Кеден одағында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 309-IV Заңы.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербургте жасалған Кеден одағында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі туралы хаттама ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Кеден одағында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,

      халықаралық сауданың жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен ережелерін мойындай отырып,

      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісімнің 5-бабын басшылыққа ала отырып,

      жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтардың кеден одағына мүше мемлекеттердің бюджеттеріне уақтылы және толық түсуіне өзара мүдделілікті ескере отырып,

      осы мақсатпен бір-біріне жәрдем көрсетуді қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      "ақпаратты өңдеу жөнінде қызметтер көрсету" - ақпаратты жинау мен қорытындылауды жүзеге асыру, ақпараттық массивтерді (деректерді) жүйелендіру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының иелігіне беру жөнінде қызметтер көрсету;

      "жылжымайтын мүлік" - жер учаскелері, жер қойнауының учаскелері, оқшауланған су объектілері және жермен тығыз байланыстының барлығы, яғни оларды пайдалану мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін емес объектілер, оның ішінде ормандар, көп жылдық екпелер, ғимараттар, құрылыстар, құбыр жолдары, электр беру желілері, мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындар және ғарыш объектілері;

      "жылжымалы мүлік" - жылжымайтын мүлікке, көлік құралдарына жатпайтын заттар;

      "көлік құралдары" - теңіз және әуе кемелері, ішкі жүзу кемелері, аралас суларда жүзетін "өзен-теңіз" кемелері; жылжымалы темір жол құрамының бірліктері; автобустар; тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қоса алғанда, автомобильдер; жүк контейнерлері;

      "аудиторлық қызметтер көрсету" - бухгалтерлік есепке, салық және қаржы есептілігіне аудит жүргізу жөнінде қызметтер көрсету;

      "бухгалтерлік қызметтер көрсету" - бухгалтерлік есепке қою, жүргізу, қалпына келтіру, салық, қаржы және бухгалтерлік есептілікті жасау және (немесе) тапсыру жөнінде қызметтер көрсету;

      "дизайнерлік қызметтер көрсету" - бұйымдардың, ғимараттардың қасбеттерінің көркемдік нысандарын, сыртқы келбетін, үй-жайлар интерьерлерін жобалау жөнінде қызметтер көрсету; көркемдік конструкциялау;

      "инжинирингтік қызметтер көрсету" - тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өндіру және өткізу процесін даярлау, өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, ауыл шаруашылығы және басқа да объектілерді салу мен пайдалануға дайындау жөніндегі инженерлік-консультациялық қызметтер, сондай-ақ жоба алды және жобалау қызметтері (техникалық-экономикалық негіздемелерді дайындау, жобалау-конструкторлық әзірлемелер, техникалық сынақтар және олардың нәтижелерін талдау);

      "консультациялық қызметтер көрсету" - басқарушылық, экономикалық, қаржылық (оның ішінде салықтық және бухгалтерлік) мәселелер бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жоспарлау, ұйымдастыру мен жүзеге асыру, персоналды басқару жөніндегі мәселелер бойынша тұлғаның проблемаларын және (немесе) мүмкіндіктерін айқындауды және (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар және өзге де нысандағы консультациялар беру жөнінде қызметтер көрсету;

      "маркетингтік қызметтер көрсету" - тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын тұжырымдауды қоса алғанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен айналысына қажетті экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлар, жұмыстар, қызметтер өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты қызметтер көрсету;

      "ғылыми-зерттеу жұмыстары" - тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасына негізделген ғылыми зерттеулер жүргізу;

      "тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық (технологиялық) жұмыстар" - жаңа бұйымдар үлгісін, оған арналған конструкторлық құжаттаманы немесе жаңа технологияны әзірлеу;

      "жарнама қызметтерін көрсету" - белгісіз адамдар аясына арналған және кез келген құралдардың көмегімен және кез келген нысанда жеке немесе заңды тұлғаның тауарларға, тауар белгілеріне, жұмыстарға, қызметтерге қызығушылығын қалыптастыруға немесе қолдауға бағытталған ақпаратты жасау, тарату және орналастыру жөнінде қызметтер көрсету;

      "заң қызметтерін көрсету" - құқықтық сипаттағы қызметтер, оның ішінде консультациялар мен түсініктемелер беру, құжаттарды дайындау және сараптау, соттарда тапсырыс берушілердің мүддесін білдіру.

2-бап

      Жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтарды өндіріп алу аумағы жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді (осы Хаттаманың 4-бабында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда) өткізу орны болып танылатын кеден одағына мүше мемлекетте жүзеге асырылады.

      Жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде салық базасы, жанама салықтардың ставкалары, оларды өндіріп алу тәртібі мен салықтық жеңілдіктер (салық салудан босату), егер осы Хаттамада өзгеше белгіленбесе, аумағы жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны болып танылатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.

3-бап

      1. Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағы, егер:

      1) жұмыстар, көрсетілетін қызметтер осы мемлекеттің аумағындағы жылжымайтын мүлікпен тікелей байланысты болса.

      Осы тармақшаның ережесі жылжымайтын мүлікті жалға алу, жалға беру және өзге де негіздерде пайдалануға беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қатысты да қолданылады;

      2) жұмыстар, қызметтер осы мемлекеттің аумағындағы жылжымалы мүлікпен, көлік құралдарымен тікелей байланысты болса;

      3) мәдениет, өнер, оқыту (білім беру), дене шынықтыру, туризм, демалыс және спорт саласындағы көрсетілетін қызметтер осы мемлекеттің аумағында көрсетілсе;

      4) осы мемлекеттің салық төлеушісі (төлеушісі):

      консультациялық, заң, бухгалтерлік, аудиторлық, инжинирингтік, жарнама, дизайнерлік, маркетингтік қызметтер көрсетуді, ақпаратты өңдеу жөнінде қызметтер көрсетуді, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және тәжірибелік-технологиялық (технологиялық) жұмыстарды;

      ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және дерекқорларды (есептеуіш техникасының бағдарламалық құралдары мен ақпараттық өнімдерін) әзірлеу, осындай бағдарламалар мен дерекқорларды бейімдеу және түрлендіру, сүйемелдеу жөніндегі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      егер персонал сатып алушының қызмет орнында жұмыс істеген жағдайда, персонал беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алса.

      Осы тармақшаның ережелері, сондай-ақ:

      патенттерді, лицензияларды, мемлекет қорғайтын өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды куәландыратын өзге де құжаттарды, сауда таңбаларын, тауар белгілерін, фирмалық атауларды, қызмет көрсету белгілерін, авторлық, сабақтас құқықтарды немесе өзге де осыған ұқсас құқықтарды беру, ұсыну, басқа біреуге беру;

      көлік құралдарын жалға беруді, олардың лизингін және өзге де негіздерде пайдалануға беруді қоспағанда, жылжымалы мүлікті жалға беру, оның лизингі және өзге де негіздерде пайдалануға беру;

      осы тармақшада көзделген жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін шартқа (келісім-шартқа) негізгі қатысушы атынан басқа тұлғаны тартатын тұлғаның қызмет көрсетуі кезінде қолданылады;

      5) егер осы баптың 1-тармағы 1) - 4) тармақшаларында өзгеше көзделмесе, осы мемлекеттің салық төлеушісі (төлеушісі) жұмыстарды орындаса, қызметтерді көрсетсе, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны болып танылады.

      Осы тармақшаның ережелері, сондай-ақ көлік құралдарын жалға беру, лизинг және өзге де негіздерде пайдалануға беру кезінде қолданылады.

      2. Жұмыстарды (қызметтерді) өткізу орнын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

      кеден одағына мүше мемлекеттердің салық төлеушілері (төлеушілері) жасаған жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған шарт (келісім-шарт);

      жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету фактісін растайтын құжаттар;

      кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де құжаттар.

4-бап

      1. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына қатысушы екінші мемлекеттің аумағына әкелінетін, кейіннен басқа мемлекеттің аумағына қайта өңдеу өнімдері түрінде әкетілетін алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарға Кеден одағындағы тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың 1-бабының нормаларына сәйкес осы бапта көрсетілген құжаттардың негізінде қосылған құн салығы (бұдан әрі - ҚҚС) салынады. Бұл ретте ҚҚС бойынша салық базасы орындалған алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың құны ретінде айқындалады.

      2. Көрсетілген жұмыстар бойынша ҚҚС нөлдік ставкасын қолдану негізділігін растау үшін салық органдарына салық декларациясымен (есебімен) бір мезгілде мынадай құжаттар (олардың көшірмелері) тапсырылады:

      кеден одағына мүше мемлекеттердің салық төлеушілері (төлеушілері) арасында жасалған шарт (келісім-шарт);

      жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактілерін растайтын құжаттар;

      осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлардың әкетілуін (әкелінуін) растайтын құжаттар;

      төленгені туралы салық органы белгі қойған (кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдарының қалауы бойынша түпнұсқада немесе көшірмеде), Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің салық органдары арасында электронды түрде төленген жанама салықтар сомасы туралы ақпарат алмасу туралы хаттамаға 1-қосымшаның нысаны бойынша жасалған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш;

      берілген шикізатты қайта өңдеу өнімдерін кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарының шегінен тысқары әкетуді растайтын кеден (жүк кеден) декларациясы;

      кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген өзге де құжаттар.

      3. Егер салық декларациясымен бір мезгілде ҚҚС нөлдік ставкасын қолданудың негізділігін растайтын құжаттардың тапсырылмауы аумағында өңдеу жүзеге асырылатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасынан туындаса, осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар салық органына тапсырылмайды.

5-бап

      Егер салық төлеуші (төлеуші) салық салу тәртібі осы Хаттамамен реттелетін жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрін орындаған, көрсеткен жағдайда және бір жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іске асыру басқа жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің іске асырылуына қатысты қосалқы сипатта болса, негізгі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іске асыру орны қосалқы жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іске асыру орны болып танылады.

6-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Тараптардың құзыретті органдары жылына кемінде бір рет осы Хаттамаға өзгерістер және толықтырулар енгізудің орындылығы туралы мәселені қарайды.

7-бап

      Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары немесе келіссөздері арқылы шешіледі. Осындай консультациялар немесе келіссөздер басталған күннен бастап алты ай ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

8-бап

      Осы Хаттама Тараптардың осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

9-бап

      Осы Хаттама 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағындағы тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісім күшіне енген күннен бастап қолдануға жатады.

10-бап

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасының

Республикасының

Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін