2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербургте жасалған Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босату туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының кедендік
бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босату туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары осы Келісімнің ережелеріне сәйкес кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолданбайды.
2-бап
Мыналардың:
1) кеден одағына мүше мемлекеттердің өз өкілеттіктерін тоқтатқан президенттерінің және олармен бірге жүрген олардың отбасы мүшелерінің;
2) егер көрсетілген адамдар кедендік шекарадан қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты өтетін болса, Ресей Федерациясы Конституциялық Соты Төрағасының, Ресей Федерациясы Жоғарғы Соты Төрағасының, Ресей Федерациясы Жоғары Төрелік Соты Төрағасының, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі мүшелерінің, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы депутаттарының;
3) егер көрсетілген адамдар кедендік шекарадан қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты өтетін болса, Беларусь Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының, Беларусь Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Беларусь Республикасы Жоғары Шаруашылық Соты Төрағасының, Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесі мүшелерінің, Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасы депутаттарының;
4) егер көрсетілген адамдар кедендік шекарадан қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты өтетін болса, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқарушысының, Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметі бастығының және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының;
5) егер көрсетілген адамдар кедендік шекарадан қызметтік міндеттерін орындауға байланысты өтетін болса, Армения Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, Армения Республикасы Конституциялық соты Төрағасының, Армения Республикасы Кассациялық соты Төрағасының, Армения Республикасы Бас прокурорының, Армения Республикасы Орталық банкі Төрағасының, Армения Республикасы Президентінінің күзет қызметі бастығының;
6) егер аталған адамдар кедендік шекарадан қызметтік міндеттерін орындауға байланысты өтетін болса, Қырғыз Республикасы Президенті Аппараты Басшысының, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты Төрағасының, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты Конституциялық палатасы Төрағасының, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші депутаттарының, Қырғыз Республикасы Қорғаныс кеңесі Хатшысының, Қырғыз Республикасы Бас прокурорының, Қырғыз Республикасы Ұлттық банкі Төрағасының, Қырғыз Республикасының Президенті және Үкіметі Іс басқарушысының, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Төрағаның орынбасарының – Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті 9-қызметі бастығының жеке багажы кедендік тексеріп қараудан босатылады.
Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.12.2014 № 265-V; 02.08.2015 № 346-V Заңдарымен.
3-бап
Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
4-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
Егер дау тараптары даудың бір тарабынан даудың басқа тарабына жіберілген, келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап дауды алты ай ішінде оларды жүргізу жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде тараптардың кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жібере алады.
Кеден одағының комиссиясы кеден одағының шеңберінде дауларды реттеуде Тараптарға Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінгенге дейін жәрдем көрсетеді.
5-бап
Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
Осы Келісім депозитарий осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптар мемлекеттерінің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босату туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.
Қаржы министрінің
міндетін атқарушы Л. Кармазина