Аралық соттар туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 28 желтоқсандағы N 22 Заңы

Қолданыстағы

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасы аралық соттары құрылуының, қызметiнiң, сондай-ақ шешiмдерi орындалуының тәртiбiн реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң, егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жеке және заңды тұлғалар арасында жасалған азаматтық-құқықтық шарттардан туындаған дауларға қатысты қолданылады.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
 

      1) аралық келiсiм - шарт тараптарының туындаған немесе туындауы мүмкiн дауды аралық соттың қарауына беру туралы жазбаша келiсiмi;
 

      2) аралық сот - тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот немесе тараптар нақты дауды шешу үшiн құрған аралық сот (бұдан әрi - нақты дауды шешуге арналған аралық сот);
 

      3) аралық сотта iс қарау - аралық сотта дауды қарау және аралық соттың шешiм қабылдау процесi;
 

      4) аралық соттың регламентi - тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың қызметiн ұйымдастыру тәртiбi;
 

      5) аралық судья - аралық сотта дауды шешу үшiн осы Заңның нормаларына сәйкес тараптар сайлаған немесе тараптар келiскен тәртiппен тағайындалған жеке адам;
 

      6) құзыреттi сот - Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес тиiстi шарт тараптары арасындағы дау туралы iстi бiрiншi сатыда қарауға уәкiлеттi Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң соты;
 

      7) iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптары - қандай да бiр құжатта тiркелгенi-тiркелмегенiне қарамастан, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңiнен қолданылатын мiнез-құлық ережелерi.

      3-бап. Қазақстан Республикасының аралық соттар
             туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының аралық соттар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
 

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Аралық сотта iс қарау принциптерi

      Аралық сотта iс қарау:
 

      1) туындаған дау бойынша аралық сотта iс қарауды жүзеге асыру тәртiбi мен талаптары мәселелерiн тараптардың өзара алдын ала келiсуi бойынша өз бетiнше шешуге құқығы бар екендiгiн бiлдiретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;
 

      2) аралық судьялар мен соттар өз шешiмдерiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының , Қазақстан Республикасы заңнамалық актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ғана нормаларын басшылыққа алатынын бiлдiретiн заңдылық;
 

      3) аралық судьялар мен соттардың өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз екенiн, шешiмдi оларға қандай да бiр ықпал етудi болғызбайтын жағдайларда қабылдайтынын бiлдiретiн тәуелсiздiк;
 

      4) тараптардың аралық сотта iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн мойнына алатынын, өз ұстанымын, оны қорғау тәсiлдерi мен құралдарын аралық соттан, басқа да органдар мен тұлғалардан дербес және тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн жарыспалылығы мен тең құқылы болуы;
 

      5) аралық судьялар мен соттар өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және аралық сотта iс қараудың тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдiретiн әдiлеттiлiк;
 

      6) азаматтың тиiстi органға ақпаратты хабарлау мiндетi заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, аралық судьялардың аралық сотта iс қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келiсiмiнсiз жария етуге құқығы жоқтығын және аралық сотта iс қарау барысында өздерiне белгілi болған мәлiметтер туралы куәлар ретiнде олардан жауап алынбайтынын бiлдiретiн құпиялылық принциптерi сақтала отырып жүзеге асырылады. (РҚАО-ның ескертуі: К990411 79-бабын қараңыз)

      5-бап. Аралық соттардың түрлерi

      1. Қазақстан Республикасында аралық соттар тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот немесе нақты дауды шешуге арналған аралық сот түрінде құрылуы мүмкін.
 

      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және олардың бiрлестiктерi (қауымдастықтары, одақтары) құра алады.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотты құру үшiн осы тармақта көрсетiлген тұлғалар аралық соттың регламентiн, осы аралық сотта қызметтi жүзеге асыратын аралық судьялардың тiзiмiн бекiтуге тиiс.
 

      3. Тараптар нақты дауды шешуге арналған аралық сотты өздерiнiң азаматтық-құқықтық шарттарынан туындаған дауды шешу үшiн құрады және осы дау шешiлгенге дейiн немесе тараптар дауды құзыреттi сотқа беру туралы шешiм қабылдағанға дейiн әрекет етедi.
      Нақты дауды шешу үшiн құрылатын аралық сот қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
 

      4. Қазақстан Республикасында аралық соттар мемлекеттiк органдар жанынан құрыла алмайды.

      6-бап. Аралық соттың қызметiнде қолданылатын құқық

      1. Аралық сот дауларды Қазақстан Республикасының Конституциясына , заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес қарайды.
 

      2. Аралық сот шешiмдi шарттың талаптарына сәйкес және iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптарын ескере отырып қабылдайды.
 

      3. Даулы қатынастарды реттейтiн құқық нормалары болмаған жағдайда, аралық сот ұқсас құқық қатынастарын реттейтiн құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде, дауды заңдардың жалпы бастаулары мен мағынасын негiзге алып шешедi.

      7-бап. Дауды аралық соттың шешуiне беру

      1. Тараптар арасында жасалған аралық келiсiм болған кезде, дау аралық соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
 

      2. Тараптар өздерiнiң арасында қандай да бiр нақты құқық қатынастарына байланысты туындаған немесе туындауы мүмкiн дауларға қатысты аралық келiсiм жасасуы мүмкiн.
 

      3. Егер мұндай келiсiм талап-арыз беру үшiн негiздер туындағаннан кейiн жасалған болса, тараптардың бipeуi талаптарын формулярларда немесе өзге де стандартты нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен (қосылу шарты) қабылдауы мүмкiн шарт бойынша дауды шешу туралы аралық келiсiмнiң күшi болады.
 

      4. Құзыреттi соттың қарауындағы дауға қатысты аралық келiсiм аталған сот дау бойынша шешiм қабылдағанға дейiн жасалуы мүмкiн.
 

      5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiң, мемлекеттiк кәсiпорындардың, кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдардың, аралық келiсiмге қатысушылар болып табылмайтын адамдардың мүдделерiн қозғайтын даулар, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң, тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер нарығында үстем жағдайға ие болып отырған субъектiлердiң көрсетiлетiн қызметтердi ұсыну, жұмыстарды орындау, тауарларды өндiру туралы шарттардан туындаған, сондай-ақ банкроттық туралы iстер жөнiндегi даулар аралық соттардың ведомстволық қарауына жатпайды. (РҚАО-ның ескертуі: К990411 25-бабын қараңыз)

      8-бап. Аралық соттың қызметiне араласуға жол
              берiлмеушiлiк

      Мемлекеттiк органдардың және өзге де мекемелердiң аралық соттың қызметiне араласуына, бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, жол берiлмейдi.

      9-бап. Аралық сотта iс қарау тiлi

      1. Аралық соттарда iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде тараптардың келiсiмi бойынша орыс тiлi немесе өзге де тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
 

      2. Тараптар аралық сотта iс қарау тiлi туралы келiсiмге қол жеткiзбеген жағдайда, аралық сотта iс қарау тiлiн аралық сот белгiлейдi.
 

      3. Аралық сотта iс қарау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, аралық соттың iс-әрекетiне қатысу құқығы, аралық сотта ана тiлiнде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi.
 

      4. Құжаттар мен өзге де материалдарды аралық сотта iс қарау тiлiнде ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi.
 

      5. Құжаттар мен өзге де материалдар iске қатысушы адамдарға олардың ана тiлiндегi немесе олар бiлетiн басқа тiлдегi аудармасында табыс етiледi.

      10-бап. Аралық келiсiмнiң нысаны және мазмұны

      1. Аралық келiсiм жазбаша нысанда жасалады. Аралық келiсiм, егер тараптар қол қойған, не хаттар, телетайп, телеграф арқылы хабарлар алмасу жолымен немесе мұндай келiсiмнiң тiркелгенiн қамтамасыз ететiн электрондық немесе өзге де байланыстың басқа да құралдарын пайдалана отырып жасалған құжатта болса, жазбаша нысанда жасалған болып есептеледi.
 

      2. Дауды аралық соттың шешуiне беру туралы талап қамтылған құжатқа шарттағы сiлтеме шарт жазбаша нысанда жасалған және осы сiлтеме аралық келiсiмдi шарттың бiр бөлiгі жасайтын жағдайда, аралық келiсiм болып табылады.
 

      3. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотқа беру кезiнде тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентi аралық келiсiмнiң ажырамас бөлiгі ретiнде қаралады.
 

      4. Аралық келiсiмнiң қолданылуы тараптардың келiсiмiмен ол жасалған тәртiппен тоқтатылуы мүмкiн.

2-тарау. АРАЛЫҚ COTTЫҢ ҚҰРАМЫ

      11-бап. Аралық соттардың судьяларына қойылатын талаптар

      1. Қажеттi бiлiмге ие, жоғарғы бiлiмi бар, жиырма бес жасқа толған және аралық судьяның мiндеттерiн орындауға келiсiм берген, тараптардан тәуелсiз және iстiң нәтижесiне мүдделi емес жеке адам аралық судья болып сайлануы (тағайындалуы) мүмкiн.
 

      2. Дауды жеке-дара шешетiн аралық судьяның жоғары заңгерлiк бiлiмi және заңгерлiк мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуға тиiс. Дау алқалы түрде шешiлетiн жағдайда аралық сот құрамы төрағасының жоғары заңгерлiк бiлiмi болуға тиiс.
 

      3. Аралық судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды тараптар тiкелей соттың құрамын түзу кезiнде айқындайды немесе олар тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттардағы ережелермен (регламенттермен) айқындалады.
 

      4. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен - құзыреттi соттың судьясы болып сайланған немесе тағайындалған;
 

      2) заңда белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған;
 

      3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген не қылмыс жасады деп айып тағылған;
 

      4) мемлекеттiк қызметшi болып табылатын адам аралық судья бола алмайды.

      12-бап. Аралық судьялардың дауды қарау кезiндегi саны

      1. Тараптар аралық судьялардың санын белгiлеуге құқылы, олардың саны тақ болуға тиiс.
 

      2. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда дауды аралық сотта шешу үшiн үш аралық судья сайланады (тағайындалады).

      13-бап. Аралық соттың құрамы

      1. Аралық соттың құрамын түзу аралық судьяларды (аралық судьяны) сайлау (тағайындау) арқылы жүргiзiледi.
 

      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық соттың құрамын түзу тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
 

      3. Аралық сотта нақты дауды шешуге арналған аралық соттың құрамын түзу тараптармен келiсiлген тәртiппен жүргiзiледi.
 

      4. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда нақты дауды шешуге арналған аралық соттың құрамын түзу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
 

      1) үш аралық судьядан тұратын аралық соттың құрамын түзу кезiнде әр тарап бiр аралық судьяны сайлайды, ал осылай сайланған екi аралық судья үшiншi аралық судьяны сайлайды.
      Егер тараптардың бiрi басқа тараптан бұл туралы өтiнiш алғаннан кейiн он бес күн iшiнде аралық судьяны сайламаса немесе сайланған екi судья өздерi сайланғаннан кейiн он бес күн iшiнде үшiншi аралық судьяны сайламаса, онда аралық сотта дауды қарау тоқтатылады және бұл дау құзыреттi соттың шешуiне берiлуi мүмкiн;
 

      2) егер дау аралық судьяның жеке-дара шешуiне жатса және бiр тарап басқа тарапқа аралық судьяны сайлау туралы ұсыныспен жүгiнгеннен кейiн тараптар он бес күн iшiнде аралық судьяны сайламаса, онда аралық сотта дауды қарау тоқтатылады және бұл дау құзыреттi соттың шешуiне берiлуi мүмкiн.

      14-бап. Аралық судьядан бас тарту

      1. Аралық судья осы Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда тараптар судьядан бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
 

      2. Қандай да бiр жеке адамға оны аралық судья етiп сайлау (тағайындау) мүмкiндiгiне байланысты жүгiнген жағдайда, аталған адам осы Заңның 11-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгi туралы хабарлауға тиiс. Егер көрсетiлген мән-жайлар аралық сотта iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, аралық судья бұл туралы тараптарға дереу хабарлауға және өздігінен бас тартатынын мәлiмдеуге тиiс.
 

      3. Тарап, егер бас тарту үшiн негiздер болып табылатын мән-жайлар оған осы аралық судьяны өзi сайлағаннан кейiн белгiлi болған жағдайда ғана, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған аралық судьядан бас тартатынын мәлiмдеуi мүмкін.
 

      4. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық судьядан бас тарту рәсімі тұрақты жұмыс істейтін apaлық соттың регламентiмен айқындалуы мүмкін.
 

      5. Нақты дауды шешуге арналған аралық сотта тараптар аралық судьядан бас тарту рәсiмiн келiсуi мүмкiн.
 

      6. Егер аралық судьядан бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде айқындалмаса, онда тарап аралық судьядан бас тарту туралы дәлелдi жазбаша өтiнiштi аралық соттың құрамы түзiлгенi және осы Заңның 11-бабына сәйкес аралық судьядан бас тарту үшiн негiздер бар екендiгi туралы белгiлi болғаннан кейiн бес күн iшiнде беруге тиiс.
      Егер бас тарту мәлiмделген аралық судья өздiгiнен бас тартпаса немесе басқа тарап аралық судьядан бас тартумен келiспесе, онда аралық соттың құрамына кiретiн аралық судьялар аралық судьядан бас тарту туралы мәселенi тараптардың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған сәттен бастап он күн мерзiмде шешедi.
      Дауды жеке-дара қарайтын аралық судьядан бас тарту туралы мәселенi сол аралық судья шешедi.

      15-бап. Аралық судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату

      1. Аралық судьяның өздiгiнен бас тартуына немесе аралық судьяның осы Заңда көзделген негiздер бойынша бас тартуына байланысты, сондай-ақ аралық судья қайтыс болған жағдайда, тараптардың келiсiмi бойынша аралық судьяның өкілеттіктері тоқтатылуы мүмкiн.
 

      2. Аралық судьяның өкiлеттiктерi нақты iс бойынша шешiм қабылданғаннан кейiн тоқтатылады. Осы Заңның 37-40-баптарында көзделген жағдайларда аралық судьяның өкiлеттiктерi қайта басталады, ал содан кейiн аталған баптарда көзделген iс жүргiзу әрекеттерi жасалған соң тоқтатылады.

      16-бап. Аралық судьяны ауыстыру

      Аралық судьяның өкiлеттiктерi тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын аралық судья сайланған (тағайындаған) кезде қолданылған ережелерге сәйкес басқа аралық судья сайланады (тағайындалады).

3-тарау. АРАЛЫҚ СОТТА ДАУДЫ ШЕШУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒЫСТАР

      17-бап. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстар

      1. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстарға:
      аралық судьялардың гонорары;
      аралық судьялардың аралық сотта iс қарауына қатысуға байланысты шеккен шығыстары, соның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру мен тамақтану ақысының шығыстары;
      сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
      аралық судьялардың жазбаша және заттай дәлелдемелердi олардың тұрған жерiнде қарап көруге және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
      куәлар шеккен шығыстар;
      аралық соттың шешiмi өз пайдасына шығарылған тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары;
      аралық соттың iс қарауын ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етiлуiне жұмсалған шығыстар кiредi.
 

      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық судьялар гонорарының мөлшерiн тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде көзделген аралық судьялар гонорарларының шкаласына сәйкес аралық соттың құрамы айқындайды.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде судьялар гонорарының белгіленген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде, аралық сот аралық судья гонорарының мөлшерiн дау бойынша сотта iс қараудың әрбiр нақты жағдайында, талап-арыздың бағасын, даудың күрделiлiгiн, аралық судьялардың аралық сотта iс қарауға кеткен уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып айқындауы мүмкiн.
 

      3. Нақты дауды шешуге арналған аралық сотта аралық судьялар гонорарының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша айқындалады, ал ол болмаған кезде - тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған аралық сот айқындайды.

      18-бап. Аралық сотта дауды шешуге байланысты
              шығыстарды бөлу

      1. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлудi аралық сот тараптардың келiсiмiне сәйкес, ал ол болмаған кезде - қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға бара-бар жүргiзедi.
 

      2. Егер келтiрiлген шығыстарды өндiру туралы талап аралық сотта iс қарау барысында мәлiмделген және оны аралық сот қанағаттандырған болса, аралық соттың шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары, сондай-ақ аралық сотта iс қарауға байланысты өзге де шығыстары аралық соттың шешiмi бойынша басқа тарапқа қатысты болуы мүмкiн.
 

      3. Аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу аралық соттың шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.
 

      4. Талапкер талап-арыздан бас тартқан жағдайда жауапкер ол шеккен шығыстарды өтемейдi.

4-тарау. АРАЛЫҚ СОТТА ІС ҚАРАУ

      19-бап. Аралық соттың құқықтылығы мәселесiн шешу

      1. Аралық сот өзiне шешуге берiлген дауды қарауға өзiнiң құқығы бар немесе жоқ екендiгі туралы мәселенi, соның iшiнде тараптардың бiрi аралық келiсiм жоқ немесе жарамсыз деген дәлел бойынша аралық сотта iс қарауына қарсы болған жағдайларда, дербес шешедi.
 

      2. Тарап аралық соттың өзiне шешуге берiлген дауды қарауға құқығы жоқ екенi туралы даудың мәнi бойынша өзi алғашқы өтiнiш бергенге дейiн мәлiмдеуге құқылы.
 

      3. Егер аралық сотта iс қарау барысында қаралуы аралық келiсiмде көзделмеген мәселе аралық сотта iс қараудың нысанасы болса, не ол заңға немесе аралық сотта iс қарау ережелерiне сәйкес аралық сотта iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн емес болса, тарап аралық соттың өз құқығын асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
 

      4. Аралық сот осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған мәлiмдеменi қарауға мiндетті. Мәлiмдеменi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
 

      5. Егер аралық сот өзiнiң құқықтылығы туралы мәселенi қарау кезiнде аралық соттың дауды қарау құқығы жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда аралық сот дауды мәнi бойынша қарай алмайды.

      20-бап. Аралық сотта iс қарау ережелерiн айқындау

      1. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот, егер тараптар аралық сотта iс қараудың басқа ережелерiн қолдану туралы уағдаласпаса, тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес аралық сотта iс қарауды жүзеге асырады.
 

      2. Нақты дауды шешуге арналған аралық сот аралық сотта iс қарауды тараптармен келiсiлген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
 

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес тараптармен келiсiлген аралық сотта iс қарау ережелерi осы Заңның тараптарға жекелеген мәселелер бойынша уағдаласуға құқық бермейтiн мiндеттi ережелерiне қайшы келе алмайды.
      Тараптармен келiсiлмеген, тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың ережелерiнде және осы Заңда айқындалмаған бөлiгiнде, аралық сотта iс қараудың ережелерiн аралық сот айқындайды.

      21-бап. Аралық сотта iс қараудың орны

      1. Нақты дауды шешуге арналған аралық сотта тараптар өз қалауы бойынша аралық сотта iс қараудың орны туралы келiсуi мүмкiн.
      Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, нақты дауды шешуге арналған аралық сот аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.
 

      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық сотта iс қараудың орны тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес айқындалады.
      Егер тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде аралық сотта iс қараудың орны нұсқап көрсетiлмесе не оны айқындау тәртiбi болмаса, онда аралық соттың құрамы, тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.

      22-бап. Талап-арыз және талап-арызға пiкiр

      1. Талапкер өзiнiң талаптарын талап-арызда баяндайды, ол аралық сотқа жазбаша нысанда берiледi. Талап-арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
 

      2. Талап-арызда:
      1) талап-арыздың берiлген күнi;
 

      2) тараптардың атауы, олардың тұрғылықты жерi немесе, егер тараптар заңды тұлғалар болып табылса, олардың орналасқан жерi, банк реквизиттерi;
 

      3) аралық сотқа жүгiну негiздемесi;
 

      4) талапкердiң талаптары;
 

      5) талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
 

      6) талапкердiң талаптарын растайтын дәлелдемелер;
 

      7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
 

      8) талап-арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
      Талап-арызға талапкер немесе оның өкiлi қол қоюға тиiс. Егер талап-арызға талапкердiң өкiлi қол қойған жағдайда, талап-арызға өкiлдiң өкiлеттiктерiн куәландыратын сенiмхат немесе өзге де құжат қоса берiлуге тиiс.
 

      3. Аралық сотта iс қараудың ережелерiнде талап-арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкiн.
 

      4. Жауапкер талапкерге және аралық сотқа өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап-арызға пiкiр беруге құқылы. Талапкерге және аралық сотқа аралық сотта iс қарау ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап-арызға пiкiр берiледi.
      Егер аралық сотта iс қарау ережелерiнде талап-арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда аталған пiкiр аралық соттың бiрiншi отырысына дейiн кемiнде он күн бұрын берiледi.
 

      5. Тарап аралық сотта iс қарау барысында өзiнiң талап-арыздарын немесе талап қоюға бiлдiрген қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

      23-бап. Аралық сотта iс қарауды қозғау

      1. Аралық сот талап-арызды қабылдап, өзiнiң ережесiне (регламентiне) немесе Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасының нормаларына сәйкес аралық сотта ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралу орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап-арызға жазбаша пiкiр берудi ұсынады.
 

      2. Жауапкердiң қарсылықтарын табыс етпеуi дауды қарауға кедергi бола алмайды.

      24-бап. Талап-арызды қайтару

      1. Аралық сот, егер:
 

      1) тараптар арасында аралық келiсiм болмаса;
 

      2) аралық келiсiмнiң қатысушылары болып табылмайтын үшiншi тұлғалардың мүдделерi қозғалса;
 

      3) талап қою аралық келiсiмде көзделмеген аралық сотқа берiлсе;
 

      4) талап-арызға қол қоюға немесе оны беруге өкiлеттiгi жоқ адам оған қол қойса немесе оны берсе;
 

      5) талапкер талап арызды қайтару туралы өтiнiш берсе;
 

      6) осы немесе басқа аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша iс болса, талап-арызды қайтарады.
 

      2. Арыздың қайтарылуы талапкердiң сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша талаппен аралық сотқа қайта жүгiнуiне кедергi келтiрмейдi.

      25-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу

      1. Қарсы талаптың талапкердiң талаптарымен өзара байланысы болған кезде, сондай-ақ аралық сот қарсы талап қоюды аралық келiсiмге сәйкес қарауы мүмкiн болған кезде, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
 

      2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, аралық сот шешiм қабылдағанға дейiн, аралық сотта iс қарау барысында қарсы талап қойылуы мүмкін.
 

      3. Қарсы талап осы Заңның 22-бабы 2-тармағының талаптарын қанағаттандыруға тиiс.
 

      4. Талапкер аралық сотта iс қарау регламентiнде немесе ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талапқа қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
 

      5. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда жауапкер азаматтық заңнаманың талаптарын сақтай отырып, қарсы талапты есепке алуды талап етуге құқылы.

      26-бап. Дәлелдемелердi табыс ету және зерттеу

      1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксiз деп санаса, аралық сот тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
 

      2. Аралық сот iс бойынша барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.

      27-бап. Тараптардың аралық соттың отырысына қатысуы

      1. Тараптардың әрқайсысына өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкiндiктер берiлуге тиiс.
 

      2. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сотта iс қарау - тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен аралық соттың отырысында жүзеге асырылады.
      Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.
 

      3. Тараптарға аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсырылуға тиiс.
      Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен аралық сотқа тараптардың бiрi ұсынатын ақпаратты аралық сот басқа тарапқа беруге тиiс. Аралық сот өзiнiң шешiмiн негiздейтiн сараптамалық қорытындыларын тараптарға беруге тиiс.
 

      4. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық соттың құрамы iстi жабық отырыста қарайды.

      28-бап. Тараптардың құқықтары

      Аралық сотта iс қарауға қатысушы тараптардың:
 

      1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жазып алуға және көшiрмелер түсiруге;
 

      2) дәлелдемелердi табыс етуге;
 

      3) өтiнiш бiлдiруге, аралық судьялардан бас тартуға;
 

      4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
 

      5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн беруге;
 

      6) басқа тараптың өтiнiмдерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
 

      7) аралық сот отырысының хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертпелер беруге;
 

      8) құзыреттi сот алдында аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
 

      9) заңда белгiленген жағдайларда аралық соттың шешiмiне шағымдануға құқығы бар.

      29-бап. Тараптардың құжаттар мен өзге де
               материалдарды табыс етпеуiнiң немесе
               тараптардың келмей қалуының салдарлары

      1. Құжаттар мен өзге материалдарды табыс етпеу, сондай-ақ аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылған тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң аралық соттың отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерiн немесе тараптардың аралық соттың отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, аралық сотта iс қарау және аралық соттың шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
 

      2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуiн талапкердiң талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды.

      30-бап. Сараптама тағайындау және өткiзу

      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот дауларды шешу кезiнде туындайтын, арнайы танып-бiлудi қажет ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн сараптама тағайындауы және тараптардың кез келгенiнен сараптама өткiзу үшiн қажеттi құжаттарды, өзге материалдарды немесе заттарды берудi талап етуi мүмкiн.
      Сараптама ақысын төлеуге жұмсалған шығыстарды және сарапшының қатысуын қоса алғанда, аралық сот сарапшының аралық сотта iс қарауға қатысуына қатысты өзге де мәселелердi, егер тараптар бұл мәселелердi арнайы келiспесе, шешуге құқылы.
 

      2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда берiледi.
 

      3. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда бұл туралы тараптардың кез келгенi өтiнген немесе аралық сот мұны қажет деп санаған жағдайда, сарапшы сараптамалық қорытынды табыс етiлгеннен кейiн, тараптарға және аралық судьяларға сараптама өткiзуге және табыс етiлген сараптамалық қорытындыға байланысты сарапшыға сұрақтар қою мүмкiндiгi берiлетiн аралық соттың отырысына қатысуға тиiс.

      31-бап. Аралық сот отырысының хаттамасы

      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық соттың отырысында хаттама жүргiзiледi.
 

      2. Аралық сот отырысының хаттамасы iстi қараудың барлық елеулi сәттерiн көрсетуге тиiс.
 

      Аралық сот отырысының хаттамасында:
      1) аралық сот отырысының жылы, айы, күнi және орны;
 

      2) аралық сот отырысының басталу және аяқталу уақыты;
 

      3) iстi қарайтын аралық соттың атауы және аралық судьялардың, аралық сот отырысы хатшысының тегi және аты-жөнi;
 

      4) iстiң атауы;
 

      5) iске қатысушы адамдардың, өкiлдердiң, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуi туралы мәлiметтер;
 

      6) iске қатысушы адамдарға, өкiлдерге олардың iс жүргiзушiлiк құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
 

      7) төрағалық етушiнiң өкiмдерi және аралық соттың отырыс залында аралық сот шығарған ұйғарымдар;
 

      8) iске қатысушы адамдардың және өкiлдердiң өтiнiштерi, ұсыныстары мен түсiнiктемелерi;
 

      9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндiруі, мамандардың түсiнiктемелері;
 

      10) құжаттарды жария ету туралы мәлiметтер, заттай дәлелдемелердi тексерiп қарау деректерi, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;
 

      11) аралық соттың отырыс залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
 

      12) шешiм мен ұйғарымдардың мазмұнын жариялау және түсiндiру, оларға шағымдану тәртiбi мен мерзiмiн түсiндiру туралы мәлiметтер;
 

      13) iске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертпелер беру құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
 

      14) хаттаманың жасалған күнi көрсетiледi.
 

      3. Аралық сот отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны аралық сот аралық сотта iс қарау тараптарының келiсiмi бойынша не тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес тағайындайды.
 

      4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкiлдерi хаттаманың қандай да бiр бөлiгiн жариялау туралы, өздерi iс үшiн елеулi деп санайтын мән-жайлар жөнiндегi мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтiнiм жасауға құқылы.
 

      5. Хаттама аралық соттың отырысы аяқталғаннан кейiн үш күннен кешiктiрiлмей жасалуға және оған қол қойылуға тиiс.
      Күрделi iстер бойынша аралық сот отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзiмде, бiрақ аралық соттың отырысы аяқталғаннан кейiн он күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылуы мүмкiн.
 

      6. Хаттамаға төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерiстер, түзетулер, толықтырулар хаттамада көрсетiлуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.

      32-бап. Құзыреттi соттың қамтамасыз ету шараларын
              ұсынудағы жәрдемi

      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот кез келген тараптың өтiнiшi бойынша даудың нысанасына қатысты өзi қажет деп есептейтiн, ол туралы ұйғарым шығаратын осындай қамтамасыз ету шараларын қандай да бiр тараптың қабылдағаны туралы өкiм шығара алады.
 

      2. Аралық сотта қаралып жатқан талап-арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап аралық сотта iстi қарау жүзеге асырылатын орын немесе қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүлiк тұрған жер бойынша - құзыреттi сотқа бередi.
      Талап-арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiшке аралық сотқа талап арызды ұсыну дәлелдемелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде мемлекеттiк баж төлегенiн растайтын құжаттар қоса берiледi.
 

      3. Аралық сотта қаралып жатқан талап-арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi құзыреттi соттың қарауы және оның талап-арызды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасы азаматтық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
 

      4. Аралық сотта қаралып жатқан талап-арызды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшiн тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыреттi сот жоюы мүмкiн. Аралық соттың талап-арыз талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiмi құзыреттi соттың қамтамасыз ету шараларының күшiн жоюына негiз болып табылады.

5-тарау. АРАЛЫҚ COTTЫҢ ШЕШІМІ

      33-бап. Аралық сот шешiмiнiң мiндеттiлiгi

      Аралық келiсiм жасасқан тараптар аралық соттың шешiмiн орындауға мiндеттеме алады. Тараптар және аралық сот аралық сот шешiмiнiң заң тұрғысында орындалуына барлық күш-жiгерiн жұмсайды.

      34-бап. Аралық соттың шешiм қабылдауы

      1. Аралық сот iстiң мән-жайы зерттелгеннен кейiн аралық соттың құрамына кiретiн аралық судьялардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.
      Шешiм аралық соттың отырысында жарияланады. Аралық сот шешiмнiң тек қарарлық бөлiгiн жариялауға құқылы. Мұндай жағдайда, егер тараптар шешiмдi жiберуге арналған мерзiмдi келiспесе, шешiмнiң қарарлық бөлiгi жарияланған күннен бастап отыз күн iшiнде тараптарға дәлелдi шешiм жiберiлуге тиiс.
      Аралық сот мүшелерiнiң көпшiлiгiнiң шешiмiмен келiспеген судья өзiнiң айрықша пiкiрiн мәлiмдеуге құқылы, ол шешiмге қоса тiркеледi. Тараптар аралық судьяның айрықша пiкiрiмен танысуға құқылы.
 

      2. Аралық сот, егер оны қажет деп таныса, осы Заңның 27-бабы 3-тармағының ережелерi сақталған жағдайда, шешiм қабылдауды кейiнге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.
 

      3. Егер аралық сотта iс қарау барысында тараптар дауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбайтын бiтiмгершiлiк келiсiм жасау жолымен реттесе, аралық сот аралық сотта iс қарауды тараптардың өтiнiшi бойынша тоқтатады және оның тарапынан қарсылықтар болмаған кезде бұл реттеудi аралық соттың келiсiлген жағдайлардағы шешiмi ретiнде тiркейдi.
      Аралық соттың келiсiлген жағдайлардағы шешiмi осы Заңның 35-бабының ережелерiне сәйкес шығарылады және онда бұл аралық соттың шешiмi болып табылатынына нұсқау болады. Аралық соттың бұл шешiмiнiң даудың мәнi бойынша аралық соттың кез келген шешiмi сияқты осындай мәртебесi және күшi болады. (РҚАО-ның ескертуі: К990411 193-бабын қараңыз)
 

      4. Аралық соттың шешiмi аралық сотта iс қарау орнында қабылданған болып есептеледi және оған аралық судья (судьялар) қол қойған күнi күшiне енедi.

      35-бап. Аралық сот шешiмiнiң нысаны мен мазмұны

      1. Аралық соттың шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және оған аралық соттың құрамына кiретiн судьялар, соның iшiнде айрықша пiкiрi бар аралық судья қол қояды.
 

      2. Аралық соттың шешiмiнде:
      1) шешiм қабылданған күн;
 

      2) осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалған аралық сотта iс қарау орны;
 

      3) аралық сот құрамы және оны түзу тәртiбi;
 

      4) дау тараптарының атауы, олардың өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi көрсетiле отырып, тегi, аты-жөнi, лауазымдары;
 

      5) аралық сот құзыретiнiң негiздемесi;
 

      6) талапкердiң талаптары және жауапкердiң қарсылықтары, тараптардың ұсыныстары;
 

      7) iс қарауға қатысушы адамдар дауының, өтiнiшiнiң, өтiнiмiнiң, түсiнiктемесiнiң мәнi;
 

      8) аралық сот анықтаған iстiң мән-жайы, осы мән-жайлар туралы аралық соттың тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, аралық сот шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi көрсетiлуге тиiс.
      Шешiмнiң қарарлық бөлігінде әрбiр мәлiмделген талап-арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы аралық соттың тұжырымдары, аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, аталған шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда, қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртiбi көрсетiлуге тиiс.
 

      3. Шешiм қабылданғаннан кейiн әрбiр тарапқа осы баптың 1-тармағына сәйкес ресiмделген шешiмнiң бiр данасы тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.

      36-бап. Шешiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi

      1. Аралық соттың шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
 

      2. Аралық сот өзiнiң шешiмiн аралық соттың отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.

      37-бап. Қосымша шешiм

      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi аралық соттың шешiмiн алғаннан кейiн он күн iшiнде аралық сотта iс қарау барысында мәлiмделген, бiрақ шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiшпен, бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, сол аралық сотқа жүгіне алады. Дауды шешкен аралық соттың құрамы аталған өтінішті алғаннан кейін он күн ішінде оны қарауға тиiс.
 

      2. Тиiстi өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша не аралық сот шешiмiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын қосымша шешiм, не қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым қабылданады.

      38-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аралық
              сотта дауды қарау

      1. Аралық соттың шешiмi аралық келiсiм тараптарының бiрiнiң немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аралық соттың шешiмiн қайта қарау негiздемелерi:
 

      1) iс үшiн елеулi, арыз берушiге белгiлi болмаған және белгiлi болуы мүмкiн емес мән-жайлар;
 

      2) заңсыз не негiзсiз шешiмнiң қабылдануына әкеп соққан, күшiне енген сот үкiмiмен анықталған, куәнiң көрiнеу жалған жауаптары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, көрiнеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердiң жалғандығы;
 

      3) тараптардың, iске қатысушы басқа адамдардың, не олардың өкiлдерiнiң күшiне енген сот үкiмiмен анықталған қылмыстық iс-әрекеттерi немесе аралық судьялардың осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi болып табылады.
 

      2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аралық соттың шешiмiн қайта қарау туралы өтiнiш осы Заңда белгіленген тәртiппен қайта қарау үшiн негiз болған мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай iшiнде берiледi және оны шешiм шығарған аралық сот қарайды.
      Аралық соттың, соның iшiнде бұрынғы құрамда шешiм шығарған тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың отырысын өткiзу мүмкiн болмаған жағдайда, осы Заңда белгiленген тәртiппен құрылған аралық соттың жаңа құрамы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешiмдi қайта қарау туралы өтiнiштi қарайды.

      39-бап. Шешiмдi түсiндiру

      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда тараптардың кез  келгенi аралық соттың шешiмiн алғаннан кейiн он күн iшiнде шешiмдi түсiндiру туралы өтiнiшпен, бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып сол аралық сотқа жүгiнуi мүмкiн. Дауды шешкен аралық соттың құрамы шешiмдi түсiндiру туралы өтiнiштi алғаннан кейiн он күн iшiнде оны қарауға тиiс.
 

      2. Аралық сот өзi қабылдаған шешiмдi, оның мазмұнын өзгертпестен түсiндiредi.
 

      3. Тиiстi өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша не аралық сот шешiмiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын шешiмдi түсiндiру туралы ұйғарым, не шешiмдi түсiндiруден бас тарту туралы ұйғарым шығарылады.

      40-бап. Жаңылыс жазуларды, жаңсақ жазылымдарды,
               арифметикалық қателердi түзету

      1. Аралық сот тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша немесе өзiнiң бастамасы бойынша жаңылыс жазуларды, жаңсақ жазылымдарды, көрiнеу арифметикалық қателердi түзетуге құқылы.
 

      2. Аралық сот жаңылыс жазуларды, жаңсақ жазылымдарды, арифметикалық қателердi түзету туралы ұйғарым шығарады, ол шешiмнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.

      41-бап. Аралық соттың ұйғарымы

      Аралық сот даудың мәнiн қозғамайтын мәселелер бойынша ұйғарымдар шығарады, олар дәлелдi болуға тиiс.

      42-бап. Аралық сотта iс қарауды тоқтату

      Аралық сот, егер:
 

      жауапкер дауды мәнi бойынша шешуге өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты аралық сотта iс қарауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан;
 

      аралық сот өзiнiң шешуiне берiлген дауды қарауға аралық соттың құзыретi жоқтығы туралы ұйғарым шығарған;
 

      сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша құзыреттi соттың немесе аралық соттың заңды күшiне енген шешiмi болған;
 

      тараптар аралық сотта iс қарауды тоқтату туралы келiсiмге келген;
 

      аралық сотта iс қараудың тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
 

      аралық сотта iс қараудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болған деп жарияланған), не ол хабарсыз кеткен деп танылған;
 

      талапкер талап қоюдан бас тартып, аралық сот бас тартуды қабылдаған жағдайларда, аралық сотта ic қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

      43-бап. Шешiмдер мен iстердi сақтау

      1. Нақты дауды шешуге арналған аралық соттың шешiмi ол қабылданғаннан кейiн бiр ай мерзiмде iс бойынша материалдармен бiрге тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттардың бiрiне сақтау үшiн жiберiледi.
 

      2. Егер тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың ережелерiнде өзге мерзiм белгiленбесе, онда тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта қаралған iс осы аралық сотта ол бойынша шешiм қабылданған күннен бастап кемiнде бес жыл сақталады.

      44-бап. Аралық соттың шешiмiне шағым жасау

      1. Тараптар аралық соттың шешiмiне Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен құзыреттi сотта шағым жасауы мүмкiн.
 

      2. Аралық соттың шешiмiне, егер өздерiнiң құқықтары қозғалған, аралық сот шешiмiнiң күшiн жою туралы өтiнiш берген тарап не тұлға:
 

      1) аралық келiсiм Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша жарамсыз екендігінiң;
 

      2) аралық соттың шешiмi аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не аралық келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауында болмауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкiн.
      Егер аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылары мұндай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегі қаулылардан бөлiнiп шығарылуы мүмкiн болса, онда аралық соттың аралық келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгi ғана күшiн жоюы мүмкiн;
 

      3) аралық соттың құрамы немесе аралық сотта iс қарау Қазақстан Республикасы аралық сотта iс қарау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiндiгiнiң;
 

      4) тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегендiгiнiң не басқа да себептермен аралық сотқа өз түсiндiрмелерiн бере алмағандығының;
 

      5) аралық соттың шешiмi Қазақстан Республикасының заңдылық принциптерi мен жариялылық тәртiбiне қайшы келетiндiгiнiң;
 

      6) дау аралық сотта iс қараудың нысанасы бола алмайтындығының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкiн.
 

      3. Аралық сот шешiмдерiнiң күшi жойылған жағдайда, тараптардың кез келгенi аралық келiсiмге сәйкес аралық сотқа жүгiнуге құқылы.
      Егер аралық сот шешiмiнiң аралық келiсiмнiң жарамсыздығы салдарынан немесе шешiм аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғандықтан, не аралық келісімде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындықтан, толық немесе iшiнара күшi жойылған жағдайда, тиiстi дау аралық сотта одан әрi қарауға жатпайды.

6-тарау. АРАЛЫҚ COTTЫҢ ШЕШIМIН ОРЫНДАУ

      45-бап. Аралық соттың шешiмiн орындау

      1. Аралық соттың шешiмi шешiмде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде мiндеттi орындалуға жатады.
 

      2. Егер аралық соттың шешiмiнде мерзiм белгiленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.

      46-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату

      Егер аралық соттың шешiмi белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
      Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға құзыреттi сот берген атқару парағының негiзiнде, аралық соттың шешiмiн орындау сәтiнде қолданылатын атқарушылық iс жүргiзу ережелерi бойынша жүзеге асырылады.

      47-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға
               байланысты шығыстарды өндiрiп алу

      Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешiмдi өз еркiмен орындамаған тарапқа жүктеледi.

      48-бап. Атқару парағын беруден бас тарту үшiн
              негiздемелер

      1. Атқару парағын беру туралы өтiнiштi қарау кезiнде тиiстi құзыреттi сот аралық соттың шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
 

      2. Құзыреттi сот, егер:
 

      1) аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап құзыреттi сотқа:
      аралық келiсiмiнiң жарамсыз болып табылатындығының;
 

      аралық соттың шешiмi аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғанының немесе аралық келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауына жатпайтындығының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылары мұндай келiсiмде қамтылмайтындардан бөлiнiп шығарылуы мүмкiн болса, онда аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайтынының;
 

      аралық соттың құрамы немесе аралық сотта iс қарау Қазақстан Республикасының аралық сотта iс қарау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегенiнiң;
 

      аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап аралық судьяның сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегендiгiнiң не аралық сотқа басқа да себептермен өз түсiндiрмелерiн бере алмағандығының;
 

      тараптардың бiрiнiң аралық келiсiм жасасу кезiнде әрекетке толық қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi екендiгiнiң;
 

      құзыреттi соттың немесе аралық соттың сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша заңды күшiне енген шешiмiнiң, не талапкердiң талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы құзыреттi соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болғандығының;
 

      аралық соттың шешiм шығаруы сот үкiмiмен белгiленген, қылмыс жасау салдарынан мүмкiн болғандығының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда, атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады;
 

      2) құзыреттi сот:
      дау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аралық сотта iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгiн;
 

      аралық соттың шешiмi осы баптың 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында белгiленген талаптарға және Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн анықтаса, атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
 

      3. Құзыреттi сот атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда тараптар ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында белгіленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi