Осы Заң кредиттiк серiктестiктердiң құқықтық жағдайын, құрылу, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртiбiн, сондай-ақ қызметiнiң реттелуiн айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) қосымша жарна - қатысушының кредиттiк cepiктecтiктiң мүлкiне берген ақша сомасы;
2) кредиттiк серiктестiк - жеке және (немесе) заңды тұлғалар өз қатысушыларының кредиттерге және басқа қаржылық, соның iшiнде банктiк қызмет көрсетуге деген қажеттерiн олардың ақшаларын жинақтау жолымен және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қанағаттандыру үшiн құрған заңды тұлға;
3) кредиттiк комитет - кредиттiк cepiктecтiктiң өзiнiң кредит саясатын жүзеге асыратын бөлiмшесi;
4) мiндеттi салым - қатысушының кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталына енгiзуге жататын ақшасы;
5) уәкiлеттi орган - кредиттiк серiктестiктер қызметiн реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк
серiктестiктер туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының кредиттiк серiктестiктер туралы заңдары Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдары осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде кредиттiк серiктестiктерге қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
1. Кредиттiк серiктестiктер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер нысанында құрылтай шарты негiзiнде құрылады және өз жарғысына сәйкес әрекет етедi. Кредиттiк серiктестiк оның мемлекеттiк тiркелген кезiнен бастап құрылды деп есептеледi.
2. Кредиттiк серiктестiктiң атауында "кредиттiк серiктестiк" деген сөз болуға тиiс.
Кредиттiк серiктестiк ретiнде тiркелмеген бiрде-бiр заңды тұлға кредиттiк серiктестiк деп атала алмайды.
3. Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының саны үштен кем болмауға тиіс.
Кредиттiк серiктестiктiң қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өздерi енгiзген мiндеттi салымдар мен қосымша жарналардың құны шегiндегi кредиттiк серiктестiктiң қызметiне байланысты шығындардың тәуекелiн өз мойнына алады.
Кредиттiк серiктестiк өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
4. Кредиттiк серiктестiк уәкiлеттi орган берген лицензия негiзiнде банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын коммерциялық ұйым болып табылады.
5. Кредиттiк серiктестiктiң мүлкi оған меншiк құқығымен тиесiлi болады және оның қатысушыларының мiндеттi салымдары мен қосымша жарналарынан, кредиттiк серiктестiк алған кiрiстерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден құралады.
6. Осы Заңның 19-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиттiк серiктестiктерге заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысуға тыйым салынады.
7. <*>
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.
N 13
Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
4-бап. Кредиттiк серiктестiктiң құрылтай құжаттары
1. Кредиттiк серiктестiктiң құрылтай құжаттары құрылтай шарты мен жарғы болып табылады.
2. Кредиттiк серiктестiктiң құрылтай шартында Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген мәлiметтерден басқа:
1) кредиттiк серiктестiкке кiру кезiнде төленуге тиiстi мiндеттi салымның ең төменгi мөлшерi;
2) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының мiндеттi салымды салу тәртiбi мен шарттары;
3) кредиттiк серiктестiктiң таза кiрiсiн бөлу тәртiбi болуға тиiс.
3. Кредиттiк серiктестiктiң жарғысында Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген мәлiметтерден басқа:
1) кредиттiк серiктестiктiң фирмалық атауы мен орналасқан жерi;
2) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының құқықтары мен мiндеттерi;
3) кредиттiк серiктестiкке қатысу тәртiбi мен шарттары;
4) кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерi туралы мәлiметтер;
5) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының қосымша жарнаны салу тәртiбi мен шарттары;
6) кредиттiк серiктестiк органдары туралы ережелер, шешiмдер қабылдау, соның iшiнде кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысына қатысушылар және өкiл болып отырғандар даусының төрттен үш айқын басым көпшiлiгi қажет болатын мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау тәртiбi;
7) кредиттiк серiктестiк органдарының арасындағы құзыреттi бөлу;
8) кредиттiк серiктестiктiң ақшасын орналастыру тәртiбi;
9) кредиттiк серiктестiктiң жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
10) кредиттiк серiктестiктiң резервтiк капиталын құру және пайдалану тәртiбi болуға тиiс.
4. Кредиттiк серiктестiк уәкiлеттi органға кредиттiк серiктестiктiң жарғысына енгiзiлген барлық өзгерiстер мен толықтырулар туралы олар қабылданған күннен бастап бiр айдың iшiнде хабарлауға мiндеттi.
5-бап. Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының
құқықтары мен мiндеттерi
1. Кредиттiк серiктестiктiң қатысушылары:
1) кредиттiк серiктестiк көрсететiн қызметтердi пайдалануға;
2) кредиттiк серiктестiктiң iстерiн басқаруға қатысуға;
3) кредиттiк серiктестiктiң органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
4) осы Заңға және серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес кредиттiк серiктестiк қызметiнен кiрiс алуға;
5) осы Заңда және кредиттiк серiктестiктiң жарғысында көзделген тәртiппен кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтатуға;
6) серiктестiктiң жарғысында көзделген тәртiппен кредиттiк серiктестiктiң қызметi туралы ақпарат алуға, оның бухгалтерлiк және өзге де құжаттамасымен танысуға құқылы.
Кредиттiк серiктестiкке қатысушылардың Қазақстан Республикасының 3aң актiлерiнде және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкiн.
2. Кредиттiк серiктестiктiң қатысушылары:
1) құрылтай шартының және жарғының талаптарын сақтауға, кредиттiк серiктестiк органдарының шешiмдерiн орындауға;
2) кредиттiк серiктестiк органдарына өзiнiң қаржылық жағдайы туралы қатысушыларды кредиттеуге қатысты шешiмдер қабылдау үшiн жеткiлiктi болатындай дұрыс ақпарат беруге мiндеттi.
Кредиттiк cepiктecтiккe қатысушылардың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.
6-бап. Кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтату
1. Кредиттiк серiктестiкке қатысу:
1) өз еркiмен шыққан;
2) өз үлесiн кредиттiк серiктестiктiң басқа қатысушыларына немесе үшiншi тұлғаларға иелiктен айырып берген;
3) кредиттiк серiктестiктiң талап етуi бойынша кредиттiк серiктестiк қатысушыларының қатарынан шығып қалған;
4) кредиттiк серiктестiк қызметi тоқтатылған;
5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда тоқтатылады.
2. Кредиттiк серiктестiктен өз еркiмен шығу туралы өтiнiш кредиттiк серiктестiк басқармасының қарауына берiлуге тиiс, басқарма өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айдың iшiнде оны қарауға және кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысына енгiзуге мiндеттi.
Кредиттiк cepiктecтiккe қатысу осы Заңда көзделген тәртiппен қатысушының кредиттiк серiктестiк алдында қабылдаған мүлiктiк мiндеттемелерiн орындағаннан кейiн оның өз еркiмен шығуы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.
3. Кредиттiк серiктестiкке қатысушы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде, кредиттiк серiктестiктiң құрылтай және өзге де құжаттарында белгiленген өз мiндеттерiн бұзған, кредиттiк серiктестiктiң алдында өз мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, сондай-ақ кредиттiк серiктестiкке зиян келтiрген жағдайда, серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес ондай қатысушының үлесiн сот арқылы мәжбүрлеп сатып алуды және оның қатысушылар қатарынан шығуын талап етуге құқылы.
4. Кредиттiк серiктестiкке қатысушы үлесiнiң мәжбүрлеп сатып алынуы және шығып қалғаны туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасай алады.
7-бап. Кредиттiк серiктестiктiң органдары
1. Кредиттiк серiктестiктiң органдары:
1) жоғары орган - кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысы;
2) атқарушы орган - басқарма;
3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы (ревизор) болып табылады.
2. Кредиттiк серiктестiктiң жарғысында байқаушы органдар (байқаушы кeңec) құру көзделуi мүмкiн.
8-бап. Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының
жалпы жиналысы
1. Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысын өткiзу тәртiбi кредиттiк серiктестiктiң жарғысында көзделедi.
Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жыл сайынғы (жылдық) жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн үш айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.
Жыл сайынғы жиналыстан басқа, кредиттiк серiктестiк басқармасының немесе кредиттiк серiктестiк қатысушыларының кемiнде жиырма бес процентiнiң бастамасы бойынша шақырылатын кезектен тыс жиналыстар өткізілуі мүмкін.
Жалпы жиналыс кредиттiк серiктестiктiң жарғылық мақсаттары мен мiндеттерiне және осы Заңға сәйкес шешiмдер қабылдайды, басқарма шешiмдерiнiң күшiн жояды немесе оны бекiтедi.
2. Кредиттiк серiктестiк қатысушылары жалпы жиналысының айрықша құзыретiне, Қазақстан Республикасының өзге заң актiлерiнде көзделген мәселелерден басқа:
1) кредиттiк серiктестiк қызметiнiң бағытына;
2) кредиттiк серiктестiктiң кредиттiк және инвестициялық саясатына;
3) басқарма мүшелерiнiң, тексеру комиссиясының (ревизордың) және кредиттiк серiктестiктiң басқа да қызметкерлерiнiң төленетiн еңбекақысы мөлшерiн белгiлеу тәртiбiне;
4) қатысушылардың қосымша жарна енгiзу тәртiбiн белгiлеуге;
5) кредиттiк серiктестiктiң активтерiн есептен шығару тәртiбiне;
6) қатысушылардың кредиттiк серiктестiкке қабылдану және одан шығу тәртiбiне;
7) шығыстар мен кiрiстердiң жылдық сметасын және оның атқарылуы туралы есептi бекiтуге;
8) есепке алу саясатын қалыптастыруға;
9) жылдық қаржылық есептiлiктi бекiтуге;
10) өзге де мәселелерге қатысты iшкi ережелер мен басқа да құжаттарды бекiту жатады.
9-бап. Кредиттiк серiктестiк қатысушылары жалпы
жиналысының кворумы және онда дауыс беру
1. Жалпы жиналыс, егер оған кредиттiк серiктестiк қатысушыларының кемiнде елу процентi қатысса, заңды деп танылады. Күн тәртiбiне енгiзiлген мәселе жөнiндегi шешiм қатысушылардың айқын басым көпшiлiгiмен немесе бiрауыздан қабылдануға тиiс болатын жағдайда, егер оған барлық қатысушылардың кемiнде үштен eкici қатысса, жиналыс шешiм қабылдауға құқылы.
2. Кредиттiк серiктестiк қатысушысы өзiне тиесiлi төленген мiндеттi салым мен қосымша жарналардың мөлшерiне қарамастан, шешiм қабылдаған кезде бiр ғана дауысқа ие болады.
3. Жалпы жиналыста шешiмдер жалпы жиналысқа қатысушылардың жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
4. Жалпы жиналыста жарғыны бекiту және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, сондай-ақ кредиттiк серiктестiктi қайта ұйымдастыру немесе тарату мәселелерi бойынша шешiмдер, егер кредиттiк серiктестiк жарғысы оларды қабылдау үшiн көп дауыс санын немесе бiрауыздан қабылдауды талап етпесе, жиналысқа барлық қатысушылардың үштен екi айқын басым көпшiлiгi даусымен қабылданады.
10-бап. Кредиттiк серiктестiктiң басқармасы
1. Кредиттiк серiктестiктiң басқармасы қатысушылардың жалпы жиналысында сайланады және кредиттiк серiктестiктiң ағымдағы қызметiне басшылықты жүзеге асырады.
Кредиттiк серiктестiктiң басқармасы кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысы алдында өз қызметiнiң нәтижелерi туралы жыл сайын есеп бередi.
2. Кредиттiк серiктестiк басқармасының өкiлеттiктерi мыналарды:
1) кредиттiк серiктестiк қызметiнiң iшкi ережелерiн қабылдау туралы және оларды кейiннен өзгерту туралы ұсыныстар әзiрлеудi;
2) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына кредиттiк және инвестициялық саясатқа қатысты ұсыныстар әзiрлеудi және енгiзудi, кредиттiк серiктестiктiң iшкi кредит саясаты және кредит комитетi туралы ережелер әзiрлеудi;
3) шығыстар мен кiрiстердiң жылдық сметасын және оның атқарылуы туралы есептi әзiрлеудi және табыс етудi;
4) жылдық қаржылық есептiлiктi әзiрлеудi және табыс етудi;
5) қызметкерлер үшiн еңбекақы мөлшерiн белгiлеудi;
6) кредиттiк серiктестiкке қатысушыларды қабылдау және одан шығу жөнiндегi мәселелер бойынша құжаттар әзiрлеудi және оларды кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысына шығаруды;
7) кредиттiк серiктестiктiң ағымдағы қызметiне байланысты және кредиттiк серiктестiк қатысушылары жалпы жиналысының айрықша құзыретiне кiрмейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруды қамтиды.
3. Басқарма жеке-дара орган бола алмайды және оның мүшелерiнiң саны тақ, бiрақ үштен кем емес болуға тиiс. Басқарманы кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысы сайлайтын төраға басқарады.
Кредиттiк серiктестiк қатысушылары жалпы жиналысының шешiмi бойынша басқарманың төрағасы және (немесе) мүшелерi кредиттiк серiктестiктiң қатысушылары болып табылмайтын адамдардан сайлануы мүмкiн. Бұл жағдайда басқарманың құрамында кредиттiк серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушылары болуға тиiс.
4. Басқарманың отырысы қажетiне қарай, бiрақ айына кемiнде бiр рет өткiзiледi.
Егер отырысқа басқарма мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi қатысса, ол өзiнiң қарауына енгiзiлген мәселелердi шешуге құқылы. Шешiм отырысқа қатысушы басқарма мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.
11-бап. Тексеру комиссиясы (ревизор)
Кредиттiк серiктестiктiң тексеру комиссиясы (ревизоры) болуға тиiс.
Төраға және кредиттiк серiктестiк басқармасының, кредиттiк комитеттiң мүшелерi, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
Тексеру комиссиясының (ревизордың) өкiлеттiктерiне, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген мәселелерден басқа, мыналар кiредi:
1) мерзiмдiк жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткiзу арқылы кредиттiк серiктестiк, оның органдары мен лауазымды адамдары жасайтын iс-әрекеттер мен операциялардың Қазақстан Республикасы заңдарының және кредиттік серіктестіктің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкестiгiн анықтау;
2) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысына және басқармаға кредиттiк серiктестiктiң қызметiн жақсарту жөнiнде ұсынымдар беру.
12-бап. Мiндеттi салымдарды салу тәртiбi
1. Кредиттiк серiктестiкке кiру үшiн қатысушы мiндеттi салымның ең аз мөлшерiн салады. Ұлттық валюта ақшасымен құралатын және төленетiн кредиттiк серiктестiктiң бастапқы жарғылық капиталы қатысушылардың мiндеттi салымдарының сомасына тең және уәкiлеттi орган белгiлеген сомадан аз болмауға тиiс. Әрбiр қатысушының мiндеттi салымының кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталындағы жалпы сомаға қатынасы қатысушының кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлесi болып табылады.
2. Мiндеттi салым кредиттiк серiктестiк немесе кез келген басқа заңды тұлға беретiн кредиттер бойынша кепiл ретiнде бола алмайды.
3. Кредиттiк cepiктecтiктiң қатысушысына ақша салу кезiнде кредиттiк серiктестiк қатысушысының ақша салғанын растайтын құжат берiледi.
Қатысушының кредиттiк серiктестiкке одан кейiнгi ақша салуы және оның қатысушыға ақшаны қайтаруы жоғарыда аталған құжатта тiркелуге тиiс.
13-бап. Кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталындағы
қатысушының үлесiн сатып алу ерекшелiктерi
1. Қатысушы кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтату туралы шешiм қабылдаған кезде, кредиттiк серiктестiктiң жарғысында көзделген, бiрақ қатысушы шешiм қабылдаған күннен бастап тоқсан күннен аспайтын мерзiмде, серiктестiк осы қатысушының келiсiмiмен кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталындағы оның үлесiн сатып алуға құқылы.
2. Қатысушының кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлесiн осы баптың 1-тармағында көзделген сатып алу, егер кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтату қатысушылардың ең аз санынан кемуiне немесе кредиттiк серiктестiктiң жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерден азаюына әкеп соқпаған жағдайда жүзеге асырылады.
14-бап. Кредиттiк серiктестiк қатысушысының үлесiн
сату тәртiбi
1. Егер кредиттiк серiктестiктiң құрылтай құжаттарында және осы Заңда өзгеше көзделмесе, кредиттiк серiктестiк қатысушысының өз үлесiн сатуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Қатысушының өз үлесiн кредиттiк серiктестiктiң басқа қатысушыларына сатуына, егер ол кредиттiк серiктестiкке қатысушылар санының осы Заңда көзделген аз мөлшерден кемiп кетуiне әкеп соқпайтын болса, жол берiледi.
3. Қатысушының өз үлесiн кредиттiк серiктестiктiң басқа қатысушыларына не үшiншi тұлғаларға сату мүмкiндiгi болмаған жағдайда, өз үлесiн сатқысы келетiн қатысушы кредиттiк серiктестiкке осы үлестi сатып алу талабын қоюға құқылы.
Кредиттiк серiктестiк үлестi сатып алған жағдайда үлестiң бағасы тараптардың келiсiмiмен, ал келiсiмге келе алмаған жағдайда сот арқылы анықталады.
4. Қатысушының үлесiн сатып алғаннан кейiн кредиттiк серiктестiк басқа қатысушыларға осы үлестi жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген баға бойынша сатып алуды ұсынуға мiндеттi.
Кредиттiк серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмi бойынша бұл үлестi серiктестiктiң атынан үшiншi тұлғаларға сатуға құқылы.
5. Кредиттiк серiктестiк шығып кеткен қатысушыдан сатып алған үлестi қатысушылар не үшiншi тұлғалар сатып алынған күннен бастап алты ай iшiнде сатып алуға ниет бiлдiрмеген жағдайда, үлес кредиттiк серiктестiк жарғылық капиталының тиiсiнше азаюы арқылы өтеледi және жарғылық капитал ең төменгi деңгейден азайған жағдайда кредиттiк серiктестiк осы Заңда көзделген негiздер бойынша таратылуға жатады.
6. Егер құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, кредиттiк серiктестiк қатысушысының осы бапта көзделген тәртiппен өз үлесiн сатуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырылады.
15-бап. Қатысушылардың қосымша жарналары
Кредиттiк серiктестiктiң жарғысында көзделген жағдайда, қатысушы кредиттік cepіктeстіктің мүлкіне қосымша жарналары шектеусіз салуға құқылы. Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының қосымша жарналары оның жарғылық капиталының мөлшерiн өзгертпейдi.
16-бап. Кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтатқан
жағдайда қосымша жарна сомаларын қайтару
Жарғыда көзделген жағдайларда кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтату кезiнде қатысушыға тараптардың келiсуiмен белгiленген немесе кредиттiк серiктестiктiң жарғысында көзделген, бiрақ кредиттiк серiктестiкке қатысуды тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап тоқсан күннен аспайтын мерзiмде қосымша жарнаның сомасы қайтарылады. Мұндай жағдайда кредиттiк серiктестiк алдында мiндеттемелерi бар қатысушыға оның кредиттiк серiктестiк алдында бар мiндеттемелерi шегерiле отырып төлем жасалады.
17-бап. Кредиттiк серiктестiктердiң қызметiн лицензиялау
1. Кредиттiк серiктестiктiң осы Заңда көзделген банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметi Қазақстан Республикасының банк заңдарына сәйкес лицензиялануға жатады.
Осы Заңда көзделген банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға лицензия беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Кредиттiк серiктестiктерге, осы Заңның 18-бабында көзделген банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Кредиттiк серiктестiктер үшiн осы Заңда көзделген банктiк және өзге де операцияларды жүзеге асыруға лицензия алу үшiн өтiнiш берушi:
1) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарында көзделген құжаттарды;
2) операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары туралы ережелердi және кредиттiк серiктестiктiң iшкi ережелерiн;
3) мынадай құжаттарды:
уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сай келетiн барлық ұйымдық-техникалық iс-шаралардың орындалғанын, соның iшiнде үй-жайлар мен жабдықтардың әзiрленгенiн;
тиiстi бiлiктiлiгi бар персоналдың бар екенiн, төраға және басқарма мүшелерi, бас бухгалтер қызметiне ұсынылатын кандидаттарды уәкiлеттi органмен оның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiп пен жағдайларда келiсiлгенiн;
бастапқы жарғылық капиталдың төленгенiн растайтын құжаттарды табыс етуге тиiс.
4. Операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары туралы ережелерде:
1) берiлетiн кредиттердiң шектi сомалары мен мерзiмдерi;
2) кредиттер бойынша сыйақы ставкаларының шектi шамалары;
3) қатысушыларға операциялар жүргiзу үшiн шектi ставкалар мен тарифтер;
4) өзге де шарттар болуға тиiс.
Кредиттiк серiктестiктiң iшкi ережелерiнде:
1) кредиттiк комитеттiң және құрылымдық бөлiмшелердiң құрылымы, мiндеттерi, функциялары мен өкiлеттiктерi;
2) құрылымдық бөлiмшелер басшыларының құқықтары мен мiндеттерi;
3) кредиттiк серiктестiктiң лауазымды адамдары мен қызметкерлерi кредиттiк серiктестiктiң атынан және оның есебiнен мәмiлелердi жүзеге асырған кездегi олардың өкiлеттiктерi белгiленуге тиiс.
5. Лицензия беруден бас тарту Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша жүргiзiледi.
Операцияларды жүзеге асыруға лицензия беруден бас тартқан кезде өтiнiш берушiге бас тарту себебi көрсетiле отырып жазбаша нысанда дәлелдi жауап берiледi.
18-бап. Кредиттiк серiктестiк жүзеге асыратын
операциялардың жекелеген түрлерi
Кредиттiк серiктестiк лицензиясы болған жағдайда өзiнiң қатысушылары үшiн банктiк және өзге де операциялардың мынадай жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға құқылы:
1) кассалық операциялар: банкноттар мен монеталарды қабылдау, беру, қайта eceптeу, ұсақтау, айырбастау, сұрыптау, буып-түю және сақтау;
2) аударым операциялары: ақша аударымы жөнiндегi тапсырмаларды орындау;
3) заем операциялары: төлем жасалу, мерзiмдiлiк және қайтарылу шартымен ақшалай нысанда кредиттер беру;
4) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының тапсырмасы бойынша олардың банктiк шоттары бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру;
5) сейф операциялары: сейф жәшiктерiн, шкафтар мен үй-жайларды жалға берудi қоса алғанда, құжаттама нысанында шығарылған бағалы қағаздарды, құжаттар мен құндылықтарды сақтау жөнiндегi қызметтер;
6) лизинг қызметiн жүзеге асыру;
7) кредиттiк серiктестiк қатысушыларының банк шоттарын ашу және жүргізу;
8) кредиттiк серiктестiктiң қатысушыларына ақша нысанында орындауды көздейтiн банктiк кепiлдiктердi, банктiк кепiлгерлiктi және өзге де мiндеттемелердi олардың мiндеттi салымы мен қосымша жарналары сомасының шегiнде беру;
9) шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру.
19-бап. Кредиттiк серiктестiктердiң бiрлестiктерi
Кредиттiк серiктестiктер өз қызметiн үйлестiру, жалпы мүдделерiн қорғау және бiлдiру, бiрлескен жобаларды жүзеге асыру және өзге де жалпы мiндеттердi шешу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кредиттiк серiктестiктердiң қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бiрлестiктерiн, сондай-ақ бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде консорциумдар құруы мүмкiн.
1. Кредиттiк серiктестiктiң қарыз операциялары кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысында бекiтiлетiн iшкi кредиттiк саясат туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Iшкi кредиттiк саясат туралы ережелерде кредиттердi қамтамасыз ету мен өтеу мерзiмдерi, шарттары, кредиттеу лимиттерi, кредиттiк серiктестiктiң бiр қатысушысына берiлетiн кредиттiң ең көп сомасы қамтылуға тиiс. Кредит кредиттiк серiктестiк жарғысындағы ережелерге сәйкес төленген мiндеттi салымға иелiк ететiн кредиттiк серiктестiктiң қатысушысына ғана берiлуi мүмкiн.
3. Кредиттiк серiктестiктiң қатысушыларына жеңiлдiк шарттарымен кредиттер беру кредиттiк серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
4. Кредиттiк серiктестiктiң қатысушыларына кредиттер, егер iшкi кредит саясаты туралы ережелерде өзгеше көзделмесе, қамтамасыз етiлiп те, қамтамасыз етiлмей де берiлуi мүмкiн. Кепiл, кепiлдiк беру, кепiлгерлiк және Қазақстан Республикасының заңдарында, шартта немесе кредиттiк серiктестiктiң iшкi құжаттарында көзделген басқа да әдiстер кредиттi қайтарудың қамтамасыз етiлуi болуы мүмкiн.
5. Тексеру комиссиясы (ревизор) басқарма төрағасына берiлген кредиттер туралы мәлiметтердi жыл сайынғы жалпы жиналыста кредиттiк серiктестiктiң барлық қатысушыларының назарына мiндеттi түрде жеткiзуге тиiс.
6. Кредиттi ресiмдеуге және беруге байланысты барлық қажеттi шығыстарды кредит алған қатысушы өтейдi.
21-бап. Кредиттiк серiктестiк жүргiзетiн
операциялардың құпиясы
1. Кредиттiк серiктестiк жүргiзетiн операциялар туралы мәлiметтер коммерциялық құпияға жатады және оған қатысушылардың ең төменгi мөлшерден асатын мiндеттi салымдары мен қосымша жарналары туралы, қарыз алушылар туралы, кредиттiк серiктестiктiң операциялары туралы мәлiметтер (операцияларды жүргiзудiң жалпы шарттарын қоспағанда), сондай-ақ кредиттiк серiктестiктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған мүліктiң иелерi, олардың болуы, сипаты және құны туралы мәлiметтер жатады.
2. Кредиттiк серiктестiктер жүргiзiлетiн операциялар жөнiндегi құпияға, сондай-ақ кредиттiк серiктестiктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған мүлiктiң құпиялылығына кепiлдiк бередi.
3. Кредиттiк серiктестiктiң қатысушылары және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн жүзеге асыру барысында кредиттiк серiктестiк жүргiзетiн операциялардың құпиясын құрайтын мәлiметтерге рұқсат алған өзге де тұлғалар оларды жария еткенi үшiн, осы баптың 4-7-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңдарда көзделген жауаптылықта болады.
4. Кредиттiк серiктестiк жүргiзетiн операциялардың құпиясы тек мүлiктiң иесiне ғана, оның өзiнiң қатысуы кезiнде берген жазбаша келiсiмi негiзiнде кез келген үшiншi тұлғаға, сондай-ақ осы баптың 5-7-тармақтарында аталған тұлғаларға осы бапта көзделген негiздер бойынша және шектерде ашылуы мүмкiн.
5. Қарыз алушылар, клиенттер және кредиттiк серiктестiк жүргiзетiн операциялар туралы анықтамалар, сондай-ақ банк шоттары, кредиттiк серiктестiктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған мүлiктiң сипаты және құны туралы мәлiметтер:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: бiрiншi басшы немесе тергеушi қол қойған, анықтау немесе алдын ала тергеу органының мөрiмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сауал салу негiзiнде кредиттiк серiктестiктiң сақтауында тұрған иесiнiң ақшасына және өзге де мүлкiне тыйым салынуы, олар өндiрiп алынуы немесе мүлiктi тәркiлеу қолданылуы мүмкiн жағдайларда олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша;
2) соттарға: кредиттiк серiктестiктiң сақтауында тұрған иесiнiң ақшасына және өзге де мүлкіне тыйым салынуы, өндiрiп алынуы немесе мүлікті тәркiлеу қолданылуы мүмкiн жағдайларда соттың ұйғарымы, қаулысы, шешiмi, үкiмi негiзiнде олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша;
3) прокурорға: оның құзыретi шегiнде тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде оның қарауында жатқан материал бойынша;
4) кредиттiк серiктестiк қатысушысының өкiлдерiне: нотариат куәландырған сенiмхат негiзiнде берiледi.
6. Иесi қайтыс болған жағдайда банк шоттары, сондай-ақ кредиттiк серiктестiктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған мүлiктiң болуы, сипаты және құны туралы мәлiметтер:
1) шот (мүлiк) иесiнiң өсиет хатында аталған адамдарға;
2) соттарға және нотариат кеңселерiне: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша;
3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.
7. Кредиттiк серiктестiк жүргiзетiн операциялардың құпиясын құрайтын мәлiметтер оның сауал салуы бойынша уәкiлеттi органға да берiлуi мүмкiн.
22-бап. Кредиттiк серiктестiктiң кредиттiк комитетi
1. Кредиттiк комитеттiң мүшелерiн қатысушылар және (немесе) кредиттiк серiктестiктiң қызметкерлерi болып табылатын өзге де тұлғалар арасынан кредиттiк серiктестiктiң басқармасы тағайындайды.
2. Кредиттiк комитет кредиттiк серiктестiк қатысушысының кредит алуға берген әрбiр өтiнiшi бойынша қорытынды әзiрлейдi және өзiнiң мәжiлiстерiн қажеттiлiгiне қарай өткiзедi.
23-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының мүдделерiн қорғау мақсатында уәкiлеттi орган мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) кредиттiк серiктестiктерге банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар бередi;
2) кредиттiк серiктестiктердiң тiзiлiмiн жүргiзедi;
3) мерзiмдi баспа басылымдарында банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялары бар кредиттiк серiктестiктер туралы мәлiметтердi жариялайды;
4) пруденциялық нормативтер мен кредиттiк серiктестiктер сақтауға мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi белгiлейдi;
5) кредиттiк серiктестiктер орындауға мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады;
6) қаржылық, реттеуiштiк және бухгалтерлiк есептiлiктiң нысандарын, тәртiбiн, мерзiмдiлiгiн және берiлу мерзiмдерiн белгiлейдi;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
24-бап. Кредиттiк серiктестiктердiң қызметiн
инспекциялау
1. Уәкiлеттi орган кредиттiк серiктестiктiң қызметiн инспекциялауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дербес не басқа ұйымдарды тарту арқылы жүргiзуге құқылы.
2. Инспекциялауды жүзеге асыратын адамдар кредиттiк серiктестiктердiң қызметiн тексеру барысында алған және коммерциялық құпиясы бар мәлiметтердi жариялағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
25-бап. Кредиттiк серiктестiктерге қолданылатын
ықпал ету шаралары және оларды қолдануға
негiздемелер
1. Кредиттiк серiктестiк пруденциялық нормативтердi және сақтауға мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзған жағдайда оған осы бапта белгiленген ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкiн. Ықпал ету шаралары шектеулi ықпал ету шаралары мен санкцияларды бiлдiредi.
2. Уәкiлеттi орган кредиттiк серiктестiкке шектеулi ықпал ету шаралары ретiнде мына шектеулi шараларды қолдануға:
1) мiндеттеме-хатты талап етуге;
2) орындалуы үшiн мiндеттi жазбаша нұсқама бepугe құқылы.
Кредиттiк серiктестiктiң мiндеттеме-хатында жiберiлген кемшiлiктердi тану фактiсi және кредиттiк серiктестiк басқармасы төрағасының оларды қатаң белгiленген мерзiмде жоспарланған iс-шаралардың тiзбесiн көрсете отырып жою жөнiндегi кепiлдiгi болуға тиiс.
Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасы - анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған түзету шараларын қабылдау туралы кредиттiк серiктестiкке нұсқау. Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтатпайды.
Кредиттiк серiктестiк мiндеттеме-хаттың немесе жазбаша нұсқаманың құжатта көрсетiлген мерзiмде орындалуы туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
3. Шектеулi ықпал ету шараларын қолдану тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
4. Уәкiлеттi орган кредиттiк серiктестiкке санкция ретiнде мынадай шаралар қолдануға құқылы:
1) лицензияны Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздемелер бойынша тоқтата тұру не керi қайтарып алу;
2) кредиттiк серiктестiк басқармасының төрағасын кредиттiк серiктестiктiң тиiстi органы бұл мәселенi қарауға дейiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан уақытша (бiр айдан аспайтын мерзiмге) мынадай негiздер:
осы Заңда көзделген қызметтi жүзеге асыруға байланысты мiндеттердi тиiсiнше орындамау;
уәкiлеттi органның мiндеттеме-хатын және жазбаша ұйғарымын орындамау;
уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын бұзу негiздерi бойынша шеттету.
5. Уәкiлеттi орган банктiк және өзге де операциялардың бұзылу сипатына қарай барлық түрiн не олардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға берiлген лицензияларды тоқтатады не керi қайтарып алады.
Уәкiлеттi орган қабылданған шешiм туралы ақпаратты мерзiмдiк баспа басылымдарында жариялайды.
6. Осы бапта көзделген ықпал ету шараларын кредиттiк серiктестiкке қолдану туралы уәкiлеттi органның шешiмiне сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
26-бап. Кредиттiк серiктестiктi қайта ұйымдастыру
және тарату
1. Кредиттiк серiктестiк қатысушыларының шешiмi бойынша, сондай-ақ оған құрылтай құжаттарымен уәкiлеттi кредиттiк серiктестiк органының шешiмi бойынша серiктестiк кез келген негiздеме бойынша таратылуы мүмкiн.
2. Соттың шешiмi бойынша кредиттiк серiктестiк:
1) банкрот болған;
2) банктiк және өзге де операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға берiлген лицензиялар керi қайтарып алынған;
3) қатысушылардың саны үштен кем болған және (немесе) жарғылық капитал ең төменгi деңгейден азайған жағдайларда;
4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкiн.
Уәкiлеттi орган осы тармақта аталған негiздер бойынша кредиттiк серiктестiктi тарату туралы талапты сотқа табыс етуi мүмкiн.
3. Кредиттiк серiктестiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Тарату комиссиясының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
27-бап. Кредиттiк серiктестiктердегi есепке алу және
есептiлiк
1. Кредиттiк cepiктecтiктep өздерi жүргiзетiн операцияларды есепке алуды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген бухгалтерлiк есепке алу стандарттарына сәйкес жүзеге асырады. Кредиттiк серiктестiктiң есепке алу саясатын оның жалпы жиналысы айқындайды.
2. Кредиттiк серiктестiктер уәкiлеттi органға оның сауал салуы бойынша өзiнiң меншiк қаражаты, жүргiзiлген операциялар туралы, оның iшiнде берiлген және алынған кредиттердiң мөлшерi туралы мәлiметтердi қоса алғанда, кез келген ақпаратты табыс етуге мiндеттi.
3. Кредиттiк серiктестiк бухгалтерлiк есепке алу мен есептiлiктi жасаған кезде пайдаланылатын құжаттарды қатаң есепке алуды және олардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Кредиттiк серiктестiктер жүргiзiлген жыл сайынғы аудит туралы қорытындыны уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
5. Кредиттiк серiктестiк салық есептiлiгiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген тәртiппен табыс етедi.
28-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк
серiктестiктер туралы заңдарын бұзғаны үшiн
жауаптылық
Қазақстан Республикасының кредиттiк серiктестiктер туралы заңдарын бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
1. Осы баптың 2-тармағында аталғандарды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған кредиттiк серiктестiктер осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге және өз қызметiн осы Заңға сәйкес келтiруге мiндеттi.
2. Мемлекеттiк қаржы ресурстарын тарта отырып осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған селолық кредиттiк серiктестiктер осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап төрт жыл iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге және өз қызметiн осы Заңға сәйкес келтiруге мiндеттi.
Қазақстан Республикасының
Президентi