Соғыс жағдайы туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 наурыздағы N 391 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Pecпубликасының аумағында тұратын шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың (бұдан әрi - азаматтар және басқа да адамдар), сондай-ақ мемлекеттiк органдардың, әскери басқару органдарының және
меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың (бұдан әрi - ұйымдар) соғыс жағдайы кезеңiндегi құқықтық қатынастарын реттейдi.
      Осы Заңның қолданылуы соғыс жағдайы кезеңiмен шектеледi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) агрессия - шет мемлекеттің (мемлекеттер тобының не коалициясының) Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсiздiгiне қарсы қарулы күш қолдануы немесе оған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен сыйыспайтын қандай да болсын басқадай әрекет жасауы.
      Соғыстың жариялану-жарияланбауына қарамастан мынадай iс-қимылдардың кез келгенi:
      шет мемлекеттiң қарулы күштерiнiң Қазақстан Республикасының аумағына басып кiруi, шабуыл жасауы, қарулы күштi қолдана отырып Қазақстан Республикасының аумағын немесе оның бөлiгiн аннексиялаудың кез келгенi;
      Қазақстан Республикасының аумағын бомбалау немесе шет мемлекеттiң кез келген қаруды Қазақстан Республикасына қарсы қолдануы;
      шет мемлекеттiң қарулы күштерiнiң Қазақстан Республикасының порттарын немесе жағалауларын қоршап алуы;
      шет мемлекеттiң қарулы күштерiнiң Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiне, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарына,  Қазақстан Республикасының теңiзде жүзетiн сауда немесе азаматтық авиация Keмесiне шабуыл жасауы;
      халықаралық шарт бойынша Қазақстан Республикасының аумағында
орналасқан шет мемлекеттiң қарулы күштерiн халықаралық шартта көзделген талаптарды бұза отырып қолдану немесе халықаралық шарттың
қолданылуы тоқтатылғаннан кейiн де олардың Қазақстан Республикасының аумағында болуының кез келген түрде жалғасуы;
      басқа мемлекеттiң билiгiне берiлген аумақта, сол мемлекеттiң Қазақстан Республикасына қарсы агрессия актiсiн жасау үшiн пайдалануына мүмкiндiк жасаушы мемлекеттiң iс-қимылы;
      мемлекеттiң немесе мемлекет атынан Қазақстан Республикасына қарсы тегеурiндiлiгi жоғарыда атап көрсетiлген актiлерге пара-пар қарулы күш қолдану актiлерiн жүзеге асыратын қарулы бандалардың, топтардың және тұрақты eмec күштердiң немесе жалдамалылардың жiберiлуi;
      шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсiздiгiне қарсы бағытталған өзге де iс-қимылдары, сондай-ақ Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Қауiпсiздiк Кеңесi агрессия ретiнде белгiлеген актiлер агрессия актiсi болып танылады;
 

      2) аннексия - Қазақстан Республикасының аумағын немесе оның бiр бөлiгiн шет мемлекеттiң күштеп қосып алуы, басып алуы;
 

      3) әскери цензура - хабарлар мен материалдардың не олардың жекелеген бөлiктерiнiң таралуына шектеу қою немесе тыйым салу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлар мен материалдарды әскери басқару органдарымен және мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен олардың талабы бойынша немесе өзге де негiздер бойынша алдын ала келiсуi, сондай-ақ мемлекеттiк құпиялары бар мәлiметтердiң жариялануы мен әйгiленуiне жол бермеу мақсатында хат-хабар алмасуға, телефон және радио арқылы сөйлесулерге бақылауды жүзеге асыру;
 

      4) соғыс жағдайы - Қазақстан Республикасына қарсы агрессияны не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей төнген қатердi болдырмауға немесе оларға тойтарыс беруге жағдай жасауға бағытталған саяси, экономикалық, әкiмшiлiк, әскери және өзге де шаралар кешенiн көздейтiн және Қазақстан Республикасының Президентi Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде енгiзетiн ерекше құқықтық режим;
 

      5) интернирлеу - агрессия жасаған мемлекеттiң соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумағында болған азаматтарын ұстау және арнайы бөлiнген қоныстандыру орындарына орналастыру;
 

