Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі N 302 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны және тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ескертпелік таңбаланым - химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес өнімге және (немесе) орамаға жапсырылатын химиялық өнімнің қауіпті қасиеттері туралы және онымен жұмыс істеу кезеңдеріндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат;
      2) қатерді бағалау - химиялық өнімнің адам денсаулығы мен өміріне, қоршаған ортаға мүмкін болатын әсерін анықтауға бағытталған, қауіп деңгейін, дозасын (концентрациясын) айқындауды қамтитын шаралар кешені;
      3) қауіпті химиялық өнім - осы Заңның 5-бабының 4-тармағында тізіп көрсетілген санаттардың біріне жатқызылған, құрамына кемінде бір химиялық зат кіретін химиялық өнім;
      4) орама - химиялық өнімді және қоршаған ортаны бүліну мен ысырап болудан қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ химиялық өнімнің тасымалдануын, сақталуын және өткізілуін жеңілдететін құрал немесе құралдар кешені;
      5) өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) - химиялық өнімді белгіленген тәртіппен тіркеуді және олардың сәйкестігін растауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      6) техникалық құжаттама - қатерді бағалау үшін қажетті ақпарат жазылған, барлық қолжетімді тиісті деректері бар, соның ішінде зерттеудің әдістері мен нәтижелері толық сипатталып көрсетілген немесе оларға библиографиялық сілтеме жасалған құжаттар;
      7) химиялық зат - табиғатта бар немесе технологиялық операциялардың нәтижесінде алынған элемент немесе түзілім;
      8) химиялық өнім - табиғи ресурстардан бөлінудің және (немесе) химиялық реакцияларды пайдалана отырып, шикізатты түрлендірудің технологиялық сатыларынан өткен және адамның қажетін қанағаттандыруға немесе дайындаушы кәсіпорын шығарған күйінде өндіріске пайдалануға жарамды өнім;
      9) химиялық өнімді жіктеу - химиялық өнімді адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін қасиеттерін анықтау үшін химиялық заттардың қауіптілік түрлері және санаттары бойынша бөлу;
      10) химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) - химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын берілген өкілеттіктер шегінде қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар;
      11) химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты - химиялық өнімнің сипаттамалары және онымен жұмыс істеудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы мәліметтер қамтылған құжат;
      12) химиялық өнімнің өмірлік циклі - химиялық өнімді өндіру, қолдану, сақтау, тасымалдау, өткізу, жою және кәдеге жарату процестері;
      13) ыдыс - ашық немесе тұйық қуыс корпус түрінде жасалған, химиялық өнімді орналастыруға арналған бұйым болып табылатын ораманың элементі.

      2-бап. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің
             қауіпсіздігі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік  құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау үшін химиялық өнімнің және оның өмірлік циклі процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарды айқындау, белгілеу, қолдану және орындау жөніндегі, сондай-ақ химиялық өнімнің
қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды адастыратын іс-қимылдардың алдын алу жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.
      2. Осы Заңның талаптары:
      1) кен қабатындағы пайдалы қазбаларға;
      2) дайын дәрілік препараттарға;
      3) радиоактивті заттарға, материалдар мен қалдықтарға;
      4) тағамдық өнімге;
      5) парфюмерлік-косметикалық өнімдерді және тұрмыстық-химия өнімдерін қоспағанда, пайдалану процесінде өзінің химиялық құрамы мен агрегаттық жай-күйін өзгертпейтін және концентрацияларда адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер ете алатын қауіпті химиялық заттар бөліп шығармайтын бұйымдарға қолданылмайды.

      4-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы
             техникалық реттеу объектілері

      Химиялық өнім және оның өмірлік циклінің процестері химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері болып табылады.

      5-бап. Химиялық өнімді жіктеу

      1. Химиялық өнімді жіктеу адамның өмірі мен денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шараларды қолдану мақсатында жүргізіледі.
      2. Химиялық өнімді жіктеу химиялық заттар қауіптілігінің түрлері мен санаттары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Химиялық өнім өндірілу және қолданылу процесінде мынадай қауіп түрлерін:
      1) өрт қаупін;
      2) жарылыс қаупін;
      3) коррозиялық активтілікті;
      4) уыттылықты төндіруі мүмкін.
      4. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды әсер етуі мүмкін қасиеттері бар химиялық заттар мынадай санаттарға бөлінеді:
      физикалық-химиялық қасиеттері бойынша:
      1) жарылғыш заттар;
      2) тез тұтанатын газдар;
      3) тез тұтанатын сұйықтар;
      4) тез тұтанатын қатты заттар;
      5) тотықтырғыш заттар және органикалық пироксидтер;
      6) уытты заттар;
      7) коррозиялаушы заттар;
      уыттылық қасиеттері бойынша:
      1) күшті әсер ететін улы заттар;
      2) улы заттар;
      3) зиянды заттар;
      4) күйдіргіш заттар;
      5) көздің және (немесе) терінің кілегей қабықшаларының тітіркенуін туғызатын заттар;
      6) сенсибилизациялайтын әсері бар заттар;
      адамның денсаулығына ерекше әсер етуі бойынша:
      1) канцерогендер;
      2) мутагендер;
      3) ұрпақты болу функциясына уытты әсер ететін заттар;
      қоршаған ортаға әсер етуі бойынша:
      1) қоршаған сулы орта үшін қауіпті заттар;
      2) қоршаған ауа ортасы және топырақ үшін қауіпті заттар.
      5. Химиялық өнімнің санаттары, қауіптілік түрлері және химиялық өніммен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ақпарат химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық  регламенттерде белгіленеді.
      6. Химиялық өнімді сынаудың критерийлері мен әдістері, оның физикалық-химиялық және уыттылық қасиеттері, адамның денсаулығы мен өміріне, қоршаған ортаға ерекше әсері химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес айқындалады.
      7. Химиялық өнімді химиялық заттардың санаттары бойынша
жіктеуді өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) оны
нарықта орналастыру үшін тиісті құжаттарды ресімдеуі кезінде көрсетеді.

2-тарау. ХИМИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      6-бап. Уәкілетті органдар

      1. Мыналар уәкілетті органдар болып табылады:
      1) индустрия және сауда саласындағы уәкілетті орган ;
      2) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті орган ;
      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ;
      4) өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган ;
      5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ;
      6) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган ;
      7) энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкілетті орган;
      8) еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган ;
      9) көлік саласындағы уәкілетті орган .
      2. Уәкілетті органдар химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеуді салалық бағыттылығына сәйкес жүзеге асырады.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне мыналар жатады:
      1) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
      2) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық   регламенттерді бекіту; P080515 , P081031 , P081331
      3) салалық бағдарламаны бекіту;
      4) химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде консультациялық-кеңесші органдарды құру және тарату;
      5) химиялық өнімді тіркеудің және оны есепке алудың тәртібін бекіту ;
      6) уәкілетті органдардың арасынан салалық бағыттылығына сәйкес химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы салааралық үйлестіру жөніндегі мемлекеттік органды айқындау.

      8-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті

      Уәкілетті органдар:
      1) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды;
      2) химиялық өнімнің қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуді;
      3) өз құзыреті шегінде осы Заңда және химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды;
      4) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында техникалық регламенттер әзірлеуді;
      5) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында техникалық регламенттер жобаларын әзірлеу және химиялық өнімді техникалық реттеу саласында ұсыныстар дайындау үшін сарапшылық кеңестер құруды;
      6) осы Заңның және химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық  регламенттердің  талаптарына сәйкес келмейтін химиялық өнімді анықтау мақсатында тұтыну нарықтарына мониторинг жүргізуді және оны сатуға жол бермеу жөнінде шаралар талдап жасауды;
      7) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық құжаттамаларды келісуді;
      8) химиялық өнімнің жекелеген түрлерін тіркеу мен есепке алудың тәртібін бекітуді;
      9) химиялық өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тіркеуді және оның есебін жүргізуді; P080572
      10) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында салалық бағдарламалар, соның ішінде химиялық өнімнің қауіпсіздігі проблемалары бойынша зерттеулерді көздейтін бағдарламалар әзірлеуді және іске асыруды;
      11) өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) ұсынған ақпарат негізінде химиялық өнімнің адам денсаулығы мен өмірі, қоршаған орта үшін қатерін бағалауды тексеруді;
      12) осы Заңмен және техникалық  регламенттермен белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін химиялық өнімнің өмірлік циклінің бір немесе бірнеше процестерін тоқтата тұру туралы нұсқама беруді;
      13) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы
             мемлекеттік бақылау және қадағалау

      1. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде уәкілетті органдар жүзеге асырады және ол Қазақстан Республикасының заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының химия өнімдері қауіпсіздігіне қойылатын талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
      2. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысанда жүзеге асырылады.
      3. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. ӨТІНІМ БЕРУШІЛЕРДІҢ (ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ, ӨНІМ БЕРУШІЛЕРДІҢ, ИМПОРТТАУШЫЛАРДЫҢ) ХИМИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ
ҚАУІПСІЗДІГІ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

      10-бап. Өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім
              берушілердің, импорттаушылардың) химиялық
              өнімнің қауіпсіздігі саласындағы құқықтары

      Өтінім берушінің (өндірушінің, өнім берушінің, импорттаушының) жүзеге асыратын қызметіне сәйкес:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, техникалық  регламенттер әзірлеуге қатысуға;
      2) химиялық өнімнің қауіпсіздігін өндірістік бақылау бағдарламаларын әзірлеуге;
      3) химиялық өнімнің сапа менеджменті мен қауіпсіздігі жүйелерін енгізуге;
      4) ұйымдардың Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының міндетті талаптарына сәйкес келетін стандарттарын әзірлеуге және бекітуге;
      5) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға теріс әсер етуі мүмкін химиялық заттар туралы дұрыс ақпарат алуға;
      6) химиялық өнімнің қатерлерін бағалауға зерттеу жүргізу туралы уәкілетті органдарға жүгінуге құқығы бар.

      11-бап. Өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім
              берушілердің, импорттаушылардың) химиялық
              өнімнің қауіпсіздігі саласындағы міндеттері

      Жүзеге асырылатын қызметіне сәйкес өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы):
      1) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы  талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;
      2) химиялық өнімнің өмірлік циклі сатыларындағы қауіпсіздігіне өндірістік бақылауды қамтамасыз етуге;
      3) осы Заңның және химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына химиялық өнімнің және оның өмірлік циклі процестерінің анықталған сәйкессіздігі туралы уәкілетті органдарға хабарлауға;
      4) осы Заңда және техникалық регламенттерде  белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін химиялық өнімнің өмірлік циклінің бір немесе бірнеше процестерін тоқтатуға;
      5) тұтынушыларға және уәкілетті органдарға олардың талап етуі бойынша химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы дұрыс ақпарат беруге;
      6) уәкілетті органдарға мемлекеттік бақылау жүргізуге қажетті ақпаратты: химиялық өнімнің қауіпсіздік паспортын, тіркеу туралы куәлікті, сәйкестік сертификатын немесе декларацияны, техникалық сипаттағы басқа да құжаттар мен мәліметтерді (жоспардан тыс тексеру кезінде) беруге;
      7) химиялық өнімнің қатерін міндетті түрде бағалауды жүзеге асыруға (адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіретін химиялық заттардың зиянды әсерлерін, олардың зиянды әсерінің таралу аясын айқындауға) міндетті.

4-тарау. ХИМИЯЛЫҚ ӨНІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ
ТАЛАПТАР

      12-бап. Химиялық өнімді тіркеу

      1. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) химиялық өнімді тіркеуге міндетті.
      2. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелмеген химиялық өнім айналысқа жіберілмейді.

      13-бап. Химиялық өнімнің қатерін бағалау

      1. Химиялық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдану қатерді бағалауға негізделуге тиіс. P071398
      2. Өтінім берушінің (өндірушінің, өнім берушінің, импорттаушының) қатерге бағалау жүргізуі барлық химиялық өнім үшін міндетті.
      3. Химиялық өнімнің қатерін бағалау:
      1) химиялық өнім қауіптілігінің түрлерін анықтау;
      2) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп немесе ықтимал қауіп төндіретін химиялық өнімнің әсерін талдау;
      3) анықталған қатерлерді шектеу жөніндегі шараларды айқындау арқылы жүзеге асырылады.
      4. Химиялық өнім қауіптілігінің қатерін бағалау кезінде қолда бар техникалық құжаттамалар, ғылыми деректер, талдау және зерттеу әдістері, библиографиялық сілтемелер, іріктеп бақылау деректері пайдаланылуға тиіс.
      5. Уәкілетті органдар осы Заңның 8-бабының 11) тармақшасына сәйкес адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру фактілері туралы ақпарат алған жағдайда қатерді бағалауға тексеру жүргізуді ұйымдастырады.
      6. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) қатерлерді бағалауды химиялық өнімді тіркегенге дейін жүргізеді. P071398
       7. Қауіпті немесе ықтимал қаупі бар химиялық өніммен байланысты мүмкін болатын қатерді бағалау үшін өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) мыналарды:
      1) қауіпті химиялық заттардың бар екенін;
      2) қауіптілік көрсеткіштерін;
      3) қауіпті әсер етудің түрлері мен олардың туындау жағдайларын;
      4) физикалық-химиялық қасиеттерін;
      5) қоршаған ортаға әсер ету факторларын көрсетеді.
      8. Уәкілетті органдар қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұратуға немесе химиялық өнімге сынақ жүргізуге құқылы.

     14-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын
             талаптар

      1. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгіленген химиялық өнімнің қауіпсіздігіне және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын талаптар өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім берушілердің, импорттаушылардың) орындауы үшін міндетті болып табылады.
      2. Химиялық өнімнің қауіпсіздігі:
      1) өтінім берушілердің (өндірушілердің, өнім берушілердің, импорттаушылардың) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының  талаптарын сақтауы;
      2) химиялық өнімнің өмірлік циклі процестерінің Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасына сәйкестігіне өндірістік бақылау жүргізу;
      3) химиялық өнімнің Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін растау;
      4) экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, уыттылық сараптамаларын және өндірістік қауіпсіздік сараптамаларын жүргізу;
      5) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласында мемлекеттік реттеу шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.
      3. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының  талаптарына, соның ішінде мынадай көрсеткіштер бойынша:
      1) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға анық зиян келтіретін белгілері бар;
      2) осы Заңның 5-бабының 4-тармағында көрсетілген химиялық заттардың радиологиялық көрсеткіштері мен санаттары бойынша қойылатын талаптарға сай келмейтін;
      3) оның қауіпсіздігін куәландыратын және шығу тегін растайтын құжаттары жоқ;
      4) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында көзделген мәліметтер қамтылған таңбаланымы жоқ;
      5) ұсынылған ақпаратқа сәйкес емес химиялық өнім өмірлік цикл процестеріне жіберілмейді.
      4. Әзірленетін, жасалатын және айналысқа шығарылатын химиялық өнім химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық  регламенттерде  белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      15-бап. Химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты және оған
              қойылатын талаптар

      1. Химиялық өнімді нарықта орналастыру үшін беретін өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) оған қауіпсіздік паспортын қоса беруге міндетті.
      2. Химиялық өнімнің қауіпсіздік паспортында химиялық өнім туралы мынадай ақпарат болуға тиіс:
      1) химиялық өнімнің (заттың, препараттың және өндірушінің) айқындамасы;
      2) қатердің (қатерлердің) айқындамасы;
      3) құрамы, химиялық заттар туралы ақпарат;
      4) алғашқы көмек көрсету шаралары;
      5) өртке қарсы шаралар;
      6) төтенше жағдайлар кезіндегі шаралар;
      7) айналысы және сақталуы;
      8) сәулеленуден қорғау, жеке қорғану;
      9) физикалық және химиялық қасиеттері;
      10) тұрақтылық және реактивтілік;
      11) уыттылық туралы ақпарат;
      12) экологиялық ақпарат;
      13) қалдықтарды меңгеру;
      14) тасымалдау туралы ақпарат;
      15) химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы техникалық  регламенттерде белгіленген химиялық өнімнің жекелеген түрлері туралы ақпарат.
      3. Тұтынушының сұратуы бойынша оған химиялық өнім және оның адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті қасиеттерінің әсерінен қорғану шаралары туралы қосымша ақпарат беріледі.
      4. Химиялық өнімге ілеспе құжаттарда қауіптілік қатерін азайту үшін жіктеме және алдын ала сақтық шаралары туралы ақпарат болуға тиіс.

      16-бап. Химиялық өнімді өндіру және қолдану кезіндегі
              қауіпсіздік талаптары

      Химиялық өнімді өндіру және қолдану кезінде уәкілетті органдар бекіткен нормаларға сәйкес қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілуі қажет, олар:
      1) химиялық өнімді өндіру кезінде қатерлердің қауіптілігін барынша азайтатын технологиялар мен жабдықтарды, еңбек тәсілдері мен әдістерін таңдауды;
      2) химиялық өнімді өндіру және қолдану кезінде пайдаланылатын техникалық құралдар мен қорғану құралдарын пайдалануды және тиісінше күтіп ұстауды;
      3) қауіпті немесе ықтимал қаупі бар екенін көрсететін сақтандыру белгілері мен таңбаланымдарын пайдалануды; P071398
      4) жеке гигиенаны сақтауды және персоналда жеке қорғану құралдары мен арнайы киімдерінің болуын;
      5) авариялық жағдайларды болғызбауды және оларды жою құралдарының болуын қамтиды.

      17-бап. Химиялық өнімді тасымалдау және сақтау кезіндегі
              қауіпсіздік талаптары

      1. Химиялық өнімді сақтау және тасымалдау Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.
      2. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті химиялық өнімді тасымалдау үшін осындай мақсаттарға арнайы жабдықталған көлік құралдары пайдаланылады. P080515
      3. Химиялық өнімді сақтау және тасымалдау қорғау шаралары сақтала отырып жүзеге асырылады, олар:
      1) тасымалдауға және сақтауға арналған орамаға және ыдысқа қойылатын талаптарды;
      2) химиялық өнім орамасының рұқсат етілген массасын және оның сақталу мерзімін;
      3) сақтау және тасымалдау кезінде өнімнің химиялық өнімнің басқа түрлерімен сыйысымдылығын;
      4) тасымалдауға және сақтауға қойылатын жалпы талаптарды (температура, қысым, ылғалдылық, жарық);
      5) өздігінен жануға және өздігінен ыдырауға, оның ішінде қауіпті өнімдер түзей отырып ыдырауға бейім химиялық өнімге қолданылатын арнайы шараларды;
      6) орамасын, ыдысын қауіпсіз түрде қайталап пайдалану және (немесе) оларды кәдеге жарату жөніндегі шараларды;
      7) авариялық жағдайларды болғызбау және олардың зардаптарын жою жөніндегі шараларды;
      8) персоналдың жеке қорғану құралдарын;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында  белгіленген жағдайларда әскерилендірілген күзетті пайдалануды қамтиды.
      4. Химиялық өнімді тасымалдау және сақтау оның тұтыну қасиеттерін және адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті қасиеттерінің әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін орамада жүзеге асырылады.
      5. Химиялық өнім массасының жол берілетін нормасы оның әсер етуі немесе түрлену өнімдері қауіпсіздігін белгіленген мерзім ішінде қамтамасыз етуге тиіс.
      6. Химиялық өнімді тасымалдау кезінде ораманың, сондай-ақ көлік құралдарының өзінің химиялық өнімге санкциясыз қол сұғуды болғызбайтын бүтіндігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.
       7. Қос орама пайдаланылған жағдайда ішкі ыдыс сыртқы ыдысқа тасымалдау кезінде бұзылмайтындай етіп салынуға тиіс. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сыртқы және ішкі ыдыстың арасына қаптама материал салынуға тиіс. V095697
      Химиялық өнімді көліктің алуан түрінде тасымалдауға арналған орамаларды қолдануға қойылатын талаптарды тиісті уәкілетті орган белгілейді.
      8. Егер, олар бір-бірімен қауіпті реакцияға түсетін және:
      1) жанатын және (немесе) едәуір жылу бөліп шығаратын;
      2) тез тұтанатын, уытты немесе тұншықтыратын газдар бөліп шығаратын;
      3) басқа да химиялық активті және қауіпті, соның ішінде корродирлейтін заттардың түзілуін туғызатын химиялық өнімнің екі және одан да көп түрлерін бір ыдысқа орналастыруға жол берілмейді.
      9. Сұйытылған газдарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      10. Негізгі химиялық өнімнің қауіптілік қасиеттерін арттыра түсетін, жаңа қосылыстар түзу қабілеті бар химиялық өнімді сақтау кезінде осындай түрлену мүмкіндігін болғызбайтын барабар қорғау шаралары қамтамасыз етілуге тиіс.
      11. Ұқсас заттар үшін ғана ыдысты қайта пайдалануға болады. Химиялық өнімді сақтау шарттары оның кездейсоқ араласып кету мүмкіндігін болғызбауға тиіс.
      12. Орама әзірленген материал оның ішіндегі заттармен химиялық реакцияға түспеуге тиіс.
      13. Химиялық өнімнің әкелінуін, әкетілуін және транзитін қадағалау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Химиялық өнімді таңбалауға қойылатын талаптар

      1. Барлық химиялық қауіпті өнім оның қауіпті қасиеттері туралы хабардар ететін ескертпемен таңбалануға тиіс. P071398
      Химиялық өнімді ескертпелік таңбалау кезінде көрсетілетін стандарттық қауіптілік нышандарының тізбесі халықаралық талаптарға сәйкес белгіленеді және оны техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      2. Химиялық өнімнің орамасындағы немесе ыдысындағы ескертпелік таңбаланым:
      1) өтінім берушінің (өнім берушінің, өндірушінің, импорттаушының) атауын және телефон нөмірін, факсін, телексі мен электронды мекенжайын қоса, толық мекенжайын;
      2) атауын (атауларын);
      3) қауіптілік түрін;
      4) массасын немесе көлемін;
      5) партиясының нөмірін;
      6) дайындалған (шығарылған) уақытын және жарамдылық мерзімін;
      7) стандарттық қауіптілік нышандарын қамтуға тиіс.
      3. Ескертпелік таңбаланым жуғанда кетпейтін айқын әріптермен және (немесе) нышандармен жазылады.
      4. Химиялық өнімді ескертпелік таңбалаусыз нарыққа шығаруға және сатуға жол берілмейді.

      19-бап. Химиялық өнімге нарықтағы айналысы кезінде
              қойылатын талаптар

      1. Химиялық өнім, егер ол Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келсе, нарыққа шығарылуы және қолданылуы мүмкін.
      2. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) химиялық өнімнің нарықтағы қауіпсіз айналысына қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етуге тиіс.
      Бөлшек саудада өткізу кезінде химиялық өнімге нұсқаулық қоса беріліп, онда мынадай ақпарат:
      1) химиялық өнімнің арналған мақсаты;
      2) қолданылу шарттары;
      3) сақтау шарттары;
      4) қауіпті қасиеттерінің бар екендігі;
      5) қауіпсіз қолдану жөніндегі шаралар;
      6) алғашқы көмек көрсету шаралары қамтылуға тиіс.

      20-бап. Химиялық өнімнің бір немесе бірнеше өмірлік
              циклі процестерін тоқтатуға қойылатын талаптар

      1. Өтінім беруші (өндіруші, өнім беруші, импорттаушы) химиялық өнімнің осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған кезден бастап немесе уәкілетті органның нұсқамасы негізінде осындай химиялық өнімнің бір немесе бірнеше өмірлік циклі процестерін тоқтатуға міндетті.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қолданбау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      21-бап. Химиялық өнімнің өмірлік циклінің барлық
             сатыларында персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз
             ету жөніндегі талаптар

      1. Химиялық өнімді өндіру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес өндірістік персоналдың өмірі мен денсаулығының, қоршаған ортаны қорғаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар белгіленуге тиіс.
      2. Химиялық өнімнің өмірлік циклінің сатыларында еңбек ететін персоналдың қажетті біліктілігі, қауіпсіз жұмыс тәсілдері туралы білімі болуға, бақылау мен қорғаудың қажетті құралдарымен қамтамасыз етілуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында  белгіленген  тәртіппен химиялық өніммен жұмыс істеуге тиісті рұқсаты болуға тиіс.
      3. Химиялық өнімнің өмірлік циклінің барлық сатыларында жұмыс істейтін персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
      1) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпті химиялық өнімнің әсер ету қатерін болғызбайтын еңбекті қорғаудың тәсілдері мен әдістерін пайдалану;
      2) жеке гигиенаның қажетті құралдарын, жеке қорғану құралдарын беру;
      3) ескертпелік таңбаланымдарды пайдалану;
      4) персоналды химиялық өніммен қауіпсіз жұмыс істеудің шараларымен таныстыру;
      5) авариялық жағдайларды болғызбау және жою жөнінде шаралар әзірлеу шарттары сақталуға тиіс.
      4. Өтінім берушілер (өндірушілер, өнім берушілер, импорттаушылар) қауіпті немесе ықтимал қаупі бар химиялық өніммен жұмыс істейтін персоналды алдын ала және мерзімді тексерулерден өткізумен және оқытумен қамтамасыз етуге тиіс.

      22-бап. Химиялық өнімнің сәйкестігін растау

      1. Химиялық өнімнің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына  сәйкес жүзеге асырылады. P050367
      2. Шет мемлекет берген сәйкестікті растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінде оны таныған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп саналады.

      23-бап. Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің
              қауіпсіздігі туралы заңнамасын бұзғаны үшін
              жауаптылық

      Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      24-бап. Өтпелі ережелер

      1. Химиялық өнім қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерді бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік реттеу осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін және өткізілетін химиялық өнім үшін оның сәйкестігін растайтын құжаттар оларда көрсетілген қолданыс мерзімінің ішінде күшін сақтайды.

      25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті