"Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі N 570 Заңы

Қолданыстағы

      "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" 1998 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 14, 200-құжат; N 22, 308-құжат; N 24, 443-құжат; 2001 ж., N 13-14, 173, 176-құжаттар; N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 24, 178-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгізілсiн:

      1) 1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Алматы қаласының құқықтық мәртебесі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiмен  айқындалады.";

      2) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:

      "1-1-бап. Алматы қаласының нышаны

      1. Алматы қаласының өз елтаңбасы бар, ол қаланың Қазақстан Республикасының мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ оның географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады.
      2. Алматы қаласы елтаңбасының сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін және оның бейнесiн Алматы қаласының өкілдi органы айқындайды.";

      3) 2-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Алматы қаласының аумағын Қазақстан Республикасы Үкiметінің ұсынуы бойынша әрі жергіліктi өкілдi және атқарушы органдардың пiкiрлерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтiн және өзгертетiн Алматы қаласының әкiмшiлік-аумақтық бiрлiктерiнің шекарасы шегiндегі жер құрайды.";

      мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:
      "3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын aтаулары мен шекарасы бар аудандар қаланың әкімшілік-аумақтық бiрлiктерi болып табылады.
      4. Алматы қаласының аудандары тиiстi аумақтардың географиялық, қала құрылысы ерекшеліктері, халқының саны, әлеуметтік-экономикалық сипаттары, көлік коммуникацияларының орналасуы, өндірістік және әлеуметтiк инфрақұрылымының болуы eскеріле отырып құрылады.";

      4) мынадай мазмұндағы 2-1-баппен толықтырылсын:

      "2-1-бап. Жер учаскелерiн мемлекеттiк қажеттіктер
                үшiн алып қою (сатып aлу) ерекшеліктері

      1. Жер учаскесi мемлекеттiк қажеттіктер үшін сатып алу немесе меншік иесiнiң немесе жер пайдаланушының келiсiмiмен құны тең басқа жер учаскесiн беру жолымен алып қойылуы мүмкiн.
      2. Жердi пайдалану құқығын сатып алған меншік иелерi мен мемлекеттiк емес жер пайдаланушылардан мемлекеттiк қажеттіктер үшiн жер учаскесiн алып қою жер учаскелерін алдағы сатып алуға дейiн үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде оларға міндетті түрде жазбаша xaбарлай отырып, сатып алу тәртiбімен жүзеге асырылады.
      Меншік иелері немесе жер пайдаланушылар осындaй хабарламаны алған күннен бастап үш ай өткенге дейін жер учаскелерін сатып алуға меншiк иесінің немесе жер пайдаланушының келісімімен ғана жол берiледi. Егер меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік қажеттіктер үшін өзiнен жер учаскесін сатып алу туралы шешіммен келiспесе не сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы немесе сатып алудың басқа да шарттары туралы онымен келiсімге қол жеткізілмесе, Алматы қаласының атқарушы органы үш ай өткен соң жер учаскесiн caтып алу туралы сотқа талап арыз беруге құқылы.";

      5) 3-бапта:
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) лотереялар шығару, оларды орналастыру мен өткiзу шарттары туралы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес қарыздар тарту қажеттілігі мен шарттары туралы шешiм қабылдауға;";

      мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "8-1) қала аумағын абаттандыру, санитарлық тазалау, тазалық сақтау және жинауды ұйымдастыру тәртiбiн белгiлеуге;
      8-2) "Алматы қаласының құрметті азаматы" атағын белгілеуге және оны беру тәртібі мен шарттарын айқындауға;";

      6) 4-бап мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2) және 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "4-1) қала аумағында халықтың экологиялық қауiпсiздігін және бұзылған табиғи экологиялық жүйелерін қалпына келтiрудi қамтамасыз етеді;
      4-2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен қалада жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шаралар өткiзу үшін қажетті жағдайлар жасайды;
      4-3) Алматы қаласы арқылы өтетiн транзиттік автомобиль көлiгінің жүру сызбасын белгiлейдi;";

      7) 5-бапта:
      2-тармақтағы "тәртiп пен мөлшерде бөлiнетiн қаржы нормативтері" деген сөздер "түсiмдер мен шығыстарды, ресми трансферттердi және бюджеттік кредиттердi бөлу" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3 және 4-тармақтар алып тасталсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті