Темекi шегушілiктiң алдын алу және оны шектеу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 2002 жылғы 10 шілде N 340-ІІ

Қолданыстағы

      Осы Заң темекi бұйымдарын өндiру, сату және тұтыну процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қорғау мақсатында темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу жөнiндегi негiзгi шараларды белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңның мақсаттары мен мiндеттерi

      Осы Заңның мақсаттары мен мiндеттерi:
      1) халықтың денсаулығын сақтау;
      2) темекi бұйымдарын сатып алуға құқығы бар адамдар үшiн жас шегiн енгiзу;
      3) кәмелетке толмағандар арасында темекi шегушiлiктi болдырмау;
      4) темекiнi тұтынуға әуестiктiң зиянды салдарлары, темекi шегушiлiктен туындаған аурулар мен өлiм-жiтiм туралы ақпарат тарату;
      5) темекi шегушiлiкке халықтың өмiр мен денсаулық үшiн аса қауiптi фактор ретiндегi көзқарасын қалыптастыру;
      6) темекi шегушiлiктiң таралуының алдын алу жөнiнде келiсiлген iс-шаралар жүргiзу болып табылады.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) хош иiстендiрушi - темекi бұйымдарына ерекше дәм, иiс немесе хош иiс беру үшiн темекiге қосылатын зат;
      2) ингредиент - темекiден, судан немесе темекi жапырағынан басқа, өндiрiс процесiнде не темекiге, не темекi бұйымдарының темекi емес компоненттерiне қосылатын кез келген зат;
      3) темекi бұйымдарының маркасы - өндiрушi шығаратын темекi бұйымын тұтынушының бiрегейлендiре алуы үшiн сол өндiрушi жиынтығында пайдаланатын тауар таңбасының элементтерi;
      4) темекi емес компонент - темекi бұйымдарын өндiруде пайдаланылатын қосымша материал (сигарет, папирос, мундштук қағазы, түрлi-түстi баспа бояуы, қағаз шетi тiгiсiнiң желiмi, фильтр, тығыздап орау қағазы, орауыш қағаз және орауыш бояуы, орауыш (фильтр) желiмi;
      5) никотин - темекi жапырақтары мен темекi түтiнiнде болатын никотиндi алкалоид;
      6) қорап - картоннан немесе қағаздан әзiрленген, темекi бұйымының белгiлi саны бар тұтыну ыдысының бiрлiгi;
      7) өндiрушi - Қазақстан Республикасында сату үшiн темекi бұйымдарын өндiретiн жеке және заңды тұлға;
      8) темекi бұйымдары маркасының алуан түрлiлiгi - өзiнiң айырымдық ерекшелiктерi бар және осы тұрғыдан тұтынушы бiрегейлендiретiн темекi бұйымдарының бiр марка шеңберiндегi өнiмдерiнiң жекелеген түрлерi;
      9) темекiнi және темекi бұйымдарын жарнамалау - темекi бұйымын сатып алуды немесе тұтынуды ынталандыруға, бұйымның өзiн, оның түрiн немесе ол туралы ұғымды, сортының немесе тауар белгiсiнiң (қызмет көрсету белгiсiнiң) атын пайдалануға бағытталған, адамдардың шектелмеген тобына арналған ақпараттың кез келген нысаны;
      10) сигарет - сигарет қағазын, бүйiрiн желiмдеуге арналған желiмдi, фильтрдi, фильтрдiң айналасындағы қағазды қолдана отырып жасалған, толтырылу компоненттерi отандық немесе импорттық темекi қоспасы, ингредиенттер, технологиялық қосымшалар және хош иiстендiрушiлер болып табылатын түтiкше немесе рулон түрiндегi темекi конструкциясы;
      11) шайырлы заттар - дымқыл, сусыз, никотинi жоқ түтiн конденсаты;
      12) темекi - темекi бұйымдарын өндiру үшiн пайдаланылатын никотинi бар өсiмдiк;
      13) темекi шегушiлiк - темекi шегушiнiң организмiнiң никотинге тәуелденуiн тудыратын, оның денсаулығына, сондай-ақ темекi шекпейтiндердiң денсаулығына терiс әсер ететiн және қоршаған ортаны ластайтын темекi бұйымын тұтыну процесi;
      14) темекi бұйымы - никотинi бар фармацевтiк өнiмдердi қоспағанда, құрамында темекi бар кез келген бұйым;
      15) қаптама - белгiлi қорап саны бар топтап тұтыну ыдысының бiрлiгi;
      16) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

      3-бап. Қазақстан Республикасының темекi шегушiлiктiң
             алдын алу және оны шектеу туралы заңдары

      1. Темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

2-тарау. ТЕМЕКI БҰЙЫМДАРЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТҚА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

      4-бап. Темекiнi және темекi бұйымдарын жарнамалауды
             шектеу

      1. Халық денсаулығын сақтау мақсатында:
      1) сыртқы жарнама көздерiн пайдалану арқылы темекiнi және темекi бұйымдарын жарнамалауға;
      2) теледидар бағдарламаларында, ол бағдарлама авторы ойының ажырамас бөлiгi болып табылатын жағдайларды қоспағанда, темекi шегушiлiктi көрсетуге;
      3) кәмелетке толмағандар арасында жарнамалау мақсатында темекi бұйымдарының үлгiлерiн таратуға;
      4) кәмелетке толмағандарға бағдарланған баспа басылымдарында темекi бұйымдарын жарнамалауға;
      5) баспа басылымдарының бiрiншi және соңғы беттерiнде, мұқабаларында темекi мен темекi бұйымдарының жарнамаларын орналастыруға;
      6) темекiнi және темекi бұйымдарын теледидар мен радиода жарнамалауға;
      7) егер бұл ретте темекi бұйымдарының атауы, бейнеленуi немесе тауар таңбасы (қызмет көрсету таңбасы) пайдаланылатын болса, кәмелетке толмағандарға арналған iс-шараларға демеушiлiк жасауға;
      8) мәдени-көрнекi және спорттық iс-шараларды өткiзу кезiнде темекiнi және темекi бұйымдарын жарнамалауға;
      9) жарнамалау мақсатында темекi бұйымдарын тегiн таратуға;
      10) темекi бұйымдарының өзiнен немесе темекi бұйымдары сатылатын немесе тасымалданатын кез келген қораптан, қаптамадан басқа, темекi бұйымдарының маркасы бар кез келген тауарларды таратуға, көрмеге қоюға немесе сатуға;
      11) көлiкте темекi бұйымдарын жарнамалауға тыйым салынады.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген норма, олар сатылатын орындарда немесе осындай сауда орындарын белгiлеу үшiн, сондай-ақ барлардағы, ресторандар мен кафелердегi күл салғыштарда, оттықтарда, подностарда және тұрмыста қолданылатын басқа да ыдыстарда пайдалануға қолданылмайды.
      (РҚАО-ның ескертуі: 4-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы 2004 жылғы 1 қазаннан бастап, 4-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы 2003 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi (осы Заңның 12-бабын қараңыз).

      5-бап. Темекi және темекi бұйымдары туралы ақпарат
             алу құқығы

      1. Жеке және заңды тұлғалардың темекi мен темекi бұйымы және темекi шегудiң зияны туралы мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде берiлуге тиiстi ақпарат алуға құқығы бар.
      2. Ақпаратта:
      1) темекi бұйымдарының құрамы, шайырлы заттары, никотинi, сондай-ақ сапасы мен қауiпсiздiк деңгейiнiң басқа да сипаттамалары туралы мәлiметтер болуға тиiс;
      2) мемлекеттiк стандарттарда көзделген өзге де мәлiметтер көрсетiлуi мүмкін.
      3. Темекi бұйымының атауы осы темекi бұйымын нақты және дұрыс сипаттауға, оны темекi бұйымдарының басқа түрлерiнен ажыратуға мүмкiндiк беруге тиiс.
      4. Темекi бұйымдарының қорабында, қаптамасында темекi шегудiң зияндығы туралы ескертпе жазулар болуға тиiс. Темекi бұйымдарын тұтынудың зияны туралы ескертудiң мәтiнiн уәкiлеттi орган бекiтедi. Темекi бұйымдарының әрбiр қорабындағы, қаптамасындағы ескертпе жазулар мынадай талаптарға сай болуға:
      1) жазу темекi бұйымдарының қорабы, қаптамасы көлемiнiң әрбiр үлкен жағының кемiнде жиырма пайызын алуға;
(РҚАО-ның ескертуі: 4-тармақтың 1) тармақшасы 2004 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi (осы Заңның 12-бабын қараңыз);
      2) жеңiл оқылуға және мәтiннiң тұтастығы қамтамасыз етiлетiндей болып орналастырылуға;
      3) жазу жылтыр орауыш пленкада немесе қандай да бiр сыртқы орауыш материалда басылмауға тиiс.
      5. Темекi бұйымдарының қорабында, қаптамасында "Он сегiз жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынады" деген мазмұнда жазу болуға тиiс.
      6. Темекi шегудiң зияны туралы бiлiмнiң насихатталуын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдар қамтамасыз етедi.
      (РҚАО-ның ескертуі: 5-бап, осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасын және 5-тармағын қоспағанда, 2003 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi (осы Заңның 12-бабын қараңыз);
      (РҚАО-ның ескертуі: 5-баптың 4-тармағының 1) тармақшасы және 5-тармағы 2004 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi (осы Заңның 12-бабын қараңыз).

      6-бап. Темекi бұйымдарындағы никотиннiң, шайырлы
             заттардың және ингредиенттердiң болуы туралы
             ақпарат

      Өндiрушi темекiнiң және темекi бұйымдарының барлық маркаларында никотиннiң және шайырлы заттардың рұқсат етiлетiн шектi құрамы бойынша зертханалық зерттеулердiң нәтижелерi туралы, өткен он екi айда Қазақстан Республикасы аумағында өзi шығарған немесе шығаруды ниет еткен, сатқан немесе өзге де түрде таратқан темекi бұйымдарының ингредиенттерi туралы есептi жыл сайын 1 ақпанға дейiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен табыс етiп отыруға мiндеттi.
      (РҚАО-ның ескертуі: 6-бап 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi (осы Заңның 12-бабын қараңыз).

      7-бап. Темекi бұйымдарындағы никотиннiң және шайырлы
             заттардың болуын зерттеу мен оның рұқсат етiлетiн
             шектi деңгейi

      1. Темекi бұйымдарын өндiрушi темекi бұйымдарындағы никотиннiң және шайырлы заттардың болуын зерттеудi өз есебiнен, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелген зертханаларда жүргiзедi.
      2. Құрамындағы никотин және шайырлы заттар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн рұқсат етiлетiн шектi деңгейден жоғары темекi бұйымдарын әкелуге, шығару мен сатуға тыйым салынады.

3-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ ЖӘНЕ ТЕМЕКI ШЕКПЕЙТIНДЕРДI ТЕМЕКI ТҮТIНIНIҢ ӘСЕРIНЕН ЖӘНЕ ТЕМЕКI МЕН ТЕМЕКI БҰЙЫМДАРЫН ПАЙДАЛАНЫЛУДАН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТАЛАПТАР

      8-бап. Темекi бұйымдарын сату

      1. Темекi бұйымдарын:
      1) он сегiз жасқа толмаған адамдардың сатуына;
      2) ашық қораптардан немесе бiр-бiрлеп сатуға;
      3) сатушының тiкелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық қондырғылар арқылы;
      4) денсаулық сақтау, бiлiм беру ұйымдарының үйлерiнде және аумақтарында, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттарда, стадиондарда;
      5) өнiм сапасын растайтын тиiстi құжаттарсыз;
      6) акциз алымының маркаларымен таңбалаусыз;
      7) егер сигарет қорабында 20 сигареттен кем болса;
      8) шайырлы заттар мен никотиннiң деңгейi туралы деректер қорапқа жазылмай;
      9) темекi шегушiлiктiң зияны туралы қорапқа ескерту жазылмай сатуға тыйым салынады.
      2. Темекi бұйымдарын сату жүзеге асырылатын орындардағы көрнекi жерде, касса аппаратында немесе оның жанында мынадай мазмұндағы: "Он сегiз жасқа толмаған адамдарға темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады" деген жазу, сондай-ақ темекi шегудiң зияндығы туралы уәкiлеттi орган бекiткен ескерту орналастырылуға тиiс.
      3. Темекi бұйымдарын сатуды жүзеге асыратын адамдар жас шамасы сырт келбетiне қарағанда он сегiзден жасырақ көрiнген азаматтарға темекi бұйымдарын сату кезiнде:
      1) сатып алушының шын мәнiндегi жасын анықтау мақсатымен жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуiн талап етуге;
      2) егер жеке басын куәландыратын құжат көрсетiлмеген жағдайда темекi бұйымдарын сатудан бас тартуға мiндеттi.

      9-бап. Жекелеген қоғамдық орындарда және қоғамдық
             көлiкте темекi шегуге тыйым салу

      1. Темекi шегуге:
      1) бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың демалуына арналған ұйымдарда;
      2) денсаулық сақтау ұйымдарында;
      3) қоғамдық тамақтану орындарында;
      4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшiлiк демалуға арналған басқа да жабық ғимараттарда;
      5) мұражайларда, кiтапханаларда және лекторийлерде;
      6) жергiлiктi және алысқа қатынайтын поездардың, әуе, теңiз және өзен көлiгi кемелерiнiң белгiленбеген орындарында, сондай-ақ қалалық, қалааралық автобустардың, маршруттық таксилердiң және қалалық электр көлiгiнiң салондарында;
      7) әуежайлардың, темiр жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
      8) мемлекеттiк органдарда, сондай-ақ басқа да ұйымдарда тыйым салынады.
      2. Темекi шегу үшiн арнайы жабдықталған орындар бөлiнген жағдайда, осы баптың 1-тармағының 3), 6), 7) тармақшаларында көзделген нормалар қолданылмайды.
      3. Жұмыс берушiлер темекi шегу үшiн арнайы орындар бөлуге, әжетхана бөлмелерiнде және осы мақсаттарға арналмаған үй-жайларда темекi шегуге тыйым салуға мiндеттi.
      4. Темекi шегу үшiн арнайы бөлiнген орындар санитариялық-гигиеналық ережелер мен нормаларға сәйкес жабдықталуға тиiс.
      (РҚАО-ның ескертуі: 9-бап 2003 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi (осы Заңның 12-бабын қараңыз).

4-тарау. ТЕМЕКI ШЕГУШIЛIКТIҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОНЫ ШЕКТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУ

      10-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу саласындағы мемлекеттiк бақылауды уәкілеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган темекi шегудiң алдын алу және оны шектеу саласындағы қызметтi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу саласындағы мемлекеттiк бақылауды өздерiнiң өкiлеттiктерiне сәйкес өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      4. Темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу саласында қоғамдық бiрлестiктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдармен ынтымақтастық және өзара iс-қимыл жасай алады.

      11-бап. Темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу
              туралы Қазақстан Республикасының заңдарын
              бұзғандық үшiн жауаптылық

      Темекi шегушiлiктiң алдын алу және оны шектеу туралы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттар талаптарына сай келмейтiн темекi бұйымдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес тәркiленуге және жойылуға тиiс.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      12-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi, бұған мына баптар қосылмайды:
      1) 4-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы 2004 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi;
      2) 4-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы 2003 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi;
      3) 5-бап, осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасын және 5-тармағын қоспағанда, 2003 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi;
      4) 5-баптың 4-тармағының 1) тармақшасы және 5-тармағы 2004 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi;
      5) 6-бап 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi;
      6) 9-бап 2003 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті