Қазақстан Республикасының Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жылғы 4 шілде N 334-ІІ.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Нью-Йоркте 1998 жылғы 12 қаңтарда жасалған Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Бомбалық терроризмге қарсы күрес
туралы халықаралық конвенция

(2002 жылғы 6 желтоқсанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
      Бiріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мемлекеттер арасында халықаралық бейбітшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдауға және тату көршiлiк пен достық қарым-қатынасты әрi ынтымақтастықты дамытуға қатысты мақсаттары мен принциптерiн назарға ала отырып,
      Әлемдегi терроризм актiлерінің барлық нысандары мен көрiнiстерiнде таралуына қатты алаңдаушылық таныта отырып,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының елу жылдығына байланысты 1995 жылғы 24 қазандағы Декларацияға сүйене отырып,
      сондай-ақ 1994 жылғы 9 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның 49/60 қарарына қосымшадағы - Халықаралық терроризмдi жою жөнiндегi шаралар туралы декларацияға, атап айтқанда, "Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты және мемлекеттiң аумақтық тұтастығы мен қауіпсiздiгiн қауiп-қатерге әкелiп соқтыратын терроризмнiң барлық актілерiн, әдiстерi мен тәжiрибесiн қайда болса да, кiм жүзеге асырса да қылмыс екендiгi және ақтауға жатпайтындығы ретiнде сөзсiз айыптайтындығын салтанатты түрде растайды", - деп айтылғанға сүйене отырып,
      Декларацияда мемлекеттерге "осы мәселенiң барлық аспектiлерi енетiн құқықтық шеңбердiң бар болуын қамтамасыз ету мақсатында шұғыл түрде терроризмнiң барлық нысандары мен көрiнiстерiнiң алдын алу, жолын кесу және жою туралы қолданыстағы халықаралық құқықтық ережелердiң қолдану саласында шолу өткiзу" ұсынылатындығын атай отырып,
      одан әрi Бас Ассамблеяның 1996 жылғы 17 желтоқсандағы 51/210 қарарына және 1994 жылғы Халықаралық терроризмдi жою жөнiндегi шаралар туралы декларацияны толықтыратын қосымшадағы Декларацияға сүйене отырып,
      сондай-ақ жарылғыш немесе өзге де қырғынға ұшырататын құрылғыларды қолданатын террористiк шабуылдардың үстi-үстiне кең көлем алып отырғандығын атай отырып,
      одан әрi қолданыстағы халықаралық құқықтық көпжақты ережелерiнде осы шабуылдардың тиiстi дәрежеде қаралмайтындығын ескере отырып,
      осындай терроризм актiлерiнiң алдын алу және кінәлiлердi қылмыстық қудалау әрi жазалау үшiн тиiмдi, практикалық шараларды әзiрлеуде және қабылдауда мемлекеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың шұғыл қажеттiлiгіне көз жеткiзе отырып,
      осындай актiлер барлық халықаралық қоғамдастықтың қатты алаңдаушылық мәселесi болып табылатындығын ескере отырып,
      мемлекет әскери құрылымдарының әрекеттерi осы Конвенция шегінен тыс халықаралық құқық нормаларымен реттелетiндiгiн және осы Конвенцияның қолданылуы аясынан кейбiр iс-әрекеттерді шығару өзге қатынастағы заңсыз актiлер үшiн жауапкершiлiктен босатпайтындығын, оларды заңдастырмайтындығын және басқа заңдар негiзiнде жауапкершiлiкке тартуға кедергi келтiрмейтiндiгін атай отырып,
      төменде айтылғандар туралы келiстi:

