Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 24-б. қараңыз.
Осы Заң энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және жеке және заңды тұлғалар қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу туралы куәлік – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган беретін, заңды тұлғалардың энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыру құзыретін куәландыратын ресми құжат;
2) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;
3) Мемлекеттік энергетикалық тізілім – Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері туралы ақпараттың жүйеленген жиынтығы;
4) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
5) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері – энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар көлемінде энергетикалық ресурстар тұтынатын жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың субъектілері;
6) терможаңғырту – үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың жылу энергиясы ысырабының азаюына әкелетін, олардың жылу техникалық сипаттамасын жақсарту жөніндегі іс-шара;
7) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбы – үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тұтыну үнемділігінің пайдалану сатысындағы энергия тиімділігін сипаттаушы деңгейі;
8) шартты отын – техникалық-экономикалық есептеулер кезінде қабылданған, органикалық отынның алуан түрлерінің жылу құндылығын салыстыру үшін қызмет ететін, нормативтер мен стандарттарда регламенттелетін бірлік;
9) энергетикалық аудит (энергия аудиті) – энергия үнемдеудің мүмкіндігі мен әлеуетін бағалау және қорытынды дайындау мақсатында энергетикалық ресурстардың пайдаланылуы туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау;
10) энергетикалық ресурстар – запастағы энергиясы қазіргі уақытта шаруашылық және өзге де қызмет түрлеріне пайдаланылатын немесе перспективада пайдаланылуы мүмкін табиғи және өндірілген энергия көздерінің жиынтығы, сондай-ақ энергия түрлері (атом, электр, химия, электрлі-магнитті, жылу және энергияның басқа түрлері);
11) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану – энергетикалық ресурстарды пайдаланудың техникалық жағынан мүмкін болатын және экономикалық жағынан ақталған деңгейіне қол жеткізу;
12) энергетикалық тиімділік (энергия тиімділігі) – энергетикалық ресурстарды пайдаланудан болған пайдалы әсердің осы әсерді алу мақсатында өндірілген энергетикалық ресурстардың шығындарына қатынасын көрсететін сипаттамалар;
13) энергия тұтынатын электр құрылғысының энергия тиімділігі сыныбы – энергия тұтынатын электр құрылғысының энергия тұтыну үнемділігінің пайдалану сатысындағы энергия тиімділігін сипаттаушы деңгейі;
14) энергия үнемдеу – пайдаланылатын энергетикалық ресурстардың көлемін азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық, экономикалық және өзге де шараларды іске асыру;
15) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органның энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыруға заңды тұлғалардың құзыретін ресми тану рәсімі;
16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы менеджмент (энергия менеджменті) – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатын, іс-шаралар жоспарын, мониторинг рәсімдері мен әдістемелерін, энергия тұтынуды бағалауды әзірлеу мен іске асыруды және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған басқа да іс-қимылдарды қамтитын, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге және басқару объектісінің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған әкімшілік іс-қимылдар кешені;
17) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы – энергетикалық ресурстарды пайдаланумен және үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды салу, сондай-ақ оларды реконструкциялауды, күрделі жөндеуді жүргізу кезінде тұтынушылардың энергиямен қамтамасыз етуге арналған шығындарын оңтайландыруымен байланысты сәулет-құрылыс және техникалық шешімдердің энергия тиімділігін бағалау мақсатында жүргізілетін сараптама;
19) энергия үнемдеуші жабдық – энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жабдық;
20) энергия үнемдеуші материал – энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін материал.
2-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және
энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін
арттыру саласындағы мемлекеттік реттеу
3-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі
бағыттары
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында техникалық реттеуді жүзеге асыру;
2) энергетикалық ресурстарды өндіру және тұтыну саласындағы теңгерімді тарифтік саясат пен баға белгілеуді жүзеге асыру;
3) энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдарды пайдалануды қоса алғанда, энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру;
4) энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдаланудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік артықшылықтарын насихаттау, осы салада қоғамдық білім беру деңгейін арттыру;
6) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асырады;
3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидасын бекітеді;
5) энергия тұтынудың нормативтерін, дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәнін бекітеді;
6) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекітеді;
7) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын айқындайды;
8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар қызметін бағалау тетігін бекітеді;
9) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың және олардың қоршау конструкцияларының бөлігі болып табылатын элементтерінің энергия тиімділігі жөніндегі талаптарды белгілейді;
10) көліктің энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
11) электр қозғалтқыштарының энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
12) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбын айқындау және қайта қарау қағидасын бекітеді;
13) энергия аудитін жүргізу тәртібін және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізу тәртібін бекітеді;
14) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына қойылатын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптарды бекітеді;
15) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгі келісімді бекітеді;
16) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
17) энергия аудитінің қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекітеді;
18) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының қызмет тәртібін айқындайды;
19) орталық атқарушы органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы жөніндегі есептерінің нысанын және оларды ұсыну мерзімдерін бекітеді;
20) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
6) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
7) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысанын әзірлейді және бекітеді;
8) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
9) Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің энергетикалық ресурстарды, суды тұтынудың көлемін өнімнің, үйлердің, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бірлігіне, энергия аудиті қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейін жыл сайын азайтуды қамтамасыз етпеген субъектілерінің, оның ішінде энергия тұтынудың нормативтерін сақтамайтын мемлекеттік мекемелерді қамтитын тізбесін қалыптастырады және өзінің интернет ресурсында орналастырады;
10) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ технологиялық әзірлемелерді жүргізуді ұйымдастырады және үйлестіреді;
11) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссияны құрады, оның құрамын және қызмет тәртібін бекітеді;
12) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеуді жүргізеді және аккредиттеу туралы куәліктің нысанын бекітеді;
13) аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалардың тізілімін жүргізеді;
14) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарын құруды және олардың жұмысын ұйымдастырады;
15) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының тізбесін қалыптастырады;
16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылу мониторингін жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде орталық атқарушы органдар ұсынатын есептерге талдау жүргізеді;
17) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгілік келісімді әзірлейді;
18) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
19) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады;
20) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың энергия үнемдеу
және энергия тиімділігін арттыру саласындағы
құзыреті
1. Орталық атқарушы органдар өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде уәкілетті органға энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру туралы есептерді береді.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды реконструкциялау, салу мақсатында әзірленетін және бекітілетін сәулет-құрылыс және өзге де жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
2) терможаңғыртуды ескере отырып, үлгілік көппәтерлі үйлердің жобалау алдындағы және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамаларының әзірленуі мен бекітілуін қамтамасыз етеді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:
1) кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес энергия тұтынатын электр құрылғылардың техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамаларының белгіленуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынудың нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынудың нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, мемлекеттік мекемелердің энергия аудитін өткізуді, терможаңғыртуды, мемлекеттік мекемелер үшін энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудің автоматты жүйелерін сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтін шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
4) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуды ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
6. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, мемлекеттік мекемелердің энергия аудитін өткізуді, терможаңғыртуды, мемлекеттік мекемелер үшін энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудің автоматты жүйелерін сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтін шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
4) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуды ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және
энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының
сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ұсынылатын ақпараттың дұрыстығына;
2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көрсетілген объектілерден басқа, үйлерде, құрылыстар мен ғимараттарда энергия тиімділігі жөніндегі талаптардың орындалуына;
3) дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың энергия тұтыну нормативтері мен электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәндерін сақтауына;
4) энергия аудитінің және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасының жүргізілуіне, энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарына қойылатын талаптардың сақталуына;
5) осы Заңда және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзге де талаптардың сақталуына жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жалпы талаптар
8-бап. Энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдарды
пайдалану, жаңа объектілерді қабылдау бойынша
шектеулер және тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы
төлеу
1. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын объектілердің құрылыс жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарын, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, жалпы үйдің жылу энергиясын есепке алу аспаптарын және пәтер бойынша электр энергиясын, суық және ыстық суды, газды есепке алу аспаптарын, сондай-ақ жылыту жүйелерінде реттеуші аспаптарды, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
2. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын, энергетикалық ресурстарды есепке алудың тиісті аспаптарымен және жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылмаған жаңа объектілерді пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелері бөлігіндегі талаптары жылу энергиясын сағат бойынша орташа 50 кВт-дан аз тұтынатын (жылу энергиясы, жылыту, желдету, кондиционерлеу және ыстық сумен жабдықтау шығыстарын қоса алғанда) объектілерге қолданылмайды.
4. Тұтынушылар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген, жылу энергиясын есепке алу аспаптарының болуына немесе болмауына байланысты сараланған тарифтер бойынша тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы төлеуді жүргізеді.
9-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім
1. Мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілетін ақпарат:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің атауын, мекенжайы мен олардың қызметінің негізгі түрлерін;
2) күнтізбелік бір жыл ішінде заттай және ақшалай көріністегі энергетикалық ресурстарды және суды өндіру, шығару, тұтыну, беру және жоғалту көлемдерін;
3) энергия аудиті қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ осы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілетін толықтыруларды және (немесе) өзгерістерді;
4) есепті кезең ішінде энергия аудиті қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелерін;
5) өнім бірлігіне шаққанда нақты энергия тұтынуды және (немесе) үйлер, құрылыстар, ғимараттар ауданының бірлігіне шаққанда жылытуға кеткен энергетикалық ресурстар шығынын;
6) энергия аудиті бойынша қорытындының көшірмесін;
7) энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарымен жарақтандырылуы туралы ақпаратты қамтиды.
2. Мемлекеттік мекемелер үшін 3), 4), 6) тармақшаларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратты Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жыл сайын қағаз және электронды жеткізгіштерде бірінші наурызға дейін Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторына ұсынады.
3. Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің және мемлекеттік органдардың деректері негізінде уәкілетті орган жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын және Қазақстан Республикасында энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін талдауды және болжамдауды қамтамасыз етеді.
10-бап. Энергия менеджменті
1. Жылына бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын көлемінде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері энергия менеджменті бойынша халықаралық стандарттың талаптарына сәйкес энергия менеджментінің жүйесін құруға, енгізуге және оның жұмысын ұйымдастыруға міндетті.
2. Энергия менеджменті жүйесін құруды, енгізуді және ұйымдастыруды бақылау жылына бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын көлемінде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің бірінші басшыларына жүктеледі.
11-бап. Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия
тиімділігін қамтамасыз ету
1. Жобаланатын және салынатын (реконструкцияланатын, күрделі жөнделетін) үйлер, құрылыстар, ғимараттар Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі бойынша талаптары:
1) үйдегі, құрылыстағы, ғимараттағы энергетикалық ресурстар шығынының үлестік шамасын сипаттайтын көрсеткіштерді;
2) сәулет, көлемдік-жоспарлау, технологиялық, конструкциялық және инженерлік-техникалық шешімдерге үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігіне ықпал ететін талаптарды;
3) үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда пайдаланылатын инженерлік жүйелер мен технологиялық жабдықтарға қойылатын талаптарды;
4) жобалау құжаттамасына енгізілетін және үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды салу (реконструкциялау, күрделі жөндеу) кезінде қолданылатын технологиялар мен материалдарға қойылатын, энергетикалық ресурстардың ұтымсыз (негізсіз) шығыстарын болдырмауға мүмкіндік беретін талаптарды қамтуы тиіс.
Үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды пайдалануға беру кезінде энергия тиімділігі жөніндегі талаптарды орындау құрылыс салушыға жүктеледі.
3. Энергия тиімділігі жөніндегі талаптар мынадай үйлерге, құрылыстарға, ғимараттарға қолданылмайды:
1) тарихи-мәдени мұра объектілеріне жатқызылған үйлер, құрылыстар, ғимараттар;
2) қызмет мерзімі екі жылдан аспайтын шаруашылық мақсаттағы уақытша құрылыстар, қосалқы үй-жайлар;
3) жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ саяжай және бау-бақша учаскелерінде орналасқан құрылыстар;
4) жалпы алаңы елу шаршы метрден аз бөлек тұрған үйлер, құрылыстар, ғимараттар;
5) ғибадат ету үйлері, құрылыстары және ғимараттары;
6) бөлек тұрған жылытылмайтын үйлер, құрылыстар, ғимараттар.
4. Энергия тиімділігінің талап етілетін сыныбы құрылыс (реконструкциялау, күрделі жөндеу) жобасын әзірлеуге тапсырыс берушінің тапсырмасында көрсетіледі және құрылысы (реконструкциялау, күрделі жөндеу) аяқталған объект пайдалануға берілгеннен кейін жылжымайтын мүлікке арналған құқықтарды тіркеу кезінде салынған және пайдалануға берілген объектінің техникалық паспортында көрсетіледі.
5. Қолданыстағы үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбы және оны қайта қарау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен, энергия аудитін жүргізу қорытындылары бойынша белгіленеді және үйдің, құрылыстың, ғимараттың техникалық паспортында көрсетіледі.
Энергия аудитінің қорытындысы үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың техникалық паспортына қоса беріледі.
12-бап. Энергия тұтынатын электр құрылғылары
1. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын, энергия тұтынатын электр құрылғыларының техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында олардың сыныбы мен энергия тиімділігінің сипаттамалары туралы ақпарат болуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптары қолданылатын энергия тұтынатын электр құрылғыларының тізбесі кеден одағының техникалық регламентінде белгіленеді.
3. Энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамаларын анықтау кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес жүргізіледі және оны өндіруші (импорттаушы) жүзеге асырады.
4. Өндірушілер (импорттаушылар) энергия тұтынатын электр құрылғыларының техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамаларын кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес көрсетуге міндетті.
13-бап. Өнімдерді өндіру, сату және пайдалану бойынша
шектеулер
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мақсатында мыналарға:
1) жарық беру мақсатында ауыспалы ток тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын өндіруге, сатуға;
2) жарық беру мақсатында ауыспалы ток тізбектерінде пайдаланылуы мүмкін, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін сатып алуды жүзеге асыруға;
3) салынып жатқан (реконструкцияланатын, күрделі жөнделетін) үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін материалдарды өндіруге және технологиялар мен материалдарды пайдалануға;
4) кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес олардың энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамалары туралы ақпаратты қамтымайтын энергия тұтынатын электр құрылғыларын өндіруге, сатуға;
5) 2,5 дәлдік сыныбы бар электр энергиясын есептеуіштерді коммерциялық есепке алу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
2. Жаңа іске қосылған объектілерде және қолданыстағы объектілердегі электр энергиясын есептеуіштерді ауыстыру кезінде тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығыстарын саралап есепке алуға және бақылауға арналмаған электр энергиясын есептеуіштерді пайдалануға тыйым салынады.
4-тарау. Энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін
арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар
14-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы аккредиттеу
1. Энергия аудиті мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қызметтің аккредиттелетін түрлеріне жатады.
2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Заңды тұлғалардың аккредиттеу туралы құжаттарын қарау және олар бойынша шешім қабылдау үшін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында аккредиттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады, оның құрамы мен қызмет тәртібін уәкілетті органның басшысы айқындайды.
Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды комиссия олар уәкілетті органға келіп түскен кезден бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге аккредиттеу туралы куәлік береді.
Аккредиттеуден бас тартқан жағдайда өтініш берушіге бас тарту себебі көрсетіле отырып, дәлелді жазбаша жауап жіберіледі.
Аккредиттеуден бас тарту үшін:
1) ұсынылған құжаттарда бұрыс ақпараттың болуы;
2) ұсынылған ақпараттың энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы бойынша қызметті жүзеге асыру үшін қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі;
3) қызметтің мәлімделген түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы негіз болып табылады.
4. Уәкілетті орган берген аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және оның қолданылу мерзімі бес жыл болады.
Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап есептеледі.
5. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтатудың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты емес негіздері мыналар болып табылады:
1) аккредиттелген субъектінің жазбаша өтініші;
2) аккредиттелген субъектінің таратылуы немесе банкротқа ұшырауы.
7. Энергия аудитін және энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыру үшін қойылатын, заңды тұлғалар сәйкес болуға тиіс талаптар Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасында белгіленеді.
15-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
сараптамасы
1. Күнтізбелік бір жыл ішінде бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын мөлшерінде энергетикалық ресурстар тұтынатын жаңа үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды салудың немесе қазіргі барларын кеңейтудің (күрделі жөндеудің, реконструкциялаудың) жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы міндетті түрде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасына жатады.
Қолданыстағы мемлекеттік немесе мемлекетаралық нормативтердің болуымен қамтамасыз етілмеген, жоқ нормативтерді алмастыратын арнайы техникалық шарттар (ерекше нормалар) бойынша әзірленген объектілерді салуға арналған жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын өткізу міндетті болып табылады.
Мемлекеттік сараптамаға жататын, энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға қойылатын Қазақстан Республикасында қолданыстағы мемлекеттік немесе мемлекетаралық нормативтік талаптарға сәйкес орындалған, күнтізбелік бір жыл ішінде энергетикалық ресурстарды жиынтық жылдық тұтынуы бес жүз тоннадан аз шартты отынға барабар объектілер құрылысына арналған жобалар (жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы) бойынша міндетті энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы жүргізілмейді.
2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасының негізгі міндеті үйлерді, құрылыстарды және ғимараттарды салуға және реконструкциялауға арналған жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасына сәйкестігін белгілеу болып табылады.
3. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізу құқығына қызметтің осы түрі бойынша аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалар ие болады.
4. Заңды тұлғалар өздері әзірлеген немесе олардың қатысуымен әзірленген жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізуге құқылы емес.
5. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде, өтініш білдірген тұлғаның (тапсырыс берушінің) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Жүргізілген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың міндетті сараптамасының нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды жасалады. Сараптамалық қорытынды энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асырған заңды тұлғаның фирмалық бланкісінде беріледі.
7. Бекітілген негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерге энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде ықпал ететін өзгерістер енгізілетін жобалар жаңадан әзірленетін жобалар үшін белгіленген тәртіппен қайтадан сараптауға жатады.
8. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың міндетті сараптамасына жататын үйлердің, құрылыстар мен ғимараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бөлім болуға тиіс.
9. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың міндетті сараптамасының оң қорытындысынсыз жобаларды бекітуге тыйым салынады.
10. Осы баптың 1-тармағында белгіленген жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы, ол бойынша сараптама жүргізілгеннен кейін үш жыл өткен соң энергетикалық ресурстарды күнтізбелік бір жыл ішінде тұтыну мөлшері бес жүз және одан көп тонна шартты отынға барабар үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды, жабдықтарды салу немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту (күрделі жөндеу, реконструкциялау) басталмаған болса, энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға қайтадан сараптама жүргізілгеннен кейін ғана іске асыру үшін пайдаланылады.
16-бап. Энергия аудиті
1. Қызметтің осы түрі бойынша аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалар энергия аудитін жүргізу құқығына ие болады.
2. Энергия аудиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде, өтініш білдірген тұлғаның (тапсырыс берушінің) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Энергия аудитінің нәтижелері бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қорытынды жасалады.
Энергия аудитінің қорытындысы энергия аудитін жүзеге асырған заңды тұлғаның фирмалық бланкісінде беріледі.
4. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері әрбір бес жылда кемінде бір рет міндетті энергия аудитінен өтеді.
5. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде энергия аудитін жүргізу нәтижелері бойынша қорытынды алуға міндетті.
5-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін
арттыру саласындағы мемлекеттік қолдау
17-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы мемлекеттік қолдаудың бағыттары
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) энергия үнемдеу жабдығын пайдалануды ынталандыру;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы білім беру қызметін және іс-шараларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
3) энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру;
4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы әдістемелік және нормативтік құқықтық базаны әзірлеуді және дамытуды қаржыландыру;
5) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жарату;
6) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарын құру;
7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үйлердің (тұрғын үй ғимараттарының), тұрғын үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелеріне энергия үнемдеуді қамтамасыз етуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларға ақы төлеуге көмектесу.
18-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы келісім
1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы келісім(бұдан әрі – Келісім) уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен энергетикалық ресурстарды жылына бір жүз мың және одан көп тонна шартты отын көлемінде тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің арасында ерікті негізде жасалады.
2. Энергетикалық ресурстарды жылына бір жүз мың және одан көп тонна шартты отын көлемінде тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына өтініші Келісім жасауға негіз болып табылады.
Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің энергетикалық ресурстарды тұтыну тиімділігін арттыру есебінен бес жыл ішінде кемінде жиырма бес пайыз көлемінде оларды тұтынуды төмендету бойынша міндеттемелер қабылдауы Келісім нысанасы болып табылады. Келісім кемінде бес жыл мерзімге жасалады.
3. Келісімнің қолданысын тоқтату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
19-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз ету
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі қызметті ақпараттық қамтамасыз етуді орталық және жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың субъектілері:
1) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануды насихаттау;
2) энергия тиімділігі жоғары көрсету жобаларын жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;
3) энергия үнемдейтін материалдар мен жабдықтар көрмелерін ұйымдастыруға жәрдемдесу жолымен тұрақты жүзеге асырады.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы субъектілердің құқықтары мен міндеттері
20-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторының
құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінен, жеке тұлғалардан, энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғалардан Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
2) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру бойынша ұсыныстарды уәкілетті органға енгізуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін сақтауға;
2) Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің ақпаратты беруден жалтарған немесе бұрыс ақпарат берген субъектілері туралы ақпаратты уәкілетті органға беруге;
3) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жүзеге асыратын, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар тиімділігін бағалау мен талдауды жүргізуге және уәкілетті органға ақпарат ұсынуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
21-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
саласындағы субъектілердің құқықтары мен
міндеттері
1. Осы баптың 2 – 5-тармақтарында көрсетілген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы субъектілер:
1) мемлекеттік органдарға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша уәкілетті органнан ақпарат алуға құқылы.
2. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар:
1) электр желілерінде қуат коэффициентінің нормативтік мәндерін сақтауға;
2) энергия тұтыну нормативтерінен аспауға;
3) энергетикалық ресурстарды, суды өндіруді және беруді жүзеге асыру кезінде жабдықтың, арматураның ақаулығынан, құбырларды жылу оқшаулаусыз пайдаланудан немесе энергия тұтыну жабдығының жұмыс режимін сақтамаудан туындаған олардың тікелей ысырабына жол бермеуге міндетті.
3. Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері осы Заңның 9-бабында көрсетілген ақпаратты беруге және мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, энергия аудиті өткеннен кейін бес жыл ішінде, энергия аудиті қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейін энергетикалық ресурстар мен судың тұтыну көлемін өнімнің бірлігіне, үйлердің, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бірлігіне жыл сайын азайтуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізуге аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасында белгіленген, энергия аудитін жүргізу тәртібін және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізу тәртібін сақтауға;
2) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыру кезінде жол берілген бұзушылықтарды жою бойынша уәкілетті органның нұсқамаларын уақтылы орындауға;
3) жартыжылдық қорытындысы бойынша 15 шілдеден және 15 қаңтардан кешіктірмей, есепті кезең ішінде берілген барлық энергия аудиті жөніндегі қорытындылар мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы жөніндегі сараптамалық қорытындылардың көшірмелерін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
5. Энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды орындауға міндетті.
7-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және
энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасын
бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
23-бап. Уәкілетті органның лауазымды тұлғасының
іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану
Жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органның лауазымды тұлғасының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
24-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі
1. Осы Заң:
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 9) тармақшасын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 2-тармағын;
2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 4-тармағын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-бапты;
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 1-тармағын;
қуаты 100 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшін – 2012 жылғы 1 шілдеден бастап, қуаты 75 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшін – 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап, қуаты 25 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 1-тармағының 1) тармақшасын;
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 1-тармағының 5) тармақшасын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 15-баптың 1 және 9-тармақтарын;
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 21-баптың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Энергия үнемдеу туралы» 1997 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 343-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат, 2009 ж., № 13-14, 62-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