Үшінші елдерге қатысты кедендік әкету баждары туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 18 қарашадағы N 83-IV Заңы

Қолданыстағы

      Мәскеуде 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Үшінші елдерге қатысты кедендік әкету баждары туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                Н.НАЗАРБАЕВ

Үшінші елдерге қатысты кедендік әкету
баждары туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Әрбір Тарап оларға қатысты осы баждардың ставкаларын көрсете отырып, кедендік әкету баждарын қолдану көзделген Тарап мемлекетінің заңнамасында осы Келісімнің күшіне енуі күніне осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттерге (бұдан әрі - үшінші елдер) жеткізілетін тауарлар тізбесін (бұдан әрі - тауарлар тізбесі) қалыптастырады және осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде оны 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа сәйкес құрылған Кеден одағының комиссиясына (бұдан әрі - Комиссия) жібереді.
      2. Комиссия осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде оларға қатысты Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында осы баждардың ставкаларын көрсете отырып, кедендік әкету баждарын қолдану көзделген үшінші елдерге жеткізілетін Тауарлардың жиынтық тізбесін (бұдан әрі - тауарлардың жиынтық тізбесі) қалыптастырады және оны Тараптарға жібереді.

2-бап

      Тараптар кедендік әкету баждарының тауарлар тізбелері мен ставкаларын біріздендіруге ұмтылады.
      Тараптар жекелеген келісіммен Тараптар айқындайтын жағдайларды қоспағанда, тауарлардың тізбесін біржақты тәртіппен кеңейтпейді.

3-бап

      Егер, осы тауарға қатысты кедендік әкету баждарын қолданатын бір Тарап мемлекетінің аумағында өндірілген тауар осы тауарға қатысты кедендік әкету баждарын қолданбайтын не кедендік әкету баждарының аз ставкаларын қолданатын екінші Тарап мемлекетінің аумағынан үшінші елге жеткізілсе, осы екінші Тарап, аумағында тауар өндірілген және тауарлардың жиынтық тізбесінде көрсетілген Тарап мемлекетіндегі қолданыстағы ставкалар бойынша кедендік әкету баждарын өндіріп алуды қамтамасыз етуге міндетті.

4-бап

      Тараптардың бірі Тараптармен келісім бойынша немесе осы Келісімнің 2-бабына сәйкес жасалған келісім негізінде тауарлардың тізбесіне немесе кедендік әкету баждарының ставкаларына өзгерістер енгізген жағдайда, онда бұл Тарап жоспарланатын және енгізілген өзгерістер туралы Комиссияны хабардар етеді.
      Комиссия тауарлардың жиынтық тізбесін түзетуді жүзеге асырады және Тараптарды оған тиісті өзгерістер енгізу туралы хабарлайды.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге келмеген жағдайда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сотына қарауға беріледі.

6-бап

      Тараптардың уағдаластықтары бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға, одан шығуға және оған қосылуға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 25 қаңтарда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалған.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын, оның куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.

            Беларусь             Қазақстан             Ресей
       Республикасының      Республикасының       Федерациясының
        Үкіметі үшін          Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Үшінші елдерге қатысты кедендік әкету баждары туралы келісімнің орыс тіліндегі мәтініне дәлме-дәл екенін растаймын.

       Вице-министр                           Е. Мамытбеков