2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербургте жасалған Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелері, шарттары және тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелері,
шарттары және тәртібі туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Еуразия экономикалық қоғамдастығы шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып,
кедендік баждарды есептеу және төлеу саласында келісілген саясат жүргізудің орындылығын тани отырып,
осы мақсатта бір-біріне жәрдем көрсетуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелерін, шарттарын және тәртібін айқындайды.
2-бап
Кедендік баждарды төлеу мерзімін өзгерту кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу нысанында жүргізіледі.
Кедендік баждарды төлеу бойынша мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу тиісінше төлеушінің мерзімі кейінге қалдырылған (бөліп төленетін) соманы біржолғы немесе кезең-кезеңмен төлеуімен, осы Келісімнің 6-бабында көзделген негіздемелер болған кезде кедендік баждарды төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу төлеуге жататын барлық сомаға не оның бөлігіне қатысты берілуі мүмкін.
3-бап
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу Кеден одағы Кеден кодексінің 12-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждарды төлеуді қамтамасыз ету шартымен беріледі.
4-бап
1. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімді төлеушінің жазбаша өтініші бойынша:
Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында - кедендік декларация берілетін кеден органы;
Ресей Федерациясында - Федералдық кедендік қызметі не ол айқындайтын кеден органы қабылдайды.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) төлеуші туралы мәліметтер;
2) тауарлардың атауы;
3) сыртқы сауда шартының (халықаралық шарттың) реквизиттері;
4) мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну негіздемесі;
5) мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу сұралып отырған кедендік баждардың сомасы;
6) мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу сұралған мерзім;
7) бөліп төлеу сұралатын кедендік баждардың сомасын кезең-кезеңмен төлеу кестесі;
8) мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ұсынылмайтын осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген жағдайлардың жоқтығы туралы ақпарат.
3. Өтініш кеден органына осы Келісімде көзделген кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну негіздемелердің болғанын растайтын құжаттарды ұсыныла отырып, қатар берілуге тиіс.
5-бап
Кедендік баждардың мерзімін төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы не мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсынудан бас тарту туралы шешім бұл туралы өтініш берілген күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.
Мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы немесе оны ұсынудан бас тарту туралы шешім оны ұсыну туралы өтінішпен жүгінген тұлғаға жазбаша нысанда жеткізіледі.
Мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімде төлеуші туралы мәліметтер, кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ұсынылатын мерзім, оған қатысты мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ұсынылатын кедендік баждардың сомасы, сондай-ақ тауарларды шығару кезінде бұл шешімді қолдану үшін қажетті өзге де мәліметтер көрсетіледі. Кеден органының бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімінде, сондай-ақ кедендік баждардың сомасын кезең-кезеңмен төлеу кестесі көрсетіледі.
Мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсынудан бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың себептері көрсетіледі.
Егер, мұндай шешім қабылданған тауарларға қатысты кедендік декларациялау, оны қабылдаған күннен бастап үш жылдың ішінде жүргізілсе, кеден органының кедендік баждардын мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімі, заңды мәні бар фактілер туралы куәландыратын құжат болып табылады.
6-бап
1. Төлеушіге кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мынадай негіздердің бірі болған кезде ұсынылады:
1) дүлей зілзала, технологиялық апат немесе тосын күштің өзгеде мән-жайлары нәтижесінде осы тұлғаға нұқсан келтіру;
2) кедендік баждарды төлеушіге федералдық (республикалық) бюджеттен қаржыландырудың немесе осы тұлға орындаған мемлекеттік тапсырыс үшін төлемнің кешігуі;
3) тез бүлінуге ұшырайтын тауарлардың әкелінуі;
4) егер, кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен аталған мән-жай кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеуді ұсыну үшін негіздеме болып табылатындығы белгіленбесе, кеден одағына мүше мемлекет тараптарының бірі болып табылатын халықаралық шарттардың шеңберінде жеткізулерді жүзеге асыру;
5) Кеден одағының комиссиясы бекіткен кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ұсынылуы мүмкін, әкелінетін шетелдік әуе кемелерінің және олардың құрама бөлшектерінің түрлерінің тізбесіне енгізілген тауарларды әкелу;
6) ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар не аталған ұйымдар үшін Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметі бірыңғай тауар номенклатурасының отырғызылатын немесе егіс материалдарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын, 8424 81, 8433 51, 8433 59 қосалқы позициясындағы ауыл шаруашылығы техникасын, мысықтардан, иттерден және әсем құстардан басқа, жануарлар азығы үшін тауарларды әкелу не беру;
7) өндірістік қайта өңдеуде пайдалану үшін тауарларды, оның ішінде шикізатты, материалдарды, технологиялық жабдықты, оларды оған құрамдас бөлшектерді және қосалқы бөлшектерді әкелу.
8) Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен осы тармақтың бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген тауарлардың тізбесі айқындалуы мүмкін.
Осы Келісімнің мақсаттары үшін өнеркәсіптік қайта өңдеу деп тауарларды коды Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес оларды өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін әкелінген тауарлардың кодынан өзгеше кез келген бірінші төрт белгінің деңгейінде жаңа тауарларды алу үшін өндірісте пайдалану түсініледі.
2. Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен кеден одағына мүше мемлекеттің осы баптың 1-тармағында аталған негіздемелерді растауға уәкілетті органдары айқындалуы мүмкін.
3. Кеден одағының комиссиясы кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну үшін өзге негіздемелерді айқындауы не осы баптың 1-тармағында аталған кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну үшін негіздемелердің қолданылуын тоқтата тұруы мүмкін.
7-бап
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты ұсынылады.
8-бап
Егер кеден органында мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсынуға үміткер тұлғалардың кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша берешегі болғандығы не аталған тұлғаларға қатысты банкроттық рәсімі қозғалғандығы немесе кеден заңнамасын бұзуға байланысты қылмыстық белгілер бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы туралы ақпарат болса, сондай-ақ төлеуші кеден органына қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынбаса кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы шешім қабылданбайды.
Кеден органы мұндай ақпаратты кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсынуға дейін алған кезде, мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімнің күші жойылуға жатады, бұл туралы мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы өтініш берген тұлға жазбаша нысанда хабардар етіледі.
9-бап
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу алты айдан аспайтын мерзімге, ал осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағының 3) тармақшасында аталған тауарларға қатысты екі айдан аспайтын мерзімге ұсынылады.
10-бап
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін тауарларды шығарған күннен кейінгі күннен бастап кедендік баждарды төлеу бойынша міндеттер тоқтатылатын күнгі дейінгі кезеңге төлеу мерзімі өзгертілген кедендік баждардың сомаларына үшін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес есептелетін пайыздар алынады.
Пайыздар кедендік баждарды төлеу бойынша міндеттер тоқтатылатын күннен кейінгі күннен кешіктірілмей төленуге тиіс.
Пайыздарды төлеу, өндіріп алу және қайтару кедендік баждарды төлеуге, өндіріп алуға және қайтаруға қатысты Кеден одағының кеден кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
11-бап
Дауларды шешу
1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар бірінші кезекте келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
2. Егер дауды тараптар даудың бір тарабы даудың басқа тарабына жолдаған, оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап алты ай ішінде консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде тараптардың кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Сотына бере алады.
3. Кеден одағының комиссиясы қарау үшін Еуразия экономикалық қоғамдастығы Сотына берілгенге дейін Тараптарға дауды реттеуде жәрдем көрсетеді.
12-бап
Өзгерістер енгізу
Осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
13-бап
Қорытынды ережелер
Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы Шарт күшіне енген күнінен бастап уақытша қолданылады.
Осы Келісім депозитарий Тарап мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы дипломатиялық арналар бойынша жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелері, шарттары және тәртібі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.
Қаржы министрі Б. Жәмішев