Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтар N 370-ІІ Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған, құқықтық қатынастардың орнатылуын, өзгертiлуiн немесе тоқтатылуын көздейтiн электрондық құжаттарды жасау және пайдалану кезiнде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауды қоса алғанда, құқықтық қатынастарға қатысушылардың электрондық құжаттар айналымы саласында туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн реттеуге бағытталған.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растайтын заңды тұлға;
      2) куәландырушы орталықты аккредиттеу – куәландырушы орталықтың қызметтер көрсету құзыретін уәкілетті органның ресми тануы;
      3) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      5) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      6) қол қоюшы тұлға – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін заңды түрде иеленетін және оны электрондық құжатта пайдалану құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
      6-1) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;
      6-1) құжаттың электрондық көшірмесі – өтініш берушінің немесе аталған құжатты куәландыруға өкілеттіктері бар адамның не мемлекеттік қызмет көрсетуді алушының өзінің жеке қатысуы кезінде берген жазбаша келісімі негізінде халыққа қызмет көрсету орталығының уәкілеттік берілген қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, түпнұсқа құжаттың түрін және ондағы ақпаратты (деректерді) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететiн құжат;
      7) тіркеу куәлігі – куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үшін беретін қағаз жеткізгіштегі құжат немесе электрондық құжат;
      8) тіркеу куәлігінің иесі – өз атына тіркеу куәлігі берілген, тіркеу куәлігінде көрсетілген ашық кілтке сәйкес келетін жабық кілтті заңды түрде иеленетін жеке немесе заңды тұлға;
      9) уәкілетті орган – ақпараттандыру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      10) электрондық құжат – өзіндегі ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
      11) электрондық құжат айналымы жүйесі – қатысушылары арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін электрондық құжаттар алмасу жүйесі;
      12) электрондық құжат айналымы жүйесіне қатысушы – электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздестіру және тарату процестеріне қатысатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе лауазымды адам;
      13) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;
      14) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары – электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалығын тексеру үшін пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;
      15) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаның қолы жететін және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;
      16) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – тіркеу куәлігінің иесіне белгілі және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және
             электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiгiн пайдалану мен шетелдiк
             жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық
             құжаттарды алмасу

      1. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, куәландырушы орталық пен шетелдiк тiркеу куәлiгi иесiнiң арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеу кезiнде тiркеу куәлiгi берiлген мемлекеттiң құқығы қолданылады.

      2. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар қатысатын электрондық құжаттарды алмасу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады.

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласында бағдарламаны әзірлеуді және орындауды ұйымдастырады;
      2) электрондық құжат айналымының тәртібі мен шарттарын айқындайды;
      3) уәкілетті органның өкілеттіктерін айқындайды;
      4) куәландырушы орталықтарды аккредиттеуден өткізу ережелерін бекітеді;
      4-1) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының және ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәліктерін беру, сақтау, қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен дұрыстығын растау қағидаларын бекітеді;
      4-2) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарабының шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбасының түпнұсқалылығын растау қағидаларын бекітеді;
      5) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Ескерту. 5-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Уәкілетті орган:
      1) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді;
      3) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба мәселелері бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
      4) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау тұрғысынан электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      5) алып тасталды - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      6) куәландырушы орталықтың үлгі ережесін әзірлеп, бекітеді;
      7) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      8) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының және ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәліктерін беру, сақтау, қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен дұрыстығын растау қағидаларын әзірлейді;
      8-1) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарабының шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбасының түпнұсқалылығын растау қағидаларын әзірлейді;
      9) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады..
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV, 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       5-1-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық
              қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТ

      6-бап. Электрондық құжат айналымының принциптерi

      Электрондық құжат айналымы:

      1) электрондық құжат айналымының әр түрлi жүйелерiнiң жұмыс iстеуi;

      2) деректер жасау, өңдеу, сақтау және беру үшiн ақпараттық технологиялар қолданылатын қызметтiң кез келген салаларында электрондық құжаттарды пайдалану;

      3) кез келген ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электрондық құжаттарды беру принциптерi негiзiнде мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде жүзеге асырылады.

      7-бап. Электрондық құжат айналымына қойылатын талаптар

      1. Электрондық құжат электрондық құралдармен жасалуы, жіберілуі, сақталуы және берілуі мүмкін. Осы Заңның талаптарына сәйкес келетін электрондық құжат қағаз жеткізгіштегі құжатпен бірдей.
      2. Электрондық құжат оны ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша берген кезден бастап жіберілген болып есептеледі.
      3. Кірген электрондық құжат жолданым иесінің ақпараттық жүйесінде оны тіркегеннен кейін түскен болып есептеледі.
      4. Алғаны туралы хабарламада электрондық құжатты алу фактісі мен уақыты туралы және оның жөнелтушісі туралы деректер болуға тиіс. Ол авторға түспеген жағдайда, жолданым иесі құжатты алмаған болып есептеледі.
      4-1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттың электрондық көшірмесі беріледі.
      5. Электрондық құжат айналымының тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      6. Мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтері бар электрондық құжаттарды пайдалану, қорғау, тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасымен белгіленеді.
       Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР-ың 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8-бап. Электрондық құжаттарды сақтау

      Электрондық құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк және (немесе) мемлекеттiк емес ақпараттық жүйелерде сақталады.

      9-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушының
             құқықтары мен мiндеттерi

      1. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы:
      1) куәландырушы орталық тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгi мен жарамдылығын растау үшiн осы куәландырушы орталыққа жүгiнуге;
      2) бiрнеше куәландырушы орталықтың қызмет көрсетуiн пайдалануға құқылы.

      2. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы белгiленген электрондық құжат айналымы ережелерiн сақтауға мiндеттi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

3-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА

      10-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану

      1. Электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең және мынадай шарттар орындалған кезде:
      1) тiркеу куәлiгi бар ашық кiлттiң көмегiмен электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығы куәландырылғанда;
      2) электрондық құжатқа қол қойған тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне заңды түрде иелiк еткенде;
      3) электрондық цифрлық қолтаңба тiркеу куәлiгiнде аталған мәлiметтерге сәйкес пайдаланылғанда, бiрдей заңдық салдарларға әкеп соғады.

      2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерi оларды заңды негiздерде иеленетiн тұлғалардың меншiгi болып табылады.
      Тұлға әртүрлі ақпараттық жүйелерге арналған электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттеріне ие бола алады. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн осы кiлттер иелерiнiң келiсiмiнсiз басқа тұлғаларға беруге болмайды.

      3. Қол қоюшы тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға өкiлеттiктi өз өкiлiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес беруге құқылы.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      11-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары

      Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен сертификатталуға тиiс.

      12-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiндегi
              электрондық цифрлық қолтаңба

      1. Электрондық цифрлық қолтаңбаны мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары өздерiнiң өкiлеттiгi шегiнде өздерi шығаратын электрондық құжаттарды куәландыру кезiнде пайдалана алады.

      2. Электрондық құжат айналымының мемлекеттiк емес жүйелерiнде электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен пайдаланылады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      13-бап. Шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңбаны тану

      Шетелдiк тiркеу куәлiгi бар шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңба Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес немесе тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiне енгiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының аумағында электрондық цифрлық қолтаңба деп танылады.

4-тарау. ТIРКЕУ КУӘЛIГI

      14-бап. Тiркеу куәлiгiн беру

      Тiркеу куәлiгiн беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi және ол куәландырушы орталық пен электрондық құжат айналымы жүйесiнiң қатысушылары үшiн мiндеттi болып табылады.

      15-бап. Тiркеу куәлiгiнiң мазмұны

      1. Тiркеу куәлiгiнде мынадай мәлiметтер:
      1) тiркеу куәлiгiнiң нөмiрi мен оның қолданылу мерзiмi;
      2) электрондық цифрлық қолтаңбаның иесiн бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн деректер;
      3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi;
      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi жабық кiлтiн жасау үшiн пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба құралдары туралы деректер;
      5) электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану салалары мен оны қолдануды шектеу туралы ақпарат;
      6) тиiстi куәландырушы орталықтың реквизиттерi болуға тиiс.

      2. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушымен келiсе отырып, электрондық құжат айналымы үшiн қажеттi қосымша ақпаратты тiркеу куәлiгiне енгiзеді.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда
              сақтау тәртiбi мен мерзiмi

      1. Тiркеу куәлiктерiнiң көшiрмелерi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тиiстi куәландырушы орталықтарда сақталады.

      2. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн куәландырушы орталықтарда сақтау мерзiмi - кемiнде бес жыл.

      3. Керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерi осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мұрағаттық сақтауға түседi.

      17-бап. Тiркеу куәлiгi иесiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Егер тiркеу куәлiгiнiң иесi тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне қол жеткiзу режимi бұзылады деп санаса, ол куәландырушы орталықтан тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алуды талап етуге құқылы.

      2. Тiркеу куәлiгiнiң иесi:
      1) куәландырушы орталыққа дұрыс ақпарат беруге;
      2) тiркеу куәлiгiнде аталған ашық кiлтке сәйкес келетiн жабық кiлттi пайдалануға;
      3) алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның өздерiне тиесiлi жабық кiлтiн заңсыз қол жеткiзу мен пайдаланудан қорғау үшiн шаралар қолдануға, сондай-ақ ашық кiлттердi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сақтауға мiндеттi.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Тiркеу куәлiгiн керi қайтарып алу

      1. Тiркеу куәлiгiн берген куәландырушы орталық оны мынадай жағдайларда:
      1) тiркеу куәлiгi иесiнiң немесе оның өкiлiнiң талап етуi бойынша;
      2) тiркеу куәлiгiнің иесi қайтыс болғанда;
      3) алып тасталды - ҚР 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      4) куәландырушы орталық пен тiркеу куәлiгiнің иесi арасындағы келiсiмде көзделген жағдайларда;
      5) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша керi қайтарып алады.

      2. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен және мерзiмде керi қайтарып алады.

      3. Тiркеу куәлiгін жою кезiнде куәландырушы орталық тiркеу куәлiгiнің иесiн хабардар етуге және тиiстi ақпаратты алған кезден бастап кемiнде бiр күн мерзiмде тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiне өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiктерiн тану

      Шетелдiк тiркеу куәлiгi тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiне тiркеу куәлiгi енгiзiлгеннен кейiн, куәландырушы орталық берген Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын тiркеу куәлiгiмен тең танылады.

  5-тарау. КУӘЛАНДЫРУШЫ ОРТАЛЫҚ

      20-бап. Куәландырушы орталықтың қызметi

      1. Куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылады.
      2. Куәландырушы орталық электрондық құжат айналымының бiрнеше жүйесiне қызмет көрсете алады.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-1-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық
                қолтаңба саласындағы мемлекеттік монополия

      1. Мемлекеттік техникалық қызмет электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік монополияға жататын мынадай:
      1) шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалылығын растауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарабының;
      2) куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілтінің тиесілілігі мен дұрыстығын растауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының;
      3) «электрондық үкіметке», мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қатысушыларға қызмет көрсететін Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығының;
      4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесіне қатысушыларға қызмет көрсететін Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының қызмет түрлерін жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Ескерту. 5-тарау 20-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-бап. Куәландырушы орталықтың функциялары

      1. Куәландырушы орталық:
      1) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiн заңсыз қол жеткiзуден қорғау үшiн шаралар қолдана отырып, электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың өтiнiшi бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаның кiлттерiн жасайды;
      2) тiркеу куәлiктерiн бередi, тiркейдi, керi қайтарып алады, сақтайды, белгiленген тәртіппен берiлген тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiн жүргiзедi;
      3) қолданылып жүрген және керi қайтарып алынған тiркеу куәлiктерiн есепке алуды жүзеге асырады;
      4) куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеген электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлтiнiң тиесiлiлiгiн және жарамдылығын растайды.
      5) <*>

      2. Куәландырушы орталық сақтауда тұрған электрондық цифрлық қолтаңба ашық кiлттерi жоғалуының, модификациялануының және қолдан жасалуының алдын алу үшiн қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi.

      3. Куәландырушы орталық осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттi орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      22-бап. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату

      1. Куәландырушы орталықтың қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтатылады.

      2. Куәландырушы орталық қызметiн тоқтатқан жағдайда өз қызметiн тоқтатудан отыз күн бұрын өзi қызмет көрсететiн электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың бәрiн және уәкiлеттi органды бұл туралы хабардар етуге мiндеттi.

      3. Куәландырушы орталықтың қызметiн тоқтату кезiнде ол берген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi, тiркеу куәлiктерiнің иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлігінің иесiмен келiсiле отырып, басқа куәландырушы орталықтарға берiледi.

      4. Осы баптың 2-тармағында аталған мерзiм өткеннен кейiн басқа куәландырушы орталықтарға берiлмеген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиiстi кiлттерi қолданылуын тоқтатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталуға тиiс.

      23-бап. Тiркеу куәліктерiнiң иелерi, электрондық цифрлық
              қолтаңбаның жабық және ашық кiлттерi туралы
              мәлiметтердi қорғау

      1. Куәландырушы орталық тiркеу куәлiктерiнің иелерi туралы мәлiметтердiң қорғалуын қамтамасыз етедi және оларды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда ашады.

      2. Тараптардың келiсiмiне сәйкес жасырын болып табылатын тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтер тiркеу куәлiктерiнiң жалпы қол жететiн тiркелiмiне енгiзiлмейдi.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      24-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және
              электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарын
              бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкте болады.

      25-бап. Дауларды қарау

      Электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен қаралуға тиiс.

      26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң 2003 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті