Осы Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;
2) әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттары - мүгедектер мен мүгедек балаларға, сондай-ақ қарттарға медициналық-әлеуметтiк мекемелерде, үйде көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек бөлiмшелерiнде және әлеуметтiк қызмет көрсетудiң аумақтық орталықтарында берiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң көлемiн және оларды ұсынудың тәртiбiн белгiлейтiн ережелер;
3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;
4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;
5) медициналық-әлеуметтiк сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған шектеулі тіршілік-тынысын бағалау негiзiнде куәландырылатын адамның әлеуметтiк қорғау шараларына деген қажеттiлiктерiн белгiленген тәртiппен анықтау;
5-1) медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым) - күтім мен медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж қарттардың, мүгедектердің, оның ішінде психоневрологиялық аурулар қатарындағы мүгедектердің, мүгедек балалардың стационарда немесе күндіз болу жағдайында тұрақты немесе уақытша тұруына арналған интернат-үй, әлеуметтік қызмет көрсететін аумақтық орталық немесе өзге де ұйым;
6) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;
7) мүгедек - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
8) мүгедек бала - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;
9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;
10) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi;
11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;
12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;
13) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
14) мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуi - мүгедектердiң өзiн-өзi қарап-күту, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне қол жеткiзу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмiрдiң үйреншiктi жағдайларына қайта оралу процесi;
РҚАО-ның ескертпесі!
14-1) тармақша 01.01.2006 бастап қолданысқа енгізіледі.
14-1) мүгедектердің мамандандырылған ұйымдары – мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ ондағы қатысу үлестерінің жүз пайызы мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мына талаптарға сай келсе:
мүгедектердің орташа жылдық саны қызметкерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құраса;
бір жылда мүгедектердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеу жөніндегі жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құраса, осындай бірлестіктер мен ұйымдар;
15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;
16) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;
РҚАО-ның ескертпесі!
17) тармақша 2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;
18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;
19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;
20) сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар;
21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;
22) тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;
23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінapa айрылуы.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 N 152-V (01.01.2006 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi
әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады, бұған халықаралық шарттан оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлар қосылмайды.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады.
2-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi
әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк
саясаты
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:
1) мүгедектiктiң алдын алуға;
2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға;
3) мүгедектердiң қоғаммен етене араласуына бағытталған.
5-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау принциптерi
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:
1) заңдылық, iзгiлiк, адам құқықтарының сақталуы;
2) әлеуметтiк қорғауға кепiлдiк берiлу, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;
3) мүгедектердiң денсаулық сақтауға, бiлiм алуға және қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға басқа азаматтармен қатар қол жеткiзуi мен тең құқылы болуы;
4) мемлекеттiк органдардың мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктермен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауы;
5) мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтуге тыйым салу принциптерi негiзiнде жүргiзiледi.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүгедектердi
әлеуметтiк қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
4) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн бекiтедi;
4-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
5) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласында үйлестiру кеңесiн құрады;
6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 N 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
7-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi
органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң
құзыретi
1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
1-1) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарын әзiрлейдi;
4) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
5) медициналық-әлеуметтiк сараптаманы және мүгедектердi оңалтуды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жалпы принциптерiн белгiлейдi;
6) мүгедектiктi куәландыру, оның себептерiн, тобын және еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн белгiлеу, мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын айқындау қағидаларын әзiрлейдi;
7) мүгедектердi есепке алу жүйесiнiң орталықтандырылған деректер банкiн қалыптастырады, мүгедектiк себептерiнiң, құрылымының және жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзедi;
8) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдар
9) мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
9-1) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді:
жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін - жеке көмекші беру;
есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманын - жылына отыз сағат беру тәртібін бекітеді;
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне мыналар жатады:
1) медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;
2) мүгедектiк тобын, оның себептерiн, мерзiмiн, мүгедектiктiң басталған уақытын, еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн, организм функцияларының бұзылуы және тiршiлiк-тынысының шектелуi дәрежесiне қарай "мүгедек бала" санатын айқындау;
3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жәрдемақыларды және төлемдер мен өтемақылардың басқа да түрлерiн тағайындау;
5) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының iске асырылуын бақылау;
6) халықтың мүгедектiгi деңгейi мен себептерiн зерделеу;
7) өз құзыретi шегiнде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
8-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның
құзыретi
Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мүгедектiктiң алдын алу саласындағы бiртұтас мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
2) ауруға диагноз қоюдың және емдеудiң хаттамаларын айқындайды;
3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес мүгедектердi медициналық оңалтуды жүзеге асырады;
4) медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы мамандарды кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
9-бап. Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның
құзыретi
Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектердiң бiлiм алуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн әзiрлейдi;
3) мүгедектердi оқытуды жүзеге асыратын арнаулы бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
10-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергiлiктi мемлекеттiк басқару
органдарының құзыретi
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындарды құрады;
3) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарды құруға ықпал етедi;
4) осы Заңға және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастырады;
5) мүгедектердi оңалту жөнiндегi мамандарды, оның iшiнде ымдау тiлiнiң мамандарын, Брайльдiң бедерлi-нүктелiк қарпі бойынша оқитын және жазатын мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
6) осы Заңға және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиiстi аумақта медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалтуды ұйымдастырады;
7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердiң және мүгедек балалардың санаторий-курорттық емделуiн қамтамасыз етедi;
8) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
9) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен және (немесе) арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен және мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық iс-шараларды өткiзудi ұйымдастырады;
11) мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп мәдени-көпшілік және ағарту iс-шараларын ұйымдастырады;
12) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмектiң көрсетiлуiн үйлестiредi;
13) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
11-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)
жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының
құзыретi
1. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Ауданның (облыстық маңызы қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) мүгедектерге әлеуметтiк және қайырымдылық көмек көрсетудi ұйымдастырады;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
12-бап. Мүгедектiктiң алдын алу
1. Мүгедектiктiң алдын алу - ерте диагноз қоюға, дене, ақыл-ой, психикалық, сенсорлық және басқа кемiстiктердiң туындауынан және кемiстiктiң тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектiкке ауысуынан сақтандыруға бағытталған шаралар кешенi, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның тұратын экологиялық ортасын жақсарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру, еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету, өндiрiсте жарақаттануды болдырмау, кәсiптiк ауруларды азайту жөнiндегi iс-шаралар.
2. Мүгедектiктiң алдын алуды тиiстi мемлекеттiк органдар, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары, ұйымдар мен жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ
ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ
13-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама
1. Адамның мүгедектiгi мен еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзуi жолымен жүзеге асырылады.
2. Медициналық-әлеуметтiк сараптама халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалауға сүйенiп жүзеге асырылады.
3. Адамды мүгедек деп таныған және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеген кезде олардың себептерi, мерзiмi, басталған уақыты, қосымша көмек түрлерiне және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудегi қажеттiлiктерi анықталады, сондай-ақ мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы әзiрленедi.
4. Мүгедектiк тобы он алты жастан бастап белгiленедi.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
14-бап. Мүгедектердiң құқықтары
Қазақстан Республикасында мүгедектер:
1) әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға, қоғамға етене араласуға;
2) әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз етуге;
3) ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;
4) бiлiм алуға, қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуға;
6) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмысқа орналасуға;
7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;
8) мемлекеттiк және өзге ұйымдарда, соның iшiнде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бiрiншi кезекте қызмет көрсетiлуге;
9) мүгедектердiң шығармашылық қабiлеттерiн қолдауға арналған құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiмен бекiтiлген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.
15-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк көмек көрсету, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалту, бiлiм беру және олардың қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бiрдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шаралар арқылы қамтамасыз етiледi.
16-бап. Әлеуметтiк көмек
Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттiк жәрдемақылар, өтемақылар түрiндегi төлемдердi және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де төлемдердi қамтиды.
Жергiлiктi атқарушы органдар мен жұмыс берушi әлеуметтiк көмектiң қосымша түрлерiн көрсетуге құқылы.
16-1-бап. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде
тұратын психоневрологиялық аурулар қатарындағы
мүгедектерге және мүгедек балаларға әлеуметтік
көмек
1. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз және қамқорлыққа мұқтаж деп танылған мүгедектерге (бұдан әрі - қамқорлықтағылар) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар қамқоршылары (бұдан әрі - медициналық-әлеуметтік мекеменің әкімшілігі) екінші деңгейдегі банктерде ашатын олардың банк шоттарына есептеледі және медициналық-әлеуметтік мекеменің әкімшілігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, қамқорлықтағылардың жеке мұқтаждарына қосымша тамақ, дәрі-дәрмек, киім, аяқ-киім, іш киім, бірінші қажеттіліктегі заттар, жұмсақ және қатты мүкәммал, санитарлық гигиена және медициналық көмек құралдарын сатып алу үшін пайдаланады.
2. Медициналық-әлеуметтік мекеменің әкімшілігі қамқорлықтағылардың Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларының пайдаланылуы туралы есепті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына тоқсан сайын ұсынуға міндетті.
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары қамқорлықтағылардың Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларын медициналық-әлеуметтік мекеме әкімшілігінің дұрыс жұмсауын бақылауды жүзеге асырады.
Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.12.19. N 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
17-бап. Мүгедектердi оңалту
1. Мүгедектердi оңалту организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуынан тiршiлiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды.
2. Мүгедектердi оңалту медициналық-әлеуметтiк сараптама қорытындысы негiзiнде айқындалатын мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
18-бап. Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы
Ескерту. 18-бап алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
19-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы
1. Оңалтудың жеке бағдарламасы организмнiң бұзылған және жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге және (немесе) олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту шараларын қамтитын оңалту iс-шаралары кешенiн айқындайды.
2. Оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке тегiн көрсетiлетiн оңалту iс-шараларын, сол сияқты ақысын төлеуге мүгедектiң өзi немесе оның жұмыста мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға шалдығуына кiнәлi жұмыс берушi қатысатын оңалту iс-шараларын да қамтиды.
20-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту
1. Мүгедектердi медициналық оңалту:
1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеудi және организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулықты қалпына келтiруге бағытталған басқа да емдеу әдiстерiн);
2) қайта жасау хирургиясын;
3) протездiк-ортопедиялық көмектi қамтиды.
2. Медициналық оңалту жөнiндегi iс-шараларды денсаулық сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.
3. Санаторий-курорттық емдеу мүгедектер мен мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен ұсынылады.
4. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
РҚАО-ның ескертпесі!
5 тармақ 2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
5. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
21-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту
1. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту:
1) мүгедектердi жеке басы гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік дағдыларына үйретудi;
2) мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудi;
3) басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, соның iшiнде мүгедек балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетудi;
РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақша 2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
4) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтiк қызметтер көрсетудi:
жүрiп-тұруы қиын бiрiншi топтағы мүгедектерге жеке көмекшi берудi;
естiмейтiндiгi бойынша мүгедектерге жылына отыз сағатқа ымдау тiлi маманын берудi;
5) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде әлеуметтiк қызмет көрсетудi;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетудi;
7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтiк оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.
2. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелер (қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған интернат-үйлер), қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтар, әлеуметтiк қызметтi үйде көрсететiн бөлiмшелер, арнаулы бiлiм беру ұйымдары (психологиялық - медициналық - педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi) және меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
22-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (оpнын
толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру
құралдарын беру
1. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тізбе бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармақ 2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге протездiк-ортопедиялық көмек, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар, арнаулы жүрiп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес берiледi.
4. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сертификаттау жүйесiнiң талаптарына сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
23-бап. Үйде және аумақтық әлеуметтiк қызмет көрсету
орталықтарында әлеуметтiк қызмет көрсету
1. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттiлiктерiн өз бетiмен қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiн-өзi қарап-күту және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсетудi әлеуметтiк қызметтi үйде көрсету бөлiмшелерi және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтары әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк сұраныстарын өз бетiмен қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiн-өзi қарап-күту және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек балаларға әлеуметтiк қызмет көрсетудi әлеуметтiк қызметтi үйде көрсету бөлiмшелерi әлеуметтiк қызмет көрсетудің мемлекеттiк стандарттарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Үйде және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететiн аумақтық орталықтарда әлеуметтiк қызмет көрсету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
24-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда)
әлеуметтiк қызмет көрсету
1. Денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның тұрақты күтiмiне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық aуpулap қатарындағы мүгедектерге, мүгедек балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету мүгедектердiң жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейiмделген қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде жүзеге асырылады және тiршiлiк-тынысына жағдайлар жасауды, күтiммен қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудi, оңалтуды, әлеуметтiк-еңбектiк бейiмдеудi, демалыс пен бос уақытын ұйымдастыруды қамтиды.
2. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде және мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда тұратын адамдарға әлеуметтiк қызметтер көлемi әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарына сәйкес берiледi.
3. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелердегi әлеуметтiк қызмет көрсету бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де материалдық және қаржылай түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдардағы әлеуметтiк қызмет көрсету, құрылтайшылардың қаражатын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.
5. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі қызметпен айналысу құқығы тұлғаларға облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары беретін тиісті лицензиясы болған кезде беріледі.
Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
25-бап. Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым
объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) мемлекеттiк стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жобалау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және қайта салынатын аумақтар мен басқа елдi мекендердi абаттандыру кезiнде мүгедектердiң тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндiрiстiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кiрiп-шығуын;
2) тұрғын үй құрылыстары шегiнде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелерi мен еңбек ету объектiлерi жанында орналасатын жеңiл автомобильдердi уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезiнде мүгедектердiң жеке автокөлiк құралдарына арналған орындарды;
3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi ескере отырып, автомобильдердi қоса алғанда, арнаулы жүрiп-тұру құралдарына apналған гараждар немесе тұрақтар салу үшiн мүгедектерге кезектен тыс орын берудi;
4) мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жүретiн жерлерде iлесе дыбыстайтын және жарық беретiн арнаулы бағдаршамдар, жол белгiлерiн және көрсеткiштер орнатуды, дыбыстайтын және жарық түсiретiн құрылғылармен жарақталған жаяу жүргiншiлер өтетiн жерлердi белгiлеудi қамтамасыз етуге тиiс.
2. Қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы жергілікті атқарушы органының, мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктерінің өкiлдерi болмаса, тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға тапсыруға жол берiлмейді.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-тармақ 2007.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына мемлекеттiк стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.
Аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттiлiктерiн барынша ескеретiн қажеттi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға тиiс.
Мемлекеттiк органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар тұлғалар артықшылыққа ие болады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен және мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес:
1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғын үй бередi;
2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және құрылғылармен жабдықтауды қамтамасыз етедi.
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақша 2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге ғимараттың қабатын, тұрпатын, жайлылық деңгейiн және тұруға қажеттi басқа да жағдайларын ескере отырып тұрғынжайды таңдау құқығы берiледi.
27-бап. Мүгедектердiң мәдени-ойын-сауық ұйымдарына
және спорт ғимараттарына бара алуын
қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге мәдени-ойын-сауық iс-шараларына, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн спорт ғимараттарына бара алатын жағдайларды, арнаулы спорт жабдықтарын берудi қамтамасыз етедi.
Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балалар санамалап көрсетiлген қызметтердi - бюджет қаражаты есебiнен, ал үшiншi топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының елу процентін төлеп пайдаланады.
РҚАО-ның ескертпесі!
28-бап 2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
28-бап. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн
қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет:
1) мүгедектер үшiн мерзiмдi баспасөз, ғылыми, оқу-әдiстемелiк, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиет, соның iшiнде аудиотаспаларды, дискiлердi, бедерлi-нүктелi Брайль қарпiмен және сурдоаудармасы бар бейнетаспаларды шығару;
2) кемiнде бiр республикалық телеарнада ақпараттық бағдарламалардың сурдоаудармасын ұйымдастыру арқылы мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
2. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдау тiлi пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.
29-бап. Мүгедектерге бiлiм алуы және мектепке дейiнгi
тәрбие алуы үшiн жағдайларды қамтамасыз ету
1. Мүгедектерге тегiн бастауыш, негізгі орта, жалпы орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.
2. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен мүгедек балалар үшiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде қабылдау квотасы көзделедi.
3. Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын бюджеттiк қаржыландыру арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алу конкурсына қатысқан кезде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда, медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысы бойынша тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек балалардың басым құқығы болады.
4. Мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектерге стипендиямен қамтамасыз ету жөнiндегi жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiледi.
5. Жалпы үлгiдегi мектепке дейiнгi ұйымдарда және орта бiлiм ұйымдарында болуына денсаулық жағдайы мүмкiндiк бермейтiн мүгедек балалар үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен балалар бақшалары мен басқа да арнаулы түзеу ұйымдары құрылады.
6. Мүгедек балаларды жалпы немесе арнаулы мектепке дейiнгi ұйымдарда және басқа оқу орындарында тәрбиелеу мен оқыту мүмкiн болмаған жағдайда, оларды тәрбиелеу мен оқыту ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң тiлегi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен үйде жүргiзiледi.
7. Мемлекет мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң және мүгедек балалардың бiлiм алуы кезеңiнде оларды күтiп-бағуға жұмсалған шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толық немесе iшiнара көтередi.
Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
30-бап. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту
1. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту:
1) кәсiптiк бағдар берудi;
2) кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды);
3) жұмысқа орналастыруды қамтиды.
2. Кәсiптiк бағдар берудi халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
3. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алынған лицензия негiзiнде бiлiм беру қызметiн жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады.
31-бап. Мүгедектердi жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердi жұмыспен қамтуды:
1) жұмыс орындарының жалпы санының үш процентi мөлшерiнде мүгедектер үшiн жұмыс орындарының квотасын белгiлеу;
2) жеке кәсiпкерлiктi, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы мүгедектер үшiн қосымша жұмыс орындарын құру;
3) мүгедектердi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастыру үшiн арнаулы, сондай-ақ әлеуметтiк жұмыс орындарын құру;
4) мүгедектерге кәсiптiк оқуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етедi.
Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
32-бап. Мүгедектердiң еңбек қатынастары саласындағы
құқықтары
1. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн ұзақтығы аптасына отыз алты сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгiленедi, жыл сайын ұзақтығы он бес жұмыс күнге дейiн ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.
2. Түнгi уақыттағы жұмысқа мүгедектiң келiсiмiмен және егер оның мұндай жұмыс iстеуiне денсаулық жағдайы бойынша тыйым салынбаған болса, рұқсат етiледi.
3. Мүгедектiктi сылтау етiп еңбек шартын жасасудан не қызметiн жоғарылатудан бас тартуға, мүгедектi жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан босатуға, өзiнiң келiсiмiнсiз басқа жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi, бұған халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қорытындысы бойынша оның денсаулық жағдайы кәсiптiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн не басқа адамдардың денсаулығына және еңбек қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайлар кiрмейдi.
4-тарау. ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МҮГЕДЕКТЕРДI
ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ IСIНЕ ҚАТЫСУЫ
33-бап. Жұмыс берушiнiң әлеуметтiк инфрақұрылым
объектiлерiне бара алуды қамтамасыз ету
жөнiндегi мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердiң өндiрiстiк үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға бара алуы үшiн жұмыс берушi жұмыс орындары мен жұмыс үй-жайларын жобалау және бейiмдеу арқылы жағдай жасайды, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және көмекшi құрылғылармен жабдықтайды.
34-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедектердi жұмыспен қамту
және кәсiптiк оңалту саласындағы мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған және (немесе) кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, арнаулы жұмыс орындарын құруды осы Заңға сәйкес жеке қаражаты есебiнен қамтамасыз етедi.
35-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедекке келтiрiлген зиянды
өтеу жөнiндегi мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге келтiрiлген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДIҢ ҚОҒАМДЫҚ БIРЛЕСТIКТЕРI
36-бап. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң
құқықтары және олардың өкiлеттiктерi
1. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi үйлестiру кеңесiнiң жұмысына және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға байланысты мәселелердi шешуге қатысады.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердiң мүдделерiн қозғайтын шешiмдердi әзiрлеу мен қабылдау кезiнде мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен және олардың өкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасайды.
3. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiне, сондай-ақ олардың ұйымдарына олардың меншiгiндегi үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салынған жер учаскелерiне меншiк құқығын мемлекеттiк меншiктен жеке меншiкке беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi қызметiн тоқтатқан немесе мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң, олардың ұйымдарының меншiгiндегi жылжымайтын мүлiктi иелiктен айырған жағдайда, олардың меншiгiндегi жер учаскелерi мемлекеттiң меншiгiне қайтарылуға тиiс.
4. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi:
1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар енгізу;
2) әлеуметтiк қызметтердiң тиiстi түрлерiн көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалауға қатысу;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiнде әзiрленiп жатқан Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне ұсыныстар енгiзу;
4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен бiрлесiп республикалық спорттық iс-шараларды ұйымдастыру;
5) уәкiлеттi аумақтық мәдениет органдарымен бiрлесiп ағарту және мәдени-көпшiлiк iс-шараларды ұйымдастыру арқылы мүгедектердi әлеуметтiк қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға қатысуға құқылы.
Ескерту. 36-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-тарау. OCЫ 3AҢHЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
37-бап. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы
мемлекеттік бақылау
1. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
2. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
3. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
38-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы
уәкiлеттi органның және оның аумақтық
бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының
мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы
заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге
асыру жөнiндегi құқықтары
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi:
1) ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау бойынша тексеру жүргiзуге;
2) меншiк нысанына қарамастан жұмыс берушiлерден және ұйымдардан осы Заңның орындалуы туралы тиiстi құжаттарды және өзге де ақпаратты сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға, осы Заңды бұзушылықтар анықталса, оларды жою туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi
әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын
бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң:
1) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 17) тармақшасын; 20-баптың 5-тармағын; 21-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын; 22-баптың 3-тармағын; 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын; 28-бапты;
2) 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 7-баптың 1-тармағының 8) тармақшасын; 25-баптың 3-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасында мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы" 1991 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 26, 345-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 9-10, 158-құжат; N 15, 208-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 79-құжат; N 12, 184-құжат; N 17-18, 219-құжат; 1998 ж., N 24, 432-құжат; 1999 ж., N 8, 247-құжат; 2001 ж., N 1, 4-құжат; N 13-14, 173-құжат; 2002 ж., N 6, 71-құжат);
2) Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң "Қазақ ССР-iнде мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу туралы" 1991 жылғы 21 маусымдағы Қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 26, 346-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті