Алматыда 2006 жылғы 16 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңізі және Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесімен халықаралық нарықтарға тасымалдауға қолдау көрсету және жәрдемдесу жөніндегі шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасы
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы
арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңізі және
Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку -
Тбилиси - Джейхан жүйесімен халықаралық нарықтарға
тасымалдауға қолдау көрсету және жәрдемдесу жөніндегі
шарт
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы,
мұнайды Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы халықаралық нарықтарға одан әрі тасымалдау мақсатында Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы мұнайды ағызу/құю терминалдарынан Каспий теңізінің әзірбайжандық жағалауындағы мұнайды ағызу/құю терминалдары арқылы Баку - Тбилиси - Джейхан (БТД) жүйесіне дейін тасымалдау үшін транскаспий жүйесін құруға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
транскаспий жүйесінің мақсаты мұнайды халықаралық нарықтарға тасымалдау болып табылатынын және БТД жүйесі Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнайды халықаралық нарықтарға экспорттау үшін Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы негізгі бағыт болып табылатынын назарға ала отырып,
БТД жүйесі мен транскаспий жүйесі екі бөлек жүйені білдіре отырып, бірлескенде энергия көздерін тасымалдауға арналған бірыңғай дәлізді құрайтынын және Қазақстан Республикасынан халықаралық нарықтарға мұнай тасымалдау үшін жағдай жасауға ықпал ететінін ескере отырып,
Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңізі және Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесімен халықаралық нарықтарға тасымалдауға қолдау көрсету және жәрдемдесу жөніндегі шарттың (бұдан әрі - осы Шарт) ережелері 1999 жылғы 18 қарашадағы Әзірбайжан Республикасы, Грузия және Түркия Республикасы арасындағы Баку - Тбилиси - Джейхан негізгі экспорттық құбыржолмен Әзірбайжан Республикасының, Грузияның және Түркия Республикасының аумақтары арқылы шикі мұнайды тасымалдау туралы келісімнің ережелерін қозғамайтынын назарға ала отырып,
энергия көздерін үздіксіз негізде тасымалдауға арналған бірыңғай дәліздің халықаралық стандарттарға сәйкес келуіне ұмтылатынын білдіре отырып,
1998 жылғы 29 қазандағы Анкара декларациясының және 1999 жылғы 18 қарашадағы Стамбул декларациясының ережелерін мойындай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Шарттың мәтінінде пайдаланылатын түсініктер:
БТД жүйесі - 1999 жылғы 18 қарашадағы Әзірбайжан Республикасы, Грузия және Түркия Республикасы арасындағы Әзірбайжан Республикасының, Грузияның және Түркия Республикасының аумақтары арқылы Баку - Тбилиси - Джейхан негізгі экспорттық құбыржолмен шикі мұнайды тасымалдау туралы келісімнің мәтінінде Көлік жүйесі ретінде айқындалған құбыржол (сондай-ақ қосалқы объектілер мен жабдық);
Энергетикалық хартияға Шарт - Тараптар бекіткен түзетулер мен толықтыруларды ескере отырып 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық хартияға Шарт және оның осы Шартқа қол қойылған күні Тараптарға қатысты міндетті күші бар хаттамалар;
Шетелдік валюта - осы Шарттың Тарабы болып табылмайтын мемлекеттің еркін айырбасталатын валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша бірліктері;
Келісім - бір тараптан Тараптың үкіметі және екінші тараптан, бұдан әрі Жобаның инвесторлары деп аталатын бір немесе бірнеше тұлға арасында жасалған және оның қатысушыларының Транскаспий жобасын іске асыруға қатысты шарттарын, құқықтары мен міндеттемелерін белгілейтін келісім;
Теңіз Тасымалдаушысы - Транскаспий жүйесі шеңберінде Тараптардың жалаулары астындағы Танкерлерді пайдалана отырып, Мұнайды Қазақстан Республикасының жағалауындағы терминал(дар)дан Әзірбайжан Республикасының жағалауындағы терминал(дар)ға Каспий теңізі арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға Тараптардың үкіметтері бірлесіп өкілеттік берген Тұлға;
Бірлескен комитет - осы Шарттың 10-бабында көрсетілген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін Тараптардың үкіметтері құратын комитет;
Тұлға - корпоративтік құрылымды, серіктестікті, бірлескен кәсіпорынды немесе меншік нысанына қарамастан, өзге де мекемені немесе ұйымды қоса алғанда, кез келген жеке немесе заңды тұлға;
Мұнай - шикі мұнайды және табиғи газ конденсатын қоса алғанда, кез келген сұйық көмірсутектері;
Жобаның инвесторы - жеке тәртіппен не Келісімдердің негізінде өзге де Тұлғалармен қатар Транскаспий жобасының инвесторы болып табылатын кез келген Тұлға;
Жоба кемесі - Транскаспий жобасы шеңберінде Тараптардың кез келгенінің жалауы астында теңізде немесе портта сүйреу, сондай-ақ басқа жұмыстар үшін пайдаланылатын Танкерден өзге өздігінен жүретін немесе өздігінен жүрмейтін жүзу құралы;
Танкер - Транскаспий жүйесінің шеңберінде Мұнайды тасымалдау үшін Тараптардың кез келгенінің жалауы астында жүзетін, заңды негіздерде Теңіз Тасымалдаушысының меншігіндегі немесе пайдалануындағы құрал;
Транскаспий көлік инфрақұрылымы - объектілердің толық тізбесі мен құрамы тиісті Келісімдерде белгіленетін Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы мұнай ағызу/құю терминалдары, жобаның Танкерлері мен Кемелері, Каспий теңізінің әзірбайжандық жағалауындағы мұнай ағызу/құю терминалдары және БТД жүйесіне дейінгі біріктіргіш құрылыстар;
Транскаспий жобасы - Транскаспий көлік инфрақұрылымын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі жұмыстар мен қызметтер;
Транскаспий жүйесі - Транскаспий көлік инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасында өндірілетін Мұнайды халықаралық нарықтарға тасымалдау жүйесі.
2-бап
Тараптар осы Шартқа және Келісімдерге сәйкес Мұнайды Транскаспий жүйесімен тасымалдауға жәрдем көрсету және Транскаспий жобасын іске асыруды қолдау үшін барлық қажетті күш-жігерді қолданады.
3-бап
3.1. Жоба инвесторының Транскаспий көлік инфрақұрылымына қатысты құқықтары мен міндеттері Келісімге сәйкес айқындалады.
3.2. Тараптардың ешқайсысы Транскаспий көлік инфрақұрылымы арқылы тасымалданатын Мұнайға меншік құқығын талап етпейді.
4-бап
4.1. Энергетикалық хартияға Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, жоба Инвесторының Транскаспий жобасы шеңберінде пайдаланылатын қандай да болмасын мүлкін (немесе оның бір бөлігін) Тараптардың ешқайсысы экспроприацияламайды (тікелей де, жанама да), реквизицияламайды немесе мемлекет меншігіне айналдырмайды (бұған ықпал ететін не тең нәтижелі кез келген шараларды қоса алғанда).
4.2. Тараптар:
4.2.1. тиісті Келісімде көзделген;
4.2.2. Транскаспий көлік инфрақұрылымын пайдалану Тараптың ұлттық қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына және Тұлғалардың мүлкіне қауіп төндіретін;
4.3. Транскаспий көлік инфрақұрылымын пайдалану Мұнайды тасымалдауға байланысты жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігінің ережелерін бұза отырып жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, Транскаспий көлік инфрақұрылымы арқылы Мұнай тасымалдау процесін тоқтатпайды және оған кедергі келтірмейді.
4.3. Осы Шарттың 4.2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, егер Тараптардың біреуі Транскаспий көлік инфрақұрылымы арқылы Мұнай тасымалдауды тоқтата тұру не оған кедергі келтіру үшін қандай да болмасын іс-әрекет жасаса, онда осындай Тарап Транскаспий жүйесімен тасымалдауды ақылға қонымды мерзімде қалпына келтіруге ықпал етеді.
4.4. Ұлттық қауіпсіздікке, халықтың денсаулығына және Тұлғалардың мүлкіне, жұмыстардың қауіпсіздігіне немесе қоршаған ортаны қорғауға қатысты Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің мүдделерін сақтау шартымен:
4.4.1. Транскаспий жобасын іске асыру үшін өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес келісілген транспаренттік коммерциялық талаптарда өз мемлекетінің егемендігіндегі және/немесе заңдық құзыретіндегі аумақ шегіндегі жер мен суға қажетті барлық құқықтарды әрбір Жоба инвесторына береді;
4.4.2. қажет болған жағдайда қандай да бір болмасын Тұлғалардың жер мен суға қол жеткізу және оларды пайдалану құқықтарын беруі және оларды алу үшін ақылға қонымды шаралар қабылдайды.
4.5. Жобаның Танкерлері мен Кемелері ұлттық қауіпсіздікке және/немесе қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайларды қоспағанда, әр Тараптың Үкіметі Транскаспий көлік инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын немесе Транскаспий жобасына байланысты пайдаланылатын жобаның осындай Танкерлері мен Кемелеріне қатысты:
4.5.1. өтудің қажетті құқықтарын береді;
4.5.2. кеме қатынасына еркіндік береді;
4.5.3. порттар мен терминалдарға кемсітпеушілік негізде қол жеткізуді қамтамасыз етеді;
4.5.4. міндетті порт алымдарының, кеден баждары мен басқа да осыған ұқсас міндетті төлемдерді белгілеу кезінде әділдікті, айқындылықты және кемсітпеушілікті және оларды қолдану кезінде негізсіз кідіртулерді болдырмауды қамтамасыз етеді;
4.5.5. теңіз сауда және көлік терминалдарына қатысты халықаралық стандарттардың пайдаланылуына, шварттық және жүк тиеу-түсіру жұмыстарына қатысты барлық қажетті әкімшілік рәсімдердің уақтылы және тиімді орындалуына жәрдемдеседі.
4.6. Тараптар Транскаспий жобасының шеңберінде ең үздік халықаралық практикаға сәйкес келетін бірыңғай стандарттарды қолдану мақсатында өзара іс-қимыл жасайды.
5-бап
5.1. Әрбір Тарап үкіметінің ұлттық заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуді ескере отырып, әрбір Жоба инвесторына:
5.1.1. трансшекаралық төлемдер мен Шетелдік валюта аударымдарына;
5.1.2. Шетелдік валютаны ағымдағы нарықтық бағамдар бойынша айырбастауға;
5.1.3. Тараптардың банктерінде Шетелдік валютадағы банк шоттарын ашуға, пайдалануға және ұстауға құқық береді.
6-бап
6.1. Тараптар Транскаспий жобасын қаржыландыруға тартуда Жоба инвесторына жәрдем көрсетеді.
6.2. Жоба инвесторы Транскаспий көлік инфрақұрылымындағы өз құқықтарын, меншігін және қатысу үлестерін онымен Келісім жасалған Тараптың үкіметімен келісім бойынша кепілзатпен қамтамасыз ету ретінде пайдалануға құқылы.
6.3. Жоба инвесторы Транскаспий жобасы бойынша кез келген кредитордың не сақтандырушының алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайда Тараптардың үкіметтері Келісім жасау жолымен аталған тұлғаларға осы жобаға кіруге және Жоба инвесторының міндеттемелерін өзіне алуға рұқсат етеді.
7-бап
7.1. Осы Шарттың шеңберіндегі қызметке салық салу Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7.2. Тараптың ұлттық заңнамасына осы Шарттың шеңберінде Жоба инвесторларына салық салу талаптарының нашарлауына әкелетін өзгерістер енгізілген жағдайда, Жоба инвесторларына салық салу Тараптың осы Шарт жасалған күні қолданылған ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8-бап
Болжамды Жоба инвесторы және/немесе оның ұсыныстары аталған Тараптың ұлттық қауіпсіздігіне не халқының денсаулығына, Тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда Тарап Үкіметі Келісім жасамауға немесе оған қосылудан бас тартуға құқылы.
9-бап
Транскаспий көлік инфрақұрылымы осы Шарттың ережелеріне зиян келтірмей, басқа да көлік бағыттары бойынша Мұнай тасымалдау үшін ішінара пайдаланылуы мүмкін. Түсінбеушіліктерді болдырмау мақсатында мұнайды Транскаспий жүйесінен тыс тасымалдау осы Шарттың талаптарымен өтелмейді.
10-бап
10.1. Бір Тараптың жазбаша сұратуы бойынша басқа Тарап оған осы Шарт пен Келісім бойынша міндеттемелердің орындалуына қатысты ақпарат береді.
10.2. Тараптардың үкіметтері:
10.2.1. осы Шарттың орындалуын бақылау және оны іске асыруға жәрдем көрсету;
10.2.2. осы Шартқа не Транскаспий жобасына қатысты туындауы мүмкін кез келген мәселелерді талқылау және оларды шешу мақсатында әр Тарап үкіметінің өкілдерінен тұратын Бірлескен комитет құрады.
10.3. Қисынды мерзімде, алайда, кез келген жағдайда, 12-бапқа сәйкес осы Шарт күшіне енгеннен кейін отыз (30) күннен кешіктірмей, бір Тараптың үкіметі басқа Тараптың үкіметіне өзінің өкілдеріне қатысты хабарлама береді.
10.4. Тараптардың өкілдері Бірлескен комитет белгілеген рәсімдерге сәйкес алмастырылуы мүмкін.
10.5. Тараптардың үкіметтері Бірлескен комитеттің отырысына Жоба инвесторының өкілдері шақырыла алатындығына келіседі.
10.6. Бірлескен комитет қызметінің тәртібін Тараптардың үкіметтері белгілейді.
10.7. Бірлескен комитет өзінің отырыстарын жылына кемінде екі рет өткізеді.
11-бап
11.1. Осы Шартты қолдануға немесе түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер жолымен шешеді.
11.2. Тараптардың үкіметтері мен Жоба инвесторы арасындағы даулар тиісті Келісімде белгіленетін тәртіппен шешіледі.
12-бап
12.1. Осы Шарт оны ратификациялау туралы соңғы жазбаша хабарлама күнінен бастап күшіне енеді.
12.2. Осы Шарттың қолданылуы барлық Келісімдердің қолданылу мерзімі тоқтатылғаннан не аяқталғаннан кейін және осы Шарт бойынша, сондай-ақ Келісімдер бойынша барлық міндеттемелер орындалғаннан кейін тоқтатылады.
2006 жылғы 16 маусымда Алматы қаласында қазақ, әзірбайжан, орыс және ағылшын тілдерінде, екі түпнұсқа данасында жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін қолданылады.
Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасы
үшін үшін
2006 жылғы 16 маусымда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Каспий теңізі және Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесімен халықаралық нарықтарға тасымалдауға қолдау көрсету және жәрдемдесу жөніндегі шарттың бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Ж. Бұхбантаев