Мемлекеттік статистика туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы № 257-IV Заңы.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 28-баптан қараңыз.

      Осы Заң мемлекеттік статистикалық қызмет процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) алғашқы статистикалық деректер - статистикалық нысандарда алынған немесе тіркелген деректер;

      1-1) арнайы құрылған комиссия – ұлттық санаққа дайындыққа және оны жүргізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерді шешу үшін құрылған комиссия;

      1-2) ауыл шаруашылығы санағы – ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай-күйі туралы деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау;

      2) әкімшілік дереккөздер - статистикалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық, реттеуіш, іске асыру немесе бақылау функцияларын іске асыру процесінде есепке алу деректерін немесе өзге де деректерді жинауды жүзеге асыратын орталық және жергілікті атқарушы органдар, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар;

      3) әкімшілік деректер – алғашқы статистикалық деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөніндегі жеке-дара сандық (сандар көмегімен өлшенетін) және (немесе) сапалық (белгілі бір қағидат және (немесе) белгі бойынша құрылған) деректер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;

      3-1) бағаларды тіркеу – жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды жүргізу кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағалар (тарифтер) туралы алғашқы статистикалық деректерді жинау;

      4) ведомстволық статистикалық байқау - мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органды қоспағанда, статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес статистикалық жұмыс жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізетін статистикалық байқау;

      5) жалпымемлекеттік статистикалық байқау - мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүргізетін статистикалық байқау;

      5-1) интервьюер – жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды және ұлттық санақтарды жүргізу кезінде респонденттер мен үй шаруашылықтарына сауал салуды жүзеге асыратын адам;

      6) мемлекеттік статистика - ресми статистикалық ақпаратты түзу;

      7) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган {бұдан әрі - уәкілетті орган) - өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      7-1) метадеректер – деректердің дереккөздері, әдіснамалар, анықтамалар, сыныптамалар және деректердің сапасы туралы пайдаланушыларға берілетін ақпаратта статистикалық деректер мен статистикалық процестерді стандартталған түрде сипаттайтын деректер және басқа да құжаттама;

      8) пайдаланушы - ресми статистикалық ақпаратты алуға өтініш жасайтын және (немесе) оны пайдаланатын тұлға;

      9) ресми статистикалық ақпарат - статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық ақпарат;

      10) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигі - пайдаланушыларды статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық көрсеткіштер туралы мәліметтермен қамтамасыз ететін құжат;

      11) респондент - статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқау объектісі бойынша деректерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері;

      12) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигі - респонденттердің тобы, статистикалық байқаулардың атаулары, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну кезеңділігі мен мерзімдері және алғашқы статистикалық деректердің жиналуына жауапты мемлекеттік орган туралы мәліметтерді қамтитын құжат;

      13) статистикалық ақпарат - алғашқы статистикалық деректерді және (немесе) әкімшілік деректерді өңдеу процесінде алынып, біріктірілген деректер;

      14) статистикалық әдіснама - статистикалық қызметте пайдаланылатын, белгіленген тәртіппен бекітілген ғылыми негізделген амалдардың, тәсілдер мен әдістердің жиынтығы;

      15) статистикалық байқау - статистикалық байқау объектісі бойынша алғашқы статистикалық деректерді ғылыми-ұйымдастырып жинау;

      16) статистикалық байқау объектісі - өздері туралы сандық және (немесе) сапалық сипаттамалар жиналуға тиіс әлеуметтік-экономикалық объект және (немесе) құбылыс не олардың жиынтығы;

      17) статистикалық жұмыс жоспары - ұлттық санақтарды қоспағанда, жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізудің алғашқы статистикалық деректерді жинау мерзімдерін, ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру мерзімдерін айқындайтын жылдық жоспары;

      18) статистикалық қызмет - осы қызметті жоспарлауды, статистикалық әдіснаманы әзірлеуді, статистикалық байқау жүргізуді, алғашқы статистикалық және әкімшілік деректерді өңдеуді, қорғау мен сақтауды, статистикалық ақпаратты қалыптастыру мен таратуды қамтитын процесс;

      19) статистикалық нысан - статистикалық құжаттың алғашқы статистикалық деректерді белгіленген тәртіппен алуға немесе тіркеуге арналған қағаз немесе электрондық жеткізгіштегі формуляры {бланк, есептілік нысаны, сұрақтама, сауалнама, санақ парағы және басқа да формулярлар);

      20) статистикалық сыныптауыш - статистикалық байқау - объектісін топтарға, сыныптарға, разрядтарға бөлуге мүмкіндік беретін, жасау және жүйелеу принциптерінің, әдістерінің сипатталуын, сондай-ақ оны сәйкестендіру құралы болып қызмет ететін кодты қамтитын, оның нақты бір белгісі мәндерінің жүйеге түсірілген тізбесі;

      21) статистикалық тіркелім - статистикалық байқау объектісі бірліктерінің сандық және (немесе) сапалық сипаттамаларымен қоса жүйеге түсірілген тізбесі;

      21-1) телефон арқылы сауал салудың компьютерлендірілген жүйесі – телефонмен респонденттерге сауал салу арқылы жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе;

      22) ұлттық санақ – халық санағын және ауыл шаруашылығы санағын қамтитын, статистикалық жұмыстар жоспарынан тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті орган жүргізетін арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;

      23) үй шаруашылығы - бірге тұратын, өз табыстары мен мүлкін толықтай немесе ішінара біріктіретін және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бірлесіп тұтынатын бір немесе одан да көп жеке тұлғалардан құралған экономикалық субъект;

      23-1) халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респонденттерді сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау;

      24) шаруашылық бойынша есепке алу - үй шаруашылықтары мен шаруа және (немесе) фермер қожалықтары бойынша әкімшілік деректерді қалыптастыру процесі.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.11.2018 № 192-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және статистикалық ақпаратты түзу мен тарату процесіне байланысты қатынастарға қолданылады.

      2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу саласындағы қатынастар "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңмен реттеледі.

      3. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.30 № 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-бап. Мемлекеттік статистика органдары

      Мемлекеттік статистика органдарына:

      1) уәкілетті орган;

      2) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізетін және (немесе) ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыратын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жатады.

5-бап. Мемлекеттік статистиканың принциптері

      Мемлекеттік статистиканың негізгі принциптері:

      1) мемлекеттік статистиканың жалпы жұрт қабылдаған халықаралық стандарттармен, сыныптамалармен және әдістермен үйлесімді және салыстырмалы болуы;

      2) статистикалық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіптік тәуелсіздік және дербестік;

      3) пайдаланушылардың ресми статистикалық ақпаратқа теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету;

      4) алғашқы статистикалық деректердің құпиялылығы және олардың тек қана статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылуы;

      5) сапасын, уақтылығын, шығындарды және респонденттерге жүктемені ескере отырып, ақпарат дереккөздерінің барлық түрлерін пайдалану;

      6) ресми статистикалық ақпараттың дәйектілігі, ғылыми негізділігі, уақтылы берілуі мен жалпыға бірдей қолжетімділігі;

      7) статистикалық ақпараттың, алғашқы статистикалық және әкімшілік деректердің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

6-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаты мемлекеттік статистиканы жасауға, жұмыс істетуге, дамытуға және жетілдіруге бағытталған.

      2. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат мемлекеттік статистиканың принциптеріне негізделеді.

      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға өздерінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде айқындалған құзыреті шегінде қатысады.

      4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өздерінің қызметінде ресми статистикалық ақпаратты дереккөзге сілтеме жасай отырып пайдаланады, қандай да бір әлеуметтік-экономикалық объект немесе құбылыс бойынша ресми статистикалық ақпаратты алу мүмкіндігі болмаған кезде ғана ол бойынша өзге ақпаратты жинайды және пайдаланады.

7-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер

      Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер:

      1) статистикалық әдіснаманы қалыптастыру;

      2) мемлекеттік статистика принциптерін сақтай отырып,

      статистикалық қызметті жүзеге асыру;

      3) қоғамның, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру болып табылады.

8-бап. Ұсынылатын деректердің құпиялылық және қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз ету

      1. Алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      2. Мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің респондентке қатысты алғашқы статистикалық деректерді пайдалануына, оның ішінде өздері бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырған кезде пайдалануына жол берілмейді.

      3. Респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді қалыптастыру жөніндегі қызметіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де тұлғалардың араласуына жол берілмейді.

      4. Уәкілетті орган қалыптастыратын дерекқордағы мынадай мәліметтер:

      1) дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы;

      2) экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша экономикалық қызмет түрі;

      3) кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышы бойынша коды;

      4) бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      5) әкімшілік-аумақтық объектілердің сыныптауышы бойынша коды;

      6) заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің, сондай-ақ дара кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскерлер саны жөніндегі мөлшерлік сыныптауышы бойынша коды;

      7) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жалпыға қолжетімді ақпаратқа жататын респонденттер туралы ақпарат құпия болып табылмайды.

      5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, респондентті тікелей немесе жанама анықтауға немесе ол туралы алғашқы статистикалық деректерді айқындауға мүмкіндік беретін статистикалық ақпарат және деректер базалары құпия болып табылады және ол респонденттің келісімі болғанда ғана таратылуы мүмкін.

      Сыртқы сауда қызметі саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мәліметтер Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасына сәйкес тергеп-тексеруді жүргізу мақсатында ұсынылады.

      6. Деректер базаларын ғылыми мақсаттарда уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, сәйкестендірілмеген түрінде ұсынуға және пайдалануға жол беріледі.

      7. Мемлекеттік құпияларды қамтитын статистикалық ақпаратты беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 08.06.2015 № 317-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      1. Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдар арасындағы мемлекеттік статистика саласындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік статистика органдарының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде статистикалық ақпаратты таратуға және пайдаланылатын статистикалық әдіснама бойынша тәжірибе алмасуға құқығы бар.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК СТАТИСТИКА САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

10-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік статистика саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік статистика саласында:

      1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

      2) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      3) ұлттық санақ жүргізу туралы шешім қабылдайды және оны жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;

      4) ұлттық санақтар жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;

      5) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.11.2018 № 192-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін үйлестіреді;

      2) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырады;

      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      4) халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдіснаманы қалыптастырады;

      5) жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснаманы, оның ішінде әдістемелерді бекітеді;

      6) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды ұйымдастырады және жүргізеді;

      6-1) уәкілетті органның қызметіне қанағаттанушылық деңгейін мониторингілеу мақсатында респонденттер мен пайдаланушыларға сауал салу тәртібін айқындайды және оны жүргізеді;

      6-2) жалпымемлекеттік және (немесе) ведомстволық статистикалық байқаулар бойынша статистикалық нысандардың және оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтардың жобаларын тестілеу және талқылау тәртібін айқындайды және оларды респонденттердің ерікті негізде қатысуымен жүргізеді;

      7) бағаларды тіркеу тәртібін айқындайды және оны жүргізеді;

      8) жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізу үшін статистикалық нысандарды, оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды, сондай-ақ оларды бекіту тәртібін бекітеді;

      8-1) жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды және ұлттық санақтарды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес өтеулі қызметтер көрсету шарты бойынша интервьюерлер санын және олар көрсететін қызметтердің құнын есептеуді бекітеді;

      8-2) жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды және ұлттық санақтарды жүргізу кезінде адамдарды интервьюер ретінде тарту тәртібін айқындайды;

      9) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      10) мемлекеттік органдарда қалыптастырылатын бірыңғай есептілік тізілімін әзірлейді;

      11) мемлекеттік органдардың статистикалық ақпарат түзу процесін сипаттаудың үлгілік әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      12) ведомстволық сыныптамаларды жүргізудің үлгілік әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      13) мемлекеттік органдардың қолдануы үшін метадеректерді қалыптастырудың үлгілік әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      14) респонденттер алғашқы статистикалық деректерді ұсынған кезде оларды статистикалық нысандармен және осы нысандарды толтыру жөніндегі нұсқаулықтармен қамтамасыз етеді;

      15) респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алады;

      15-1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен байланыс операторларынан респонденттер жөнінде байланыс деректерін алады;

      16) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен үй шаруашылықтарынан өздерінің кірістері мен шығыстары туралы қажетті алғашқы статистикалық деректерді өтеулі және өтеусіз негізде алады;

      17) статистикалық ақпаратты түзу кезінде алғашқы статистикалық деректердің анықтығын растау үшін респонденттерден қосымша ақпарат талап етеді;

      18) респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді бұрмалаулары анықталған кезде респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді қамтитын статистикалық нысандарға түзетулер енгізуді талап етеді;

      18-1) статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қайта қарайды;

      19) әкімшілік деректерді статистикалық ақпаратты түзу және статистикалық тіркелімдерді жаңарту үшін ғана пайдаланады;

      20) оларды уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастыру арқылы мемлекеттік статистика органдарын статистикалық сыныптауыштармен қамтамасыз етеді;

      21) республиканың және оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпараттық статистикалық дерекқор жинақтауды, жүргізуді және оны жаңартуды қамтамасыз етеді;

      22) мемлекеттік статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін ұйымдастырады;

      23) статистикалық ақпараттың сапасын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік статистика органдарының статистикалық қызметінің уәкілетті орган бекіткен ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснамаға сәйкестігіне талдау жүргізеді және талдау жүргізу үшін қажет құжаттарды (ақпаратты) сұратады;

      24) мемлекеттік статистика саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан тексеруді қоспағанда, респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      24-1) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      25) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады және ынтымақтастық шеңберінде шарттар жасасады;

      26) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2018 № 192-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-1-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау

      1. Мемлекеттік статистика саласындағы әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау әкімшілік дереккөздерге бармай және бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      2. Әкімшілік дереккөздерге бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Әкімшілік дереккөздерге бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау:

      1) әкімшілік деректерді жинауға арналған келісілмеген нысандарды;

      2) көрсеткіштерді есептеудің келісілмеген әдістемелерін;

      3) әкімшілік дереккөздер ұсынған әкімшілік деректердің анықтығын;

      4) шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығын айқындау мақсатында жүргізіледі.

      4. Шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығын нақтылауды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      5. Әкімшілік дереккөздерге бармай профилактикалық бақылауды уәкілетті орган және (немесе) оның аумақтық органдары ресми дереккөздерден уәкілетті орган алған деректерді мониторингтеу, талдау және салыстыру жолымен жүргізеді.

      6. Әкімшілік дереккөздерге бару арқылы профилактикалық бақылауды:

      1) орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар бойынша – уәкілетті орган;

      2) жергілікті атқарушы органдар және кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бойынша – уәкілетті органның аумақтық органдары жүзеге асырады.

      7. Әкімшілік дереккөздерге бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша олардың әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда:

      1) орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар бойынша – бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде;

      2) жергілікті атқарушы органдар және кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бойынша бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қорытынды ресімделеді және жіберіледі.

      8. Қорытынды әкімшілік дереккөзге қол қойғызып, жеке өзіне табыс етіледі немесе оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен немесе ресми дереккөздерден (әкімшілік дереккөздің ресми интернет-ресурсынан) алынған электрондық мекенжай бойынша не алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.

      9. Әкімшілік дереккөзге бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды ол табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалады.

      10. Әкімшілік дереккөз қорытындыда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, қорытындыны жіберген уәкілетті органға және (немесе) аумақтық органға қорытынды табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      Әкімшілік дереккөзге бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау әкімшілік дереккөзге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің тізіміне енгізу арқылы әкімшілік дереккөзге бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.

      Ескерту. 2-тарау 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

12-2-бап. Респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау респонденттерге бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      2. Респонденттерге бармай профилактикалық бақылау респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигінде көрсетілген мерзімдерде респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсынбағанын, сондай-ақ анық емес алғашқы статистикалық деректерді ұсынғанын анықтау түрінде жүзеге асырылады.

      3. Респонденттерге бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда қорытынды ресімделеді, ол бұзушылықтар анықталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде респондентке жіберіледі.

      4. Қорытынды респондентке қол қойғызып, жеке өзіне табыс етіледі немесе оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе ресми дереккөздерден алынған электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабармен не алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.

      5. Респондентке арналған қорытынды респонденттің тіркелген жеріне жіберіледі.

      6. Қорытынды:

      1) қорытындыны алғаны туралы респонденттің қолтаңбасы болған;

      2) қорытынды респонденттің (жеке тұлғаның) жеке өзіне немесе онымен бірге тұратын кәмелеттік жастағы отбасы мүшелерінің біріне табыс етілетін тапсырысты хатпен, жөнелтушіге қайтарылуға жататын хабарламаға қол қойғызып табыс етілген жағдайларда, тиісті түрде жеткізілді деп танылады.

      Заңды тұлғаға арналған қорытынды басшыға не оның уәкілетті адамына табыс етіледі, ол табыс етілгені туралы хабарламаға өзінің тегін, инициалдарын және лауазымын көрсете отырып, қорытындыны алғаны жөнінде қол қояды;

      3) қорытынды респонденттің тіркелген мекенжайы бойынша тапсырысты хатпен жіберілген, бірақ көрсетілген мекенжай бойынша респонденттің болмауы (тұрмайтыны, болмайтыны) себепті табыс етілмеген;

      4) қорытынды респондент немесе оның өкілі қол қойған, бұрын ұсынылған статистикалық нысанда респондент көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабар түрінде жіберілген жағдайларда, тиісті түрде жеткізілді деп танылады.

      7. Респондент қорытындыны қабылдаудан бас тартқан кезде, оны жеткізген немесе табыс еткен адам хабарламаға тиісті белгі қойып, оны органға (лауазымды адамға) қайтарады.

      8. Респонденттің қорытындыны қабылдаудан бас тартуы одан әрі процестік әрекеттерді жасауға кедергі болып табылмайды.

      9. Респондентке бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.

      10. Респондент қорытындыда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, қорытындыны жіберген уәкілетті органға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қарсылықты жеткізе отырып жіберуге құқылы.

      11. Респондентке бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау уәкілетті органға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне әкімшілік іс жүргізуді қозғау құқығын береді.

      12. Респондентке бармай профилактикалық бақылау статистикалық нысанда белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.

      Ескерту. 2-тарау 12-2-баппен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

13-бап. Мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті

      Осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік статистика органдары:

      1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен қалыптастыруға уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қатысады;

      3) статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық

      статистикалық байқауларды жүргізеді және ресми статистикалық

      ақпаратты қалыптастырады;

      4) статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұрмалаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықталған жағдайда алғашқы статистикалық деректердің дәйектілігін растау үшін респонденттерден қосымша ақпарат талап етеді;

      5) ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізу кезінде респонденттерден алғашқы статистикалық деректерді өтеусіз негізде алады;

      5-1) статистикалық әдіснама өзгерген жағдайда статистикалық мақсаттар үшін және жаңартылған, құжатпен расталған ақпарат негізінде жарияланған ресми статистикалық ақпаратты уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қайта қарайды;

      6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.11.2018 № 192-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Уәкілетті орган

      1. Уәкілетті органның кәсіптік тәуелсіздігі, оның ішінде статистикалық әдіснаманы әзірлеу мен бекіту бойынша кәсіптік тәуелсіздігі болады.

      2. Уәкілетті органның бірыңғай жүйесін орталық атқарушы орган мен оған бағынысты аумақтық органдар құрайды.

      3. Аумақтық органдар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық атқарушы орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.

15-бап. Уәкілетті органның тәуелсіздігін қамтамасыз ету

      Уәкілетті органның тәуелсіздігі:

      1) уәкілетті органның қызметіне мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол бермеу арқылы;

      2) оның қызметін жүзеге асыру үшін тиісті қаржылық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етіледі.

16-бап. Әкімшілік дереккөздердің құқықтары мен міндеттері

      1. Әкімшілік дереккөздердің осы Заңның 26-бабына сәйкес ресми статистикалық ақпаратты алуға құқығы бар.

      2. Кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізуге, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыруға және шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дәйектілігін қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Әкімшілік дереккөздер:

      1) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын қолдануға;

      2) салықтардың және бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін нысандарды қоспағанда, әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды, сондай-ақ көрсеткіштерді есептеу әдістемелерін уәкілетті органмен келісу бойынша бекітуге;

      3) әкімшілік деректерді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде өтеусіз негізде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органға банктік құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, әкімшілік деректерді ұсынады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2014 № 236-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2018 № 192-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Респонденттердің құқықтары мен міндеттері

      1. Респонденттердің:

      1) ресми статистикалық ақпаратты алуға;

      2) мемлекеттік статистика органдарынан алғашқы статистикалық деректердің құпиялылығын сақтауды талап етуге;

      3) уәкілетті органнан статистикалық нысандарды толтыру тәртібі жөнінде түсініктер алуға;

      3-1) алғашқы статистикалық деректерді мынадай тәсілдердің бірімен:

      Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен электрондық түрде;

      қағаз жеткізгіште;

      телефон арқылы сауал салудың компьютерлендірілген жүйесі арқылы;

      интервьюер жеке сауал салуды жүргізген кезде ұсынуға;

      4) алғашқы статистикалық деректерді электрондық түрде ұсыну үшін қажетті статистикалық нысанды және (немесе) бағдарламалық қамтамасыз етілімді қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде өтеусіз негізде алуға;

      5) уәкілетті орган көрсететін мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға;

      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқығы бар.

      2. Респонденттер:

      1) статистикалық байқаулар жүргізу кезінде респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне және статистикалық әдіснамаға сәйкес дәйекті алғашқы статистикалық деректерді ұсынуға;

      2) мемлекеттік статистика органдарының осы Заңда көзделген талаптарын орындауға міндетті.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.11.2018 № 192-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Пайдаланушылардың құқықтары

      Пайдаланушылардың:

      1) ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес ресми статистикалық ақпаратқа бір мезгілде және теңдей қол жеткізуге;

      2) ресми статистикалық ақпаратты дереккөзге сілтеме жасай отырып жеке мақсатта пайдалануға құқығы бар.

3-тарау. СТАТИСТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

19-бап. Статистикалық қызметті жоспарлау

      1. Статистикалық қызмет уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 қарашасына дейін бекіткен статистикалық жұмыстар жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті орган статистикалық жұмыс жоспарын орындау үшін респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін бекітеді.

      3. Уәкілетті орган статистикалық жұмыс жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға арнап қалыптастырады. Мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз ұсыныстарын жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде уәкілетті органға ұсынады.

      4. Уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде статистикалық жұмыс жоспарын, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигін және ресми статистикалық ақпаратты тарату графигін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.11.2018 № 192-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Статистикалық байқау

      1. Мемлекеттік статистика органдары статистикалық байқауларды статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық нысандар бойынша жүргізеді.

      2. Статистикалық байқауларды жүргізу кезінде оған орталық және жергілікті атқарушы органдар мен олардың лауазымды адамдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, олардың бірлестіктерінің араласуына жол берілмейді.

21-бап. Ұлттық санақтар

      1. Ұлттық санақтарды жүргізу қажеттігін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      2. Уәкілетті орган ұлттық санақтарды статистикалық жұмыс жоспарынан тыс жүргізеді.

      3. Ұлттық санақтар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті органға да, арнайы құрылған комиссияға да жүктеуі мүмкін

      4. Ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер алғашқы статистикалық деректерге жатады және олар жеке немесе заңды тұлғаға мүліктік және моральдық зиян келтіру, олардың құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуын қиындату мақсатында пайдаланылмауға тиіс.

      5. Ұлттық санақтар жүргізу кезінде респонденттер алғашқы статистикалық деректерді міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынады.

22-бап. Статистикалық әдіснама

      1. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру статистикалық әдіснамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Ведомстволық статистикалық байқаулар және статистикалық ақпаратты қалыптастыру жөніндегі статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарына жататын мемлекеттік органдар әзірлейді және оны осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, уәкілетті орган бекітеді.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізетін ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі және олардың статистикалық ақпаратты қалыптастыруы жөніндегі статистикалық әдіснаманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлейді және оны уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.

      4. Статистикалық әдіснама ғылыми әдістер мен көзқарастар негізінде әзірленеді, оны мемлекеттік статистика органдары таратады және ол қолжетімді болуға тиіс.

      5. Мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де тұлғалардың статистикалық әдіснаманы қалыптастыруға араласуына жол берілмейді.

23-бап. Статистикалық сыныптауыштар мен тіркелімдер

      1. Статистикалық қызметті жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен әзірленген және бекітілген статистикалық сыныптауыштардың қолданылуы міндетті.

      2. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін уәкілетті орган мынадай статистикалық тіркелімдерді:

      1) статистикалық бизнес-тіркелімді;

      2) халықтың статистикалық тіркелімін;

      3) ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімін;

      4) тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімін жүргізуді жүзеге асырады.

      3. Статистикалық тіркелімдер тек қана статистикалық мақсаттарда жүргізіледі және оларды статистикалық байқау объектілерінің тіркелімдерде қамтылған қасиеттерін және (немесе) сандық сипаттамаларын ресми растау үшін пайдалануға болмайды.

      4. Статистикалық бизнес-тіркелім Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы ақпаратты қамтиды.

      5. Халықтың статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан жеке тұлғалар туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде уақытша тұрып жатқан оның азаматтары туралы ақпаратты қамтиды.

      6. Ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін субъектілер жөніндегі ақпаратты қамтиды.

      7. Тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасының барлық меншік нысанындағы тұрғын үйлері туралы ақпаратты қамтиды.

      8. Статистикалық тіркелімдердің деректеріне өзекті сипат беру алғашқы статистикалық және (немесе) әкімшілік деректер негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-1-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік монополия

      1. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік монополияға мынадай қызмет түрлері:

      1) жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулар және ұлттық санақтар кезінде алынған, аумақтық статистика органдары мен респонденттер ұсынған алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және оларды электрондық түрде сақтау;

      2) ақпараттық-статистикалық жүйелерді, дерекқорларды және олардың тұғырнамаларын, статистика тіркелімдерін, уәкілетті органның интернет-ресурсын қалыптастыру, сүйемелдеу және оларды өзекті ету;

      3)статистикалық жарияланымдарды қалыптастыру және статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес уәкілетті органның таратуына жататын ресми статистикалық ақпаратты тарату;

      4) ресми статистикалық ақпаратты тарату кестесінде көзделмеген статистикалық ақпаратты қалыптастыру жатады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған қызмет түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.

      Ескерту. 3-тарау 23-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 № 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.11.2018 № 192-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру дереккөздері

      Статистикалық ақпаратты қалыптастыру кезінде:

      1) алғашқы статистикалық деректер;

      2) әкімшілік деректер;

      3) мемлекеттік органдардың статистикалық ақпараты;

      4) басқа мемлекеттердің статистика органдары мен халықаралық ұйымдардың статистикалық ақпараты дереккөз ретінде қызмет етеді.

25-бап. Өңдеу және сақтау

      1. Статистикалық байқаулар жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректер және (немесе) әкімшілік деректер статистикалық әдіснамаға сәйкес және мемлекеттік статистиканың принциптері сақтала отырып өңделеді.

      2. Алғашқы статистикалық немесе әкімшілік деректерді қамтитын қағаздағы жеткізгіштер көрсетілген деректер негізінде қалыптастырылған ресми статистикалық ақпарат таратылған кезден бастап кемінде бір жыл сақталады. Алғашқы статистикалық немесе әкімшілік деректерді қамтитын электрондық жеткізгіштер кемінде елу жыл сақталады.

26-бап. Статистикалық ақпаратты тарату

      1. Ресми статистикалық ақпарат ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес статистикалық жұмыс жоспарында көзделген көлемде таратылуға жатады.

      2. Мемлекеттік статистика органдары сапалы ресми статистикалық ақпаратты және статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарының интернет-ресурстарына орналастыру арқылы пайдаланушылардың оларға бір мезгілде қол жеткізуіне тең құқықтарын қамтамасыз етеді.

      3. Ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген және оны әзірлеуге қосымша шығындарды талап ететін статистикалық ақпарат өтеулі негізде беріледі.

      Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілеттіктерін жүзеге асыруы мақсатында олардың біржолғы сауалдары негізінде ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген және респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне сәйкес респонденттер ұсынатын алғашқы статистикалық деректер негізінде әзірленген статистикалық ақпарат, осы Заңның 8-бабының талаптары сақтала отырып, уәкілетті орган белгіленген тәртіппен өтеусіз негізде берілуі мүмкін.

      4. Статистикалық ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары сақтала отырып қамтамасыз етіледі.

      5. Мемлекеттік органдар әкімшілік деректер бойынша қалыптастырылатын статистикалық ақпаратты өздері дербес таратады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы

      заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген

      жауаптылыққа әкеп соғады.

      2. Мемлекеттік статистика органдарының жұмыскерлері респондентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін алғашқы статистикалық деректерді, статистикалық ақпаратты және (немесе) дерекқорды жоғалтқаны, сатқаны, бергені және өзге де заңсыз жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.

      3. Мемлекеттік статистика органдары қызметкерлерінің немесе олардың лауазымды адамдарының респондентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін алғашқы статистикалық деректерді не статистикалық ақпаратты және (немесе) деректер базаларын жоғалтуы, жария етуі салдарынан жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2014 № 236-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Мемлекеттік статистика туралы" 1997 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 9, 91-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; 2002 ж., № 1, 3-құжат; № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 143-құжат; 2007 ж., № 4, 33-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 жылғы 9 ақпанда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев