Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 11 шілдедегі N 182-IV Заңы

Қолданыстағы

       1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 2, 15-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат):

      1) 1 , 3 және 4-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) әскери мақсаттағы тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер - қару-жарақ, әскери техника мен олардың оқ-дәрілері, әскери өнімнің өзге де түрлері, жұмыстар (оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық), құжаттама, зияткерлік меншік құқығы объектілері және әскери-техникалық мақсаттағы ақпарат;
      2) қорғаныстық тапсырыстың мемлекеттік тапсырыс берушісі (бұдан әрі - мемлекеттік тапсырыс беруші) - мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сатып алынатын әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жасауға, зерттеуге, өндіруге, беруге арналған тапсырыстарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
      3) қорғаныстық тапсырысты орындаушы (бұдан әрі - орындаушы) - мемлекеттік тапсырыс берушімен жасалған шарт негізінде қорғаныстық тапсырысты орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      4) қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер - азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бірақ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың мемлекеттік тапсырыс берушілері әскери мақсаттағы тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер ретінде пайдалануы не кейіннен қайта бейімдеуі және пайдалануы мүмкін өнім мен технологиялар;
      5) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс (бұдан әрі - қорғаныстық тапсырыс) - мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен міндеттемелерді орындауы үшін сатып алынатын әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемін бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актісі;
      6) уәкілетті орган - қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      7) уәкілетті ұйым - қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді отандық жеткізушілер жүзеге асыратын көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің импортын қоспағанда, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің импортын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым.";

      "3-бап. Қорғаныстық тапсырыстың құрамы

      1. Қорғаныстық тапсырыстың құрамына:
      1) қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы, техникалық құралдарды, оқ-дәрілер мен оларды жинақтаушыларды өндіру және беру;
      2) Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жарақтандырудағы қару-жарақтың, әскери техниканың және оқ-дәрілердің тәжірибелік үлгілерін әзірлеу, жаңғырту жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар;
      3) қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу, жаңғырту және оларға регламенттелген техникалық қызмет көрсету, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлерді және әскери құралымдарды жарақтандырудан алып тасталған қару-жарақты, әскери техниканы және оқ-дәрілерді кәдеге жарату, залалсыздандыру және жою;
      4) әскери объектілерді салу, реконструкциялау және техникалық жағынан қайта жарақтандыру;
      5) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлердің және әскери құралымдардың әскери қызметшілері үшін әскери киім нысанын, айырым белгілерін және жеке қорғану құралдарын өндіру кіреді.
      2. Қорғаныстық тапсырыс:
      1) берілуге тиіс әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің тізбесі (номенклатурасы) мен көлемін, осы берілімдердің мерзімдерін;
      2) қорғаныстық тапсырыстың тұтастай, сондай-ақ оның бөліктері мен оны өткізудің жекелеген кезеңдері бойынша болжамды құнын (бағасын);
      3) мемлекеттік тапсырыс берушілердің тізбесін;
      4) ықтимал орындаушылардың тізбесін қамтуға тиіс.

      4-бап. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру

      1. Уәкілетті орган қорғаныстық тапсырыстың жобасын мемлекеттік тапсырыс берушілердің өтінімдері бойынша елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін ескере отырып, тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде әзірлейді және қалыптастырады.
      2. Орындаушыларды таңдау мемлекеттік тапсырыс берушілердің қорғаныстық тапсырысты қалыптастыруы кезінде уәкілетті органмен келісім бойынша отандық тауар өндірушілердің, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілердің және (немесе) уәкілетті ұйымның арасынан және өндірістің, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғаудың да қажетті жағдайларын қамтамасыз ету мүмкіндіктері, неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларда талапқа сай келетін сапалы әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жасау және (немесе) жеткізіп беру қабілеті негізге алына отырып жүргізіледі.
      3. Орындаушыны отандық тауар өндірушілердің, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілердің және (немесе) уәкілетті ұйымның арасынан айқындау мүмкін болмаған жағдайда, мемлекеттік тапсырыс беруші орындаушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген қорғаныс қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібіне сәйкес шетелдік заңды тұлғалардың арасынан айқындайды.";

      2) 2-баптың тақырыбындағы және мәтініндегі "Мемлекеттік" деген сөз алып тасталып, "қорғаныстық" деген сөз "Қорғаныстық" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) 5-бапта :
      1-тармақ "жөндеудің" деген сөзден кейін ", жаңғыртудың" деген сөзбен толықтырылсын;
      2-тармақтағы "өнімнің" деген сөз "әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 6-бапта :
      2-тармақта:
      "Тапсырыс беруші" деген сөздер "Мемлекеттік тапсырыс беруші" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "жасалатын өнімнің" деген сөздер "өздеріне берілетін әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3-тармақтағы "өнімнің" деген сөз "әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және
              уәкілетті органның құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңы қабылданғаннан кейін екі ай мерзімде қорғаныстық тапсырысты осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде жыл сайын бекітеді;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесін бекітеді;
      3) уәкілетті органды айқындайды;
      4) уәкілетті ұйымды айқындайды.
      2. Уәкілетті орган:
      1) қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылықты жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесін әзірлейді;
      3) қорғаныстық тапсырысты қалыптастырады, оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады және бекітілген қорғаныстық тапсырыс тапсырмаларын мемлекеттік тапсырыс берушілер мен орындаушыларға жеткізеді;
      4) салааралық үйлестіруді және қорғаныстық тапсырыстың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.";

      6) 8-бапта :
      1) тармақшадағы "өнімнің" деген сөз "әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесінің жинағына сәйкес қорғаныстық тапсырыс мәліметтерінің құпиялылық дәрежесін айқындайды;";
      3) тармақша алып тасталсын;
      4) тармақша "шарттар жасасады" деген сөздерден кейін ", қаржыландыруды қамтамасыз етеді" деген сөздермен толықтырылсын;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері үшін техникалық сипаттамаларды әзірлейді, техникалық құжаттамада көзделген қару-жарақ пен әскери техниканың тәжірибелік және сериялы үлгілерін сынауға қатысады;";
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) қару-жарақ пен әскери техниканың тәжірибелік үлгілерін қарулануға (жарақтандыруға) қабылдап алу үшін құжаттар әзірлеуге, оларды сериялап өндіруге тапсыру үшін конструкторлық құжаттаманы бекітуге қатысады;";
      8) тармақша алып тасталсын;

      7) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-бап. Орындаушылардың қорғаныстық тапсырысты
              орындау кезіндегі функциялары

      Орындаушылар:
      1) мемлекеттік тапсырыс берушілер мен уәкілетті органның сұратуы бойынша өз қызметі туралы ақпаратты ұсынады;
      2) қорғаныстық тапсырысты мемлекеттік тапсырыс берушімен жасалған шарт негізінде орындайды;
      3) орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің, әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды жеткізудің мемлекеттік тапсырыс берушімен жасалған шарт талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді;
      4) әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасын негіздейді;
      5) қорғаныстық тапсырысты орындау үшін қажетті әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің импортын жүзеге асырады.";

      8) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап. Қорғаныстық тапсырыс туралы заңнаманы бұзғаны үшін
               жауаптылық

      Қазақстан Республикасының қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.".

      2. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 17, 135-құжат; 2008 ж., N 13-14, 58-құжат; N 20, 87-құжат;  N 21, 97-құжат; N 24, 128-құжат; 2009 ж., N 2-3, 21-құжат; 2009 жылғы 8 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ; 2009 жылғы 6 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 7 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ):

      1) 4-баптың 1-тармағының 43) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "43) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерден және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған уәкілетті ұйымнан сатып алу;";

      2) 41-1-баптың тақырыбы мен бірінші абзацы "сатып алудың" деген сөздер "сатып алуды жүзеге асырудың" деген сөздермен ауыстырылсын.

       2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев