Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз дайындалуына және айналымына қарсы хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасы 2008 жылғы 4 маусымдағы N 39-IV Заңы.

Қолданыстағы

      Нью-Йоркте 2001 жылғы 31 мамырда қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз дайындалуына және айналымына қарсы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев

Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан
қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Атыс қаруының,
оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ
оның оқ-дәрілерінің заңсыз жасалуына және айналымына
қарсы хаттама

      (2008 жылғы 30 тамызда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2008 ж., N 5, 26-құжат)

Кіріспе

Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер


      Халықтың әл-ауқатына, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және бейбіт өмір сүру құқығына қауіп төндіре отырып, әрбір мемлекеттің, өңірдің және жалпы әлемнің қауіпсіздігіне зиян келтіретіндіктен, атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз жасалуы мен айналымының алдын алу және жолын кесу және осы іс-әрекеттермен күресу қажеттілігін сезіне отырып,

      осыған байланысты барлық мемлекеттер халықаралық ынтымақтастық пен басқа да өңірлік және жаhандық деңгейдегі шараларды қоса алғанда, барлық тиісті шараларды қабылдау қажеттігіне көз жеткізе отырып,

      Ассамблея трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы тегіс қамти алатын халықаралық конвенцияны әзірлеу және әйелдер мен балаларды сатуға, атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз жасалуы мен айналымына қарсы күреске және мигранттарды заңсыз жеткізу және тасымалдауға, оның ішінде теңіз арқылы жеткізу және тасымалдауға арналған халықаралық құжаттарды әзірлеу туралы мәселені тиісінше тәртіппен талқылау үшін ашық құрамдағы үкіметаралық арнайы комитет құруға қаулы еткен Бас Ассамблеяның 1998 жылғы 9 желтоқсандағы 53/111 қарарына сілтеме жасай отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымның Жарғысында және Біріккен Ұлттар Ұйымның Жарғысына сәйкес мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық принциптері туралы декларацияда бекітілген халықтардың тең құқылығы және өзін-өзі билеу принциптерін еске ала отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының Атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз жасалуы мен айналымына қарсы халықаралық құжатпен толықтырылуы осындай қылмыстардың алдын алуға және олармен күресуге мүмкіндік туғызатынына сенім білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

I. Жалпы ережелер 1-бап Біріккен Ұлттар Ұйымның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясымен байланыс

      1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтырады. Ол Конвенциямен бірге түсіндіріледі.

      2. Конвенцияның ережелері, егер онда өзгеше көзделмесе, осы Хаттамаға mutatis mutandis қолданылады.

      3. Осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстар, Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстар ретінде қарастырылады.

2-бап Мақсаты

      Осы Хаттаманың мақсаты атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз жасалуы мен айналымының алдын алу мен жолын кесу және осы әрекеттермен күресу үшін Қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, жеңілдетуге және нығайтуға көмек көрсету болып табылады.

3-бап Терминдер

      Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:

      а) "атыс қаруы" көне атыс қаруын немесе оның модельдерін қоспағанда, атуды жүзеге асыратын, ату немесе жарылғыш заттың қуаты есебінен оқты немесе снарядты жылдамдатуға арналған алып жүретін кез келген ұңғылы қаруды білдіреді. Көне атыс қаруы және оның модельдері ішкі заңнамаға сәйкес айқындалады. Алайда көне атыс қаруына еш уақытта 1899 жылдан кейін дайындалған атыс қаруы кірмейді;

      b) "құрамдас бөліктер мен компоненттер" - әдейі атыс қаруына арналған және оның жұмыс істеуіне қажетті кез келген элементтерді немесе қосалқы бөлшектерді білдіреді, оның ішінде ұңғы, корпус немесе ұңғы қорапшасы, бекітпе немесе барабан, бекітпе осі немесе оқтауыш, сондай-ақ атыстың дыбысын азайтуға арналған немесе бейімделген кез келген құрылғы;

      с) "оқ-дәрілер" жиынтықтағы атуды немесе патрондық оқсауыттарды, капсюльдерді, ату зарядын, атыс қаруында қолданылатын оқтар мен снарядтарды қоса алғанда, тиісті Қатысушы мемлекеттің рұқсат беру жүйесіне кірген жағдайда оның компоненттерін білдіреді;

      d) "заңсыз дайындау" - атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін немесе оқ-дәрілерді:

      і) заңсыз айналымдағы құрамдас бөліктер мен компоненттерден;

      іі) жасау немесе құрастыру жүзеге асырылатын Қатысушы мемлекеттің құзыретті органының тиісті лицензиясынсыз немесе рұқсатынсыз; немесе

      ііі) жасау кезінде осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес атыс қаруын таңбасыз дайындауды немесе құрастыруды білдіреді;

      құрамдас бөліктер мен компоненттерді жасауға лицензия немесе рұқсат беру ішкі заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады;

      е) "заңсыз айналым" атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін бір Қатысушы мемлекеттің аумағынан немесе аумағы бойынша басқа Қатысушы мемлекеттің аумағына әкелуді/әкетуді, сатып алуды, сатуды, жеткізіп беруді, ауыстыруды немесе беруді білдіреді, егер кез келген мүдделі Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес рұқсат бермесе немесе осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес атыс қаруының таңбасы болмаса;

      f) "қадағалау" заңсыз жасауды және заңсыз айналымды анықтауда, тергеуде және талдау жүргізуде Қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарына көмек көрсету мақсатында атыс қаруын, мүмкін болған жерде оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін жасаушыдан бастап сатып алушыға дейін өтуінің барлық кезеңдерінде оларды жүйелі есепке алуды және бақылауды білдіреді.

4-бап Қолдану аясы

      1. Осы Хаттама, егер онда өзгеше көрсетілмесе, осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарға байланысты, егер осы қылмыстардың трансұлттық сипаты болса және ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуымен жасалса, атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасаудың және айналымының алдын алуға, тергеуге және қылмыстық қудалауға қолданылады.

      2. Осы Хаттама, егер Хаттаманы қолдану Біріккен Ұлттар Ұйымның Жарғысына сәйкес ұлттық қауіпсіздік мүддесінде шаралар қабылдайтын Қатысушы мемлекеттің құқығына нұқсан келтіруі мүмкін жағдайларда мемлекетаралық мәмілелерге немесе мемлекеттік беруге қолданылмайды.

5-бап Криминализация

      1. Әрбір Қатысушы мемлекет олар қасақана жасалса, мынадай әрекеттерді қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін қажет болатын осындай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:

      а) атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасау;

      b) атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің заңсыз айналымы;

      с) осы Хаттаманың 8-бабында көзделген атыс қаруын таңбалауды қолдан жасау немесе заңсыз алып тастау, жою немесе өзгерту.

      2. Әрбір Қатысушы мемлекет, сондай-ақ мына әрекеттерді қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін, қажет болса, осындай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:

      а) өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптерін сақтаған жағдайда осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыс жасауға оқталу немесе жасауға сыбайлас ретінде қатысу;

      b) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасау кезінде ұйымдастыру, басшылық ету, итермелеу, айдап салу, көмек көрсету немесе кеңестер беру.

6-бап Тәркілеу, тыйым салу және иеліктен айыру

      1. Конвенцияның 12-бабының ережелеріне нұқсан келтірмей, Қатысушы мемлекеттер өздерінің ішкі құқықтық жүйелері шеңберінде мүмкін болатын барынша жоғары деңгейде заңсыз жасалған немесе заңсыз айналымдағы атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін тәркілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін осындай шараларды қабылдайды.

      2. Қатысушы мемлекеттер өздерінің ішкі құқықтық жүйелері шеңберінде заңсыз жасалған немесе заңсыз айналымдағы атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің бұған уәкілетті емес адамдардың қолына түсуінің алдын алу үшін мұндай атыс қаруына, оның құрамдас бөліктері мен компоненттеріне, сондай-ақ оның оқ-дәрілеріне тыйым салу немесе жою арқылы, бұл атыс қаруына тиісті белгі салынбаған және бұл атыс қаруы мен оның оқ-дәрілерін иеліктен шығару құжатпен ресімделген жағдайда, егер оларды өзге жолмен иеліктен шығаруға ресми түрде рұқсат етілмесе, қажет болатын осындай шараларды қабылдайды.

II. Атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен
компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін
заңсыз жасаудың және айналымының алдын алу

7-бап Құжаттама

      Әрбір Қатысушы мемлекет атыс қаруына және бұл мақсатқа сай және іс жүзінде мүмкін болса, оның құрамдас бөліктері мен компоненттері, сондай-ақ оның оқ-дәрілеріне қатысты және заңсыз дайындалған немесе заңсыз айналымдағы атыс қаруына және бұл мақсатқа сай және іс жүзінде мүмкін болса, оның құрамдас бөліктері мен компоненттері, сондай-ақ оның оқ-дәрілеріне қатысты ақпаратты мұндай қызметтің алдын алу және анықтау үшін кемінде он жыл сақтауды қамтамасыз етеді. Мұндай ақпарат:

      а) осы Хаттаманың 8-бабында көзделген тиісті таңбаны;

      б) атыс қаруына, оның құрамдас бөліктері мен компоненттеріне, сондай-ақ оның оқ-дәрілеріне қатысты халықаралық мәмілелерге қатысты жағдайларда - тиісті лицензиялардың немесе рұқсаттардың берілген және әрекет ету мерзімінің аяқталатын күнін, экспорттау елінің, импорттау елінің, транзиттеу елінің, тиісті жағдайларда соңғы алушыны көрсетуді, сондай-ақ мұндай заттар сипаттамасы мен санын көрсетуді қамтиды.

8-бап Атыс қаруын таңбалау

      1. Атыс қаруының әр бірлігін сәйкестендіру және қадағалау мақсаттары үшін Қатысушы мемлекеттер:

      а) атыс қаруының әр бірлігін жасау процесінде жасаушының, елдің немесе жасалу орнының атауын және сериялық нөмірін көрсететін бірегей таңба қоюды талап етеді не болмаса цифрлы және/немесе әріптік-цифрлы кодтық белгісі бар үйлесімді қарапайым геометриялық белгілерден тұратын және барлық Қатысушы мемлекеттерге жасаушы елді жылдам анықтауға мүмкіндік беретін айналымдағы кез келген балама бірегей ыңғайлы таңбаны сақтайды;

      b) импортқа шығарылатын атыс қаруының әр бірлігінде, егер аталған атыс қаруында мұндай таңба жоқ болса, импорттау елін, егер мүмкін болса импорттау жылын айқындауға мүмкіндік беретін және осы елдің құзыретті органдарына осы атыс қаруын, сондай-ақ бірегей таңбаның бар-жоғын қадағалауға мүмкіндік беретін тиісті қарапайым таңбаның болуын қажет етеді. Осы тармақшада белгіленген талаптар заңды мақсатта тексеруге беру үшін атыс қаруының уақытша импортына қолданылмайды;

      с) азаматтық мақсаттарда ұдайы пайдалану үшін мемлекеттік запастардан атыс қаруын беру кезінде барлық Қатысушы мемлекеттерге беруші елді анықтауға мүмкіндік беретін тиісті бірегей таңбаның болуын қамтамасыз етеді.

      2. Қатысушы мемлекеттер атыс қаруын жасаған кәсіпорынды таңбаны жоюға немесе өзгертуге кедергі келтіретін шаралар әзірлеуде көтермелейді.

9-бап Атыс қаруын есептен шығару

      Өзінің ішкі заңнамасына сәйкес атыс қаруы ретінде қаруды есептен шығаруды мойындамаған Қатысушы мемлекет есептен шығарудың мынадай жалпы принциптеріне сәйкес тиісті жағдайларда есептен шығарылған атыс қаруын заңсыз пайдаланудың алдын алу үшін нақты қылмыс құрамдарын анықтауды қоса алғанда, қажетті шаралар қабылдайды:

      а) есептен шығарылған атыс қаруының барлық негізгі бөліктері толығымен жарамсыздыққа келтірілуі және алып қою, ауыстыру немесе есептен шығарылған атыс қаруын мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін мұндай өзгертуге жарамсыз жағдайға келтірілуі тиіс;

      b) атыс қаруында жасалған өзгертулер оны толығымен жарамсыздыққа келтіргенін куәландыру үшін құзыретті орган тиісті жағдайларда есептен шығаруды тексеруге іс-шаралар қарастыруы қажет;

      с) құзыретті органның тексеруі сертификат беруді немесе атыс қаруын есептен шығару фактісін растайтын жазбаны немесе мұндай атыс қаруына анық көрінетін арнайы белгі қоюды қамтуы тиіс.

10-бап Экспорттың-импорттың жүйелерге және транзиттік лицензияларға немесе рұқсаттарға қойылатын жалпы талаптар

      1. Әрбір Қатысушы мемлекет атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін беру үшін экспорттық-импорттық лицензиялардың немесе рұқсаттардың, сондай-ақ халықаралық транзитке қатысты шаралардың тиімді жүйесін белгілейді немесе қолданады.

      2. Атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерінің партияларын тасымалдауға экспорттық лицензиялар мен рұқсаттар бергенге дейін әрбір Қатысушы мемлекет:

      а) импорттаушы мемлекеттер импорттық лицензиялар немесе рұқсаттар бергенін; және

      b) теңізге шықпайтын мемлекеттердің мүдделерін қорғайтын екі жақты немесе көп жақты келісімдер немесе уағдаластықтар үшін нұқсан келтірмей, транзиттеу мемлекеттері, кемінде жүктерді тиеп қойғанға дейін олардың транзитке қарсылығы жоқ екендігі туралы жазбаша хабарлама жібергенін тексереді.

      3. Экспорттық-импорттық лицензияда немесе рұқсатта және ілеспе құжаттамада кем дегенде берілген жері мен күні, әрекет ету мерзімінің аяқталатын күні, атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін экспорттау елі, импорттау елі, соңғы алушы көрсетілген, сипаты мен саны көрсетілген, ал транзит болса, транзиттеу елі көрсетілген ақпарат болады. Импорттау лицензиясындағы ақпарат транзиттеу мемлекеттеріне уақытынан бұрын ұсынылуы тиіс.

      4. Импорттаушы Қатысушы мемлекет өтініш бойынша атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің немесе оның оқ-дәрілерінің жіберілген партиясын алғаны туралы экспорттаушы Қатысушы мемлекетке хабарлайды.

      5. Әрбір Қатысушы мемлекет қолда бар мүмкіндіктер шегінде лицензияларды немесе рұқсаттарды беру рәсімдері сенімді болуы және лицензиялық немесе рұқсат құжаттамасының түпнұсқалығы тексерілуі немесе расталуы мүмкін болатынын қамтамасыз ету үшін қажет болатын осындай шараларды қабылдайды.

      6. Қатысушы мемлекеттер заңды мақсаттарын тексеруге, мысалы аң аулауға, спорттық атысқа, бағалауға, көрмелер өткізуге немесе жөндеуге берілетін атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін немесе оның оқ-дәрілерін уақытша экспорттау және импорттау немесе транзиттеу үшін оңайлатылған рәсімдер белгілей алады.

11-бап Қауіпсіздік шаралары мен алдын алу жөніндегі шаралар

      Атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін ұрлауды, жоғалтуды немесе кетуін, сондай-ақ заңсыз жасалуы мен айналымын анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында әрбір Қатысушы мемлекет:

      а) атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін жасау, импорттау, экспорттау және оның аумағы арқылы транзиттеу кезінде олардың сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету; және

      b) тиісті жағдайларда шекаралық бақылау шараларын, сондай-ақ полиция органдары мен кеден органдарының арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықтың тиімділігін қоса алғанда, импорттауды, экспорттауды және транзиттеуді бақылау тиімділігін арттыру үшін тиісті шаралар қабылдайды.

12-бап Ақпарат

      1. Конвенцияның 27 және 28-баптарына нұқсан келтірместен, Қатысушы мемлекеттер олардың ішкі құқықтары мен әкімшілік жүйелеріне сәйкес атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін уәкілетті жасаушылар, дилерлер, импорттаушылар, экспорттаушылар және мүмкін болатын жерлерде тасымалдаушылар сияқты мәселелер бойынша тиісті нақты ақпарат алмасады.

      2. Конвенцияның 27 және 28-баптарына нұқсан келтірместен, Қатысушы мемлекеттер олардың ішкі құқықтары мен әкімшілік жүйелеріне сәйкес:

      а) атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасауға немесе айналымына қатысқаны белгілі болған немесе күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтар;

      b) атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасау немесе айналымы кезінде пайдаланылған жасыру құралдары және оларды анықтау тәсілдері;

      с) атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасауға қатысушы ұйымдасқан қылмыстық топтар әдетте пайдаланатын әдістер мен құралдар, жөнелту және бару пункттері, сондай-ақ бағыттар; және

      d) атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасаудың және айналымының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған заңнамалық тәжірибе, сондай-ақ практика мен шаралар сияқты мәселелер бойынша тиісті ақпарат алмасады.

      3. Қатысушы мемлекеттер атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасаудың және айналымының алдын алуға, анықтауға және тергеуге және осындай заңсыз қызметке қатысы бар адамдарды соттық қудалауға қатысты бір-бірінің мүмкіндіктерін кеңейту үшін құқық қорғау органдарының мүддесінде бір-біріне тиісті ғылыми-техникалық ақпаратты береді немесе тиісінше жағдайларда өзара ақпарат алмасады.

      4. Қатысушы мемлекеттер заңсыз жасалуы мүмкін немесе заңсыз айналымда болуы мүмкін атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін қадағалауда өзара ынтымақтасады. Мұндай ынтымақтастыққа қолда бар мүмкіндіктер шегінде мұндай атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін қадағалауда көмек көрсету туралы сұрау салуларға дереу жауап беру кіреді.

      5. Өзінің құқықтық жүйесінің немесе басқа да кез келген халықаралық келісімдердің негізгі принциптерін сақтаған жағдайда әрбір Қатысушы мемлекет осы бапқа сәйкес коммерциялық мәмілелермен байланысты меншік құқығымен қорғалғанды қоса алғанда, басқа Қатысушы мемлекеттен алынған ақпараттың құпиялылығына кепілдік береді және оған ақпарат беруші Қатысушы мемлекет тиісті өтініш білдірген жағдайда мұндай ақпаратты пайдалануға қатысты кез келген шектеуді сақтайды. Егер мұндай құпиялылық қамтамасыз етілмейтін болса, ақпарат ұсынған Қатысушы мемлекет ол жарияланғанға дейін бұл туралы хабардар етіледі.

13-бап Ынтымақтастық

      1. Қатысушы мемлекеттер атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасау мен айналымының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ осындай әрекеттерге қарсы күресу мақсатында екі жақты, өңірлік және халықаралық деңгейде ынтымақтасады.

      2. Конвенцияның 18-бабы 13-тармағының ережелеріне нұқсан келтірместен, әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қатысты мәселелер бойынша өзі және басқа Қатысушы мемлекеттер арасында байланысты ұстап тұру үшін ұлттық органды немесе лауазымды адамды тағайындайды.

      3. Қатысушы мемлекеттер атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін жасаушыларды, дилерлерді, импорттаушыларды, экспорттаушыларды, делдалдар мен тасымалдаушыларды қолдауға уәде беруге және осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңсыз қызметтің алдын алу және анықтау мақсатында олармен ынтымақтасуға тырысады.

14-бап Кадрлар даярлау және техникалық көмек көрсету

      Қатысушы мемлекеттер бір-бірімен, тиісінше жағдайларда Қатысушы мемлекеттерге олардың өтініштері бойынша атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерін, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасау мен айналымының алдын алу және жолын кесу және осындай іс-әрекеттерге қарсы күрес саласындағы олардың мүмкіндіктерін нығайтуға қажетті кадрларды даярлауда және техникалық көмек көрсетуде, оның ішінде Конвенцияның 29 және 30-баптарында көрсетілген мәселелер бойынша техникалық, қаржылық және материалдық көмек беруде тиісті халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады.

15-бап Делдалдар мен делдалдық операциялар

      1. Атыс қаруының, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оның оқ-дәрілерін заңсыз жасау мен айналымының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау мақсатында мұны әлі жасамаған Қатысушы мемлекеттер делдалдық операцияларды жүзеге асыратын адамдардың қызметін реттеу үшін жүйе құру мүмкіндігін қарастырады. Мұндай жүйе бір немесе бірнеше шараларды қабылдауды көздеуі мүмкін, мысалы:

      а) олардың аумағында жұмыс істейтін делдалдарды тіркеуге қатысты талаптар белгілеу;

      b) лицензиялау немесе делдалдық операцияларға рұқсат алу туралы талаптар белгілеу; немесе

      с) импорттық және экспорттық лицензияларда немесе рұқсаттарда немесе ілеспе құжаттарында мәмілеге қатысатын делдалдардың аттарын немесе атауларын және олардың тұратын жері туралы деректерді көрсету туралы талаптар белгілеу.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген делдалдық операцияларға қатысты рұқсат жүйесін құрған Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың 12-бабына сәйкес ақпарат алмасу шеңберінде делдалдар мен делдалдық операциялар туралы мәлімет алмасуға және осы Хаттаманың 7-бабына сәйкес делдалдар мен делдалдық операцияларға қатысты құжаттаманы сақтауға көтермеленеді.

III. Қорытынды ережелер 16-бап Дауларды реттеу

      1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дауларды келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге ұмтылады.

      2. Екі немесе одан да көп Қатысушы мемлекеттер арасында ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге келмейтін, осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау осы Қатысушы мемлекеттердің біреуінің өтініші бойынша төрелікке тексеруге жіберіледі. Егер төрелік туралы өтініш берілген күнінен бастап алты ай ішінде бұл Қатысушы мемлекеттер оны ұйымдастыру туралы келісімге келмесе, осы Қатысушы мемлекеттердің кез келгені Сот мәртебесіне сәйкес өтініш жасай отырып, дауды Халықаралық Сотқа бере алады.

      3. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою, оны ратификациялау, қабылдау немесе бекіту кезінде, немесе оған қосылу кезінде өзін осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысы бар деп есептемейтінін мәлімдей алады. Басқа да Қатысушы мемлекеттер осындай ескерту жасалған кез келген Қатысушы мемлекетке қатысты осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысты емес.

      4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес ескерту жасалған кез келген Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы бұл ескертуді кез келген уақытта алып тастай алады.

17-бап Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту және қосылу

      1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымның Нью-Йорктегі Орталық мекемелерінде оны Бас Ассамблея қабылдағаннан кейін отызыншы күннен бастап және 2002 жылғы 12 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.

      2. Осы Хаттама, сондай-ақ осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттамаға осындай ұйымның кемінде бір мүше мемлекеті қол қойған жағдайда, экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымдарының қол қоюы үшін де ашық.

      3. Осы Хаттама ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау грамоталары немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы, егер мүше мемлекеттердің кемінде біреуі осылайша жасаған болса, өзінің ратификациялау грамотасын немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатын сақтауға тапсыра алады. Бұл ратификациялау грамотасында немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатта осындай ұйым осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің аясы туралы мәлімдейді. Сондай-ақ, осындай ұйым депозитарийге өз құзыреті аясының кез келген тиісті өзгерісі туралы хабарлайды.

      4. Мүше мемлекеттердің кемінде біреуі осы Хаттамаға Қатысушы болып табылатын болса, осы Хаттама кез келген мемлекеттің немесе экономикалық ықпалдастықтың кез келген өңірлік ұйымының қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Қосылу кезінде экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің аясы туралы мәлімдейді. Сондай-ақ, осындай ұйым депозитарийге өз құзыреті аясының кез келген тиісті өзгерісі туралы хабарлайды.

18-бап Күшіне енуі

      1. Осы Хаттама қырқыншы ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді, бірақ Конвенция күшіне енгенге дейін күшіне енбейді. Осы тармақтың мақсатында экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы сақтауға тапсырған кез келген осындай грамота немесе құжат осындай ұйымның мүше мемлекеттері сақтауға тапсырған грамоталарға немесе құжаттарға қосымшалар ретінде қаралмайды.

      2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін немесе қырқыншы ратификациялау грамотасын немесе осындай іс-қимыл туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін оған қосылатын әрбір мемлекет немесе экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы үшін осы Хаттама осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттама күшіне енген күні немесе осындай мемлекет немесе ұйым тиісті грамотаны немесе құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін қайсысының кешірек басталуына байланысты отызыншы күні осы Хаттама күшіне енеді.

19-бап Түзетулер

      1. Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін бес жыл өткен соң осы Хаттамаға Қатысушы мемлекет түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына жолдай алады, ол одан әрі осы ұсынысты қарау және ол бойынша шешім қабылдау мақсатында ұсынылып отырған түзетуді Қатысушы мемлекеттерге және Конвенцияға Қатысушылар Конференциясына жібереді. Қатысушылар Конференциясына қатысатын осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер әрбір түзетуге қатысты бәтуәға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер бәтуәға қол жеткізу жөніндегі барлық күш-жігер жұмсалса және келісімге қол жетпесе, соңғы шара ретінде түзетуді қабылдау үшін Қатысушылар Конференциясының отырысында дауыс беруге қатысқан осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер дауысының үштен екісінен астамы талап етіледі.

      2. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымдары өз құзыреті аясына кіретін мәселелер бойынша өзінің дауыс беру құқығын осы Хаттамаға Қатысушылар болып табылатын олардың мүше мемлекеттері санына тең келетін дауыстар санын иелене отырып, осы бапқа сәйкес жүзеге асырады. Осындай ұйымдар, егер олардың мүше мемлекеттері өздерінің дауыс беру құқығын жүзеге асырса, өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды және керісінше.

      3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы мемлекеттердің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады.

      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы мемлекетке қатысты ол ратификациялау грамотасын немесе осындай түзетуді қабылдау немесе бекіту туралы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына сақтауға тапсырған күннен кейін тоқсан күн өткен соң күшіне енеді.

      5. Түзету күшіне енгеннен кейін онымен байланысты болуға келісім білдірген Қатысушы мемлекеттер үшін міндетті болады. Басқа Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың ережелерімен және олар бұрын ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен кез келген түзетулермен байланысты болып қала береді.

20-бап Күшін жою

      1. Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Осындай күшін жою Бас хатшы хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.

      2. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы, оның мүше мемлекеттерінің барлығы осы Хаттаманың күшін жойған жағдайда осы Хаттаманың қатысушысы болуын тоқтатады.

21-бап Депозитарий және тілдер

      1. Осы Хаттаманың депозитарийі болып Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысы тағайындалады.

      2. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей болып табылатын осы Хаттаманың түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымның Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін оған өз үкіметтері тиісті түрде өкілеттік берген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.

      БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Атыс қаруын, оның құрамдас бөліктері мен компоненттерінің, сондай-ақ оған қажетті оқ-дәрілердің заңсыз жасалуына және айналымына қарсы хаттамасының мәтіні аудармасының дұрыстығын куәландырамын.

Қазақстан Республикасы


Ішкі істер министрлігі Штабының


Халықаралық ынтымақтастық


басқармасы бастығының орынбасары


полиция капитаны

Ғ. Әушәріп

      РҚАО ескертуі: Бұдан әрі Хаттама мәтіні ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде берілген.