметiнің шекара өкiлдерi реттемеген Мемлекеттік шекара режимін сақтау мәселелерін және шекарадағы тосын оқиғаларды дипломатиялық құралдармен және әдістермен шешедi;
      6) дипломатиялық өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң, сондай-ақ оларға теңестiрiлген, Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлеріне шекаралық және өзге де бақылау түрлері жүзеге асырылатын өткізу пункттеріндегі үй-жайларға және өзге де орындарға жіберу үшін рұқсаттамалар беруді жүзеге асырады;
      7) шектес мемлекеттермен шекара өкілдерінің тізімдерімен алмасуды жүзеге асырады;
      8) Мемлекеттік шекараны қорғау мәселелері бойынша халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде уәкілетті органдардың лауазымды адамдарын шетелге іссапарға жіберуге арналған қаражатты пайдалану жөнінде шешімдер қабылдайды;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      59-бап. Қазақстан Республикасы Ішкі істер
              министрлігінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
      1) дербес немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп адамдардың шекаралық аймаққа кіруіне, онда уақытша болуына, тұруына және жүріп-тұруына бақылауды жүзеге асырады;
      2) шекаралық аймақта тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға шекаралық аймақ тұрғынының куәліктерін, сондай-ақ шекаралық аймақта тұрақты тұрмайтын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жеке немесе ұжымдық рұқсаттамалар беру тәртібін айқындайды, оларды беруді жүзеге асырады;
      3) шекаралық аймақта және шекаралық белдеуде қоғамдық-саяси, мәдени және өзге де іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді;
      4) шекаралық кеңістіктегі құқық тәртібінің жай-күйі, тұрғылықты жерінен белгісіз мән-жайларда кетіп қалған адамдар, Мемлекеттік шекараға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қатысты құқыққа қарсы пиғылдары бар қылмыстық топтар мен адамдар туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар етеді;
      5) Мемлекеттік шекараны бұзған адамдарды және өзге де құқық бұзушыларды іздестіруде, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың мән-жайларын анықтауда және тексеруде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жәрдем көрсетеді;
      6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ішкі істер органдарының күштері мен құралдарының Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысуын қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне немесе шекаралық кеңістікте орналасқан объектілерге баруын уақытша шектейді немесе баруына тыйым салады;
      8) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ұстаған адамдарды Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында ұстайды;
      9) дербес немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысады, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асырады;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      60-бап. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті
               органның құзыреті

      Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:
      1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы әуе, теміржол, теңіз (өзен) және автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымын құрады;
      2) шекаралық аймаққа кіретін жерлерде жол (ақпараттық) белгілерін орнатады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 60-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.11.2014 № 249-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      61-бап. Жер ресурстарын басқару жөніндегі
              орталық уәкілетті органның құзыреті

      Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекараның картографиялық материалдарда бейнеленуін бақылауды жүзеге асырады, шекара белгілерін геодезиялық анықтауды қамтамасыз етеді;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      62-бап. Қазақстан Республикасы жергілікті атқарушы
              және өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
      1) өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау үшін жағдайлар жасауға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін шекаралық кеңістіктегі ахуалға қатысы бар мәселелер бойынша хабардар етеді;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету мұқтажы үшін жер учаскелерін береді;
      4) Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарға көмек көрсетеді, олардың ұсынуларын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де ден қою актілерін қарайды және орындайды;
      5) Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу үшін осы Заңның, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын органдардың, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың орындауын үйлестіру функцияларын (өз аумақтарында) жүктей отырып, жауапты лауазымды адамдарды тағайындайды және шекара маңы аудандарының (қалаларының) әкімдіктері жанынан құрылатын шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңестерінің қызметін ұйымдастырады;
      6) азаматтардың Мемлекеттік шекараны қорғауға ерікті негізде қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
      7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді.

      63-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын
              уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауы

      1. Осы Заңның 56-62-баптарында көрсетілген уәкілетті органдар Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды, бірлескен іс-шараларды іске асырады және өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша бір-бірін хабардар етеді.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
      1) тікелей Мемлекеттік шекарада өз күштерінің және Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын өз қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастырады;
      2) шет мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.

