Оформи подписку на Портал Учёт и участвуй в розыгрыше трёх iPhone 11

Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 180 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң тұрғын жайлардың құрылысына үлестiк қатысуы үшiн жеке және заңды тұлғалардың ақшаларын тарту арқылы оларды салуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау кепiлдiгiн белгiлейдi.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) кепiлдiктi мерзiм - құрылыс салушы тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес жобалау-сметалық құжаттамада көрсетiлген құрылыс объектiсi көрсеткiштерiнiң сапасын сақтауға және құрылыс объектiсiн (тұрғын жайды) пайдалану мүмкiндiгiне кепiлдiк беретiн уақыт;

      2) құрылыс салушы - өзiне меншiк құқығымен немесе жергiлiктi атқарушы орган берген жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiнде тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру үшiн үлескерлердiң ақшаларын тарту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) нөлдiк цикл - тұрғын жайдың нөл деп алынатын, шартты жобалық белгiден төмен орналасқан бөлiктерiн салу жөнiндегi құрылыс-монтаждау жұмыстарының кешенi;

      4) пайдалануға беруге рұқсат - комиссияны тағайындаған уәкiлеттi органның тұрғын жайды қабылдау туралы мемлекеттiк қабылдау комиссиясының актiсiн бекiтуi;

      5) тұрғын жайдағы үлес - тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу шарты бойынша салынған тұрғын жайдың құрамына кiретiн, үлескерге беру aктici бойынша берiлетiн тұрғын үй. Осындай үйге жеке меншiк құқығы туындаған кезде онымен бiр мезгiлде тұрғын жайдағы ортақ мүлiкке ортақ үлестiк меншiк құқығы туындайды;

      6) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу - тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тараптарының тұрғын жайларды салу мақсатында ақша тарту (құрылыс салушы) және беру (үлескер) жөнiндегi қатынастары;

      7) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт - құрылыс салушы мен үлескердiң арасында жасалатын және үлескерлердiң ақшаларын тарту арқылы тұрғын жайлардың салынуына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтiн шарт;

      8) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша тұрғын жай (бұдан әрi - тұрғын жай) - негiзiнен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ ортақ мүлiк болып табылатын тұрғын емес үй-жайлардан және өзге де бөлiктерден тұратын құрылыс;

      9) тiркеушi органдар - жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдар;

      10) уәкiлеттi орган - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары;

      11) үлескер - өздерiнiң тұрғын үйге қажетiн қанағаттандыру үшiн тұрғын жайларды салуға ақшаларымен қатысатын жеке (уақытша жүрген шетел азаматтарын қоспағанда) немесе заңды тұлға.

       2-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына
               үлестiк қатысу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және Азаматтық  кодекстiң , осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.

      2. Қазақстан Республикасының  тұрғын үй қатынастары туралы , сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн реттейтiн заңнамасы осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу қатынастарына қолданылады.

      3. Осы Заң жылжымайтын мүлiк объектiлерi құрылысындағы инвестициялаумен, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысымен байланысты тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа негізделмеген қатынастарға қолданылмайды.

      4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне:

      1) тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;

      2) уәкiлеттi органды айқындау;

      3) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы үлгi шартты  бекiту  жатады.

       4-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

       Уәкiлеттi орган :
      1) құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметiне мониторингтi жүзеге асырады;

      2) есептi тоқсанның соңына қарай тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысудың орындалмаған шарттары бойынша тартылған ақшалардың кемiнде 12 процентi көлемiнде құрылыс салушының өз капиталының болуы туралы талаптардың сақталуын тоқсан сайын тексерудi жүзеге асырады;

      3) қажеттi құжаттар мен материалдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сұратады және алады;

      4) анықталған Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығарады, сондай-ақ құрылыс салушыларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешiм қабылдайды;

      5) Қазақстан Республикасының  заңнамалық актiлерiнде  көзделген жағдайларда, құрылыс салушының үлескерлердiң ақшаларын тарту есебiнен тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензиясын береді, оның қолданылуын тоқтата тұрады немесе сот тәртібімен одан айырады;

      6) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды есепке алуды жүзеге асырады;

      7) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысудың орындалмаған шарттары бойынша тартылған ақшаның нысаналы жұмсалуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       5-бап. Уәкiлеттi органның құрылыс салушының қызметiн
               бақылауы

      1. Құрылыс салушы Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасының, сондай-ақ оған сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын бұзған жағдайда, уәкiлеттi орган:

      1) құрылыс салушылардан анықталған бұзушылықтарды жоюды талап етуге;

      2) құрылыс салушыларға осы Заңның, сондай-ақ оған сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылуын жою туралы орындалуы мiндеттi нұсқамалар жiберуге;

      3) құрылыс салушыны (оның лауазымды адамдарын) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де  заңдарында  белгiленген жауапкершiлiкке тарту үшiн қажеттi шаралар қабылдауға құқылы.

      2. Өзiне осы баптың 1-тармағына сәйкес уәкiлеттi органның нұсқамасы жiберiлген құрылыс салушы оған Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.

      3. Құрылыс салушы лицензиясының қолданылуы:
      1) құрылыс салушы қаржы жылының соңына қарай өз капиталының мөлшерi тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу шарттары бойынша тартылған ақшалардың кемiнде 12 процентi көлемiнде болуы жөнiндегi талапты сақтамаған;

      2) құрылыс салушыға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әкiмшiлiк ықпал ету шаралары бiр жыл iшiнде екi және одан да көп рет қолданылып, құрылыс салушы осы Заңның өзге де талаптарын сақтамаған жағдайларда, алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкін.

       6-бап. Құрылыс салушы

      1. Құрылыс салушы өзiнiң қызметiн тұрғын жайларды салу үшiн өз қаражатын және (немесе) қарызға алынған қаражатты, сондай-ақ үлескерлердiң ақшаларын инвестициялау арқылы жүзеге асырады.
      Құрылыс салушы тұрғын жайлар салу мақсатында үлестiк қатысу негiзiнде  мердiгерлiк  және  тапсырма шарттарын  жасасуға құқылы.
      Құрылыс салушы үлескердiң ақшаларын құрылысына үлескер қатысып отырған тұрғын жайды салуға байланысты мақсаттар үшiн жұмсауға мiндеттi.

      2. Шетелдiк ұйымдар үлескерлердiң ақшаларын тарту жолымен тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға құру арқылы ғана жүзеге асырады.

      3. Құрылыс салушы мен үлескер тараптардың келiсiмi бойынша айқындалатын шарттармен үлескерлердiң қаражаттарына қатысты өздерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыруды жүзеге асыруға құқылы.

       7-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт

      Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы үлгi шартты Қазақстан Республикасының Үкiметi  бекiтедi .
      Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша бiр тарап (құрылыс салушы) тұрғын жайды шартта көзделген мерзiмде салуға және пайдалануға беруге рұқсат алғаннан кейiн шарттың талаптары бойынша үлескерге оның тұрғын жайдағы үлесiн беруге мiндеттенедi, ал басқа тарап (үлескер) шартпен келiсiлген мөлшерде және тәртiппен ақша енгiзуге мiндеттенедi.
      Шартты жасасқаннан кейiн оған тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер енгiзiлуi немесе қосымша келiсiмдер жасалуы мүмкiн.

       8-бап. Құрылыс салушы ұсынатын ақпарат

      1. Құрылыс салушы тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт жасасу мақсатында өтiнiш жасаған тұлғаға танысу үшiн:

      1) құрылыс салушының фирмалық атауы және орналасқан жерi туралы ақпаратты;

      2) құрылыс салушының мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы куәлiктi;

      3) салық төлеушiнiң куәлiгiн;

      4) статистикалық карточканы;

      5) ол бар болған жағдайда, құрылыс салушының тұрғын үй құрылысында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруының соңғы жылындағы аудиторлық қорытындыны;

      6) үлескерлердiң ақшасын тарту есебiнен тұрғын жайлар салуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруына арналған  лицензияны ;

      7) ол бар болған жағдайда, аталған объектiлердiң орналасқан жерi, оларды пайдалануға беру мерзiмдерi көрсетiлiп, екi жыл iшiнде құрылыс салушы жүзеге асырған тұрғын жайлар құрылысының жобалары туралы ақпаратты;

      8) құрылыс объектiсi туралы ақпаратты;

      9) жер учаскесiне құрылыс салушының тиiстi құқығын растайтын құжаттарды ұсынады.

      2. Құрылыс объектiсi туралы ақпарат:

      1) кезеңдер бойынша құрылысқа рұқсатты;

      2) жобалық құжаттамаға сәйкес объектiнiң орналасқан жерiнiң көрсетiлуi мен сипаттамасын;

      3) құрылыстың кезеңдерi және оны аяқтау мерзiмдерi туралы мәлiметтердi;

      4) бас мердiгердiң атауын, осы саладағы жұмыс тәжiрибесiн, лицензиясының бар-жоғын, ол бас мердiгер болып әрекет етiп, пайдалануға тапсырылған объектiлер туралы ақпаратты қоса алғанда, ол туралы негiзгi мәлiметтердi қамтиды.

       9-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы
               шарттың нысаны және мiндеттi талаптары

      1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкiметi өзi айқындайтын тәртiппен  бекiткен  үлгi шарттың негiзiнде жазбаша нысанда жасалады, ол есепке алынуға тиiс және осы есепке алу кезiнен бастап жасалған болып есептеледi.

      2. Шарттың мiндеттi талаптары:
      1) құрылыс салушы тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат алынғаннан кейiн жобалық құжаттамаға сәйкес үлескерге берiлуге жататын оның тұрғын жайдағы үлесiн үлескер үшiн айқындау;

      2) құрылыс салушының үлескерге тұрғын жайдағы үлестi беру мерзiмi;

      3) шарттың бағасы, яғни, тұрғын үйдiң (пәтердiң) пайдалы алаңының бiр шаршы метрi үшiн есептiк негiзге алынған, үлескер енгiзуге тиiс ақша сомасы;

      4) тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша салынған тұрғын жайдың кепiлдiк берiлген мерзiмi;

      5) үлескерге берiлуге тиiс, тұрғын жайдағы пәтерге қатысты сәулеттiк жобалық құжаттаманың бiр бөлiгiн (құрылыстың және тұрғын үйдiң жоспарлары, қабаттылығы) шартқа мiндеттi түрде қоса тiркеу;

      6) үлескерге жылжымайтын мүлiк объектiсiндегi үлесiн берудiң шартта көрсетiлген мерзiмiн құрылыс салушы бұзған жағдайда, тұрақсыздық айыбының (өсiмпұлдың) шамасын көрсету;

      7) үлескер шартта белгiленген төлем енгiзу мерзiмiн бұзған жағдайда, тұрақсыздық айыбының (өсiмпұлдың) шамасын көрсету болып табылады.

      3. Тұрғын жайдың кепiлдiк берiлген мерзiмi объект пайдалануға қабылданған күннен бастап екi жылдан кем болмауға тиiс.

      4. Шартта осы баптың 2-тармағында көзделген талаптар болмаған жағдайда, шартты есепке қоюға болмайды.

      5. Құрылысқа үлестiк қатысушы азамат қайтыс болған немесе ол өлген деп жарияланған жағдайда, оның құқықтары мен мiндеттерi шарт бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық  заңнамасына  сәйкес мұрагерлерге ауысады. Құрылыс салушы құрылысқа үлестiк қатысушының құқықтары мен мiндеттерiнiң мұндай мұрагерлерге ауысуынан бас тартуға құқылы емес.

       10-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу шартын
                жасасу

      1. Құрылыс салушы өзiне меншiк құқығымен немесе жергiлiктi атқарушы орган берген жер пайдалану құқығымен тиесiлi учаскенi құрылыс салуға пайдалануға заңда белгiленген тәртiппен  рұқсат алғаннан  кейiн және құрылыс объектiсiн салудың нөлдiк циклын аяқтағаннан кейiн тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт жасасуға құқылы. Yлескерлермен шарт тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат берiлгенге дейiн ғана жасалуы мүмкiн.

      2. Құрылыс салушы үлескерлермен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты, шарт жасасу кезiнде тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы орындалмаған шарттар бойынша тартылған ақшалардың кемiнде 12 процентi көлемiнде оның өз капиталы болған кезде, жасасады.

       11-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы
                шарттарды есепке алу

      1. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт, оған енгiзiлетiн өзгерiстер, сондай-ақ шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру салынатын тұрғын жай орналасқан жердегi  уәкiлеттi органдарда  есепке алынуға тиiс.

      2. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды, оған енгiзiлген өзгерiстердi, сондай-ақ шарт бойынша талап ету құқығын басқаға берудi есепке алу үшiн құрылыс салушы салынатын тұрғын жайдағы үлес алаңдары мен оның орналасатын жерi көрсетiлген құжаттарды табыс етедi.
      Құрылыс салушы уәкiлеттi органда есепке алынғаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың есептiк жазбасы туралы үзiндiнi үлескерге беруге мiндеттi.
      Шарттарды, оған енгiзiлетiн өзгерiстердi, сондай-ақ шарт бойынша талап ету құқығын басқаға берудi есепке алу кезiнде үшiншi тұлғалардың бұрын есепке қойылған үлеске құқықтарының болуы нысанасында мiндеттi тексеру жүргiзiледi. Ондай құқықтар болған кезде, шартты есепке алудан бас тартылады.

      3. Құрылыс салушы тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттарды есепке алуды осы баптың 2-тармағында аталған құжаттардан басқа, құрылысқа немесе оның кезеңiне рұқсатты уәкiлеттi органға ұсына отырып жүргiзедi.

      4. Шарттарды есепке алу уәкiлеттi органға құжаттар берiлген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.

      5. Шартты орындаудан бiржақты бас тартылған жағдайда, бастамашы тарап уәкiлеттi органға шартты орындаудан бiржақты бас тартылуын есепке алу туралы өтiнiш ұсынады. Бұл ретте бастамашы тарап басқа тарапты шартты орындаудан бiржақты бас тарту туралы өтiнiш берiлген күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

       12-бап. Мiндеттемелердiң орындалуы

      1. Үлескердiң шарт бағасын төлеуi төлемдердi бiржолғы немесе шартта белгiленген мерзiмдерде енгiзу арқылы жүргiзiледi.

      2. Үлескердiң ақшалай мiндеттемелерi тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа сәйкес ақша толық көлемде төленген кезден бастап орындалған болып есептеледi.

      3. Құрылыс салушының мiндеттемелерi тұрғын жайдағы тұрғын үйдi пайдалануға беруге рұқсат алынғаны және үлескерге тиiстi үлестiң берiлгенi туралы актiге тараптар қол қойған кезден бастап орындалған болып есептеледi.

      4. Салынған тұрғын жайдағы үлестi бергенге дейiн оның кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелiн құрылыс салушы көтередi.
      Тараптар беру актiсiне қол қойғаннан кейiн үлестiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелi үлескерге өтедi.

       13-бап. Шартты өзгерту және бұзу

      1. Егер шартта және (немесе) оған қосымша келiсiмдерде шартты өзгерту жағдайлары мен талаптары көзделсе, құрылыс салушы мен үлескердiң келiсiмi бойынша шарт жасалғаннан кейiн оның талаптары өзгертiлуi мүмкiн.
      Егер, тұрғын үйдiң құрылысына үлестiк қатысу туралы шартты жасасқан үлескер шарттың бағасын шарт талаптарына сәйкес толық мөлшерде төлесе, онда тұрғын жайдың жалпы алаңының 1 шаршы метрiне бағаны одан әрi өзгертуге жол берiлмейдi.

      2. Үлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруiне Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiнде  белгiленген тәртiппен ол шарттың бағасын төлегеннен кейiн немесе борышын бiр мезгiлде жаңа үлескерге аударғаннан кейiн ғана жол берiледi.

      3. Yлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беруiне шарттар есепке алынған кезден бастап салынған тұрғын жайдағы тиiстi үлестi беру туралы актiге тараптар қол қойған кезге дейiн жол берiледi.

      4. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарттың мiндеттi талаптары бұзылған жағдайда, кез келген тарап шартты орындаудан бiржақты тәртiппен бас тартуға және осы Заңның 17-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын төлей отырып, оның бастапқы жағдайға келтiрiлуiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiне  сәйкес шығындардың өтелуiн талап етуге құқылы.

       14-бап. Тұрғын жайдағы үлестi беру

      1. Құрылыс салушы үлескердiң салынған тұрғын жайдағы үлесiн оған шартта көзделген мерзiмiнен кешiктiрмей беруге мiндеттi.
      Құрылыс салушының үлестi беруi және оны үлескердiң қабылдап алуы тараптардың беру актiсi бойынша жүзеге асырылады.

      2. Құрылыс салушы үлескерге оның үлесiн берудi өзi тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат алғаннан ерте жүзеге асырылмайды.

      3. Бүкiл тұрғын жайды пайдалануға беруге рұқсат алғаннан кейiн құрылыс салушы тиiстi үлескерлерге үлестерiн беру жөнiндегi мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын орындауға құқылы.

      4. Құрылыс салушыдан құрылыстың аяқталғаны және тұрғын жайдағы үлестi беруге дайын екендiгi туралы жазбаша хабарлама алған үлескер оны шартта көзделген мерзiмде немесе егер, мұндай мерзiм белгiленбесе, аталған хабарлама алынған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде қабылдауға кiрiсуге мiндеттi.

      5. Үлескер оған өз үлесiн беру туралы актiге қол қойылғанға дейiн құрылыс салушыдан өз үлесiнiң осы Заңда немесе шартта аталған талаптарға сәйкес келмейтiндiгiн беру актiсiнде көрсетудi талап етуге, не беру актiсiне қол қоюдан бас тартуға құқылы. Бұл ретте құрылыс салушы осы мәлiметтердi беру актiсiне енгiзуге мiндеттi.

      6. Егер, шартта өзгеше көзделмесе, үлескер осы баптың 4-тармағында көзделген мерзiмде тұрғын жайдағы өз үлесiн қабылдаудан жалтарған немесе үлескер оны қабылдаудан бас тартқан жағдайда (осы баптың 5-тармағында аталған жағдайды қоспағанда), құрылыс салушы тиiстi үлестi беру үшiн шартта көзделген күннен бастап он жұмыс күнi өткеннен кейiн шартты бұзуға және құрылыс салушы осының салдарынан шеккен залалдарды өтеу үшiн шартқа сәйкес оған тиесілі, тұрақсыздық айыбынан (өсiмпұлдан) басқа, ақшаларды үлескерге қайтаруға құқылы.

       15-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу негiзiнде
                үйлер салуды ұйымдастыруға байланысты жарнаманың
                ерекшелiктерi

      1. Нөлдiк цикл құрылысына рұқсат берiлгенге дейiн тұрғын жайды салу үшiн үлескерлердiң ақшаларын тарту мақсатында тұрғын жайларды жарнамалауға жол берiлмейдi.

      2.  Уәкiлеттi орган  құрылыс салушы лицензиясының қолданылуын тоқтатып қойған кезеңде үлескерлердiң ақшаларын тарту үшiн жарнама жасауға тыйым салынады.

       16-бап. Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысуды
                ұйымдастыруға қойылатын талаптардың бұзылуы

      Құрылыс салушы осы Заңда белгiленген, толық емес және дұрыс емес ақпараттарды ұсынған жағдайда, үлескер мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы. Мәмiле жарамсыз деп танылған жағдайда, құрылыс салушы үлескердiң шарт бойынша төлеген ақшаларын қайтаруға және Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiне  сәйкес ол шеккен залалдарды өтеуге мiндеттi.

       17-бап. Тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу
                туралы шарт бойынша жауапкершiлiгi

      1. Құрылыс салушы үлескердiң тұрғын жайдағы үлесiн берудiң шартта көзделген мерзiмiн бұзған жағдайда, құрылыс салушы мерзiмi өткен әрбiр күнге үлескердiң тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу шарты бойынша төлеген сомасының 0,1 % мөлшерiнде үлескерге тұрақсыздық айыбын (өсiмпұл) төлейдi.

      2. Жұмыс нәтижелерiн қабылдаудан кейiнгi кепiлдiк берiлген мерзiм iшiнде онда шарттан ауытқушылықты немесе әдеттегiдей қабылдау тәсiлi кезiнде анықталуы мүмкiн емес (көрiнбейтiн кемшiлiктер), соның iшiнде құрылыс салушы әдейi жасырған өзге де кемшiлiктердi анықтаған үлескер бұл туралы олар анықталғаннан кейiн он күн мерзiмде құрылыс салушыға хабарлауға мiндеттi.

      3. Егер, жылжымайтын мүлiк объектiсiндегi үлес шарт талаптарынан ауытқушылықтармен немесе өзге де кемшiлiктермен салынған болса, онда үлескер өз таңдауы бойынша құрылыс салушыдан:

      1) кемшiлiктердiң тараптар келiскен мерзiмде өтеусiз жойылуын;

      2) шарт бағасының мөлшерлес азайтылуын;

      3) кемшiлiктердi жоюға жұмсалған өз шығыстарының өтелуiн талап етуге құқылы.

      4. Төлем енгiзудiң шартта белгiленген мерзiмi бұзылған жағдайда, үлескер құрылыс салушыға шартта белгiленген кезеңде өзi төлеуге тиiс соманың мерзiмi өткен әрбiр күнге 0,1 % мөлшерiнде тұрақсыздық айыбын (өсiмпұл) төлейдi.

      5. Yлескер тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт бойынша тұрғын жайдың құрылысын жүзеге асыру кезiнде құрылыс салушының қаржылық және тағы басқа тәуекелдерi үшiн жауаптылықта болмайды.

       18-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына
                үлестiк қатысу туралы заңнамасын бұзғаны үшiн
                жауаптылық

      Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

       19-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заңның күшi осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн туындаған тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу қатынастарына қолданылмайды.

      2. Егер, құрылыс салушыға үлестiк қатысу арқылы тұрғын жай құрылысының кезектi сатысына осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн рұқсат берiлсе, онда осы Заңда көзделген ережелер құрылыс салушыға қолданылмайды.

       20-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі

      Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті