Астанада 2004 жылғы 18 маусымда жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ ШАРТ ҰЙЫМЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ҚҰПИЯ
АҚПАРАТТАРДЫҢ САҚТАЛУЫН ӨЗАРА ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттер,
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік шартының қағидаттары мен ережелерін және оның дамуына қатысты қабылданған құжаттарды басшылыққа ала отырып,
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан сыртқы саясат, экономикалық, ғылыми-техникалық, әскери, әскери-техникалық, барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру және өзге де іс-қимылдар саласында құпия ақпараттардың сақталуын өзара қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты
төмендегі туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мақсаты үшін аталған терминдер мыналарды білдіреді:
"құпия ақпарат" - Тараптардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қорғалатын, әрбір Тараптың заңнамасы және осы Келісім белгілеген тәртіпте берілген (алынған) кез келген нысанда көрініс тапқан, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесінде сыртқы саясат, әскери, әскери-техникалық, экономикалық, ғылыми-техникалық, барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру және өзге де іс-қимылдар саласында пайда болған, оларды заңсыз тарату Тараптардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне залал келтіруі мүмкін мәліметтер;
"құпия ақпарат көздері" - құпия ақпарат рәміздер, үлгілер, белгілер, техникалық шешімдер мен процестер түрінде өз көрінісін табатын материалдық объектілер, соның ішінде физикалық өрістер;
"уәкілетті органдар" - ынтымақтастық процесінде берілетін және/немесе пайда болған құпия ақпаратты алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға және қорғауға Тараптар уәкілеттік берген мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар;
"құзыретті органдар" - осы Келісімді іске асыруға жауапты Тараптар мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының органдары;
"құпиялылық белгісі" - көздерде және (немесе) оған ілеспе құжаттамада көрсетілетін, құпия ақпарат көздерінде қамтылған мәліметтердің құпиялылық дәрежесі туралы куәландыратын деректемелер;
"құпия ақпараттарға рұқсат ету" - құпия ақпараттарға енуге рұқсат етілу және/немесе жеке адамдардың енуге рұқсат етілу, ал уәкілетті органдардың осындай ақпаратты пайдалана отырып, жұмыстар жүргізу құқығын ресімдеу рәсімі;
"құпия ақпараттарға ену" - құпия ақпараттарға енуге рұқсаты бар жеке адамды құпия ақпараттармен таныстырудың санкцияланған процесі;
"құпиялылық режимі" - осы Келісімнің Тараптары мемлекеттерінде белгіленген талаптар, нормалар мен ережелер, сондай-ақ құпия ақпараттарға енуді реттейтін (санкциясыз енуді болдырмайтын) шараларды қолдану тәртібінің жиынтығы;
"құпия ақпараттарды санкциясыз тарату" - құпия ақпараттарды жария ету немесе осындай ақпараттарды таратудың белгіленген тәртібін (ережесін) бұзу салдарынан оның оған рұқсаты жоқ адамдарға белгілі болуы;
"құпия жұмыстар" - құпия ақпараттарды пайдалануға байланысты жұмыстар, соның ішінде оқыту.
2-бап
Тараптар құпия ақпараттарды қорғау жөніндегі өзінің нормативтік құқықтық актілеріне, осы Келісімге қоса берілген және оның ажырамас бөлігі және Тараптардың екі жақтық келісімі болып табылатын ҰҚШҰ шеңберіндегі құпия ақпараттардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы Келісімнің қатысушы мемлекеттері арасындағы сыртқы саясат, экономикалық, ғылыми-техникалық, әскери, әскери техникалық, барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру және өзге де ынтымақтастығын жүзеге асыру барысындағы құпиялылық тәртібін қамтамасыз ету Тәртібі талаптарына (әрі қарай - Тәртіп) сәйкес уәкілетті органдардың құпиялылық режимді қамтамасыз ету және құпия ақпараттарды сақтау жөніндегі барлық қажетті шараларды қолданады.
3-бап
Тараптардың әрқайсысының нормативтік құқықтық актілері негізінде Тараптар құпиялылық дәрежелері және оларға сәйкес құпиялылық белгілері мынадай үлгіде салыстырылатынын белгілейді:
Армения |
Беларусь |
Қазақ- |
Қырғыз |
Ресей |
Тәжік- |
Ұжымдыққауіпсіздік |
Өте маңызды |
Өте маңызды |
Өте маңызды |
Өте маңызды |
Өте маңызды |
Өте маңызды |
Өте маңызды |
Өте құпия |
Өте құпия |
Өте құпия |
Өте құпия |
Өте құпия |
Өте құпия |
Өте құпия |
Құпия |
Құпия |
Құпия |
Құпия |
Құпия |
Құпия |
Құпия |
4-бап
Осы Келісімді жүзеге асыру үшін жауапты құзыретті органдар:
- Армения Республикасында - Армения Республикасы Үкіметінің жанындағы Ұлттық қауіпсіздік қызметі;
- Беларусь Республикасында - Беларусь Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті;
- Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
- Қырғыз Республикасында - Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметі;
- Ресей Федерациясында - Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі;
- Тәжікстан Республикасында - Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі Бас басқармасы;
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымында - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Хатшылығы болып табылады.
5-бап
Өз нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Тараптар:
ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде алынған және (немесе) пайда болған құпия ақпараттарға қатысты осындай құпиялылық дәрежедегі (осы Келісімнің 3-бабына сәйкес салыстырылатын) өзінің құпия ақпаратқа қатысты қолданылатын сондай қорғау шараларын қолдануға;
басқа Тараптың уәкілетті органынан алынған құпия ақпаратты тек қана оны беру кезінде көзделген мақсаттарда пайдалануға;
құпия ақпаратты берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз оған үшінші тараптың енуіне рұқсат бермеуге міндеттенеді.
Құпия ақпаратқа енуге құпия ақпаратты беру кезінде көзделген мақсаттарда ол қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет болатын және ұлттық заңнамаға сәйкес ресімделген құпия ақпаратқа тиісінше ене алатын адамдарға ғана рұқсат етіледі.
Беруші Тарап қажет болған жағдайда құпия ақпаратты қорғау жөніндегі қосымша талаптарды (құпия ақпаратпен жұмыс істеу жөніндегі міндеттемелерді егжей-тегжейлі жазып және оны қорғау жөніндегі шараларды толығымен көрсете отырып) ескертуі мүмкін.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Хатшылығында құпия ақпараттармен жұмыс істеу және құпиялылықты қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асыру тәртібі жеке Нұсқаулықпен белгіленеді.
6-бап
Құпия ақпаратты беру туралы шешімді Тараптардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әрбір жеке жағдайда осындай ақпаратты беруші қабылдайды.
Беру тәсілі берілетін құпия ақпараттың санкциясыз таралуынан қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
Тараптар арасында құпия ақпаратты беру Тараптар арасындағы қолданыстағы келісімдерге сәйкес дипломатиялық арналар бойынша, фельдъегерлік қызмет немесе өзге де уәкілетті қызметтер арқылы жүзеге асырылады.
Құпия ақпарат берілген Тараптың уәкілетті органы оны алғандығын растайды.
Ауқымды көлемдегі (салмақтағы, габариттегі т.б.) құпия ақпарат көздерін беру үшін Тараптардың уәкілетті органдары әр жекелеген жағдайда тасымалдау тәсілдерін, алып жүру бағыты мен нысанын белгілейді.
Бір Тараптың уәкілетті органдары өкілдерінің басқа Тарап мемлекетінің құпия ақпаратына енуін көздейтін сапарлары қабылдаушы Тараптың құзыретті органының келісімі бойынша жүзеге асырылады. Сапар алдында Тараптардың құзыретті органдары сапар кезінде берілетін ақпараттардың құпиялылық дәрежесі туралы бірін-бірі хабардар етеді.
7-бап
Берілетін құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін және оның көздерін құпия ақпараттарды жасаған уәкілетті орган анықтайды.
Құпия ақпарат көздерін алуға жауапты уәкілетті органға берілген құпия ақпарат көздері осы Келісімнің 3-бабына сәйкес салыстырылып, оған құпиялылық белгілері қосымша қойылады.
Құпиялылық белгілерін қою міндеттілігі аударма, көшірме жасау немесе таралымын көбейту нәтижесінде пайда болған құпия ақпарат көздеріне де қатысты.
Берілген құпия ақпараттар негізінде пайда болған құпия ақпараттарға берілген құпия ақпараттардың құпиялылық дәрежесінен төмен болмайтын құпиялылық дәрежесі белгіленеді.
Құпия ақпараттар мемлекеттер - Тараптарда өз құпия ақпараттарына қатысты қолданылып жүрген талаптарға сай есепке алынады және сақталады.
Алынған құпия ақпараттардың құпиялылық дәрежесін оны берген Тараптың тиісті уәкілетті органдарының жазбаша рұқсаты бойынша ғана уәкілетті органның өзгертуі немесе алып тастауы мүмкін.
Тараптардың ынтымақтастық барысында пайда болған құпия ақпараттардың құпиялылық дәрежесі Тараптардың уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша анықталады, өзгертіледі немесе алынып тасталады.
Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесінің өзгергені немесе алынып тасталғаны туралы оны берген Тараптың уәкілетті органы басқа Тараптың тиісті уәкілетті органын хабардар етеді.
Құпия ақпарат көздері оларды берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша рұқсаты бойынша қайтарылады немесе жойылады.
Құпия ақпарат көздерін жою құжатталады, ал жою барысы оны қайта шығару және (немесе) қалпына келтіру мүмкіндігін болдырмауға кепіл беруі тиіс.
Құпия ақпарат көздерінің қайтарылғаны немесе жойылғаны туралы оны берген Тараптың уәкілетті органы жазбаша түрде хабардар етіледі.
8-бап
Құзыретті органдар осы Келісімді іске асыру үшін қажетті көлемде өз мемлекеттерінің құпия ақпараттарды қорғау саласындағы тиісті нормативтік құқықтық актілерімен алмасады.
Ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында құзыретті органдар осы Келісімді іске асыру кезінде олардың біреуінің сұрауы бойынша бірлескен консультациялар өткізеді.
9-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын барлық шығындарды өздері өтейді.
10-бап
Құпия ақпараттарды рұқсатсыз тарату кезінде Тараптар рұқсатсыз тарату жағдайларын ескере отырып, ұлттық заңнамаларды қолданады.
Құпия ақпаратты рұқсатсыз тарату фактілері анықталған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары консультациялар өткізеді, Тараптардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес істерді қарауды жүзеге асырады, оның нәтижелері туралы бір-бірін хабардар етеді.
Құпия ақпараттарды рұқсатсыз тарату салдарынан болған залалдың көлемі мен оны өтеу тәртібі Тараптардың нормативтік құқықтық актілеріне, олардың арасында жасалған халықаралық шарттарға сәйкес, сондай-ақ Тараптар арасындағы консультациялар барысында анықталады.
11-бап
Тараптар арасындағы құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету режимін реттейтін қазіргі екі жақты және көпжақты уағдаластықтар осы Келісімге қайшы келмейтін бөліктерінде қолданыла береді.
Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің нысанасы болып табылатын және оның мақсаттарына қайшы келмейтін мәселелер бойынша өзге де халықаралық шарттар жасау құқықтарын шектемейді, сондай-ақ Тараптар қатысушысы болып табылатын өзге де халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
12-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың құзыретті органдарының консультациялары мен келіссөз жүргізу жолдары арқылы шешіледі.
Осындай консультациялар мен келіссөз жүргізу кезінде Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өз міндеттерін орындауды жалғастырады.
13-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделген осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады және осы Келісімнің 14-бабына сәйкес күшіне енеді.
14-бап
Осы Келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша төртінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап Келісім күшіне енеді және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолдану мерзімі ішінде күшінде қалады.
Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарламаны тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
15-бап
Әр Тарап шығу күнінен 6 ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай және Келісімді қолдану кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
16-бап
Осы Келісімнің қолданысы тоқтаған не одан Тараптардың біреуі шыққан жағдайда Тараптар арасындағы ынтымақтастық барысында алынған және/немесе туындаған құпия ақпараттарға қатысты осы Келісімнің 5, 7, 10-баптарында қарастырылған шаралар осы ақпараттан құпиялық белгісі белгіленген тәртіпте алынып тасталғанша күшін жоғалтпайды.
17-бап
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Бас хатшысы Тараптарды осы Келісімнің (оған қосымша хаттамалардың) күшіне енуі туралы, сонымен қатар қажетті мемлекетішілік рәсімдерді анағұрлым кешірек мерзімде орындаған Тараптар үшін оның күшіне енуі туралы, сондай-ақ Келісімнен Тараптардың шығуы туралы және оның қолданысының тоқтатылуы туралы хабардар етеді.
2004 жылғы 18 маусымда Астана қаласында, орыс тілінде бір түпнұсқада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Хатшылығында сақталады және осы Келісімге қол қойған әр мемлекеттерге оның куәландырылған көшірмесі жіберіледі.
Армения Республикасы үшін Қырғызстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
2004 жылғы 18 маусымдағы
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт
Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың
сақталуын өзара қамтамасыз ету
туралы келісімге
қосымша
ҰҚШҰ ШЕҢБЕРІНДЕ ҚҰПИЯ АҚПАРАТТЫҢ САҚТАЛУЫН
ӨЗАРА ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚАТЫСУШЫ
МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ АРАСЫНДА СЫРТҚЫ САЯСАТ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ,
ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ, ӘСКЕРИ, ӘСКЕРИ-ТЕХНИКАЛЫҚ, БАРЛАУ,
ҚАРСЫ БАРЛАУ, ЖЕДЕЛ ІЗДЕСТІРУ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫНДА ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ
РЕЖИМІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТІБІ
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге (одан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің арасында сыртқы саясат, экономикалық, ғылыми-техникалық, әскери, әскери-техникалық, барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру және өзге де ынтымақтастықты жүзеге асыру барысында құпиялылық режимді қамтамасыз ету мақсатында Тараптар келесі Тәртіпті басшылыққа алады:
1. Құпия ақпаратпен құпиялық жұмыстарға, сонымен қатар оқыту процесі барысында олардың мемлекеттерінде қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес құпия ақпаратпен жұмыс істеуге рұқсат етілген адамдар тартылады. Бұл ретте Тараптардың уәкілетті органдары осындай жұмыстарға саны шектелген қажетті адамдардың енуіне рұқсат беруді жүзеге асырады.
2. Құпия жұмыстар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын Тараптардың уәкілетті органдары басқа Тараптың уәкілетті органдарында құпия ақпаратқа тікелей ену үшін жұмысқа тартылатын адамдардың тегін, есімдерін, оларды жіберетін ведомство атауын және осы жұмысты өткізу қандай құжатпен қарастырылғаны туралы алдын ала жазбаша түрде хабарлайды.
3. Басқа мемлекетте құпия ақпаратпен жұмыс істеу үшін (сонымен қатар оқыту процесінде) тартылатын адамдар барған мемлекетте қолданылып жүрген құпия ақпаратты қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға тиіс.
Осы талапты ескере отырып, ынтымақтастықты жүзеге асыратын уәкілетті органдар басқа мемлекетке жіберілетін адамдарды барған мемлекетте белгіленген құпия ақпаратпен жұмыс істеу ережелерін бұзуға жол бермеуді міндеттейді.
4. Тараптар ынтымақтастыққа тартылатын өз уәкілетті органдарын:
басқа мемлекет адамдарын олардың орындайтын жұмысы немесе оқу бағдарламасы шеңберінде құпия ақпаратпен таныстыруды, бірлескен жұмыстарды (оқуды) жүргізу барысында құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша барған мемлекетте және осы мекемеде немесе кәсіпорында қолданылып жүрген негізгі талаптар жөнінде нұсқама өткізуді;
басқа мемлекет адамдарына құпия ақпараты бар жазуларды жүргізу үшін арнайы қойын дәптерлер мен жұмыс дәптерлерді, сондай-ақ құжаттарға арналған арнайы портфельдерді (папкаларды) қолхат арқылы беруді;
басқа мемлекетте жұмыстарды орындау немесе оқу барысында адамдар қолданатын құпия ақпарат пен олардың көздерін сақтауды қамтамасыз етуді міндеттейді.
5. Құпия ақпарат талқыланатын (жеткізілетін) және (немесе) құпия ақпарат көздері қолданылатын мәжілістер, отырыстар, оқу сабақтары мен жаттығулар жүргізу барысында құпиялылық режимді қамтамасыз ету осы уәкілетті органда (оқу орнында) құпия ақпаратты қорғау жөніндегі тиісті нормативтік құқықтық актілермен белгіленген тәртіпте осы мәжілістер, отырыстар, оқу сабақтары мен жаттығулар жүргізілетін уәкілетті органдар (оқу орны) жүзеге асырады. Бұл ретте аталған іс-шараға қарастырылып отырған мәселелерге тікелей қатысы бар адамдар ғана шақырылады.
6. Адамдардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке шығуы кезінде өзімен құпия ақпарат көздерін Тараптардың өзара уағдаластықтары бойынша алып жүру және жұмыстарды атқару үшін жіберілген адам азаматы болып табылатын мемлекеттің фельдъегерлік (арнайы, дипкурьерлік) қызметінің ережелеріне сәйкес ресімделген алып жүру жағдайын қоспағанда, оларға құпия ақпарат көздерін алып жүруге тыйым салынады. Мұндай құпия ақпарат көздері жұмыс орындалатын уәкілетті органдардың мекен-жайларына уақтылы жіберіледі.
7. Басқа Тараптың уәкілетті органдарынан алынған түпнұсқа, сондай-ақ ұлттық тілге аударылған, құпия ақпараты бар құжаттардың көбейтілуі, олардан көшірмелер түсіру және үзінділер (көшірмелер) жазу қажетті данада ғана жүзеге асырылуы тиіс. Құжаттардың түпнұсқасында қанша көшірме жасалғаны және олардың кімге жіберілгені туралы белгі міндетті түрде қойылады. Осы құжаттардың тіркелуі, таратылуы және сақталуы құжаттардың көбейтілуі жүргізілген Тараптың құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ішкі нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
8. Құпия ақпаратты басылымда жариялау, радио және теледидарда пайдалану, басқа да әдістермен халыққа жариялау оны белгіленген тәртіпте құпиясыздандырудан кейін ғана жүргізіледі.
Тараптар ынтымақтастығы процесінде пайда болған құпия ақпараттан құпиялылық белгісін алып тастау тек қана Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы бекітілген құжаттамалық келісім бойынша жүргізілуі мүмкін. Алынған құпия ақпараттан құпиялылық белгісін алып тастау тек оны беруші Тараптың тиісті уәкілетті органының жазбаша рұқсаты бойынша жүргізілуі мүмкін.
9. Құпия ақпаратты санкциясыз таратылғаны, құпия ақпарат көздерін жоғалтқаны үшін кінәлі адамдар Тараптардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Құпия ақпаратты санкциясыз тарату, құпия ақпарат көздерін жоғалту фактілері болған Тараптың уәкілетті органы бұл туралы басқа Тараптардың тиісті уәкілетті және құзыретті органдарын тез арада хабардар етіп, санкциясыз таратылу және жоғалту салдарын оқшаулау бойынша тиісті шаралар қабылдауға тиіс.
10. Ынтымақтастық процесіндегі құпиялылық режимді қамтамасыз ету үшін бақылауды әр Тарап өзінің нормативтік құқықтық актілеріне және Келісім ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.
Осы мәтін 2004 жылғы 18 маусымда Астана қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің расталған көшірмесімен түпнұсқа көшірмесі болып табылатынын осымен растаймын.
Қазақстан Республикасы
ҰҚК Заң басқармасының
аға консультанты