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаты үшiн:
      1. "Мемлекеттiк немесе үкiметтiк объектi" өз қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты мемлекет өкiлдерi, үкiмет мүшелерi, заң немесе сот органы өкiлдерi, не мемлекеттiк билiктiң немесе өзге де мемлекеттiк орган не мекеменiң лауазымды адамдары немесе қызметшiлерi, не үкiметаралық ұйымның қызметшiлерi немесе лауазымды адамдары пайдаланатын, орналасатын қандай да болсын тұрақты немесе уақытша объектiнi не көлiк құралын бiлдiредi.
      2. "Инфрақұрылым объектiсi" халық мүддесi үшiн сумен қамту, су құбырларымен, энергиямен, отынмен жабдықтау немесе байланыс сияқты қызмет түрлерiн көрсететiн немесе бөлетiн мемлекет не жеке меншiктегi қандай да болсын объектiнi бiлдiредi.
      3. "Жарылғыш немесе өзге де қырғынға ұшырататын құрылғы";
      а) өлiмге, қатты зақымдануға немесе елеулi материалдық зиянға әкелiп соқтыратын жарылғыш немесе өртегiш қаруды не құрылғыны; не болмаса
      б) уыттық химиялық заттарды, биологиялық агенттердi, токсиндердi немесе осыған ұқсас заттарды, не радиацияны немесе радиоактивтi материалдарды босатуға, себуге немесе әсер еткiзу арқылы өлiмге, қатты зақымдануға немесе елеулi материалдық зиян туғызуға арналған не соған қабiлеттi қаруды не құрылғыны бiлдiредi.
      4. "Мемлекеттiң қарулы күштерi" бiрiншi кезекте ұлттық қорғаныс немесе қауiпсiздiк мiндеттерiн орындау үшiн мемлекеттiң iшкi заңдарына сәйкес ұйымдастырылған, үйретiлген, жарақталған оның қарулы күштерiн және осылардың ресми басқаруында, бақылауында әрi жауапкершiлiгiнде болып, қарулы күштердi қолдауға iс-әрекет ететiн тұлғаларды бiлдiредi.
      5. "Қоғамдық пайдалану орындары" кез келген ғимараттың, жер учаскесiнiң, көшенiң, су жолының немесе басқа да орындардың халық үшiн ұдайы, мезгiл-мезгiл немесе анда-санда рұқсат не ашық бөлiгiн бiлдiредi және осы ретте халық үшiн қолайлы немесе ашық кез келген коммерциялық, iскерлiк, мәдени, тарихи, ағартушылық, табыну, мемлекеттiк, ойын-сауық, демалыс немесе осыған ұқсас объектiлер енедi.
      6. "Қоғамдық көлiк жүйесi" адамдарды немесе жүктердi тасымалдау бойынша жалпыға ортақ қызмет көрсету мақсаттары үшiн пайдаланатын-мемлекеттiк немесе жекелiк болсын,- барлық объектiлердi, көлiк құралдары мен қосалқы элементтердi бiлдiредi.

2-бап

      1. Егер кез келген адам заңсыз және қасақана қоғамдық пайдалану орындары, мемлекеттiк немесе үкiметтік объектi, қоғамдық көлiк жүйесi объектiсi немесе инфрақұрылым объектiсi шектерiнде жарылғыш не өзге де қырғынға ұшырататын құрылғыны жеткiзсе, орналастырса, iс-әрекетке келтiрсе немесе жарса, онда осы Конвенцияның мазмұны бойынша қылмыс жасаған болып саналады, бұл дегенiңiз оларға қарсы:
      а) өлiм келтiру не қатты зақымдау ниетiне; немесе
      б) осындай орындарға, объектілерге немесе жүйелерге айтарлықтай қирату жүргiзу ниетiне, осындай қирату iрi экономикалық залал әкелсе немесе әкелуi мүмкiн болса, бағытталады.
      2. Сондай-ақ кез келген адам 1-тармақта аталған қылмыстардың қайсысын болсын жасауға тырысса, онда ол қылмыс жасаған болады.
      3. Сондай-ақ кез келген адам:
      а) 1 не 2-тармақта аталған қылмыстардың қайсысын болса да жасауда қатысушы ретiнде қатысса; немесе
      б) 1 не 2-тармақта аталған қылмыстардың қайсысын болса да жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастырса немесе оларды басқарса; немесе
      с) кез келген басқа тәсiлмен ортақ мақсатта әрекет етушi адамдар тобының 1 немесе 2-тармақта аталған бiр немесе бiрнеше қылмыс жасауына мүмкiндiк туғызса, қылмыс жасаған болады; осындай жәрдем қасақана не қылмыстық iс-әрекеттiң жалпы сипатын қолдау мақсатында немесе топтың тиiстi қылмыстарды жасаудағы ниеттерiн жете түсiнiп көрсетiлуi тиiс.

3-бап

      Егер қылмыс бiр мемлекетте жасалса, болжанған қылмыскер мен жәбiрленушiлер осы мемлекеттiң азаматтары болып табылса, болжанған қылмыскер осы мемлекеттiң аумағында табылған жағдайда осы Конвенция қолданылмайды және басқа мемлекеттiң осы Конвенциядағы 6-баптың 1-тармағына немесе 6-баптың 2-тармағына сәйкес өз құқықтық өкiлеттiгiн жүзеге асыруына негiздеме жоқ, бұл дегенiңiз тиiстi жағдайлар кезiнде 10-15-бап ережелерiнiң қолданылуын жоққа шығармайды.

4-бап

      Әрбiр қатысушы мемлекет:
      а) осы Конвенцияның 2-бабында аталған iс-әрекеттердi оның iшкi заңдарына сәйкес қылмыс деп тану үшiн;
      б) осы қылмыстардың ауыр сипатын ескере отырып, оларға тиiстi жазалар белгілеу үшiн шараларды қажеттiлiгiне қарай қолданады.

5-бап

      Әрбiр қатысушы мемлекет тиiстi жағдайларда iшкi заңдар саласында осы Конвенцияның iс-қимылына қатысты, атап айтқанда, халық, адамдар тобы немесе нақты адамдар арасында террорлық жағдайды туғызуға бағытталған не оны көздеген қылмыстық iстердiң қандай да болсын саяси, философиялық, идеологиялық, нәсiлдiк, этникалық, дiни немесе өзге осыған ұқсас сипаттағы түсiнiктер бойынша кез келген жағдайда ақталмауын және оның ауырлық дәрежесiне сай жазалануын қамтамасыз ету үшiн қажет болуы мүмкiн шараларды қолданады.

6-бап

      1. Әрбiр қатысушы мемлекет 2-бапта аталған қылмыстарға қатысты құқықтық өкілеттіктi белгiлеу үшін:
      а) қылмыс осы мемлекеттiң аумағында жасалса; немесе
      б) қылмыс жасаған сәтте осы мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген, осы мемлекеттiң туымен жүзетін кеме немесе әуе кемесi бортында қылмыс жасалса; немесе
      c) қылмысты осы мемлекеттiң азаматы жасаса, қажет болуы мүмкiн шараларды қолданады.
      2. Сондай-ақ қатысушы мемлекет:
      а) қылмыс осы мемлекеттің азаматына қарсы жасалса; немесе
      б) қылмыс шетелде осы мемлекеттiң елшiлiгін не өзге де дипломатиялық, консулдық өкiлдiктерін қоса алғанда, мемлекеттiк, не болмаса үкiметтік объектiлерге қарсы жасалса; немесе
      с) қылмысты, әдетте, осы мемлекеттiң аумағында тұратын азаматтығы жоқ адам жасаса; немесе
      д) қылмыс осы мемлекеттi қандай да болсын iс-әрекет жасауға мәжбүрлеу не одан тартыну әрекетiнде жасалса; немесе
      e) қылмыс осы мемлекеттiң үкiметi пайдаланатын әуе кемесінiң бортында жасалса, осындай қылмысқа қатысты өзінің құқықтық өкiлеттiгiн белгiлеуi мүмкін.
      3. Осы Конвенцияны бекіту, қабылдау, құптау немесе оған қосылу кезiнде әрбiр қатысушы мемлекет өзiнiң iшкi заңдарының негiзінде 2-тармаққа сәйкес құқықтық өкiлеттiгiн белгілегендiгiн Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлайды. Қандай бiр тиiстi өзгерiстер болған жағдайда тиiстi қатысушы мемлекет осы туралы Бас Хатшыны хабардар етедi.
      4. Әрбiр қатысушы мемлекет болжанған қылмыскер оның аумағында болған жағдайда 2-бапта аталған қылмыстарға қатысты оның құқықтық өкiлеттiгiн белгiлеу үшiн қажет болуы мүмкiн шараларды қолданады және ол қылмыскердi 1 және 2-тармаққа сәйкес өз құқықтық өкiлеттiгiн белгiлеген ешбiр қатысушы мемлекетке бермейдi.
      5. Осы Конвенция қатысушы мемлекеттің iшкi заңдарына сәйкес белгiленген қылмыстық құқықтық өкiлеттіктiң жүзеге асырылуын жоққа шығармайды.

7-бап

      1. Қатысушы мемлекет 2-бапта аталған қылмысты жасаған немесе болжаммен жасаған адам оның аумағында болу мүмкiндiгi туралы ақпаратты алысымен, осы ақпаратта аталған фактілердi тексеру үшiн өзiнiң ұлттық заңдарына сәйкес қажет болуы мүмкiн шараларды қолданады.
      2. Аумағында қылмыскер немесе болжанған қылмыскер бар қатысушы мемлекет жағдайдың талап етіп отырғандығына көз жеткiзген соң, өзінiң iшкі заңдарына сәйкес қылмыстық қудалау немесе беру мақсаттары үшiн оның қатысуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолданады.
      3. Кез келген адамға қатысты 2-тармақта айтылған шаралар қолданылғанда:
      а) белгiлi бiр елдiң азаматы болып табылса немесе осы адамды қорғауға құқылы мемлекеттің жақын тиiстi өкілімен, егер ол азаматтығы жоқ адам болса, әдеттегі тұратын аумағындағы сол мемлекеттiң өкiлiмен кiдiрiссiз байланысуға;
      б) оның өкiлімен осы мемлекетте болуға;
      с) а және б тармақшаларына сәйкес өзiнiң құқықтары туралы хабардар болуға құқығы бар.
      4. 3-тармақта айтылған құқықтар аумағында қылмыскер немесе болжанған қылмыскер бар мемлекеттiң заңдарына сәйкес жүзеге асырылады және де айтылған заңдар 3-тармаққа сәйкес берiлетiн құқықтардың мақсаттарына толық жету мүмкіндігiн қамтамасыз етуi тиiс.
      5. 3 және 4-тармақтың ережелері 6-баптың 1б немесе 2б тармақшаларына сәйкес құқықтық өкiлеттiкке үмiткер әрбiр қатысушы мемлекеттің құқығына залал келтірмейді, Қызыл Кресттiң Халықаралық комитетiнен болжанған қылмыскермен байланысуды немесе оған баруды сұрайды.
      6. Қатысушы мемлекет осы бапқа сәйкес адамды қамауға алғаннан соң тiкелей немесе Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы 6-баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес құқықтық өкiлеттiгiн белгiлеген қатысушы мемлекеттерге және, орынды деп тапса, кез келген басқа да мүдделi қатысушы мемлекеттерге осы адамның қамауда болу фактiсi мен оны ұстау себебiнiң жағдайлары туралы хабарлауға тиiс. 1-тармақта қарастырылған тексерудi жүргiзетiн мемлекет айтылған қатысушы мемлекеттерге өзiнiң тұжырымдарын жедел баяндап, өз құқықтық өкiлеттiгiн жүзеге асыру ниетiн хабарлайды.

8-бап

      1. Аумағында 6-бап қолданылатын болжанған қылмыскерi бар қатысушы мемлекет оны бермейтiн болса, онда еш ескертусiз және қылмыс оның аумағында жасалғандығына, жасалмағандығына қарамастан iсті себепсiз кешiктірмей өзінің заңдарына сәйкес тексеру жүргізу жолымен қылмыстық қудалау мақсаттары үшiн өзiнің құзыреттi органына беруге мiндетті. Осы органдар сол мемлекеттiң заңдарына сәйкес басқа да кез келген ауыр сипаттағы қылмыстарға сай сондай түрде шешiм қабылдайды.
      2. Барлық жағдайларда қатысушы мемлекеттің iшкi заңдары өзiнiң азаматының бiрiн басқа мемлекетке сот қарауы нәтижесiнде шығарылған үкiм бойынша жазасын өтеу немесе осы адамды беру немесе тапсыру сұратылған сотта iстi қарау шартымен ғана беруге немесе тапсыруға мүмкiндiк бередi, осы мемлекет және осы адамды берудi мақұлдаушы мемлекет осы нұсқамен әрi орынды деп таныған басқа да шарттармен келiседi, осындай алдын ала келiсiлген беру немесе тапсыру 1-тармақта айтылған мiндеттердi орындау үшiн жеткiлiктi болады.

9-бап

      1. 2-бапта аталған қылмыстар берiлетiн қылмыстар ретiнде осы Конвенция күшіне енгенге дейiн қандай да болсын қатысушы мемлекеттер арасында жасасқан беру туралы кез келген шартқа қосуға жатады деп саналады. Қатысушы мемлекеттер осындай қылмыстарды берiлетiн қылмыстар ретiнде кейiннен өзара жасасатын беру туралы барлық шарттарға қосуға мiндеттенедi.
      2. Берудi шарттың болуымен байланыстырған қатысушы мемлекетке беру туралы шарты жоқ басқа қатысушы мемлекет-беру жөнiнде өтiнiш жiберген жағдайда, онда ол 2-бапта аталған қылмыстармен байланысты беру үшiн құқықтық негіздеме ретiнде осы Конвенцияны басшылыққа алуы мүмкiн. Беру сұраным жiберген мемлекеттiң заңдарында қарастырылған басқа да шарттарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
      3. Берудi шарттың болуымен байланыстырмайтын қатысушы мемлекеттер 2-бапта аталған қылмыстарды өзара қарым-қатынаста сұраным жiберушi мемлекеттiң заңдарында қарастырылған шарттарды сақтай отырып, берiлетiн қылмыстар ретiнде қарастырады.
      4. Қажет болған жағдайда 2-бапта аталған қылмыстарды қатысушы мемлекеттер беру мақсаттары үшiн белгiлi бiр орында ғана емес, сондай-ақ 6-баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес өз құқықтық өкiлеттiгiн белгiлеген мемлекеттер аумағында жасалған қылмыс ретiнде қарастырады.
      5. Қатысушы мемлекеттер арасындағы 2-бапта аталған қылмыстармен байланысты беру туралы барлық шарттар мен келiсiмдердiң ережелерi Қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста осы Конвенцияға сай келу-келмеуiне байланысты өзгертiлген болып саналады.

10-бап

      1. Қатысушы мемлекеттер 2-бапта аталған қылмыстарға қатысты басталған тексеруге, қылмыстық қудалауға немесе беру рәсiмдерiне байланысты, сондай-ақ тексеру үшiн қажеттi оларда бар дәлелдердi беру үшiн бiр-бiрiне барынша көмек көрсетедi.
      2. Қатысушы мемлекеттер 1-тармақ бойынша өз мiндеттерiн олардың арасында болуы мүмкiн өзара құқықтық көмек туралы кез келген шарттарға немесе басқа да келiсiмдерге сәйкес орындайды. Осындай шарттар немесе келiсiмдер болмаған жағдайда қатысушы мемлекеттер бiр-бiрiне өздерiнiң iшкi заңдарына сәйкес көмек көрсетедi.

11-бап

      2-бапта аталған қылмыстардың ешқайсысы саяси қылмыс немесе саяси қылмыспен байланысты қылмыс не саяси себептен туындаған қылмыс ретiнде беру немесе өзара құқықтық көмек мақсаттары үшiн қарастырылмайды. Осыған сәйкес осындай қылмыспен байланысты беру туралы немесе өзара құқықтық көмек туралы өтiнiштi саяси қылмыс не саяси қылмыспен байланысты қылмыс немесе саяси себептен туындаған қылмыс болғандықтан қабылдауға тиiс.

12-бап

      Егер сұраным жiберушi мемлекеттiң 2-бапта айтылған қылмыстармен байланысты беру туралы немесе адамдарды оның нәсiлi, дiни нанымы, азаматтығы, этникалық тегi, саяси сенiмi себептерi бойынша соттық қудалау, не жазалау мақсатында осындай қылмыстарға қатысты өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiшiнiң салмақты негiздерi болса, не болмаса осы өтiнiштi қанағаттандыру айтылған себептердiң бiреуi бойынша осы адамның жағдайына залал келтiрсе, онда осы Конвенциядағы айтылғандар қандай да болсын адамды беруге немесе өзара көмек көрсетуге арналған мiндеттеме ретiнде түсiндiрiлмеуi тиiс.

13-бап

      1. Бiр қатысушы мемлекетте қамауда отырған немесе абақтыда мерзiмiн өтеушi адамның басқа қатысушы мемлекетте қатысуы осы Конвенцияға сәйкес қылмыстармен байланысты тексеру немесе қылмыстық қудалау үшiн дәлелдердi алуда түсiнiктер беру, жеке басын анықтау немесе өзге де көмек көрсету мақсаттары үшiн қажет болғандықтан, төмендегiдей шарттарды сақтай отырып берiлуi мүмкiн:
      а) осы адам толық ақпарат негiзiнде еркiн келісiмiн берсе;
      б) екi мемлекеттiң құзыреттi билiктерi өздерi қолайлы деп санайтын келiсiмге қол жеткiзсе.
      2. Осы баптың мақсаттары үшiн:
      а) адамды қабылдаушы мемлекет, егер оны тапсырушы мемлекет өзге де жағдайларды талап етпесе, берiлген адамды күзетте ұстауға құқылы және мiндеттi;
      б) адамды қабылдаушы мемлекет алдын ала келiсiм немесе екi мемлекеттiң құзыреттi билiктерiнiң келiсiмдерi бойынша осы адам алдыңғы берген мемлекеттiң қарамағына қайтарылғаннан соң өз мiндеттерiн кешiктiрмей орындайды;
      с) адамды қабылдаушы мемлекет оны тапсырған мемлекеттен оны қайтару үшiн беру рәсiмiн қозғауды талап етпеуi тиiс;
      д) адамның бiр мемлекеттегi жазасын өтеу мерзiмiне екiншi бiр мемлекеттегi қамаудағы мерзiмi де есепке алынады.
      3. Осы бапқа сәйкес азаматтығына қарамастан берiлуi тиiс адам қатысушы мемлекеттiң келiсiмiнсiз қудалауға немесе қамауда ұстауға жатпайды және оны тапсырған мемлекеттiң аумағындағы ол кеткенге дейiнгi әрекеттерге, не оған қатысты шығарылған үкiмге байланысты оны қабылдаушы мемлекеттiң аумағында оның бас бостандығы шектелмеуi тиiс.

14-бап

      Қамауға алынған немесе оған қатысты қандай да болсын шаралар қолданылған, не болмаса осы Конвенцияға сәйкес тексеру жүзеге асырылған кез келген адамға әдiлетпен қарауға, соның iшiнде аумағында осы адам бар мемлекеттiң заңдарына және қолданылатын халықаралық құқық ережелерiне адам құқықтары туралы ереженi қоса пайдалануға кепiлдiк берiледi.

15-бап

      Қатысушы мемлекеттер 2-бапта аталған қылмыстардың алдын алу үшiн мынадай жолдар, атап айтқанда:
      а) барлық болуы мүмкiн шараларды, қажет болған жағдайды аумақтары шегiнде немесе шегiнен тыс осындай қылмыстарды жасау дайындығының алдын алу және осындай дайындыққа қарсы әрекет ету бойынша заң шараларын, соның iшiнде олардың аумақтарында 2-бапта аталған қылмыстарды жасауды көтермелейтiн, ұйымдастыратын, қасақана қаржыландыратын, оған итермелейтiн, не қатысатын адамдардың, топтар мен ұйымдардың заңсыз әрекеттерiн тыю бойынша шаралар қолдану;
      б) Өзiнiң ұлттық заңдарына сәйкес нақты және тексерiлген ақпарат алмасу және 2-бапта көрсетiлген қылмыстарды жасаудың алдын алу мақсатында қажеттi қолданылатын әкiмшiлiк пен басқа да шараларды үйлестiру;
      с) орынды деп тапқан жағдайда өлiмге немесе зақымдануға әкелiп соқтыратын жарылғыш және басқа да қауiптi заттарды табу әдiстерiне қатысты зерттеулер мен игерулердi жүзеге асыру, жарылғаннан кейiнгi тексеру барысында олардың шығу тегiн анықтау мақсатында жарылғыш заттарды таңбалау үшiн стандарттарын әзiрлеу, ескерту шаралары, ынтымақтастық жасау және технологияларды, жабдықтар мен тиiстi материалдарды беру туралы ақпарат алмасу мәселелерi бойынша кеңестер өткiзу арқылы ынтымақтасады.

16-бап

      Болжанған қылмыскерi қылмыстық қудалауға тартылған қатысушы мемлекет өзiнiң iшкi заңдарына немесе қараудың соңғы нәтижелерi туралы қолданылатын рәсiмдерге сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлайды, ол осы ақпаратты басқа қатысушы мемлекеттерге жiбередi.

17-бап

      Қатысушы мемлекеттер өз мiндеттемелерiн осы Конвенция бойыншамемлекеттердiң егемендiк теңдiгi және аумақтық тұтастық принциптерiне, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң iшкi iстерiне араласпау принциптерiне жауап бере алатындай дәрежеде орындайды.

18-бап

      Осы Конвенцияда айтылғандар қатысушы мемлекетке басқа қатысушы мемлекеттiң аумағында оның iшкi заңдарына сәйкес ондағы билiктердiң құзыретiне ғана енетiн құқықтық өкiлеттiктер мен функцияларды жүзеге асыру құқығын бермейдi.

19-бап

      1. Осы Конвенцияда айтылғандар халықаралық құқыққа, атап айтқанда, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiне және халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес мемлекеттер мен адамдардың басқа құқықтарын, мiндеттемелерi мен мiндеттерiн қозғамайды.
      2. Халықаралық гуманитарлық құқықта түсiнiлетiн, осы құқықпен реттелетiн қарулы қақтығыс кезiндегi қарулы күштердiң iс-әрекеттерi осы Конвенциямен реттелмейдi, себебi ресми функцияларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттiң қарулы күштерi қолданатын iс-әрекеттер онымен басқа халықаралық құқықтық нормаларымен реттеледi.

20-бап

      1. Осы Конвенцияға түсiнiк беру немесе оның қолданылуына қатысты екi немесе одан да көп қатысушы мемлекеттердiң арасындағы белгiлi бiр кезең iшiнде келiссөздер арқылы реттелмейтiн кез келген дау олардың бiреуiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк сотқа берiледi. Егер төрелiк сотта өтiнiш жасаған күннен бастап алты ай уақыт iшiнде тараптар оның шешiмi туралы келiсе алмаса, онда тараптардың қайсысы болса да Соттың Статутына сәйкес арызбен шығып, дауды Халықаралық Сотқа беруi мүмкiн.
      2. Әр мемлекет осы Конвенцияға қол қойғанда, қабылдағанда, бекiткенде, құптағанда немесе оған қосылғанда өзiн 1-тармақтың ережелерiмен байланысты деп санамайтындығын мәлiмдеуi мүмкiн. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай ескертпе жасаған кез келген қатысушы мемлекетке қатысты 1-тармақтың ережелерiмен байланысты болмайды.
      3. 2-тармаққа сәйкес ескертпе жасаған қандай да болсын мемлекет осы ескертпенi кез келген уақытта Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлау арқылы қайтып ала алады.

21-бап

      1. Осы Конвенция Нью-Йорктағы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде 1998 жылғы 12 қаңтардан 1999 жылғы 31 желтоқсан аралығында барлық мемлекеттердiң қол қоюына ашық.
      2. Осы Конвенция бекiтуге, қабылдауға және құптауға жатады. Бекiту грамоталары не қабылдау немесе құптау құжаттары Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
      3. Осы Конвенция кез келген мемлекеттiң қосылуына ашық. Қосылу туралы құжаттар Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.

22-бап

      1. Осы Конвенция Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жиырма екi бекiту грамотасы немесе қабылдау, құптау немесе қосылу туралы құжат тапсырылғаннан кейiн отызыншы күнi күшiне енедi.
      2. Жиырма екi бекiту грамотасын немесе қабылдау, құптау немесе қосылу туралы құжаттарды сақтауға тапсырғаннан соң осы Конвенцияны бекiтетiн, қабылдайтын немесе құптайтын әрбiр мемлекет үшiн Конвенция осы мемлекет өзiнiң бекiту грамотасын немесе қабылдау, құптау немесе қосылу туралы құжаттарын сақтауға тапсырғаннан кейiн отызыншы күнi күшiне енедi.

23-бап

      1. Кез келген қатысушы мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлау арқылы осы Конвенцияның күшiн жоюы мүмкiн.
      2. Келiсiмдi бұзу Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының хабарламасын алған күннен бастап бiр жыл өткеннен соң күшiне енедi.

24-бап

      Мәтiнi ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тiлдерiндегi осы Конвенцияның түпнұсқасы тең түпнұсқа болып табылады, сақтау үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тапсырылады, ол осы Конвенцияның куәландырылған көшiрмелерiн барлық мемлекеттерге таратады.
      Мұны куәландыру үшiн төменде қол қоюшылар тиiстi түрде үкiметтерiнiң уәкiлеттiлiгiмен 1998 жылғы 12 қаңтарда Нью-Йоркте қол қою үшiн ашылған осы Конвенцияға қол қойды.

      Мамандар:

      Қасымбеков Б.А.

      Икебаева Ә.