Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 12 маусымдағы N 439-ІІ Заңы

Жаңартылған

      Осы Заң темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымы процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) акциздiк алым маркасы - қорғау элементтерi бар, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өнiм бiрлiгiне бастырылатын марка;
      2) темекi өнiмдерiнiң айналымы - темекi өнiмдерiн экспорттау, импорттау, сақтау, көтерме және бөлшек саудамен өткiзу;
      3) темекi өнiмдерiн көтерме саудамен өткiзу - темекi өнiмдерiн одан әрi қайта сату үшiн өткiзу (жөнелту);
      4) өндiрiс паспорты - темекi өнiмдерiн өндiрушiнiң өндiрiстiк қуаттарының көрсеткiштерiн, өндiрiстiң технологиялық процесiн сақтау үшiн қолда бар жабдықтарды пайдалануды реттейтiн оның негізгі сипаттамаларын көрсететiн құжат;
      5) темекi өнiмдерiн өндiрушi - сату үшiн темекi өнiмдерiн өндiретiн жеке немесе заңды тұлға;
      6) темекi өнiмдерiнiң өндiрiсi - стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға сай келетiн темекi өнiмдерiн дайындауды қамтамасыз ететiн технологиялық процестер жиынтығы;
      7) темекi өнiмi - никотинi бар фармацевтикалық өнiмдi қоспағанда, құрамында темекi бар кез-келген өнiм;
      8) уәкiлеттi орган - темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк бақылауды және реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

       2-бап. Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң
             өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу
             туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымына байланысты қатынастарды реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын
             мемлекеттiк реттеу

      1. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi, уәкiлеттi орган, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      2. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу:
      1) темекi өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызметтi лицензиялауды;
      2) темекi өнiмдерiнiң импортын реттеудi;
      3) темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымына мониторингтi жүзеге асыру және декларациялау тәртiбiн белгiлеу арқылы бақылау жасауды қамтиды.

       4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
      2) өз құзыретi шегiнде темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу саласында Қазақстан Республикасының нормативтiк-құқықтық актiлерiн шығарады;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына темекi өнiмдерiн әкелуге шектеулер мен тыйымдар белгiлейдi;
      4) темекi өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызметтi лицензиялауға бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi.
      5) <*>
       Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) өз құзыретi шегiнде темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу саласында Қазақстан Республикасының нормативтiк-құқықтық актiлерiн шығарады;
      2) темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымы көлемдерiнiң теңгерiмiне бақылау, есеп жүргiзедi және талдау жасайды;
      3) мониторингтi жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер табыс етудiң нысанын, тәртiбiн және мерзiмдерiн айқындайды;
      4) темекi өнiмдерiнiң қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларация тапсырудың нысанын, тәртiбiн және мерзiмдерiн айқындайды;
      5) темекi өнiмдерiн өндiруге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензия бередi;
      6) мемлекеттiк органдармен темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын бақылауды жүзеге асыру жөнiнде өзара iс-қимыл жасайды;
      7) темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыру үшiн темекi өнiмдерiн өндiрушiлерден өз құзыретi шегiнде қажеттi мәлiметтер сұратады.
      8) <*>
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       6-бап. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлу жағдайларының
             ерекшелiктерi

      Темекi өнiмдерiн өндiру:
      1) лицензияда көрсетiлген мекенжай бойынша;
      2) стандарттау және өлшеу құралдарының бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттармен белгiленген талаптарға caй келетiн жабдықтарда;
      3) өндiрiс паспорты болған кезде;
      4) темекi өнiмдерiн өндiрушiге меншiк құқығымен немесе өзге де құқықтармен тиесiлi темекi өнiмдерiн өндiру үшiн қажеттi үйлер мен үй-жайлар болған кезде;
      5) темекi өнiмдерiн өндiрудi технологиялық бақылау жөнiндегi зертханасы болған кезде жүзеге асырылады.

       7-бап. Өндiрiс паспортына енгiзiлетiн мәлiметтер

      1. Өндiрiс паспортын темекi өнiмдерiн өндiрушi әзiрлеп, толтырады және уәкiлеттi органға жiбередi.
      2. Өндiрiс паспортында мынадай негiзгi мәлiметтер болуға тиіс:
      1) технологиялық жабдықтың негiзгi сипаттамалары көрсетiлген темекi өнiмдерiн өндiрудiң технологиялық схемасы;
      2) сапа бақылауын ұйымдастыру;
      3) дайын өнiмнiң қойма үй-жайларының сыйымдылығы;
      4) темекi және темекi емес компоненттер шығыстарының нормативтерi, ысырап нормалары.
      3. Өндiрiс паспортындағы мәлiметтер өзгерген жағдайда, темекi өнiмдерiн өндiрушi бiр ай iшiнде аталған өзгерiстер туралы уәкiлеттi органға құжаттап хабарлауға мiндеттi.

       8-бап. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымының
             мониторингi және оны декларациялау

      1. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiсiн жүзеге асырушы тұлғалар уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мониторингтi жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер беруге мiндеттi.
      2. Темекi өнiмдерiнiң импортын және оларды көтерме саудамен өткiзудi жүзеге асырушы тұлғалар уәкiлеттi органға темекi өнiмдерiнiң қалдықтары және (немесе) айналымы туралы декларация беруге мiндеттi.

       9-бап. Темекi өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызметтi
             лицензиялау

      Темекі өнiмдерiн өндiру жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялануға жатады.

       10-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және оны
              керi қайтарып алу

      1. Темекi өнiмдерiн өндiруге берiлетiн лицензияның қолданылуын лицензиар:
      1) осы Заңның 6-8-баптарымен белгiленген нормалар және Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын лицензиялау ережелерi бұзылған;
      2) лицензиат бiлiктiлiк талаптарын бұзған;
      3) лицензия берiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде лицензияланатын қызмет жүзеге асырылмаған;
      4) лицензиарға оның құзыретiне сәйкес мәлiмет беруден бас тартқан немесе дәйектемесiз ақпарат берген;
      5) темекi өнiмдерiн акциздiк алым маркаларымен маркалау ережелерiн бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруы мүмкiн.
      2. Темекi өнiмдерiн өндiруге берiлген лицензия Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен керi қайтарып алынуы мүмкiн.

       11-бап. Темекi өнiмдерiн өткiзу

      Қазақстан Республикасының аумағында темекi өнiмдерiн өткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

       12-бап. Темекi өнiмдерiнiң импортын реттеу

      Темекi өнiмдерiнiң импортын реттеу акциз ставкаларын, кедендiк, қорғау, демпингке қарсы және өтемдiк баждар ставкаларын, темекi өнiмдерiнiң импортына квоталарды бекiту (өзгерту) арқылы жүзеге асырылады.

       13-бап. Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң
              өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу
              туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      1. Қызметiн Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдарын бұза отырып жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Шыққан жерi белгiсiз, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға, гигиеналық нормативтерге сай келмейтiн, сондай-ақ акциздiк алым маркаларынсыз өткiзiлетiн темекi өнiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен алып қойылуға және жойылуға тиiс.

       14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті