Нью-Йоркте 2000 жылғы 15 қарашада қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. Назарбаев |
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан
қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды,
әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен
жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама
(2008 жылғы 30 тамызда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2008 ж., N 5, 23-құжат)
Кіріспе
Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі тиімді шараларды қабылдау үшін олар шыққан, транзиттелетін және баратын елдерде мұндай сатудың алдын алуға, онымен айналысатын адамдарды жазалауға және мұндай сатудың құрбандарын қорғауға бағытталған, оның ішінде олардың халықаралық танылған адам құқықтарын қорғау арқылы тегіс қамти алатын халықаралық тәсіл қажет деп мәлімдей отырып,
адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды пайдалануға қарсы күрес жөніндегі нормалары бар және іс жүзіндегі шараларды көздейтін бірқатар халықаралық құжаттардың болуына қарамастан адам сатудың барлық аспектілерін қозғайтын әмбебап құжаттың болмауы жағдайын ескере отырып,
мұндай құжат болмаса, адамдарды сату тұрғысынан осал болып табылатын адамдар жеткілікті түрде қорғалмайтынына алаңдаушылық білдіре отырып,
Ассамблея трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы тегіс қамти алатын халықаралық конвенцияны әзірлеу және атап айтқанда, әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық құжатты әзірлеу туралы мәселені талқылау үшін ашық құрамдағы үкіметаралық арнайы комитет құруға қаулы еткен Бас Ассамблеяның 1998 жылғы 9 желтоқсандағы 53/111 қарарына сілтеме жасай отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау жөніндегі халықаралық құжатпен толықтырылуы осындай қылмыстардың алдын алуға және олармен күресуге мүмкіндік туғызатынына сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы келісті:
I. Жалпы ережелер
1-бап Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясымен байланыс
1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтырады. Ол Конвенциямен бірге түсіндіріледі.
2. Конвенцияның ережелері, егер онда өзгеше көзделмесе, осы Хаттамаға mutatis mutandis қолданылады.
3. Осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстар, Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстар ретінде қарастырылады.
2-бап Мақсаттар
Осы Хаттаманың мақсаттары:
а) әйелдер мен балаларға ерекше назар аудара отырып, адамдарды сатудың алдын алу және онымен күресу;
b) адам құқықтарын толық құрметтей отырып, осындай сауда құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету; және
с) осы мақсаттарға қол жеткізуде Қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу болып табылады.
3-бап Терминдер
Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
а) "адамдарды сату" пайдалану мақсатында адамдарды күш қолданамын деп қорқыту немесе оны қолдану немесе мәжбүрлеудің, ұрлаудың, алаяқтықтың, алдаудың, билігін асыра пайдаланудың немесе жағдайының осалдығын пайдаланудың басқа нысандары арқылы не басқа адамды бақылайтын адамның келісімін алу үшін төлемдер немесе пайда түрінде параға сатып алу арқылы жүзеге асырылатын арбауды, тасымалдауды, тапсыруды, жасыруды немесе адамдарды алуды білдіреді. Пайдалануға, кем дегенде, басқа адамдардың жезөкшелігін пайдалану немесе нәпсіқұмарлық пайдаланудың басқа нысандары, мәжбүрлі еңбек немесе қызметтер көрсету, құлдық немесе құлдыққа ұқсас әдет-ғұрыптар, бағынышты жағдай немесе органдарды кесіп алу кіреді;
b) осы баптың (а) тармақшасында айтылған адамдарды сату құрбанының жоспарланған пайдалануға келісімі, егер (а) тармақшасында көрсетілген ықпал ету құралдарының кез келгені пайдаланылған болса, ол назарға алынбайды;
с) пайдалану мақсаттары үшін баланы арбау, тасымалдау, тапсыру, жасыру немесе алу, егер тіптен осы баптың (а) тармақшасында көрсетілген ықпал ету құралдарының кез келгенін қолдануға байланысты болмаған жағдайларда да "адамдарды сату" деп саналады;
(d) "бала" 18 жасқа толмаған кез келген адамды білдіреді.
4-бап Қолдану аясы
Осы Хаттама, егер онда өзгеше көрсетілмесе, егер осы қылмыстардың трансұлттық сипаты болса және ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуымен жасалған кезде осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарға байланысты алдын алуға, тергеуге және қылмыстық қудалауға, сондай-ақ осындай қылмыстардың құрбандарын қорғауға қатысты қолданылады.
5-бап Криминализация
1. Әрбір Қатысушы мемлекет олар қасақана жасалса, осы Хаттаманың 3-бабында көрсетілген әрекеттерді қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін қажет болатын осындай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет те мынадай әрекеттерді қылмыстық жазаланатындар ретінде тану үшін қажет болатын осындай заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:
а) өз құқықтық жүйесінің негізгі принциптерін сақтаған жағдайда - осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыс жасауға оқталу;
b) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыс жасауға сыбайлас ретінде қатысу; және
с) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастыру немесе оларға басшылық ету.
II. Адамдарды сатудың құрбандарын қорғау
6-бап Адамдарды сату құрбандарына көмек және оларды қорғау
1. Әрбір Қатысушы мемлекет тиісінше жағдайларда және оның ішкі заңнамасына сәйкес мүмкін болатын шамада адамдарды сатудың құрбандарының жеке өмірін және жеке басын, оның ішінде басқалардың арасында осындай саудаға жататын істің құпия сипатын қамтамасыз ету арқылы қорғауды қамтамасыз етеді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет оның ішкі құқықтық немесе әкімшілік жүйесі тиісінше жағдайларда адамдар сату құрбандарына:
а) тиісті сот және әкімшілік талқылау туралы ақпарат беруге;
b) қылмыс жасаған адамдарға қатысты қылмыстық істің тиісті кезеңдерінде олардың пікірлері мен қауіптенулерін айтуға және оны қарауға мүмкіндік беретін қорғану құқықтарына зиян келтірмейтін көмек көрсетуге мүмкіндік беретін шараларды көздеуін қамтамасыз етеді.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет адамдарды сату құрбандарының дене бітімін, психологиялық және әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мүмкіндігін, оның ішінде тиісінше жағдайларда үкіметтік емес ұйымдармен, басқа да тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен ынтымақтаса отырып және атап айтқанда:
а) тиісті пана;
b) адамдарды сатудың құрбандарына консультативтік көмек және оларға түсінікті тілде олардың заңды құқықтарына қатысты ақпарат беруді;
с) медициналық, психологиялық және материалдық көмекті; және
d) жұмысқа орналасу, білім беру және кәсіби даярлық саласында мүмкіндіктер беруді көздейтін шараларды қарастырады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың ережелерін қолдану кезінде адамдар сату құрбандарының жасын, жынысын және ерекше қажеттіліктерін, атап айтқанда балалардың ерекше қажеттіліктерін, оның ішінде тиісті пана, білім беру және күтіміне қатысын ескереді.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет осындай құрбандар оның аумағында болған кезеңде адамдарды сату құрбандарының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылады.
6. Әрбір Қатысушы мемлекет оның ішкі құқықтық жүйесі адамдарды сату құрбандарына келтірілген зиян үшін өтемақы алу мүмкіндігін беретін шараларды көздеуді қамтамасыз етеді.
7-бап Адамдарды сату құрбандарының қабылдаушы мемлекеттердегі мәртебесі
1. Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес шаралар қабылдауға қосымша әрбір Қатысушы мемлекет адамдарды сату құрбандарына тиісінше жағдайларда оның аумағында уақытша немесе тұрақты негізде қалуға мүмкіндік беретін заңнамалық немесе басқа да тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
2. Осы баптың 1-тармағындағы ережені жүзеге асыру кезінде әрбір Қатысушы мемлекет ізгілік ұғымдарын ескереді және аяушылық білдіреді.
8-бап Адамдарды сату құрбандарының оралуы
1. Азаматы адамдарды сату құрбаны болып табылатын немесе қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің аумағына кіру кезінде адамның тұрғылықты тұруға құқығы бар Қатысушы мемлекет сол адамның оралуына көмектеседі және мұндай адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тиісті есепке алған кезде оны негізсіз және жөнсіз кідіртусіз қабылдайды.
2. Қатысушы мемлекет адамдарды сатудың құрбанын, бұл адам азаматы болып табылатын немесе қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің аумағына кірген кезде тұрақты тұруға құқығы болған Қатысушы мемлекетке қайтарса, мұндай қайтару бұл адамның, сондай-ақ бұл адамның адамдарды сатудың құрбаны болған жәйтпен байланысты кез келген іс сипатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тиісті есепке алу арқылы жүзеге асырылады әрі мұндай қайту ерікті түрде болғаны жөн.
3. Қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша сұрау салынып отырған Қатысушы мемлекет негізсіз немесе жөнсіз кідіртусіз адамдарды сатудың құрбаны болған адамды оның азаматы болып табылатындығын немесе оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы болуын тексереді.
4. Тиісті құжаттары жоқ адамдар сатудың құрбанын қайтаруға жәрдемдесу мақсатында осындай адам азаматы болып табылатын немесе осындай адам оның аумағында тұрғылықты тұруға құқығы бар Қатысушы мемлекет қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша осы адамды оның аумағына қайтару үшін қандай құжаттар қажет болса, сондай кіру/шығу немесе басқа да рұқсат беру құжаттарын беруге келіседі.
5. Осы бап қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасының кез келген ережесінің күшімен адамдарды сату құрбандарына берілген қандай да бір құқыққа нұқсан келтірмейді.
6. Осы бап адамдарды сату құрбандарын қайтару мәселелерін толық немесе ішінара реттейтін кез келген қолданылатын екі жақты немесе көп жақты келісімге немесе уағдаластыққа нұқсан келтірмейді.
III. Алдын алу, ынтымақтастық және басқа да шаралар
9-бап Адамдарды сатудың алдын алу
1. Қатысушы мемлекеттер:
а) адамдарды сатудың алдын алу мен онымен күресу; және
b) адамдарды сату құрбандарын, әсіресе әйелдер мен балаларды ревиктимизациялаудан қорғау мақсатында кешенді негізде саясат, бағдарламалар мен басқа да шараларды әзірлейді және қабылдайды.
2. Қатысушы мемлекеттер зерттеулер, ақпараттық науқандар, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында өткізу сияқты шаралар қабылдауға, сондай-ақ адамдарды сатудың алдын алуға және онымен күресуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға ұмтылады.
3. Осы бапқа сәйкес әзірленетін және қабылданатын саясат, бағдарламалар мен басқа да шаралар тиісті жағдайларда үкіметтік емес ұйымдармен, басқа тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен ынтымақтастықты қамтиды.
4. Қатысушы мемлекеттер адамдарды сату тұрғысынан адамдардың, әсіресе әйелдер мен балалардың осалдығына себеп болатын қайыршылық, дамудың төмен деңгейі мен тең мүмкіндіктерінің болмауы сияқты факторлардың әсерін жұмсартуға бағытталған шараларды, оның ішінде екі жақты немесе көп жақты ынтымақтастық арқылы қабылдайды немесе жетілдіреді.
5. Қатысушы мемлекеттер, бұл адамдарды сатуға әкелетіндіктен, мысалы білім беру, мәдениет немесе әлеуметтік саладағы заңнамалық немесе басқа да шараларды, адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды пайдалануды оның барлық нысандарында тудыратын сұранымға, қарсы әрекет етуге бағытталған екі жақты және көп жақты ынтымақтастық арқылы қабылдайды немесе жетілдіреді.
10-бап Ақпарат алмасу және кадрлар даярлау
1. Қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау, көші-қон немесе басқа да тиісті органдары, тиісінше жағдайларда оларға:
а) халықаралық шекаралардан кіру/шығу құжаттарынсыз немесе басқа адамдардың құжаттарымен өтетін немесе өтуге тырысатын адамдар адамдарды сатушы немесе осындай сатудың құрбандары болып табылатынын;
b) адамдарды сату мақсатында халықаралық шекараны кесіп өту үшін осындай адамдар пайдаланған немесе пайдалануға оқталған кіру/шығу құжаттарының түрлерін; және
с) адамдарды сату мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топтар қолданатын құралдар мен әдістерді, оның ішінде құрбандарды арбау және тасымалдау, бағыттар мен осындай саудамен айналысатын жекелеген адамдар мен топтардың арасындағы байланыстарды, сондай-ақ мұндай топтардың ішіндегі байланыстарды және оларды анықтау жөніндегі мүмкін болатын шараларды анықтауға мүмкіндік беретін олардың ішкі заңнамасына сәйкес өзара ақпарат алмасу арқылы ынтымақтасады.
2. Қатысушы мемлекеттер адамдарды сатудың алдын алу мәселелері жөніндегі құқық қорғау, көші-қон және басқа да тиісті органдар қызметкерлерінің даярлығын қамтамасыз етеді немесе жетілдіреді. Көрсетілген даярлық мұндай сауданың алдын алуға, онымен айналысатын адамдарды қылмыстық қудалау әдістеріне және құрбандардың, мұндай саудамен айналысатын адамдардың құрбандарын қоса алғанда, құқықтарын қорғауға шоғырлануы тиіс. Даярлау барысында, сондай-ақ қатар адам құқықтарын, балалар проблематикасы мен гендерлік проблематиканы ескеру қажеттілігін назарға алу керек; даярлық үкіметтік емес ұйымдармен, басқа да тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен ынтымақтасуға ықпал етуі тиіс.
3. Ақпаратты алған Қатысушы мемлекет ақпаратты ұсынған Қатысушы мемлекеттің оны пайдалануға қатысты белгіленген шектеулермен байланысты кез келген өтінішін орындайды.
11-бап Шекаралық бақылау шаралары
1. Қатысушы мемлекеттер адамдарының еркін жүріп-тұруына қатысты халықаралық міндеттемелерге нұқсан келтірмей, мүмкін болғанынша адамдарды сатудың алдын алу және оны анықтау үшін соншалықты қажет болатын осындай шекаралық бақылау шараларын белгілейді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарды жасау кезінде коммерциялық тасымалдаушылар пайдаланатын көлік құралдарын мүмкін болғанынша пайдалану, алдын алу үшін заңнамалық немесе басқа да тиісті шараларды қабылдайды.
3. Тиісті жағдайларда және қолданылатын халықаралық конвенцияларға нұқсан келтірместен осындай шараларға коммерциялық тасымалдаушылар, оның ішінде кез келген көлік компаниясы немесе меншік иесі немесе кез келген көлік құралдарының операторлары үшін барлық жолаушылардың қабылдаушы мемлекетке кіруі үшін қажетті кіру/шығу құжаттарының бар екендігіне көз жеткізу міндетін белгілеу қосылады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың 3-тармағында белгіленген міндеттемелерді бұзғаны үшін санкцияларды қарастыра отырып, өзінің ішкі заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қолданады.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасына сәйкес осы Хаттамамен осындай деп танылған қылмыстарды жасауға қатысқан адамдардың шығуына рұқсат бермеу немесе олардың визаларының күшін жоятын шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
6. Конвенцияның 27-бабына нұқсан келтірместен Қатысушы мемлекет шекаралық бақылау органдарының арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде тікелей байланыс желілерін құру және оны ұстау арқылы нығайту мүмкіндігін қарастырады.
12-бап Құжаттардың сенімділігі және оларды бақылау
Әрбір Қатысушы мемлекет қолда бар мүмкіндіктер шегінде:
а) оларды заңсыз пайдалануды және қолдан жасауды немесе заңға қайшы өзгертуді, көбейтуді немесе беруді едәуір дәрежеде қиындататын, олар беретін кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің осындай сапасын қамтамасыз ету;
б) осы Қатысушы мемлекет немесе оның атынан берілген кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің қорғалуы мен сенімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды заңсыз дайындаудың, берудің және пайдаланудың алдын алу үшін қажет болуы мүмкін шараларды қабылдайды.
13-бап Құжаттардың заңдылығы мен жарамдылығы
Қатысушы мемлекет басқа Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша өзінің ішкі заңнамасына сәйкес, олар адамдарды сату үшін пайдаланылады деп күдік туғызғандарына қатысты кіруге/шығуға берілген немесе оның атынан берілгені неғайбыл құжаттардың немесе жеке куәліктердің заңдылығы мен жарамдылығын ақылға қонымды мерзім ішінде тексеруді жүргізеді.
IV. Қорытынды ережелер
14-бап Болдырмау ережесі
1. Осы Хаттамадағы ешбір ереже халықаралық құқыққа сәйкес халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықты қоса алғанда, және атап айтқанда, бұл қолданылатын жағдайда, босқындар мәртебесіне және олар да бекітілген шығарып жібермеу принципіне қатысты 1951 жылғы Конвенция мен 1967 жылғы Хаттамада мемлекеттер мен жекелеген адамдардың құқықтарын, міндеттемелері мен жауапкершілігін қозғамайды.
2. Осы Хаттамада көзделген шаралар, адамдарды сатудың құрбандары болған негіздегі адамдарға қатысты кемсітушілік болып табылмайтындай түрде түсіндіріледі және қолданылады. Бұл шараларды түсіндіру мен қолдану халықаралық деп танылған кемсітпеушілік принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
15-бап Дауларды реттеу
1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дауларды келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге ұмтылады.
2. Екі немесе одан да көп Қатысушы мемлекеттер арасындағы ақылға қонымды уақыт кезеңі ішінде келіссөздер жүргізу жолымен реттеуге келмейтін, осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау осы Қатысушы мемлекеттердің біреуінің өтініші бойынша төрелік тексеруге жіберіледі. Егер де төрелік туралы өтініш берген күннен бастап алты ай ішінде бұл Қатысушы мемлекеттер оны ұйымдастыру туралы келісімге келмесе, осы Қатысушы мемлекеттердің кез келгені Сот мәртебесіне сәйкес өтініш жасай отырып, дауды Халықаралық Сотқа бере алады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою, ратификациялау, қабылдау немесе бекіту кезінде немесе оған қосылу кезінде өзін осы баптың 2-тармағының ережелерімен байланысы бар деп есептемейтінін мәлімдей алады. Басқа да Қатысушы мемлекеттер мұндай түсінік берген кез келген Қатысушы мемлекетке қатысты осы баптың 2-тармағының ережелерімен байланысты емес.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес түсінік берген кез келген Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы бұл түсінікті кез келген уақытта алып тастай алады.
16-бап Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту және қосылу
1. Осы Хаттама 2000 жылғы 12-15 желтоқсан аралығында Палермода, Италияда, содан соң Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі Орталық мекемелерінде 2002 жылғы 12 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
2. Осы Хаттама, сондай-ақ осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттамаға мұндай ұйымның кемінде бір мүше мемлекеті қол қойған жағдайда, экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымдарының қол қоюы үшін де ашық.
3. Осы Хаттама ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге жатады. Ратификациялау грамоталары немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы, егер мүше мемлекеттердің кемінде біреуі дәл осылай жасаса, өзінің ратификациялау грамотасын немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатын сақтауға тапсыра алады. Бұл ратификациялау грамотасында немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатта мұндай ұйым осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы мәлімдейді. Сондай-ақ мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгеріс туралы хабарлайды.
4. Осы Хаттамаға қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттердің кемінде біреуі мүше болса, осы Хаттама кез келген мемлекеттің немесе экономикалық ықпалдастықтың кез келген өңірлік ұйымының қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Қосылу кезінде экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы мәлімдейді. Мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы да хабарлайды.
17-бап Күшіне ену
1. Осы Хаттама қырқыншы ратификациялау грамотасы немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді, бірақ Конвенция күшіне енгенге дейін күшіне енбейді. Осы тармақтың мақсатында экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы сақтауға тапсырған кез келген мұндай грамота немесе құжат мұндай ұйымның мүше мемлекеттері сақтауға тапсырған грамоталарға немесе құжаттарға қосымшалар ретінде қарастырылмайды.
2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін немесе қырқыншы ратификациялау грамотасын немесе осындай іс-қимыл туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін оған қосылатын әрбір мемлекет немесе экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы үшін осы Хаттама оның кешігіп басталуына байланысты осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттама күшіне енген күні немесе мұндай мемлекет немесе ұйым тиісті грамотаны немесе құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
18-бап Түзетулер
1. Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін бес жыл өткен соң осы Хаттамаға Қатысушы мемлекет түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдай алады, ол одан әрі осы ұсынысты қарастыру және ол бойынша шешім қабылдау мақсатында ұсынылып отырған түзетуді Қатысушы мемлекеттерге және Конвенцияға Қатысушылар Конференциясына жібереді. Қатысушылар Конференциясына қатысатын осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер әрбір түзетуге қатысты ымыраға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер ымыраға қол жеткізу жөніндегі барлық күш-жігер жұмсалса және келісімге қол жеткізілмесе, соңғы шара ретінде түзетуді қабылдау үшін Қатысушылар Конференциясының отырысында дауыс беруге қатысқан осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер дауысының үштен екісінен астамы талап етіледі.
2. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымдары өз құзыреті саласына кіретін мәселелер бойынша өзінің дауыс беру құқығын осы Хаттамаға Қатысушылар болып табылатын олардың мүше мемлекеттері санына тең келетін дауыстар санын иелене отырып, осы бапқа сәйкес жүзеге асырады. Мұндай ұйымдар, егер олардың мүше мемлекеттері өздерінің дауыс беру құқығын жүзеге асырса немесе керісінше болса, өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзетуді Қатысушы мемлекеттер ратификациялауы, қабылдауы немесе бекітуі тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы мемлекетке қатысты ол ратификациялау грамотасын немесе мұндай түзетуді қабылдау немесе бекіту туралы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырған күннен кейін тоқсан күн өткен соң күшіне енеді.
5. Түзету күшіне енгеннен кейін ол онымен байланысты болуға келісім білдірген Қатысушы мемлекеттер үшін міндетті болады. Басқа Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың ережелерімен және олар бұрын ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен кез келген түзетулермен байланысты болып қала береді.
19-бап Күшін жою
1. Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Мұндай күшін жою Бас хатшы хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
2. Экономикалық ықпалдастықтың өңірлік ұйымы, оның мүше мемлекеттерінің барлығы осы Хаттаманың күшін жойған кезде осы Хаттаманың қатысушысы болуын тоқтатады.
20-бап Депозитарий және тілдер
1. Осы Хаттаманың депозитарий болып Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тағайындалады.
2. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тіліндегі мәтіндеріне тең дәлме-дәл болып табылатын осы Хаттаманың түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін оған өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасының мәтіні аудармасының дұрыстығын куәландырамын.
Қазақстан Республикасы | |
Ішкі істер министрлігі Штабының | |
Халықаралық ынтымақтастық | |
басқармасы бастығының орынбасары | |
полиция капитаны | Ғ. Әушәріп |
РҚАО ескертуі. Бұдан әрі мәтін ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде берілген.