Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңы

Қолданыстағы

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аграрлық азық-түлiк нарығы - ауыл шаруашылығы өнiмi мен оның қайта өңдеу өнiмдерiн сатып алумен, өткiзумен және олардың айналымының өзге де элементтерiмен байланысты қатынастардың жиынтығы;
      2) агроөнеркәсiптiк кешен - ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнiмiн өндiрудi, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеудi және өткiзудi, сондай-ақ тамақ өнеркәсiбін, оларды қазiргі заманғы техникамен, технологиялық жабдықпен, ақшамен, ақпараттық және басқа да pecуpcтармен қамтамасыз ететiн iлеспе өндiрiстер мен қызмет салаларын, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауiпсiздiктi, ғылыми қамтамасыз ету мен кадрлар даярлауды қамтитын экономика салаларының жиынтығы;
      3) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi орган - агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      4) агроөнеркәсiптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесi - орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, сондай-ақ мамандандырылған ұйымдардың aгро-өнеркәсіптiк кешен субъектілерiн ақпараттық-маркетингтiк және консультациялық қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық, техникалық, технологиялық ресурстарының бiрыңғай жүйесi;
      5) агроөнеркәсіптiк кешен субъектілерi - агроөнеркәсiптiк кешенде қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      6) атаулы субсидиялау - мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын, субсидияларды нақты алушыларды өтеусiз және қайтарымсыз негiзде қаржыландыру;
      7) ауылдық аумақтар - ауылдық елдi мекендер мен олардың маңайындағы жерлердiң жиынтығы;
      8) ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкiлеттi орган - ауылдық аумақтарды дамыту саласында мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      9) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлік инфрақұрылымы - тiршiлiктi қамтамасыз ету объектілерінің денсаулық сақтау, бiлiм беру, мәдениет, спорт, телекоммуникациялар, байланыс, жолдар, почта-жинақтау жүйесi объектілерiн, газбен, электрмен, жылумен, сумен қамтамасыз ету және суды бұру, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын жинау мен кәдеге жарату объектілерін қамтитын жүйесі;
      10) ауылды оңтайлы қоныстандыру - ауылдық елдi мекендердің, ауыл тұрғындары тұрмысының қажеттi деңгейiн тiршілiктi қамтамасыз ету қызметiн көрсетудiң нормативтiк деңгейiне сәйкес қамтамасыз етуге негізделіп, орналастырылуы;
      11) ауыл шаруашылығы өнiмi - бал ара шаруашылығын қоса алғанда, өсiмдiк шаруашылығы мен мал шаруашылығының шикiзаты мен өнiмi, соның ішiнде оларды бастапқы қайта өңдеу арқылы алынған өнiмдер;
      12) ауыл шаруашылығы санағы - белгiлi бiр күндегi ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай-күйi туралы ақпарат жинау жөнiндегi статистикалық операция;
      13) баға интервенциясы - ауыл шаруашылығы өнiмiнің нарықтық бағасы, инфляция деңгейi ескеріле отырып орташа мерзiмдiк әлеуметтiк-экономикалық даму жоспарында белгіленген, өткен күнтiзбелік жылда қалыптасқан орташа жылдық нарықтық баға деңгейiнен артып кеткен жағдайда iшкi нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, мемлекеттiң осы өнiмдi мемлекеттiк ресурстардан тiркелген бағалар бойынша iшкi нарықта өткiзу жөнiндегi Қазақстан Республикасы Yкiметінiң шешiмi бойынша жүргiзiлетiн iс-шаралар;
      14) мамандандырылған ұйымдар - агроөнеркәсiптiк кешен салаларын тұрақты дамыту, агроөнеркәсiптiк кешен субъектілерiн бәсекелестiк нарығында жоқ немесе мардымсыз көрсетілетiн жекелеген қызмет түрлерiмен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын ұйымдар;
      15) мемлекеттік техникалық инспекция - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жүзеге асырылатын, тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылысы машиналары мен механизмдерiн, сондай-ақ өткiзгiштігі жоғары арнайы машиналарды тиiстi құжаттар мен мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн бере отырып мемлекеттiк тiркеуге алу, мемлекеттік техникалық тексеруден өткiзу, аталған көлiк құралдары мен тiркемелердi пайдаланатын, соның iшiнде сенiмхат бойынша пайдаланатын тұлғаларды тiркеу және есепке алу, оларды жүргiзу құқығына емтихан қабылдау және куәлiк беру;
      16) сатып алу операциялары - мемлекеттiң iшкi нарықты тұрақтандыру және экспорттық өнiм берудi қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнiмiн iшкi нарықта тiркелген баға бойынша сатып алуы жөнiнде Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлетiн iс-шаралар;
      17) фитосанитариялық қауiпсiздiк - ауыл шаруашылығына арналған объектілер мен өсiмдiк шаруашылығы өнiмінің өсiмдiк зиянкестерiнен, ауруларынан және арамшөптерден қорғалуының жай-күйi.

       2-бап. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптік
               кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды
               мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.
      2. Eгep Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық
               аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеудiң
               мақсаттары мен принциптері

      1. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеудiң мақсаттары:
      1) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамыту және ауыл халқын қолайлы тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      3) агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды тұрақты экономикалық және әлеуметтiк дамытуды қамтамасыз ету;
      4) бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнiмiн және оның қайта өңдеу өнiмдерiн өндiрудің экономикалық жағдайларын жасау болып табылады.
      2. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу:
      1) экономикалық өсу әлеуетi бар aгpo-өнеркәсіптiк кешен мен ауылдық аумақтарды дамытудың басымдығы;
      2) ауыл шаруашылығы жөнiндегi халықаралық келiсiмдердiң талаптарына, санитариялық және фитосанитариялық нормаларға сәйкестiк;
      3) мемлекет жүзеге асыратын iс-шаралардың ашықтығы;
      4) мемлекеттiк қолдау шараларын көрсетудiң атаулылығы;
      5) отандық агроөнеркәсiптiк өндiрiстiң бәсекелестiк артықшылықтарын дамыту;
      6) iшкi нарықтың жосықсыз бәсекеден қорғалуы;
      7) мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату;
      8) агроөнеркәсiптiк кешен қызметiнiң және тұрғындардың ауылдық елдi мекендерде тұруының экологиялық қауiпсiздiгi;
      9) кәсіпкерлердің қоғамдық бiрлестiктерiмен, қауымдастықтарымен (одақтарымен) өзара iс-қимыл;
      10) мемлекеттiк реттеу шараларының тиімділігі;
      11) агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік қолдаудың жыл сайынғы қажеттi көлемiн қамтамасыз ету;
      12) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiнiң өзара iс-қимылының оңтайлы нысандарын дамыту принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.

  2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ ЖЕРГIЛIКТI ӨЗIН-ӨЗI
БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ АГРОӨНЕРКӘСIПТIК КЕШЕНДI ЖӘНЕ
АУЫЛДЫҚ АУМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ
САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ

       4-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнің
               агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық
               аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу
               саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Парламентінің агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретіне:
      1) агроөнеркәсіптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу жөнiндегі заңдарды қабылдау;
      2) республикалық бюджеттi бекiту, сондай-ақ республикалық бюджетке өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерiн бекiту кiредi.

       5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметінің
              агроөнеркәсіптiк кешендi және ауылдық
              аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу
              саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретiне:
      1) агроөнеркәсіптік кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негізгi бағыттарын әзiрлеу;
      2) агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытудың салалық (секторлық) бағдарламаларын бекiту;
      3) агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру;
      4) сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүзеге асырудың тәртiбiн және көлемiн айқындау;
      5) сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың тiзбесiн, сондай-ақ оларға сыйақы мөлшерiн бекіту;
      6) ауыл шаруашылығы өнiмiнiң мемлекеттiк ресурстарының көлемiн, құрылымын, оларды қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережелерiн бекiту;
      7) мамандандырылған ұйымдарды құру және олардың қатысуымен агроөнеркәсiптiк кешендi қолдаудың тәртiбiн айқындау;
      8) ауыл шаруашылығы өнiмiнiң мемлекеттiк ресурстарын басқаруды қамтамасыз ету;
      9) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сәйкес ауылды оңтайлы қоныстандыру схемасын бекiту;
      10) агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша, iске асыру және бақылау тетiгiн таратып көрсете отырып, атаулы субсидиялау ережелерiн бекiту;
      11) ауыл шаруашылығы санағын өткiзудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн бекiту;
      12) агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы техникалық саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      13) агроөнеркәсiптiк кешенде және ауылдық аумақтарда қалыптасатын жер қатынастарын Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес реттеу;
      14) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiнiң өзара iс-қимылының оңтайлы нысандарын дамыту үшiн агроөнеркәсіптiк кешен салаларын айқындау кiредi.

       6-бап. Уәкiлетті органдардың агроөнеркәсiптiк
               кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды
               мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi

      1. Агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның құзыретiне:
      1) мемлекеттің агроөнеркәсiптiк кешен мәселелерi жөнiндегi саясатын iске асыру;
      2) агроөнеркәсiптiк кешендi дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
      3) ауыл шаруашылығы өнiмiнің нақты түрлерiн өндiру үшiн ауыл шаруашылығы жерлерiн оңтайлы пайдалану бойынша өңiрлердi мамандандырудың ұсынылатын схемасын әзiрлеу және бекiту;
      4) агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы мемлекетаралық экономикалық байланыстардың басым бағыттарын әзiрлеу, өз құзыретi шегiнде агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы халықаралық жобаларды iске асыру;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес  ветеринария , өсiмдiктердi  қорғау  мен олардың  карантинi  жөніндегi мемлекеттiк iс-шараларды ұйымдастыру;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  ветеринариялық  және  фитосанитариялық  бақылауды жүзеге асыру;  V043111  
      7) агроөнеркәсiптiк кешен салаларын халықаралық стандарттарға көшiру жөнiндегі iс-шараларды әзiрлеу;
      8) мыналардың:
      агроөнеркәсiптiк кешендi дамытудың және осы саладағы мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды iске асырудың;
      дала жұмыстарын жүргiзудің;
      ауыл шаруашылығы өнiмi мен оны қайта өңдеу өнiмдерiнiң бағалары мен нарықтарының мониторингiн жүргiзу;
      9) мыналарға:
      қызмет салалары мен түрлерi бойынша өндiрiстік-шаруашылық қызметтің жай-күйi мен нәтижелеріне, ауыл шаруашылығы өнімі мен оны қайта өңдеу өнімдерін тұтыну мен өндiру баланстарына;
      агроөнеркәсiптiк кешен салаларын дамыту жөнiндегi статистикалық деректерге талдау жасау;
      10) агроөнеркәсіптiк кешен субъектiлеріне өтеусiз негізде берілуге жататын ақпарат пен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн әзiрлеу;
      11) баға, техника, кеден, салық, кредит, сақтандыру қызметi мәселелерi бойынша, сондай-ақ агроөнеркәсіптiк кешен саласындағы техникалық реттеу және мемлекеттiк саясат саласында ұсыныстар енгiзу;
      12) мамандандырылған ұйымдарды құру, дамыту, қайта ұйымдастыру, тарату туралы ұсыныстар енгізу;
      13) агроөнеркәсiптiк кешен субъектілерiн техникалық жарақтандыру және ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;
      14) агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы мемлекеттiк техникалық инспекцияны жүзеге асыру;
      15) тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылысы машиналары мен механизмдерін, өткiзгiштiгi жоғары арнайы машиналарды тиiстi құжаттар мен мемлекеттiк тіркеу нөмiрi белгiлерiн бере отырып мемлекеттік тiркеуге алу ережесін, жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық тексеруден өткiзу ережесін бекiту, сондай-ақ көрсетiлген көлік құралдары мен тiркемелердi пайдаланатын, соның ішінде сенімхат бойынша пайдаланатын тұлғаларды тіркеу және есепке алу тәртібін, оларды жүргізу құқығына емтихан қабылдау және куәлік беру тәртібін анықтау;
      16) агроөнеркәсіптiк кешен субъектiлерiнің кредит ресурстарына қол жеткiзуiн жақсарту үшiн агроөнеркәсiптiк кешенде, кредит берудi жүзеге асыратын кредиттiк серіктестiктер жүйесiн дамыту үшiн жағдай жасау;
      17) агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз етудi ұйымдастыру;
      18) агроөнеркәсiптiк кешендi ғылыми қамтамасыз елу мен кадрлар даярлау саласындағы мемлекеттік саясаты iске асыру;
      19) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiнiң өзара iс-қимылының оңтайлы нысандарын дамыту;
      20) өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актілердi бекiту;
      21) жергiлiктi атқарушы органдардың агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қызметін әдiстемелiк қамтамасыз ету кiредi.
      2. Ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкiлетті органның құзыретiне:
      1) ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру;
      2) ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламаларын әзiрлеу және оларды iске асырудың мониторингін жүргізу;
      3) орталық және жергілiктi атқарушы органдардың ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiру;
      4) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасына сәйкес ауылды оңтайлы қоныстандыру схемасын әзiрлеу;  U031149  
      5) ауылдық жерлерде микрокредит беру жүйесiн дамыту мониторингiн жүзеге асыру;
      6) уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп ауылдық елдi мекендi әлеуметтiк және инженерлiк жайластыру нормативтерiн әзiрлеу;
      7) жергiлiктi атқарушы органдардың ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы қызметiне әдiстемелiк басшылықты жүзеге асыру кiредi.

        7-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдардың (мәслихаттардың)
               және жергiлiктi атқарушы органдардың
               (әкiмдiктердiң) агроөнеркәсiптiк кешендi және
               ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу
               саласындағы құзыретi

      1. Облыстардың (республикалық маңызды бар қаланың, астананың) жергілiктi өкiлдi органдарының (мәслихаттарының) құзыретiне:
      1) агроөнеркәсіптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын бекiту;
      2) тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттi, онда агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласындағы iс-шараларды қаржыландырудың қажеттi көлемдерiн көздей отырып бекiту;
      3) жергiлікті атқарушы органдар басшыларының агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi жөнiндегi есептерiн тыңдау кiредi.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының (әкiмдiктерiнiң) құзыретiне:
      1) агроөнеркәсiптік кешендi және ауылдық аумақтарды дамытудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу және жергiлiктi өкілді органдардың (мәслихаттардың) бекiтуiне ұсыну, оларды iске асырудың мониторингін жүргiзу;
      2) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерiн осы Заңға, осы саладағы мемлекеттiк, салалық (секторлық), өңiрлiк бағдарламаларға және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттiк қолдау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      3) агроөнеркәсiптік кешен субъектілерiне мемлекеттiк аграрлық азық-түлiк саясатының және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі саясаттың негiзгi бағыттары мен тетiктерiн түсiндiру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру;
      4) ауыл шаруашылығы өнiмi өндiрiсін дамытудың орташа мерзiмдiк жоспарларын әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгізу;
      5) агроөнеркәсiптiк кешен салаларын мамандармен қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асыру, агроөнеркәсiптік кешен кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың бiліктілігін арттыру;
      6) шығарылатын өнiм түрлерi бойынша өңiрлiк көрмелер, жәрмеңкелер ұйымдастыру;
      7) агроөнеркәсiптiк кешен өнiмiнің саудасы бойынша көтерме базарлар ұйымдастыру;
      8) агроөнеркәсiптiк кешен өнiмiнiң бағалары мен нарықтарының мониторингін жүргiзу;
      9) ауыл шаруашылығы өнiмін сатып aлу бағдарламаларына қатысушыларды анықтау жөнiндегi комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру;
      10) агроөнеркәсіптiк кешен саласындағы инновациялық тәжiрибенi тарату жөнiндегі жұмысты ұйымдастыру;
      11) малды қолдан ұрықтандыратын, мал шаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттік пункттердi, ауыл шаруашылығы малын соятын алаңдарды, пестицидтердi, улы химикаттарды және олардың ыдыстарын арнайы сақтау орындарын (көмiндiлердi) салуды, ұстауды және қайта жаңартуды қамтамасыз ету;
      12) жоғары сыныпты асыл тұқымды малды сатып алуды, ұстауды және кең ауқымда өз төлi есебінен өсiру үшін мал басын молықтыратын төл өсiрудi ұйымдастыру;
      13) мыналар:
      агроөнеркәсіптiк кешен салаларына инвестициялар мен екiншi деңгейдегi банктердің кредиттерiн тарту;
      бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi қалыптастыру және дамыту, оларды жаңғырту және сапа менеджментiнiң халықаралық жүйесiне көшiру үшiн жағдай жасау;
      тоған, тауарлы көл, балық өсiретiн су шаруашылықтарын және балықты қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту;
      мамандандырылған мал шаруашылығы қожалықтарының өсуi үшiн жағдай жасау бойынша iс-шаралар әзiрлеу;
      14) бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын агроөнеркәсiптiк кешендi, ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамыту жөніндегi жергілiктi бюджеттiк басым инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесін жасау;
      15) агроөнеркәсiптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiнiң жұмыс iстеуi мен дамуы үшін жағдай жасау;
      16) ішкі және сыртқы азық-түлiк нарықтарындағы ахуалды зерделеу және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің тиісті ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
      17) агроөнеркәсіптік кешеннің және ауылдық аумақтардың жай-күйi мен дамуы туралы ақпаратты агроөнеркәсіптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерi жөнiндегі уәкілеттi мемлекеттiк органдарға беру кiредi.
      3. Аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi органдарының (мәслихаттарының) құзыретiне:
      1) агроөнеркәсiптік кешендi және ауылдық аумақтарды дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын бекiту;
      2) тиiстi қаржы жылына арналған жергілiктi бюджетті, онда агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласындағы ic-шараларды қаржыландырудың қажеттi көлемдерiн көздей отырып бекіту;
      3) жергiлiктi атқарушы органдар (әкiмдіктер) басшыларының агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөнiндегi есептерiн тыңдау кiредi.
      4. Аудандардың (облыстық маңызы бap (қаланың) жергiлiктi атқарушы органдарының (әкiмдiктерiнiң) құзыретiне:
      1) аудан аумағында агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзiрлеу және оларды iске асыруды қамтамасыз ету;
      2) агроөнеркәсiптiк кешен субъектілерiн осы Заңға, осы саладағы мемлекеттiк, салалық (секторлық), өңiрлiк бағдарламаларға және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыру;
      3) агроөнеркәсіптiк кешен субъектілерiне мемлекеттік аграрлық азық-түлiк саясатының негізгі бағыттары мен тетiктерiн түсiндіру жөнiндегi жұмыстарды жүргізу;
      4) ауылдық аумақтарды дамытудың және осы саладағы бағдарламаларды iске асырудың мониторингін жүргізу;
      5) елді мекендерде ауыл шаруашылығы малын ұстау мен жаюдың ережелерiн әзiрлеу;
      6) ветеринария саласындағы уәкілеттi мемлекеттiк орган белгілеген тәртiппен ауыл шаруашылығы малына бiрдейлендiру жүргiзудi ұйымдастыру, мал көмiнділерін салу, ұстау және қайта жаңарту;
      7) агроөнеркәсіптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында жедел ақпарат жинауды жүргiзу және оны облыстың жергiлiктi атқарушы органына (әкiмдiгiне) беру кiредi.
      5. Республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң құзыретiне:
      1) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi атқарушы органдарына (әкімдіктерiне):
      агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын қалыптастыру жөнiнде;
      ауыл шаруашылығы малын ұстау және жаю ережелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      2) агроөнеркәсiптiк кешен субъектілерiне мемлекеттiк аграрлық азық-түлiк саясатының және ауылдық аумақтарды дамытудың негiзгі бағыттары мен тетiктерiн түсіндiру жөнiндегі жұмыстарды жүргізу;
      3) ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ауыл шаруашылығы малына бiрдейлендiру жүргізуге қатысу;
      4) малды қолдан ұрықтандыратын, мал шаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттік пункттердің, ауыл шаруашылығы малын соятын алаңдардың, ал көмiндiлерінiң, пестицидтердi, улы химикаттарды және олардың ыдыстарын арнайы сақтау орындарының (көмiндiлердiң) жұмыс iстеуiне жәрдемдесу;
      5) агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында жедел ақпарат жинауды жүзеге асыру және оны аудандардың (oблыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарына (әкiмдiктерiне) беру;
      6) ауыл шаруашылығы санағын жүргiзуге қатысу;
      7) микрокредит беру бағдарламаларына қатысуы үшiн табысы төмен адамдарды анықтау;
      8) ауылдық елдi мекендердi абаттандыру, жарық беру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жөніндегi жұмыстарды ұйымдастыру кiредi.

       8-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының
               агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық
               аумақтарды дамыту саласындағы құзыреті

      Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы құзыретiне Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген өкiлеттiктер шегінде жергілiктi маңызы бар мәселелердi шешуге халықтың қатысуын қамтамасыз ету кіредi.

  3-тарау. АГРОӨНЕРКӘСIПТIК КЕШЕНДI ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ АУМАҚТАРДЫ
ДАМЫТУДЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       9-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық
               аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу

      1. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу азық-түлік қауiпсіздiгін, агроөнеркәсіптік кешен өнiмi нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлiктің тиiмдi жүйесiн құруға, отандық өнiмнiң бәсекелестiк артықшылығын қолдауға, сондай-ақ, өсiмдiк шаруашылығын, мал шаруашылығын, балық шаруашылығын, ауыл шаруашылығы шикiзатын қайта өңдеудi және тамақ өнеркәсiбін дамыту үшiн жағдай жасау арқылы ауыл халқының тұрмыс деңгейiн көтеруге, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсiздiктi, техникалық жарақтандыру мен басқа да iлеспе қызмет салаларын қамтамасыз етуге, ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
      2. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу:
      1) агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамыту;
      2) агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау;
      3) сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүргiзу;
      4) мамандандырылған ұйымдар құру;
      5) агроөнеркәсiптік кешен тауарларының экспорты мен импортын реттеу;
      6) агроөнеркәсіптiк кешендi техникалық жарақтандыру;
      7) агроөнеркәсіптiк кешендi ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету;
      8) агроөнеркәсіптiк кешенді ғылыми, нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету және ол үшін кадрлар даярлау;
      9) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымының дамуын инвестициялауды жүзеге асыру;
      10) ауылды оңтайлы қоныстандыруды ұйымдастыру;
      11) ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету;
      12) салықтық, бюджеттiк, кедендiк-тарифтiк, техникалық реттеу шаралары мен Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес өзге де шараларды қолдану арқылы жүзеге асырылады.
      3. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды мемлекеттiк реттеудiң осы баптың 2-тармағында белгiленген iс-шаралары:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдар (әкімдiктер) бекiтетiн мемлекеттік, салалық (секторлық), өңiрлік бағдарламаларға және оларды iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарларына сәйкес көзделген бағыттар бойынша қаржыландырылады.
      Осы ic-шараларды қаржыландырудың жыл сайынғы көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен және мәслихаттардың жергiлiктi бюджет туралы шешiмдерiмен белгiленедi.

       10-бап. Агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар
                саласында кредит берудi дамыту

      1. Агроөнеркәсіптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамытуды мемлекеттiк реттеу Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасына сәйкес бюджеттiк кредит беру не мамандандырылған ұйымдардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылады.
      2. Агроөнеркәсіптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамыту осы Заңның  9-бабының  3-тармағында көзделген ережелер ескеріле отырып:
      1) ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң инфрақұрылымын құру және дамыту;
      2) ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтарының лизингi;
      3) агроөнеркәсiптiк кешенде кредит берудi жүзеге асыратын кредиттiк серiктестiктердi ұйымдастыру және оларға кредит беру;
      4) ауылдық жерлердегi кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерiне кредит беру;
      5) aуыл шаруашылығы өнiмін сатып aлу, өндiру, қайта өңдеу және өткiзу;
      6) ауыл халқына микрокредит берудi ұйымдастыру бағыттары бойынша жүргiзiледi.

       11-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау

      1. Агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiн субсидиялау:
      1) агроөнеркәсiптiк кешен салаларын дамытуға бағытталған субсидиялаудың экономикалық тиiмдiлігі;
      2) өндiрiлген өнiмнiң сапасын және бәсекеге қабілеттілігiн арттыру жағдайында агроөнеркәсiптiк кешен салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде жүзеге асырылады.
      2. Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау осы Заңның  9-бабының  3-тармағында көзделген ережелер ескерiле отырып:
      1) агроөнеркәсіптiк кешен субъектілерiне кредит беру және ауыл шаруашылығы техникасымен және құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету кезiндегi проценттік ставкаларды арзандату;
      2) өсiмдiктердің жоғары бағалы сорттары мен ауыл шаруашылығы малының, құстардың және балықтардың жоғары бағалы тұқымдарының тектік қорларын сақтау және дамыту;
      3) тұқым шаруашылығын дамыту, өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң шығымдылығы мен сапасын арттыру;
      4) мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру;
      5) Қазақстан Республикасының Yкiметі айқындайтын басым дақылдар бойынша көктемгi егіс және егін жинау жұмыстары басталғанға дейін аталған жұмыстарды жүргiзу үшiн қажеттi жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауар-материалдық құндылықтардың құнын арзандату;
      6) ауыл шаруашылығы өнiмi өндiрiсiн және нарығын басқару жүйесiн дамыту;
      7) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;
      8) жемiс-жидек дақылдарының және жүзiмнің көп жылдық көшеттерiн отырғызу және көшеттiк материалын өсiру;
      9) агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялаудың Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген өзге де бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Субсидиялаудың басым бағыттары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне, мемлекеттiк, салалық (секторлық), өңiрлiк бағдарламаларға сәйкес, орташа мерзiмдiк фискальды саясатпен айқындалады.

       12-бап. Аграрлық азық-түлiк нарықтарын мемлекеттiк
                реттеу

      1. Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi қолдау мақсатында аграрлық азық-түлiк нарықтарын мемлекеттiк peттеу:
      1) сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүргiзу;
      2) iшкi нарықты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне сәйкес кедендiк-тарифтiк, тарифтiк емес реттеу әдiстерiмен қорғау арқылы жүзеге асырылады.
      2. Мемлекет ауыл шаруашылығы өнiмi нарығын тұрақтандыру мақсатында сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүзеге асырады.
      3. Сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүзеге асырудың тәртiбi мен көлемiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдар тiзбесiн, сондай-ақ оларға төленетiн сыйақы мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      4. Егiн жинау кезеңiнде өсiмдiк шаруашылығы өнiмi бойынша баға интервенцияларын жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
      5. Ауыл шаруашылығы өнiмiне өткен күнтiзбелiк жылда қалыптасқан орташа жылдық нарықтық бағаны белгiлеу әдiстемесiн, сондай-ақ сатып алынатын және сатылатын ауыл шаруашылығы өнiмiне тiркелген бағалар деңгейiн агроөнеркәсіптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлетті орган бекiтедi.

       13-бап. Ветеринариялық-санитариялық және
                фитосанитариялық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету

      1.  Ветеринариялық-санитариялық  және фитосанитариялық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.  V043111  
      2. Мемлекет ауыл шаруашылығы өнiмінің сапасы мен қауіпсiздігін халықаралық талаптарға сәйкес келтiру мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  ветеринариялық  және  фитосанитариялық  бақылауды жүргiзу;
      2) агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша малдың жұқпалы ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды жою;
      3) малды қолдан ұрықтандыратын, мал шаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттiк пункттердi, ауыл шаруашылығы малын соятын алаңдарды, мал көмiндiлерiн, пестицидтердi, улы химикаттарды және олардың ыдыстарын арнайы сақтау орындарын (көмiндiлердi) ұйымдастыру;
      4) Қазақстан Республикасының аумағын қорғауға және мал мен адамға ортақ аурулардың таралуына жол бермеуге бағытталған ветеринариялық iс-шараларды;
      5) зиянды және аса қауiптi зиянды организмдердiң таралуына жол бермеуге, Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғауға, сондай-ақ олардың таралу ошақтарын анықтауға, шектеуге және жоюға бағытталған фитосанитариялық iс-шараларды;
      6) малдың және адамның денсаулығына қауіп төндiретiн малды, малдан алынатын өнiмдер мен шикiзатты алып қою және жою салдарынан агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiне келтiрiлген залалды өтеу iс-шараларын жүзеге асырады.

       14-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi техникалық қамтамасыз
                ету

      Агроөнеркәсiптiк кешендi техникалық қамтамасыз етудi мемлекеттiк реттеу:
      1) машина-трактор паркiн және технологиялық құрал-жабдықтарды жаңартуды ұйымдастыру;
      2) машина-технологиялық станциялар (сервис орталықтары) желiсiн дамыту және олардың қызметiнiң мониторингiн жүзеге асыру;
      3) ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың отандық және шетелдiк өндiрiсi өнiмдерiн сынақтан және мiндеттi сертификаттаудан өткiзу;
      4) мемлекеттiк техникалық инспекция жүргiзу арқылы жүзеге асырылады.

       15-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi 
                ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету

      1. Агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету:
      1) агроөнеркәсіптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiн ұйымдастыру;
      2) кемiнде он жылда бiр рет ауыл шаруашылығы санағын жүргiзу;
      3) ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және мамандандырылған жинақтарды, журналдарды, тақырыптық басылымдарды басып шығару;
      4) қазiргi заманғы ақпараттық технология мен электрондық сауда-саттықты құруға және дамытуға жәрдемдесу;
      5) көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердің өнiмiне жарнамалық қолдау көрсету;
      6) оқытып-үйрету семинарларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
      2. Мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiне өтеусiз негiзде беруiне жататын ақпарат пен қызметтердiң тiзбесiн агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлетті орган айқындайды.

       16-бап. Агроөнеркәсiптік кешен саласындағы
                мамандандырылған ұйымдар

      Агроөнеркәсiптiк кешендi тұрақты дамыту, агроөнеркәсiптiк кешен субъектілерiн бәсекелестiк нарығында жоқ немесе мардымсыз көрсетілетiн жекелеген қызмет түрлерiмен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi мамандандырылған ұйымдар құра алады.
      Мамандандырылған ұйымдарды құру тәртiбi, олардың ұйымдық-құқықтық нысандары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

       17-бап. Агроөнеркәсiптік кешенді ғылыми қамтамасыз ету
                және ол үшін кадрлар даярлау

      Агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуды ғылыми және кадрмен қамтамасыз етудi мемлекеттiк қолдау:
      1) ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды;
      2) агроөнеркәсіптiк кешен мен аграрлық ғылым дамуының басым бағыттары бойынша кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және аттестаттауды;
      3) өндiрiске ғылыми әзiрлемелердi тарату мен енгiзудi;
      4) өсiмдiктердiң жоғары бағалы сорттарының, ауыл шаруашылығы малының, құстардың және балықтардың жоғары бағалы тұқымдары мен түрлерiнiң тектiк қорларын сақтауды және дамытуды;
      5) агроөнеркәсiптiк кешенге кадрлар даярлауды жүзеге асыратын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары үшiн машина-трактор паркiн құруды және технологиялық жабдықты жаңартуды ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

       18-бап. Ауылдық аумақтарды дамыту

      1. Ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік peттеу ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға және ауыл халқын қолайлы тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз етуге бағытталған.
      2. Мемлекет ауылдық аумақтарды дамытуды:
      1) ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттiк және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
      2) ауылдық елдi мекендердi әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейi және экологиялық жай-күйi бойынша сыныптау;
      3) ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлiк инфрақұрылым объектiлерiмен қамтамасыз етiлуiнің және ауылдық елдi мекендердiң экологиялық жай-күйінің нормативтерiн әзiрлеу;
      4) мыналардың:
      ауыл тұрғындарының ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлiк инфрақұрылым қызметтерiмен қамтылу жай-күйінің;
      ауылдық елдi мекендердiң экологиялық жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзу;
      5) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын құру және дамыту;
      6) ауылды оңтайлы қоныстандыру;
      7) ауылдық елдi мекендерге денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт қызметкерлерiнің тартылуын ынталандыру арқылы реттейдi.
      3. Экологиялық жағдайы қолайсыз және экономикалық әлеуетi төмен ауылдық елдi мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарының, өздерiнiң келiсiмiмен қоныс аударған кезде Қазақстан Pecпубликасының заңнамалық актiлерiне сәйкес мемлекеттік қолдауға құқығы бар.
      4. Ауылдық елдi мекендерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандарына жергiлiктi өкiлдi органдардың (мәслихаттардың) шешiмi бойынша қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын мамандардың ставкаларымен салыстырғанда кемiнде жиырма бес процентi жоғары айлықақы мен тарифтiк ставкалар белгіленуi мүмкiн.
      5. Ауылдық елдi мекендерде тұратын және жұмыс істейтiн мемлекеттiк денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарының мамандарына отын сатып алу үшiн жергілiктi өкiлдi органдардың (мәслихаттардың) шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтік көмек берiледi.
      6. Ауылдық елдi мекендерге тартуға ынталандыру мақсатында денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет және спорт мамандары жергілiктi атқарушы органдардың (әкiмдiктердiң) шешiмi бойынша қызметтiк тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.

       19-бап. Агроөнеркәсiптік кешендi және ауылдық
                аумақтарды нормативтiк-әдiстемелiк қамтамасыз
                ету

      1. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды нормативтiк-әдiстемелiк қамтамасыз ету ғылыми негiзделген ауыл шаруашылығы технологияларын және ауыл шаруашылығы өнiмiн өңдеу технологияларын қолдану, ауыл шаруашылығы мен оған қызмет көрсететiн инфрақұрылымның тиiмділігiн арттыру бәсекеге қабiлеттi өнiм шығару, бюджеттiк қаржыландыруды оңтайландыру, ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлiк инфрақұрылымын дамыту, ауылдық елдi мекендердің экономикалық әлеуетiн арттыру, ауылдық елдi мекендердің экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және ауыл халқын оңтайлы орналастыру схемасын әзiрлеу мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Агроөнеркәсіптiк кешендi және ауылдық аумақтарды нормативтiк-әдiстемелiк қамтамасыз ету уәкiлетті мемлекеттік органның стандарттарды, нормативтердi, нұсқаулықтарды, әдiстемелердi, ұсынымдарды әзiрлеуi арқылы жүзеге асырылады.

  4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       20-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық
                аумақтарды дамыту саласындағы халықаралық
                ынтымақтастық

      Агроөнеркәсіптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негiзінде жүзеге асырылады.

       21-бап. Қорытынды ережелер

      1.  Осы Заң 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізiледi.
      2. "Қазақстан Республикасында ауылды, селоны және аграрлық-өнеркәсiптiк кешендi басым дамыту туралы" 1991 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 8, 93-құжат, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 13-14, 327-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 79-құжат; N 12, 184-құжат; 1999 ж., N 8, 247-құжат; N 23, 927-құжат; 2001 ж., N 13-14, 173-құжат; 2004 ж., N 23, 242-құжат) күшi жойылды деп танылсын.