Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 27 маусымдағы № 442-IV Заңы

Қолданыстағы

      2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербургте жасалған Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы
мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 3-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты негізге ала отырып,
       Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы негіз қалаушы құжаттары мен Халықаралық еңбек ұйымының шеңберінде әзірленген қағидаттарға адалдығын ескере отырып,
      Тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға жәрдемдесу ниетін білдіре отырып,
       Тараптар мемлекеттері арасындағы еңбек көші-қонының мәні мен ауқымын, заңсыз еңбек көші-қонын болғызбаудың, мәжбүрлі еңбекті жоюдың және көшіп-қонушы еңбекшілерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің маңыздылығын мойындай отырып,
      төмендегі туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      «еңбек қызметі» - көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында оның заңнамасына сәйкес еңбек шартының негізінде жүзеге асыратын еңбек қызметі;
      «көшіп-қонушы еңбекші» - Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тараптың аумағында заңды негізде жүрген және заңды негізде еңбек қызметін жүзеге асыратын адам;
      «көшіп-қонушы еңбекшінің отбасы мүшесі» - көшіп-қонушы еңбекшімен некеде тұратын адам, сондай-ақ оның асырауындағы балалары мен жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес отбасының мүшелері деп танылатын басқа да адамдар;
      «жұмыс беруші» - көшіп-қонушы еңбекшіге онымен жасалған еңбек шартының негізінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
       «жұмысқа орналастырушы мемлекет» - аумағында көшіп-қонушы еңбекші еңбек шартының негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын Тараптардың бірінің мемлекеті;
      «тұрақты тұру мемлекеті» - көшіп-қонушы еңбекші аумағында тұрақты тұратын және ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру үшін аумағынан басқа Тараптың аумағына келетін Тараптардың бірінің мемлекеті;
       «кемсітушілік» - жыныстық белгісіне, нәсіліне, ұлтына, тегіне, дінге көзқарасына, нанымына, сондай-ақ оның іскерлік қасиеттеріне байланысты емес басқа да белгілері бойынша көшіп-қонушы еңбекшілердің құқықтары мен бостандығына ерекшеліктер, тыйымдар, артықшылықтар мен шектеулер белгілеу;
      «уәкілетті органдар» - Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру құзыретіне енетін органдары;
      «әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру)» - уақытша еңбекке жарамсыздығы жағдайы мен ана болуына байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан міндетті әлеуметтік сақтандыру және міндетті медициналық сақтандыру.

2-бап

      Осы Келісім көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесін айқындайды, сондай-ақ көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібін және оларды әлеуметтік қорғауға байланысты мәселелерді реттейді.

3-бап

      Осы Келісім шеңберінде көшіп-қонушы еңбекшілерді тартуға байланысты қызметті жұмысқа орналастырушы мемлекеттің жұмыс берушілері ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей жүзеге асырады, ал көшіп-қонушы еңбекшілердің Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаттар алуы талап етілмейді.

4-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшілердің жұмыс берушімен еңбек қатынастары жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ осы Келісіммен реттеледі және еңбек шартын жасасу арқылы ресімделеді.
      Еңбек шартын жасасу үшін көшіп-қонушы еңбекші жұмыс берушіге жұмысқа орналастырушы мемлекеттің еңбек заңнамасында көзделген құжаттарды, сондай-ақ көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында тұруының заңдылығын растайтын құжатты (құжаттарды) ұсынады.

5-бап

      Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағына келген күнінен бастап 30 тәуліктің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің уәкілетті органдарында тіркелуден (келген жері бойынша есепке қоюдан) босатылады.
      Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелерінің уақытша болу мерзімі көшіп-қонушы еңбекшінің жұмыс берушімен жасасқан еңбек шартының қолданылу мерзімімен айқындалады.

6-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшілерді еңбек қызметіне, олардың кәсібінің түріне және болатын аумағына қатысты ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде стратегиялық маңызы бар экономика салаларында, қоғамдық тәртіпті, басқа адамдардың имандылығын, денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленетін шектеулер, сондай-ақ мемлекет жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау мақсатында қабылдайтын, Тараптардың мемлекеттік бюджеттерінен қаржыландырылатын шаралар кемсітушілік және көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу ретінде қаралмайды.

7-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай:
      сыртқы еңбек көші-қонын реттеу саласындағы саясатты келісу;
      көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін оларды ұйымдастырған түрде жинауға және Тараптар мемлекеттерінің аумағына тартуға жәрдемдесу;
      көшіп-қонушы еңбекшілердің еңбегін заңсыз пайдалануды болғызбау;
      көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік сақтандыру мәселелері жөнінде ақпарат алмасу бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытады.

8-бап

      Жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағына келген күнінен бастап 90 тәулік өткеннен кейін еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, көшіп-қонушы еңбекші 15 күннің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда, оның ішінде басқа жұмыс берушімен жаңа еңбек шартын жасасуға құқығы бар.
      Еңбек шартының мерзімінен бұрын бұзылуына байланысты көшіп-қонушы еңбекшінің құқықтары мен міндеттері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.

9-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің уәкілетті органдарынан және жұмыс берушіден елде болудың шарттары мен тәртібіне, еңбек қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген құқықтар мен міндеттерге қатысты ақпаратты алуға құқығы бар.

10-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшінің (оның ішінде бұрынғы қызметкердің) талап етуі бойынша жұмыс беруші көшіп-қонушы еңбекшіге оның мамандығы (біліктілігі, лауазымы), жұмыс істеу кезеңі мен жалақы мөлшері көрсетілген анықтаманы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген мерзімде беруге міндетті.
      Белгіленген тәртіппен ресімделген көрсетілген анықтаманы және/немесе оның куәландырылған көшірмесін жұмыс беруші көшіп-қонушы еңбекшіге өтеусіз береді.

11-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшілерді зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында өзімен бірге тұратын балаларының жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелерге баруға, білім алуға құқығы бар.

13-бап

       Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелерінің тиісті өтеусіз жедел (шұғыл) медициналық көмек пен өзге де медициналық көмек алу құқығы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен және өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі.

14-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке пайдалануына арналған тауарларды әкелуге және әкетуге құқығы бар.
      Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелерінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзінің мүлкін иеленуге, пайдалануға және билік етуге;
      өзіне тиесілі мүлікке қатысты жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейтін кез келген әрекетті жасауға, оның ішінде өзінің мүлкін басқа адамдардың меншігіне оқшаулауға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқығын беруге, мүлікті кепілге қоюға және басқа да тәсілдермен құқық ауыртпалығын салуға, оған өзге де түрде иелік етуге;
      өзінің мүлкін сенімгерлік басқаруға беруге;
      жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жеке меншігін қорғауға;
      жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында және Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен тапқан қаражатын кедергісіз аударуға құқығы бар.

15-бап

      Көшіп-қонушы еңбекші мен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасын сақтауға, оның мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында өздері жасаған құқық бұзушылықтар үшін оның заңнамасына сәйкес жауапты болуға міндетті.

16-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшінің кәсіптік одақтарға кіруге жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен тең құқығы бар.

17-бап

      Көшіп-қонушы еңбекшінің жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағындағы еңбек қызметі нәтижесінде тапқан табысына жұмысқа орналастырушы мемлекеттің салық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес салық салынуға тиіс.

18-бап

      Осы Келісімді іске асыруды өз құзыреті шегінде және өз мемлекеттерінің заңнамасын сақтай отырып өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өздерінің мемлекетішілік рәсімдерін орындағаны туралы жазбаша хабарламаны біруақытта жібере отырып, депозитарийді көрсетілген уәкілетті органдар туралы хабардар етеді.
      Уәкілетті орган өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы депозитарийді дереу хабардар етеді.

19-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері азаматтарының Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмей қолданылады.

20-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

21-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
      Егер дау бір Тараптың екінші Тарапқа консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы жолдаған ресми жазбаша өтініші келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде реттелмеген болса, Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына беруге құқылы.

22-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Келісімге қатысушы мемлекеттердің барлығының келісуімен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше болып табылатын басқа да мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық болады.
      Келісімге қосылу ниеті бар мемлекеттер депозитарийге жазбаша өтініш жібереді. Депозитарий мемлекеттің қосылу туралы өтініші жөнінде қатысушы мемлекеттердің барлығына хабарлайды, олар депозитарийдің хабарын алған күнінен бастап алты айдың ішінде өздерінің жауабын жібереді. Депозитарий қатысушы мемлекеттердің барлығының жауабын алғаннан кейін, бұл туралы Келісімге қосылуға ниет білдірген мемлекетке дереу хабарлайды.
      Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

      2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.

      Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Беларусь               Қазақстан             Ресей
   Республикасының        Республикасының       Федерациясының
     Үкіметі үшін           Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

      2010 жылғы 19 қарашада Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Еңбекші-мигранттар және олардың отбасы мүшелерін құқықтық мәртебесі туралы келісімнің келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский