Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 475-IV Заңы

Қолданыстағы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 21, 93-құжат; 2009 ж., № 23, 112-құжат; № 24, 129-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 24, 146, 149, 150-құжаттар; 2011 ж., № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 7, 54-құжат):

      1) 3-баптың 1-тармағының 58) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «58) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – оны ұстаушының Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергілікті атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарызға қатысты құқықтарын куәландыратын немесе оны ұстаушының қосалқы жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан табыстар алуға құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;»;

      2) 206-баптың 3-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк қазынашылық мiндеттемелер немесе мемлекеттік ислам бағалы қағаздары түрiнде мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi қарыз алушы болатын, оны ұстаушының қарызға қатысты құқықтарын куәландыратын мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттiк қазынашылық мiндеттеме болып табылады.
      Қосалқы жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан түскен табыстарды алуға оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттiк ислам бағалы қағазы болып табылады.
      Мемлекеттiк ислам бағалы қағазы Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес белгіленген исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен шығарылады.».

      2. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 14, 119-құжат; 2004 ж., № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат):

      1) 1-бапта:
      34-1) тармақшадағы «осы Заңға сәйкес акционерлiк қоғамның не жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және ислам бағалы қағаздарын шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға» деген сөздер «ислам бағалы қағаздарын шығаруды жүзеге асыратын, осы Заңға сәйкес акционерлiк қоғамның не жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын заңды тұлға, сондай-ақ бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме)» деген сөздермен ауыстырылсын;
      34-3) тармақшадағы «түскен активтер мен» деген сөздер «түскен активтерге және (немесе)» деген сөздермен ауыстырылсын;
      51) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «51) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – оны ұстаушының Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергілікті атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарызға қатысты құқықтарын куәландыратын немесе оны ұстаушының қосалқы жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан табыстар алуға құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;»;
      60-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «60-1) оригинатор – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарына сай келетін, сатып алу-сату шартының негiзiнде активтерді ислам арнайы қаржы компаниясына беретiн және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясының құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы.
      Жалдау шартының негізінде активтерді ислам арнайы қаржы компаниясына беретін, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган оригинатор бола алады;»;

      2) 32-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «32-3-бап. Исламдық жалдау сертификаттары

      1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, ислам арнайы қаржы компаниясы оларды шығару кезiнде айналым мерзiмiн алдын ала белгiлей отырып шығаратын, ұстаушылары жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша табыстар алу құқығына ие болатын ислам бағалы қағаздары исламдық жалдау сертификаттары болып табылады.
      Егер мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, ислам бағалы қағаздарын ұстаушылар қосалқы жалдау шарты бойынша табыс алу құқығына ие болады.
      2. Исламдық жалдау сертификаттары оларды ұстаушыларға мынадай:
      1) мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша табыстар алу;
      2) егер мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, қосалқы жалдау шарты бойынша табыстар алу;
      3) бөлiнген активтердi құрайтын мүлiк үлесiне сәйкес келетiн, ұстаушыға тиесiлi исламдық жалдау сертификаттары санының орналастырылған исламдық жалдау сертификаттарының жалпы санына пропорционал мөлшерiнде ақша сомасын алу;
      4) эмитенттiң (оригинатордың) қызметi туралы ақпарат алу, оның iшiнде исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектiсiнде айқындалған тәртiппен эмитенттiң (оригинатордың) қаржылық есептiлiгiмен танысу;
      5) қоғам тiркеушiсiнен немесе номиналды ұстаушыдан исламдық жалдау сертификаттарына ұстаушылардың меншiк құқығын растайтын үзiндiлер алу құқықтарын;
      6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды бередi.
      3. Мемлекеттік мекемені қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясы исламдық жалдау сертификаттарын шығару, оларды орналастырудың нәтижесiнде алынған ақшаға мүлiк сатып алу, сондай-ақ осы мүлiктi жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша түскен төлемдердi исламдық жалдау сертификаттарын ұстаушылар арасында бөлу үшiн құрылады.
      Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы ислам арнайы қаржы компаниясы исламдық жалдау сертификаттарын шығаруды, сондай-ақ мүлікті қосалқы жалдау шарты бойынша түскен төлемдерді исламдық жалдау сертификаттарын ұстаушылар арасында бөлуді жүзеге асырады.
      Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы ислам арнайы қаржы компаниясы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен активтерді жалдау шартын және автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен активтерді қосалқы жалдау шартын жасасады.
      Бөлінген активтерді жалдауға және қосалқы жалдауға беру туралы шешімді, сондай-ақ оларды беру талаптарын Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      4. Мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайды қоспағанда, исламдық жалдау сертификаттарының айналымы ислам арнайы қаржы компаниясының бөлiнген активтерiне кiретiн мүлiктi жалдау (қаржы лизингi) шартын жасасқаннан кейiн мүмкін болады.
      Мемлекеттік мекеме ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, исламдық жалдау сертификаттарының айналымы ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтеріне кіретін мүлікті қосалқы жалдау шартын жасасқаннан кейін мүмкін болады.
      5. Оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясынан мүлiктi сатып алғанда жағдайда исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектiсiнде исламдық жалдау сертификаттарын мерзiмiнен бұрын өтеу шарты көзделуi мүмкiн.
      Мемлекеттік мекеме шығарған ислам жалдау сертификаттарын мерзімінен бұрын өтеу оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясымен мүлікті жалдау шартын бұзған жағдайда жүзеге асырылады.
      6. Исламдық жалдау сертификаттарын шығарудың, орналастырудың, олардың айналымының және өтеудiң өзге де талаптары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.»;

      3) 32-5-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «кеңесі немесе ұлттық холдингтiң, ұлттық басқарушы холдингтiң немесе дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) жүз процентi ұлттық басқарушы холдингiне тиесiлi заңды тұлғаның» деген сөздер «кеңес немесе сатып алу-сату шартының негiзiнде активтердi ислам арнайы қаржы компаниясына беретiн және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясының немесе мемлекеттік мекеменің құрылтайшылары болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғаларының» деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 32-6-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мемлекеттік мекемені қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясын ислам арнайы қаржы компаниясына мүлкін және (немесе) бөлінген активтерін беретін оригинатор құрады.
      Егер ислам арнайы қаржы компаниясы қызметін мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асырған жағдайда, мүлік және (немесе) бөлінген активтер мұндай компанияға жалдау шарты бойынша беріледі.
      Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органды қоспағанда, оригинаторға қойылатын талаптар, сондай-ақ мемлекеттік мекемені қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясын құруға және оның қызметіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.»;
      мынадай мазмұндағы 11-1 және 14-тармақтармен толықтырылсын:
      «11-1. Мемлекеттік мекемеге жалдау шарты бойынша берілген активтер исламдық жалдау сертификаттары бойынша қамтамасыз ету болып табылмайды.»;
      «14. 1, 3, 5, 10 және 11-1-тармақтарды қоспағанда, осы баптың талаптары мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы ислам арнайы қаржы компаниясының қызметіне қолданылмайды.».

      3. «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 246-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 14, 89-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 16, 129-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат):

      1) 4-бап мынадай мазмұндағы 2-3-тармақпен толықтырылсын:
      «2-3. Жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдары немесе олардың учаскелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында әрекет ететін ислам арнайы қаржы компаниясының ислам бағалы қағаздарын шығару шеңберінде жалға берілуі мүмкін.»;

      2) 11-бап мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін ислам бағалы қағаздарын шығару шеңберінде жалға беру туралы шешім қабылдау;»;

      3) 12-баптың 25) тармақшасындағы «бекіту жатады.» деген сөздер «бекіту;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 26) тармақшамен толықтырылсын:
      «26) Қазақстан Республикасының исламдық жалдау сертификаттарын шығаруы шеңберінде олардың нысанасы жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдары немесе олардың учаскелерi бола алатын қосалқы жалдау шартын жасасу жатады.».

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев