"Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 17 маусымдағы N 41-IV Конституциялық заңы

Қолданыстағы

      1-бап. »"Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 24, 173-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 22, 129-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 3-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін Республика Президенті қызметке тағайындайды, Конституциялық Кеңеске екі-екі мүшеден Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуы бойынша тиісінше Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.";

      2) 15-бапта:
      1-тармақтың 2) тармақшасындағы "лауазымды адам" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Президенті, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың 10) тармақшасы алып тасталсын;

      3) 17-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 2-1), 3) тармақшаларына сәйкес:
      1) Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін;
      2) Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың;
      3) Республиканың халықаралық шарттарының олар ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарайды.";

      4-тармақтың 2) тармақшасындағы "53-бабы 1-тармағы 11)-тармақшасына" деген сөздер "53-бабының 6) тармақшасына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 22-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-1) егер өтініште Парламент және оның Палаталары қаулыларының Республика Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылған жағдайда Парламент және оның Палаталары қаулыларының атауы, қабылданған күні;";

      5) 35-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Конституциялық Кеңес мына жағдайларда қосымша шешімдер қабылдайды, егер:
      1) Конституциялық Кеңестің шешіміне түсіндірме беру туралы мәселе қойылса. Мұндай жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштері бойынша қабылданады;
      2) Конституциялық Кеңестің шешімінде жіберілген редакциялық сипаттағы дәлсіздіктер мен қателерді түзету қажет болса. Мұндай жағдайда Конституциялық Кеңес қосымша шешімді өз бастамасы бойынша қабылдайды.";

      6) 36-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "36-бап. Конституциялық Кеңестің шешімін қайта қарау

      1. Конституциялық Кеңестің шешімін ол Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша мына жағдайларда, егер:
      1) қабылданған шешімге негіз болған Конституция нормасы өзгерсе;
      2) өтініштің мәні үшін жаңа елеулі мән-жайлар ашылса, қайта қарауы мүмкін.
      2. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Кеңестің шешімін ол Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша қайта қарауы мүмкін.
      3. Шешімді қайта қарау туралы Конституциялық Кеңес қаулы шығарып, ол арқылы осы шешімнің күшін жояды.
      4. Қорытынды шешім қайта қаралған жағдайда Конституциялық Кеңестің Төрағасы өз өкімімен осы мәселе бойынша жаңа отырыс өткізудің күні мен тәртібін белгілейді.";

      7) 38-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы "он күн" деген сөздер "бір ай" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 39-баптың 2-тармағында:
      "Конституция мен бекітілген адам мен азамат құқықтарына және бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған, осыған орай конституциялық емес" деген сөздер "Конституциялық емес, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "және қолданылуға жатпайды" деген сөздер ", қолданылуға жатпайды және олардың күші жойылады." деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 40-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "40-бап. Конституциялық Кеңестің шешімдерін орындау

      1. Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу тәртібін және мерзімдерін белгілей алады.
      Егер Конституциялық Кеңестің шешімі мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды немесе мемлекеттік кірістерді қысқартуды талап еткен жағдайда, Конституциялық Кеңес өзі қабылдаған шешімдердің орындалу мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша белгілейді.
      2. Конституциялық Кеңестің шешімін орындау үшін қолданылған шаралар туралы оған тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Конституциялық Кеңес белгілеген мерзімде хабарлайды.
      3. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлай отырып, Конституциялық Кеңестің шешімдерінде қамтылған заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды міндетті түрде қарауға тиіс.".

      2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                      Н. Назарбаев