Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 173-баптан қараңыз

1 БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жеке сот орындаушысы - жеке сот орындаушысының уәкілетті орган берген лицензиясы негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы;
      2) мемлекеттік сот орындаушысы - мемлекеттік қызметтегі және атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі өзіне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын лауазымды тұлға;
      3) сот орындаушысы - атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі өздеріне заңмен жүктелген функцияларды атқаратын және осы Заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы;
      4) толық мәжбүрлеп орындау - сот орындаушысы борышкерге ерікті түрде орындау үшін ұсынған мерзімді қоспағанда, атқарушылық құжат сот орындаушысының іс жүргізуінде болған кезеңде оны толық көлемде орындау;
      5) уәкілетті орган – атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      2-бап. Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерi

      Атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерi азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдары мен қаулыларының, мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдері мен қаулыларының, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде осы Заңға сәйкес берілетін атқарушылық құжаттарды мiндеттi түрде және уақтылы орындау болып табылады.

      3-бап. Атқарушылық iс жүргiзудің негізгі принциптері

      Атқарушылық iс жүргiзу:
      1) заңдылық;
      2) атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылы және айқын болуы;
      3) адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу;
      4) борышкер мен оның отбасы мүшелерінің өмір сүруіне қажетті мүліктің ең аз мөлшеріне қол сұғылмаушылық;
      5) өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы;
      6) өндіріп алынған сомалар кезектің барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткіліксіз болған кезде оларды бір кезектегі өндіріп алушылар арасында бөлудің барабарлығы;
      7) атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату жөніндегі шығыстарды борышкердің есебінен өтеу;
      8) сот орындаушысының іс жүргізу әрекеттері мен қаулыларына сотқа шағымдануға еркіндік принциптері бойынша жүзеге асырылады.

      4-бап. Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу
             туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда жазылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      5-бап. Халықаралық, шетелдік соттар мен төрелік соттардың
             шешімдерін орындау

      1. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік соттардың, сондай-ақ төрелік соттардың шешімдерін орындау тәртібі Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарттарда және осы Заңда айқындалады.
      2. Шетелдік сот шешімінің негізінде Қазақстан Республикасының соты берген атқарушылық парақ шешімнің заңды күшіне енген кезінен бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға берілуі мүмкін.

      6-бап. Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу
             туралы заңнамасының қолданылу тәртiбi

      1. Атқарушылық iс жүргiзу атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде қолданылып жүрген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бюджетке төленетiн салық және өзге де мiндеттi төлемдердiң берешегiн, айыппұлдар төлеудi кешiктiргенi үшiн өсiмпұлдарды және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшiн өзге де санкцияларды өндiрiп алу жөнiндегi атқарушылық iс жүргiзу осы Заңда белгiленген тәртiппен және Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      3. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты деп танылған, таратылатын заңды тұлғаның мүлкі жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда, осы зиянды өтеу жөніндегі тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру сомасын мемлекеттен өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген қағидалар сақтала отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік ұйымдарға қатысты соттың және өзге де органдардың актілерін орындау осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
      5. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң атқарушылық құжаттары бойынша атқарушылық iс жүргiзу, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7-бап. Атқарушылық iс жүргiзуді жүзеге асыратын тұлғалар

      1. Осы Заңның 9-бабында тізбеленген атқарушылық құжаттарды орындау сот орындаушыларына жүктеледі.
      2. Заңмен көзделген жағдайларда атқарушылық құжаттарды орындау сот приставтарының жәрдемдесуімен жүзеге асырылады.
      3. Сот орындаушысының қызметтік іс-әрекетіне заңдарда тiкелей уәкiлеттiк берiлген тұлғалардан басқа, ешкiм де араласуға құқылы емес. Сот орындаушысының қызметіне заңсыз араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      8-бап. Атқарушылық iс жүргiзу тілі

      Атқарушылық іс жүргізу және оны жүргізумен байланысты іс-қағаздарын жүргізу тілі сот шешімінің немесе орындауға жататын өзге де құжаттың тілі ескеріле отырып белгіленеді.

      9-бап. Атқарушылық құжаттардың тiзбесi

      1. Мыналар атқарушылық құжаттар болып табылады:
      1) сот актiлерiнiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес берiлетiн сот бұйрықтары;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық, шетелдiк соттардың және төрелiк соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы сот актiлерiнiң негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар;
      4) аралық соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар;
      5) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша шығарылған сот қаулылары;
      6) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды тұлғаның) қаулылары;
      7) талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы прокурордың қаулылары;
      8) атқару санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулылары.
      2. Атқарушылық құжат жоғалған жағдайда атқарушылық құжатты берген орган Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен беретiн оның телнұсқасы өндiрiп алу үшiн негiз болып табылады.
      3. Ол бойынша атқарушылық iс жүргiзу қозғалған атқарушылық құжат атқарушылық iс жүргiзу материалдарында болады. Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудің қозғалғаны туралы қаулыны аталған атқарушылық құжаттың көшірмесімен қоса орындау үшін жібереді.

      10-бап. Сот орындаушысының қаулысы

      1. Атқарушылық құжат орындауға берілген күннен бастап атқарушылық iс жүргiзу мәселелері бойынша сот орындаушысының қабылдаған шешімдері қаулылармен ресімделеді.
      2. Сот орындаушысының қаулысында:
      1) мемлекеттік сот орындаушылары аумақтық бөлімінің атауы немесе жеке сот орындаушысы қызметінің аумағы және олардың мекенжайы;
      2) қаулының шығарылған күні;
      3) қаулыны шығарған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;
      4) қаулы шығарылатын атқарушылық iс жүргiзудің атауы мен нөмірі көрсетілуге тиіс.
      Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулыда атқарушылық құжаттың атауы мен нөмірі;
      5) қаулы шығарылатын мәселе;
      6) қабылданатын шешімнің заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сілтемесі бар негіздемесі;
      7) мәселенің мәні бойынша қабылданған шешімді көрсететін қаулының қарар жазылған бөлігі;
      8) қаулыға шағым жасау тәртібі көрсетіледі.
      3. Сот орындаушысы қаулыда өзі жіберіп алған жаңылыс жазуларды немесе көрінеу арифметикалық қателерді өз бастамасы бойынша немесе атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтініші бойынша түзетуге құқылы. Аталған түзетулер бұрын шығарылған қаулыға өзгерістер енгізу туралы қаулымен енгізіледі.
      4. Мемлекеттік сот орындаушысы қаулысының күшін жою аумақтық бөлім басшысының тиісті қаулысымен жүргізіледі.
      Жеке сот орындаушысы қаулысының күшін жоюды жеке сот орындаушысының өзі, оның ішінде сот актісінің немесе прокурор наразылығының негізінде жүргізеді.
      5. Сот орындаушысының қаулысы міндетті түрде орындалуға тиіс және оған Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      6. Сот орындаушылары қаулыларының үлгі нысандарын уәкілетті орган бекітеді.

2-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУДЕГІ МЕРЗІМДЕР

      11-бап. Атқарушылық құжаттарды орындауға беру мерзiмдерi

      1. Атқарушылық құжаттар мәжбүрлеп орындатуға мынадай мерзiмдерде:
      1) сот актiлерi негiзiнде берiлетiн сот бұйрықтары мен атқарушылық парақтар, - үш жыл iшiнде;
      2) аралық соттардың немесе төрелiктiң шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар, - үш жыл iшiнде;
      3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ic бойынша шығарылған сот қаулылары, - егер заңмен өзге мерзiмдер белгiленбесе, үш жыл iшiнде;
      4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулылары, - үш жыл iшiнде;
      5) прокурордың қаулылары - үш ай iшiнде берiлуi мүмкiн.
      2. Аталған мерзiмдер:
      1) сот актiлерiнің негiзiнде берiлген атқарушылық парақтарды мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде орындау кезiнде - сот актiсi заңды күшiне енген не сот актiсiн орындаудың мерзiмiн кейінге қалдыру немесе ұзарту кезiнде белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiнгi күннен бастап, ал сот актiсi дереу орындалуға тиiс болған жағдайларда - ол шығарылғаннан кейiнгi күннен бастап;
      2) аралық соттардың немесе төрелiктiң шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату туралы соттың ұйғарымы негiзiнде берiлген атқарушылық парақтарды орындау кезiнде, - шешiм күшiне енгеннен кейiнгi күннен бастап;
      3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша шығарылған сот қаулыларын орындау кезiнде, - қаулы шығарылған күннен бастап;
      4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысын орындау кезiнде, - мәжбүрлеп орындату туралы шешiм қабылданғаннан кейiнгi күннен бастап;
      5) қалған барлық атқарушылық құжаттар бойынша - олар берiлгеннен кейiнгi күннен бастап есептеледi.
      3. Мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы (алименттер өндіріп алу туралы, жарақат алумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен және басқадай келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша) шешімдердің негізінде жазылған атқарушылық құжаттар төлем жасауға берілген барлық уақытта күшін жоймайды. Мұндай жағдайларда мерзім әрбір төлем үшін жеке есептеледі.

      12-бап. Атқарушылық құжатты беру кезiндегi мерзiм үзiлісі

      1. Атқарушылық құжатты орындауға беруге арналған мерзiм:
      1) атқарушылық құжат орындауға берілгенде;
      2) атқарушылық құжатты борышкер iшiнара орындағанда;
      3) борышкердi iздестiру кезеңiнде үзiледi.
      2. Үзiлiстен кейін мерзiмнiң өтуi қайтадан басталады, бұл ретте үзiлiске дейiнгi өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
      3. Үзiлiстен кейiнгi жаңа мерзiм атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алу толық немесе iшiнара жүргiзiлмей, ол өндiрiп алушыға қайтарылған күннен бастап есептеледi.

      13-бап. Атқарушылық құжатты орындауға беру үшiн өткiзiп
              алынған мерзiмдi қалпына келтiру

      1. Атқарушылық құжатты орындауға беруге арналған мерзiмдi өткiзiп алған өндiрiп алушы сот актiсiн шығарған сотқа немесе оның орындалатын орны бойынша сотқа өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш жасауға құқылы.
      2. Атқарушылық парағының, сот бұйрығының орындауға берiлген мерзiмін өткiзiп алу себептерiн сот дәлелдi деп таныған жағдайда мерзiм қалпына келтiрiлуi мүмкiн.

3-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР

      14-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылардың құрамы

      Мыналар:
      1) атқарушылық іс жүргізудің тараптары (өндіріп алушы және борышкер);
      2) атқарушылық іс жүргізу тараптарының өкілдері;
      3) сот приставы;
      4) атқарушылық құжатта көрсетілген талаптарды орындауға жәрдемдесетін өзге де адамдар (оның ішінде ішкі істер органдарының қызметкерлері, аудармашы, куәгерлер, маман, сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті күзетуге немесе сақтауға берген адам) атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар болып танылады.

      15-бап. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары

      1. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.
      2. Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
      3. Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
      4. Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше өндiрiп алушы немесе борышкер (бірге қатысушылар) қатыса алады. Олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүргiзуге дербес қатысады. Атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктелген жағдайларды қоспағанда, бірге қатысушы атқарушылық іс жүргізуде өз мүдделерін қорғауды, басқа бірге қатысушыға оның келісімімен тапсыруы мүмкін.

      16-бап. Атқарушылық iс жүргiзу тараптарының құқықтары мен
              мiндеттерi

      1. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
      2. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары өздерiне берiлген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның талаптарын орындауға мiндеттi.
      Борышкер сот орындаушысына атқарушылық iс жүргiзу кезеңінде жұмыс орнының өзгергені туралы, сондай-ақ жаңа кіріс көздерінің пайда болғаны туралы хабарлауға міндетті.

      17-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi құқықтық мирасқорлық

      Борышкер қатардан шыққан (азамат қайтыс болған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, борыш ауысқан) жағдайда сот орындаушысы шешім шығарған сотқа борышкерді оның құқықтық мирасқорымен алмастыру туралы ұйғарым шығару жөнінде ұсыныс жібереді. Ұсыныс сот орындаушысына борышкердің құқықтық мирасқорлығы туралы мәлім болған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Құқықтық мирасқор үшін ол атқарушылық іс жүргізуге кіріскенге дейін жасалған барлық іс-әрекет үшін борышкер қалай міндетті болса, сондай дәрежеде міндетті болады.

      18-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге тараптар өкiлдерiнiң
              қатысуы

      1. Жеке тұлғалар атқарушылық iс жүргiзуге дербес немесе өкiлдерi арқылы қатыса алады. Атқарушылық iс жүргiзуге жеке тұлғаның өзiнiң қатысуы оны өз өкiлi болуы құқығынан айырмайды. Егер атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер жүктелсе, онда борышкер оларды орындау кезiнде өкiлі арқылы әрекет етуге құқылы емес.
      2. Ұйымдардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуы олардың өздерiне заңдармен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және құрылтай құжаттарымен берiлген өкiлеттiктер шегiнде әрекет ететiн органдары не аталған органдардың өкілдерi арқылы жүзеге асырылады.
      Ұйым атынан өкiлдiк ететiн адамдардың өздерінің лауазымдық жағдайлары мен өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары болуға міндетті.
      3. Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген және ресiмделген сенiмхатпен куәландырылады.

      19-бап. Өкiлдiң өкiлеттiктерi

      1. Атқарушылық іс жүргізудегі өкіл өкілдік берушінің атынан сенімхат бойынша берілген өкілеттіктері шегінде атқарушылық іс жүргізумен байланысты барлық іс-әрекеттерді жасайды.
      2. Өкiлдiк берушiнің беретiн сенiмхатында өкiлдiң мынадай iс-әрекеттер жасауға:
      1) атқарушылық құжатты ұсынуға және керi қайтарып алуға;
      2) өкiлеттiктерін басқа тұлғаға беруге (қайта сенiм бiлдiруге);
      3) сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағым жасауға;
      4) берілген мүлiктi (соның iшiнде ақшаны) алуға;
      5) бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуға өкiлеттiктерi арнайы ескертiлуге тиiс.

      20-бап. Өкiл бола алмайтын тұлғалар

      1. Он сегiз жасқа толмаған немесе қорғаншылықта не қамқоршылықта тұратын адамдар атқарушылық iс жүргiзуде өкiл бола алмайды.
      2. Судьялар, прокурорлар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, өкілді органдардың депутаттары, уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының қызметкерлері, олардың тиісті ұйымдардың уәкілдері немесе заңды өкілдері ретінде атқарушылық іс жүргізуге қатысу жағдайларын қоспағанда, атқарушылық іс жүргізуде өкіл бола алмайды. Егер мүдделері өкілдік берушінің мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетіп жатса немесе бұрын көрсеткен болса, сондай-ақ егер ол сот орындаушысының жақын туысқандары немесе жұбайы (зайыбы) болып табылса, ол адам өкіл бола алмайды.
      Ескертпе. Ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, аталар, әжелер, немерелер осы Заңда жақын туыстар деп танылады.

      21-бап. Заңды өкiлдер

      1. Атқарушылық iс жүргiзуде кәмелетке толмаған адамдардың, сондай-ақ сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн, өкiлеттiктерi тиісті құжаттармен расталатын заңды өкiлдерi қорғайды.
      Заңды өкiлдер іс-әрекет жасау құқығына заңда көзделген шектеулерi бар өкiлдiк берушiге тиесiлi барлық іс-әрекеттердi өкiлдiк берушiлердің атынан жасайды.
      2. Сот хабарсыз кеттi деп таныған адам қатысатын атқарушылық iс жүргiзуге оның өкiлi ретiнде, хабарсыз кеткеннiң мүлкi басқаруға берiлген, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен өкiл ретiнде тағайындалған адамдар қатысады.
      3. Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мирасқоры қатысуға тиісті атқарушылық іс жүргізу бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаған болса, мирасқордың өкілі ретінде өсиетті орындаушы немесе мұраны сенімгерлікпен басқарушы қатысады.
      4. Заңды өкiлдер атқарушылық iс жүргiзуге қатысуды өздерi өкiл ретiнде таңдап алған басқа адамға тапсыруы мүмкiн.

      22-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге аудармашының қатысуы

      1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде, егер олар атқарушылық іс жүргізілетін тілді білмесе, өз бастамасы бойынша немесе сот орындаушысының ұсынысы бойынша аудармашы шақыра алады. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, iске мүдделi емес, атқарушылық әрекеттерді жүргiзу үшiн білуі қажеттi тiлді меңгерген кез келген тұлға аудармашы бола алады.
      2. Аудармашының өз еңбегi үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Оған төленген сыйақы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.
      3. Көрінеу дұрыс аударма жасамаған жағдайда аудармашы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады, бұл туралы оған сот орындаушысы ескертеді.

      23-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге куәгерлердің қатысуы

      1. Атқарушылық әрекеттер кемiнде екi куәгердің қатысуымен жасалуы мүмкiн.
      2. Мынадай жағдайларда:
      1) өндiрiп алушының немесе борышкердiң талабы бойынша;
      2) үйге орналастыру және үйден шығару туралы шешiмдердi, борышкердiң мүлкiн пайдалануға тыйым салуға, алып қоюға және беруге, оның тұрғын үйiн, үй-жайлары мен қоймаларын ашуға, тексеру жүргiзуге байланысты әрекеттердi орындау кезiнде куәгерлердің қатысуы мiндеттi.
      Өзге жағдайларда куәгерлер сот орындаушысының бастамасы бойынша қатысуы мүмкiн.
      3. Кәмелетке толған, іс-әрекетке қабiлеттi, атқарушылық әрекеттердiң нәтижесiне мүдделi емес кез келген азаматтар куәгерлер ретiнде шақырылуы мүмкiн.
      4. Куәгерлер қатысатын атқарушылық әрекеттер басталар алдында сот орындаушысы куәгердің атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртiбiн түсiндiредi.
      5. Куәгер өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқарушылық құжаттың негiзiнде жасалатынын бiлуге құқылы. Куәгер жүргiзiлген әрекеттер жөнiнде ескертулер жасауға құқылы. Куәгердің ескертулерi тиiстi атқарушылық әрекет хаттамасына енгiзiлуге тиiс.
      6. Куәгер жүргiзiлуiне өзi қатысқан iс жүргізу кезiндегi атқарушылық әрекеттердiң фактiсiн, мазмұны мен нәтижелерiн куәландырады.
      7. Куәгердің куәгерлік міндеттерін атқаруына байланысты шығарған шығыстарына өтемақы алуға, сондай-ақ толық ала алмаған жалақысын өтетуге немесе уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
      8. Куәгерлерге төленетiн ақша сомасы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      24-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге маманның қатысуы

      1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындайтын, арнаулы бiлiмдi талап ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн, сондай-ақ тыйым салынған мүлікті бағалауды жүргізу, сату, тасымалдау, сақтау үшін сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу тараптарының өтініші бойынша немесе өз бастамасы бойынша тиісті қаулысымен маманды тағайындай алады. Қажет болған жағдайда бiрнеше маман тағайындалуы мүмкiн.
      2. Қорытынды беру немесе қажетті әрекеттерді жүргізу үшiн қажет арнаулы бiлiмi бар, іске мүдделі емес адам маман ретiнде тағайындалуы мүмкiн.
      3. Мамандардың атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты жүргiзiлетiн жұмысты орындағаны үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Бұл сыйақы және мамандар тартуға жұмсалған басқа да шығындар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      25-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі прокурор

      1. Прокуратура мемлекет атынан атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады, кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою жөнінде шаралар қабылдайды.
      2. Прокурор атқарушылық іс жүргізуді, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу тараптарының шағымдары мен арыздары бойынша атқарушылық іс жүргізуді өз өкілеттіктері шегінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге талап етіп алдыруға және тексеруге құқылы.
      3. Сот орындаушысының заңсыз іс-әрекетіне және қаулысына прокурорлық қадағалау актісі енгізілуі мүмкін, ол заңда белгіленген мерзімде міндетті түрде қарауға жатады.

      26-бап. Сот орындаушыларының ішкі істер органдарымен
              өзара іс-әрекеті

      Атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысының өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері өздеріне заңмен берілген өкілеттіктер шегінде сот орындаушыларына көмек береді, сондай-ақ атқарушылық әрекеттер жүргізілетін орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылуы мүмкін.

4-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУДЕГІ ХАБАРЛАМА ЖӘНЕ ШАҚЫРТУ

      27-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегі хабарлама және шақырту

      1. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер туралы және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабарламамен хабарланады немесе сот орындаушысына не атқарушылық әрекеттер жүргізілетін жерге шақыру қағазымен шақырылады. Хабарлама немесе шақыру қағазы қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруы бар тапсырыс хатпен не жеделхатпен жіберіледі. Осы туралы мәлімделген өтініші болған жағдайда атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар телефонограммамен, ұялы байланыс немесе электрондық почта арналары бойынша қысқа мәтінді хабарламалар арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыртуды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланылып хабардар етіледі.
      2. Атқарушылық құжат дереу орындалуға тиісті жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салу және өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жасауға және атқарушылық iс жүргiзуге қатысушыларға бұл туралы алдын ала хабарландырусыз мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы.
      3. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушыға арналған хабарлама, егер атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайға жіберіледі. Хабарлама атқарушылық iс жүргiзуге қатысушының жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
      Егер почта арқылы жіберілген хабарлама көрсетілген мекенжай бойынша адресаттың болмауына байланысты қайтарылса, заңды мекенжайы немесе орналасқан жері мен атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайы бірдей болатын жағдайларды қоспағанда, сот орындаушысы хабарламаны азаматтың заңды мекенжайы бойынша немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша жібереді.
      4. Ұйымға жолданған хабарлама оның заңды мекенжайы бойынша немесе оның өкілінің немесе филиалының заңды мекенжайы бойынша жіберіледі. Хабарлама ұйымның сот орындаушысына көрсеткен мекенжайы бойынша жазбаша нысанда жіберілуі мүмкін.
      5. Сот орындаушысына келуден жалтарған адамдар сот орындаушысының қаулысы негізінде күштеп келтірілуі мүмкін. Жеке сот орындаушысының келуден жалтарып жүрген адамды күштеп келтіру туралы қаулысын сот санкциялауға тиіс.

      28-бап. Шақыру қағазын, хабарламаны жеткізу және тапсыру

      1. Шақыру қағазы немесе хабарлама почта арқылы жеткізіледі немесе сот орындаушысы оларды жеткізуді тапсырған адам жеткізеді және аумақтық бөлімге немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылуға тиісті, қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруға қолы қойғызылып, адресаттың жеке өзіне тапсырылады. Егер шақыру қағазы немесе хабарлама өзге байланыс түрімен жеткізілсе, онда оларды адресатқа жеткізу күні мен уақыты белгіленген тәсілмен тіркеледі. Ұйымға арналған шақыру қағазы немесе хабарлама ұйымның қызметкеріне тапсырылады, ол тапсыру туралы хабарламада өзінің тегін, аты-жөнін, лауазымын, алған күні мен уақытын көрсете отырып, шақыру қағазын немесе хабарламаны алғаны жөнінде қол қояды.
      2. Егер шақыру қағазын немесе хабарламаны жеткізуші адам азаматты тұрғылықты жерінен немесе жұмыс орнынан таппаса, онда шақыру қағазы немесе хабарлама сонымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне олардың келісімімен, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымына, жергілікті басқару органына немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органға немесе оның жұмыс орнындағы әкімшілікке тапсырылады. Мұндай жағдайларда шақыру қағазын немесе хабарламаны алған адам шақыру қағазының, хабарламаның түбіртегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын, сондай-ақ адресатқа қандай қатысы барын немесе атқаратын қызметін жазып көрсетуге тиіс. Шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдап алған адам оларды алғаш мүмкіндік болған кезде адресатқа кідіртпей тапсыруға міндетті.
      3. Адресат болмаған кезде шақыру қағазын немесе хабарламаны жеткізуші адам тапсыру туралы хабарламада адресаттың қайда кеткенін және оның қашан келетінін жазады немесе мұндай мәліметтердің жоқ екені туралы белгі қояды.

      29-бап. Атқарушылық іс жүргізу кезіндегі мекенжайдың
              өзгеруі

      Атқарушылық іс жүргізудің тараптары сот орындаушысына атқарушылық іс жүргізу кезінде өз мекенжайының өзгергені туралы хабарлауға міндетті. Мұндай хабарлау болмаған жағдайда шақыру қағазы немесе хабарлама сот орындаушысына белгілі соңғы мекенжайына жіберіледі және егер адресат бұл мекенжай бойынша енді тұрмайтын немесе болмайтын жағдайда да жеткізілген деп есептеледі.

      30-бап. Шақыру қағазын, хабарламаны қабылдаудан бас
              тартудың немесе оларды алуға келмеудің салдары

      1. Адресат шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдаудан бас тартқан жағдайда жеткізуші адам оларға тиісті белгі қояды, содан соң шақыру қағазы немесе хабарлама аумақтық органға немесе жеке сот орындаушысының кеңсесіне қайтарылады.
      2. Атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар, егер:
      1) адресат шақыру қағазын немесе хабарламаны қабылдаудан бас тартса;
      2) адресат почта хабарламасын алғанына қарамастан, шақыру қағазын немесе хабарламаны алуға келмесе;
      3) шақыру қағазы немесе хабарлама онымен бірге тұратын кәмелетке толған жақын туыстарының біріне тапсырылса, хабарланды деп есептеледі.

5-тарау. МӘЖБҮРЛЕП ОРЫНДАТУ ШАРАЛАРЫ

      31-бап. Мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану негiздерi

      Сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат және осы Заңда көзделген ерікті түрде орындауға арналған мерзімнің өтіп кетуі мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға негіз болып табылады.

      32-бап. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету
              жөнiндегi шаралар

      1. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
      2. Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар мыналар болып табылады:
      1) борышкердің өзіндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (оның ішінде банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса есептегенде, мүлкіне тыйым салу;
      2) борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы мүлкiн алып қою;
      3) борышкердiң белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу;
      4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
      5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
      6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
      7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк, оның iшiнде ақша беруiне немесе оған қатысты өзге де мiндеттемелерді орындауына тыйым салу.
      3. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрi қолданылуы мүмкiн.
      4. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзу тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын тоқтата тұрмайды.
      5. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, кейiнге қалдыру, мерзiмiн жылжыту немесе ұзарту aтқapушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде бұрын белгiленген шаралардың күшін жоюға әкеп соқпайды.
      6. Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен қолданады.

      33-бап. Борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын
              уақытша шектеулер

      1. Борышкер атқарушылық құжаттағы талаптарды дәлелсіз себептермен белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы, ал өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға міндетті.
      Борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
      2. Аталған қаулының көшірмесі борышкерге назарға алу үшін, Қазақстан Республикасының көші-қон процестерін басқару жөніндегі уәкілетті органдарына және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметiне орындау үшін жіберіледі.
      3. Егер атқарушылық құжат сот актісі болып табылмаса және сот актісінің негізінде берілмесе, онда өндіріп алушы немесе мемлекеттік сот орындаушысы борышкер үшін Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеуді белгілеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінуге құқылы.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.16 N 71-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      34-бап. Лицензиялар мен рұқсаттарды беру және олардың
              қолданылуы саласындағы уақытша шектеулер

      1. Борышкер:
      1) жеке адамнан бес жүз айлық есептік көрсеткіштен астам соманы өндіріп алу туралы;
      2) заңды тұлғадан екі мың бес жүз айлық есептік көрсеткіштен астам соманы өндіріп алу туралы;
      3) мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжатты дәлелсіз себептермен орындамаған жағдайда –
      сот орындаушысы осы Заңның 39-бабында көзделген орындау мерзімі өткеннен кейін, ал алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша борышкер үш ай бойы алимент төлемеген және жүз айлық есептік көрсеткіштен астам берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялар мен рұқсаттардың қолданысын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді. Сот ұсынысты Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды. Сот орындаушысының ұсынысын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелері борышкерге және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберіледі.
      2. Сот орындаушысының осы бапқа сәйкес жіберілген ұсынысын қараудың нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымын борышкер мен барлық лицензиарлар және рұқсаттар беруге уәкілетті өзге де мемлекеттік органдар орындауға міндетті.

      35-бап. Борышкердің өзінің мүліктік жағдайы туралы
              ақпарат беруі

      1. Борышкер ерікті түрде орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін сот орындаушысының талабы бойынша оған өзінде бар мүлік туралы ақпарат беруге, сондай-ақ табыс көздері туралы мәліметтерді хабарлауға міндетті. Ақпарат беру нысанын уәкілетті орган бекітеді.
      2. Берілетін ақпаратта борышкер өзіне тиесілі барлық мүліктік талаптар негіздерін көрсетуге де міндетті.
      3. Осы бапта көрсетілген мәліметтерді беруден бас тарту не көрінеу жалған мәліметтер беру атқарушылық құжатты қасақана орындамау болып табылады.

      36-бап. Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер
              тізілімі

      1. Уәкілетті орган атқарушылық құжаттар бойынша төлем жасамаушылар туралы мәліметтер тарату мақсатында атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлердің республикалық тізілімін жүргізеді. Тізілім уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
      Борышкерлерді тізілімге енгізу үшін мәліметтерді сот орындаушылары атқарушылық құжатты ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін үш күн ішінде жібереді.
      2. Аталған мәліметтер:
      1) борышкердің тегін, атын, әкесінің атын не борышкер-ұйымның атауын;
      2) атқарушылық құжатты берген органды, берілген күнін және борышкер орындамаған міндеттің мазмұнын;
      3) аталған мәліметтерді жіберген сот орындаушысының тегін, атын, әкесінің атын және оның қызмет аумағын қамтиды.
      3. Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде сот орындаушысы уәкілетті органға борышкерді тізілімнен алып тастауға негіз болып табылатын тиісті ақпарат жібереді.

2-БӨЛІМ. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРДІ ЖАСАУ ТӘРТІБІ

6-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖАСАУДЫҢ
ЖАЛПЫ ШАРТТАРЫ

      37-бап. Атқарушылық құжатты iс жүргiзуге қабылдау

      1. Сот орындаушысы, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.
      2. Арызға өндіріп алушы не оның өкілі қол қояды. Өкіл оның өкілеттігін куәландыратын сенімхатты немесе өзге де құжатты арызға қоса береді. Арызда атқарушылық құжаттағы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкер үшін осы Заңда көзделген шектеулерді белгілеу туралы өтініш болуы мүмкін.
      3. Сот, басқа орган (лауазымды адам) атқарушылық құжатты сот орындаушысына жіберген жағдайларда сот орындаушысы өндіріп алушының арызынсыз атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.
      4. Сот орындаушысы заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн атқарушылық құжат өзiне келiп түскеннен кейiн үш тәулiктен кешiктiрмей атқарушылық іс жүргiзудi қозғап, бұл туралы қаулы шығарады.
      Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаумен бiр мезгiлде борышкерге атқарушылық құжатты алған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде атқарушылық құжатты (дереу орындалуға жататын атқарушылық құжаттарды қоспағанда) ерiктi орындау қажеттігі туралы ұсыныс жібереді немесе тапсырады және борышкерді ерiктi орындауға арналған мерзімнің аяқталуына байланысты одан атқару санкциясын немесе жеке сот орындаушысының қызметіне төлемді және осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп ала отырып мәжбүрлеп орындату туралы ескертеді.
      Бұл ретте сот орындаушысы осы Заңда көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.
      5. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін борышкердің өндіріп алушы алдындағы міндеттерін кез келген орындауы сот орындаушысын міндетті түрде хабардар ете отырып жүргізілуге тиіс.

      38-бап. Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартудың
              негіздері, салдары және оның себептерін жою

      1. Сот орындаушысы оған атқарушылық құжат түскен күннен бастап үш күн мерзімде, егер:
      1) атқарушылық құжат өндіріп алушының арызынсыз берілсе не атқарушылық іс жүргізу өндіріп алушының арызынсыз қозғалуға жататын жағдайларды қоспағанда, арызға өндіріп алушы немесе оның өкілі қол қоймаса;
      2) атқарушылық құжат атқарушылық әрекеттердің жасалған жері бойынша берілмесе;
      3) атқарушылық құжат орындауға ұсынылатын мерзім өтіп кетсе және сот оны қалпына келтірмесе;
      4) құжат атқарушылық құжат болып табылмаса не атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе;
      5) атқарушылық құжат бұрын орындауға ұсынылған болса және атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған болса;
      6) сот актісі, атқарушылық құжат болып табылатын немесе соның негізінде, дереу орындалуға жататын атқарушылық құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжатты беретін органның (лауазымды адамның) актісі заңды күшіне енбесе;
      7) өндіріп алушы жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізбеген болса, атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
      2. Атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмесі аталған қаулы шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей, барлық түскен құжаттардың қосымшасымен өндіріп алушыға, сондай-ақ атқарушылық құжатты берген сотқа немесе органға (лауазымды адамға) жіберіледі.
      Жеке сот орындаушысы құжатты өндіріп алушыға қайтарады. Қайтару туралы қаулыда атқарушылық құжатты қайтарудың негіздері көрсетілуге тиіс.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1) - 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген мән-жайларды жою атқарушылық құжатты сот орындаушысына осы Заңда белгіленген тәртіппен қайта жіберуге (ұсынуға) кедергі болмайды.
      Осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген мән-жайларды жою үшін жеке сот орындаушысы өндіріп алушыға он күн мерзім белгілейді. Егер өндіріп алушы көрсетілген мерзімде ағымдағы шотқа қажетті соманы енгізбесе, онда атқарушылық құжат орындауға ұсынылмаған болып есептеледі және өндіріп алушыға қайтарылады.
      4. Сот орындаушысына кемшіліктері жойылғаннан кейін немесе белгіленген мерзімінен кешірек келіп түскен атқарушылық құжаттың қайтадан келіп түскен күні оның берілген күні болып есептеледі.
      5. Қайтару туралы қаулыда көрсетілген кемшiлiктері жойылмай келiп түскен атқарушылық құжат орындалуға жатпайды және ол жiберген органға немесе адамға қайтарылады.

      39-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау мерзiмдерi

      1. Мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
      2. Құрылыстарды бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланысты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
      3. Осы Заңда көзделмеген өзге де мерзімдер өндіріп алушы мен жеке сот орындаушысы арасында жазбаша нысанда көрсетілуі мүмкін.
      4. Осы Заңда көзделген негiздер бойынша атқарушылық құжаттарды орындау тоқтатыла тұрған, мерзiмi жылжытылған, ұзартылған не кейiнге қалдырылған уақыт атқарушылық iс жүргiзу мерзiмiне кiрмейдi.

      40-бап. Орындау мерзiмін жылжыту, ұзарту, тәсiлi мен
              тәртiбiн өзгерту, берiлген сомаларды индекстеу

      Атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн етпейтін мән-жайлар болған ретте сот орындаушысы, өндiрiп алушы немесе борышкер iстi қараған сот алдына немесе орындалатын жердегi сот алдына орындау мерзiмiн жылжыту немесе ұзарту туралы, орындау тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту туралы, сондай-ақ берілген сомаларды индекстеу туралы мәселе қоюға құқылы.

      41-бап. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру

      Атқарушылық әрекеттер жасауға кедергi келтiретiн мән-жайлар болған кезде сот орындаушысы борышкердің өндіріп алушымен келісілген өтініші бойынша немесе өндіріп алушының өтініші бойынша оларды он күнге дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдырады, бұл жөнiнде тиiстi қаулы шығарылып, оны мемлекеттік сот орындаушылары үшін аумақтық бөлімнің басшысы бекiтедi. Атқарушылық әрекеттердi кейiнге қалдыру туралы сот орындаушысы өндіріп алушы мен борышкерді, сондай-ақ олардың өкілдері атқарушылық іс жүргізуге қатысқан жағдайда, оларды хабардар етуге мiндеттi.
      Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      42-бап. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi
              тоқтата тұру мiндетi

      Атқарушылық іс жүргізу:
      1) егер құқық қатынасы құқықтық мирасқорлыққа жол берсе, борышкер немесе өндіріп алушы қайтыс болған, борышкерді немесе өндіріп алушыны хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
      2) борышкер болып табылатын заңды тұлға қайта құрылған немесе заңда белгіленген тәртіппен жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімі, банкроттық туралы іс жүргізуді қозғау жөнінде шешім қабылданған;
      3) өндіріп алушыны немесе борышкерді әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
      4) сот өзінің іс жүргізуіне борышкердің атқарушылық құжатты сот тәртібімен даулау туралы арызын қабылдаған;
      5) әкімшілік жаза қолданған органдардың (лауазымды адамдардың) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне сотқа шағым берілген;
      6) сот немесе атқарушылық құжат бергенде негізге алынған шешімнің орындалуын тоқтата тұру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында берілген лауазымды адам қаулы шығарған;
      7) сотқа атқарушылық құжат бойынша өндіріп алынатын мүлікті тізімдемеден шығару туралы (тыйым салудан босату) талап қойылған;
      8) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығында қызметті жүзеге асыру лицензияларынан айыру немесе олардың қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім немесе қаржы ұйымына консервация жүргізу жөнінде шешім қабылдаған;
      9) сот банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған;
      10) сот қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған;
      10-1) сот бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған;
      11) борышкердің мүлкін бағалау нәтижелерін борышкер немесе өндіріп алушы сотта даулаған;
      12) өндіріп алушы жазбаша өтініш жасаған;
      13) осындай құқық берілген сот, прокуратура немесе өзге де құқық қорғау органдары атқарушылық іс жүргізуді талап еткен жағдайларда тоқтатыла тұруға тиіс.
      Осы баптың 7) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда тізімдемеден шығару (мүлікке тыйым салудан босату) туралы талап қойылған мүліктің бір бөлігінде ғана атқарушылық әрекеттер тоқтатыла тұрады не оны бағалау нәтижелері дауланады.
      Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 № 564-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      43-бап. Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзуді
              тоқтата тұру құқығы

      Атқарушылық iс жүргiзу сол сияқты:
      1) сот орындаушысы, өндiрiп алушы немесе борышкер сот актiсiн түсiндiру туралы не орындау мерзiмiн жылжыту және ұзарту туралы, сот актiсiн орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы сотқа арыз берген;
      2) атқарушылық іс жүргізуді борышкердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайда, оның қызметтік іссапарда болған;
      3) борышкер емдеу мекемесiнде болған;
      4) сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне өндiрiп алушы, борышкер сотқа шағым берген;
      5) борышкер не өндiрiп алушы елдi мекен шегiнен тыс жерде, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында мерзiмдi әскери қызмет өткеруiне байланысты жүрген;
      6) өндіріп алушы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы ағымдағы шотқа сот орындаушысы белгілеген мерзімде енгізбеген жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін.

      44-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру мерзiмдерi

      Атқарушылық iс жүргiзу:
      1) осы Заңның 42-бабының 1)2)3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - борышкердiң немесе өндіріп алушының құқықтық мирасқоры айқындалғанға, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi борышкерге немесе өндіріп алушыға қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғанға, заңды тұлғаны тарату туралы белгіленген тәртіппен шешім қабылданғанға, заңды тұлға немесе дара кәсiпкер (борышкер) банкрот деп жарияланғанға дейiн;
      2) осы Заңның 43-бабының 2)3)5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - борышкер не өндiрiп алушы қызмет бабындағы iссапардан, мерзiмдi әскери қызметтiң аяқталуына байланысты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнен, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарынан қайтқанға, емдеу мекемесiнен шыққанға дейiн;
      3) осы Заңның 42-бабының 4)5)7) және 11) тармақшаларында және 43-бабының 1)4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, - сот актісі заңды күшiне енгенге дейiн;
      4) осы Заңның 42-бабының 12) тармақшасында көзделген жағдайда, - өндiрiп алушыдан арыз түскенге дейiн;
      5) осы Заңның 42-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайда, - қадағалау тәртiбiмен iс жүргiзу аяқталғанға немесе соттың не өзге де органның шешiмiн тоқтата тұрудың күшiн жою туралы тиiстi лауазымды адамның өкiмiне дейiн;
      6) осы Заңның 43-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, - орындалуға жататын қаулының түсiндiрмесi келiп түскенге дейiн;
      7) осы Заңның 43-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайда, - өндіріп алушы ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізгенге дейін;
      8) осы Заңның 42-бабының 10) тармақшасында көзделген жағдайда - қаржы ұйымын қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейін;
      8-1) осы Заңның 42-бабы бірінші бөлігінің 10-1) тармақшасында көзделген жағдайда, – бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымды қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейін;
      9) осы Заңның 42-бабының 13) тармақшасында көзделген жағдайларда - оны талап еткен орган атқарушылық іс жүргізуді қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады.
      Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      45-бап. Борышкерге iздеу салу

      1. Борышкердің жүрген жері белгісіз болған жағдайда сот орындаушысы ішкі істер немесе қаржы полициясы органдары арқылы борышкерге іздеу салуды жариялау туралы ұсыныспен атқарушылық құжаттың орындалу орны бойынша сотқа жүгінуге міндетті. Борышкерге іздеу салу жарияланған және оның өндіріп алуға жарайтын мүлкі болмаған кезде атқарушылық құжаттың түпнұсқасы өндіріп алушыға қайтарып беріледі, ол атқарушылық құжатты борышкердің жүрген жері белгілі болған немесе оның мүлкі анықталған кезде мәжбүрлеп орындатуға беруге құқылы, ал көшірмесі борышкер іздестірілетін кезеңде сот орындаушысының бақылауында болады.
      2. Борышкерге iздеу салуды соттың ұйғарымы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iшкi iстер және қаржы полициясы органдары жүзеге асырады.
      3. Борышкерге iздеу салу жөнiндегi шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатады және борышкерден жергiлiктi бюджетке сот арқылы өндiрiп алынуға тиiс.
      Борышкерге iздеу салу жөнiндегi шығыстар іздеу салуды жүзеге асыратын ішкі істер немесе қаржы полициясы органының өтініші негізінде айқындалады.

      46-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi қайта жалғастыру

      Атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының арызы бойынша немесе сот орындаушысының бастамасы бойынша оның тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейiн қайта жалғастырылады.

      47-бап. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтатудың
              негiздерi мен салдары

      1. Атқарушылық iс жүргiзу, егер:
      1) өндiрiп алушы өндiрiп алудан бас тартса;
      2) өндiрiп алушы мен борышкер бiтiмгершілік келiсiмiн жасасса және оны сот бекiтсе;
      3) шешiмде белгiленген талаптар немесе мiндеттер өндiрiп алушы немесе борышкер болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін қайтыс болған адамның құқықтық мирасқорына ауыспайтын болса;
      4) борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау мүмкіншілігі (белгілі бір әрекеттерді жасаудан тартыну) жоғалса;
      5) тиiстi органның атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылса;
      6) өндіріп алушы немесе борышкер болып табылған заңды тұлғаны тарату аяқталса, құқықтық мирасқоры болмағандықтан не атқарушылық құжат борышкер болып табылатын заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына немесе тарату комиссиясына орындау үшін жіберілсе;
      7) атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса;
      8) заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезiнде өндiрiп алушы борышкерден алып қойылған заттарды алудан бас тартса;
      9) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 312-6-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайта құрылымдауды тоқтату туралы соттың шешімі заңды күшіне енсе, тоқтатылады.
      2. Атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайларда бұл туралы сот орындаушысы бір тәуліктің ішінде қаулы шығарады. Тиісті белгі соғылған атқарушылық құжатты не оның көшiрмесiн мемлекеттік сот орындаушысы - сотқа немесе құжатты берген басқа органға, ал жеке сот орындаушысы - өндіріп алушыға жiбередi. Сонымен бiр мезгiлде орындауды қамтамасыз ету шараларының күшi жойылуға тиiс. Осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасы негiзiнде тоқтатылған, орындалғаннан кейiнгі атқару санкциясы, орындау жөніндегі шығыстар мен жеке сот орындаушысының қызметіне төлем сомасы өндiрiп алынуға тиiсті атқарушылық құжаттар бойынша орындауды қамтамасыз ету шараларының күшi оларды өндiрiп алғаннан кейiн ғана жойылуға тиiс. Атқарушылық құжаттың орындауға берiлу мерзiмiн сот қалпына келтiрген не сот орындаушысының iс жүргiзу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi әрекетi заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, тоқтатылған атқарушылық iс жүргiзудi қайта бастауға болмайды.

      48-бап. Атқарушылық құжаттарды өндiрiп алушыға қайтару

      1. Өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқарушылық құжат сот орындаушысының қаулысы бойынша мына жағдайларда:
      1) өндiрiп алушының арызы бойынша;
      2) егер борышкердiң өндiрiп алынуы мүмкiн мүлкi, оның iшiнде ақша, бағалы қағаздары немесе табыстары жоқ болса және оның мүлiктерiн немесе табыстарын анықтау бойынша сот орындаушысы қолданған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермесе;
      3) егер мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжат бойынша заңда көзделген орындау жөніндегі барлық шаралар нәтиже бермесе;
      4) егер өндiрiп алушы атқарушылық құжатты орындау кезiнде борышкердiң сатылмаған мүлкiн өзінде қалдырудан бас тартса;
      5) егер сот борышкерге қатысты іздеу салу жарияласа;
      6) егер өндіріп алушы жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына орындау жөніндегі шығыстарды жабу үшін қажетті аванстық сомаларды енгізуден бас тартса;
      7) егер атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкердің, борышкер мүлкінің жеке сот орындаушысының өкілеттіктері қолданылмайтын аумақта екені анықталса;
      8) жеке сот орындаушысынан бас тартуға осы Заңның 54-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер болса, өндіріп алушыға қайтарылады.
      2. Атқарушылық құжатты өндiрiп алушыға қайтару заңда белгiленген атқарудың ескіру мерзiмi шегiнде осы құжатты орындауға қайталап ұсынуға кедергi болып табылмайды.
      3. Өндіріп алу мемлекеттің пайдасына жүргізілетін атқарушылық құжаттар мынадай тәртіп сақтала отырып қайтарылады:
      1) сот жазып берген (шығарған) атқарушылық құжат талап-арызға бастамашы болған немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырған мемлекеттік органға қайтарылады;
      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) қаулысы тиісті уәкілетті органға (лауазымды адамға) қайтарылады;
      3) прокурордың қаулысы прокурорға қайтарылады;
      4) қылмыстық істер бойынша мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар сотқа қайтарылады.
      4. Алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      49-бап. Атқарушылық iс жүргiзудiң аяқталуы

      Атқарушылық iс жүргiзу:
      1) осы Заңның 48-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық құжат қайтарылған;
      2) осы Заңның 47-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған;
      3) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған жағдайларда аяқталды деп есептеледi.

      50-бап. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру немесе
              тоқтату, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға
              қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның
              конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына
              жіберу туралы мәселелерді қарау

      1. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы мәселелерді сот орындаушысы қарайды.
      Бұл жөнінде атқарушылық іс жүргізу тараптарына және олардың өкілдеріне хабарланады, алайда олардың келмей қалуы аталған мәселелерді шешуге кедергі болмайды.
      2. Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы қаулы шығарады, оны мемлекеттік сот орындаушылары үшін аумақтық бөлімнің басшысы бекітуге тиіс.
      3. Сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны борышкер-заңды тұлғаның конкурстық басқарушысына, тарату комиссиясына жіберу туралы қаулысына сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      51-бап. Орындалуға тиiстi атқарушылық құжатты түсiндiру

      Атқарушылық құжат түсiнiксiз болған жағдайда оны орындауға алған сот орындаушысы, сондай-ақ өндiрiп алушы немесе борышкер атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмдi немесе өзге де актіні түсiндiру үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген органға жүгiнуге құқылы.

      52-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын жер

      1. Атқарушылық әрекеттердi борышкердiң тұрғылықты жерi бойынша немесе жұмыс орны бойынша не оның мүлкi тұрған жер бойынша сот орындаушысы жүргiзедi. Егер заңды тұлға борышкер болып табылса, орындау оның органы немесе мүлкi орналасқан жерде жүргiзiледi.
      2. Борышкерді белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн атқарушылық құжаттарды орындауды осындай әрекеттер жасалатын жердегi сот орындаушысы жүргiзедi.
      3. Жекелеген атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мемлекеттік сот орындаушысының өкілеттігі қолданылмайтын аумақта мәжбүрлеп орындатудың жекелеген шараларын қолдану қажет болған жағдайда, ол атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануды тиісті мемлекеттік сот орындаушысына тапсыруға құқылы. Тапсырма осы Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысының қаулысымен ресімделеді және оны аумақтық бөлімнің басшысы бекітеді.
      4. Егер атқарушылық құжатты орындау процесiнде борышкер, борышкердің мүлкі сот орындаушысының өкілеттігі қолданылмайтын аумақта екені анықталса:
      1) мемлекеттік сот орындаушысы бұл жөнінде дереу қаулы шығарады және қаулы шығарылғаннан кейін атқарушылық құжатты және атқарушылық іс жүргізудің бүкіл материалдарының көшірмесін борышкердің жаңа тұрғылықты жері немесе нақты тұратын жері, оның жаңа жұмыс орны, борышкер-заңды тұлғаның жаңа орналасқан жері бойынша не борышкердің мүлкі тұрған жаңа жері бойынша мемлекеттік сот орындаушысына үш жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіп, бұл жөнінде өндіріп алушыға хабарлайды. Атқарушылық құжаттың көшірмесі атқарушылық іс жүргізуде қалады;
      2) жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтарады, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.

      53-бап. Атқарушылық әрекеттер жасалатын уақыт

      1. Атқарушылық әрекеттер жұмыс күндерiнде сағат алтыдан жиырма екі сағатқа дейін жасалады. Атқарушылық әрекеттердi осы шекте жасаудың нақты уақытын сот орындаушысы белгiлейдi. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық әрекеттер жасаудың өздерiне қолайлы уақытын ұсынуға құқылы.
      2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге, кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.

      54-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi бас тарту

      1. Егер сот орындаушысы, аудармашы, маман атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесiне жеке өзi, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптармен, олардың өкiлдерiмен әділдігі күмән туғызатындай туыстық қатынаста болатын мән-жайлар орын алса, олардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуына болмайды және одан бас тартуға жатады.
      2. Бас тартуға мән-жайлар болған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар бас тартатынын мәлiмдеуге мiндеттi. Бас тарту атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп, жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер бас тартуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
      3. Мемлекеттік сот орындаушысынан бас тарту туралы мәселенi аумақтық бөлiм басшысы шешедi, бұл жөнiнде тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
      Аудармашыдан немесе маманнан бас тарту туралы мәселенi сот орындаушысы шешедi, бұл жөнiнде аумақтық бөлiм басшысы бекiтетiн тиiстi дәлелдi қаулы шығарылады.
      Осы баптың 1-тармағында аталған негіздер болған жағдайда жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
      4. Сот орындаушысынан бас тартуға қарсылық білдіру туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн. Шағым жасалу немесе наразылық білдіру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтата тұрмайды.

7-тарау. БОРЫШКЕРДIҢ МҮЛКIНЕН ӨНДIРIП АЛУ

1-параграф. Негізгі қағидалар

      55-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртiбi

      1. Борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды.
      2. Атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша сомаларына, оның iшiнде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда тұрған ақша сомаларына да қолданылады.
      3. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу олар ұсынылған соң борышкердiң келiсiмiне қарамастан немесе олардың сақталу орнына қарамастан табылған соң дереу жүргiзiледi.
      Борышкердiң қолма-қол ақша сомалары, оның iшiнде борышкер кассасының сейфiнде сақтаулы және осы кассаның оқшауланған бөлмесiнде немесе борышкердiң өзге де бөлмелерiнде сақтаулы ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесiлi екендiгi анық белгiлi болса, табылғаннан кейiн дереу алып қойылуға тиiс.
      4. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомалары болмаған жағдайда, ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Өндiрiп алушының және борышкердің келiсiмiмен сот орындаушысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті мүлікті қоспағанда, мүлiктi алдын ала бағалап, оны сатпай сол қалпында беруге құқылы.
      5. Орындау жөніндегі шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар ескеріле отырып, атқарушылық құжатты орындау үшiн қажеттi мөлшерде және көлемде борышкер мүлкiнен өндiрiлiп алынады. Борышкердiң басқа мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, өндiрiп алу борышкердiң атқарушылық құжат бойынша құны өндiрiп алу мөлшерiнен асатын мүлкiне қолданылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда мүлiктi сатқаннан түскен сома, атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алынған сома мен орындау жөнiндегi шығыстар, сондай-ақ жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар шегерiле отырып, борышкерге қайтарылады.
      6. Борышкердің іздеу салуда болуы оның мүлкінен өндіріп алуға кедергі болып табылмайды.
      7. Атқарушылық құжатта көрсетілген белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қойып, оларды өндiрiп алушыға өткізу актiсiн жасай отырып бередi.
      8. Жеке сот орындаушысы мүліктен өндіріп алуды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен жүзеге асырады.

      56-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер мүлкiнен
              өндiрiп алу

      1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған кезде (борышкердiң банктік шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса), егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктiк жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
      2. Егер орындау барысында борышкер-заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
      3. Белгiленген тәртiппен дәрменсiз (банкрот) деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Атқарушылық құжатты орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мирасқорлығын белгілейді және шешiм шығарған сотқа борышкердi оның құқықтық мирасқорымен ауыстыру туралы ұсыныс жібереді.

      57-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу

      1. Борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
      2. Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда борышкердің мүлкіне кепілдік құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін кепілге салынған мүлік, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талаптарынан басым болатын кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне өндіріп алынуы мүмкін. Кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландыра отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Бұл жағдайда мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
      Кепiл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепiл ұстаушының талабының алдында басым болып табылатын талаптарды өзінде қалдырылған мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға міндетті.
      3. Егер өндіріп алушының (өндіріп алушылардың) талаптарын қанағаттандыру мақсатында өндіріп алынуы мүмкін өзге мүлік болмаса немесе мұндай мүлік жеткіліксіз болса, кепiл ұстаушының талаптарының алдында басымдығы жоқ осы өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында, кепiлге салынған мүлікті, ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, өндіріп алуға жол беріледі. Бұл жағдайда кепiлге салынған мүліктен өндіріп алуға кепіл ұстаушының құқықтары сақтала отырып, сот ұйғарымы бойынша жол беріледі.

      58-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомалары
              мен басқа да мүлкiнен өндiрiп алу

      1. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
      2. Борышкердiң банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндiрiп алуды сот орындаушысы инкассолық өкiм шығару арқылы жүзеге асырады. Инкассолық өкiмге жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған атқарушылық құжаттардың көшiрмелерi қоса беріледі. Атқарушылық құжаттар көшiрмелерінің дұрыстығы үшін жеке сот орындаушысы не аумақтық бөлім басшысы жауаптылықта болады.
      3. Борышкердiң теңгедегі банктік шотында ақшалай сомалары болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп белгiлеген тәртiппен айқындалған валюта айырбастаудың төлем жасалатын күнгi нарықтық бағамын қолдана отырып, сот орындаушысы теңгемен есептеп шығарған инкассолық өкiмдер негiзiнде өндiрiп алу борышкердiң шетелдiк валютадағы банктік шоттарынан жүргiзiледi.

      59-бап. Инкассолық өкімді кері қайтарып алу

      Аумақтық орган басшысының жазбаша келісімімен мемлекеттік сот орындаушысының, сондай-ақ жеке сот орындаушысының инкассолық өкімді кері қайтарып алуы:
      1) атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған;
      2) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған;
      3) осы Заңның 48-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, атқарушылық құжат өндіріп алушыға қайтарылған жағдайларда;
      4) өндіріп алушының инкассолық өкімді кері қайтарып алу туралы арызы бойынша жүргізіледі.

      60-бап. Ортақ мүліктегі үлестен өндіріп алу

      1. Борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы мүліктің меншік иелеріне хабарлауға және оларға борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдықпен сатып алу құқығын ұсынуға міндетті. Үлестің құны маманның жазбаша қорытындысы негізінде хабарламада көрсетіледі.
      2. Тыйым салынған мүліктің қосалқы меншік иесі басымдықпен сатып алу құқығын іске асыра алатын мерзім Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалады және борышкердің мүлкіне тыйым салынғаны туралы қосалқы меншік иесіне хабарланған күннен бастап есептеледі.
      3. Қосалқы меншік иелеріне хабарлау олардың тұрғылықты (болатын) жерінің белгісіздігі, тұрғылықты жерінде болмауы және басқа да дәлелді себептер салдарынан мүмкін болмаса, ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен соң жүргізілуі мүмкін.
      4. Борышкердің үлесінің мөлшері туралы құжаттар болмаған және (немесе) борышкердің ортақ мүліктегі үлесіне балама нақты мүлікті айқындау мүмкіндігі болмаған кезде ортақ мүлікті бөлу, сондай-ақ осы мүліктегі үлестерді айқындау және борышкердің үлесін бөліп шығару сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі.
      5. Ортақ мүліктегі борышкердің үлесін сату осы Заңда көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.

      61-бап. Өндiрiп алуды қолдануға болмайтын мүлiк

      Борышкерге меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, борышкерге және оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiктiң мына түрлерiне атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алуды қолдануға болмайды:
      1. Yй жасауының заттары, керек-жарақтар:
      1) аң терiсiнен тігілген және басқа да бағалы киiм-кешектер (eгep ең төмен күнкөрiс деңгейiн қамтамасыз ету үшiн оны алмастыра алатын өзге де киiм-кешек бар болса), асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киiм-кешек, аяқ киiм, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;
      2) борышкерге және оның отбасы мүшелерiне ең аз мөлшерде қажеттi жиhаз (әрбiр адамға бiр төсек пен бiр орындықтан, отбасына бiр үстел, бiр шкаф және бiр сандық);
      3) балаларға арналған барлық жабдықтар.
      2. Егер борышкердiң негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, борышкер мен оның отбасы үшiн жаңа астыққа дейiн қажетті мөлшердегі тамақ өнiмдерi, шаруашылық құрылыстары және борышкер мен оның отбасының қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға қажеттi мөлшердегі үй малы, сондай-ақ малға арналған жем-шөп, ал басқа жағдайларда - тамақ өнiмдерi және жалпы сомасы ең төменгi жалақыдан аспайтын мөлшердегi ақша.
      3. Тамақ даярлауға және отбасының тұрғын үй-жайын жылытуға арналған отын.
      4. Борышкер соттың үкiмiмен белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе ол құрал-сайманды қылмыс жасау үшiн пайдаланған жағдайларды қоспағанда, борышкердiң кәсiби қызметiн жалғастыруына қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар).
      5. Мүгедектердiң жүрiп-тұруына арналған арнайы көлiк құралдары.
      6. Борышкер марапатталған халықаралық, мемлекеттiк және өзге де жүлделер.
      Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлік осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана өндіріп алынуы мүмкін.

2-параграф. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу

      62-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу

      1. Сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындауды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде борышкердің атқарушылық құжаттағы талаптарды ерікті түрде орындауы үшін белгіленген мерзім ішінде борышкер мүлкіне, оның ішінде заңмен көзделген жағдайларда соттың санкциясы бойынша тыйым салуға құқылы. Бұл ретте сот орындаушысы борышкердің мүлкінен өндіріп алудың кезектілік қағидаларын қолданбауға құқылы.
      2. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу осы мүлiкке иелік етуге тыйым салудан, сондай-ақ борышкердiң банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомаларын пайдалануға және оларға иелік етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
      3. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгiленген шектеулер ескерiле отырып), тыйым салынуы мүмкiн.
      Сот орындаушысы банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшаға және өзге де мүлікке сот санкциясымен ғана тыйым салады.
      Сауда-саттық ұйымдастырушыларының сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялары бойынша оның нысанасы болып табылатын мүлікке азаматтық сот ісін жүргізу барысында осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана тыйым салынуы мүмкін.
      4. Егер борышкер мүлкiнiң басқа тұлғаларда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болған жағдайда, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi талап-арыз iсін жүргiзу тәртiбiмен сот шешедi.
      5. Сот орындаушысының мүліктен өндіріп алу жөніндегі әрекеттерді жасауына кедергі келтіру, сот орындаушысының тыйым салынған мүлікке билік етуге немесе оны пайдалануға тыйым салуын бұзу, сондай-ақ тыйым салынған мүлікке қатысты өзге де заңсыз іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      63-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртiбi

      1. Мүлiкке өндiрiп алуды қолдану кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, нақты құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын мүлiктiң кiмге тиесiлi екенiн анықтау қиын болған және бұл мүлiк борышкерге тиесiлi деп жорамалдауға негiздер болған жағдайда, сот орындаушысы оның кімге тиесiлi екендігі анықталғанға дейiн мүлiкке тыйым салуға құқылы.
      Егер мүлік борышкерге тиесілі болмаса, онда ол сот орындаушысына тыйым салынған мүліктің тиесілігін белгілейтін қажетті дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
      2. Сот орындаушысы мүліктің борышкерге тиесілі екенін анықтап, оны тізімдемеге енгізеді, өндіріп алу мөлшеріне қарай бүкіл мүлікке немесе оның бір бөлігіне тыйым салады және тыйым салу туралы қаулыны тиісті мемлекеттік тіркеу органдарына жібереді.
      3. Сот орындаушысы кепiлге салынған мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға хабарлайды.

      64-бап. Тыйым салынған мүлікті пайдалану тәртібін
              айқындау

      1. Қажет болған жағдайда сот орындаушысы тыйым салынған мүлiкті алып қоюды жүргізуге немесе борышкердің тыйым салынған мүлiкті пайдалану жөніндегі құқықтарын шектеуге құқылы. Шектеудің түрлерін, көлемдері мен мерзімдерін сот орындаушысы әрбір нақты жағдайда осы мүлікке тыйым салудың мақсаттарын, мүліктің ерекшеліктерін, оның меншік иесі немесе қожасы үшін маңызын, шаруашылық, тұрмыстық немесе өзгедей пайдаланылуын және басқа да факторларды ескере отырып айқындайды.
      2. Сот орындаушысының мүлiкке билік етуге салған тыйымын бұзу немесе борышкердің тыйым салынған мүлкін пайдалану құқықтарын шектеуді сақтамау атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындамағаны үшін осы Заңда көзделген салдарларға әкеп соғады.
      3. Вексельдерге, түбіртектерге, ұсынушының жинақ кітапшаларына, депозиттік және жинақ сертификаттарына, облигацияларға және борышкерге ақша сомасын төлеу міндеттемесі бар өзге де мүлікке тыйым салу кезінде сот орындаушысы алып қою туралы хаттаманы толтыра отырып, аталған мүлікті алып қояды.

      65-бап. Бағалы қағаздарға тыйым салу

      1. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу олардың тұрған орны бойынша жүргізіледі. Құжатсыз бағалы қағаздарға тыйым салу осы қағаздар иелерінің құқықтарын есепке алу орны бойынша жүргізіледі.
      2. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығарады. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу туралы сот орындаушысы осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен хаттама да жасайды.
      3. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынған бағалы қағаздардың жалпы саны, олардың түрі, сәйкестендіру нөмірі, осы бағалы қағаздардың эмитенті туралы мәліметтер, бағалы қағаздарды сәйкестендіруге, сондай-ақ олардың борышкерге тиесілілігін анықтауға мүмкіндік беретін басқа да деректер көрсетіледі.
      4. Борышкерге тиесілі бағалы қағаздарға тыйым салу борышкердің оларға билік етуіне (сатуға, өз міндеттемелерін немесе үшінші бір адамдардың міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде беруге, өзге де түрде ауыртпалық түсіруге) тыйым салуды білдіреді. Өзге де шектеулерді, оның ішінде борышкердің кіріс алуға құқықтарын және бағалы қағаздармен бекітілген басқа да құқықтарын шектеу кезінде сот орындаушысы белгіленген шектеулерді бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда санамалап көрсетуге міндетті.
      5. Бағалы қағаздарға тыйым салу эмитенттің (басқарушы компанияның) оларды өтеу, олар бойынша кірістерді төлеу, оларды өзге бағалы қағаздарға айырбастау немесе алмастыру жөніндегі әрекеттер жасауына, егер мұндай әрекеттер тыйым салынған бағалы қағаздарды шығару шарттарында (пайлық инвестициялық қордың қағидаларында) көзделсе және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынбаса, кедергі келтірмейді. Аталған әрекеттердің жасалуы туралы эмитент (басқарушы компания, басқарушы) сот орындаушысына дереу хабарлайды.
      6. Айырбастау немесе алмастыру нәтижесінде алынған өзге бағалы қағаздар, егер бұл тыйым салу мақсаттарына қайшы келмесе, тыйым салу туралы қаулы бойынша тыйым салынған бағалы қағаздар секілді сол шарттармен тыйым салуда тұрған болып есептеледі. Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға қосымша осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалған берешектің мөлшерін ескере отырып, айырбастау немесе алмастыру нәтижесінде алынған бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығаруға міндетті.
      7. Егер атқарушылық құжатта борышкердің бағалы қағаздар бойынша кіріс алуға құқықтарын шектеу белгіленсе, онда осы бағалы қағаздар бойынша барлық кірістер аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептелуге тиіс.
      8. Сот орындаушысы тыйым салынған құжаттық бағалы қағаздарды алып қояды және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы хаттамаға қол қойғыза отырып, осы хаттаманың көшірмесін сақтаушыға сақтауға береді. Сот орындаушысы осы бағалы қағаздарды кастодианға сақтауға беру туралы шешім қабылдай алады.
      9. Тыйым салынған құжатсыз бағалы қағаздар алып қойылмайды және құқықтарды есепке алу үшін басқа номиналды ұстаушыға берілмейді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      9-1-тармақ 2013.01.01 дейін қолданыста болады - ҚР 2011.12.28 N 524-IV Заңымен.
      9-1. Тыйым салынған құжатсыз бағалы қағаздарды тіркеушінің құқықтарды есепке алу үшін бірыңғай тіркеушіге беруіне жол беріледі.
      10. Тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушының тиісті лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не тоқтатылған жағдайда, номиналды ұстаушы ол туралы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не тоқтатылғандығы туралы хабарлама алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей сот орындаушысына хабарлайды.
      11. Эмитент (басқарушы компания) тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушымен шартты бұзған жағдайда, номиналды ұстаушы ол туралы шарт бұзылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей сот орындаушысына хабарлайды.
      12. Эмитент (басқарушы компания, басқарушы) борышкерге тиесілі тыйым салынған бағалы қағаздар төлемінің немесе оны өтеудің мерзімі басталған жағдайда, аталған бағалы қағаздар бойынша төлем сомасын құрайтын ақшаны аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептейді.
      13. Тыйым салынған бағалы қағаздарды мүліктің және (немесе) мүліктік құқықтардың иесіне беру нысанында өтеген жағдайда сот орындаушысы мұндай мүлікті және (немесе) мүліктік құқықтарды осы Заңда белгіленген тәртіппен өндіріп алады.
      14. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салынғаны туралы қаулының көшірмелерін, оны шығарған (жасаған) күннен кейінгі күннен кешіктірмей, атқарушылық іс жүргізу тараптарына, сондай-ақ:
      1) бағалы қағаздарды берген адамға (эмиссиялық бағалы қағаздарды қоспағанда);
      2) тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын тіркеушіге (номиналды ұстаушыға);
      3) егер бағалы қағаздарға тыйым салу осы бағалы қағаздарға бекітілген құқықтарды шектеуден тұратын болса, эмитентке (басқарушы компанияға) жібереді.
      15. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулының көшірмесін алған күннен бастап, осы баптың 14-тармағында аталған адамдар:
      1) аталған қаулымен борышкердің шектелген құқықтарын іске асыруға бағытталған борышкердің талаптарын орындауға құқылы емес;
      2) сот орындаушысының қаулысында аталған ақшаның мөлшерін негізге ала отырып, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының арнаулы шотындағы борышкердің ақшасымен және жеке шоттарындағы және депо шоттарындағы бағалы қағаздарымен операцияларын дереу тоқтата тұруға міндетті.
      16. Номиналды ұстаушының клиенттеріне тиесілі ақшаны есепке алу жүзеге асырылатын, номиналды ұстаушының банктік шоттарына номиналды ұстаушының міндеттемелері бойынша тыйым салына алмайды.
      Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      66-бап. Борышкер мүлкiнiң тiзiмдемесi

      1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы, орындау жөнiндегi шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметтеріне төлейтін шығыстарды өтеуге қажеттi мөлшерде борышкер мүлкiнің тiзiмдемесін жүргізеді. Осы Заңның 55-бабының 5-тармағында көзделген жағдайда, тізімделетін мүліктің құны атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алудың мөлшерiнен асып түсуi мүмкiн. Сот орындаушысының тiзiмдемеге түскен заттарға сүргi сала алады.
      2. Мүлiкке тiзiмдеме жасау борышкердiң және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлуге тиiс. Атқарушылық әрекеттер жасалатындығы туралы алдын ала хабардар етілген, борышкер болып табылатын жеке адам немесе заңды тұлғаның өкiлi болмаған жағдайда, тiзiмдеме куәгерлердiң қатысуымен жасалады.
      3. Мүлiктер тiзiмдемесiне әр заттың атауы, оның ерекше белгiлерi (салмағы, метражы, тозу дәрежесi, бұйымның маркасы және өзге де өлшемдері), әр заттың жеке-жеке бағасы және барлық мүлiктiң құны енгiзiледi.
      Тiзiмдемеге оны жасау кезiнде қатысқан адамдар қол қояды.
      4. Сот орындаушысы тізімдемеге қатысушы маманның қорытындысы бойынша жылжымалы мүлікке тізімдеме жасамауға не маманның қорытындысы бойынша оны сату мүмкін болмаса немесе оны сатудан түскен сома орындау жөніндегі шығыстардан кем болатын болса, оны кейін тізімдемеден алып тастауға құқылы.

      67-бап. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасы

      1. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасында:
      1) хаттама жасалған уақыт пен орны;
      2) хаттама жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ хаттама жасалған кезде қатысқан адамдардың тегі, аты және әкесінің аты;
      3) соттың немесе атқарушылық құжаты орындалатын басқа да органның атауы;
      4) өндіріп алушының және борышкердің тектері, аттары және әкелерінің аттары;
      5) мүлікке тізімдеме жасау жүргізілгені туралы сілтеме (тізімдемені кім жүргізді, тізімделген мүліктің жалпы құны);
      6) егер заттарға сүргі салу жүргізілген болса, оған сілтеме;
      7) мүлік сақтауға берілген жеке адамның тегі, аты және әкесінің аты, заңды тұлғаның атауы, егер мүлікті сақтау борышкердің өзіне жүктелмесе, мекенжайлары;
      8) борышкерге және басқа да адамдарға сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау тәртібі мен мерзімінің түсіндірілгені, сондай-ақ борышкерге немесе мүлікті сақтаушыға олардың сақтауға берілген мүлікті сақтау жөніндегі міндеттері және оны талан-таражға салғаны, иеліктен шығарғаны немесе жасырғаны үшін жауапкершілігі жөнінде түсіндірілгені туралы белгі;
      9) өндіріп алушының, борышкердің, тізімдеме жасау кезінде қатысқан адамдардың ескертпелері мен арыздары және сот орындаушысының солар бойынша өкімдері көрсетілуге тиіс.
      2. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасына сот орындаушысы және оны толтыру кезінде қатысқан адамдар қол қояды.

3-параграф. Мүлікті бағалау және сақтау

      68-бап. Борышкердің мүлкiн бағалау

      1. Борышкердің мүлкiн бағалауды сот орындаушысы оның нарықтық бағасы мен нақты тозуын ескере отырып жүргізеді. Бұл ретте өндiрiп алушы мен борышкер арасында қол жеткiзiлген бағалау туралы келiсiм ескерiлуi мүмкiн.
      Егер жекелеген заттарды бағалау қиындық тудырса не борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жасаған бағалауға қарсы болса, сот орындаушысы мүлiк құнын анықтау үшiн маман тағайындайды. Жүргізілген бағалаумен келіспеген жағдайда қайта бағалау бойынша маманның ақысын атқарушылық іс жүргізудің бағалаумен келіспеген тарапы төлейді.
      Валюталық құндылықтар, қымбат металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар, антиквариат, кескiндеме және мүсiн өнерi туындылары, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік мiндеттi түрде мамандардың қатысуымен бағаланады.
      2. Мүлікті бағалауды тағайындау туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмелері қаулы шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей атқарушылық іс жүргізу тараптарына жіберіледі.

      69-бап. Мүлiкті сақтау

      1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтау қолхатын алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
      2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және басқа да нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
      3. Егер мүлiктi пайдалану оның ерекшеліктері бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның құндылығының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
      4. Борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болып табылмаса, ол сақтағаны үшiн сыйақы алады.
      5. Мүлiктi сақтау жөнiнде жұмсалған қажеттi шығыстар сақтаушыға осы мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiле отырып өтеледi.
      6. Мүлiктi сақтауға байланысты жұмсалған шығындар атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылады.

      70-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi

      Сақтауға берілген тыйым салынған мүлікті талан-таражға салған, иеліктен шығарған немесе жасырған жағдайда сақтаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      71-бап. Борышкерден алып қойылған құндылықтарды сақтау

      1. Борышкерден ақшаны, бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын алып қойған кезде сот орындаушысы екі дана етіп алып қою актісін жасайды.
      2. Борышкерден алып қойылған бағалы қағаздарды, валюталық құндылықтарды, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған басқа да бұйымдарды, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтарын сот орындаушысы банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға шарт негiзiнде жүзеге асырылатын сақтауға өткiзедi.
      3. Өндiрiп алушыға берілген сомаларды және атқару жөнiндегi шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы жиырма төрт сағат ішінде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгiзедi. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотындағы ақша сомаларын есепке алу, сақтау және беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
      4. Борышкерден ақшаны алып қою кезінде борышкерге алып қою актісінен бөлек түбіртек беріледі, ал алып қойылған ақша аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізіледі.

8-тарау. БОРЫШКЕРДІҢ МҮЛКIН ӨТКІЗУДІҢ ТӘРТІБІ

1-параграф. Өткізудің жалпы қағидалары

      72-бап. Борышкердің мүлкiн өткізудің кезектiлiгi

      Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде бұл мүлiктi өткізу мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады:
      1) бірінші кезекте борышкердің іс жүргізуге тікелей қатыспайтын мүлкі, оның ішінде бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, қымбат металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, жеңіл автокөлік өткізіледі;
      2) екiншi кезекте - дайын өнiм (тауарлар), сондай-ақ іс жүргізуге тiкелей қатыспайтын және іс жүргізуге тiкелей қатысуға арналмаған өзге де материалдық құндылықтар;
      3) үшiншi кезекте - жылжымайтын мүлiк объектiлерi, сондай-ақ шикiзат пен материалдар, станоктар, құрал-жабдықтар, іс жүргізуге тiкелей қатысуға арналған басқа да негiзгi құралдар;
      4) төртiншi кезекте - жалға беру (мүлiктi жалдау), заем, прокат шарты бойынша немесе өзге де шарттар бойынша басқа адамдарға берілген мүлiк.

      73-бап. Борышкердің жылжымайтын мүлкін кейіннен аукционда
              сату үшін оған құқықтарды тіркеу ерекшеліктері

      1. Меншік құқығы (шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы) жылжымайтын мүлікке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріліп алынған жағдайда, сондай-ақ жылжымайтын объектінің кадастрлық және техникалық есепке алу (түгендеу) жөніндегі жұмыстары жүргізілмесе немесе аяқталмаса, сот орындаушысы борышкерге аталған әрекеттерді жүргізуге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды кадастрлық, техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттарды табыс ету міндеттерін жүктеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.
      2. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді кадастрлық және техникалық есепке алу мен мемлекеттік тіркеу бойынша шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.

      74-бап. Тыйым салынған мүлiктi өткізу

      1. Тыйым салу негіздері мен мүлік түрлеріне қарамастан, айналымнан заң бойынша алып тасталған мүліктен басқа, тыйым салынған мүлікті өткізуді сот орындаушысы комиссиялық негіздегі сауда ұйымдары арқылы, сондай-ақ аукцион нысанындағы сауда-саттықтарда жүргізеді. Аукцион нысанындағы сауда-саттықтарды - жеке сот орындаушысы дербес, ал мемлекеттік сот орындаушысы мамандандырылған сауда ұйымы арқылы жүргізеді.
      2. Мүлiктi өткізу нысанын таңдауды сот орындаушысы мүлiк түрiн және өндiрiп алушы мен борышкердiң пiкiрлерiн ескере отырып айқындайды.
      3. Борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салып, оны бағалауды жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құны бойынша өткізуге құқылы.
      Борышкердің мүлікті өткізуге рұқсат алуы атқарушылық әрекеттерді кейінге қалдыруға, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу аясында мүлікті сауда-саттыққа шығаруға негіз болып табылмайды. Мүлікке тыйым салу борышкер мен сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойғаннан және сатып алушы мүлікті сатып алудың барлық құнын аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізгеннен кейін ғана алып тасталады.
      4. Егер тыйым салынған мүлікті өткізу туралы шешім қабылдау кезінде борышкердің дәрменсіздігі (банкрот болуы) туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалса, онда мүлікті өткізу аталған мәселе мәні бойынша қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
      5. Тыйым салынған мүлікті өткізудің осы Заңмен реттелмеген мәселелері уәкілетті орган бекітетін қағидаларымен айқындалады.

      75-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi өткізу

      Мүлiктi тәркiлеу бөлiгiндегі қылмыстық iс бойынша сот үкiмi негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртіппен өткізіледі немесе пайдаланылады.

      76-бап. Құндылықтарды өткізу

      Борышкерден алып қойылған әрі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға сақтауға берiлген бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, зергерлiк және қымбат металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған басқа да бұйымдар, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариат Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн қағидаларға сәйкес өткізіледі.

      77-бап. Тыйым салынған мүлiктi өткізу тәртібі

      1. Борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
      2. Борышкердің тыйым салынған мүлкін өткізу, осы Заңның 75 және 76-баптарында көрсетілгендерді қоспағанда, аукцион нысанындағы сауда-саттықта сату арқылы жүзеге асырылады.
      3. Өндіріп алушы мен борышкер келіскен жағдайда мүлік комиссия шартының негізінде сауда ұйымдары арқылы сату жолымен өткізілуі мүмкін. Тез бұзылатын мүлікті, оған тыйым салу мен тізімдеме жүргізілгеннен кейін және атқарушылық іс жүргізу тараптарының білдірген еркіне қарамастан, сот орындаушысы комиссияның шарты бойынша дереу өткізуге тапсырады.
      4. Борышкердің мүлкін мамандандырылған ұйымға өткізу үшін беруді сот орындаушысы қабылдау-өткізу актісі бойынша жүзеге асырады.
      5. Егер маман тыйым салынған мүлік сату кезінде құнды болып табылмайды және өтімді емес деген қорытынды шығарса, бұл мүлік өткізуге берілмейді, ал оған бұрын салынған тыйым алып тасталады.
      6. Құрамы жағынан біртектес мүлікті өткізу кезінде ол бірыңғай лотпен сатылуы мүмкін.
      7. Сот орындаушысы оның атқарушылық округінің (атқарушылық учаскесінің) аумағындағы мүлікті ғана өткізеді.

      78-бап. Мүлiктi комиссиялық сату ерекшеліктері

      1. Тыйым салынған жылжымалы мүлікті сату мамандандырылған дүкенде (сауда алаңында) ашық сатуға қою жолымен комиссиялық негізде және оны адамдардың белгісіз тобының сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
      2. Борышкердің мүлкін өткізуге беруді мемлекеттік сот орындаушысы комиссиялық сауданы жүзеге асыратын ұйымдар мен аумақтық бөлім арасында жасалған шарттар негізінде қабылдау-өткізу актісі бойынша жүзеге асырады. Жеке сот орындаушысы комиссиялық сауданы жүзеге асыратын ұйымдармен шарттарды дербес жасайды.
      3. Егер борышкердің мүлкі осы баптың 2-тармағында аталған ұйымдарға өткізуге тапсырған күннен бастап бір ай мерзімде өтпесе, сот орындаушысы комиссионердің өкілімен бірлесіп, бұл мүлікті қайта бағалауды жүргізеді, бірақ ол бастапқы бағасының елу пайызынан кем болмауы керек.
      Сот орындаушысы борышкердің мүлкін қайта бағалау туралы қаулы шығарады, оның көшірмесі қаулы шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей атқарушылық іс жүргізу тараптары мен аталған мүлікті өткізетін ұйымға жіберіледі.
      4. Борышкердің мүлкі мүлікті қайта бағалау жүргізілген күннен бастап бір айдың ішінде өтпесе, сот орындаушысы өндіріп алушыға борышкердің өтпеген мүлкін оның соңғы бағасына сәйкес құны бойынша өзінде қалдыруды ұсынады. Өндіріп алушы аталған ұсынысты алған кезден бастап бес күн мерзімде өзінің шешімі туралы сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті.
      Сот орындаушысы борышкердің мүлкін өндіріп алушыға беру туралы қаулы шығарады. Борышкердің мүлкін өндіріп алушыға беру қабылдау-өткізу актісімен ресімделеді. Мүлікті беру туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей атқарушылық іс жүргізу тараптарына жіберіледі.
      5. Өндіріп алушы аталған мүлікті алудан бас тартқан жағдайда (сонымен бірге өндіріп алушыдан жауап болмағанда) ол борышкерге қайтарылады.
      6. Осы баптың 4-тармағына сәйкес борышкердің өндіріп алушыға берілген мүлкінің құны мүлікті қайта бағалау кезінде айқындалған баға бойынша атқарушылық құжатты орындау есебіне жазылады, бұл туралы сот орындаушысы атқарушылық құжатқа тиісті белгі қояды.
      7. Сауда ұйымдарының тауарларды өткізуден алған сомасы үш күн мерзімде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына сақтауға тапсырылады.

2-параграф. Аукцион өткізудің ерекшеліктері

      79-бап. Алдағы аукцион туралы хабарлау

      1. Борышкердiң мүлкi аукционда өткізілетін жағдайда сот орындаушысы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын, ресми хабарларды жариялауға құқығы бар мерзiмдi баспасөз басылымдарында аукцион өткiзiлерден он күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде алдағы аукцион туралы хабарлайды. Кепiлге қойылған мүлiктiң аукцион нысанындағы сауда-саттықта сатылатын уақыты мен орны туралы сот орындаушысы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
      2. Борышкердiң мүлкi аукционда өткізілетін жағдайда сот орындаушысы мүліктің тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды.
      3. Атқарушылық іс жүргізу тараптары хабарландырудың мазмұнын сот орындаушысымен алдын ала келісіп, аукцион өткізу туралы хабарландыруды басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында өз есебінен жариялауға құқылы.

      80-бап. Аукцион өткізудің жалпы шарттары

      1. Аукционға қатысуға тілек білдіруші адамдар аукционға қатысуға өтінім және олардың қатысуына бөгет жоқ екендігіне қолхат беруге, аумақтық органың қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына мүліктің бастапқы құнын бағалаудың бес пайызы мөлшерінде кепілақы енгізуге міндетті. Аукционды ұйымдастырушының не жеке сот орындаушысының аукционға қатысуға өтінімдер қабылдауы аукцион басталардан бір тәулік бұрын аяқталады.
      Аукционда ұтқан адам енгізген сома сатып алу бағасының шотына есептеледі. Аукционның қалған қатысушыларына олар енгізген кепілақы аукцион аяқталғаннан кейін бес күн ішінде қайтарылады.
      2. Аукционға сот орындаушылары мен осы атқарушылық іс жүргізу бойынша шешім шығарған судьялар, тыйым салынған мүлікті бағалаған бағалаушы, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), борышкер және мүлікке тізімдеме жасау мен тыйым салу кезінде қатысқан адамдар қатыса алмайды.

      81-бап. Аукцион өткiзудің тәртiбi

      1. Аукцион басталар алдында қатысушылар аукционды ұйымдастырушыға немесе жеке сот орындаушысына жеке адам үшін жеке басын куәландыратын құжаттарды не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы және өкілдің сенімхатын ұсынады. Бұл құжаттардың көшірмелері атқарушылық іс жүргізу материалдарына тігіліп қойылады.
      2. Аукцион басталарда аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы сатылатын мүліктің атауын, бастапқы бағасын және мүліктің бастапқы құнының бір пайызынан кем болмайтын бағаның өзгеру адымын жариялайды.
      Бұдан кейін аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционға қатысушылардан мүліктің бастапқы бағасына қарағанда көп құнды төлеуге кімнің дайын екендігін айқындайды.
      3. Аукцион тыйым салу туралы актіде көрсетілген мүліктің бағалау құнынан басталады. Сатып алу бағасын ұлғайту қатысушының оған берілген тіркеу нөмірі бар карточканы көтеруі арқылы жүзеге асырылады.
      4. Мүліктің құнын өсіргеннен кейін аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы мүлік құнының өскені туралы хабарлайды және аукционды өткізу туралы хаттамаға бағаны көтерген қатысушының деректерін көрсете отырып, тиісті жазба енгізеді.
      5. Қатысушылардың бірі ұсынған және аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы үш рет қатарынан жариялаған соңғы баға бойынша аукционның нысанасы сатылған болып есептеледі. Аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы бағаны үш рет қатарынан жариялағаннан кейін аукционға басқа қатысушылардан оны көтеруге ұсыныстар түспесе, ең жоғары баға ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.
      6. Мүлік аукционда ең жоғары бағаны ұсынған адамға сатылған болып есептеледі. Сатып алушы аукцион аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде аукцион басталар алдында енгізілген кепілақыны есепке жаза отырып, өзі сатып алған мүлік үшін толық соманы енгізуге міндетті. Сатып алушы белгіленген мерзімде өзінен алынатын тиісті бүкіл соманы енгізбеген жағдайда оған аукцион басталар алдында енгізілген кепілақы қайтарылмайды және ол мемлекет кірісіне түседі. Егер сатып алушының аукционға қатысуға құқығы болмағаны белгілі болған жағдайда да кепілақы мемлекет кірісіне түседі.
      7. Егер аукционда мүлікті сатып алушы осы баптың 6-тармағында аталған мерзім ішінде сатып алу бағасын енгізбесе, аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционның екінші қатысушысына мүлікті өзінің аукционда жариялаған бағасы бойынша сатып алуға арыз беру құқығы туралы хабарлайды. Аукционға екінші қатысушы мұндай арызды хабарламаны алған күннен бастап бес күн ішінде аукционды ұйымдастырушыға немесе жеке сот орындаушысына беруге құқылы. Аукционға екінші қатысушы аукционды ұйымдастырушының немесе жеке сот орындаушысының хабарламасын алғаннан кейін бес күн ішінде сатып алу бағасын енгізеді.
      8. Егер сатылған мүліктен түскен түсім өндіріп алушының талаптарын қанағаттандыруға, мәжбүрлеп орындату, атқару санкциясы жөніндегі шығыстарды төлеуге және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуге жеткілікті сомаға жететін болса, аукционды ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционды тоқтатады.
      Ескерту. 81-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      82-бап. Аукцион нәтижелерін бекіту

      1. Сот орындаушысы мынадай мәліметтерді:
      1) аукционның күнін және орнын;
      2) жеке сот орындаушысы үшін атқару округін көрсете отырып, аукцион өткізудің хаттамасын жасаған сот орындаушысының тегін, атын, және әкесінің атын;
      3) олардың негізінде мүлікке тыйым салынған атқарушылық құжатты және мүлікке тізімдеме жасау мен тыйым салу хаттамасын;
      4) борышкердің тегін және тұрғылықты жерін немесе қажеттілігіне қарай атауы мен тұрған жерін;
      5) өкілдерінің өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсете отырып, аукционға қатысушылардың тектерін, аттарын және тұрғылықты жерлерін немесе қажеттілігіне қарай атаулары мен тұрған жерлерін;
      6) мүліктің бастапқы бағасын;
      7) әрбір қатысушы ұсынатын соманы;
      8) аукционнан сатылған мүліктің сипаттамасын және оның сатып алушы ұсынған сатылу бағасын;
      9) аукционды ұйымдастырушының, сот орындаушысының, мүлікті сатып алушының, сатып алушыдан кейін екінші бағаны ұсынған аукционға қатысушының, сондай-ақ егер олар қатысқан болса, өндіріп алушы мен борышкердің қойылған қолдарын қамтитын аукционның өткізілу хаттамасын жасайды.
      2. Аукционның өткізілу хаттамасының бір данасы сатып алынған мүліктің құны төленгеннен кейін сатып алушыға тапсырылады, хаттаманың екінші данасы атқарушылық құжат іс жүргізуінде болған сот орындаушысында қалады.

      83-бап. Аукцион нәтижелері бойынша меншік иесі
              құқығының борышкердің мүлкіне ауысуы

      Аукцион нәтижелері бойынша сатып алған мүліктің құнын төлегеннен кейін аукциондағы мүлікті сатып алушымен сатып алу-сату шарты жасалады.
      Аталған шарт сатып алушының алған мүлкіне оның меншік құқығын (меншік құқығының ауысуын) мемлекеттік органдарда тіркеу үшін негіз болып табылады.

      84-бап. Аукционды өткiзiлмеді деп жариялау

      1. Сот орындаушысы, егер:
      1) аукционға келген сатып алушы екеу болса;
      2) келген сатып алушылардың ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
      3) сатып алушы белгіленген мерзімде мүліктің толық сатып алу құнын енгізбесе, ал аукционның ең жоғары сатып алу бағасын ұсынған екінші қатысушысы өзінің мүлікті сатып алу құқығын пайдаланбаса;
      4) аукционның екінші қатысушысы осы Заңның 81-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда өзі жариялаған сатып алу бағасын он күн мерзімде енгізбесе, аукцион өткiзiлмеді деп жариялайды.
      Сот орындаушысы аукционды өткiзiлмеді деп тану туралы қаулы шығарады.
      2. Егер аукцион өткiзiлмесе, осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, кепiлақы оны салған адамдарға қайтарылады.

      85-бап. Аукционды өткiзiлмеді деп жариялау салдары

      1. Аукцион өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға бастапқы бағасы жиырма пайызға төмендетiлген бағамен мүлiктi өзiнде қалдыру құқығы берiледi.
      2. Аукцион өткiзiлмедi деп танылған және өндiрiп алушы мүлiктi өзiнде қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы осы Заңда белгiленген қағидаларды сақтай отырып, алғашқы аукционды өткізген күннен бастап бір айдан кешіктірмей қайтадан аукцион өткiзудi тағайындайды. Бұл ретте қайтадан аукцион өткізу үшін белгiленген баға қатысушылардың бipeуi аукционға шығарылған мүлiк құнының алғашқы бағасының елу пайызынан төмен болмауға тиiс жарияланған бағамен мүлiктi сатып алуға келiскен кезге дейiн жарияланған адыммен төмендетiле бередi.
      3. Қайталанған аукцион өткізілмеді деп жарияланған жағдайда мүлік өндіріп алушыға соңғы жарияланған бағамен ұсынылады. Өндіріп алушы мүлікті қабылдаудан бас тартқан кезде ол сауда-саттықтан алып тасталып, борышкерге қайтарылады, бұл ретте осы Заңның 47-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін ғана мұндай мүлікке тыйым салу алып тасталады.
      Ескерту. 85-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-параграф. Дебиторлық берешектен өндіріп алудың
ерекшеліктері және мүліктік құқықтар

      86-бап. Дебиторлық берешектен өндіріп алу

      1. Дебиторлық берешектен өндіріп алу борышкердің осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалатын берешек мөлшерінде, бірақ өндіріп алынатын күнгі дебиторлық берешек көлемінен аспайтындай және сол шарттармен дебиторлық берешекті алу құқығының өндіріп алушыға ауысуынан тұрады.
      2. Дебиторлық берешектен өндіріп алу:
      1) өндіріп алушының келісімі болған кезде - дебитордың дебиторлық берешекті аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізуі (аударуы) арқылы;
      2) өндіріп алушының келісімі болмаған немесе дебитор дебиторлық берешекті аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізбеген (аудармаған) кезде - дебиторлық берешекті сауда-саттық арқылы сату жолымен жүргізіледі.
      3. Дебиторлық берешектен:
      1) оны өндіріп алу үшін талап қою мерзімі өтіп кеткен;
      2) дебитор Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы шарт жасаспаған шет мемлекетте тұратын;
      3) дебитор таратылу процесінде тұрған;
      4) дебитор заңды тұлға ретінде өз қызметін тоқтатқан және заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен шығарып тасталған;
      5) дебиторға қатысты банкроттық рәсімі енгізілген жағдайларда өндіріп алынбайды.
      4. Дебиторлық берешектен өндіріп алу үшін сот орындаушысы дебиторлық берешектің болуын растайтын құжаттарды қоса беріп, сотқа ұсыныс жібереді.
      Сот орындаушысы соттың дебиторлық берешектен өндіріп алу туралы ұйғарымын алған күннен бастап бір күннен кешіктірмей, тиісті қаулы шығарады, онда дебитордың ақшаны аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізу (аудару) тәртібі көрсетіледі. Аталған қаулы сот ұйғарымының көшірмесі қоса беріліп, дебиторға және атқарушылық іс жүргізу тараптарына жіберіледі.
      5. Сот ұйғарымының негізінде шығарылған сот орындаушысының қаулысы дебиторды қаулыда аталған аумақтық органның қолма қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына ақша енгізу (аудару) арқылы тиісті міндеттемені орындауға міндеттейді, сондай-ақ борышкерге оның негізінде дебиторлық берешек туындаған құқықтық қатынастарды өзгертуге тыйым салады.
      6. Дебитор дебиторлық берешектен өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын алған күннен бастап дебитордың тиісті міндеттемені орындауы қаулыда көрсетілген аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына ақшаны енгізу (аудару) арқылы жүзеге асырылады. Дебитордың міндеттемені бұлай орындауы кредиторға тиісті орындау болып есептеледі. Дебитордың борышкерге қатысты құқықтары бұл ретте өзгермейді.
      7. Дебитор сот орындаушысына және борышкерге аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына ақша енгізгені (аударғаны) туралы дереу хабарлауға міндетті.

      87-бап. Заңды тұлғалардың және заңды тұлға құрмай
              кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке адамдардың
              дебиторлық берешегін анықтау

      1. Заңды тұлғалардың және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке адамдардың дебиторлық берешегін анықтау үшін сот орындаушысы заңды тұлғалардан және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан қажетті бухгалтерлік құжаттаманы талап етуге құқылы.
      2. Сот орындаушысы борышкердің дебиторлық берешегі туралы ақпарат алу үшін салық органдарына жүгінуге құқылы.
      3. Салық органдары, заңды тұлғалар және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдар сот орындаушысына үш күн мерзімде қажетті құжаттар мен ақпаратты беруге міндетті.
      4. Дебиторлық берешекті анықтауды маман жүргізуі мүмкін. Маманның қызметіне төленетін шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау кезінде жұмсалатын шығыстарға қосылады.
      5. Осы Заңның 98-бабында көрсетілген сомаларды төлеу туралы талаптардан өндіріп алуға болмайды.

      88-бап. Ақшалай талаптарды өндіріп алу туралы қағидаларды
              алып тастау немесе шектеу туралы келісімдер

      1. Осы Заңның 87-бабында белгіленген қағидаларды борышкер мен өндіріп алушының арасындағы келісім бойынша алып тастауға немесе шектеуге болмайды.
      2. Ақшалай талаптан, тіпті егер атқарушылық іс жүргізудегі борышкер мен азаматтық-құқықтық міндеттемесіне байланысты оған ақшаны төлеуге міндетті адам (борышкердің дебиторы) арасында бұл талапқа тыйым салу немесе басқаға беруді шектеу туралы келісім болса да, өндіріп алынуы мүмкін.
      Аталған қағида атқарушылық іс жүргізудегі борышкерді шығын үшін өзінің контрагентінің алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

      89-бап. Ақшалай талаптарға тыйым салу тәртібі

      1. Ақшалай талапқа тыйым салу кезінде сот орындаушысы борышкердің дебиторына және борышкерге тыйым салу туралы хабарлайды және борышкердің дебиторына борышкерге төлеуге, ал борышкерге – талапқа және оны қамтамасыз ететін кепiлзатқа билік етуге, сондай-ақ осы Заңда өзгеше белгіленбесе, талаптар бойынша төлем қабылдауға тыйым салады.
      Сот орындаушысы жіберетін тыйым салу туралы қаулыны борышкер дебиторы алған кезден бастап, тыйым салынған болып танылады.
      2. Егер міндеттемені орындау үшін төлем үшінші бір адамға жүктелсе, онда тыйым салу туралы қаулы осы адамға да жіберіледі.
      Борышкер дебиторы сот орындаушысының тыйым салу және борышкерге төлеуге тыйым салу туралы қаулысын алған кезден бастап, тыйым салынған болып есептеледі.

      90-бап. Ақшалай талапқа тыйым салу кезіндегі өндіріп
              алушы құқықтарының көлемі

      Сот орындаушысы өндіріп алушының және борышкердің келісімімен борышкердің дебиторын өндіріп алушының алдындағы міндеттемені атқарушылық құжатта көрсетілген сома шегінде орындауға міндеттеуге құқылы. Бұл ретте борышкердің көрсетілген шектегі борышкер дебиторы алдындағы құқықтары өндіріп алушыға ауысады.

      91-бап. Дебитордың ақпарат беру жөніндегі міндеті

      1. Сот орындаушысы ақшалай талаптарға тыйым салынған кезде өндіріп алушының талап етуі бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша қаулыда борышкердің дебиторына тыйым салынған талаптардың сипаты мен мазмұны туралы ақпарат беруді ұсына алады.
      Борышкердің дебиторы қаулыны алған кезден бастап үш күн ішінде сот орындаушысына жазбаша жауап беруге міндетті. Борышкердің дебиторының ақпарат беру жөніндегі шығыстарын борышкер өтейді.
      2. Борышкердің дебиторы ақпарат беруден бас тартуы, көрінеу дұрыс емес немесе толық емес ақпарат беруі салдарынан оған келтірілген шығын үшін өндіріп алушының алдында жауап береді. Тыйым салу немесе ақпаратты сұрату туралы қаулыда борышкер дебиторының жауапкершілікте болуы туралы ескертіледі.
      3. Сот орындаушысы борышкердің дебиторынан алынған ақпарат туралы өндіріп алушыға хабарлауға міндетті.
      4. Сот орындаушысы алынған ақпаратты ескере отырып, борышкердің дебиторына тыйым салынған талаптар бойынша төлем туралы қаулыны жібереді.

      92-бап. Борышкердің борышкер - үшінші адам алдындағы өз
              міндеттемесін орындауын қамтамасыз етуі

      1. Егер борышкер дебиторының міндеттемені орындауы оған затты берумен байланысты болса, ал зат борышкерде болатын болса, онда соңғысы сот орындаушысы мен өндіріп алушының талап етуі бойынша оны борышкердің дебиторына өткізу үшін затты беруге міндетті.
      2. Егер борышкердің затты борышкер дебиторының міндеттемесін орындауына айырбасқа беру міндеті болуын растайтын сот шешімі болса не мұндай міндеттің болуын мүдделі тұлғалар дәлелдеген болса, өндіріп алушы борышкерден бұл затты алып қою туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы. Өндіріп алушының немесе уәкілетті адамның талаптарын қанағаттандыру туралы мәселені борышкердің қатысуымен сот шешеді.

9-тарау. БОРЫШКЕРДІҢ АҚШАСЫНАН ӨНДІРІП АЛУ

1-параграф. Борышкердің ақшасынан және өзге де
табыс түрлерінен өндіріп алу

      93-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де
              табыс түрлерiнен өндiрiп алу

      1. Мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы шешімдерді орындау кезінде, ең төмен жалақы мөлшерінен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ басқа да өндіріп алулар бойынша өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін борышкердің мүлкі болмаған немесе мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда борышкердің жалақысы мен өзге де табыс түрлерінен өндіріліп алынады.
      2. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған немесе сыйақы алатын жұмыс берушiге жiбередi.
      3. Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi бұл жөнiнде сот орындаушысына үш күн мерзімде хабарлама жiберуге міндетті.

      94-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс
              түрлерiнен ұстап қалу мөлшерiн есептеу

      Ұстап қалу мөлшерi борышкердiң алуға тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептеледi.

      95-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де
              табыс түрлерiнен ұстап қалу мөлшерi

      1. Бiр немесе бiрнеше атқарушылық құжаттар бойынша борышкердiң жалақысынан немесе өзге де табыс түрлерiнен өндiрiлiп алынған жағдайда борышкер жалақысының немесе өзге де табысының кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс.
      2. Алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 95-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      96-бап. Жазасын өтеп жүрген борышкердiң жалақысынан
              өндiрiп алу

      1. Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу соттың үкiмi немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
      2. Емдеу-профилактикалық денсаулық сақтау мекемелерінде емделiп жатқан, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      3. Сотталушы негiзгi жаза түрiнде тағайындалған айыппұл төлеуден қасақана жалтарса, сот орындаушысы үкiм шығарған сотқа төленбеген айыппұл сомасын Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына сәйкес басқа жазаға ауыстыру туралы ұсыныс жiберуге құқылы.

      97-бап. Әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыдан
              өндiрiп алу

      Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыдан, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақыдан өндiрiп алу соттың алимент төлету туралы және жарақат алудан немесе денсаулығын өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

      98-бап. Өндiрiп алуға болмайтын ақша сомасы

      Мыналардан:
      1) жарақат алудан немесе денсаулығын өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
      2) асыраушысынан айрылуына байланысты балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
      3) мүгедек балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
      4) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен бiржолғы жәрдемақылардан;
      5) бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылардан, кәмелетке толмаған балаларды асырауға берілетін жәрдемақылардан, сондай-ақ зейнеткерлер мен I топтағы мүгедектерге төленетін жәрдемақылардан;
      6) жарақат алудан не денсаулығын өзгедей зақымдаудан залал келтiрiлген жағдайларда жәбiрленушiлердiң қосымша тағамына, санаторий-курорттық емдеу мен протездеуге және оларды күтiп-бағу жөнiндегi шығыстарға төленетiн сомалардан;
      7) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомаларынан;
      8) төлем көзiне қарамастан, бiржолғы сипаттағы материалдық көмектен;
      9) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
      10) арнайы мемлекеттiк жәрдемақылардан;
      11) жүкті болуы мен бала тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты, баланы бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға байланысты табысын жоғалтқан жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерден;
      12) кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерден;
      13) жинақтаушы зейнетақы қорының, кастодиан-банктің және зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның салымшысының, алушысының қарыздары бойынша зейнетақы активтерінен және зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуға болмайды.
      Ескерту. 98-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-параграф. Алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық
құжаттарды орындау ерекшеліктері

      99-бап. Борышкердің жалақысы болмаған жағдайда алимент
              өндiрiп алу тәртiбi

      1. Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы қатарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаған жағдайда олар борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алынады, бұған осы Заңның 61-бабына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлiк кiрмейдi.
      Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
      2. Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алушының таңдауы бойынша борышкердiң өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде алған не оның берешегi айқындалған кезде алған нақты жалақысын (табысын) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
      3. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де табысын растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде тұрған өңірдегі (облыстағы, астанадағы немесе республикалық маңызы бар қаладағы) орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.
      4. Борышкердiң алимент бойынша берешегi оны төлеуден жалтару салдарынан құралған жағдайда берешек сомасына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыпақы есептеледi.

      100-бап. Борышкердiң жұмыс орны мен табысы туралы
               мәлiметтер

      Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын азаматтар және ұйымдардың лауазымды адамдары сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алынған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дәйекті мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.

      101-бап. Алимент төлемдері бойынша берешектi
               өндiрiп алу тәртiбi

      1. Барлық алимент төлемдері бойынша берешекті өндiрiп алу алимент төлеушiнiң жалақысынан және басқа да табыстарынан жүргізіледі.
      2. Сот орындаушысының берешектi айқындау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

      102-бап. Жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын бақылау

      Сот орындаушысы борышкердің жалақысы мен басқа табыстарынан ұстап қалу мен ұсталған сомаларды өндіріп алушыға жіберудің дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін жүйелі түрде:
      1) тоқсанына бір рет;
      2) өндіріп алушының (заңды өкілінің) өтініші бойынша кез келген уақытта бақылап отыруды жүзеге асырады.

      103-бап. Борышкер шетелге тұрғылықты тұруға немесе
               жұмысқа және әскери қызметтi өткеруге кеткен
               жағдайда алиментті өндіріп алу

      Борышкер шетелге тұрғылықты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өткеруге кеткен жағдайда алименттерді өндіріп алу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен және халықаралық шарттармен айқындалады.

10-тарау. МҮЛІКТІК ЕМЕС СИПАТТАҒЫ АТҚАРУШЫЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫ
ОРЫНДАУ

      104-бап. Борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға немесе
               оларды жасаудан тартынуға міндеттейтін
               атқарушылық құжаттарды орындау тәртібі мен
               орындамаудың салдары

      1. Борышкердi тек өзi ғана жасай алатын әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқарушылық құжатты орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай әрекет жасау туралы хабарлама немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi.
      2. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкерден мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан бес айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.
      3. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда және егер борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау үшін борышкердің қатысуы міндетті болмаса және бұл әрекеттерді өндіріп алушы жасай алатын болса, сот орындаушысы осы Заңмен өзіне берілген құқықтарға сәйкес өндіріп алушының атқарушылық құжатты орындауын ұйымдастырады.

      105-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық
               құжатты орындау тәртібі мен орындамаудың салдары

      1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi бүкіл уақыт үшін жалақысының айырмасын төлеу туралы, сондай-ақ ұйым басшысынан (жұмыс берушіден) мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан бес айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы қаулы шығару жөнiндегі ұсыныспен сотқа жүгінеді.
      2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы жұмыс беруші жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзінің заңсыз актісінің күшін жою туралы акт шығарғаннан кейiн жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде кіріскен сәттен бастап аяқталған болып есептеледi.

      106-бап. Борышкердi үйден шығару туралы
               атқарушылық құжатты орындау

      1. Борышкердi үйден шығару туралы атқарушылық құжат сот орындаушысы белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда қоныс аударту куәгерлердiң қатысуымен мәжбүрлеп жүзеге асырылады.
      2. Сот орындаушысы борышкердi үйден шығару уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Үйден шығару уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқарушылық құжатты орындауға кедергi болып табылмайды.
      Үйден шығару атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайды қоныс аударушыдан (аударушылардан), оның (олардың) мүлiктерiнен, үй жануарларынан босатудан және қоныс аударушының (аударушылардың) босатылған үй-жайды пайдалануына тыйым салудан тұрады.
      3. Үйден шығаруды жүргізу кезiнде босатылатын үй-жайдан шығарылатын мүлiктiң тiзiмдемесi жасалады және қажет болған жағдайларда шыққан шығыс борышкерге жүктелiп, оны сақтау қамтамасыз етiледi. Борышкердiң мүлкiн сақтау екі айдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылады, ол аяқталған соң аталған мүлiк осы Заңда белгiленген тәртiппен сатылады.
      4. Борышкердің мүлкін сатудан түскен және атқару санкциясын орындау жөнiндегi шығыстар өтелгеннен және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төленгеннен кейін қалған ақша борышкерге қайтарылады. Борышкер талап етпеген ақша аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотында немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотында сақталады. Үш жыл өткеннен кейін аталған ақша республикалық бюджетке аударылады.
      5. Мүлік сатылмаған жағдайда ол куәгерлердің қатысуымен жойылуға жатады. Сот орындаушысы мүлікті жою туралы акт толтырып, оған өзі және куәгерлер қол қояды. Мемлекеттік сот орындаушысы жасаған актіні аумақтық орган басшысы бекітуге тиіс.

      107-бап. Өндiрiп алушыны қоныстандыру туралы атқарушылық
               құжатты орындау

      1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыны атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайға қоныстандыруды қамтамасыз етедi.
      Сот орындаушысы өндiрiп алушыны және борышкердi қоныстандыру уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныстандыру уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқарушылық құжаттың орындалуына кедергi болып табылмайды.
      2. Өндiрiп алушыны қоныстандыру актiмен ресiмделедi және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi.

11-тарау. ӨНДIРIП АЛЫНҒАН АҚША СОМАЛАРЫН ӨНДІРІП
АЛУШЫЛАР АРАСЫНДА БӨЛУ

      108-бап. Өндiрiп алынған ақша сомасын бөлу

      1. Мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледі, содан соң орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға түседі.
      Жеке сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар бойынша сомалар өтеледі, содан соң жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар және орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға түседі.
      Барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.
      2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептейді, содан кейiн олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен беріледi немесе аударылады.

      109-бап. Өндiрiп алуға қосылу

      Өндiрiп алуды жүргiзу кезiнде басқа iстер бойынша атқарушылық құжаттары бар адамдар өндiрiп алуға қосыла алады.

      110-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын
               қанағаттандыру кезектілігі

      1. Атқарушылық құжаттар бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезектілік тәртiбiмен бөлiнедi.
      2. Әрбiр келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бiр кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбiр өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.

      111-бап. Бiрiншi кезекте өндiрiп алу

      Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу бойынша талаптар; жарақат алудан немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.

      112-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу

      1. Екiншi кезекте патенттер берiлген туындыны, өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдаланғаны үшiн авторларға тиесiлi сыйақы төлеу туралы талаптар; азаматтардың мүлкiне қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген залалды өтеу жөнiндегi талаптары қанағаттандырылады.
      2. Үшінші кезекте сыйақыны (мүддені), орындау мерзімін өткізіп алудан келтірілген залалды өтеуді, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды), кепілге қойылған мүлікті ұстау бойынша қажетті шығындарды, сондай-ақ өндіріп алу бойынша кепіл ұстаушының шығыстарын өтеуді қоса алғанда, кредиторлардың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша талаптары қанағаттандырылады.
      3. Төртiншi кезекте салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөнiндегi талаптар; заңды тұлғалардың қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген залалды өтеу жөнiндегi талаптары қанағаттандырылады.
      4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.

12-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ ШЫҒЫСТАР
ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӨТЕУ ТӘРТІБІ

1-параграф. Жалпы ережелер

      113-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар

      1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды жүргізуге жұмсалған бюджет қаражаттары, атқарушылық iс жүргiзуге тараптардың, сот орындаушысы орындау процесіне тартқан өзге де адамдар мен ұйымдардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстар болып табылады.
      2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға:
      1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
      2) борышкер мүлкiне тізімдеме жасауды және тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауға;
      3) тыйым салынған мүлiктi өткізуді ұйымдастыруға;
      4) белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған аудармашыларға, мамандарға және басқа да адамдарға ақы төлеуге;
      5) өндiрiп алынған сомаларды өндiрiп алушыға почта арқылы аударуға (жiберуге);
      6) өндiрiп алынған соманы қолма-қол ақшаны бақылау шотынан және ағымдағы шоттан беруге байланысты банк шығыстарына;
      7) борышкерге iздеу салуға;
      8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
      9) атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде сот орындаушысының қалалық, қала маңындағы және жергiлiктi қатынастағы (таксиден басқа) қоғамдық көлiктiң барлық түрлерiнде жол жүруіне, оның ішінде жеке сот орындаушысының іссапар шығыстарын төлеуге;
      10) атқарушылық құжатты орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге;
      11) сот орындаушысы орындау процесіне тартқан адамдардың өзге де сыйақыларына жұмсалған қаражаттар жатады.

      114-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi
               шығыстарды өтеу тәртiбi

      1. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар борышкерден осы шығын шеккен адамдардың немесе ұйымдардың пайдасына өндіріп алынады.
      2. Оның негізінде атқарушылық құжат берілген актінің күшін жоюға байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
      Бюджет қаражаты есебінен келтірілген, атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
      3. Өндіріп алушыға борышкерден алынған заттарды беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде өндіріп алушының оларды алудан негізсіз бас тартуына байланысты атқару ісін тоқтатқан кезде, егер ол өзінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен орындауға кедергі жасаса, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтару кезінде атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар өндіріп алушыдан өндіріп алынады.
      4. Атқарушылық әрекеттер жасау кезінде шығыстарды өндіріп алу және оларды шығын шеккен органға немесе адамға өтеу аумақтық бөлімнің басшысы бекіткен мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы немесе жеке сот орындаушысының қаулысы және шыққан шығындарды растайтын құжаттардың негізінде жүргізіледі.
      5. Борышкер атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысына дау келтіру туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның көлемін азайту немесе өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      115-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi

      Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөнiндегi шығыстарға жатқызылатын аванс жарнасын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына төлеуге құқылы.

2-параграф. Жеке сот орындаушылары үшін шығыстарды
айқындау және өтеу тәртібі

      116-бап. Жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды
               орындау жөніндегі қызметін қаржыландыру

      1. Жеке сот орындаушысы өз қызметін дербес қаржыландырады.
      2. Жеке сот орындаушысы өзінің іс-әрекеті үшін төлем ретінде алынған ақшадан кеңсені сатып алу (жалдау), оны ұстау, жабдықтау, жөндеу және күзету, жұмыс орындарын құру және қызметкерлерге жалақы төлеу жөніндегі, кеңсе жұмысы үшін қажетті жабдықтар сатып алу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу, кеңсе мұрағатының сақталуын қамтамасыз ету, Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасын және жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасын ұстау, жеке атқарушылық қызметті дамытудың нысаналы бағдарламаларына арналған міндетті төлемдерді жүргізеді, сондай-ақ өз қызметін ұйымдастырушылық-шаруашылық жағынан, көлікпен және техникалық қамтамасыз етуге байланысты басқа да шығыстарды өтейді. Қалған қаражат жеке сот орындаушысының билігінде қалады және оның қалауы бойынша жұмсалады.
      3. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуде оның қызметін өзін-өзі қаржыландыру қажеттігі ескерілуі тиіс.

      117-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу

      1. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу борышкерден өндіріп алынған қаражат есебінен жүргізіледі және жасалған атқарушылық әрекеттердің сипатына байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тарифтер бойынша төленетін сомадан және атқарушылық құжатты толық немесе ішінара орындаған жағдайда атқарушылық іс жүргізудің аяқталуы бойынша төленетін сомадан қалыптасады.
      2. Өндіріп алушылар – жеке және заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктер бұл адамдарға міндетті мемлекеттік тарифтеуге жататын атқарушылық әрекеттер жасау кезінде қолданылады.

      118-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу
               мөлшерін айқындау қағидалары

      1. Жеке сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасағаны үшін тарифтер мөлшері айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.
      2. Атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін төленетін жеке сот орындаушысының қызметі үшін ақы төлеу сомасы өндіріп алынған соманың немесе мүлік құнының он пайызы немесе мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.
      Бұл сома атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана төленеді. Егер ақшалай сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысы өндіріп алынған сомаға барабар сыйақы бөлігін ғана өндіріп алады.
      3. Атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін ақы сомасы атқарушылық құжатты ерікті түрде орындаған жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеудің осы баптың 2-тармағында белгіленген толық сомасының отыз пайызын құрайды.
      4. Жеке сот орындаушысы өзінің көрсеткен қызметтеріне төлемді осы Заңда және оның негізінде шығарылған нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мөлшерде және тәртіппен ғана алуға құқылы. Жеке сот орындаушысына өз қызметіне белгіленген төлем сомасының мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.
      5. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу тарифтерін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен келісілген уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      119-бап. Жеке сот орындаушысының шығыстарына аванс беру

      1. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін белгіленген тарифтерге сәйкес айқындалған қажетті соманы енгізуге міндетті. Атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезде жеке сот орындаушысы өндіріп алушы үшін осы соманы енгізудің кешірек мерзімін тағайындай алады.
      Егер жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған болса және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы алдын ала енгізу үшін кешірек мерзімді белгілесе, онда оны белгіленген мерзімде енгізбеген жағдайда ол атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұруына болады.
      Егер атқарушылық іс жүргізу барысында ағымдағы шотқа енгізілген қаражат атқарушылық әрекеттерді одан әрі жүргізу үшін жеткіліксіз болып шықса, онда өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша ағымдағы шотқа қосымша соманы енгізуге міндетті.
      2. Атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті аванстық соманы енгізуден мына өндіріп алушылар:
      1) іс бойынша адамға заң көмегі тегін берілген немесе ол «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылған, сот шешімі негізінде берілген атқарушылық құжатты орындауға өкілдік берілген жеке адамдар;
      2) қылмыс салдарынан келтірілген зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылған, қылмыстық сот ісін жүргізудегі шығарылған шешім бойынша берілген атқарушылық құжатты орындауға өкілдік берілген жеке адамдар;
      3) алименттерді өндіріп алу туралы сот актілері негізінде берілген атқарушылық құжаттар бойынша босатылады.
      3. Жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін алдын ала енгізілген соманы, егер ол борышкерден өндіріп алынған болса, өндіріп алушыға қайтарады.

      120-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу
               сомасын борышкерден өндіріп алу тәртібі

      1. Жеке сот орындаушысы өзі жасаған атқарушылық әрекеттерге ақы төлеу үшін соманы және атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін төленетін соманы, сондай-ақ енгізілген және өндіріп алушыға қайтарылуға тиісті соманы бекіту туралы қаулы шығарады және оны борышкер мен өндіріп алушыға жібереді. Қаулыға он күн мерзімде сотқа шағым берілуі мүмкін.
      2. Атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуға қойылғаннан кейін оны ерікті түрде орындау борышкерді орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
      3. Борышкердің атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысының қатысынсыз орындауы оны орындау жөніндегі нақты келтірілген шығыстарды төлеуден және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатпайды.
      Егер борышкер аталған қаулыдағы жүргізілген есептерге сәйкес соманы ерікті түрде төлемеген жағдайда жеке сот орындаушысы берешекті борышкерден сот тәртібімен өндіріп алады.

      121-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу
               сомасын қайтару

      Жеке сот орындаушысының өндіріп алу немесе қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау кезіндегі әрекеттерін сот заңсыз деп таныған жағдайда жеке сот орындаушысы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он күн ішінде негізсіз алынған соманы өндіріп алынған немесе төлеген адамға қайтарады.

3-параграф. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты
және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты

      122-бап. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты
               және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты

      1. Борышкерлерден өндіріп алынған соманы және мүдделі адамдарға арналған басқа да сомаларды, оның ішінде орындау бойынша шығыстарды өтеу жөніндегі аванстық сомаларды уақытша сақтау үшін:
      1) аумақтық орган бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ұлттық және шетелдік валютада қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарын ашады;
      2) жеке сот орындаушысының ұлттық және шетелдік валютадағы ағымдағы шоты болуы тиіс.
      2. Жеке сот орындаушылары ағымдағы шоттарын ашатын банктердің тізбесін аумақтық орган жеке сот орындаушыларының алқасымен бірлесе отырып айқындайды.
      Банктер жеке сот орындаушысының рұқсатынсыз ағымдағы шоттардағы қаражаттармен қандай да бір операциялар жүргізуге құқылы емес.
      3. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы және ағымдағы шоттардағы ақша аумақтық органның қаражаттары және жеке сот орындаушысының табысы болып табылмайды. Жеке сот орындаушысы қайтыс болған жағдайда ағымдағы шоттағы ақша мұралық массаға енгізілмейді.
      4. Жеке сот орындаушысы кеңсені ұстау, кеңсе қызметкерлеріне жалақы төлеу және ағымдағы шотта қамтылмаған басқа да операциялар бойынша есептерді жүргізу үшін банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда өз атына шот ашуға тиіс.

      123-бап. Қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау
               шоттарында және ағымдағы шотта сомаларды есепке
               алу

      1. Аумақтық орган қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарындағы ұлттық және шетелдік валютадағы сомаларды есепке алуды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Жеке сот орындаушысы ағымдағы шоттағы сомаларды есепке алу кітабын (бұдан әрі – депозиттік кітап) жүргізеді.
      Депозиттік кітапты жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

13-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ САНКЦИЯСЫ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШIН
ЖАУАПТЫЛЫҚ

      124-бап. Атқарушылық санкциясы

      1. Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
      Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
      Атқарушылық санкциясы, егер:
      1) борышкер атқарушылық құжатты сот орындаушысының оған осы Заңның 37-бабының 4-тармағына сәйкес белгілеген мерзімде толық мөлшерде орындаса;
      2) атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
      3) борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
      2. Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
      3. Борышкер атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын дауға салу туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның мөлшерін азайту немесе атқарушылық санкциясын өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      125-бап. Борышкердiң атқарушылық құжаттарды орындамағаны
               үшiн жауапкершiлiгi

      1. Борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
      2. Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.

3-БӨЛІМ. СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

14-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІНІҢ НЕГІЗДЕРІ

      126-бап. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер
               жасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
      1) орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
      2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға (жеке сот орындаушысын қоспағанда);
      3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш күннен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi;
      4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынатын атқарушылық құжаттар түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген басқа да органдарға жүгiнуге;
      5) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша, оның iшiнде орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру, ұзарту, орындау тәсiлi мен тәртiбiн өзгерту туралы, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша борышкерге iздеу салу мәселелерi бойынша сотқа ұсыныстар енгiзуге;
      6) iс жүргiзiлiп жатқан атқарушылық құжаттар бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
      7) кез келген меншiк нысанындағы ұйымдарда атқарушылық құжаттардың орындалуын және олар бойынша құжаттаманың жүргiзiлуiн тексеруге;
      8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша атқарушылық іс жүргізудің қатысушыларына тапсырмалар беруге;
      9) борышкерлер, сондай-ақ оларда борышкерге тиесiлi мүлiктiң тұрғанын растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге құқылы. Қажет болған жағдайда борышкердің қатысуынсыз үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашуға, куәгерлердің қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
      10) атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттiк органдар, ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының қабылдауына дереу кiруге;
      11) борышкерлердiң банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
      12) мүлiктің кiмге тиесiлi екенiн анықтағанға дейiн осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көзделген қағидаларды сақтай отырып оған уақытша тыйым салуға;
      13) тыйым салынған мүлiктi алып қоюға, сақтау үшiн беруге және өткізуге;
      14) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға;
      15) қажет болған жағдайларда атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға;
      16) қылмыстық қудалау органына сот актiлерiн орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге;
      17) егер атқарушылық құжатты орындау процесінде осындай қажеттiлiк туындаса, басқа қаланың немесе ауданның сот орындаушыларына жекелеген атқарушылық әрекеттер жасауды тапсыруға;
      18) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
      2. Сот орындаушысы:
      1) сот актілерін, оның ішінде талап-арызды қамтамасыз ету және бітімгершілік келісімін бекіту жөнiндегi сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін орындауға;
      2) тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
      3) атқарушылық iс жүргiзу мәселесі жөнiндегi арыздар мен тараптардың өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
      4) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
      3. Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

      127-бап. Сот орындаушысының шешiмiне және әрекетiне
               (әрекетсiздiгiне) шағым жасау

      Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмде сотқа берiледi.

      128-бап. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамағаны
               үшін жауаптылық

      1. Сот орындаушысының сот актілері мен басқа да органдардың актілерін орындау бойынша қоятын талаптары барлық органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
      2. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сот орындаушысын борышкердің ақшалай сомасының немесе мүлкінің бар-жоғын тексеруге жіберуден бас тарту, сұрату бойынша мәліметтерді бермеу, қорлау, қорқыту, күш көрсету немесе сот орындаушысының қызметтік әрекетіне байланысты өзінің немесе отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына, мүлкіне қол сұғу, сот орындаушысының қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтіретін басқа да әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      3. Сот орындаушысын мемлекеттік органның, меншік нысанына қарамастан, ұйымның ғимаратына, үй-жайына немесе аумағына қызметтік куәлігін көрсеткен кезде кедергісіз кіргізуден бас тартудан көрінетін заңды қызметіне кедергі келтірілген кезде сот орындаушысы бұл туралы акт жасайды, ал кінәлілерді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін материалды орындалатын жері бойынша сотқа береді.

15-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      129-бап. Атқарушылық іс жүргізу жүйесі

      1. Атқарушылық іс жүргізу органдарының жүйесін:
      1) уәкілетті орган;
      2) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдары (аумақтық органдар);
      3) аумақтық органдардың аудандардағы, қалалардағы және қалалардың аудандарындағы бөлімдері (аумақтық бөлімдер) құрайды.
      2. Уәкілетті органның өкілеттігі және қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасы Әділет министрі бекітетін ережеде айқындалады.
      Уәкілетті органның аумақтық органдары мен аумақтық бөлімдерінің өкілеттігі және қызметінің тәртібі уәкілетті орган бекітетін ережеде айқындалады.
      Ескерту. 129-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      130-бап. Мемлекеттік сот орындаушысын қызметке тағайындау
               тәртібі

      1. Мемлекеттік сот орындаушысы мемлекеттік қызметші болып табылады.
      2. Мемлекеттік сот орындаушысын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аумақтық органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      3. Мемлекеттік сот орындаушыларының сандық құрамы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      131-бап. Мемлекеттік сот орындаушысына қойылатын талаптар

      1. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, жоғары заңгерлік білімі бар, Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін, өзінің іскерлік және жеке басының қасиеттерімен, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті адам мемлекеттік сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; өзіне мемлекеттік сот орындаушысы қызметіне тағайындалғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам мемлекеттік сот орындаушысы бола алмайды.
      3. Мемлекеттік сот орындаушыларына қызметтік куәліктер беріледі, олар үлгілерін уәкілетті орган бекітетін нысанды киіммен (погонсыз), жетонмен және эмблемамен қамтамасыз етіледі.
      Ескерту. 131-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      132-бап. Мемлекеттік сот орындаушысының жауаптылығы

      Мемлекеттік сот орындаушысының өзiне жүктелген мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      133-бап. Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылау

      Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.

      134-бап. Аумақтық бөлiмнiң басшысы - аға сот орындаушысы

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысы:
      1) өзi басқарып отырған аумақтық бөлiмнiң жұмысын ұйымдастырып, бақылайды және мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген мiндеттердiң орындалуына дербес жауапты болады;
      2) уәкiлеттi және аумақтық органдардың бұйрықтарының, әдiстемелiк ұсынымдарының, нұсқауларының және өкiмдерiнiң орындалуын ұйымдастырады;
      3) сот орындаушыларының әрекеттерiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен арыздарын шешудi жүзеге асырады, оларды қабылдауды жүргiзедi;
      4) аумақтық бөлiмнiң қызметi туралы статистикалық есептiлiк жасайды және iс жүргiзу мен мұрағат жүргiзу жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      5) осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді жасайды;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттердi жасайды.
      Ескерту. 134-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      135-бап. Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн
               қамтамасыз ету

      Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      136-бап. Атқарушылық iс жүргiзу органдары қызметкерлерiн
               әлеуметтiк қорғау шаралары

      Атқарушылық iс жүргiзу органдарының қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда қаза тапқандардың отбасылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай алуға құқылы.

16-тарау. ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      137-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызмет

      1. Жеке сот орындаушыларының сот актілерін және өзге де органдардың актілерін орындау жөніндегі қызметі – осы Заңда аталған атқарушылық құжаттарды орындаудың балама тәсілі.
      2. Жеке сот орындаушыларының қызметі Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сәйкес атқарушылық және өзге де әрекеттерді жасау кезінде адам мен азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.

      138-бап. Жеке сот орындаушысы қызметінің негіздері

      1. Жеке сот орындаушысының орындауына, мемлекеттен өндіру туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, осы Заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттар қабылдануы мүмкін.
      2. Жеке сот орындаушысы жасаған атқарушылық әрекеттерге өтеулі негізде жүргізеді. Жеке сот орындаушысы әрекеттерге ақы төлеу осы Заңда көзделген тәртіппен айқындалған тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Жеке сот орындаушыларына Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының борышкерден атқару санкциясын өндіріп алу бөлігіндегі ережелері қолданылмайды.
      Ескерту. 138-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      139-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі
               қызметке кепілдік

      1. Жеке сот орындаушысы өз қызметінде әділ әрі тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Заңды, Қазақстан Республикасындағы атқарушылық іс жүргізуді реттейтін басқа да заңдарды, сондай-ақ халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
      2. Жеке сот орындаушысына қызметтік міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ оның кеңсесінде жұмыс істейтін адамдарға атқарушылық әрекеттер жасауына байланысты, оның ішінде өкілеттігін тоқтатқаннан немесе жұмысынан босатылғаннан кейін де, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне белгілі болған мәліметтерді жариялауға, құжаттарды жария етуге тыйым салынады.
      Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы мәліметтер (құжаттар) олардың атынан, тапсырмасы бойынша немесе осы әрекеттер соларға қатысты жасалған адамдарға ғана берілуі мүмкін.
      Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы анықтамалар өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық немесе азаматтық істерге байланысты сот, прокуратура, тергеу органдарының талап етуі бойынша беріледі.

1-параграф. Жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындау

      140-бап. Қазақстан Республикасындағы жеке сот орындаушысы

      1. Жеке сот орындаушысы лауазымына жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлiк бiлiмi бар, жеке сот орындаушысында үздiксiз тағылымдамадан өткен, бiлiктiлiк емтиханын тапсырған, атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi қызметпен айналысу құқығына лицензия (бұдан әрi – сот орындаушысының лицензиясы) алған, осы Заңда белгiленген тәртiппен жеке сот орындаушысының бос лауазымына орналасуға конкурстан өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
      2. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; өзіне жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындалғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар; кезеңдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс бойынша борышкер болып табылатын және үш айдан артық кезеңдік өндіріп алу бойынша берешегі бар адамды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын; жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген лицензиядан айрылған адам жеке сот орындаушысы бола алмайды.
      3. Жеке сот орындаушысы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін өз қызметін жүзеге асыруға құқылы. Жеке сот орындаушысы зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өз міндетін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының ұсынуы бойынша қабылданған уәкілетті органның рұқсатымен ғана, бірақ зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін көп дегенде бес жыл орындауға құқылы.
      4. Жеке сот орындаушысының тағылымдамадан өту тәртібін уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының келісімі бойынша айқындайды.
      5. Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін өз атынан және өзінің жауапкершілігімен орындайды. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасына салық салу дара кәсіпкерлер үшін белгіленген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 140-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      141-бап. Біліктілік комиссиясы

      1. Біліктілік комиссиясы:
      1) тағылымдамадан өткен және атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысуды қалайтын адамдардан емтихан алады;
      2) жеке сот орындаушысы лауазымының бос орнына орналасуға конкурс өткізеді;
      3) жеке сот орындаушыларын кезекті аттестаттаудан өткізеді.
      2. Біліктілік комиссиясы уәкілетті органның жанынан құрылады.
      Біліктілік комиссиясының қызметін ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жүзеге асырады.
      3. Уәкілетті орган емтиханды өткізу рәсімін, емтихан сұрақтарын, сондай-ақ біліктілік емтиханын тапсырғаны үшін ақы төлеу мөлшерін бекітеді.
      4. Біліктілік емтиханын тапсырған адамға уәкілетті орган сот орындаушысының лицензиясын тапсырады.
      5. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған адамдар оны қайтадан тапсыруға біліктілік комиссиясы шешім қабылдағаннан кейін кемінде бір жыл өткен соң жіберіледі.
      6. Біліктілік комиссиясының шешіміне оның көшірмесі мүдделі адамға тапсырылғаннан күннен бастап бір айлық мерзімде сотқа шағымдануға болады.
      7. Біліктілік комиссиясы туралы ережені уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының келісуімен бекітеді.

      142-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі
               қызметпен айналысу құқығына лицензия

      1. Сот орындаушысының лицензиясын алған жеке сот орындаушысы осы Заңға сәйкес атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысуға құқылы.
      2. Сот орындаушысының лицензиясын біліктілік комиссиясы шешімінің негізінде уәкілетті орган береді. Уәкілетті орган Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.
      3. Біліктілік емтиханын тапсыруға жіберу үшін қажетті құжаттардың тізбесі уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының келісуімен бекітетін біліктілік емтихандары туралы ережеде белгіленеді. Сот орындаушысының лицензиясын берудің мерзімі мен тәртібі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      4. Сот орындаушысының лицензиясы берілгені үшін алым алынады, оны төлеудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
      5. Сот орындаушысының лицензиясы шектеусіз мерзімге берілген бас лицензия болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
      6. Лицензия алған, бірақ сот орындаушысы лауазымында жұмысқа үш жыл бойы кіріспеген азамат біліктілік емтиханын қайтадан тапсырғаннан кейін ғана сот орындаушысының лауазымына жіберіледі. Біліктілік емтиханын қайта тапсырғаны үшін ақы алынбайды.
      Аталған мерзімді есептеу адамның жеке сот орындаушысының көмекшісі болып істеген уақытында тоқтатыла тұрады.
      7. Тұрақты судьялар, өз мiндеттерiн орындау кезiнде атына кiр келтiретiн терiс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшiн судья қызметiнен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс iстеген адамдар не теріс себептермен босатылғандарды қоспағанда, атқарушылық iс жүргiзу саласындағы уәкiлеттi органда және оның аумақтық органдарында кемiнде бес жыл жұмыс iстеген адамдар, кемінде он жыл жұмыс өтілі бар құқық қорғау органдары қызметкерлері тағылымдамадан өтпей және бiлiктiлiк емтиханын тапсырмай сот орындаушысы лицензиясын алуға құқылы.
      Ескерту. 142-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      143-бап. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын
               тоқтата тұру

      1. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру тәртіптік комиссия шешімінің негізінде берілген уәкілетті органның талап-арызы бойынша сот шешімімен жүзеге асырылады.
      2. Сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы мынадай жағдайларда:
      1) жеке сот орындаушысы айыпталушы ретінде қылмыстық іске тартылғанда;
      2) жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел бұзғанда;
      3) жеке сот орындаушысы өзіне осы Заңға сәйкес айқындалған атқару округінің аумағынан тыс жерде атқарушылық әрекеттер жасағанда тоқтатыла тұруы мүмкін.
      3. Сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы сот шешімінде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептері мен мерзімдері көрсетілуге тиіс. Лицензияның қолданылуы лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатыла тұрады. Тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылған кезде уәкілетті орган лицензияның қолданылуын қалпына келтіру туралы шешім шығарады.
      4. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы сот шешімі қабылданған күннен бастап жеке сот орындаушысы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға және атқарушылық әрекеттерді жасауға тыйым салуға әкеп соғады.
      5. Жеке сот орындаушысының өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін өз қызметін тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда оның өтініші бойынша тоқтатыла тұрады. Депутаттың өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін осы адам жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін атқаруды қайта жалғастыра алады.

      144-бап. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын
               тоқтату

      1. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату уәкілетті органның талап-арызы бойынша мынадай жағдайларда:
      1) жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне залал келтіріп, Қазақстан Республикасының заңнамасын бір рет өрескел бұзған;
      2) лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептері жойылмаған;
      3) жеке сот орындаушысы сот орындаушысының лицензиясын беру үшін негіз болып табылатын құжаттарда дәйексіз немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактісі анықталған;
      4) біліктілік комиссиясы қайта аттестаттау қорытындылары бойынша жеке сот орындаушысын атқаратын қызметіне сай келмейді деп таныған;
      5) жұмыс істеп жүрген жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметін дәлелсіз себептермен үш күннен астам жүзеге асырмаған;
      6) денсаулық жағдайы бойынша кәсіби міндеттерін орындау мүмкін болмаған жағдайда сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы уәкілетті органның шешімі бойынша:
      1) жеке сот орындаушысы өз еркімен өтініш берген;
      2) жеке сот орындаушысының азаматтығы өзгерген немесе Қазақстан Республикасынан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
      3) жеке сот орындаушысы қылмыс жасағаны үшін сотталған жағдайда - үкім заңды күшіне енгеннен кейін;
      4) сот жеке сот орындаушысын қайтыс болды деп жариялаған немесе хабарсыз кетті деп таныған жағдайларда тоқтатылады.
      3. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы ұсынысты уәкілетті органға прокуратура, жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік алқасы немесе аумақтық орган енгізеді.
      4. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы уәкілетті органның тапсырмасы бойынша лицензиясының қолданылуы тоқтатылған жеке сот орындаушысының іс жүргізуін, мұрағатын, ағымдағы шотының қаражатын басқа жеке сот орындаушысына тапсыру жөнінде, сондай-ақ жеке сот орындаушысының лицензиясын оны уәкілетті органға тапсыру үшін алып қою және жеке сот орындаушысының жеке мөрін жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
      Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым уәкілетті орган басшысының бұйрығы негізінде қызметін тоқтатқан жеке сот орындаушысының орнын басқан жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына билік етушіні алмастыруды жүргізеді.
      5. Егер жеке сот орындаушысына қатысты тәртіптік іс жүргізу қозғалған болса, онда ол тәртіптік іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін ғана өз еркімен лауазымынан босатылуы мүмкін.
      6. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы уәкілетті органның шешіміне сотқа шағым берілуі мүмкін.

      145-бап. Жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындау

      1. Жеке сот орындаушысы лауазымын атқару округінің аумағындағы жеке сот орындаушылары жалпы санының шегінде уәкілетті орган тағайындайды және таратады. Жеке сот орындаушыларының сандық құрамын уәкілетті орган олардың жүктемесіне қарай айқындайды.
      2. Жеке сот орындаушысына өкілеттіктер беруді уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып, лицензиясы бар адамдар ішінен конкурстық негізде жүргізеді. Конкурсты өткізудің шарттары мен тәртібін уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен келісім бойынша бекітеді.
      3. Уәкілетті органның басшысы лауазымға тағайындау туралы бұйрық шығарған күннен бастап бір ай ішінде жеке сот орындаушысы жұмысқа кірісуге тиіс.
      4. Жеке сот орындаушысы лауазымға кіріскеннен кейін тиісті аумақтық органға және жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына кеңсенің мекенжайы мен жұмыс режимін хабарлайды. Осындай хабарламаны ол республикалық баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялауға тиіс.
      5. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің атқару округі аумағында орналасқан жері өзгерген кезде ол осы баптың 4-тармағында көрсетілген органдарға үш күн мерзімде хабарлауға, сондай-ақ сол баспасөз басылымдарында жариялауды жүргізуге міндетті.
      6. Жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындалған адамдар басқа атқару округінде жеке сот орындаушысының бос лауазымына орналасу конкурсына жалпы негізде қатысуға құқылы.

      146-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін
               жүзеге асыруының ерекше шарттары

      1. Жеке сот орындаушысы, талаптары тараптардың келісімімен айқындалатын өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты болмаса, өз қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Жеке сот орындаушысы, егер өндіріп алу сомасы өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру сомасының мөлшерінен асатын болса, атқарушылық әрекеттерді жасауға құқылы емес.
      Егер жеке сот орындаушысы тиісті атқарушылық әрекеттер жасауды қаласа, бірақ азаматтық-құқықтық жауапкершілікті жеке сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшері өндіріп алатын сомадан аз болса, ол жетіспейтін сомаға азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
      3. Егер келтірілген зиянның мөлшері жеке сот орындаушысының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жеке сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің мөлшерінен асатын болса, төлемдер Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жалпы сақтандыру шарты бойынша жүргізіледі.
      4. Егер келтірілген зиянның мөлшері Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жалпы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің мөлшерінен асатын болса, жеке сот орындаушысы оларға келтірілген зиянды жеке өзіне тиесілі мүлікпен және ақшамен қайтарады.
      5. Өтелуге тиіс зиян келтіру фактісі мүдделі тараптардың келісімімен белгіленеді, ал дау болған жағдайда оны сот белгілейді.
      6. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жеке сақтандыру шарттарының көшірмелерін жеке сот орындаушысы уәкілетті органға дереу табыс етеді.

2-параграф. Жеке сот орындаушыларының құқықтары,
міндеттері мен жауапкершілігі

      147-бап. Жеке сот орындаушысының құқықтары

      Жеке сот орындаушысы:
      1) осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді өзіне өтініш жасаған жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне сай жасауға;
      2) кез келген банкте банктік шоттар, оның ішінде валюталық шот ашуға, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен міндеттерінің болуына, кеңсе қызметкерлерін жалдауға және жұмыстан босатуға, түскен кірістерге билік етуге, сотта өз атынан сөйлеуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да әрекеттер жасауға;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінің қызметін пайдалануға;
      4) мемлекеттік тіркеу органдарының және өзге де ұйымдардың электрондық деректер базасынан мәліметтер алуға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      148-бап. Жеке сот орындаушысының міндеттері

      1. Жеке сот орындаушысы:
      1) жеке сот орындаушысы қызметіне тағайындалғаннан кейін тіркелу үшін үш жұмыс күні ішінде салық органына өтініш беруге;
      2) осы Заңның және Қазақстан Республикасының сот орындаушысының қызметін реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес атқарушылық әрекеттер жасауға;
      3) өзінің кәсіби міндеттерін адал орындауға, жеке адамдардың жеке өмірінің мән-жайларына қатысты құпияны сақтауға, қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге жол бермеуге міндетті.
      Аталған міндет жеке сот орындаушысының өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де күшінде қалады. Құпияны сақтау туралы талапты жеке сот орындаушысы кеңсесінің қызметкерлері мен аталған мәліметтерге қолжетімді басқа адамдар да сақтауға міндетті;
      4) барлық қозғалған атқарушылық іс жүргізулер туралы олар қозғалған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына хабарлауға;
      5) кәсіби әдепті сақтауға;
      6) кеңсесінің болуына;
      7) заңмен көзделген жағдайларда жасалған атқарылған әрекеттер туралы мәліметтерді, құжаттардың өзге де көшірмелерін, қажет болған жағдайда – түсініктемелер, оның ішінде кәсіби әдеп талаптарын сақтамау мәселелері бойынша жеке түсініктемелер беруге;
      8) негіздер болған кезде аумақтық органға (бөлімге) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін материалдарды жіберуге;
      9) өзінің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыруға;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да міндеттерді атқаруға міндетті.
      2. Жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасына нысаны мен мерзімін уәкілетті орган бекітетін өз қызметі туралы ақпарат беріп отырады.

      149-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін шектеу

      Жеке сот орындаушысы ғылыми, оқытушылық немесе шығармашылық қызметті қоспағанда, ақылы қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқылы емес.

      150-бап. Жеке сот орындаушысының жауапкершілігі

      1. Жеке сот орындаушысының өзіне жүктелген міндеттер мен лауазымдық өкілеттіктерді орындамауы не тиісінше орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      2. Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларға және басқа да адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін атқарушылық әрекеттерді жасау салдарынан келтірілген залалды өтеуге міндетті.

      151-бап. Жеке сот орындаушысын кезекті аттестаттау

      1. Жеке сот орындаушысы үш жылда бір рет аттестатталуға тиіс. Аттестаттау жеке сот орындаушысының кәсіби білімін және оларды атқарушылық әрекеттер жасаған кезінде қолдана білуін бағалау мақсатында оның атқаратын қызметіне сай келуін, осы Заңда жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптарға сай келуін айқындау үшін жүргізіледі.
      2. Жеке сот орындаушыларын кезекті аттестаттауды уәкілетті орган бекіткен Біліктілік комиссиясы туралы ережеде көзделген тәртіппен біліктілік комиссиясы өткізеді.
      3. Аттестаттауды өткізудің және біліктілік комиссиясы отырысының нақты мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды және жеке сот орындаушысының назарына кезекті аттестаттаудан кемінде екі ай бұрын жеткізеді.
      4. Жеке сот орындаушысын кезекті аттестаттаудың қорытындылары бойынша теріс шешім қабылданған жағдайда алты айдан кешіктірмей қайта аттестаттау өткізіледі.
      Біліктілік комиссиясының жеке сот орындаушысын қайта аттестаттау қорытындысы бойынша атқаратын қызметіне сай келмейді деп тануы туралы шешімі жеке сот орындаушысының лицензиясын кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.

3-параграф. Жеке сот орындаушысының қызметін ұйымдастыру

      152-бап. Атқару округі және учаскесі (жеке
               сот орындаушысы қызметінің аумағы)

      1. Атқару округі (жеке сот орындаушысы қызметінің аумағы) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне сәйкес белгіленеді.
      2. Жеке сот орындаушысы қызметінің аумағын, сондай-ақ атқару округі шегіндегі жеке сот орындаушыларының санын уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесіп айқындайды.
      Астана және Алматы қалаларындағы жеке сот орындаушысы қызметiнiң аумағы Астана және Алматы қалаларының бүкiл аумағын қамтиды. Атқару округтерi болып табылатын облыс орталықтарының және облыс аудандарының шектерiндегi жеке сот орындаушысы қызметiнiң аумағы облыстың бүкiл аумағын қамтиды.
      3. Кез келген жеке немесе заңды тұлға атқарушылық құжатты орындауды жүзеге асыру үшін, егер борышкер оның қызмет аумағында тұратын болса (заңды тұлғалар үшін – заңды мекенжайы), оның мүлкі не жұмыс орны орналасқан болса, атқарылатын жері бойынша атқару округінің аумағындағы кез келген жеке сот орындаушысына өтініш жасауға құқылы.
      Ескерту. 152-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      153-бап. Жеке сот орындаушысының кеңсесі

      1. Жеке сот орындаушысының кеңсесі жеке сот орындаушысының жұмыс орны болып табылады.
      2. Жеке сот орындаушысының кеңсесі оның қызметі үшін аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесіп айқындаған атқару округінің аумағында, еркін кіру үшін ашық және азаматтарды қабылдау үшін жарамды жерде орналасуға тиіс. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің тұрған жері мен жабдықталуына қойылатын талаптарды уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесіп белгілейді.
      3. Бір атқару округіне жұмысқа тағайындалған жеке сот орындаушыларының аумақтық органның рұқсатымен ортақ кеңсесі болуы мүмкін. Ортақ кеңсені ұстаған жағдайда әрбір жеке сот орындаушысы өкілеттігін өз атынан жүзеге асырады және оларды жасағаны үшін жеке жауаптылықта болады.
      4. Жеке сот орындаушысы жұмыс күндерінде аптасына кемінде екі рет, ұзақтығы төрт сағаттық жеке қабылдау уақытын белгілеуге тиіс. Жеке сот орындаушысы кеңсесінің жұмыс уақыты мен қабылдау сағаттары жалпы жұрттың назарына жеткізілуге тиіс.
      5. Жеке сот орындаушылары дара кәсіпкерлер үшін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген қағидаларға сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді.

      154-бап. Жеке сот орындаушысының куәлігі, жеке мөрі,
               жетоны, мөртабандары және бланкілері

      Жеке сот орындаушысының өзінің тегі, аты мен әкесінің аты, жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының, атқару округінің атаулары, лицензиясының нөмірі көрсетілген куәлігі, жеке мөрі, сондай-ақ мөртабандары, жеке бланкілері мен жетоны болады. Куәлігінің, жеке мөрі мен жетонының үлгілерін уәкілетті орган бекітеді. Куәлікті, жеке мөрді және жетонды дайындауды және беруді жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы ұйымдастырады.

      155-бап. Атқарушылық іс жүргізудегі іс жүргізу

      1. Жеке сот орындаушысының кеңсесіндегі іс жүргізуді жеке сот орындаушылары уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүргізеді.
      2. Жеке сот орындаушыларының іс жүргізу ережелерін орындауын бақылауды жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесе отырып аумақтық органдар жүзеге асырады.

      156-бап. Жеке сот орындаушысының көмекшілері
               мен тағылымдамашылары

      1. Жеке сот орындаушысы өзінің көмекшілері мен тағылымдамашыларының болуына құқылы.
      1-1. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам жеке сот орындаушысының көмекшісі, тағылымдамашысы бола алмайды.
      2. Жеке сот орындаушысының лицензиясы бар Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысының көмекшісі бола алады.
      3. Жоғары заңгерлік білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары сот орындаушысының тағылымдамашылары бола алады. Тағылымдамашылар сот орындаушысы болып кемінде үш жыл, оның ішінде жеке сот орындаушысы болып кемінде бір жыл еңбек өтілі бар жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өтеді. Жеке сот орындаушысының бір мезгілде екеуден аспайтын тағылымдамашы алуға құқығы бар.
      4. Жеке сот орындаушылары тағылымдамашыларының тағылымдамадан өтуінің тәртібі, мерзімдері мен шарттары Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен келiсу бойынша уәкілетті орган бекітетін жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде айқындалады.
      5. Жеке сот орындаушысының тағылымдамашысы мен көмекшісінің құқықтары және міндеттері еңбек шартында айқындалады.
      Ескерту. 156-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 368-IV (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-параграф. Жеке сот орындаушысын алмастыру

      157-бап. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы
               тоқтатыла тұрған, лицензиясынан айырылған немесе
               қызметі тоқтатылған жағдайда жеке сот
               орындаушысын алмастыру тәртібі

      Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған, лицензиясынан айырылған немесе қызметі тоқтатылған жағдайда, жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының басшысымен келісілген аумақтық орган басшысының шешімімен оның міндетін уақытша атқарушы болып басқа жеке сот орындаушысы тағайындалады.

      158-бап. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын басқа
               жеке сот орындаушысымен алмастыру тәртібі

      1. Жеке сот орындаушысы өкілеттіктерін еңбек демалысы, науқастануы, біліктілігін арттыру, жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының, Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының сайланбалы органдарында жұмыс істеуі себебімен және басқа да дәлелді себептермен үш күннен астам мерзімде атқаруы уақытша мүмкін болмаған жағдайда ол бұл туралы тиісті аумақтық органды хабардар етеді. Жеке сот орындаушысы алмастыру туралы ұсынысты, әдетте, өз өкілеттіктерін атқару уақытша мүмкін болмауға әкеп соғатын мән-жайлар басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын енгізуге тиіс.
      2. Сонымен бір мезгілде жеке сот орындаушысы аумақтық органға осы өңірлік алқаның мүшесі болып табылатын, уақытша жұмыста болмаған кезінде өзін алмастыруға келісім берген басқа жеке сот орындаушысының кандидатурасын ұсынады.
      3. Аумақтық орган жеке сот орындаушысы уақытша болмайтын кезеңге оны алмастыратын жеке сот орындаушысын тағайындайды.

      159-бап. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыратын
               адамға өкілеттіктер беру

      1. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын алмастыратын адамға жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының басшысымен келісілген аумақтық орган басшысының бұйрығымен уақытша болмайтын жеке сот орындаушысының міндеттерін атқару үшін өкілеттіктер беріледі.
      2. Өкілеттіктер беру күнтізбелік жыл ішінде туындауы мүмкін жеке сот орындаушысының қызметтік міндеттерін атқаруының мүмкін болмау негіздері (еңбек демалысы, науқастануы, біліктілігін арттыруы, жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының, Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының сайланбалы органдарында жұмыс істеуі және басқа да дәлелді себептері) көрсетіле отырып күні бұрын жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысының міндеттерін жүктеу туралы аумақтық орган басшысының бұйрығы жеке сот орындаушысы мен жеке сот орындаушысының міндеттерін атқарғысы келетін адамның арасында жасалған келісімнің негізінде шығарылады.
      4. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын алмастыратын адамның өкілеттіктері оған атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру және жеке сот орындаушысының қызметтік міндеттерін тікелей атқару құқығы берілгеннен кейін туындайды және оларды жеке сот орындаушысына тапсырған кезде аяқталады.
      5. Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін оны уақытша алмастыратын адам орындап жүрген кезеңде оларды өзі атқаруға құқылы емес.

      160-бап. Жеке сот орындаушысын алмастыратын адамның
               еңбегіне ақы төлеу және оның жауапкершілігі

      1. Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыратын адам оның міндеттерін атқарғаны үшін келісімде келісілген ақшалай сыйақы алады.
      2. Уақытша болмайтын жеке сот орындаушысын алмастыратын адамның әрекетінен келтірілген залал үшін жеке сот орындаушысы жауапты болады. Бұл ретте жеке сот орындаушысы не жеке сот орындаушысының жауапкершілігін сақтандырған сақтандыру компаниясы оның міндеттерін атқарған адамға келтірілген залал үшін төленген өтем мөлшерінде кері талап-арыз қоюға құқылы.

5-параграф. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқалары.
Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы

      161-бап. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы

      1. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы жеке сот орындаушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ олардың атқарушылық әрекеттер жасауы кезінде атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы сақтауын бақылауды жүзеге асыру үшін құрылған кәсіптік бірлестікті білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      2. Жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының бір өңірлік алқасында ғана бола алады.
      3. Әрбір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Қазақстан Республикасы астанасының аумағында жеке сот орындаушыларының бір өңірлік алқасы құрылады.
      4. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және жарғымен реттеледі. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы заңды тұлға болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы өз қызметін өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру принциптерінде ұйымдастырады.
      5. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының лауазымды адамдары атқарушылық әрекеттерді жасау құпиясын сақтауға міндетті. Құпияны жария еткені және жеке сот орындаушысына залал келтіргені үшін, оның ішінде жеке сот орындаушысының тарапынан өзге адамдарға келтірілген залалдың орнын толтыру қажеттігіне әкеп соққан кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      162-бап. Жеке сот орындаушыларының өңірлік
               алқасының өкілеттіктері

      1. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы:
      1) мемлекеттік органдарда жеке сот орындаушыларының мүдделерін білдіреді және қорғайды;
      2) оларға атқарушылық құжаттарды орындау жөнінде көмек көрсетеді және қызметін дамытуға жәрдемдеседі;
      3) жеке сот орындаушыларының атқарушылық әрекеттерді жасауы кезінде Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының сақталуына кәсіптік бақылауды жүзеге асырады;
      4) түскен шағымдарға және мүдделі адамдардың өзге де өтініштеріне байланысты жеке сот орындаушысынан жасалған атқарушылық әрекеттер туралы мәліметтерді, оның қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты өзге де құжаттарды, жеке түсініктемелерді, оның ішінде кәсіби әдепті сақтамауы мәселелері жөніндегі жеке түсініктемелерді талап етеді;
      5) жеке сот орындаушысы лауазымына үміткер адамдардың тағылымдамасын және жеке сот орындаушыларының кәсіби даярлығын арттыруды ұйымдастырады;
      6) тәртіптік комиссияның қарауына жеке сот орындаушыларын тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
      7) кәсіби әдепті сақтау мәселелері бойынша комиссия құрады және оның жұмысын ұйымдастырады;
      8) жеке сот орындаушыларының қызметіне байланысты істер бойынша сот тағайындаған сараптама шығындарын өтейді;
      9) жеке сот орындаушысының өзінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде келтірген зиянды өтеуі жөніндегі міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады;
      10) жеке сот орындаушыларының өздерінің атқару округінің аумағында жүргізген атқарушылық іс жүргізулерінің тізілімін жасайды;
      11) жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу және тоқтату туралы ұсыныс енгізеді;
      12) аумақтық органдарды жеке сот орындаушыларының міндеттерін тиісінше жүзеге асырмауы жағдайлары, атап айтқанда, жеке сот орындаушыларының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де талаптарын бұзушылықтар туралы хабардар етіп отырады;
      13) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады;
      14) талдамалық және зерттеу жұмысын жүзеге асырады;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасына және аумақтық органға өз қызметі туралы ақпарат беріп отырады. Ақпарат берудің нысаны мен мерзімін уәкілетті орган бекітеді.

      163-бап. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы

      1. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқаларының кәсіптік бірлестігін білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы мемлекеттік тіркелуге жатады.
      2. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және жарғымен реттеледі.
      3. Жеке сот орындаушыларының әрбір өңірлік алқасы Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының жарғысында көзделген тәртіппен Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының құрамына өкілдерін сайлайды.
      4. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының жарғысын жеке сот орындаушылары өңірлік алқалары өкілдерінің жиналысы қабылдайды.
      5. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жалпы сақтандыру шартын жасайды.

      164-бап. Жеке сот орындаушыларының республикалық
               алқасының қызметін қаржыландыру

      Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының қызметін қаржыландыру жеке сот орындаушылары жарналарының кемінде жиырма бес пайызы мөлшерінде жеке сот орындаушыларының өңірлік алқалары аударатын міндетті жарналардың есебінен жүзеге асырылады.

      165-бап. Жеке сот орындаушыларының республикалық
               алқасының өкілеттіктері

      1. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы:
      1) жеке сот орындаушылары өңірлік алқаларының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
      2) мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке сот орындаушыларының өңірлік алқаларының және жеке сот орындаушыларының мүдделерін білдіреді;
      3) жеке атқарушылық қызметті ұйымдастыру мәселелері бойынша Сот орындаушылары мен қызметшілерінің халықаралық одағының, басқа да халықаралық және шетелдік ұйымдардың жұмысына қатысады;
      4) атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша және жеке атқарушылық қызметке байланысты уәкілетті органның, басқа да мемлекеттік органдардың норма шығарушылық және сарапшылық қызметіне қатысады;
      5) жеке сот орындаушыларын оқытуды, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
      6) жеке сот орындаушысының өзінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде келтірген зиянды өтеуі жөніндегі міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етеді;
      7) жеке практикамен айналысатын сот орындаушыларының әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді;
      8) жеке сот орындаушыларының өңірлік алқаларының қызметін мерзімді тексеруді жүзеге асырады;
      9) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады;
      10) талдамалық және ғылыми жұмысты жүзеге асырады;
      11) Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін қабылдайды;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы осы Заңда және оның Жарғысында айқындалған өзінің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін басқа да коммерциялық емес ұйымдар құруға құқылы.
      3. Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы уәкілетті органға жыл сайын жеке сот орындаушыларының атқарушылық құжаттарды орындауы жөнінде ақпарат беріп отырады.

6-параграф. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау
және олардың тәртіптік жауаптылығы

      166-бап. Жеке сот орындаушыларының атқарушылық
               әрекеттерді жасауын соттың бақылауы

      Атқарушылық әрекеттерді жасаудан бас тартуға немесе атқарушылық әрекеттерді дұрыс жасамауға сот тәртібімен шағым жасалады.

      167-бап. Жекеше негізде сот актілерін орындау саласындағы
               уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттік тізілімі туралы ережені;
      2) жеке сот орындаушыларын есептік тіркеу тәртібі туралы ережені;
      3) тәртіптік комиссия жұмысының тәртібі туралы ережені әзірлейді және бекітеді.
      2. Уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып:
      1) біліктілік емтихандары туралы ережені;
      2) біліктілік комиссиясы туралы ережені;
      3) жеке сот орындаушысының бос орнына орналасуға конкурс өткізу тәртібін;
      4) жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру тәртібін;
      5) жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жері мен жабдықталуына қойылатын талаптарды;
      6) жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту тәртібін;
      7) жеке сот орындаушысы кеңсесінде іс жүргізу ережесін әзірлейді және бекітеді.
      3. Уәкілетті орган:
      1) өз құзыреті шегінде жеке сот орындаушыларының қызметін реттеп, бақылайды;
      2) жеке сот орындаушысының бос орнына орналасуға конкурс ұйымдастырады;
      3) конкурс қорытындылары бойынша жеке сот орындаушысы лауазымына азаматтарды тағайындайды;
      4) республика бойынша және әрбір өңір бойынша жеке сот орындаушыларының жалпы сандық құрамын бекітеді;
      5) атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша әдістемелік, нұсқаулық және түсіндірмелік материалдарды әзірлейді;
      6) жеке сот орындаушыларының қызметін лицензиялауды жүзеге асырады;
      7) осы Заңның 144-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген негіздер бойынша жеке сот орындаушылары лицензияларының қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының лицензияларын тоқтата тұру және олардан айыру туралы сотқа талап-арыздар береді;
      8) жеке сот орындаушыларын жария тізілімдерге және электрондық деректер базасына қосу туралы мемлекеттік органдармен шарттар жасасады;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      4. Уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып:
      1) атқару округтерін өңірлер бойынша бекітуді тиісті аумақтық органның ұсынысы бойынша бекітеді;
      2) жеке сот орындаушысы сыйақыларының тарифтері мен ставкаларын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
      5. Уәкілетті органның өкілдері Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жалпы жиналысының, басқармасы мен басқа да органдарының отырыстарына қатысуға құқылы.

      168-бап. Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау
               жөніндегі аумақтық органның құзыреті

      1. Аумақтық орган:
      1) жеке сот орындаушыларының осы Заңды сақтауын және өздерінің міндеттерін тиісінше орындауын бақылауды ұйымдастырады;
      2) жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы ұсыныс енгізеді;
      3) тәртіптік комиссияға жеке сот орындаушысын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізеді;
      4) жеке сот орындаушыларын есептік тіркеуді жүргізеді;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының келісімі бойынша:
      1) уәкілетті органға жеке сот орындаушыларын атқару округтері бойынша бекіту жөнінде ұсыныс енгізеді;
      2) жеке сот орындаушысы уақытша болмайтын кезде оны алмастыратын жеке сот орындаушысын тағайындайды;
      3) жеке сот орындаушысының міндеттерін уақытша атқарушыны жеке сот орындаушысының лицензиясы бар тұлғалар арасынан тағайындайды.
      3. Аумақтық орган жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасымен бірлесе отырып:
      1) уәкілетті органға өңірдегі жеке сот орындаушыларының жалпы саны туралы ұсынысты бекіту үшін енгізеді;
      2) жеке сот орындаушысының лицензиясын алған адамдардың резервін қалыптастырады;
      3) жеке сот орындаушыларына әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;
      4) жеке сот орындаушыларының жұмыс практикасын жинақтайды;
      5) жеке және заңды тұлғалардың жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдарын қарайды;
      6) жеке сот орындаушылары жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      7) атқарушылық әрекетті жүзеге асыратын жеке сот орындаушыларының біліктілігін арттыруды жүргізеді.
      4. Аумақтық орган өкілдері жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы жалпы жиналысының, басқармасы мен басқа да органдарының отырыстарына қатысуға құқылы.

      169-бап. Жеке сот орындаушысының қызметін бақылау

      1. Жеке сот орындаушысы жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақталуын бақылауды уәкілетті орган, Жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік алқалары жүзеге асырады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасымен бірлесе отырып уәкілетті орган белгілейді.
      2. Жеке сот орындаушысының салық заңнамасын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасының салық қызметі органдары жүзеге асырады.
      3. Жеке сот орындаушыларының аумақтық органы мен өңірлік алқасының лауазымды адамдары жеке сот орындаушысының қызметін тексеру кезінде белгілі болған атқарушылық әрекеттердің жасалу құпиясын сақтауға міндетті. Құпияны жариялағаны және келтірілген залалдар үшін бұл адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      4. Жеке сот орындаушысының жұмысын тексеру оның атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыруды бастағанынан кейін алты ай өткен соң және бір жылдан кешіктірілмей жүргізіледі. Бұдан әрі жылына бір рет жоспарлы тексерулер жүргізіледі.
      Жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар түскен жағдайда не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айғақтайтын басқа да ақпарат болған кезде жеке сот орындаушысының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін.
      5. Жеке сот орындаушылары тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдарға жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысуларға қатысты мәліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін қажетті өзге де ақпаратты беруге міндетті.
      6. Осы баптың ережелері жеке сот орындаушыларын алмастыратын адамдарға да қолданылады.

      170-бап. Жеке сот орындаушыларының тәртіптік теріс
               қылықтары

      Сот орындаушыларының:
      1) лауазымдық міндеттерінің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына кінәлілігі, оның ішінде жеке сот орындаушысы үшін белгіленген ставкаларға сай келмейтін тарифтер мен сыйақылар алуы;
      2) Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін бұзуы тәртіптік теріс қылықтар болып табылады.

      171-бап. Тәртіптік іс жүргізу

      1. Жеке сот орындаушыларына тәртіптік жазалар қолдануға тәртіптік теріс қылықтарды қарау үшін құрамында тақ саннан тұратын кемінде бес мүшесі бар тәртіптік комиссия құратын уәкілетті орган мен аумақтық органның құқығы бар.
      2. Уәкілетті немесе аумақтық органның басшысы құратын тәртіптік комиссиялардың құрамына жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік алқасының өкілі міндетті түрде кіреді.
      3. Тәртіптік комиссияның отырысын өткізу тәртібі уәкілетті орган бекіткен ережемен айқындалады.

      172-бап. Тәртіптік жазалар

      1. Жеке сот орындаушыларына қолданылатын тәртіптік жазалар мыналар:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) уәкілетті органның жеке сот орындаушысын лицензиясынан айыру туралы сотқа талап-арыз жолдауы болып табылады.
      2. Әрбір теріс қылық үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
      3. Тәртіптік жаза тәртіптік комиссияның қорытындысы негізінде уәкілетті немесе аумақтық орган басшысының бұйрығымен қолданылады.
      4. Жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілік мәселелері осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

17-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      173-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу

      Осы Заң, осы Заңды қолданысқа енгізгеннен кейін үш жыл бойы алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарға ғана қолданылатын 34-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      174-бап. Өтпелі ережелер

      Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы құрылғанға дейін оның нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау бөлігіндегі функцияларын уәкілетті орган жүзеге асырады.

      175-бап. Қорытынды ережелер

      «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 1998 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 13, 195-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 23, 922-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 142-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 24, 153-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 4, 28-құжат; № 5-6, 40-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев