Осы Заң азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы мемлекеттің кепiлдiктерiн және мемлекеттiк саясаттың негізгi принциптерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ұрпақты болудың қосалқы әдістерi мен технологиялары - азаматтардың ұрпақты болу қызметiн түзетуге бағытталған диагностика, емдеу және оңалту жөнiндегi медициналық іс-шаралар кешенi;
2) эмбрионды имплантациялау - ұрықтанған аналық ұрық клеткасын жатыр қуысына салу;
3) инсеминация - ұрықтандыру мақсатында аталық жыныстық клеткаларды жатыр қуысына жасанды түрде енгiзу;
4) клондау - генетикалық өзiне тән түрлердi өсiрiп шығару;
5) контрацепция - қаламаған жүктілікті болдырмау әдiстерi мен құралдары;
6) отбасын жоспарлау - азаматтардың балалардың белгiлi бiр санын тууға және тәрбиелеуге, олардың туылуының аралық жиiлiгiн саналы түрде таңдауына, сондай-ақ азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауға бағытталған қызмет;
7) жыныстық клеткалар - аталық жыныстық клеткалар (сперматозоидтар) және аналық жыныстық клеткалар (аналық ұрық клеткалары);
8) ұрпақты болу денсаулығы - адамның толымды ұрпақты өмiрге келтiру қабiлетiн көрсететін денсаулығы;
9) ұрпақты болу құқықтары - азаматтардың өздерiнiң ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, азаматтардың некеде немесе некеден тыс балаларды тууға немесе туудан бас тартуға, бала бiтiру және туу әдістерiне, олардың санына, туу уақыты мен жерiне, туудың аралық жиiлiгiне қатысты шешiм қабылдауға және iске асыруға, сондай-ақ осы саладағы медициналық-әлеуметтiк, ақпараттық және консультациялық көмекке құқықтары;
10) құрсақ ана (суррогат ана) - донорлық эмбрион ендiрiлiп, нәресте көтеретiн әйел;
11) уәкiлеттi орган - азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
12) хирургиялық стерилизациялау - нәтижесiнде әйел немесе еркек ұрпақты болу қабiлетін жоғалтатын хирургиялық oпeрация.
2-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және
оларды жүзеге асыру кепілдiктерi туралы
Қазақстан Республикасының заңдары
1. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады және қызметi адамның ұрпақты болу құқықтарын Қазақстан Республикасының аумағында iске асыруға байланысты барлық жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
4-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын жүзеге
асырудың мемлекеттiк кепiлдiктерi
Мемлекет азаматтарға:
1) ұрпақты болуды таңдау еркiндiгiне;
2) ұрпақты болу денсаулығын сақтауға және ұрпақты болу құқықтарының сақталуына;
3) кепiлдiк берiлген көлем шегiнде медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгiне, оның сабақтастығына, тегiн болуына;
4) ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру мәселелерiне араласпауға;
5) бала туу туралы шешiмдi кемсiтушіліксiз, қорқытусыз және зорлық-зомбылықсыз қабылдауына;
6) жеке өмiрiне, өз басының және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, дәрiгерлiк құпияны құрайтын мәлiметтердiң сақталуына кепiлдiк бередi.
5-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары
саласындағы мемлекеттiк реттеу
1. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы мемлекеттiк реттеу азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асырудың мемлекеттiк кепiлдiктерi принциптерiне негiзделедi.
2. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы мемлекеттiк реттеудiң негiзгi бағыттары:
1) азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау жүйесiн дамыту;
2) азаматтардың ұрпақты болу денсаулығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын қалыптастыру мен жетiлдiру;
3) азаматтардың жыныстық өмiр және бала туу, психоактивтi заттардың, қолайсыз экологиялық факторлардың олардың ұрпақты болу денсаулығының жай-күйiне керi әсерiн тигiзетiн мәселелер бойынша бiлiктiлiгiн қамтамасыз ету;
4) азаматтардың бала тууға деген саналы көзқарасын қалыптастыру;
5) жасанды ұрықтандыру және бала туудың өзге де мүмкiндiктерi бойынша көрсетiлетiн медициналық қызметтердi қоса алғанда, консультация беру, ағартушылық, отбасын жоспарлау, медициналық көмек көрсету жөнiнде көрсетiлетiн қызметтерге қолжетiмділіктi қамтамасыз ету;
6) азаматтардың ұрпақты болу денсаулығы саласындағы ғылыми зерттеулердi қолдау болып табылады.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң азаматтардың
ұрпақты болу құқықтары саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын сақтау саласындағы бiртұтас мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерiн әзiрлейдi;
2) азаматтардың ұрпақты болу құқықтары мен ұрпақты болу денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлейдi, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне сәйкес азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы
уәкiлетті органның құзыреті
Уәкiлеттi орган:
1) азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы бiртұтас мемлекеттік саясатты жүргiзедi;
2) азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiндегi мемлекеттiк, мақсатты және кешендi бағдарламаларды iске асыру кезінде салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ қоғамдық бірлестiктермен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
3) өз құзыретi шегінде азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiнде нормативтiк құқықтық актiлер шығарады;
4) азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау жүйесiн дамыту және отбасын жоспарлау бойынша көрсетілетiн қызметтер жөнiндегi шараларды айқындайды;
5) жергiлiктi атқарушы органдар арқылы аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiндегi қызметiн үйлестіруді және бақылауды жүзеге асырады;
6) азаматтарды хирургиялық стерилизациялауды жүргізу, жүктiлiктi жасанды түрде үзу, жыныстық клеткалар донорлығы және оларды сақтау, ұрпақты болудың қосалқы әдiстерi мен технологияларын қолдану тәртiбi мен шарттарын айқындайды;
7) ұрпақты болу денсаулығы саласындағы ақпараттық және ағартушылық қызметтi қамтамасыз етедi;
8) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органмен бiрлесе отырып, кәмелетке толмағандарға имандылық және жыныстық бiлiм, тәрбиелеу мен ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiндегi білім беру бағдарламаларын әзiрлейдi;
9) ұрпақты болу денсаулығы саласында жұмыс iстейтiн мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
10) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялауға жататын қызмет түрлерiне өз құзыретi шегiнде лицензиялар бередi;
11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
8-бап. Жергіліктi өкілді және атқарушы органдардың
азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы
құзыреті
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар:
1) азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы өңiрлiк бағдарламаларды бекітеді;
2) азаматтардың ұрпақты болу құқықтары саласындағы бағдарламалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Жергіліктi атқарушы органдар азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау саласында:
1) мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) жергiлiктi бюджеттердi әзiрлейдi және оның атқарылуы мен өңiрлiк бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
3) салааралық ынтымақтастықты дамытады;
4) халықтың мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуына қатысуын ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
9-бап. Ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы
азаматтардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Азаматтардың:
1) ұрпақты болуды еркiн таңдауға;
2) ұрпақты болу денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi алуға;
3) өзiнің ұрпақты болу денсаулығының жай-күйi туралы дұрыс және толық ақпарат алуға;
4) жүктілік кезеңiнде, босанғанда және босанғаннан кейiн денсаулығын сақтауға;
5) бедеулiктен емделуге, соның iшiнде Қазақстан Республикасында рұқсат етiлген ұрпақты болудың қазiргi заманғы қосалқы әдiстерi мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
6) жыныстық клеткалар донорлығына;
7) контрацепция әдiстерiн пайдалануға және еркiн таңдауға;
8) хирургиялық стерилизациялауға;
9) жүктiлiктi жасанды түрде үзуге;
10) өзiнiң ұрпақты болу құқықтарын қорғауға құқығы бар.
2. Азаматтар өздерiнiң ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру кезiнде басқа азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға мiндеттi.
3. Қазақстан Республикасында адамды клондауға тыйым салынады.
10-бап. Ұрпақты болуды еркiн таңдау құқығы
Азаматтардың балалардың санына және олардың некеде немесе некеден тыс тууының уақытына, туудың арасындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшiн қажеттi аралық жиiлiкке қатысты еркiн шешiм қабылдауға құқығы бар.
11-бап. Кәмелетке толмағандардың ұрпақты болу
денсаулығын сақтау құқықтары
Кәмелетке толмағандардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, сондай-ақ имандылық және жыныстық тәрбие мен бiлiм алуға құқықтары бар.
Кәмелетке толмағандарға жыныстық бiлiм берудi бiлiм беру ұйымдарында арнайы әзiрленген бағдарлама бойынша арнайы дайындықтан өткен адамдар кәмелетке толмағандардың жынысын, жасын, психофизикалық дамуының ерекшелiктерiн және ата-аналарының пiкiрiн ескере отырып, жүзеге асырады.
Кәмелетке толмағандарға имандылық және жыныстық бiлiм мен тәрбие беру, ұрпақты болу денсаулығын сақтау, оларды отбасылық өмiрге дайындау жөнiндегi білiм беру бағдарламаларын әзiрлеудi бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып қамтамасыз етедi.
12-бап. Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау
1. Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауға және отбасын жоспарлауға байланысты қызметтер көрсетудi денсаулық сақтау ұйымдары мен жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар қамтамасыз етедi.
2. Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiндегi медициналық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары мен жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар кепiлдiк берiлген көлем шегінде тегiн көрсетедi.
3. Ұрпақты болу денсаулығы саласында азаматтардың қатысуымен ғылыми зерттеулер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен, ерiктi негiзде ғана жүргiзiледi.
13-бап. Әйелдердiң жүктілiк, босану және босанғаннан
кейiнгi кезеңiнде денсаулығын сақтау
1. Әйелдiң жүктiлiк кезеңiнде, босану кезiнде және босанғаннан кейiн Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етiлген әдiстердi қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмек алуға құқығы бар.
2. Жүктi, босанатын және босанған әйелдерге денсаулық сақтау жүйесi ұйымдарында медициналық, консультациялық және дәрілік көмек кепiлдiк берiлген тегiн медициналық көмек көлемi шегiнде мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен берiледi.
3. Жүктiлiк кезеңiнде тексеру, емдеу және медициналық араласу әйелдің немесе оның заңды өкілінiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.
Тексерудi, емдеудi және медициналық араласуды кешеуiлдету өз еркiн бiлдiруге мүмкiндiк бермейтiн жағдайдағы не айналасындағылар үшiн қауiптi аурудан (аурулардан) зардап шегетiн әйелдiң өмiрiне қатер төндiретiн жағдайларда тексерудi, емдеудi және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешiмдi дәрiгер немесе дәрiгерлiк комиссия қабылдайды.
1. Азаматтардың денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда қауiпсiз және тиiмдi әдiстермен, соның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес рұқсат еткен ұрпақты болудың қосалқы әдiстерi мен технологияларын пайдалана отырып, олардың тиiмдiлiгi, қолданудың оңтайлы мерзiмдерi, ықтимал асқынулар, медициналық және құқықтық салдарлар туралы толық әрi түбегейлi ақпаратты және олардың ағзаға әсер етуiне қатысты өзге де мәлiметтердi мiндеттi түрде ала отырып, бедеулiктен емделуге құқығы бар.
2. Тiркелген некеде тұрған азаматтардың ұрпақты болудың қосалқы әдiстерi мен технологияларын өзара келiсiм бойынша ғана пайдалануға құқығы бар.
3. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалануға келісім берген азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ата-аналардың болашақ баланы тәрбиелеуге және асырауға қатысты тең құқықтары мен мiндеттерiне ие болады.
15-бап. Жасанды инсеминация, жасанды ұрықтандыру
және эмбрионды имплантациялау
1. Әйелдердiң жасанды инсеминацияға, жасанды ұрықтандыруға және эмбрионды имплантациялауға құқығы бар.
2. Ұрпақты болудың қосалқы әдiстерi мен технологияларын (жасанды инсеминацияны, жасанды ұрықтандыруды және эмбрионды имплантациялауды) жүргiзудiң тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Ұрпақты болудың қосалқы әдiстерi мен технологияларын пайдалану кезiнде, жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау мүмкiндiгi жағдайларын қоспағанда, болашақ баланың жынысын таңдауға жол берiлмейдi.
4. Адамның эмбрионын коммерциялық (сатып алу-сату), әскери және өнеркәсiптiк мақсаттар үшiн алуға болмайды.
16-бап. Жыныстық клеткаларды сақтау
Неке жасына жеткен еркектер мен әйелдердiң жыныстық клеткаларын сақтауға құқығы бар.
Жыныстық клеткаларды сақтаудың тәртiбi мен шарттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
17-бап. Құрсақ ана (суррогат ана) болу
1. Құрсақ ана (суррогат ана) болу құрсақ ана (суррогат ана) мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша, сыйақы төлеп не онсыз бала көтерудi және уақытынан бұрын босану жағдайларын қоса алғанда, бала тууды бiлдiредi.
2. Құрсақ ана (суррогат ана) болғысы келетiн әйел шарт жасасуға дейiн құрсақ ана (суррогат ана) болу әдiсiн қолдануға шешiм қабылдаған тұлғаларға өзiнiң дене, психикалық және ұрпақты болу денсаулығы, сондай-ақ медициналық-генетикалық тексеру нәтижелерi туралы толық ақпаратты беруге мiндеттi. Құрсақ ананың (суррогат ананың) медициналық, соның iшiнде медициналық-генетикалық тексеруден өтуiне байланысты материалдық шығыстарды онымен шарт жасасатын тұлғалар көтередi.
3. Балалы болғысы келетiн тұлғалар мен эмбрионды имплантациялау әдiсiн қолдануға өз келiсiмiн берген әйел арасындағы келiсiм құрсақ ана (суррогат ана) болу шарты болып табылады.
Құрсақ ана (суррогат ана) болу шартында:
1) балалы болғысы келетiн тұлғалардың және құрсақ ана (суррогат ана) болуға тiлек білдiрген әйелдiң деректерi;
2) құрсақ ананы (суррогат ананы) бағып-күтуге арналған материалдық шығыстарды төлеудiң тәртібi мен шарттары;
3) тараптардың құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлігі;
4) құрсақ ана (суррогат ана) өзi туған баланы өзiмен шарт жасасқан тұлғаларға беруден бас тартқан жағдайда оған қатысты, сондай-ақ осы тұлғалар баланы алудан бас тартқан жағдайда оларға қатысты шарттар мен шаралар;
5) тараптардың келiсiмi бойынша айқындалатын өзге де шарттар қамтылуға тиiс.
Құрсақ ана (суррогат ана) болу шарты жазбаша нысанда жасалады және нотариаттық куәландыруға жатады, құрсақ ана (суррогат ана) болу туралы шарт құрсақ ана (cуppoгат ана) жүктілік режимiн әдейi бұзған жағдайда бұзылуы мүмкiн.
4. Құрсақ ана (суррогат ана):
1) жүктіліктiң ерте мерзiмiнде (он екi аптаға дейiн) медициналық есепке тұруға;
2) үнемi дәрiгердiң байқауында болуға және оның ұсынымдарын қатаң орындауға;
3) өз денсаулығының жай-күйiн үнемi қадағалауға;
4) өзiмен шарт жасасқан тұлғаларды жүктiлiктiң өтуi туралы хабардар етуге мiндеттi.
Құрсақ ананың (суррогат ананың) өзi туған баланы өзiмен шарт жасасқан тұлғаларға беруден бас тартуға, сол сияқты баланы өзге тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
5. Құрсақ ана (суррогат ана) болу әдiсiн қолдануға шешiм қабылдаған тұлғалар оның қолданылуына, сондай-ақ құрсақ ананың (суррогат ананың) жүктiлiк, босану кезеңiнде және босанғаннан кейiн елу алты күн (асқынған босану немесе екi және одан көп бала туу жағдайында - күнтiзбелiк жетпiс күн) iшiнде сауығуына байланысты материалдық шығыстарды көтередi.
6. Құрсақ анамен (суррогат анамен) шарт жасасқан тұлғалар баладан бас тартқан жағдайда өздерi құрсақ ананы (суррогат ананы) медициналық тексеруге, ұрпақты болудың қосалқы технологияларын қолдануға, сауықтыруға жұмсаған материалдық шығыстарды, өзге де шығындарды, сондай-ақ сыйақы болған жағдайда, оның сомасын құрсақ анадан (суррогат анадан) талап етуге құқығы жоқ.
Құрсақ анамен (cуppoгат анамен) шарт жасасқан тұлғалар баладан бас тартқан кезде және құрсақ ана (суррогат ана) баланы қабылдаған кезде бұл тұлғалар құрсақ анаға (суррогат анаға) шартта белгiленетiн мөлшерде және тәртiппен өтемақы төлеуге мiндеттi.
7. Құрсақ анамен (суррогат анамен) шарт жасасқан тұлғалар баладан бас тартқан жағдайда аналық құқық құрсақ анада (суррогат анада) қалады.
8. Құрсақ ана (суррогат ана) баланы оның ата-анасына бергеннен кейiн бұл балаға деген барлық құқықтарынан айырылады.
18-бап. Жыныстық клеткалар донорлығы
Он сегiз жастан отыз бес жасқа дейiнгi, тәнi мен психикасы сау, медициналық-генетикалық тексеруден өткен азаматтардың жыныстық клеткалардың доноры болуға құқығы бар.
Донорлардың өздерiнiң донорлық жыныстық клеткаларының кейiнгi тағдыры туралы ақпаратқа құқығы жоқ.
19-бап. Контрацепцияны пайдалану
1. Азаматтардың контрацепция әдiстерi мен құралдарын, соның iшiнде медициналық контрацепция әдiстерi мен құралдарын таңдауға, сондай-ақ олардан бас тартуға құқығы бар.
2. Азаматтарға денсаулық жағдайын, жасын және жеке ерекшелiктерiн ескере отырып, контрацепцияның қолайлы әдiстерi мен құралдарын жеке iрiктеу жөнiндегi медициналық-әлеуметтiк, консультациялық көмек көрсетіледі.
20-бап. Хирургиялық стерилизациялау
1. Қаламаған жүктiлiктi болдырмау әдiсi ретiнде хирургиялық стерилизациялау отыз бес жастан асқан немесе кемiнде екi баласы бар азаматтарға қатысты, ал медициналық айғақтамалар мен азаматтың келiсiмi болған жағдайда - жасына және балаларының бар-жоғына қарамастан жасалуы мүмкiн.
2. Хирургиялық стерилизациялауды денсаулық сақтау ұйымдары, жеке медициналық практикамен айналысатын, осы қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке тұлғалар осы операцияның қайтымсыздығы туралы мiндеттi түрде алдын ала хабардар ете отырып, азаматтың жазбаша келiсiмi бойынша ғана жүргiзедi.
21-бап. Жүктiлiктi жасанды түрде үзу
1. Әйелдiң жүктiлiктi жасанды түрде үзуге құқығы бар.
Жүктіліктi жасанды түрде үзудiң алдын алу мақсатында дәрiгерлер моральдық-этикалық, психологиялық және келеңсiз физиологиялық салдарларды, ықтимал асқынуларды түсiндiруге бағытталған әңгiмелер өткiзуге мiндетті.
2. Жүктiлiктi жасанды түрде үзу - әйелдiң қалауы бойынша жүктiлiктiң он екi аптаға дейiнгi мерзiмiнде, әлеуметтiк айғақтамалар бойынша - жүктіліктiң жиырма екi аптаға дейiнгi мерзiмiнде, ал жүктi әйелдiң өмiрiне қатер төндiретiн медициналық айғақтамалар және оның келiсiмi болған жағдайда - жүктілiктiң мерзiмiне қарамастан жасалады.
3. Кәмелетке толмағандардың жүктіліктi жасанды түрде үзуi олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнің келiсiмiмен жүргiзiледi.
4. Емдеу-профилактикалық ұйымдарда әйелдiң қалауы бойынша жүктілiктi жасанды түрде үзуге дейiн және одан кейiн, контрацепция әдiстерi мен құралдарын жеке ipiктеудi қоса алғанда, медициналық-әлеуметтiк консультация өткiзiледi.
5. Абортты заңсыз жасау Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.
22-бап. Азаматтардың өздерiнің ұрпақты болу
құқықтарын қорғау құқығы
Азаматтардың органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын iске асыруға байланысты iс-әрекеттерiне (немесе әрекетсiздiгіне) және шешiмдеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған мемлекеттiк органдарға немесе сотқа шағым жасау арқылы өздерiнiң ұрпақты болу құқықтарын қорғауға құқығы бар.
23-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары туралы
Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғаны
үшiн жауаптылық
Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
24-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары
саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқару органдарының, денсаулық сақтау ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық шарттарға сәйкес азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының
Президентi