      6) коменданттық сағат - соғыс жағдайы кезiнде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз ету, барлаушылық,  диверсиялық және басқа да дұшпандық әрекеттердiң жолын кесу мақсатында қолданылу мерзiмдерi мен уақыты көрсетiле отырып енгiзiлетiн, халықтың арнайы берiлген рұқсат қағаздар мен жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тәулiктiң белгiленген уақытында тұрғын үйлерден тыс жерлерде болуына және елдi мекендер арасында жүрiп-тұруына тыйым салатын шара;
 

      7) қауiпсiздiкке сырттан тiкелей төнген қатер - мемлекеттiк шекараның қол сұғылмаушылығына төнген қатер және Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану қатерi, сондай-ақ шет мемлекеттердiң арнайы қызметтерi мен ұйымдарының, сондай-ақ жекелеген адамдардың барлаушылық, террористiк, диверсиялық
және Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiне залал келтiруге бағытталған
өзге де әрекеттерi;
 

      8) әскери басқару органдары - стратегиялық, жедел-стратегиялық, жедел-аумақтық, жедел-тактикалық, тактикалық және жергілікті әскери басқару органдары. <*>
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен .

       2-бап. Соғыс жағдайын енгiзудiң мақсаты

      Қазақстан Республикасына қарсы агрессияның жолын кесу немесе оған тойтарыс беру үшiн жағдайлар жасау соғыс жағдайын енгiзудiң мақсаты болып табылады.

      3-бап. Соғыс жағдайының құқықтық негiздерi

      Қазақстан Республикасының Конституциясы , осы Заң, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер және Қазақстан Республикасы бекiткен xaлықаралық шарттар Қазақстан Республикасындағы соғыс жағдайының құқықтық негiздерi болып табылады.

      4-бап. Соғыс жағдайын енгiзу

      1. Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жағдайлары не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей төнген қатер Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайын енгiзу үшiн негiз болып табылады.
      2. Соғыс жағдайы Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығымен енгiзiледi.
      3. Соғыс жағдайы енгiзiлген кезде Қазақстан Республикасының Президентi, егер бұрын жарияланбаған болса, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялайды.
      4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң соғыс жағдайын енгiзу туралы жарлығында:
      соғыс жағдайын енгiзу үшiн негiз болған мән-жайлар; 
      енгiзiлген шаралардың және азаматтар мен басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеулердiң тiзбесi;
      соғыс жағдайы енгiзiлетiн аумақтың шекаралары;
      соғыс жағдайын орнату мен қолдау үшiн тартылатын күштер мен құралдар; 
      соғыс жағдайы қолданыла бастайтын уақыт белгiленедi.
      5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң соғыс жағдайын енгiзу
туралы жарлығының толық мәтiнi дереу радио мен теледидар арқылы таратылуға, сондай-ақ ресми түрде жариялануға тиiс.
      6. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының Парламентiн соғыс жағдайының енгiзiлгенi және iшiнара немесе жалпы мобилизация жарияланғаны туралы дереу хабардар
етедi.
      7. Мемлекеттi агрессияға тойтарыс беруге әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiлейдi.

      5-бап. Соғыс жағдайының кезеңi

      1. Соғыс жағдайының кезеңi соғыс жағдайы енгiзiлген уақыттан басталады және соғыс жағдайының күшi жойылған уақытпен аяқталады.
      2. Соғыс жағдайы күшiнде болған кезеңде азаматтардың және басқа да адамдардың, Қазақстан Республикасы Конституциясы 39-бабының   3-тармағында аталған баптарда көзделген құқықтар мен бостандықтарды қоспағанда, құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың
қызметiн шектеу, сондай-ақ оларға осы Заңда белгiленген қосымша мiндеттер жүктеу көзделедi.
      3. Соғыс жағдайы енгiзiлген жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әскери басқару органдарының өкiлеттiктерi кеңейтiледi, оларға мемлекеттiк билiк пен басқару органдарының қорғаныс және қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласындағы барлық функциялары көшедi.
      4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа әскерлерi және әскери құралымдары соғыс жағдайы күшiнде болған кезеңде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес агрессияға тойтарыс беру үшін қолданылады.
      5. Соғыс жағдайы күшiнде болған кезеңде азаматтық және аумақтық қорғаныс шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

2-тарау. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету

      6-бап. Соғыс жағдайының шаралары

      1. Соғыс жағдайы енгiзiлген аумақта мынадай шаралар қолданылуы мүмкiн:
      1) Республиканың мемлекеттiк органдары мен өзге де ұйымдарын, сондай-ақ экономикасын соғыс жағдайы талаптарына сай жұмыс iстеуге көшiру;
      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарының жұмылдырылып көрсетілуін жүргiзу;
      3) Қарулы Күштердiң мүдделерiне сай мiндеттердi орындау үшiн арнайы құралымдар жасақтау, экономиканың iркiлiссiз жұмысы мен халықтың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету;
      4) азаматтық және аумақтық қорғаныс iс-шараларын өткiзу;
      5) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтар запасына caлынған тыйымды алып тастау және оны пайдалану;
      6) қоғамдық тәртiптiң, сондай-ақ республикалық объектiлер бойынша - Қазақстан Республикасының Үкiметi, коммуналдық объектiлер бойынша - жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейтiн тiзбелерге сәйкес мемлекеттiк және әскери объектiлердiң, халықтың тыныс-тiршiлiгiн, көлiк пен коммуникациялардың жұмысын қамтамасыз ететiн объектiлердiң, адамдардың өмiрi, денсаулығы және қоршаған орта үшiн аса қауiптi объектiлердiң күзетiн күшейту;
      7) көлiк, коммуникациялар және энергетика, сондай-ақ адамдардың өмiрi, денсаулығы және қоршаған орта үшiн аса қауiптi объектiлер жұмысының ерекше режимiн белгiлеу;
      8) халықты, шаруашылық, әлеуметтiк және мәдени мақсаттағы объектiлердi эвакуациялау, сондай-ақ азаматтарды және басқа адамдарды өмiр сүруге қауiптi аудандардан, уақытша немесе тұрақты тұруы және орналасуы үшiн оларға мiндеттi түрде тұрғын үй-жай және тұрғын үйге жатпайтын үй-жай бере отырып, басқа аудандарға уақытша көшiру;
      9) жеке және заңды тұлғалардан қорғаныс мұқтажы үшiн қажеттi мүлiктi, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен және жағдайда реквизициялау, оларға реквизицияланған мүлiк құнын мемлекеттiң өтеуi; <*>
      10) соғыс жағдайы енгiзiлген аумаққа кiрудiң және одан шығудың ерекше режимiн белгiлеу және қамтамасыз ету, сондай-ақ жүрiп-түру еркiндiгiн шектеу;
      11) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен ұйымдарды, азаматтарды және басқа адамдарды қорғаныс сипатындағы жұмыстарды орындауға, қарсылас жақтың қару қолдануының салдарын жоюға, зақымданған, қираған объектiлердi, халықтың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйесiн қалпына келтiруге, сондай-ақ өртке, эпидемияға, эпизоотияға қарсы күреске қатысуға тарту;
      12) соғыс жағдайы енгiзiлген жерде болатын орын мен тұратын орынды таңдауға тыйымдар мен шектеулер белгiлеу;
      13) жиналыстар, митингiлер, демонстрациялар, шерулер, бой көрсетулер, ереуiлдер өткiзуге тыйым салу немесе шектеу;
      14) коменданттық сағат белгiлеу және әскери басқару органдары мен мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша азаматтардың және басқа да адамдардың құжаттарын тексерудi жүзеге асыруына, олардың жеке басына тексеру жүргiзуiне, заттарын, тұрғын үйi мен көлiгiн тексерiп қарауына, сондай-ақ азаматтарды, басқа да адамдарды және көлiк құралдарын ұстап, iркудi жүзеге асыруына құқық беру;
      15) қару-жарақ, оқ-дәрi, жарылғыш және улы заттар сатуға тыйым салу, құрамында есiрткi және өзге де күштi әсер ететiн заттар бар дәрi-дәрмек пен медициналық препараттар, алкоголь өнiмдерi айналымының ерекше режимiн белгiлеу;
      16) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен )
      17) баспаханалардың, есептеу орталықтарының және автоматтандырылған жүйелердiң, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына бақылау орнату, оларды қорғаныс қажетi үшiн пайдалану, сондай-ақ олардың қызметiн шектеу;
      18) әскери цензура енгiзу;
      19) интернирлеу;
      20) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге шығуына тыйым салу немесе шектеу;
      21) мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимiн күшейтуге бағытталған қосымша шаралар енгiзу;
      22) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес соғыс жағдайын қамтамасыз етуге қажеттi өзге де шаралар.
      2. Соғыс жағдайы кезеңiнде мемлекеттiң қорғаныс мүддесiндегi қажеттерiн, сондай-ақ халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшiн қажеттi өнiмдер өндiруге, жұмыстар мен қызмет көрсетулердi жүзеге асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында экономикалық және қаржылық қызметтi жүзеге асыруға; тауарлардың, ақшаның және қызмет көрсетудiң бiрден бiрге еркiн өтуiне; ақпаратты iздеуге, алуға, беруге, өндiруге және таратуға; банкроттық рәсiмдерiн қолданудың тәртiбi мен шарттарына; еңбек қызметiнiң режимiне арналған уақытша шектеулер қоюға байланысты шаралар қолданылуы мүмкiн, сондай-ақ Қазақстан Pecпубликасының заңдарында көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында да, оның жекелеген жерлерiнде де қаржы, салық, кеден және банк жүйелерiнiң жұмыс ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген соғыс жағдайы шараларын жүзеге асыруды регламенттейтiн қажеттi нормативтiк құқықтық актiлер соғыс жағдайының күшiнде болу кезеңiнде де, ол енгiзiлгенге дейiн де қабылдануы мүмкiн.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен .

       7-бап. Қарулы Күштердi, басқа әскерлep мен әскери
             құралымдарды, сондай-ақ мемлекеттiк органдарды
             соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз етуге тарту

      1. Соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi бойынша Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мынадай негiзгi мiндеттердi орындау:
      1) соғыс жағдайы енгiзiлген аумаққа кiрудiң және ол аумақтан шығудың ерекше режимiн сақтау, сондай-ақ ондағы жүрiп-тұру еркiндiгiн шектеу;
      2) халықты құтқару мен эвакуациялауға, авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарға, санитариялық-эпидемияға қарсы, эпизоотияға қарсы және басқа да шараларды өткiзуге қатысу;
      3) мемлекеттiк және әскери объектiлердi, халықтың тыныс-тiршiлiгiн, көлiк пен коммуникациялардың  жұмысын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға аса қауiптi объектiлердi күзету;
      4) қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi сақтау, соғыс жағдайы шараларын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды өткiзуге қатысу;
      5) заңсыз қарулы құралымдардың, террористердiң, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен әскери басқару органдарында қызметi Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге бағытталғандығы туралы анық мәлiметтер бар қоғамдық және дiни бiрлестiктер, шетелдiк және халықаралық ұйымдар әрекеттерiнiң жолын кесу үшiн тартылады.
      2. Соғыс жағдайы шараларын қамтамасыз етуге тартылатын мемлекеттiк органдардың, Қарулы Күштердiң, басқа әскерлер мен әскери құрамалардың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      8-бап. Соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз ету кезiнде
             қару-жарақты, әскери техниканы, арнайы
             құралдарды, сондай ақ дене күшін қолдану

      1. Соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз ету үшiн тартылып отырған
әскери қызметшiлерге және мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қару-жарақ, әскери техника, арнайы құралдар алып жүру, сақтау, қолдану, сондай-ақ дeнe күшін қолдану құқығы берiледi.
      Аталған адамдар дене күшiн, арнайы құралдарды, қару-жарақты және соғыс техникасын қолдануға байланысты келтiрiлген зиян үшiн, егер келтiрiлген зиян төнген қауiптiң сипаты мен дәрежесiне сәйкес болса, жауапты болмайды.
      2. Соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз ету үшiн тартылған әскери қызметшiлер мен мемлекеттiк органдар қызметкерлерi дене күшiн, арнайы құралдарды, қару-жарақты немесе соғыс техникасын:
      1) мемлекеттiк және әскери объектiлерге, азаматтарға және басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      2) әскери қызметшiлер мен мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң, сондай-ақ азаматтардың және басқа да адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн қарсылықты болғызбау үшiн;
      3) өздерiмен бiрге қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, жарылғыш, химиялық немесе улы заттарды алып жүрген адамдарды, егер олар:
      қылмыс жасау үстiнде қолға түссе;
      әскери қызметшiлердiң немесе мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындамаса;
      әскери қызметшiлер мен мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне, өздерiне жүктелген қызметтiк мiндеттердi жүзеге асыруына кедергi келтiрсе, оларды ұстау үшiн;
      4) күзетiлетiн объектiлер мен әскерлердiң орналасқан жерлерiне заңсыз енiп кету әрекеттерiнiң жолын кесу үшiн; 
      5) кепiлдiкке алынғандарды, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттарды, көлiк құралдары мен жүктердi азат ету үшiн, сондай-ақ жаппай тәртiпсiздiктер мен қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың жолын кесу үшiн;
      6) жүргiзушiсi заңды талаптарды орындамаған көлiк құралын тоқтату үшiн;
      7) дабыл немесе көмекке шақыру белгiсiн беру үшiн;
      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де жағдайларда қолдануға құқылы.
      3. Дене күшiн, арнайы құралдарды, қару-жарақты және соғыс техникасын өкiлеттiктен асыра қолдану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа апарып соғады.

3-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің, Yкіметінің
соғыс жағдайы кезеңіндегі өкілеттіктері

      9-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
             өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының Президентi соғыс жағдайы кезеңiнде:
      1) соғыс жағдайын қамтамасыз етудi ұйымдастыру iсiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      2) мемлекеттiк органдардың келiсiлген жұмысын және өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      3) соғыс жағдайы енгiзiлген аумақта соғыс жағдайы шараларының қолданылу тәртiбiн, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың осы шараларды қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктерiн бекiтедi;
      4) соғыс жағдайының мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер шығарады;
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес төтенше мемлекеттiк бюджеттi қабылдап, енгiзедi және ол туралы Қазақстан Республикасының Парламентiн дереу хабардар етедi;
      6) Қарулы Күштердi, бaсқa әскерлердi және әскери құралымдарды, мемлекеттiк органдарды соғыс жағдайын қамтамасыз етуге тартудың тәртiбiн белгiлейдi және осы Заңға сәйкес олардың мiндеттерiн анықтайды;
      7) жиналыстар, митингiлер, демонстрациялар, шерулер, бой көрсетулер, ереуiлдер өткiзуге тыйымдар немесе шектеулер белгiлейдi;
      8) әскери қызмет өткерудiң ерекшелiктерiн анықтайды;
      9) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен )
      10) көлiктiң, коммуникациялардың және энергетиканың, сондай-ақ адамдардың өмiрiне, денсаулығына және қоршаған ортаға аса қауiптi объектiлердiң ерекше жұмыс режимiн белгiлейдi;
      11) қорғаныс және қауiпсiздiк мәселелерi бойынша консультативтiк-кеңесшi органдар құрады;
      12) соғыс жағдайы күшiнде болған кезеңде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң ұсынуы бойынша Республика Үкiметiнiң құрылымын белгiлейдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады;
      13) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен )
      Осы баптың 3), 4), 6) тармақшаларында аталған нормативтік құқықтық актілер соғыс жағдайы күшінде болған кезеңде де, оны енгізгенге дейін де қабылдануы мүмкін. <*>
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 , орыс тіліндегі мәтінге өзгерту енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - 2007.05.22. N 255 Заңдарымен.

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiктерi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi соғыс жағдайы кезеңiнде:
      1)  орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, сондай-ақ ұйымдардың соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiне басшылық жасайды;
      2) Қарулы Күштердiң, басқа әскерлердiң және әскери құралымдардың, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, азаматтардың және басқа да адамдардың қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған шаралардың орындалуын қамтамасыз етедi;
      3) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен )
      4) Қазақстан Республикасының Президентiне төтенше мемлекеттiк бюджеттi ұсынады және оның атқарылуын қамтамасыз етедi; <*>
      5) соғыс жағдайы шараларын материалдық-техникалық, еңбек және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      6) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен )
      7) агрессия жасаған мемлекетпен (мемлекеттер тобымен не коалициясымен) жасалған халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының Парламентi күшiн жоюы үшiн өз құзыретi шегiнде ұсынады;
      8) азаматтық және аумақтық қорғанысты басқарады;
      9) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен )
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен .

  4-тарау. Соттар мен прокуратура органдарының соғыс
жағдайы кезеңіндегі қызметі

      11-бап. Соттар мен прокуратура органдарының соғыс
              жағдайы енгiзiлген аумақтағы қызметi

      1. Соғыс жағдайы енгiзiлген аумақта Қазақстан Республикасының Конституциясында және конституциялық заңында белгiленген соттар жұмыс iстейдi.
      2. Соғыс жағдайы енгiзiлген аумақтағы прокуратура органдарының қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. Азаматтардың және басқа да адамдардың, ұйымдардың
соғыс жағдайы кезеңіндегі міндеттері

      12-бап. Азаматтардың және басқа да адамдардың соғыс
              жағдайы кезеңiндегi мiндеттерi

      1. Азаматтар және басқа да адамдар Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заңның, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың соғыс жағдайы мәселелерi жөнiндегi талаптарын орындауға мiндеттi.
      2. Соғыс жағдайы енгiзiлген аумақтағы азаматтар мен басқа да адамдар:
      1) соғыс жағдайын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдардың, олардың лауазымды адамдарының талаптарын орындауға және оларға жәрдемдесуге;
      2) тұрып жатқан жерiндегi әскери басқару органдарына және мемлекеттiк органдарға шақырту бойынша келуге;
      3) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарын орындауға;
      4) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қорғаныс сипатындағы жұмыстарға, қарсылас жақтың қару қолдануының салдарын жоюға, зақымданған, қираған объектiлердi, халықтың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету жүйесiн қалпына келтiруге, сондай-ақ өртке, эпидемияға, эпизоотияға қарсы күреске қатысуға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өздерiнiң меншiгiндегi қорғаныс қажетiне керектi мүлiктi беруге; <*>
      6) өздерiне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
            Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен .

       13-бап. Ұйымдардың соғыс жағдайы кезеңiндегi мiндеттерi

      1. Соғыс жағдайы енгiзiлген аумақтағы ұйымдар соғыс жағдайын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдардың, олардың лауазымды адамдарының заңды талаптарын орындауға және оларға жәрдемдесуге мiндеттi.
      2. Ұйымдар соғыс жағдайы кезеңiнде:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өздерiнiң меншiгiндегi қорғаныс қажетiне керектi мүлiктi беруге; <*>
      2) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында шарттар негiзiнде мемлекеттiң тапсырмаларын (тапсырыстарын) бiрiншi кезектегi тәртiппен орындауға;
      3) өздерiне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 70 Заңымен .

       14-бап. Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы
              жөнiндегi заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Жеке және заңды тұлғалар соғыс жағдайы жөнiндегi заңдарды бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      15-бап. Халықаралық мiндеттемелердiң орындалуы

      Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде соғыс жағдайы енгiзiлген ретте Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын Республиканың мiндеттемелерiне сәйкес шаралар қабылдайды.

      16-бап. Соғыс жағдайының күшiн жою

      1. Қазақстан Республикасының аумағындағы немесе оның жекелеген жерлерiндегi соғыс жағдайы оны енгiзуге негiз болған әрекеттер тоқтағаннан кейiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығымен күшін жояды.
      2. Соғыс жағдайын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ ұйымдардың құқықтарын уақытша шектеуге байланысты нормативтiк құқықтық актiлер соғыс жағдайы енгiзiлген мерзiм iшiнде ғана қолданылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен күшiн жоюға тиiс.

      17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi