Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартты ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 15 қарашадағы № 49-V Заңы.

Қолданыстағы

      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеуде жасалған Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарт ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің
Біріккен алқасы туралы шарт

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартты, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып, төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің (бұдан әрі - Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері) өзара іс-қимылын үйлестіру, Кеден одағының мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ету, Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеден заңнамасы мен кедендік реттеудің қолданылуын біріздендіру мақсатында Тараптар Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасын (бұдан әрі - Біріккен алқа) құрады.

2-бап

      Біріккен алқа өз қызметін осы Шартта, Кеден одағына мүше мемлекеттердің Кеден одағындағы кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін басқа халықаралық шарттарында, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) және Кеден одағы комиссиясының шешімдерінде көзделген өкілеттіктердің шегінде жүзеге асырады.

3-бап

      Біріккен алқаны Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері басшыларының арасынан Біріккен алқа мүшелері сайлайтын Төраға басқарады. Төраға өкілдік ететін Тараптан орынбасарды қоспағанда, Біріккен алқа Төрағасының Біріккен алқа мүшелері Кеден одағына мүше мемлекеттердің саны бойынша сайлайтын орынбасарлары болады.

      Біріккен алқаның Төрағасы және оның орынбасарлары лауазымға бір жылға сайланады. Біріккен алқаның шешімі бойынша бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

      Біріккен алқаның жұмыс істеп отырған Төрағасының Біріккен алқаның отырысын жүргізу жөніндегі міндеттерін орындауы мүмкін болмаған жағдайда оның функцияларын Біріккен алқа Төрағасы орынбасарларының бірі орындайды.

      Біріккен алқаның құрамына Төраға, оның орынбасарлары, сондай-ақ әрбір орталық кеден органынан тең өкілдікпен Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдарының алқалары мүшелерінің қатарынан Тараптар мемлекеттері орталық кеден органдарының басшы қызметкерлері (лауазымдары бойынша) кіреді.

      Біріккен алқаның жұмыс тәртібі Біріккен алқаның қарау қорытындылары бойынша Төраға бекітетін Рәсімдер қағидаларымен айқындалады.

4-бап

      Біріккен алқаның отырыстары кемінде тоқсанына бір рет өткізіледі. Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдарының кем дегенде біреуінің өтініші бойынша Біріккен алқаның кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.

5-бап

      Біріккен алқаның негізгі міндеттері:

      Кеден одағы шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінің іс-әрекетін үйлестіру;

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің құзыретіне қатысты бөлікте кеден ісі мәселелері бойынша Кеден одағының бірыңғай құқықтық базасын қалыптастыруға қатысу;

      өз құзыреті шегінде Кеден одағының кеден заңнамасын біркелкі қолдануды қамтамасыз ету;

      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды ұйымдастырудың біріздендірілген тәртібін қамтамасыз ету;

      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында кеден саясатын іске асыруға жәрдемдесу болып табылады.

6-бап

      Біріккен алқа мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      Кеден одағы кеден заңнамасының нормалары орындалуының мониторингі;

      Кеден одағының кеден заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау және оларды Кеден одағы органдарының қарауына енгізу;

      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағын қалыптастыру және оның жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдай жасауға қатысу;

      ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесі (Кеден одағының жоғары органы) және Кеден одағының комиссиясы қабылдаған шешімдерді іске асыруға жәрдемдесу;

      сақталуын бақылау Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына жүктелген Кеден одағында кедендік реттеу нормаларының біркелкі сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жоспарлар мен шараларды дайындау және қабылдау;

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің Кеден одағындағы кедендік реттеу саласындағы өзара іс-қимылының негізгі мәселелерін шешу;

      Кеден одағының кеден заңнамасын түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулы мәселелерді талқылау;

      Кеден одағындағы кедендік қатынастарды реттейтін актілердің іске асырылуы барысын талдау және қарау;

      Кеден одағындағы кедендік реттеу саласында Кеден одағын дамыту бағдарламаларына Тараптар алдында белгіленген тәртіппен бастамашылық жасау және оларды әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

      Кеден одағындағы кедендік реттеуді жетілдіру, кедендік қағидаларды және кедендік құжаттардың нысандарын біріздендіру жөнінде ұсыныстар дайындау және Кеден одағы органдарының қарауына енгізу;

      тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған қызметті үйлестіру;

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын біркелкі қолдануды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдарды қарау және дайындау;

      Кеден одағының органдары үшін тауарлардың кедендік құнын декларациялау, бақылау және кедендік төлемдерді төлеу тәртібін әзірлеу және жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарау мен дайындау;

      Кеден одағына мүше мемлекеттерде кедендік бақылаудың біріздендірілген тәртібі сақталуының, біріздендірілген кедендік рәсімдердің біркелкі және тиімді қолданылуының мониторингі;

      кедендік бақылаудың нысандары мен әдістерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің жеке тұлғалардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізуінің біріздендірілген қағидалары мен мұндай тауарларды декларациялау тәртібін қолдануының мониторингі;

      Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасын біркелкі қолданудың мониторингі;

      Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар, номенклатурасына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды қарау және ұсынымдар әзірлеу;

      Тараптар мемлекеттері кеден органдарының валюталық құндылықтарды әкелу және әкету тәртібін регламенттейтін заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыруын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің валюталық заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыруын ұйымдастыру;

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің контрабандаға, Кеден одағындағы кедендік реттеу саласындағы өзге қылмыстарға, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жөніндегі өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері қолданатын ақпараттық жүйелерді және ақпараттық технологияларды әзірлеуді, жетілдіру мен енгізуді үйлестіру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, қару-жарақтың, Тараптар мемлекеттері халықтарының және шет елдер халықтарының көркем, тарихи және археологиялық игілігі заттарының, зияткерлік меншік объектілерінің, жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің, олардың бөліктері мен дериваттарының, тыйым салулар мен шектеулерге жататын басқа да тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесу жөніндегі бірлескен шаралар жүйесін әзірлеу және іске асыру;

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің құзыреті шегінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауар айналымын жылдамдатуға ықпал ететін, сондай-ақ кедендік инфрақұрылымның дамуын қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің сыртқы экономикалық байланыстарын, Тараптар мемлекеттерінің кәсіпорындарын, мекемелерін, ұйымдарын және азаматтарын дамытуға жәрдемдесетін шараларды әзірлеу және жағдай жасау, осы шараларды іске асыруды қамтамасыз ету;

      өз құзыреті шегінде кеден мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастыққа қатысу, Тараптар мемлекеттері орталық кеден органдарының оған қатысуын үйлестіру;

      тәуекелдерге қатысты Тараптардың кеден органдары міндетті түрде оларды азайту жөніндегі шараларды әзірлейтін және қолданатын олардың саласын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      тәуекелдерді басқару жүйесінің бірыңғай стандарттарын қалыптастыру және оларды Кеден одағы шеңберінде біркелкі қолдануды қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуінің әдіснамалық негіздерін әзірлеу.

7-бап

      Біріккен алқаның:

      өз құзыреті шеңберінде кедендік баждардың, өзге де баждардың, Кеден одағы жағдайында баламалы қолданылатын салықтар мен алымдардың сомаларын есепке алудың тәртібін жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлеуге;

      өз құзыреті шеңберінде Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ынтымақтастығын дамытуға, өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылдауға;

      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында тиімді кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ету үшін шешімдер қабылдауға;

      Кеден одағында кедендік реттеу саласындағы мәселелерді дайындау үшін қажетті тұрақты немесе уақытша жұмыс топтарын белгіленген тәртіппен құруға;

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтеріне Кеден одағының кеден заңнамасы нормаларының іске асырылу барысы туралы және Біріккен алқа қабылдайтын шешімдерді орындау барысы туралы баяндауды тапсыруға;

      тәуекелдерге қатысты кеден органдары міндетті түрде оларды мейілінше азайту жөніндегі шараларды әзірлейтін және қолданатын олардың саласын айқындауға;

      кедендік әкелу баждарын (баламалы қолданылатын өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) төлеуге байланысты ақпарат алмасудың және ақпарат берудің бірыңғай тәртібін айқындауға;

      2010 жылғы 20 мамырдағы Кеден одағында кедендік әкелу баждарын (баламалы қолданылатын өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) есепке жатқызу мен бөлудің тәртібін белгілеу және қолдану туралы келісімге сәйкес кедендік әкелу баждарының есебін жүргізудің бірыңғай қағидаттарына негізделген келісілген қағидалардың қолданылуын қамтамасыз етуге;

      Кеден одағындағы кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының Жоғары органы) және Кеден одағы комиссиясының шешімдеріне сәйкес өзге де құқықтарды пайдалануға құқығы бар.

8-бап

      Біріккен алқа мүшесінің:

      Біріккен алқа құзыретінің шегінде кез келген мәселелерді талқылауға шығаруға және қаралатын мәселелер мен Біріккен алқа қабылдаған шешімдердің орындалуы туралы қажетті ақпаратты алуға;

      Біріккен алқаның отырыстарын өткізу орны мен уақыты туралы ұсыныстар енгізуге;

      Біріккен алқаның жұмыс топтарының қызметі туралы қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.

      Біріккен алқаның мүшесі:

      Біріккен алқаны кедендік ынтымақтастықтың қаралатын мәселелері бойынша өз мемлекетінің ұстанымы туралы хабардар етуге;

      Біріккен алқа қабылдаған шешімдерді өз мемлекетінің уәкілетті органдарына жеткізуге және олардың орындалуына ықпал етуге;

      Біріккен алқа қабылдаған шешімдердің толық және уақтылы орындалуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

9-бап

      Біріккен алқаның шешімдері консенсустың негізінде қабылданады, бұл ретте Кеден одағына мүше әрбір мемлекеттің бір шешуші дауысы болады.

      Біріккен алқаның шешімдеріне Төраға және Тараптар мемлекеттерінің қалған кеден қызметтерінің басшылары (олар Біріккен алқаның отырыстарына қатысқан кезде) қол қояды. Біріккен алқаның отырыстарында Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің басшылары болмаған кезде Біріккен алқаның шешіміне Төраға және оның орынбасарлары қол қояды.

      Біріккен алқаның шешімдері қабылданған күннен бастап жеті күндік мерзімде оларды орындау үшін Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдарының басшылары Тараптар мемлекеттерінің тиісінше әрқайсының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері шегінде шығаратын бұйрықтарымен жарияланады.

10-бап

      Біріккен алқа Хатшылығының функциялары Федералдық кеден қызметіне (Ресей Федерациясы) жүктеледі.

      Федералдық кеден қызметінің Біріккен алқа Хатшылығының функцияларын орындау бойынша шығыстарын қаржыландыру Федералдық кеден қызметін қаржыландыруға бөлінетін Ресей Федерациясының бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Біріккен алқа Хатшылығы Біріккен алқаның қызметін ұйымдастыруды және ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Хатшылық орындайтын өзге де функциялардың тізбесі Төраға бекітетін Біріккен алқа Хатшылығы туралы ережеде айқындалады.

      Біріккен алқаның мүшелерін және оның отырыстарына қатысушыларды іссапарға жіберу жөніндегі шығыстарды жіберетін Тарап көтереді.

11-бап

      Орыс тілі Біріккен алқаның жұмыс тілі болып табылады.

12-бап

      Мәскеу қаласы Біріккен алқа Хатшылығының орналасқан жері болып табылады.

13-бап

      Осы Шартқа ескертулер беруге жол берілмейді.

14-бап

      Осы Шартқа жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

16-бап

      Осы Шарт ратификациялауға жатады және қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады.

      Осы Шарт Тараптардың осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийдің дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Шарттың түпнұсқа данасы осы Шарттың депозитарийі болып табылатын және әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасының

Республикасының

Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


      Осы мәтіннің 2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.Н.Румас;

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Ө.К.Шөкеев;

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Үкіметі Төрағасының Бірінші орынбасары И.И.Шувалов;

      қол қойған Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарт көшірмесінің толық және түпнұсқасы болып табылатынын куәландырамын.

      Түпнұсқа данасы Кеден одағының Комиссиясында сақталуда.

  Барлығы тігілген, қолымен
және мөрмен бекітілген
7 парақта.
 

Кеден одағының комиссиясы


Хатшылығының Құқықтық


Департаменті директорының орынбасары

М.И. Халимов


      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарттың қазақ тіліне аудармасы дұрыс екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасы


Қаржы министрлігі Мемлекеттік


тілді дамыту және редакциялау


Басқармасының бастығы

Б. Ахметжанова


      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарттың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасының


Сыртқы істер министрлігі


Халықаралық құқық


департаментінің кеңесшісі

Б. Мәшіков