9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ

      64-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
              комитетінің Шекара қызметі

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекаралық кеңістікте заңдылық пен белгіленген тәртіпті ұстап тұру мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде су астындағы ортада) Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өз туы, оның ішінде әскери-теңіз туы және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері пайдаланатын танып айыру белгілері, ал бірлестіктердің, құрамалардың және жауынгерлік бөлімдердің – белгіленген үлгідегі жауынгерлік тулары болады.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің міндеттері:
      1) Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау, оны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысу;
      3) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің міндеттерін шешуге қатысу;
      4) Мемлекеттік шекарада және континенттік қайраңда Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға қатысу;
      5) шекаралық аймақта, аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда белгіленген режимдердің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауды жүзеге асыру;
      6) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсету болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне басқа да міндеттер Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелуі мүмкін.

      65-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
              комитеті Шекара қызметінің іс-әрекеті

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекарада, шекаралық кеңістікте және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасы негізінде жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің Директоры басқарады.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылымы, Шекара қызметі Директорының құқықтары және Шекара қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен бекітілетін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ережемен реттеледі.

      66-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
              комитеті Шекара қызметінің міндеттері

      Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі:
      1) Мемлекеттік шекарадан өтуді өзгертудің, Қазақстан Республикасының аумағын игерудің кез келген әрекеттерінің жолын кесуге;
      2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қорғанысы бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін қамтамасыз етуге қатысуға;
      3) Қазақстан Республикасының аумағына қарумен басып кіруге тойтарыс беруге, Мемлекеттік шекарада қарумен жасалатын және өзге де арандатушылықтардың жолын кесуге, халықты, мемлекеттік және жеке меншікті аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауға;
      4) адамдардың және көлік құралдарының белгіленген өткізу пункттерінен тыс жерлерде не өткізу пункттерінде заңсыз әдістермен Мемлекеттік шекараны кесіп өту әрекеттерінің алдын алуға және жолын кесуге, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды және шекаралық кеңістіктегі өзге де құқық бұзушыларды анықтауға және ұстауға;
      5) тиісінше ресімделген құжаттар болған және өткізу пунктінде белгіленген бақылау түрлерін өту кезінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;
      6) Мемлекеттік шекара режимінің және өткізу пункттеріндегі режимнің орындалуын қамтамасыз етуге;
      7) шекаралық режимнің, аумақтық сулар (теңіз) мен ішкі сулар режимінің, континенттік қайраң режимінің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауға, шекаралық аймаққа кіретін орындарда бақылау бекеттерінің қызметін ұйымдастыруға;
      8) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асыруға;
      9) Мемлекеттiк шекара арқылы жүретін адамдардың Қазақстан Республикасына кіруге немесе Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретiн құжаттарын тексеруге, оларға тиiстi белгiлер соғуға, мұндай құжаттарды уақытша алып қоюға, сондай-ақ жарамсыз құжаттарды алып қоюға;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ айыппұл салу туралы сот шешімдерін және уәкілетті органдардың қаулыларын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде орындамаған шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кіруін шектеуге;
      11) шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезеңде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен өзге де адамдардың жеке басы анықталғанға дейiн оларды өткізу пункттерінде қалдыра отырып, өткізбеуге;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстауды және жеке тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
      13) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзуға жол берген көлік құралдарын тоқтатуға, қарап тексеруге және ұстауға, құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бөлімшелерінің қарауына жеткізуге (айдауылмен жеткізуге);
      14) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткі заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстауға және алып қоюға;
      15) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жәрдем көрсетуге;
      16) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсетуге;
      17) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарын, құрылыстарын және бөгеуіштерін жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын ескере отырып, жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша орнатуға;
      18) Мемлекеттік шекарадан су астындағы орта арқылы кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға;
      19) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейінгі суларда су астындағы объектілерді танып айыру (жіктеу) үшін өздерінде бар құралдарды пайдалануға;
      20) Мемлекеттік шекараны қорғау мүддесінде су астындағы ортада қайыққа қарсы және диверсияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға;
      21) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша хаттамалар жасауға және іс жүргізуге;
      22) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған істер бойынша анықтау жүргізуге;
      23) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды жүзеге асыруға міндетті.
      Шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне іссапарға жіберілген әскери қызметшілері жүзеге асырады.
      Физикалық қорғау қамтамасыз етілетін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;
      24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      67-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк
              комитетi Шекара қызметінің құқықтары

      1. Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің:
      1) қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылыстар мен бөгеуіштерді салуға және орнатуға;
      2) байланыс және коммуникация желілерінің құрылысын жүзеге асыруға, техника мен қару-жарақты орналастыруға және пайдалануға;
      3) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекара режимін белгілеу мақсатында қажетті құжаттар мен материалдарды әзірлеуге қатысуға;
      4) кез келген жергілікті жер учаскелерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын аумақтарда және табиғат қорғау аймақтарында болуға (шекаралық нарядтарды орналастыруға), сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару кезінде олар арқылы жүріп-тұруға, жер учаскелерінің меншік иелерінен (жалға алушылардан) шекаралық нарядтардың жүріп-тұруына арналған орындарды бөлуді, қоршалымдар арқылы өтетін немесе өзге де кедергілер арқылы өтетін жерлерді жабдықтауды және тиісті түрде күтіп-ұстауды талап етуге;
      5) шекаралық саясат және Мемлекеттік шекараны, аумақтық суларды (теңізді) және континенттік қайраңды күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ барлау қызметін жүргізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдануға;
      6) өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын іске асыру және уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіруге, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын қызметті жүзеге асыратын өз күштері мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруға;
      7) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға шекаралық кеңістікте құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсынулар енгізуге;
      8) халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің шекаралық органдарымен Мемлекеттік шекараны қорғауда өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
      9) Қазақстан Республикасының шекара өкілдерінің қызметіне тікелей басшылықты жүзеге асыруға;
      10) шектес мемлекеттердiң шекара өкiлдерiмен Мемлекеттік шекара режимін ұстап-тұру, шекарадағы тосын оқиғаларды реттеу, ақпарат алмасу мәселелерi бойынша хат-хабар алмасуды жүргiзу, осы Заңда белгiленген тәртiппен шекара мәселелерi жөнінде келiссөздер жүргiзу үшiн өзара уағдаластық бойынша шектес мемлекеттердiң өкiлдерiн Қазақстан Республикасының аумағына шақыруға және шектес мемлекеттердiң аумағына өтуге;
      11) міндеттерді орындау үшін уәкілетті органдардан, ұйымдардан және қоғамдық бірлестіктерден қажетті ақпаратты сұратуға және өтеусіз алуға;
      12) Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы міндеттерді шешуге азаматтарды ерікті жасақтар құрамында, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкерлері ретінде және өзге де нысандарда ерікті негізде тартуға, Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде көзге түскен азаматтарды көтермелеуге және қойылатын талаптарға сай келетін адамдарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің оқу орындарына түсу үшін ұсыным жасауға;
      13) Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысуға, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жүргізуге, құқық бұзушылықтар, құқық бұзушыларды іздестіру туралы халықты хабарландыру үшін және өзге де мақсаттарда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға;
      14) осы Заңға сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға;
      15) шекаралық кеңістікте жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді немесе хабарламаларды қарауға, оларды тіркеуге және олар бойынша тиісті шаралар қолдануға;
      16) Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін мамандандырылған есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құруға және пайдалануға;
      17) Мемлекеттік шекараны қорғау саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге;
      18) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын әскери қызметшілердің киім нысаны мен жарақтарды айқындауға;
      19) мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен жете қарауды жүзеге асыруға;
      20) көлік құралдарымен ілесіп жүруге және оларда шекаралық нарядтарды орналастыруға;
      21) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлескен шешімдерінде айқындалатын тәртіппен Мемлекеттік шекара күзетін күшейту кезінде олар бөлетін күштер мен құралдарды пайдалануға;
      22) құқық бұзушылардың ізіне түсу кезінде азаматтардың тұрғын және тұрғын емес үй-жайларына, ұйымдардың аумақтары мен үй-жайларына кедергісіз (қажет болғанда жабатын құрылғыларды істен шығара отырып) тәуліктің кез келген уақытында кіруге, сондай-ақ (жиырма төрт сағат ішінде тиісті прокурорды кейіннен хабардар ете отырып) оларды қарап тексеруге;
      23) шекаралық іздеулер мен операцияларды, өзге де іздестіру іс-әрекеттерін жүргізу кезінде бақылау бекеттерін өз бетінше орнатуға, адамдар мен көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, азаматтарды жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне жібермеуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында олардың сонда қалуын немесе осы учаскелерді тастап шығуын міндеттеуге;
      24) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төнген кезде Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті органдарын хабардар ете отырып, қорғаныс мақсатындағы жұмыстарды, халықаралық міндеттемелерді орындау мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде туындаған салдарларды жоюға байланысты жұмыстарды қоспағанда, шекаралық белдеуде әртүрлі жұмыстарды жүргізуді уақытша шектеуге;
      25) қызметтік мақсаттарда байланыс құралдарын, ал Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруге тойтарыс берген, Мемлекеттік шекарадағы заңсыз жаппай өтуге және өзге де арандатуларға кедергі келтірген, іздестіру іс-шараларын жүргізген, құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген адамдарды жеткізген кезде, ұйымдардың көлік құралдарын, ал қажет болған жағдайларда – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен иелерінің талаптары бойынша кейіннен оларға шығындарды не келтірілген залалды өтей отырып, азаматтардың көлік құралдарын пайдалануға;
      26) Мемлекеттік шекараны кесіп өту, аумақтық суларда (теңізде) және iшкi суларда жүзу кезiнде немесе кемелер қазақстандық порттарда тұрған уақытта құқық бұзушылықтарға жол берген шетелдiк әскери емес кемелер экипаждары мүшелерiнiң және оларда болған өзге де адамдардың жағаға шығуына және жағада болуына тыйым салуға;
      27) азаматтардан Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті сақтауды, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, бұл талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тиісті шараларды қолдануға;
      28) шекаралық кеңістікте белгіленген режимді бұзушыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әкімшілік ұстауға алынған адамдарды ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларында ұстауға;
      29) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес әкімшілік ұстауға алынған адамдарды тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында және ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларда орналастыруға;
      30) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзудың өздеріне белгілі болған мән-жайлары туралы түсініктемелер алу мақсатында адамдарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріне шақыруға;
      31) алып тасталды - ҚР 10.11.2014 № 249-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      32) өткізу пункттерінің балансында тұрған инженерлік-техникалық құрылыстарды, бөгеуіштерді, коммуникацияларды күтіп-ұстауды жүзеге асыруға, сондай-ақ пайдаланылатын жабдықтың пайдаланылуы мен сақталуын қамтамасыз етуге;
      33) мемлекеттік кіріс органдары жоқ өткізу пункттерінде радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, автоматты немесе қолмен тексеру режимінде радиациялық бақылауды жүзеге асыруға;
      34) құрамында радиоактивті заттар бар инспекциялық-тексеріп қарау кешендерінің пайдаланылуын ұйымдастыруды, сондай-ақ құрамында радиоактивті заттар бар немесе иондаушы сәуле өндірілетін радиоактивті заттармен, аспаптармен немесе аппаратурамен жұмыс істеген кезде ұлттық қауіпсіздік органдарында радиациялық қауіпсіздікті бақылауды жүзеге асыруға;
      35) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Бұдан басқа, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда, шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлігінде қазақстандық және шетелдік (суүсті және суасты) кемелерге, мұз үстімен жылжитын құралдарға қатысты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің:
      1) егер кеме сұрау салу белгілеріне жауап бермесе, жүзуге тыйым салынған ауданда болса, Қазақстан Республикасының суларына кіру, онда жүзу және болу тәртібін бұзса, оны тоқтатуға және қарап тексеру жүргізуге құқығы бар. Кемені қарап тексеру кеме және навигация құжаттарын, экипаж мүшелері мен жолаушылардың құжаттарын, жүктерге арналған құжаттарды, қажет болған жағдайда кеменің жайларын да тексеруді қамтиды. Кемені қарап тексеру нәтижелері бойынша оған, белгіленген қағидаларды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының суларында жүзуді (болуды) жалғастыруға рұқсат етілуі немесе Қазақстан Республикасының суларын тастап шығу ұсынылуы мүмкін немесе ол Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу немесе әкімшілік заңнамасына сәйкес ұсталуы мүмкін;
      2) егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға жататын адамдарды ұстауға, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға тапсыруға;
      3) егер тоқтау туралы көзге көрінетін немесе дыбыстық белгіні (олардың осы белгіні көруі немесе естуі мүмкін болатындай ара қашықтықтан) бергеннен кейін ізге түсу Қазақстан Республикасының суларында басталса және үздіксіз жүргізілсе, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын немесе заңнамасын бұзған кемелер (мұз үстімен жылжитын құралдар) өз елінің немесе үшінші мемлекеттің аумақтық суларына кіргенге дейін аумақтық сулар (теңіз) шегінен тыс суларда олардың ізіне түсуге және оларды ұстауға құқығы бар.
      3. Мемлекеттік шекараны су астындағы ортада күзету кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің:
      1) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда су астындағы ортаның жағдайын анықтау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуға;
      2) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда су астындағы объектілер табылған кезде бұл суларға кіру мақсаты туралы сұрау салу жүргізуге, бағытын өзгертуді талап етуге, оларға су астындағы жағдайдан шығуды, өз туын көрсетуді ұсынуға, тоқтатуға және оларды қарап тексеру жүргізуге, табылған су астындағы объектілер іс-әрекеттерінің алдын алу немесе оларды тоқтату бойынша өзге де шараларды қолдануға;
      3) егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жататын адамдарды ұстауға, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға беруге;
      4) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің және (немесе) жүзудің белгіленген тәртібін бұзған су астындағы құралдарды ұстауға, құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасының порттарына, өзге де орындарға жеткізуге (айдауылмен алып жүруге), осы құралдарды анықтау және тергеу органдарына беруге;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға құқығы бар.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында шекаралық іздеулер және операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өзіне берілген құқықтарды шекаралық кеңістік шегінен тыс жерлерде де пайдалана алады.
      5. Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі қызметтік міндеттерді шешу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері пайдаланатын корабльдерге, ұшақтарға және тікұшақтарға (өзге де ұшу аппараттарына) мынадай өтеусіз:
      1) Қазақстан Республикасының су және әуе кеңістігін, теңіз және өзен порттарын, әуежайларын және әуеайлақтарын (қону алаңдарын), олардың тиесілігіне және арналған мақсатына қарамастан, пайдалану;
      2) навигациялық, метеорологиялық, гидрографикалық және өзге де ақпаратты алу;
      3) ұшуларды және корабль жүргізуді қамтамасыз ету құқығы беріледі.
      6. Шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда қаруды, арнайы құралдарды тасымалдауға, өзімен алып жүруге, сақтауға және қолдануға, қызметтік иттерді пайдалануға, сондай-ақ дене күшін қолдануға құқығы бар.
      Ескерту. 67-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 N 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз); 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      68-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк
              комитетi Шекара қызметiнің кадрлары. Қазақстан
              Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің
              Шекара қызметiнде әскери қызмет өткеру
              ерекшеліктері

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнің кадрлары әскери қызметшілерден (шақыру бойынша келген әскери қызметшілер, келісімшарт бойынша келген әскери қызметшілер) және қызметкерлерден тұрады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің Шекара қызметінде әскери қызмет өткеру Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің Шекара қызметі үшін кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасының және халықаралық келісімдерге сәйкес шет мемлекеттердің оқу орындарында жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіндегі мерзімді әскери қызметке басым тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті дене бітімі мен моральдық-психологиялық қасиеттері бар Қазақстан Республикасының азаматтары шақырылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне іріктеу, оларды зерделеу және әскерге шақыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларымен айқындалады.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнің әскери қызметшiлерi қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің қызметтік іс-әрекетіне араласуға, Қазақстан Республикасының заңдарымен осыған тікелей уәкілеттік берілген адамдардан басқа, ешкімнің құқығы жоқ.
      Шекаралық нарядтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету, сондай-ақ шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғау бойынша қызмет атқару жауынгерлік кезекшілік (жауынгерлік қызмет) болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің әскери қызметшісі атқаратын лауазымына, орналасу орны мен уақытына қарамастан, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оған азаматтар шекара қауіпсіздігіне қатер төндіретін оқиғалар туралы мәлімдемемен немесе хабарламамен жүгінген жағдайда немесе ол осындай оқиғаларды тікелей анықтаған жағдайда:
      1) құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасаған азаматтарды анықтау және ұстау, оқиға болған орындарды күзету жөніндегі ықтимал шараларды қолдануға;
      2) бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жақын жердегі бөлімшесіне хабарлауға міндетті.
      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қызметкерлерінің еңбек қатынасы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.

      68-1-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
                 комитетінің Шекара қызметін мұнай өнімдерімен
                 жабдықтау ерекшеліктері

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператордан сатып алады.
      Ескерту. 9-тарау 68-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ҚҰЗЫРЕТІ

      69-бап. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері:
      1) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      2) осы Заңға, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарына сәйкес құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда, сондай-ақ су астындағы ортада Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысады;
      3) өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекара режимінің бұзылуына байланысты тосын оқиғаларды шешуге қатысады, осы мақсаттар үшін өзге де уәкілетті органдарды тартады;
      4) аумақтық сулардағы (теңіздегі) теңіз дәліздері мен қозғалыстарды бөлу схемасын белгілеу бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау үшін уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартады;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      70-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері
              Әуе қорғанысы күштерінің құзыреті

      1. Мемлекеттік шекараны әуе кеңістігінде күзету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері:
      1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, сондай-ақ аумақтық суларының (теңізінің) шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейін әуе кемелерінің Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өтуі кезінде оларды танып айыру үшін өздерінде бар құралдарды пайдаланады;
      3) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзған әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының аумағында ұшуының жолын кеседі және қондыруға шаралар қолданады;
      4) әуе кемелері экипаждарының абайсыз іс-әрекеттері жағдайында Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен осы кемелерге олардың бағдарын қалпына келтіру, әуежайға немесе әуеайлаққа шығару, Қазақстан Республикасының аумағына қондыру немесе Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерге шығару арқылы жәрдем көрсетеді.
      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі жағдайды анықтау үшін басқа да уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуға;
      2) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің жекелеген аудандарында әуе кемелерінің ұшуына тыйым салуға немесе оны шектеуге;
      3) әуе кемесінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне ұшып кіру мақсаттары немесе ұшу жоспарынан ауытқу себептері туралы ақпаратты хабарлауды талап етуге;
      4) әуе кемелері экипаждарының абайсыз іс-әрекеттері жағдайында Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен осы кемелерге олардың бағдарын қалпына келтіру, әуежайға немесе әуеайлаққа шығару, Қазақстан Республикасының аумағына қондыру немесе Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерге шығару арқылы жәрдем көрсетуге, әуе кемесіне, егер оның бағыты ұшу үшін тыйым салынған немесе уақытша қауіпті ауданға апаратын болса, бағытын өзгертуді ұсынуға;
      5) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің алдын алу немесе тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға, қажет болған жағдайда әуе кемесінің экипажынан көрсетілген жерге қонуын, оның ішінде мәжбүрлі түрде қонуын жүзеге асыруды талап етуге;
      6) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзған әуе кемелерінің экипаж мүшелерін (Қазақстан Республикасының аумағына қонғаннан кейін) құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бөлімшесіне шақыруға;
      7) құқық бұзушылық жасаған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға жататын адамдарды ұстауға, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға тапсыруға;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қару-жарақты және әскери техниканы қолдануға;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.

      71-бап. Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қолданылған
               кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері
               Әскери-теңіз Күштерінің құзыреті

      Ескерту. 71-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 10.01.2015 № 275-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      Мемлекеттік шекараны қорғау үшін қолданылған кезде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз Күштері:
      1) Мемлекеттік шекараны су астындағы ортада кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мүддесінде қайыққа қарсы, оның ішінде су асты-диверсиялық қорғанысты жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді;
      3) Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2015 № 275-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ КЕЗІНДЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ
ПЕН ӘСКЕРИ ТЕХНИКАНЫ, АРНАЙЫ ҚҰРАЛДАРДЫ, ҚЫЗМЕТТІК
ЖАНУАРЛАРДЫ ЖӘНЕ ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУ

      72-бап. Қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы
              құралдарды, қызметтік жануарларды және дене
              күшін қолданудың шарттары мен шектері

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістік шегінде қаруды және арнайы құралдарды өзімен алып жүруге, сақтауға, қолдануға құқығы бар, сондай-ақ әскери техниканы, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда іс-әрекеттерге жарамдылығына арнайы дайындықтан, жыл сайынғы тексеруден өтуге міндетті.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде, қажетті қорғаныс жағдайында және аса қажеттілік жағдайында немесе құқық бұзушылық жасаған адамды ұстау кезінде, штаттық қару мен арнайы құралдары не оларды қолдану мүмкіндігі болмаған кезде, қолына түскен кез келген құралды пайдалануға құқылы.
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары өткізетін іс-шараларға тартқан жағдайларда, қару-жарақ пен әскери техника, арнайы құралдар, қызметтік жануарлар және дене күші іс-шараға бастамашы болған органның қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданылады.
      5. Азаматтардың, әскери қызметшілердің денсаулығы мен өмiрiне нақты қатер төндiретiн, сондай-ақ олар қарумен немесе топпен шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, адамдарды кепілге алған, объектілерді, көлік құралдарын, оның ішінде әуе және теңіз кемелерін басып алған жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнетін адамдарға және кәмелетке толмағандарға қатысты қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға тыйым салынады.
      6. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы:
      1) егер олар Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірмесе, суүсті, суасты кемелері, әуе кемелері, ұшу аппараттары және мұз үстімен жылжитын құралдар, сондай-ақ жолаушылары бар өзге де көлік құралдары бойынша;
      2) қайғылы жағдайға немесе табиғаттың еңсерілмейтін күштерінің әсеріне байланысты, Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен немесе абайсызда кесіп өтуге әрекет еткен адамдарға қатысты;
      3) Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе кесіп өтуге әрекет еткен жабайы және үй жануарларына қатысты қолдануға тыйым салынады.
      7. Қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың барлық жағдайларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
      8. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері осы Заңда көзделген жағдайларда қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға байланысты, оның ішінде:
      1) көлік құралдарының және (немесе) құқық бұзушылардың іс-әрекеттерінің қауіпті немесе күтпеген маневрі;
      2) оқтардың (снарядтардың) тайқып кетуі салдарынан олардың ұшу траекториясының өзгеруі;
      3) құқық бұзушылардың көлік құралдарының сынуы немесе бүлінуі салдарынан келтірілген моральдық, материалдық зиян және дене зақымы үшін жауапты болмайды.
      9. Шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзушылықтың жолын кесу кезінде қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың әрбір жағдайы жөнінде тиісті прокурор он екі сағаттан кешіктірілмей хабардар етіледі.
      10. Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де уәкілетті органдар қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолданады.

      73-бап. Қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану

      1. Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері:
      1) Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруге және қарулы шабуыл жасауға тойтарыс беру, Мемлекеттік шекарада қарулы арандатудың жолын кесу үшін;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелеріне, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына қарулы шабуыл жасауға тойтарыс беру үшін;
      3) Мемлекеттік шекараны кесіп өткен немесе кесіп өтетін және қарулы немесе өзге де қарсылық көрсететін адамдарға, суүсті, суасты кемелеріне, әуе кемелеріне, ұшу аппараттарына, оның ішінде пилотсыз аппараттарға және мұз үстімен жылжитын құралдарға, сондай-ақ өзге де көлік құралдарына қарсы;
      4) суүсті, суасты кемелері, әуе кемелері, ұшу аппараттары, оның ішінде пилотсыз аппараттар және мұз үстімен жылжитын құралдар, сондай-ақ өзге де көлік құралдары тоқтату немесе бағытты өзгерту туралы талаптарды орындамаған жағдайда, осы бұзушылықтың тоқтатылуын немесе оларды ұстауды басқа да құралдармен жүзеге асыру мүмкін болмағанда, оларды бүлдіру жолымен тоқтату (қозғалысын немесе ұшуын тоқтату) үшін;
      5) суүсті, суасты кемелерін, әуе кемелерін, ұшу аппараттарын, оның ішінде пилотсыз аппараттарды және мұз үстімен жылжитын құралдарды, сондай-ақ жолаушылары жоқ өзге де көлік құралдарын шетелге айдап әкетуді болғызбау үшін;
      6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен объектілеріне, Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі қызметтік міндеттерін немесе қоғамдық борышын орындап жүрген өзге де азаматтарға, олардың отбасы мүшелеріне шабуыл, оның ішінде қарусыз шабуыл жасалып, олардың өміріне тікелей қауіп төнгенде шабуылға тойтарыс беру үшін;
      7) азаматтарды олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан қорғау, сондай-ақ кепілге алынғандарды босату үшін;
      8) әскери қызметшілерді немесе азаматтарды олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлардың шабуылынан қорғау үшін;
      9) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу үшін, сондай-ақ қажетті қорғаныс жағдайында және аса қажеттілік жағдайында қару-жарақ пен әскери техниканы қолданады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте дабыл белгісін беру немесе көмекке шақыру үшін де қару пайдалануға құқығы бар.
      2. Қару-жарақ пен әскери техника:
      1) қарулы шабуылға тойтарыс беру мен қарулы басып кіру үшін;
      2) қарулы қарсылық көрсетілген кезде;
      3) әскери қызметшілер мен өзге де азаматтарға кенеттен шабуыл жасалған кезде;
      4) ұсталған адамдардың тартып алған қарумен қашуы кезінде ескертусіз қолданылуы мүмкін.
      3. Өзге жағдайларда қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың алдында оларды қолдану ниеті туралы анық ескерту жасалуға және (немесе) ескерту мақсатында оқ атылуға тиiс.

      74-бап. Арнайы құралдарды қолдану

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға құқық берілетін барлық жағдайда арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте, сонымен қатар:
      1) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын, әскери қызметшілерге қарсылық көрсететін немесе оларға жүктелген қызметтік міндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергі жасайтын құқық бұзушыларды, өзге де адамдарды ұстау және қарусыздандыру үшін немесе қару, оқ-дәрілер, жарылғыш, улы, радиоактивті, есірткі және еркін айналымына тыйым салынған өзге де заттарды өзінде заңсыз ұстайтын адамдарға қатысты;
      2) шекаралық кеңістіктегі жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу үшін және Мемлекеттік шекарадан қарусыз жаппай кесіп өту немесе кесіп өтуге әрекет ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығына немесе мемлекеттің қауіпсіздігіне қол сұғушылық жасалатын құқық бұзушылардың топтасқан іс-әрекеттері жағдайында;
      3) егер ұсталған адамдардың қашып кетуі, айналасындағыларға немесе өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екеніне жеткілікті негіздер болса, оларды айдауылмен алып жүру және күзету кезінде;
      4) ұсталғандарды жеткізу үшін, егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ, егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау міндетті болып табылса, оны сол орнында жасау мүмкін болмаған кезде осы хаттаманы жасау мақсатында қажет болса;
      5) құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында объектілер мен көлік құралдарын ашу, сондай-ақ оларды бөлшектеу үшін;
      6) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қажетті қорғаныс үшін және аса қажеттілік жағдайында да арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.

      75-бап. Қызметтік жануарларды және дене күшін қолдану

      1. Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қару-жарақ пен әскери техниканы және арнайы құралдарды қолдануға құқық беретін барлық жағдайларда қызметтік жануарлар мен дене күші қолданылуы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскери қызметшілерінің шекаралық кеңістікте:
      1) құқық бұзушыларды іздеу және ұстау үшін;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еркін айналымға шығаруға, Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған нәрселерді, материалдарды, құралдарды, заттарды іздеу және табу мақсатында адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарау, жергілікті жерді қарап тексеру кезінде;
      3) өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қажетті қорғаныс үшін және аса қажеттілік жағдайында қызметтік жануарларды және дене күшін, оның ішінде күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға да құқығы бар.

12-тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСУЫ,
ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫ

      76-бап. Азаматтардың Мемлекеттік шекараны
              қорғауға қатысуы

      1. Шекаралық кеңістік шегінде азаматтар ерікті жасақтар құрамында және өзге де нысандарда ерікті негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысады.
      2. Азаматтарды ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға тарту тәртібін, осындай тартудың нысандары мен түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар өз қызметін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының құрметтелуі және сақталуы қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
      4. Мыналар:
      1) қылмыстық жауаптылыққа тарту;
      2) бірнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) қасақана әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау;
      3) шекаралық кеңістіктің немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұру үшін кету;
      4) оның Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жайлардың басталуы (психиканың бұзылуының анықталуы, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес айналасындағыларға қауіп туғызатын өзге де сырқатпен ауыру, азаматтың қайтыс болуы);
      5) Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысқысы келмеуі Қазақстан Республикасы азаматының ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар болып табылады.

      77-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын
              азаматтардың құқықтары мен міндеттері

      1. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын азаматтар (бұдан әрі – Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар):
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерін шекаралық кеңістікте дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылықтардың өздеріне мәлім болған фактілері туралы дереу хабардар етуге;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуі бойынша өздерінің Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу заңдылығын растайтын куәліктерді көрсетуге;
      3) құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған азаматтарға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін оларға түсіндіруге;
      4) Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша іс-шараларға қатысар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелерінде құқықтық дайындықтан өтуге міндетті.
      2. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың:
      1) Мемлекеттік шекараны қорғаудың бақылау және қадағалау функцияларымен байланысты емес іс-шараларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жәрдем көрсетуге;
      2) шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
      3) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер көрсетілген мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдануға;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықты жасаған адамдарды ұстауға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелеріне, құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті органдарға жеткізуге;
      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдерімен бірлесіп шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүргізуге;
      6) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдердің сақталуын талап етуге құқығы бар.
      Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптары орындау үшін міндетті.
      3. Мемлекеттік шекараны қорғауда жәрдем көрсетуіне байланысты Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдардың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      78-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
              шекарасы туралы Қазақстан Республикасы
              заңнамасының сақталуын қадағалау

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының дәлме-дәл және бiркелкі қолданылуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен ол уәкiлеттiк берген прокурорлар жүзеге асырады.

      79-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара
              туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      1. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта  болады.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де уәкілетті органдардан өздерінің құқықтары мен бостандықтарының шектелу себебі жөнінде түсіндірмелер алуға құқығы бар.
      3. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың заңды құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда, тиісті лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен осы құқықтарды қалпына келтіруге және оларға келтірілген залалды өтеуге міндетті.

      80-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 1-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 1998 ж., № 24, 436-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 24, 180-құжат; 2009 ж., № 18, 86-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы» 1993 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 1, 3-құжат; 1995 ж., № 8, 56-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 275-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 24, 180-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат).

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев