Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 маусымдағы № 445-IV Заңы

Қолданыстағы

      2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербургте жасалған Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 2-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуді басым міндет деп санай отырып,
      үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарай отырып,
      халықаралық құқық нормалары мен Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,
      үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі Тараптардың ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз жасауға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Тараптардың үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастығының бағыттары мен нысандарын айқындайды.
      Осы Келісім Тараптардың бірінің мемлекеті аумағына үшінші мемлекеттерден осы Тарап мемлекетінің заңнамасында көзделген тәртіппен баспана немесе босқын мәртебесін алу мақсатында келген адамдарға қолданылмайды.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын терминдердің мынадай мағынасы бар:
      «келу мемлекеті» - аумағына үшінші мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келетін Тараптардың бірінің мемлекеті;
      «үшінші мемлекет» - осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекет;
      «үшінші мемлекеттердің азаматтары» - осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттердің азаматтары;
      «уәкілетті органдар» - осы Келісімнің ережелерін іске асыру құзыретіне кіретін Тараптар мемлекеттерінің органдары;
      «азаматтығы жоқ тұлға» - қандай да бір мемлекеттің азаматына жататындығына дәлелі жоқ және Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тұрақты тұрмайтын адам;
      «заңсыз еңбек көші-қоны» - үшінші мемлекеттер азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың Тараптардың бірінің мемлекеті аумағына осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келуі және/немесе болуы не үшінші мемлекеттер азаматтарының, азаматтығы жоқ тұлғалардың Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыруы;
      «заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілер» - Тараптардың бірінің мемлекеті аумағына осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін және/немесе болатын, не Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында осы мемлекеттің заңнамасын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асыратын үшінші мемлекеттердің азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар.

3-бап

      Тараптар өзара іс-қимылды негізгі мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі келісілген саясатты әзірлеу және іске асыру;
      заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілерге, заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастыратын және/немесе оған жәрдем көрсететін жеке және заңды тұлғаларға қатысты келісілген шараларды жүзеге асыру.

4-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында:
      заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл саласындағы жалпы тәсілдер мен қағидаттарды келісуді;
      заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілерді анықтау мен есепке алуды;
      заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастыратын немесе жәрдемдесетін арналар мен құрылымдарды анықтау мен жолын кесуді;
      заңсыз еңбек көші-қоны көлемінің мониторингін;
      заңсыз еңбекші мигранттарды шығару (қуып жіберу, депортациялау) тетігін әзірлеуді және жетілдіруді;
      бұрын шығарылған (қуып жіберілген, депортацияланған) адамдардың Тараптар мемлекеттерінің аумағына еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келуін шектейтін келісілген шараларды әзірлеуді;
      еңбек көші-қоны саласындағы дәйексіз ақпараттың таралуына жол бермеуге бағытталған шараларды іске асыруды жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптардың ынтымақтастығы мынадай:
      шетелдік азаматтардың көші-қоны мен еңбек қызметін жүзеге асыруы мәселелері бойынша Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерімен алмасу;
      заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат алмасу;
      заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл бойынша жедел профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операцияларды ұйымдастыру және жүргізу;
      тәжірибе алмасу, тағылымдамалар, семинарлар және оқыту курстарын өткізу;
      реадмиссия туралы келісімдер жасасу нысандарында жүзеге асырылады.

6-бап

      Заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары өзара мынадай:
      анықталған заңсыз көшіп-қонушы еңбекшілер және оларға қатысты қабылданған шаралар туралы;
      үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Тараптар мемлекеттерінің аумағына келу, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келу құқығын растайтын құжаттардың үлгілері туралы;
      үшінші мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекарасынан өту және еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында пайдаланатын қолдан жасалған және ұрланған құжаттар туралы;
      заңсыз еңбек көші-қонының анықталған арналары туралы;
      Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастырғаны және/немесе оған жәрдемдескені үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар туралы;
      заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастыратын және/немесе оған жәрдемдесетін жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алмасады.
      Ақпарат алмасу Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары келіскен тәртіппен олардың тиісті сұрау салулары негізінде жүзеге асырылады.

7-бап

      Тараптардың бірінің мемлекетінің уәкілетті органдары осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес, келу мемлекетінің аумағына келетін үшінші елдер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың осы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы транзиттік жол жүруінен бас тартуы мүмкін.

8-бап

      Осы Келісімді іске асыруды өз құзыреті шегінде және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын сақтай отырып өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап үш ай мерзімде депозитарийді көрсетілген уәкілетті органдар туралы хабардар етеді.
      Уәкілетті орган өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін депозитарий арқылы дереу хабардар етеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен өзге де мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
      Консультациялар мен келісімдер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жасалған күннен бастап алты ай ішінде Тараптар келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты дауды Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін береді.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

13-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы орыс тілінде жүзеге асырылады.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап отыз күннен кейін күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше басқа мемлекеттердің осы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттердің келісімімен оған қосылуы үшін ашық.
      Осы Келісімге қосылуға ниет білдірген мемлекеттер депозитарийге жазбаша өтініш жібереді. Депозитарий мемлекеттің қосылу туралы өтінішпен жүгінгені туралы осы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттерге хабарлайды, олар депозитарийдің хабарламасын алған күннен бастап алты ай ішінде өз жауабын жібереді. Депозитарий осы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттердің жауаптарын алғаннан кейін Келісімге қосылуға ниет білдірген мемлекетке бұл туралы дереу хабарлайды.
      Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

16-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Әрбір Тарап бұл туралы шығудан кемінде 6 ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату және одан шығу осы Келісім қолданысын тоқтатқанға немесе одан шыққанға дейін басталған бағдарламалар мен жобалардың орындалуын қозғамайды.
      2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийі болып табылатын және оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.

        Беларусь               Ресей               Қазақстан
     Федерациясының       Республикасының       Республикасының
      Үкіметі үшін          Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

      Осы мәтін 2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында: Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Премьер-министрі С.С.Сидорский, Қазақстан Республикасы Үкіметінен - Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ.Мәсімов, Ресей Федерациясы Үкіметінен - Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы В.В.Путин қол қойған Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің түпнұсқа данасының толық және сәйкес көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
      Түпнұсқа данасы Еуразия экономикалық қоғамдастығы Интеграциялық Комитетінде сақталады.

Барлығы 7 парақта 
тігілген, мөр және қол
қойылып бекітілген 

      ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті
      Құқықтық департаменті Хатшылығының
      Басшысы                                    В.С.Князев

      2010 жылғы 13 желтоқсан

      2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің орыс тіліндегі мәтінін мемлекеттік тілге дұрыс аударылғанын растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігінің
      Көші-қон полициясы комитеті
      Көші-қонды бақылау
      басқармасының бастығы                      С. Сайынов